Ноғайлы дәуірі Еуразиядағы кең далада ерекше роль атқарған көшпелі қоғамның саяси және құқықтың дамуында маңызды із қалдырған кезеңнің бірі болып табылады. Ноғайлы дәуіріндегі көшпелі қоғамының, қоғамдық ойының маңызды мұраларының бірі батырлар жыры екендігі белгілі. Батырлар жыры осы кезеңде айшықталып, негізін қалады десек артық айтқандық емес. Ежелгі дәуірлерден бері жырланып келе жатқан барлық түркі халықтарына ортақ батырлар жырының дәстүрі осы кезеңде айшықталды. Қазақ әдебиетінің энциклопедиялық анықтамалығында бұл туралы былай делінген: “Ноғайлы аталып, кейін бір-бірінен бөлініп кеткен түркі тайпаларының көпшілігі өздерінің ноғайлы кезінде жырлаған шығармаларын мүлде ұмытқан, не оның ұзын-ырғасын, үзінді жұрнақтарын ғана сақтаған. Ал қазақ атанған ноғайлылықтар сол кездегі мол мұраға ие болып, көпшілігін жоғалтпай сақтап қалған. Сөйтіп, бұрын ноғайлы әдебиеті делініп келген туындылардың көпшілігі қазақ әдебиетінің қорына қосылып, оның төл әдебиеті боп кеткен. Мысалы, “Ер Төстік”, “Жиренше шешен”, “Алдар көсе” т.б. ертегі аңыздар. “Алпамыс”, “Қобыланды батыр”, “Қамбар батыр” , “Ер Тарғын”, “Ер Қосай”, “Ер Сайын”, “Едіге”, “Қырымның қырық батыры”, “Ер Жабай”, “Ер Шора”, “Орақ-Мамай” т.б. эпостық жырлар-сол ноғайлы заманының мұралары. Аталған жырлардың негізгі кейіпкерлері-ноғайлыдан шыққан адамдар. Әрбір жыр өз қаһармандарын ноғайлы батыры, не ноғайлының атақты адамдары деп танытады. Мәселен, “Қамбар батыр” дастанында Қамбардың тегі туралы “Қазақ емес, сарт емес, Қамбардың түбі-ноғайлы...” делінген. Осы жырдағы Назым сұлудың әкесі Әзімбай-он екі баулы өзбектен дей келіп, оның елін де ноғайлы еді дейді.
Сондай-ақ, Ер Сайынның әкесі Бозмұнай да ноғайлының – жүз отыз жас жасаған қариясы. Қара Қыпшақ Қобыланды да ноғайлы. Естерекұлы Ер Тарғын мен Қоңырат елінің батыры Алпамыстың әкелері де “қалың ноғайлы елінен”. [1, 396-397 бб]
Көріп отырғанымыздай, ноғайлы дәуірі сол кезеңдегі көшпелі қоғамының саяси ой-пікірлерінің синтезделіп, даралана түсуіне негіз болып табылды.
Ноғайлы кезеңіндегі батырлар жырын екі үлкен бағытқа бөліп көрсетуге болады:
Бірінші, жалпы ежелгі түркі тайпаларынан бері жырланып келе жатқан батырлар дастаны. Олардың қатарына “Ер Төстік”, “Қамбар батыр”, “Алпамыс батыр”, “Қобыланды батыр”, “Ер Тарғын” және т.б. жатқызамыз.
Екінші, ноғайлы дәуірінің төл тума “батырлар жыры”. Олардың қатарына “Шора батыр”, “Әділ Султан”, “Мұса хан”, “Аңшыбай батыр”, “Нурадин”, “Қырымның қырық батыры”, “Едіге батыр” және т.б. жатады.
