Мемлекеттік билікті үш тармаққа бөлудің классикалық теориясы осыдан 200 жылдан астам уақыт бұрын жасалғаны белгілі. Осы уақыт ішінде адамзат пен қоғамның сан алуандылығына байланысты мемлекеттік билік аясында жаңа институттар мен тетіктер қалыптасты. Бұл теориядан тысқары мемлекеттік биліктің жаңа тармақтары да пайда болды. Мемлекет атынан әрекет ету құқығы жаңа мемлекеттік билік және өзге органдарға, құрылымдарға берілді немесе олар оны өз табиғатына орай иемденді. Мысалы, құқық пен мемлекеттік билікті зерттеуші мамандардың пікірінше кейбір мемлекеттерде конституцияландырылған үш билік тармақтары органдарына қоса президенттік билік [1, 32], прокурорлық не қадағалаушы билік [2, 8-15.] танылады. Билік институты мен мемлекеттік құрылыстың ерекшеліктеріне орай қазіргі таңда институцияландырылған органдармен қатар кейбір мемлекеттік органдардың биліктік табиғаты әлі күнге дейін нақтыланбай келеді. Мысалы, Қазақстан Республикасының арнайы мемлекеттік органдары – Конституциялық кеңестің, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің биліктік мәртебесі, тиесілігі айқындалмаған. Кейбір зерттеушілер оларды мемлекеттік биліктің жеке тармағы деп те көрсетеді. [3] Биліктік жағынан мәселелілер қатарына Қазақстан Республикасының өзге де органдарын жатқызуға болады. Мұндай тәжірибе Россияда да орын алып отыр. Осы мемлекеттің зерттеушілерінің пікірінше экс-президент, қазіргі Үкімет Төрағасы В.В. Путиннің ұсынысымен құрылған Мемлекеттік кеңес, Федералдық округтер және олардағы президент өкілдері, Россия Үкіметінің Төралқасы сынды органдар құқықтық реттеуді талап етеді.
Зерттеу нысаны болып отырған Латын Америкасы мемлекеттерінің тәжірибесіне келсек, оларда мемлекеттік билік тармақтарының ауқымы кеңірек. Ол мемлекеттерде азаматтық билік, партисапаторлық билік (қатысушылық билік), сайлаушылық билік және т.б. биліктер танылады. Олар тек теория жүзінде ғана емес, заңнамалық түрде бекітілген. Мысалы, Боливарлық Венесуэла Республикасының жаңа конституциясының 4 тарауында азаматтық билік (273 - 291 баптар), ал 5 тарауында (292 - 298 баптар) сайлаушылық билік реттелген. [4] Яғни көрсетілген билік түрлері классикалық биліктерден едәуір басым. Қазіргі кезде мемлекеттік құрылыста орын алып отырған басым биліктердің қатарына құрылтайшы билікті де кіргізуге болады. Құрылтайшы биліктің құқықтық және саяси тетіктері мен процестері өз кезегінде институцияланған. Құрылтайшы биліктің негізгі құрылымдық - ұйымдастырушылық нысаны – ассамблея. Оны шақыру тек заң арқылы жүзеге асырылады. Мысалы былтыр Боливияның мемлекеттік құрылысына елеулі өзгерістер енгізген Құрылтайшы ассамблея қалыптасқан тәртіп бойынша шақырылды. [5]
Соңғы уақытта әлемнің көптеген елдерінде орын алып отырған мемлекеттік билік дағдарыстарына байланысты құрылтайшы биліктің маңызы артып отыр. Латын Америкасы елдері конституциялық құрылыста үлкен тәжірибеге ие. Осындай тәжірибенің бірі – конституция қабылдау, өзгерістер мен толықтырулар енгізу рәсімінде қалыптасқан. Өткен ғасырдың 90-жылдарында аталған елдерде жаңа конституция қабылдау кезеңі өтті (бұл процесс қазір де жалғасуда). Жаңа конституциялардың басым көпшілігі арнайы құрылған Құрылтайшы ассамблеялармен қабылданды. Мұндай органдардың табиғаты халық билігінде, сондықтан ол оқу-зерттеу нысанына айналып отырғаны өзекті. Мақала объектісінің теориялық негіздеріне келетін болсақ, құрылтайшы биліктің кейбір тұстары мен элементтерін ерте заман ойшылдарының еңбектерінен кездестіруге болады. Қолдағы бар зерттеу материалдарынан құрылтайшы биліктің теориялық негіздері мен құрылтайшы жиылыстың нақтылық істері жайлы ғылыми еңбектер өткен ғасырдың басында Россияда жарық көргенін білуге болады. Сол кездегі билік құрылымындағы жаңа институт – Құрылтайшы Жиылысқа негіз болған еңбектердің қатарына Б.