Қаншалықты дүниежүзілік дағдарыс кезеңі болса да Қазақстанның экономикасы – нарықтық экономикадағы елдерде әрекет еткен үлгiден айрықша ерекшеленетiн, экономикамен құқықтың өзiндiк байланысын негiздейтiн экономика. Экономика бәсекелестік және оған қарама-қарсы жосықсыз бәсекелестік институттарының қатар дамуында жекелеген институттардың сұрақтарын құқықтық тұрғыдан бекітумен анықталады.
Ғылыми-техникалық прогресті дамытуға талпыну еліміздің негізгі көрсеткіші болып табылады және адамның интеллектуалдық қызметінің әртүрлі аясындағы ішкі танымдық және материалдық өндірісі үлкен маңызға ие болуда. Біздің қарастырғалы отырған тауар белгісі туралы ойларымыз азаматтық құқықтың объектілерінің бірі болып табылатын азаматтық айналымға қатысушыларды дараландыру құралдары.
Азаматтық айналымға қатысушыларды дараландыру құралдары ретінде фирмалық атау, тауар белгісі және тауардың шыққан жерінің атауы қарастырылады.
Заңды тұлғаның ресми бланкiлерде, баспа басылымдарында, жарнамаларда, маңдайша жазуларда, анықтамалықтарда, шоттарда, тауарлар мен олардың қорабында және заңды тұлғаны даралауға қажеттi өзге де жағдайларда фирмалық атауды пайдалануға айрықша құқығы бар.
Қазақстан Республикасының нарықтық қатынастарға бет бұруы интеллектуалдық қызмет нәтижелерін пайдалану және қорғаумен байланысты қоғамдық қатынастардың құқықтық базасының бағытын қайта құру қажеттігін бекітті.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 1024-бабының 3-пунктіне сәйкес, тауар белгiсiне құқық куәлiкпен куәландырылады, ал 1025-баптың 1-пунктіне сәйкес, тауар белгiсiне құқық иесiнiң өзiне тиесiлi белгiлердi қолдануға және билiк етуге айрықша құқығы бар.
Сонымен қатар «Авторлық және сабақтас құқықтар туралы» заңның 43-бабына сәйкес, тауар таңбасын немесе тауар шығарылған жер атауын немесе араласып кеткен дәрежеге дейiн олармен ұқсас белгiлердi бiртектес тауарлар мен қызметтерге қатысты, ал жалпы жұртқа белгiлi тауар таңбасы болғанда - кез келген тауарлар мен қызметтерге қатысты азаматтық айналымға рұқсатсыз енгiзу тауар таңбасының немесе тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығы иесiнiң айрықша құқығын бұзу болып танылады
Заңның бұл нормаларынан шығатын қорытынды, тауар белгісін заңсыз қолдану дегеніміз - тауар белгісін уәкілетті органның келісімінсіз немесе нақты құқықты иеленушінің келісімінсіз, тиісінше емес қолдану негізінде тұтынушыларды сол тауарды (жұмысты, қызметті) сатушы, өндіруші туралы адасушылыққа әкеліп соқтыру. Біздің ойымызша, аталған заңдарымызда тауар белгісін заңсыз қолдану анықтамасы берілуі тиіс және осы анықтаманы енгізуді ұсынамыз.
Кейбір жағдайларда тауар белгісін заңсыз пайдалану кезінде контрафактік өнім азаматтық айналымға енеді. Контрафактік өнім нарықтық қатынастардың жекелеген субъектілерінің тұтынушыларды адасушылыққа әкеліп соқтыру үшін шығаратын өнімдері.
Азаматтық кодексіміздің 1020-бабының 1-пунктіне сәйкес, заңды тұлғаның ресми бланкiлерде, баспа басылымдарында, жарнамаларда, маңдайша жазуларда, анықтамалықтарда, шоттарда, тауарлар мен олардың қорабында және заңды тұлғаны даралауға қажеттi өзге де жағдайларда фирмалық атауды пайдалануға айрықша құқығы бар.
Қазақстан Республикасының «Авторлық және сабақтас құқықтар туралы» заңының 14-бабының 2- пунктіне сәйкес, авторлық құқық немесе сабақтас құқықтар объектiсiнiң контрафактiлiк данасы - жасалуы, таратылуы немесе өзгедей пайдаланылуы авторлық құқық және сабақтас құқықтардың бұзылуына әкеп соғатын туындының, жазылған орындаушылықтың, фонограмманың, эфирлiк және кәбiлдiк хабар тарату ұйымдары хабарының данасы. Құқық иеленушiнiң рұқсатынсыз құқықтарды басқару туралы ақпараты жойылған немесе өзгертiлген, немесе объектiлердi қорғаудың техникалық әдiстерiн айналып өтуге мүмкiндiк беретiн заңсыз пайдаланылатын құрылғылардың көмегiмен жасалған авторлық құқықтың және сабақтас құқықтардың объектiлерi де контрафактiлiк болып танылады.
