Екінші деңгейдегі банктер «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заңның 1 бабына сәйкес банк қызметiн жүзеге асыруға құқылы коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлға. Осы заңға сәйкес банктiң ресми мәртебесi заңды тұлғаны әдiлет органдарында банк ретiнде мемлекеттiк тiркеумен және банк операцияларын жүргiзуге қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi органның лицензиясы болуымен белгiленедi. Кредиттік жүйенің төменгі буыны халық шаруашылығына тікелей қызмет көрсететін және коммерциялық негізде кең көлемді қаржылық қызмет жасайтын дербес банктік мекемелер торабынан тұрады. Бұлар коммерциялық, кооперативтік және жеке банктер, банктік заңдылықтарда коммерциялық банктер деген жалпы атпен біріктіріледі.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтің «Қазақстан – 2030» халыққа жолдауында "Қазақстанның банк жүйесі тарапынан экономиканың келешегі бар секторларына нарықтық тұрғыдан тиімді қолдау көрсетуі үшін жағдай жасау және банктердің өңірлік экономикалық жобаларға, соның ішінде мемлекеттік - жеке меншік серіктестік шеңберінде қатысуын күшейту қажет" деп айтылған болатын. Қазіргі кезде екінші деңгейдегі банктер елдің экономикасында маңызды роль атқарады. Банк секторын дамыту экономиканы дамытудың алғышарттары болып табылады. Банктер - нарықтық құрылымдар жүйесінің орталық бөлімшелерінің бірі, олардың қызметінің дамуы нарықтық механизмін нақты құруға қажетті жағдай болып табылады. Несие жүйесінің негізгі буыны банктер болғандықтан, масштабы мен маңызы жөнінен несие қатынастарының басым көпшілігі банктер арқылы өтеді. Банктер мемлекет пен кәсіпорындардың, акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, мектептер мен ауруханалардың, институттар мен бала-бақшалардың және халықтың уақытша бос ақшаларын шоғырландырып, оларды іс жүзіндегі капиталға айналдырады. Сонымен қатар, банк төлем, есеп айырысу, несие беру, сақтандыру және тағы басқа көптеген сан алуан операциялар жүргізеді. Ұзақ уақыт бойы банктер мемлекеттік ұйым болып табылады және экономиканың «мәнсіз бөлігі»ретінде қызмет атқарды. Нәтижесінде банк ісін ұйымдастыру Ресей банктерінің дәстүрін және тәжірибесін жоғалтты. Бүгінгі таңдағы мемлекеттің алдына қойған мақсаты нарықтық экономиканы құра отырып, банк ісін ұйымдастыра отырып банк секторын әлемдік деңгейге шығару. Банктер нарықтық құрылымдар жүйесінің орталық бөлімшелерінің бірі, олардың қызметінің дамуы нарықтық механизмін нақты құруға жағдай болып табылады. Сонымен қатар, банктер өндірістің материалдық және материалдық емес сфераларының даму бағыттары қоғамның бір этаптан басқа этапқа көшу қозғалысын реттейді. Банктер арқылы экономиканың әртүрлі салаларынан капиталдың көбеюі жүзеге асып, өндірістің үдерісі үздіксіз дамиды. Екінші деңгейлі банктердің қызметінің дамуы мен жетілдірілуі елдің экономикасына үлкен септігін тигізеді.
