Қорқытып алушылықты онымен аралас басқа құрамдардын ажырату мәселесі, ең алдымен, практикада бұл мәселенің біртекті және дұрыс шешілмеуінен туындайды. Е.Алауовтың айтуынша:
«Құқық қорғау органдарының қызметкерлері арасында жүргізілген сауалнама көрсетіп отырғандай, олардың шамамен 70% күш көрсетумен қосылған қорқытып алушылықты қарақшылық және зорлықпен тонаудан ажырату кезінде қиыншылықтарға кездеседі» [1, 200 б.].
Бір құрамды екіншісінен ажырату да осыған сәйкес қылмысты саралаудың түрлері. В.Н. Кудрявцев былай деп атап өтеді: «Негізінен саралау процессі жасалған іс-әрекеттің әрбір белгісін басқа аралас қылмыстардың белгілерінен ажыратудан тұрады. Қылмыстарды жіктеуді саралаудың кері жағы деп атауға болады» [2, 146 б.]. Біреудің мүлкін қорқытып алушылықты саралау процессі, бір жағынан, ҚК 181 бабымен қарастырылған қылмыс белгілерін дәл анықтаудан, екінші жағынан, оны ұқсас қылмыстардан ажыратудан тұрады. Соңғысы практикада ерекше көп сұрақтар тудырады. 37% мүлікті қорқытып алушылық туралы зерттелген қылмыстық істерде, алдын ала тексеру процессінде және сотта іс қарау процессінде жасалған іс- әрекет сараланған ҚК бабы өзгертілді.
Сот практикасында тонау мен қорқытып алушылықты бағалау барысында қателіктер кездеседі. Мысалы, Нуримов базарда Милановадан орынды сақтау және қорғау сылтауымен 2600 теңге талап етеді. Миланованың ақшасы болмаған және ол кешірек беруге уәде береді. Келесі күні Милованова Нуримовқа ақша береді, сол жерде ол ұсталады және ҚК 178-бабының 2-т. бойынша айыпталады.
Алматы қаласының Әуезов аудандық соты сотталушының әрекеттерінде қорқытып алушылық белгілері жоқ екендігін көрсете отырып, оны ҚК 178-бабының 2-т. бойынша саралаған. Соттың бұл шешімін қате деп тану керек. Заңға сәйкес тонауды жүзеге асыру барысында кінәлі тұлға күш көрсету арқылы жәбірленушінің мүлкін бірден иеленуге ұмтылады. Қорқытып алушылық кезінде қорқыту жәбірленуші қылмыскердің талаптарын орындамауына байланысты іске асырылады және бірден жүзеге асырылмайды, белгілі бір уақыт өткеннен кейін жақын арада немесе көп уақыт өткеннен кейін.
Іс бойынша Нуримовтың Миловановадан ақшаны ұрламағаны анықталды, ал соңғысы, айтылған қорқытудың жүзеге асырылуынан қорқып, ақшаны өзі береді. Базарда сауда орнынан айырылып қалуды жәбірленуші шынымен қабылдайды. Нуримовтың іс-әрекеті қорқытушылық құрамымен қамтылады және оларды ҚК 181-бабының 1-т. бойынша саралу керек [3].
Қорқытып алушылықты қарақшылық пен зорлықпен тонаудан ажыратудың қиындығы, ең алдымен, қылмыстың бұл екі құрамының көбіне өзара объективті және субъективті белгілері бойынша ұқсас болуында. Қылмыстық істерді талдау, соңғы жылдары тонаумен және қарақшылықпен жалғасқан қорқытып алушылықтың күрт өскендігін көрсетеді. Бұған күш көрсету қарастырылатын сараланған және ерекше сараланған қорқытып алушылық құрамына 1995 жылы енгізілген өзгертулер мен толықтырулар да қандай да бір дәрежеде себін тигізген. Бұрын бұл белгі бойынша осы құрамдар арасында айырмашылықтарды ажыратқан, себебі күш көрсету тек тонау мен қарақшылыққа ғана тән болды.
Қорқытып алушылық қылмысты жасау тәсіліне қарай күш көрсетумен тонаумен және қарақшылықпен белгілі бір ұқсастыққа ие. Қорқытып алушылықты жасау кезінде, жоғарыда аталған онымен аралас қылмыстар секілді қылмыскермен мүлікті немесе оған құқықты беруді талап ету күш көрсетумен қорқытумен немесе күш көрсетумен қатар жүреді. Алайда бұл таза сырттай ұқсастық [4, 310 б.].
Біздің пікірімізше, қорқытып алушылықтың тонау мен қарақшылықтан негізгі ажырататын белгісін теорияда да, практикада да психикалық күш көрсету пәні мен мазмұны бойынша жүргізеді [5, 73 б.].
Егер ҚК 178 және 179 баптарының пәні тек мүлік қана болуы мүмкін болса, онда 181-бапқа сәйкес пәні ретінде тек қана мүлік емес, мүлік құқы да немесе мүліктік сипаттағы басқа да әрекеттерді жүзеге асыру болуы мүмкін.
