Көшпелі қазақ қоғамындағы билер кеңесі мемлекеттік маңызды мәселелерді шешкен органдардың бірі болып табылады. Егер билер кеңесінің қалыптасуы мен дамуы тарихына терең үңілетін болсақ, бұл орган жүйесінің ежелгі көшпелі даладағы дәстүрдің жалғасы екендігін көреміз. Билер кеңесінің бастаулары ғұн, үйсін дәуірлеріне барып тіреледі. Ал қазақ хандығы құрылғаннан кейін, көптеген ғалымдар мойындап жүргендей, Тәуке хан тұсында билер кеңесі, өзінің дамуының аппогейіне жеткендей болды. Билер кеңесі осы кезеңде дараланып, мемлекеттің сыртқы және ішкі саясатының маңызды мәселелерін шешетін органға айналды. Билер кеңесінің осы бір гүлдену тұсы қазақ аңыздарында осы күнге дейін сақталғанын жақсы білеміз.
Қытай деректерінде ғұн, үйсін дәуірлеріне қатысты билер кеңесінің қызметімен байланысты деректер көптеп сақталған. Сонымен қатар, қазақ хандығы тұсындағы билер кеңесінің қызметі туралы ой-пікірлер бар. Мысалы, Е. Әкімханұлының зерттеуінде қазақ хандығының бас кезеңінде екі кеңестің жұмыс жасағанын көреміз. Ол кісі былай дейді: “Қазақ хандығы тұсында хандардың билік жүргізу органы Тағанақ Кеңесі мен Тұрымтай Кеңесі деп екіге бөлінген. Тағанақ Кеңесі жылына бір рет өткізіліп отырған, оның ауқымы кең, қатысатын адамы мол болған, оған ханға қарасты елдің басты - басты ру - басылары, білікті билер, қолбасылар, жыраулар қатысқан. Онда хандықтың ірі - ірі мемлекеттік істері талқыланып, ел ішіндегі үлкен дау - дамайлар жөнінде шешім жасалатын болған, алдағы жұмыстар, халықтың соғысқа дайындығы талқыланып, соған сәйкес жарғылар қабылданған.
Тұрымтай Кеңесі шағын ауқымды болған. Мұндай Кеңестер айына, шұғыл кезде жұмасына (жылына) бір рет өткізіліп отырған. Оған хандықтың негізгі билері, он мың басылар, орданың бас жырауы, орданы қорғайтын төлеңгіттердің бас қолбасшысы, ханның орда жұмысына араласа бастаған балалары қатысып отырған. Мұнда көбінесе бір жұмалық, бір айлық қысқа мерзімді істелетін жұмыстар талқыланып, күнделікті жұмыстар орналастырылған шұғыл істер жөнінде шешім жасаған”. [1, 6 б] Бұл жерде ғалым айтып отырған “Тағанақ кеңес” біздің ойымызша, билер кеңесі де, тұрымтай кеңес, хан кеңесі болып табылады деп есептейміз.
Билер кеңесінің қай кезеңде тарих сахнасына шыққандығы туралы ғылымда әр түрлі пікірлер көп. Мысалы, белгілі ғалым С. Созақбаев билер кеңесінің өмірге келуін Тәуке ханның билік құрған уақытымен байланыстырып, оны былай дейді: “Мемлекеттік аппараттың құрамында үлкен өзгерістер болды. Атап айтатын болсақ, басқару процесінде бұрын беймәлім болған “Билер кеңесі” енгізілді”. [2, 10 б] Ал Н. Өсеров болса, билер кеңесінің бастауын аты аңызға айналған Майқы би заманына апарып тірейді. “Совет биев” существовал еще во времена полу мифического Майкы (“Түгел сөздің түбі бір, сөз атасы Майқы би”) но, до Тауке “Совет биев” созывался изредка (непостоянно), только при решении важных вопросов”. [3, 66 б] Біздің ойымызша, билер кеңесінің өмірге келген уақытын нақты басып айту қиын. Бірақ та, оның бастаулары ежелгі дәуірлерге барып тіреледі. Жалпы көшпелі қазақ қоғамындағы хан кеңесінің билер кеңесі туралы да белгілі ғалым С.З. Зиманов та, өзінің ой- пікірлерін ортаға салған. Ол кісі былай дейді: “В большом совете видную роль играли родоначальники - крупные бии и старшины. В нем часто решались вопросы, относящиеся к освоению летних и зимних кочевых территорий, способы достижения спокойствия, прекращения барымты, примирения враждующих родов, вопросы отношения с другими государствами, войны и мира”. [4, 119-б.] Міне, бұл ой билер кеңесін сипаттайды. Қазақтың белгілі ақын жыраулардың еңбектерінде де билер кеңесінің әр кезеңдегі қызметі тілге тиек етіліп отырған. Кезінде Жиембет жырау Есім ханға былай дейді:
“Еңсегей бойлы ер Есім, Есім, сені есірткен.