Ноғайлы кезеңіндегі батырлар жырында сол кезеңдегі қоғамдық өмірдің алға тартқан әлеуметтік- саяси көкейтесті мәселелері жырланған болатын. Сондықтан да, батырлар жыры саяси және құқықтық даму үшін өте маңызды болып табылады. Жалпы батырлар жырының негізгі өзегі сол кезеңдегі елдің бірлігі, мемлекеттің біртұтастығы болып табылады. Осы мәселені көп жылдардан бері зерттеуші ғалымдардың бірі, А.И.М. Сикалиев ол жөнінде былай өте орынды пікір білдіреді: “В ногайском героическом эпосе нашли свое воплощение буржуазная политическая и духовная жизнь ногайского народа в ХІІІ-ХҮІІ вв., его борьба с внутренними и внешними врагами, его мечта о светлом будущем.
Наиболее распространенными являются поэмы: “Ахмет, сын Айсыла”, “Копланды батыр”, “Эдиге”, “Мамай”, “Манашы улы Туякбай”, “Эр Таргыл”, “Мусевке батыр”, “Шора батыр”, “Адиль- Солтан”, “Сорок ногайских богатырей”, “Карасай-казы”, “Эр Кусеп”, “Эр Косай”, “Аманхор”, “Эр Кокше”, “Камбар батыр” и др. [2, с 6]
Батырлар жырының көнеден келе жатқан нұсқаларының бірі Қобыланды батыр жырында ноғайлы елі мен қызылбастардың арасындағы тартыс, ноғайлының ел бірлігін сақтауға деген ұмтылысы сөз болады. Сөз етіп отырған жағдай жырда былай өрбиді:
“Әлқисса, сол кезде Қызылбастың елінен Қазан деген ер шығып, Ноғайлының жерін, Қырлы қала, Сырлы қала деген екі қаласын тартып алды. Қырлы қалаға бектерін, Сырлы қалаға жендеттерін жатқызып, жатып алды дейді.
Қызылбастың елінен
Қазан деген ер шықты.
Ноғайлының көп елін
Олжалап шауып, жаншыпты.
Бағынбаған адамын,
Қырып, жойып таусыпты.
Жерін, малын олжалап,
Қатарынан асыпты.
Мал – жанына қарамай,
Ноғайлы елі қашыпты.
Олжалап жанын басыпты.
Ноғайлының көп елін
Қаратабан десіпті.
Қырлы қала, Сырлы қаласын,
Тартып алып ер Қазан,
Гүрілдеп судай тасыпты.
Сырлы қала дейтін қаласы-
Қорғансыз, сырты ашық-ты.
Қырлы қала дейтін қалаға.
Атарман да, шабарман
Бектері басын қосыпты.
Қырлы қала маңынан
Жау жүре алмас десіпті.
Көңілі сондай өсіпті.
Қызылбастың ағасы,
Қырлы қала шәһәрінің
Бір жағы судың жағасы,
Алты қабат ор қазып,
Тереңдігін мол қазып.
Бекіткенін қарашы.
Қырық жерден құйдырып,
Болаттан соғып қақпаны,
Алпыс батыр жапқаны.
Жер жүзіне жайылды.
Ноғайлының көп елін.
Шауып алып жатқаны.
Әлқисса, Қазанның бұл хабарын төменгі қырық мың үйлі Қиятта Сейілдің баласы Қараман батыр естіп, аттың жалын тартып, атадан ер болып туғасын, Ноғайлының жеріне қызылбастарды қондырып қоюымыз сүйекке таңба емес пе деп, елінен аттанып шықты”. [3, 16-17 бб] Көріп отырғанымыздай, жырда елдің тұтастығы, ел шетіне жау тиюдің өзі, батырлар үшін емес, қоғам үшін ерекше қасіретке жатады.
Осындай сарынды Ер Қосай жырынан да көруге болады. Бұл жырдың да сюжеті негізінен ноғайлы еліндегі жаугершілік әрекеттерінен бастау алады. Жырдың үзінділерінде оқиға желісі былай баяндалады:“Сонда бес мың қол айтады: “Бұл бір қашаннан қанды шелек қатерлі жау, бізді және шөлдетіп қырайын деп тұр ғой”, - деді. Сонда Ер Бөкше айтады:
“А, ноғайлым, ноғайлым,
Көкірексінген ноғайлым.