Тауар белгiсiн кез келген айналымға енгiзу: дайындау, қолдану, әкелу, сақтау, сатуға ұсыну, тауар белгiсiн немесе осы белгiмен белгіленген тауардан сату, маңдайшадағы жазуда, жарнамада, баспа өнімдерінде немесе өзге де іскерлік құжаттамада пайдалану тауар белгiсiн пайдалану болып саналады. Осы екі жағдай тәжірибеде кейбір түсініспеушіліктерге әкеліп соқтырады. Кей жағдайларда тауар өндірушінің фирмалық атауы мен тауар белгісі арасындағы жосықсыз бәсекеге қатысты даулар туындайды. Мысалы, АҚ «Рахат» конфет өнімдерін шығарады және ЖШС «Самат» «Рахат» маркасымен конфет өнімін шығарады. Бұл жерде, егер де АҚ «Рахат» конфетін шығармайтын болса, ЖШС «Саматтың» «Рахат» тауар белгісін заңсыз пайдалануы туралы сөз болуы мүмкін емес.
Егер тауар белгiсiне құқық тауарға немесе оны дайындаушыға қатысты жаңылыстыруға себепкер болса, ол белгiге құқықты беруге жол берiлмейдi.
Құқық иесi куәлiкте көрсетiлген тауарлар мен қызмет көрсетулердiң барлық сыныптарына не олардың бөлiктерiне қатысты тауар белгiсiн пайдалану құқығын лицензиялық шарт бойынша басқа тұлғаға беруi мүмкiн.
Лицензиатқа тауар белгiсiн пайдалануға рұқсат ететiн лицензиялық шартта, лицензиат тауарларының немесе көрсететiн қызметiнiң сапасы лицензиар тауарларының немесе көрсететiн қызметтерiнiң сапасынан төмен болмайтындығы және лицензиардың осы шарттың орындалуын бақылауды жүзеге асыруға құқығы бар екендiгi туралы талапты қамтуға тиіс.
Сондықтан тауар белгiсiн кез келген айналымға енгiзу: дайындау, қолдану, әкелу, сақтау, сатуға ұсыну, тауар белгiсiн немесе осы белгiмен белгіленген тауардан сату, маңдайшадағы жазуда, жарнамада, баспа өнімдерінде немесе өзге де іскерлік құжаттамада пайдалану тек қана тауар белгісін пайдалану деп түсінілуі тиіс. Тауар таңбасын немесе тауар шығарылған жердiң атауын пайдалану тауар таңбасы немесе тауар шығарылған жердің атауы қорғалатын тауарларда және (немесе) олардың бумасында оларды қолдану, тауар таңбасының немесе тауар шығарылған жердiң атауының белгiсi бар тауарды жасау, қолдану, әкелу, сақтау, сатуға ұсыну, сату, маңдайшаларда, жарнамада, баспа өнiмiнде немесе өзге iскерлiк құжаттамада қолдану, тауар таңбасына құқық беру, сондай-ақ оларды азаматтық айналымға өзгеше енгiзу.
Тiркелiп қойған заңды тұлғаның фирмалық атауына ұқсас фирмалық атауды пайдалануға болмайды, өйткенi мұның өзi тиiстi заңды тұлғалардың ұқсап кетуiне, сондай-ақ олар шығаратын тауарлар немесе көрсететiн қызметтер жөнiнде жаңылыстыруға әкеп соғуы мүмкiн.
Тауар таңбасын немесе тауар шығарылған жер атауын жалпыға бiрдей қолжетiмдi телекоммуникациялық желiлерде (Интернетте және басқаларда) рұқсатсыз пайдалану да тауар таңбасы иесiнiң айрықша құқығын немесе тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығын бұзу болып табылады.
Қорғалатын тауар таңбасын немесе тауар шығарылған жер атауын, сондай-ақ араласып кеткен дәрежеге дейiн олармен ұқсас белгiлердi заңның талаптарын бұза отырып, бiртектес тауарларды пайдаланғаны үшiн кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
Қазіргі нарық жағдайында тауар шығарушылар, қызмет көрсетушілер мен жұмыс орындаушылардың тауар белгісін құқықтық қорғау қажет. Бөтен біреудің тауар белгісін көшіріп алу арқылы шығарылып жатқан тауарлар рынокта бүгінгі күні саны шексіз және оларға қадағалау жасап, шаралар жүйесін күшейтпесек, қарапайым тұтынушы зиян шегеді. Себебі ертеңгі күні сапасыз тауар үшін кімге талап қоятынын білмей дал болатын да тұтынушы.