Егер қылмыс жасаған тұлға өз әрекетінің немесе әрекетсіздігінің қоғамдық қауіпті сипатын ұғынып, оның қоғамдық қауіпті салдарын алдын ала болжап және оларды тілеген болса, немесе сол салдардың орын алуын саналы түрде мүмкін санаған болса, қылмыс қасақана жасалған болып танылады. Келтірілген анықтамадан көріп отырғанымыздай, заң жасырын ниетті материалдық құрамдарға қатысты анықтайды: ол субъектінің әрекетке немесе әрекетсіздікке, сондай-ақ салдарына деген психикалық қатынасының сипатын білдіреді. Салдар қылмыстық құрамның элементі болып табылмайтын формалдық құрамдарда оған деген психикалық қатынас мүлдем болмайды (салдар болмаған жағдайда) немесе кінә нысаны мен қылмыс саралануына әсер етпейді. Сол себепті, формалдық құрамдардағы кінә нысаны әрекетке деген психикалық қатынаспен анықталады, және қылмысты қасақана деп сипаттау үшін, тұлғаның өз әрекетінің немесе әрекетсіздігінің қоғамдық қауіпті сипатын ұғынудың өзі жеткілікті болып саналады.
Жасырын ниеттің тікелей және жанама түрлері бір-бірінен тұлғаның өз әрекетінің қоғамдық қауіпті салдарына деген психикалық қатынасының түрлі сипатымен ерекшеленетіндігіне байланысты, жасырын ниеттің формалдық құрамдарда тікелей және жанама түрлерге бөлінуі мәнсіз болып табылады. Формалдық құрамдарда жай жасырын ниет немесе тікелей жасырын ниет жөнінде айтқан дұрысырақ болады.
Кейде әдебиеттерде формалдық құрамдарда жанама жасырын ниеттің болу мүмкіндігін негіздеудің, біздің ойымызша, жасанды әрекеттері жасалып жатады. Көбіне бұл қалау немесе саналы түрде мүмкін ету белгісін салдардан әрекетке немесе әрекетсіздікке ауыстыру арқылы жүзеге асырылады. Дегенмен, мұндай ауыстыру заңсыз болып табылады. Әрекет өздігінен тек сирек жағдайларда ғана (мысалы, ойнау барысында) қалау нысаны болып табылады, мұндай болып әрекет нәтижесі саналады («қалау... нақты затқа бағытталады») [1]. Субъектінің әрекетке немесе әрекетсіздікке деген еріктік қатынасының ешбір реңктері оның кінәсінің нысанына әсер етпейді: ол қоғамдық қауіпті әрекетті, оның қоғамдық қауіпті сипатын ұғына отыра, жасайтын болғандықтан, оның бұл қылықты қалағаны немесе қаламағаны жөніндегі мәселенің еш мәні жоқ. Тіпті психикалық мәжбүрлеу болған жағдайда да, әрекет қасақана жасалған деп танылады.
Г.А. Кригер әрекет пен салдарға деген психикалық қатынас, материалдық немесе формалдық құрамдар жөнінде болуына тәуелсіз түрде белгіленуі тиіс деп санайды [2]. Дегенмен, салдарға деген психикалық қатынасты қалай орнату қажет екендігі түсініксіз болып көрінеді, себебі, оның мүлдем болмауы, немесе арнайы дәлелденбеуі немесе қылмыстың саралануына әсер етпеуі де мүмкін болады. Әрине, формалдық құрамдары бар қылмыстарды жасау барысында, айыптының әрекеті нақты бір нәтижеге жетуге бағытталады, тұлға әркезде қандай да бір нәтижені «қалайды», ал басқа нәтижелерді
«мүмкін деп санайды». Дегенмен, бұл салдар қылмыстық құқық үшін парықсыз болады (өз бетімен кетіп қалу барысында туыстарымен көрісуді қалау) немесе құрамнан тыс жатады. Сол себепті, заңшығарушы формалды құрамдарда құрам шеңберінен тыс жатқан салдарға деген қатынасын көрсетіп кетуді қажет деп санайды, ол құрамға арнайы мақсатқа нұсқауды енгізеді.
Б.С. Никифировтың пікірі бойынша, жасырын ниетті формалды құрамдарда да әрекетке қоғамдық қауіпті сипат беретін жағдайларға деген қатынасына – олардың айыптыға қажет немесе қажет емес екендігіне байланысты (мысалы, зорлау барысында жәбірленушінің жасы толмағандығы) тікелей және жанама түрлерге бөлу қажет [3]. В.Г. Макашвили формалды құрамдардағы жанама жасырын ниетті, субъект әрекеттің өзін қылмыс ретінде сипаттайтын белгілері бар екендігіне онша сенімді болмаса да, мүмкін деп санайтын жағдайларда қарастырады [4]. Бұл пікірлердің ешқайсысымен де келісуге болмайды, олардың екеуі де кінәнің нысаны мен мазмұнын араластыруға негізделген; кінәнің нысаны тек әрекет пен оның салдарына деген қатынаспен анықталады; құрамның басқа белгілеріне деген психикалық қатынастың түрлі нұсқалары кінәнің мазмұнына әсер етеді, бірақ оның нысанына емес. Кері жағдайда, мысалы, жасы толмаған қызды зорлау бір уақытта тікелей де, жанама да жасырын ниетті болып саналады.