Көбеңсінген ноғайлым,
Қайрат қылып, қан татпай,
Тақасып жаумен оқ атпай.
Келгенін жайпап, қиратпай,
Кегіңді қалай аласың?
Кек алмасаң жауыңнан.
Қапыда өзің қаласың.
Босқа қорықсаң, тұра бер.
Жалғыз өзім болсам да,
Өзім-ақ жауға барайын,
Тобына ойран салайын.
Садағыма-сан кісі.
Қылышыма-қырық кісі.
Ешкінің жүні ербегім,
Еңіреп жүріп көргенім,
Елде қалған Қосайдың,
Сыбағасына-мың кісі!
Итке салса, ыңқ еткен.
Нарға салса, бүлк еткен.
Шүберектей қуарған,
Айдаһардың қанына
Жан қалмас деп суарған-
Атамнан қалған зүлфұқар,
Бабамнан қалған зүлфұқар
Қарыс қара жерінде
Қырық мың ердің құны бар.
Жау жағадан алғанда.
Ердің айтар мұңы бар.
Айқасып жаумен қалайын.
Ерлердің кегін алайын.
Сілтемесе-маған серт!
Шапқаныма шыдамай,
Блдықтан кетсең-саған серт!
Алты қырлы ақ жебе,
Шыққан жері қу төбе,
Кесіп алған жерінде
Қырық ай жатқан қуарып,
Қырық қара нар майына
Алып едім суарып.
Алты атқа алған адырна,
Қуысына оқ салып,
Ата алмасам-маған серт!
Атқаныма шыдамай,
Кірістен кетсең, саған серт!
Үстімдегі ақ сауыт,
Ақ кіреуке бек сауыт,
Қылыштың қайқы жүзіне,
Зеңбіректің оғына,
Қайда қалың шоғына,
Кәпірдің қалың тобына,
Сүңгімесем-маған серт,
Оқ дарытсаң-саған серт.
Осылай деп Ер Бөкше.
Айқайлап жауға тиеді.
Оң келгенін оң атты.
Сол келгенін сол атты,
Қылыш тисе, қан ақты.
Гуілдеген көп қалмақ
Ноғайлы кезеңі тудырған батырлар жырында да негізінен ел бірлігі, сырт елдің басқыншылық әрекетіне деген күрес сөз болады. Қырымның қырық батыры жырларының ішіне кіретін Аңшыбай жырында да елінен жырақта жүрген ердің табандылығы, оның тұлғалануы және елін қайтадан тауып, оның айбынын арттыруға деген жігерлі күресі баяндалады: “Аңшыбай батыр және оның ұрпақтары” атты тараудың “Аңшыбай батыр” деп аталатын жыры бас кейіпкердің үш жасқа келгенде шешесі, төрт жасқа келгенде әкесі өліп, жетім қалғаны, жетім қалған бала Аңшыбайдың, оны ауылдағы өзге балалардың елден қуып жібергендіктен, қаңғырып жүріп, бір тоғайдың ішіндегі көлге тап болып, сонда жалғыз өзі аңшылықпен күн көріп, алты жыл бойы өмір сүргені, ол он жасқа келгенде, оған мұсылман перісі патшасының қызы мен кәпір перісі патшасының қызы аққу кейпінде келіп, жолығып, өз еріктерімен тиеді. Осы екі аққу қыздың жәрдемімен Аңшыбай мал-мүлікке ие болып, елі-жұртына қайта оралып қана қоймай, Ноғайлы елін қорғайтын батырға, өз елінің басшысына айналады” . [6, 135 б] Енді жырдың бір-екі үзіндісіне тоқталайық:
“Сонда Аңшыбай шешіліп сөйлеп кетті,
Қалмақтың көрдім барып қалаларын,
Жапанды жалғыз жүріп араладым.