А. Кистяковский, Н.И. Лазаревский, Э.Э. Понтович, А.А. Рождественский, Б.Н. Чичерин сынды орыстың мемлекеттік құқық саласының ірі мамандарының шығармаларын жатқызуға болады. Мысалы, Э.Э. Понтовичтің ойынша құрылтайшы билік «тұлғаның құқықтарын мемлекеттік биліктен қорғаудың ең пәрменді құралы» болып табылады. [5, 334] Сонымен қатар, оны адамдардың билікті шектеуге бағытталған іс-әрекеттерінің нәтижесі деп те қарастыруға болады. Екінші жағынан бұл билік сол кездегі билікті шектеумен ғана емес, жаңа билікті құруға бағытталған жағдайлардың пайда болуымен де байланыстырылады. Россиялық мамандармен қатар батыс ғалымдары да биліктің бұл түрін зерттеген. Бірақ, жалпы бұл мәселеге арналған қазіргі заманғы ғылым тұрғысындағыларды айтпағанда, еңбектер көп емес. Бірақ, соңғы кезде ТМД елдерінде конституцияға өзгерістер енгізудің динамикасы мен тәжірибесі құрылтайшы билікке деген ғылыми қызығушылықтың арта түсуіне себепкер болғанын атап өту керек.
Құрылтайшы билік конституцияны қабылдау, толықтырулар мен өзгертулер енгізу құқығына тек халық ие екенінің айғағы, сондықтан ол тек қана халыққа тиесілі. Осыған байланысты халықтың құқығын иемдену – қай биліктің болса да ең ауыр құқық бұзушылығы болып табылады. Қай мемлекетке де болмасын құрылтайшы билік өте қажет. Оған әлем елдерінде орын алып жатқан әртүрлі биліктік дағдарыстар куә. Ондай дағдарыстарды еңсеруге тек қана елбасының шамасы жетпейді. Сондықтан қосымша күш көзі – өз тетігі бар құрылтайшы билік болуы қажет. Олар биліктің қызметтері негізінде жасалады. Мамандардың пікірі бойынша құрылтайшы биліктің мынадай: конституцияның жобасын жасау әрі қабылдау, оған өзгерістер енгізу, конституцияның жүзеге асырылуын қамтамасыз ету; жаңа биліктің қажеттілігі туралы шешім қабылдау; жаңа билікті құруды ұйымдастыру; мерзімді жаңа билікті құру (жоғары лауазымды тұлғаларды сайлауды ұйымдастыру және халықтың еркін білдіруіне бақылау жасау); адам құқықтарының дамуы мен оны қамтамасыз етуіне жоғарғы бақылау жасау және т.с.с. қызметтері бар. Сондықтан мемлекеттік және конституциялық құрылыстағы: конституция қабылдау, референдум туралы, депутаттардың мәртебесі және оларды кері қайтару тәртібі, сайланбалы лауазымдық тұлғалар, мемлекеттің нысаны, өкілетті органдардың мәртебелері және құзыреттері, адамдардың негізгі бостандықтары мен құқықтары сияқты ең маңызды мәселелерді реттейтін құқықтық нормативтік актілерді халық қабылдауы тиіс. Ал, халық қабылдаған құжатты тек қана халықтың өзі өзгертуі тиіс. Халық қана «билік бастауы» деген қағиданы толық ұстану барлық биліктерге міндет болуы қажет. Мысалы Колумбияның 1991 жылы Конституциялық ассамблея қабылдаған Конституциясы бойынша бекітілген адам құқықтары «ешқандай да жағдайларға тәуелсіз» деп табылады. [6] Яғни барлық билік оларды бұлжытпай сақтауы және жүзеге асыруы қажет.