Келесі ажырату белгісі, қорқытып алушылықтың неғұрлым кең ауқымдағы психикалық күш көрсетуді ұйғарады: тек қана меншік иесіне күш көрсетумен қорқыту ғана емес, оның жақындарына да күш көрсету, жәбірленуші немесе оның жақындары үшін құпия мәліметтерді жариялау, немесе біреудің мүлкін жою немесе зақымдау. Бұл ажырату белгілерінің шынайылығы соншалықты, егер олар жасалған қылмыста болатын болса, онда қорқытып алушылықты тонау мен қарақшылықтан жіктеу қиындық тудырмайды.
Осы құрамдар арасында жіктеу кезіндегі саралау мәселесі негізінен қолданылатын зорлықтың белгілері бойынша туындайды. Мұндай жағдайларды жіктеу барысында 1995 жылғы 22 желтоқ- сандағы ҚР Жоғарғы Сотының Пленумының №11 Қаулысында қорқытып алушылыққа тән екі сәт туралы есте сақтау қажет, мысалы, 13 т. күш көрсетумен жалғасқан қорқытып алушылықты тонау мен қарақшылықтан ажырату туралы мәселені шеше отырып, тонау немесе қарақшылық кезінде күш көрсету мүлікті иелену құралы ретінде болса, қорқытып алушылық кезінде күш көрсету психикалық күш көрсетудің түрі ретінде ғана болады және қорқытып алушының талабын орындамаған жағдайда неғұрлым күрделі күш көрсетуді қолданумен қорқытуды күшейту үшін қызмет етеді.
Тонау мен қарақшылықта күшпен де, психикалық та зорлық көрсету орын алуы мүмкін. Қорқытып алушылық кезінде негізгі құрам (ҚК 181-б. 1-т.) тек психикалық зорлық көрсетумен жүзеге асырылады. Күштеп зорлық көрсету қорқытып алушылықты ауырлататын белгі болып табылады.
Тонау мен қарақшылықта мүлікті иелену зорлық көрсетумен бірмезгілде қатар жүреді немесе оны жасағаннан кейін болады, ал қорқытып алушылық кезінде кінәлі тұлғаның қасақаналық іс- әрекеті алдағы уақытта талап етілетін мүлікті алуға бағытталған. Осы бір ажырату белгісіне келетін болсақ, заң әдебиеттерінде мұндай жіктеу белгісіне қарсы пікірлер де бар. Н.И. Мельник бұл қағиданы келесі белгілері бойынша сөзсіз дұрыс деп есептеуге болмайды деген пікір айтады: біріншіден, ол бірнеше құрамдарға бір ғана белгілердің тән екендігін ескермейді. Қорқытып алушылық секілді белгілі бір жағдайларда мүлікті беруді талап ету бірден қол сұғушылық белгісіне сарапталуы мүмкін. Екіншіден, қарастырылатын қылмыстарды жіктеу критерийлерін анықтау мүліктік талапқа және қорқытуға қатысты жеке жүзеге асырылады [6, 164 б.].
Бұл көзқарасқа келетін болсақ, Н.И.Мельник қорқытуға және мүлікке жеке саралап жіктелген көзқарастың қажеттігін дұрыс анықтайды деп ойлаймыз. Егер, мысалы, тұлға бірден мүлікті беруді тала ететін болса және ол сол кезде қорлық көрсетумен қорқытатын болса немесе қорлық көрсететін болса, бұл тонау немесе қарақшылық болып табылады. Ары қарай келесі нұсқаларын атауға болады: біріншіден, тұлға қол сұғушылық кезінде мүлікті беруді дереу талап ететін болса, ал қорқыту болашаққа бағытталады. Екіншіден, мүлікті алу талабы болашаққа бағытталса, бірақ бұл жағдайда зорлық жасаумен қорқыту шынайы болса немесе ол дереу жасалатын болса. Үшіншіден, мүлікті алу талабы болашаққа бағытталған болса және зорлық көрсету де болашаққа бағытталады, онда барлық осы үш нұсқада тұлғаның іс-әрекетін қорқытып алушылық ретінде саралау қажет.
Біздің пікірімізше, салыстырылатын қылмыстардың объективті критериі қорқытып алушылық кезінеде оның іс-әрекетінің тым болмағанда біреуі болашаққа бағытталады. Қарақшылық кезінде бұл екі шарт осы шақта жүзеге асырылады. 1992 жылдың 7 ақпанда Л. Булавина, И. Батич, Д. Ермоленко Жамбыл көшесіндегі №94 пәтерге алдау арқылы кіреді, пәтерде Е. Аникеева жалғыз болады. Батич пен Ермоленко бетперде ретінде бас киімдерін басып киеді және Аникееваны газ пистолетімен қорқыта отырып, одан қолма қол ақша беруін талап етеді. Бұл жағдайда олардың іс- әрекеттері қарақшылық ретінде сараланған, себебі мұнда қорқыту мен мүлікті беруді талап ету бірмезгілде жасалады.