Есіл де менің кеңесім…”. [5, 38 б] Бұл бізге Қожаберген жыраудың дастандары арқылы жетіп отыр. Тағы қазақ жырау Ақтамбердінің мына бір өлең сөзінде де билер кеңесі тілге тиек етіледі.
“Өзенге бие байлатып, Төскейге орда орнатып, Төрткүлдеп ошақ қаздырып, Төбел бие сойғызып, Төменде бидің кеңесін.
Бізде бір құрар ма екенбіз...” . [6, 49 б]
Енді билер кеңесінің құрамына тоқталатын болсақ, билер кеңесіне қазақтың белгілі ру басылары, билері, батырлары, жыраулары, хандары кірген болатын. Тәуке заманындағы билер кеңесінің құрамы мыналардан тұрды: “Ұлы жүзден Үйсін Төле би Әлібекұлы, Орта жүзден Арғын Қаз дауысты Қазыбек би, Тайкелтір би, Байдалы би, Шақшақұлы Жәнібек (би әрі батыр) Шеген би, Қоқым би, Қара шырын би, Сасық би, Сәмеке би т.б. болды”. [7, 328 б] Кейбір ғалымдар сонымен қатар, “Ержан би, “Сылқым” дейтін Жүсіп би, Көкі би, Мәліктер де билер кеңесіне кірген”. [8, 6 б]
Бір ерекшелігі “Билер Кеңесінде” қазақ елі үшін маңызы бар сыртқы және ішкі мәселелер қаралған. “Кеңесте” қаралған мәселелерді саралай келіп, оларды төмендегідей сипаттарға топтауға болады:
“- Бүкіл қазақ еліне қатысты заңдарды, жол, жоралғыларды талқылап құптау (мақұлдау);
- Жаугершілік, соғыс мәселелерін шешу;
- Күллі қазаққа танымал батыр, билердің т.б. бас бұзарлық істерін қараған;
- Елдің қол бастар бас сардарын сайлаған;
- Сырт елмен қарым - қатынас мәселелерін талқылаған (елшілерді белгілеу т.б);
- Көші - қон (жайлау, күздеу, көктеу);
- Рулы елге іріткі салатын, ел қауіпсіздігіне қатер төндіретін дауларды шешкен;
- Үлкен даулы істерге байланысты билердің шешкен істерінің дұрыс, бұрыстығын талқылаған;
- Ел бірлігінің ұйытқысы болған пірді сайлаған.
Жоғарыда көрсетілген мәселелер бойынша “Билер Кеңесінің” шығарған шешімі, алдағы шақырылатын жиылысқа дейін бұзылмайтын …
Барлық ру - тайпалар үшін міндетті түрде орындалуға жататын. Ал, егер бұзылып жатса, онда тиісінше шаралар қолдануға әкеліп соғатын болған”. [9, 73 б] Билер кеңесінде осындай маңызды мәселелер шешілген болатын. Халық әрқашанда қоғам өмірінде болып жатқан мәселелердің барлығын қадағалап отыратындығы белгілі. Егер билер кеңесі дұрыс шешімге келмесе және орынсыз шақырылса, қауқарсыздық танытса, ел оны сынап отырған. Оған мынандай өлең жолдары куә бола алады:
“Ұлы өзеннің бойында ұлы билер қонады.
Ұлы бидің кеңесі ұрулы елге болады.
Шүңкиген қара суға, шүңкиген билер қонады.
Шүңкиген бидің кеңесі, шүметейде болады ….”. [10, 7 б]
Кейбір ғалымдарының айтуы бойынша пәтуалы аталы сөз де айтылып отырған болатын. Мысалы, қазақ аңызында билер кеңесінде қазақтың ұлы билері Төле, Қазыбек, Әйтекелер мынандай пәтуаға келді дейді:
“Төле би бірінші болып:
Шешендіктен не пайда
Артында сөзі қалмаса?
Батырлықтан не пайда,
Халқына қайран қылмаса?
Хандықтан не пайда?
Қарашасын жалмаса.
Молдалықтан не пайда?
Шариғатты өзгертіп,
Нашарларды алдаса, - депті.
Екінші болып Қазыбек:
Үй жанында биік төбең болса,
Ол ерттеулі аттан кем емес.
Отбасында білгір қартың болса,
Ол жазылған хаттан кем емес.
Ей, біз үш жүз, үш қазақ көріспейік,
Асылы бізге керіскен жөн емес, - деген екен. Үшінші болып Әйтеке тұжырымдапты:
Екі адам керіссе, оның арты қызыл шоқ.
Біз үш керіспейік, келісейік.
Ал, керісе қойсақ, үшеумізге де бірдей,
Хандық түгіл ондық жоқ.
Мен жиырма тоғыз рудан құрылған кіші жүзбін,
Әрі көппін, әрі батырмын, әрі бимін.