Жоғарыда көрсетілгендей құрылтайшы биліктің негізгі қызметінің бірі – конституцияға өзгерістер енгізу. Бұл тәжірибе XX ғасырдың соңғы оңжылдығында кең қолданыс тапты. Мұның әсіресе Латын Америкасы елдерінде кең қолдау табуын әртүрлі себептермен түсіндіруге болады. Біріншіден, менің ойымша, мұндай тәжірибе сол елдердің тарихи дамуына байланысты. Қарастырылып отырған өңірдің испан тілді мемлекеттері өткен жолдарына, тәуелсіздік алғанына қарамастан бұрынғы метрополиямен тығыз байланыста. Оларда соның бір айғағы іспетті құқықтық саясат пен тәжірибенің кейбір ортақ тұстары бар. Мысалы, құрылтайшы билікке қатысты ережелерді Испанияның 1978 жылғы Конституциясынан табуға болады. Онда бұл мәселелер бойынша қатаң ережелер бекітілген. Конституцияның 168 - бабының 1 тармағы бойынша конституцияны толық не жекелеген бөлімдерін өзгерту үшін Бас кортестер (Испанияның қос палаталы парламенті) палаталарының үштен екі дауысы қажет. Қажетті шешім шығарылған соң Бас кортестер таратылады. Жобаны жаңадан сайланған парламент депутаттарының үштен екісі қолдаса, ол ұлттық референдумға шығарылады. Конституцияны халықпен өзгертудің тағы бір тетігі – оны ішінара өзгерту қай палатаның болса да депутаттарының 10 пайызының қолдауы арқылы жүзеге асырылады. Яғни екі тәсіл де халықтың қатысуымен жүзеге асырылады. [7] Екіншіден, аталған елдердің динамикасы, тұрақсыздығы, экономикалық, идеологиялық алуандылықтарға байланысты. Сонымен қатар бұл елдерде «солшыл» ағым терең жайлаған, содан болар соңғы уақытта осы бағытты ұстанған көшбасшылар президенттік сайлауларда жеңіске жетіп келеді. Бұған мысал есебінде Венесуэладағы – Уго Чавес, Боливиядағы – Эво Моралес, Никарагуадағы – Даниель Ортега және басқа мемлекеттердің социал-демократиялық бағыттағы президенттерді келтіруге болады. Кезінде тегіннен - тегін бұл материкті «жалынды» деп атамаған болар.
Құрылтайшы билік арқылы конституцияны қабылдау, әсіресе өзгерістер мен толықтырулар енгізу посткеңестік мемлекеттерге белгісіз. Сондықтан бұл елдердің биліктерінің, оның ішінде жекеленген билік өкілдерінің конституцияны қабылдау, өзгертудің тәжірибесіне «мемлекеттік биліктің бастауын халықтықтан бастау тәсілі маңызсызға айналды, ал шындығында билік халықтан алшақ және ол өзімен - өзі дағдарысып жатады» деп қобалжулы пікір айтқан россиялық белгілі заңгер В.Е. Чиркинді қолдаймын. [8] Латынамерикалық елдердің конституциялық ассамблеялары тәжірибесін оқып-үйренудің зор ғылыми - практикалық маңызы бар. Осы тәжірибеге арналған еңбектер құрылтайшы билік құрылтайшы жиылыспен ұштастырылатынын көрсетеді. Соған байланысты тәжірибе жүзінде бұл биліктің басты мақсаты жаңа конституция қабылдаумен түсіндіріледі.