Қалау немесе саналы түрде мүмкін ету жөніндегі мәселе кінә нысандарын шектеу үшін, құрамның элементтері болып табылатын салдарға қатысты ғана мәнді болады. Сол себепті, жасырын ниетті тікелей және жанама деп бөлу тек материалдық құрамдарға ғана қатысты. Бұл айтылғандар «формалды» қылмыстарда жасырын ниет еріктік кезеңнен айырылғандығын білдірмейді. Дегенмен, мұндай еріктік кезең кінә нысанына әсер етпейді.
Заң жасырын ниеттің келесі белгілерін көрсетеді: а) тұлғаның өз әрекетінің немесе әрекетсіздігінің қоғамдық қауіпті сипатын ұғынуы; ә) оның қоғамдық қауіпті салдарын алдын ала болжау; б) мұндай салдардың орын алуын қалау (тікелей жасырын ниет) немесе оларды саналы түрде мүмкін ету (жанама жасырын ниет). Алғашқы екі белгі жасырын ниеттің интеллектуалдық кезеңін, ал үшінші белгі – оның еріктік кезеңін құрайды. Шынайы болмыста «жалпы жасырын ниет» болмайды, тек нақты қылмысты жасауға деген жасырын ниет болады. Сол себепті, жасырын ниеттің интеллектуалдық және еріктік элементтер әрқашан нақты тақырыптық мазмұнға толы болады. Бұл жерде интеллектуалдық элемент жасырын ниеттің мазмұнын, ал еріктік элемент – оның бағытын анықтайды.
Жасырын ниеттің мазмұны мен бағытын анықтау қылмыстың дұрыс саралануының міндетті алғышарты болып саналады. Төбелес барысында пышақпен жаралау көпшілік жағдайларда қасақана қылмыс болып саналады. Бірақ жасырын ниетті саралау үшін жеткіліксіз болады: оның мазмұны мен бағытына байланысты, ол бұзақылық, дене жарақатын салу, өлтіруге әрекет және қажетті қорғаныс жағдайында жасалған болып та саралануы мүмкін.
Жасырын ниеттің мазмұны айыптының санасымен бейнеленіп, оның жасырын ниетімен қамтылатын, жауапкершілікті саралау немесе жекешелендіру үшін мәні бар қылмыстың объективті белгілерінің, фактіге негізделген жағдайларының жиынтығымен анықталады.
Жасырын ниет барысында, тұлға өзін әрекетке ынталандыратын уәжді де, өзінің тұтатын мақсатын да ұғынады. Дегенмен, тұлғаның бұл белгілерге деген қатынасы жасырын ниет мазмұнына кірмейді, себебі олар субъектінің психикалық қатынасының элементтері, жасырын ниеттің элементтері болып табылады. Тек бірге қатысушының жасырын ниетінің мазмұнына басқа қатысушының психикалық қатынасының ниетін, мақсатын және басқа да белгілерін ұғынуы енген кезде ғана бірге қатысу жағдайлары ерекшеленеді. Қылмыс субъектінің өзін сипаттайтын белгілердің жағдайы одан күрделірек болып көрінеді. Жалпы ереже бойынша, бұл белгілер жасырын ниет мазмұнына кірмейді, оларды ұғыну немесе ұғынбау жасырын ниеттің болуына әсер етпейді. Дегенмен, Ю.А. Демидов дұрыс айтып кеткендей, жасырын ниет қоғамдық қауіпті әрекеттің конститутивті белгілері болып табылатын арнайы субъекті қасиеттерін ұғынуды қамтиды [5]. Расында да, жалған жауап берудегі жасырын ниет мазмұнына тұлғаның тергеушімен жай әңгімелесіп отырғанын емес, оның куәгер ретінде жауап беріп жатқанын ұғыну кіреді; алимент төлеуден бастартудағы жасырын ниет мазмұнына – тұлғаның оны сот шешімі бойынша төлеуге міндетті екендігін ұғыну және т.б. жатады. Бұл жағдайларда арнайы субъекті белгілерін ұғыну жасырын ниет мазмұнына кіреді, себебі, олар субъектінің құқықтық жағдайын анықтай келе, субъектіге артылған арнайы міндеттермен ажырамас байланыста болады. Бұл міндеттерді ұғыну (демек, олардың әрекетпен бұзылатындығын) тұлғаның құқықтық жағдайын анықтайтын белгілерді ұғынбастан, мүмкін болмайды. Сөйтіп, арнайы субъекті белгілерін ұғыну жасалатын әрекеттің қоғамдық қауіпті сипатын ұғынудың қажетті алғышарты болып табылады.