Қазақстан Республикасында банк саласының дамуына үлес қосып жүрген ғалымдар көп, солардың бірі з.ғ.д. С.Б.Мақыштың пікірі бойынша Банк терминінің мәнін ашуға екі жақты тұрғыдан келуге болады: Заңи және экономикалық. Заңи тұрғыдан қарасақ "банктік операциялар" ұғымының маңызы артады. Сонымен қатар, ол банкті "кәсіпорын", "мекеме" ретінде қарастырады. Оның айтуы бойынша банктің ерекше кәсіпорын ретінде шығаратын өнімі материалдық өндіріс аясының өнімдерінен өзара ажыратылады, ол жай ғана тауар шығармайды, оның тауары ерекше, яғни ақша, төлем құралдары түрінде шығады. Қызмет көрсету аясындағы банктің өнеркәсіптік кәсіпорындардан ерекшелігі оның несие беруінен байқалады. Оның негізгі өнімі "несие" болғандықтан, банкті - "несиелік мекеме" деп атаған. Сондай - ақ, банк өнеркәсіптік кәсіпорындардан өзінің эмиссиялау сипатына да байланысты ажыратылады. Ол тек қана акциялар мен басқа да бағалы қағаздар шығарып қана қоймайды, сол сияқты басқа эмитенттердің бағалы қағаздарын есепке алу және сақтауға байланысты операцияларды жасайды. Банкті - сауда және делдал кәсіпорын десе де болады. Жалпы, банктің саудаға ұқсас болуы кездейсоқтық емес. Шынында да, банктер де ресурстарды сатып алып, оларды сатумен айналысады. Сауда кәсіпорыны да банкке ұқсайды, яғни ол да банктің кейбір қызметтерін көрсетеді. Мысалы, ірі сауда кәсіпорындары да банк сияқты белгілі мөлшерде ақшалай немесе заттай несие беруі мүмкін. Сауда кәсіпорынынан банктің іргелі айырмашылығын оның негізінен байқауға болады. Банктің негізі деп оның басты өнімі - несие ісі түсіндіріледі. Сонымен, коммерциялық банк - бұл ерекше өнім шығарумен айналысатын кәсіпорын немесе қолма - қол және қолма - қолсыз ақшада төлем айналысын реттеуді жүзеге асыратын ақша - несие институты болып табылады.
Сондай - ақ Қазақстан Республикасында екінші деңгейдегі банктердің және олардың филиалдары мен өкілеттерінің қызметі заңмен және нормативтік актілермен реттеледі. Атап айтар болсақ: Қазақстан Республикасының Конституциясы, "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" заңы, "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" заңы, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі болып табылады. Сондай - ақ банктердің түрлері және олардың құқықтық мәртебесі, жұмыс істеуі мен таратылуы, құрылу тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарына негізделіп жүргізіледі. Қазақстандық банк саласының дамуына өз үлесін қосып жүрген ғалымдарымыз Л.Давыдова, Д.Раймановтың еңбектерінде былай деп көрсетілген: "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" заңында Қазақстан Республикасында банктердің төмендегідей түрлері бар: Шетелдердің қатысушы банк - орналастырылған акцияларының үштен бірінен астамы:
а) Қазақстан Республикасы резидент еместердің;
ә) орналастырылған (қатысушылар салымдарының) акцияларының немесе жарғылық капиталдарға қатысу үлестерінің үштен бірінен астамы Қазақстан Республикасының резиденттері еместердің немесе соларға ұқсас Қазақстан Республикасы резиденттерінің - заңды тұлғаларының иелігінде, меншігінде немесе басқаруында болатын Қазақстан Республикасы резиденттерінің - заңды тұлғаларының;
б) орналастырған (қатысушылар салымдарының) акцияларының үштен бірінен астамы Қазақстан Республикасының резиденттері еместердің не соларға ұқсас заңды тұлғалардың - Қазақстан Республикасы резиденттерінің (сенім білдірілген адамдар) қаражаттарына билік ететін Қазақстан Республикасы резиденттерінің иелігінде, меншігінде немесе басқаруында болатын екінші деңгейдегі банк.
Халықаралық банк - халықаралық шарт (келісім) негізінде құрылған және жұмыс істеп тұрған құрылтайшылары Қазақстан Республикасы Үкіметі (немесе ол уәкілдік берген мемлекеттік орган) мен шартқа (келісімге) қол қойған мемлекеттің (мемлекеттердің) Үкіметі (Үкіметтері) болып табылатын банк. Елдегі банк қызметін – банктің клиент мүддесі үшін белгілі бір іс-әрекеттерді орындауын сипаттауға болады. Кез - келген банк өнімінің негізінде қандай да бір қажеттіліктерді қанағаттандыру қажеттілігі жатады. Бүгінгі таңда банктің негізгі дәстүрлі қызметтеріне бұрынғыша салымдар тарту мен қарыздар беру жатады. Банктер өз пайдаларының көп бөлігін осы операциялар бойынша пайыздық айырмадан алады. Бірақ осы екі қызмет төңірегінде банктік өнімдердің көптеген нысандары жасалынып шығуы мүмкін.
