Ғылымдағы сараптама танымдық және тәжірибелік қызметтің біртұтастығы ретінде көрініс табады. Ғылымның қоғам өмірінің өндірістік күшіне айналу жағдайында ғылыми тәжірибенің нысандарының бірі ретіндегі сараптаманың рөлі арта түседі. Бұл тек жаратылыстану ғылымдарының сараптамалары үшін ғана емес, сонымен қатар, әлеуметтік сараптамалар үшін де маңызды. Әлеуметтік сараптамалар әлеуметтік жоспарлау және басқару тәжірибесінде ғылыми негізделген басқарушылық шешімдерді қабылдау үшін пайдаланылады.
Құқық саласында сараптама көп жағдайда нормашығарушылық процестің құрамдас бөлігі болып табылады. Мысалы, жаңа нормативтік актілердің тұжырымдамаларын жасау оларды жан-жақты және мұқият сараптамалық тексерусіз мүмкін емес. Алайда, тәжірибеде ғалымдар жаңа заңдарға қатысты ұсыныстарды тиісті негіздемесіз беріп жатады. Құқықшығармашылық қызметтің тиімділігін арттыру жөніндегі сараптамаларды жүргізу үшін заң ғылымының мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажет. Заң ғылымының маңызды міндеті болып қоғамдық қатынастарды мейлінше тиімді реттеу жолдарын іздестіру, оларды мемлекет органдарының құқықшығармашылық, құқық қолдану қызметінің тәжірибесіне енгізу табылады. Құқықтық реттеу механизмін жетілдіру мәселесін шешуде ғылым мен тәжірибе түрлі тәсілдер мен әдістерді қолданады, олардың арасында әлеуметтік-құқықтық сараптама белгілі бір мәнге ие.
Қазіргі таңда әлеуметтік құбылыстарды зерттеу барысында сараптаманы қолданудың мүмкін еместігі туралы пікірді жоққа шығарып қана қоймай, соған қоса ғылыми талдауда сараптамалық процедураларды пайдаланудың белгілі бір тәжірибесі де жинақталды. Бұл ереженің заң ғылымына да қатысы бар. Онда құқықтағы сараптау методологиясы және әдістемесі, сонымен қатар, сараптамалық жоспардың талаптарын ескере отырып жасалынған зерттеулердің нәтижелері жөніндегі мәселелер жиі жарық көруде. Құқықтық сараптама – бұл нормативтік ереженің (жекелеген норманың, жалпы құқықтық актінің, конституциялық новелланың, заңшығарушылық реформаның және т.б.) ықпалын алдын-ала сынау, тексеру. Құқықтық сараптаманың мақсаты болып құқықтық реттеудің қандай да бір саласындағы жаңа ереженің артықшылықтарын, сонымен қатар, кемшіліктерін, шығындарын сынақ арқылы анықтау табылады. Заңшығарушы экономикалық көтермелеуді, еңбекті және жалақыны ұйымдастыру нысандарын түбірімен өзгертуге, отбасылық қатынастардың жаңа үлгісін енгізуге, заңды жауапкершіліктің негіздері мен түрлерін елеулі түрде өзгертуге және т.б. талпыныс жасаған жағдайда сараптамаға мейлінше қажеттілік туындайды.
Сараптама құқықтық нормалардың тиімділігін алдын-ала бағалаудың мейлінше қолайлы нысаны болып табылады, ол заңшығарушыға арнай реттеуді қажет көкейкесті мәселені мейлінше ұтымды және оңтайлы шешудің жолын көрсетеді. Сараптамалық норма барлық жағдайларда уақытша болып табылады, оның кеңістіктегі қолданылуы алдын-ала шектелген; соған қоса, мұндай норма іздестірушілік сипатқа ие: оның мазмұны құқықтық сараптаманы жүргізу барысында да, заңшығарушылық жұмыстардың келесі кезеңдерінде де елеулі түрде өзгертілуі мүмкін. Құқықтық сараптаманы жүргізудің құқықтық негізі заңшығару органының арнайы бір жолғы шешімімен туындайды немесе нормашығармашылыққа қатысты ережелерде тұрақты түрде бекітіледі. Жалпы атап өтерлік жайт, құқықтық сараптамаға қатысты түрлі пікірлер қалыптасқан, соның ішінде философтар мен экономистердің көзқарастары басым. В.И. Никитинский және И.С. Самощенконың «Құқықтық сараптама және заңнаманы жетілдіру» атты еңбегінде құқықтық сараптамаға «сараптамалық фактор ретінде қолданыстағы заңнаманың талаптарынан тыс ережелері бар сарапатамалық құқықтық нормалар қатысатын кез-келген әлеуметтік сараптаманы тануға болады» деген анықтама берілген [1]. Бабаев В.К. «Құқықтың жалпы теориясының санаттары мен түсініктерінің сөздігінде» құқықтық сараптамаға «құзыретті құқықшығарушы органның жаңа заң нормаларының немесе актілердің тиімділігін алдын-ала тексеру және жалпы әрекеттегі болашақ құқықшығарушылық шешімдердің оңтайлы нұсқаларын жасау үшін оларды шектелген көлемде сынақтан өткізуді ұйымдастыруы» деген анықтама берген [2]. Біз әлі күнге дейін өзіміз өмір сүріп, еңбек етіп жатқан қоғамды зерттеп, оған тән заңдылықтарды, әсіресе, экономикалық заңдылықтарды толығымен ашқан жоқпыз. Сондықтан, жоғарыда аталып өткендей, тәжірибелік тұрғыда, сынақтар және қателіктерге негізделген ақылға сыйымсыз тәсілмен әрекет етуге мәжбүрміз. Құқықтық сараптама осы құқықшығармашылық қызметте сынақтар және қателіктер тәсілін пайдаланумен байланысты орын алуы мүмкін «кері» салдарды болдырмау үшін туындаған. Философиялық әдебиетте әлеуметтік сараптамалар жүргізу идеясын әдетте француз ғалымы П. Лапластың атымен және оның «Ықтималдылық теориясы философиясының тәжірибесі» /1814 ж./ еңбегімен байланыстырады. Бұл еңбекте автор үкіметтердің үлкен көлемде жүргізген тәжірибелерінің санын білдіретін түрлі құралдармен жүргізілген әсерлерді одан әрі талдау арқылы сараптамалық әдістерді пайдалануды ұсынды [3]. Алайда, кейбір ғалымдардың (В.И. Никитинский, И.С. Самощенко) пікірі бойынша құқықшығармашылықта сараптамалық әдістерді қолдану идеясы біршама ерте пайда болған. Тіпті, бұл идея П. Лапластың жоғарыда аталған еңбегі жарық көрген сәтте сонау XVII- ғасырдың өзінде ағартушылық абсолютизммен бірнеше рет жүзеге асырылған болатын. Мысалы, Тюрго Францияда өзінің Лимузен интенданттығында қаржылық реформаларды сынақтан өткізуімен атты шыққан болатын.