Латын Америкасы мемлекеттері конституционализмі конституциялық дамудың бай тәжірибесі бар екендігін көрсетеді. Қабылданған конституциялар саны бойынша бұл мемлекеттер әлем бойынша бірінші орынды алады. Латын Америкасы мемлекеттері қабылдаған 300 - ге жуық (себептері мен салдарларын қарастыру мақала шеңберінен тыс болғандықтан оларды сипаттау қажетсіз) конституциялардың басым көпшілігі арнайы шақырылған Құрылтайшы ассамблеяларда дайындалған және қабылданған. [9] Мысалы, Латын америкасы елдері конституцияларының ең жаңасы – Эквадордың Құрылтайшы ассамблеясымен дайындалған, қабылданған кезекті 20 - шы конституциясы өткен жылғы 28 қыркүйекте бүкілхалықтық референдумда қабылданды. Латын америкасы елдеріне тән бұл тәжірибе сонау XIX ғасырдың басынан – тәуелсіздік алған жылдардан бері жалғасып келеді. Аргентина, Боливия, Бразилия, Венесуэла, Колумбия, Перу, Парагвай, Эквадор сынды латынамерикалық мемлекеттердің жаңа конституция қабылдауы биліктің тек қана арнайы өкілдер және халықтың тікелей араласуы арқылы мемлекет пен қоғамның негіздерін жаңғыртуды қалай жүзеге асыруды және қалай әрекет ету керек екендігін көрсетеді. [10]
Мемлекеттің негізгі заңына өзгерістерді заңды әрі қисынды енгізудің бай тәжірибесін мысалы Аргентина Республикасынан көруге болады. Онда 1993 жылы Аргентинаның 1853 жылғы Конституциясына өзгерістер енгізу үшін арнайы шақырылған Конституциялық Ассамблеяға 305 депутат сайланды. Ассамблея тек келесі жылдың 24 тамызында Конституцияға қағидалы өзгертулер енгізді. Сондықтан кейбір зерттеушілер Аргентинада жаңа конституция қабылданды деп те есептейді. [11] Аргентина Республикасының конституциялық құрылыс тарихы 1853 жылғы конституцияны қабылдау ғана емес, 1860, 1866, 1898, 1949, 1957, 1960 жылдардағы барлық өзгертулер мен толықтырулар енгізу тек қана құрылтайшы ассамблеялармен жүзеге асқанын көрсету қажет. [12] Тіпті осы ұзақ процесті зерттеу нәтижесі ретінде 6 томдық (барлығы 8 кітап) жинақтың жарық көруінің өзі менің ойымша, бірінші халыққа деген, екінші конституцияға деген ілтипат, құрметпен, қатар құрылтайшы жиналыстардың ғылыми - зерттеулік маңыздылығын да көрсетеді. [13] Яғни мемлекет өз тарихына терең, аса ұқыптылықпен қарайды. Осы жерде қазіргі саясат бойынша қазақстандық парламент тарихының 1995 жылмен ғана ұштастырылуы біз жіберіп жүрген қателіктердің бірі деп есептеймін. Бұл көзқарасты ұстанғандар 1991 - 1995 жылдары Қазақстанда заңшығарушылық биліктің болмағанын дәлелдей ала ма екен ? Билік жоқ болса, орасан зор заңнама қайдан келді ? Неліктен отандық тарих «секвестрге» ұшырай береді ? Билік келер де, кетер... Ал келер ұрпақ парламенттің нағыз тарихи орны мен рөлін тауып алады. Ол ақиқат. Қорыта айтқанда, құрылтайшы билік өз конституциясын қабылдай алатын, өз атынан сөйлей алатын билікті заңдастыру құқығына ие халықтың қолында. Онымен тығыз байланыста. Менің ойымша, құрылтайшы билік қоғамдағы күштердің тепе - теңдігін қамтамасыз ете алады. Қоғам мен мемлекеттің даму бағытын айқындай және оған шектер қоя алады. Латын америкасы мемлекеттеріндегідей тетіктер мен тәжірибелер бізге де керек. Сондықтан мемлекеттік құрылыста, посткеңестік республикаларға да тән, билікті жүзеге асыруда заң шығару билігімен қатар, іс жүзінде одан биік тұрған атқарушы билік те нақты жұмыстардың орнына айтуға, көрсетуге, есеп беруге ыңғайлы іс - шаралармен ғана шектелуде. Атқарушы биліктің күшеюі, қажетті тетіктердің жоқтығы (объективті не субъективті себептерге байланысты ма, бәрібір), әсіресе биліктің қоғамдық және мемлекеттік басқару аясындағы жауапкершіліктің жоқтығы тек қана негізгі заңның ғана емес, жалпы халықтық билік негіздерінің де бұзылып жатқанын көрсетеді. Мысалы, 2007 жылы Қазақстан Республикасының Конституциясына, 2008 жылы Ресей Федерациясының