Қазіргі кезде көптеген банктер банк қызметтерінің және қаржылық қызметтердің барлық аспектілерін түгелдей қамтитын өнімдердің кең қатарын ұсынады. Осы кезде басқа банктер бәсекелестік артықшылықты жаулап алу және оны мықты түрде сақтандырып қалу мақсатымен қатаң түрде белгілі бір қызметтер түрлерін көрсетуге мамандануға тырысады. Коммерциялық банктердің желісі ақша нарығының қалыптасуына ықпал етеді, ал заңды және жеке тұлғалардың мемлекетте уақытша бос ақша қаражаттарының болуы және оны экономика мен халықтың қысқа мерзімдік қажеттіліктерін қанағаттандыруға пайдалану ақша нарығының экономикалық негізі болып табылады. Коммерциялық банктер негізінен өз клиенттерінің шаруашылық қызметтеріне қызмет көрсетумен байланысты несиелік есеп айырысу және қаржылық операциялардың барлық түрлерімен айналысады. Банктердің экономикадағы маңызын олардың атқаратын операциялары анықтайды. Ақша ақшаны жасайды, қаражатың болмаса ісің де жүрмейді. Елдегі қаражаттың шоғырланған жері банктер болғандықтан елдің экономикасына банк секторы өз әсерін тигізеді. Бүкіл әлемді шарпыған қаржылық дағдарыс Қазақстанның да экономикасына әсер етпей қоймады. Қаржылық дағдарыс банк саласына қатты әсер етті, дегенмен мемлекеттің қатысуымен елдегі банк жүйесі дағдарысқа төтеп бере алды. Атап айтар болсақ, дағдарыс кезінде 2008 жылы 13 қазанда Елбасының Жарлығымен
«Самұрық» холдингі мен «Қазына» қорын біріктіру арқылы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл - ауқат қоры дүниеге келген болатын. Осы кезге дейін «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» заңға сәйкес қор өндірістік және инвестициялық; экономика мен қаржы жүйесін тұрақтандыру; корпоративті басқару жүйесін жетілдіру сынды бағыттарда жұмыс жасады. Осы үшін Ұлттық қордан 1 трлн 87,5 млрд теңге бөлінді. Оның 486 млрд теңгесі қаржы секторын тұрақтандыруға бөлінген болатын. Дағдарысқа қарсы бағдарламаның алғашқы бағыты - қаржы секторын тұрақтандыру үшін 4 ірі банкке 476 млрд теңге бөлінген болатын, оның бір бөлігі банктердің жай акцияларын сатып алуға, келесі бір бөлігі экономиканы несиелеуге бағытталды. Нәтижесінде Халық банкке 120 млрд теңге бөлініп, оның 60 млрд теңгесі акция сатып алуға, қалған 60 млрд теңгесі экономиканың нақты секторын несиелеуге арналды. Казкоммерцбанкке бөлінген 120 млрд теңгенің 84 млрд теңгесі экономиканың нақты секторын несиелеуге, 36 млрд теңгесі акция сатып алуға бөлінді.
Альянс банкке депозит түрінде 24 млрд теңге салынса, БТА банктің 75,1% жай акциясы 212,1 млрд теңгеге сатып алынды. Көріп отырғанымыздай, елдегі банк жүйесін тұрақтандыру оңайға түскен жоқ, яғни көп қаражат тартылды. Дүние жүзінің экономикасын тұралатқан жаһандық дағдарыс дауылы әлі басыла қойған жоқ, дегенмен, еліміздегі банктер дағдарыстан ақырындап шығып келе жатыр деп айтуға болады. Мемлекеттің алдына қойған ендігі мақсаты елдегі банк секторын әлемдік деңгейге көтеру болып табылады. Ол үшін банктерге қойылатын талаптар қатаңдатылып, мемлекет екінші деңгейдегі банктердің ісін қадағалап отыруы керек.