Германиядағы және Италиядағы шағын мемлекеттердің монархтары өздерінің нормашығарушылық идеяларын алдын-ала сынақтан өткізетін. Судья Дюпати өзінің Италия туралы хаттарында /1783 ж./ кезінде Тосканадағы өлім жазасы мен азаптау заңмен жойылмай, жарлықпен тоқтатылғанын айтады және «Жақсы заңнама жақсы физика сияқты сараптамалық үлгіде болуы тиіс. Заңдарды сынақтан өткізу қажет» деп толықтырып өткен [4]. 60-70-жылдардың көптеген ғалымдары (Тилле А., Шаргородский М.Д., Подгурецкий А. және т.б.) әдіс ретіндегі сараптаманы құқықта жол берілмейтін санат ретінде елемегенімен [5], заңгерлердің арасында «заң ғылымдарында сараптаманың болуы мүмкін емес, себебі талапкерлер мен жауапкерлер, тергеушілер мен айыпталушылар, несие берушілер мен борышкерлер – бұлар шахмат тақтасындағы фигуралар және ғылымның оларды өз қалауынша қозғалтуға мүмкіндігі жоқ. Бұл адамдардың қарым-қатынастары, олардың әрекеттері – сараптамаға жол берілмейтін өмірдің көрініс табуының мәні» деген пікір басым [6].
Сараптамаға қандай талаптар қойылады? «Жалпы түрде айтар болсақ, сараптамалық заңнама – бұл кейбір ерекшеліктерге ие заңнаманың нысаны. Ол уақытпен шектелуі тиіс, онда айқын анықтама мен мақсат болуы тиіс, ол жоспарланған заңшығарушылық әрекеттің мақсаттарын және уақытша пайдаланылатын құралдардың сәйкестігін бағалау үшін пайдаланылатын өлшемдерді көрсетуі тиіс,ол қандай мәліметтердің жиналуы тиіс екенін және осы мәліметтерді жинаудағы, нәтижелерді бағалаудағы жауапкершілікті анықтауы тиіс» [7]. Сараптама оны не үшін жүргізудің мақсаттарын айқын көрсетуді көздейді. Соған қоса, сараптама кезеңдерді және ақырғы мерзімді анықтауды көздейді. Және ең бастысы – кез-келген сараптамада осы сараптама және оның нәтижелері үшін жауапты тұлға болады. Тәжірибеде тек ерекше жағдайларда біздің елімізде жүргізіліп жатқан сараптамалар үшін жауапты тұлғаларды атауға болады.
Соңғы кездері ғылымның құқықтық сараптама теориясын дамытуда үлкен қадам жасағаны күмәнсіз. Алайда, бұл мәселені ғылыми-зерттеу заман талаптарынан кенже қалып отыр. Құқықтық сараптамаларды ұйымдастыру және жүргізу тәртібін реттейтін жалпы нормативтік актілер, оларды ғылыми тұрғыдан ұйымдастыруды, нәтижелерді объективті сараптауды және нәтижелерді қорытындылауды қамтамасыз ететін нақты ұсыныстар мен әдістемелер жоқтың қасы.
Әдебиеттер
- Правовой эксперимент и совершенствование законодательства под ред. Никитинского В.И. и Самощенко И .С – М.: Юридическая литература, 1988.- 7 с.
- Словарь категорий и понятий по теории права под ред. Бабаева В.К. Баранова В.М.: Нижний Новгород, 1992.- 17 с.
- Правовой эксперимент и совершенствование законодательства под ред. Никитинского В.И. и Самощенко И .С – М.: Юридическая литература, 1988.- 7 с.
- Рабочая книга по прогнозированию под ред. Бестужев- Лада – М.: Мысль, 1982.-10 с.
- Казьмин И.Ф. Подготовка научной концепции законопроекта // Советское государство и право.-1995 №3.- 8с.
- Красавчиков О.С. Юридическая наука и коммунизм. Право и коммунизм. М.: Юридическая литература. - 1965. - 200 с.
- Люциус МАДЕР Оценка законодательства - вклад в повышение качества законов// Материалы Международного семинара "Оценка законов и эффективности их принятия" (16-17 декабря 2002 г.) C 134