Конституциясына енгізілген өзгертулер мен толықтырулар халықтың қатысуынсыз – қос биліктің келісімімен, ал іс жүзінде, бір - ақ биліктің шешімімен, дайындауымен, ұйымдастыруымен, жүргізуімен енгізілді. Бұл тәжірибе негізінен теріс тәжірибе. Мемлекеттік басқарудың бір ерекшелігі әкімшілік, шын мәнінде мемлекеттік барлық ресурстарды жұмылдырып «сайлау» да, «референдум» да өткізуге болатындығында. Бірақ мұндай тәжірибе мәңгілік емес! Конституция ешкімнің де, жеке бастың да меншігі емес. Кез келген кезде әртүрлі өзгертулер мен толықтырулар енгізуден конституциядан мәтін түгілі рух та қалмайтыны баршаға аян. Теріс тәжірибені болдырмау үшін қажетті құқықтық негіз құру қажет. Посткеңестік республикалар ішінде тек қана Ресей Федерациясының 1993 жылғы Конституциясында қажет болған жағдайда құрылуы тиіс Конституциялық Жиылыс туралы норма бекітілген [14]. Бірақ Конституцияның 135 - бабының 2 - тармағында көрсетілген бұл орган туралы федералдық конституциялық заңның 15 жылдан бері қабылданбауы көп нәрсені аңғартса керек. Конституциялық жиылыс туралы ғылыми ой- пікірлер де бірен - саран. Мысалы, кезінде Россияның жаңа конституциясын қабылдау үшін Құрылтайшы жиылыс құруды белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, әрі ғалым Г.Х. Попов ұсынған болатын. Бірақ бұл ұсыныс қолдау таппады. Құрылтайшы билік арқасында конституцияны өзгерту туралы пікірлер Украина ғалымдары мен мамандары тарапынан да айтылып жатады. [15]
Латын Aмерикасы елдерінің мемлекеттік және конституциялық құрылысын талдау олардың дамыған елдердің озық тәжірибесін көшірумен қатар өзіндік, автохтондық институттар мен тетіктер құрғанын көрсетеді. Мұндай нәтижеге олар ұранды емес, нақты іс - әрекеттермен жеткені анық. Бүкіл құрлық мемлекеттерінде әртүрлі сынақтардан өткен тетіктер мен тәжірибелер тек қана оқып - үйренуге ғана емес, сонымен қатар қолдауға және енгізуге де тұрарлық.
Әдебиеттер
- Омирали Ж. Взаимодействие президента и судебной власти в Республике Казахстан // Заң және заман – Закон и время. 2006. № 2. С. 30-32.
- Чиркин В.Е. О публичной власти (Постановка проблемы) // Государство и право. 2003. № 10.
- Чиркин В.Е. Контрольная власть // Государство и право. № .
- Constitucion de la Republica Bolivariana de Venezuela // Cervantesvirtual.com. /portal/constituciones/pais.formato? = Venezuela = constituciones. (25.4.2009)
- Ley de convocatoria a refendum nacional vinculante a la Asamblea constityuente para las autonomias departamentales. Ley 3365 – 6 de marzo de 2006 // bcb.gov.bo. (25.4.2009)
- Государственное управление: основы теории и практики / Под ред. Козбаненко В.А. М.: Статут, Т. 1.
- ABC de la accion de tutela. Bogota, P. 93 // www.bibliotecasvirtuales.com/ constituciones/Colombiana. (10.2.2000)
- ensayistas.org/contenido/contenido/const/es/1978. (12.01.2009)
- Чиркин В.Е. Конституционные проблемы власти народа // Государство и право. № 9. С. 5-12. 10.Carrillo Flórez F. El déficit de la democratización en América Latina // www.derecons.es. (13.03.2009)
- Примашев Н.М. Новый этап реформирования конституции в странах Латинской Америки // Россия: цивилизация, патриотизм, культура / Материалы пятой всероссийской научно-практической конференции студентов, аспирантов и молодых ученых. Москва, 25 апреля 2003г. М., 2003. С. 175-179.
- Примашев Н.М. Конституционная реформа 1994 года в Аргентине //Вестник Российского университета дружбы народов. Серия: Юридические науки. М.: Изд-во РУДН. 2000. № С. 102-106.
- Asambleas Constituyentes Argentinas. Buenos-Aires, 1937-1939. T. I-VI. 14.Конституция Российской Федерации. Комментарий. М. : АКАЛИС, 1997.
- Колиушко И., Кириченко Ю. Конституционная ассамблея – путь к новой Конституции Украины // www.dialogs.org.ua. (11.02.2009)