Қабырғасы қатпаған жас бала еді, - деп, айбынды үні жиынды тебірентіп:
Соңымнан еруге бірің жарамадың.
Жалғыздың жары Құдай деген бар, - деп,
Аттандым алды-артыма қарамадым.
Саны көп, сапасы жоқ ел екен ол
, Қайратын да, қаруын да шамаладым.
Жауыңды жеңіп келдім алдарыңа,
Аман ба мал мен басың, балаларың?
Бармысың сау-саламат, туған халқым,
Дос пен қастың айырдым парасатын,
Жауласқан қалың қалмақ басын иді.
Көтердім аруақ қолдап, ноғай атын.
Қан кешіп, қабырғадан жүрсем дағы.
Орындадым ата-бабам аманатын.
Сонда топтан ақсақал қария шықты,
Тоқсанға келсе дағы буыны мықты.
- Ардагер арыстаным, аяулы ұлым,
Деп құшақтап Аңшыбайды, тізе бүкті.
Аңшыбай қарияны көтеріп алды,
Төрде отырған топ қатарына алып барды.
Құшақтап, сақалынан сүйіп, қолын қысты,
Бауырмал, батыр ұлан бата сұрап,
Алдында сол қарияның тұрып қалды,
Сонда қария сөйледі қолын жайып:
Жас жетіп, күш-қуатым болды ғайып,
Шөккен нардай отырмын от басында,
Дүбіріңе ере алмай, мен қартайып,
Батагөй келді алдыңа мына қартың,
Ұрпаққа үлгі болсын, батыр салтың.
Келдің бе аман-есен, ей жарқыным,
Әлемге паш еттің-ау ноғай атын!
Қайтпасын қас жауыңнан сенің бетің,
Еліңе қорған болсын құдыретің.
Батырым, арта берсін атақ-даңқың.
Бас қосып, бата берді туған халқың
Халықтан батыр ұлан бата алды,
Елін жинап, көрікті қала салды.
Айнала алты қабат қорған соғып,
Салған қала елдігіне жарасады.
Мұнарасын мың құлаш тастан өрген,
Асқақтаған аспанмен таласады.
Дос түгіл, дұшпандары ақыл сұрап,
Аңшыбайдай батырмен санасады.
Аңшыбай қатарға қосты ноғай елін,
Жау жолатпай, көктетті ноғай жерін”. [7, 47 б]
Ноғайлы жырының тағы бір көрінісі Нурадин жыры болып табылады. Нурадин - жалпы тарихи кейіпкер. Едігенің кіші ұлы болып келеді. Нурадин жырында да ел шетіне жау тигенде, соған қарсы тұруға деген жас батырдың тасыған жігері көрінеді:
“Сонда тұрып Нұрадын Атасына сөйледі:
- Жалғыз туған баламын, Ағайын-туған шамалы.
Рұқсат етсең, жан ата,
Атқа мініп мен шығып,
Шамалы жерді қыдырып,
Ындыс пенен қалмаққа
Шығып көзім салайын.
Мал бақпайын мен деді,
Мал соңында жалпылдап,
Атқа мініп жүрмеймін,
Жақсы-жаманды білмеймін,
Рұқсат болса, қарт баба,
Ындысты іздеп барайын,
Соған бір қайрат етейін”. [8, 87 б] Міне, батырлар жырында елдің тұтастығы басты орынға қойылады. Жырдың кейіпкерлері жастайынан ел қорғауға ұмтылады. Ноғайлы елінің тұтастығын, бірлігін баянды етуге ұмтылады.
Ноғайлы елінің тағы бір қас жауы қалмақ болып табылады. Қалмақ елімен ноғайлылар сан ғасырлардан бері көрші тұрып қана қоймай, сонымен қатар жауластықта өмір сүрді. Тарихи деректерге сүйенсек, бірде қалмақтар жеңген болса, кейде ноғайлы елінің мерейі үстем болып отырған. Ноғайлының “Мұса” жырының мына жолдары осы теке-тіресті дәл суреттейді:
“Байқасам қалмақ секілді,
Қай қалмақсың сен деді?