Керсер болсақ,
Осы үшеуі маған жайсыз, сендерге жоқ”. [11, 45-46 бб] Қазақ ішінде пір сайлау дәстүрі болғандығын жақсы білеміз. Билер кеңесінде пір де сайланған. Соңғы кезеңдегі зерттеулерде мынандай мәліметтер кездеседі. Мысалы, билер кеңесінде пір сайлау былай өткен: “Сонда халық былай депті: “Пір ғып сайлануға келген үшеуін не қасиеттері үшін сайлаймыз. Олардың керемет қасиетін көріп, кереметі артық кісісін сайлайық деп үш әулиені әуелі сынаймыз депті. Сынау үшін бір құдай жолы деген буаз сиыр бар сол сиырдың ішіндегі бұзауы ұрғашы ма, еркек пе? Түсі қандай екендігін айтсын” - дейді:
Мағыз аман әулие: “бұл сиырдың ішіндегі бұзауы ұрғашы қызыл бұзау” - депті. Ерсейітменбет: “жіңішке қасқа ұрғашы қызыл бұзау бар” - дейді.
Сопы Әзи: “ұрғашы, ақ құйрық, қызыл бұзау бар”- дейді. Сөйтіп, сиырды сойып қараса, ұрғашы ақ құйрық қызыл бұзау шығыпты. Сопы Әзи дәл айтты, сыннан өтті деп оны пір етіп сайлайды. Енді осы пір қай елде қалады деп соған таласады. Төле би өзінің, Қазыбек өзінің уәжін айтып, пірді өздеріне қалғанын құптайды. Сонда Әйтеке би “Ағаларым олай демеңдер атам қазақтың мұрасы бар”. Мысалы, бір атадан үш ағайынды туса, олар енші бөліссе, үшеуінің бөлісуге тиісті малы 100 қой, 10 түйе болса, сол малдан екі үлкеніне он қойдан жиырма қой, бір-бір түйеден екі түйе беріп жібереді. Еншіден қалған тоғыз түйе, тоқсан қой үлкен үйде қалады. Қалатын себебі, үй ақсақалға сәлемші болады. Қария қарт өлсе асына, бата оқырға, жаңа ұзатылған қызға төркін сыбағаға, ұзататын қызға жасау жасауға керек. Және бұл пір сайланғанда “қазақ халқының” қасиетін сақтау үшін де сайланады. Қара шаңырақтан пірін көтерген кімді көрдіңдер, пір кіші баласы қара шаңырақ бізде тұрады депті. Сонда пір сайланған Сопы Әзи: текке таласпаңдар мен шұбар атымның тізгінін бос жіберейін. Шығысқа жүрсе ұлы жүзде қаламын, Арқаға жүрсе орта жүзде қаламын, ал Батысқа жүрсе кіші жүзде қаламын депті. Сонда Қазыбек би: ол шұбар ат өзінің жем, жоңышқа жеген жеріне кетеді, онан да пір кіші жүз елі шаңырақта тұрсын деген екен. Олар осылай бірлікпен бата істесіп тарасыпты” . [12, 8-10 бб]
Билер кеңесі дәстүрлі қазақ қоғамындағы аса маңызды саяси мәселені шешкен. Мемлекеттің тұтастығын қамтамасыз етуге бағытталған басты органдардың бірі болып табылады.
Әдебиеттер
- 1.Әкімханұлы Е. Қытайдың бүкілмемлекеттік халық құрылтайы: Заң ғыл. канд. дисс...: 12.00.01. – Алматы, 1998. - 120 б. 2.Созақбаев С. Тәуке хан және Жетi-Жарғы. - Алматы: Санат, 1994. - 48 б.
- .Усеров Н. Исследование правового памятника - Жеті Жарғы: Дисс. канд. юрид. наук. – Алматы. – 1976. – 168 с.
- .Зиманов С.З. Политический строй Казахстана конца ХVІІІ и первой половины ХІХ веков. – Алматы: Изд. АН Каз ССР, – 296 с.
- .Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет. –Алма-Ата: Ана тілі, 1993. – 176 б. Дау шешеді дана сөз. – Алматы: Жеті Жарғы, 1996. – 304 б.
- .Қазақ совет энциклопедиясы. – Алматы. – 1973. – 2.Т. – 640 б.
- .Бектаев Қ., Қалдыбеков М. Төле би – саясаткер, дипломат, психолог. - Шымкент. - 1993. – 93 б. Қуандықов Б.Ж. Әйтеке бидің билік – шешімдері. – Алматы: Өркениет, 2003. - 145 б.
- 10.ҚР ӘжӨИ сирек қолжазабалар қоры. - Папка. - №301. - 7 дәптер. 11.Әбуталиев Н. “Әйтеке би” деректі әңгіме. - Алматы. - 1995. – 48 б. 12.ҚР OFҚ С.Қ.Қ. – Папка. - №1065. - 1 дәптер.