Жасырын ниеттің бағытталғандығы субъект басшылыққа алған мақсатпен, айыптыға қалаулы немесе өзі қалаған салдарға қол жеткізуіне байланысты, мүмкін деп танылатын салдармен анықталады. Формалды құрамдарда жасырын ниет бағытталған нәтиже құрам аясынан тыс жатады. Айыптының жасырын ниетінің бағытталғандығы әркезде қоғамға қарсы бола бермейді, оның мақсаты қоғамдық тиімді болуы да мүмкін, бірақ, оған жетудің құралдары қоғам үшін қауіпті болып табылады (қажетті қорғаныс шектерінен асу барысында, қоғамдық қауіпті қолсұғушылықтан қорғану мақсаты).
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, жасалатын әрекеттің қоғамдық қауіпті сипатын анықтау жасырын ниетті абайсыздықтан ажырататын қомақты белгісі болып табылады. Мұндай ұғыну келесілерді болжайды: а) жасалатынның фактіге негізделген сипатын ұғыну және ә) оның әлеуметтік мәнін, яғни қылмыстық заңмен қорғалатын, қоғамның фактіге негізделген мүдделері үшін зияндылығын ұғыну. Тұлға өз әрекетінің фактіге негізделген жағын ұғынбай, оның қоғамдық қауіпті сипатын да ұғына алмайтындығы анық, әйтсе де, бәрі керісінше болуы да мүмкін.
Қоғамдық қауіп – бұл әрекеттің фактіге негізделген белгілерінен тыс жатқан қайсыбір дербес элементі емес, бұл оның барлық объективті белгілерімен қалыптастырылатын түгел алғандағы әрекеттің қасиеті болып табылады. Сол себепті, қоғамдық қауіпті ұғыну іс жүзінде әрекеттің фактіге негізделген әлеуметтік қасиеттерін ұғынуда қамтылады. Б.С.Никифоров мынадай бір дұрыс пікір айтып кеткен болатын: қоғамдық қауіпке қатынас – бұл әрекеттің оны қоғамдық қатынастармен байланыстыратын әлеуметтік элементтеріне деген қатынас болып табылады: мысалы, ұрлау барысында – затты ұрлау және оның басқа біреудікі екендігі, қолдан жасау барысында – мәліметтердің жалған сипаты және олардың құжатқа енгізілуі және т.б. [6]. Егер субъект өзінің затты ұрлайтындығын және бұл заттың басқа біреудікі екендігін ұғынатын болса, бұл арқылы онда қоғамдық қауіпті ұғынудың бар болуы жөнінде мәселе шешіледі, себебі, ол басқа біреудің меншігіне қол сұғатындығын ұғынады.
Бұдан шығатын нәтиже: қоғамдық қауіпті ұғыну келесі жағдайларда болмайды, біріншіден, субъект әрекеттің негізгі әлеуметтік белгісін ұғынбаған немесе дұрыс ұғынбаған кезде (мысалы, ол алып жатқан заттың – басқа біреудікі екендігін); екіншіден, ол әрекеттің әлеуметтік қасиетін өзгертетін жағдайлар бар деп қате ойлаған кезде (мысалы, қажетті қорғану немесе аса қажеттілік жағдайының орын алуы); үшіншіден, субъект өзінің жеке ерекшеліктерінің немесе ерекше психикалық жағдайының (ақылы дұрыс болу аясында) әсерінен, өз әрекеттерінің мәнін ұғынбаған кезде.
Бұл жерде субъектінің, жасырын ниет барысында, «жалпы» қоғамдық қауіпті емес, ерекше, қылмыстың әрбір түріне тән қоғамдық қауіпті сипатын ұғынатындығын баса көрсетіп кету қажет, қоғамдық қауіпті сипат қылмыстың әрбір түрінің құрамдарында бейнеленген әлеуметтік белгілерінің сипаты мен құрылымымен анықталады. Ұрлықтың қоғамдық қауіпті сипаты бұзақылықтың немесе зорлаудың сипатындай болмайды, сол себепті, жасырын ниетті анықтау үшін, қоғамдық қауіптің нақты сипатын, қоғамның нақты мүдделерінің бұзылатындығын ұғынуды анықтау қажет.
Жасалатынның қоғамдық қауіпті сипатын дұрыс ұғынбау оның жасырын ниетінің мазмұнына әсер етеді және қылмыстың саралануына ықпал етуі мүмкін. Мәселен, егер тұлға біреудің жеке меншігін ұрладым деп, мемлекеттік мүлікті ұрлайтын болса, ол жеке меншікке қол сұққандығы үшін жауап беретін болады.
Әдебиеттер
- Рубинштейн С.Л. Основы общей психологии. - 513 б.
- Кригер Г.А. Рецензия на книгу И.А.Бушуева. «Ответственность за укрывательство преступлений и недоносительство». Советская юстиция, 1966, №6, 29 б.
- Никифоров Б.С. Об умысле по действующему законодательству. – 35 б.
- Макашвили В.Г. Понятие умысла в уголовном праве. - 81б.
- Демидов Ю.А. Умысел и его виды по советскому уголовному праву. Автореферат кандидатской диссертации. - М., - 9б.
- Никифоров С. Об умысле по действующему уголовному законодательству. - 31-32бб.