Асылымды сұрасаң,
Мен бір ноғай баласы,
Мекенімді сұрасаң.
Хан төрткіл деген жер еді.
Атам атын сұрасаң.
Ежелден еді ел алған.
Қалмақтан басып кек алған.
Қай қалмақсың, сен деді,
Аты-жөнің айт деді,
Білейін сұрап мен деді.
Сонда Қасым сөйледі:
- Мен қалмақ деген ел деді, Атамның аты-Қозанды,
Тарттырамын, ноғай сазаңды” [9, 102 б].Ноғайлы кезеңіндегі өзіндік жырлардың бірі Әділ сұлтан жырында да қызылбас пен ноғайлының арасындағы тартыс жыр өзегіне айналады. Сонымен бірге, Әділ сұлтанның қызылбаспен шайқастағы ерлігі сипаттала келе, оның қайғылы өлімі жырланады:
“Бұл хабарды есіткенде Құлыншағым Әділім Қаһарланды, қарланды, Қатты аман шамданды. Толған толы Қырымды Бірнеше күн ішінде Соғысқа әзір етті енді. Азығын суман иіберді, Әскерін түзбен йіберді, Исун улы ер Сулейменді Әскеріне басшы етті.
Орақтың ұлы ер Қарасайды
Әскеріне қосшы етті,
Бұл кетуден кетті енді.
Қызылбас деген дұшпанның
Межесына жетті енді”[11, 109 б], - деген жолдардың өзінен елдің бірлігі мен тәуелсіздігі үшін әрқашанда халықтың, оның ерлерінің әзір тұратындығы көрініс табады.
Қорыта келгенде, айтарымыз ноғайлы жырлары батырлық, ерлік дәуірінің жыры болып табылады. Оның негізгі өзегі ноғайлы елінің бірлігі, оның мемлекеттік тұтастығы болып табылады. Ноғайлының батырлар жырының тағы бір ерекшелігі, ол қоғамдық ойдың басқа да нысандарымен тұтастықта, синкреттік бірлікте болып келеді.
Әдебиеттер
- .Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Аруна Ltd, 2005. – 576 б.
- .Сикалиев А.И.М. Общество и герой в Ногайском героическом эпосе // Традиции и современность (фольклор и литература-народов Карачаево-Черкесии) / Отв. Ред. Н.С. Надъярных. – Черкесск. – 1980. – С. 3-18.
- .Қобланды батыр. Батырлар жыры.- Алматы: Жазушы, 2006. – 1 Т.- 3-150 бб. Ер Қосай. Батырлар жыры.- Алматы: Жазушы, 2006. – 3 Т.- 122-170 бб.
- .Ер Қосай. Батырлар жыры.- Алматы: Жазушы, 2006. – 3 Т.- 122-170 б.
- .Сәкенов С. Қырымның қырық батыры эпопеясы және түркі халықтарының шежіресі // Қазақ шежірелері және ұлттық таным мәселелері: ҚР БҒМ ОҒК өткен ғылыми-практикалық конференциясының материалдары. – Алматы. – 2004. – 8 желтоқсан. - 135-147 бб.
- .Аңшыбай батыр. Қырымның қырық батыры – Алматы: Арыс, 2005. – 31-48 бб. Нұрадын. Қырымның қырық батыры – Алматы: Арыс, 2005. – 87-97 бб.
- .Мұса хан. Қырымның қырық батыры – Алматы: Арыс, 2005. – 101-107 бб.
- .Әділ сұлтан эпикалық жыры / Зерттеу, қолжазба факсимелесі, транслитерациясы, тарнскрипциясы, түсініктемелері, баспаға дайындау: А.И. Исин. – Алматы: Дайк-Пресс, 2001. – 148 б. (Қазақстанның шығыстану зерттеулері).