Г. Михайлов, И. Тимишев осы екі құрам арасындағы жіктеу белгілерінің бірі ретінде мүлікті беру тәсілін анықтайды. Қорқытып алушылық кезінде мүлікті жәбірленушілердің өздері береді. Қарақшылық кезінде – кінәлі тұлғаның күш көрсету арқылы, немесе күш көрсетумен қорқыту арқылы жәбірленушінің мүлкін иеленуі (алып қою, басып қалу) [6, 21 б.].
Бұл көзқараспен келісу және оны қолдау керек.
Бұл құрамдарды жіктеу кезіндегі күрделі сәттердің бірі мүлік қойылған талаптан кейін дереу берілген жағдайда жүзеге асырылады.
Біздің пікірімізше, мұнда қылмыстарды саралауға әсер етуі мүмкін келесі жағдайларды ескеру қажет. Сонымен, егер күш көрсетемін деп қорқыту немесе оны қолдану кінәлі тұлғаның мүлікті иеленуі үшін емес, мүлікті жәбірленушінің өзінің беруіне қол жеткізу үшін қолданылған болса, онда бұл іс-әрекеттерді қорқытып алушылық ретінде саралап жіктеу қажет. Бұл жағдайларда күш көрсетумен қорқыту және күш көрсетуді жүзеге асыру жәбірленушіні белгілі бір іс-әрекетке, яғни мүлікті беруге мәжбүрлеу.
Қорқыту фирмаға тиесілі тауарларды құртып жіберу, офис жайларын өртеу және т.б. түрде болуы мүмкін. Көп жағдайларда айтылған қорқытулар дереу жүзеге асырылмайды, алдағы уақытқа қалдырылады. Болашақта жиі мүлікті алу да болжанады. Жауап уақытылы берілмеген жағдайда, күш көрсетумен қорқыту талабы және басқалай түрде әсер ету қайталануы мүмкін. Бұл әрекеттердің барлығы жәбірленушіні қорқыту және оған қорқытып алушылардың қойған талаптарын орындату мақсатында жүзеге асырылады. Және мүлікті беру жәбірленушінің еркіне сәйкес берілгендей жүзеге асырылады.
В.В. Ераксин тонау кезінде күш көрсетумен қорқыту жәбірленушіге билік органдарынан немесе басқа біреуден көмек сұрауға мүмкіндік бермейді, ал қорқытып алушылық барысында жәбірленушінің мұндай қорқытудың жүзеге асырылатындығы туралы ескерту мүмікндігі бар деген пікір айтады.. Осыған орай, қорқытуды іс жүзіне асыру тонау мен қорқытып алушылықты ажырату үшін неғұрлым елеулі және тура белгісі болып табылады [7, 93 б.].
Бұл тұжырымдарға тексеру практикасынан мысал келтіруге болады. 1995 ж. 6 маусымда А. Аблашев Алматы қаласындағы Заря Восток пос. орналасқан орталық әмбебап киім базарына келеді. Өзінің қылмыстық пиғылын жүзеге асыра отырып, ол таңғы сағат 10-да өзіне таныс емес А. Выговскийден базарға кіргені үшін 3 мың теңге беруін талап етеді. А. Выговский ақшаны беруден бас тартқаннан кейін, А. Аблашев оны базардан шыққан кезде өзінің таныстарымен сатып алған тауарларын зорлықпен тартып аламыз деп қорқытады. Қорқытуды шындық ретінде қабылдаған А. Выговский өзінде бар 1000 теңге көлеміндегі ақшаны А. Аблашевке беруге мәжбүр болады.
Келесі жағдайда кінәлі тұлға жәбірленушіге қойған талаптарын қанағаттандырудан бас тартқанда күш көрсетуді қолданады, бірақ бұл жағдайда мүлікті күшпен иеленуге бағытталған ешқандай іс- әрекеттерді жүзеге асырмайды. Бұл әрекеттерді де қорқытып алушылық ретінде саралап жіктеуге болады. Мұндай жағдайларда күш көрсету заңсыз мүліктік талаптарды орындаудан бас тартуда өш алу ретінде қолданылады.
Қарақшылық кезінде күш көрсету өмірге және денсаулыққа қауіпті болуы тиіс, ал қорқытып алушылық кезінде кінәлі тұлғалар кез келген күш көрсетуді, соның ішінде қауіпсізін де, қолдануы мүмкін.
Қорқытып алушылық пен қарақшылық арасындағы ажырату белгілерінің бірі ретінде шабуылдың қарқындылық сипаты бойынша белгісін алуға болады, қарақшылық кезінде ол қорқытып алушылыққа қарағанда қауіптірек болады.
Осы екі іс-әрекетті олардың заңнамалық құрылымы тұрғысынан қарастыратын болсақ, онда біз қарақшылықты шабуыл жасалған тұлғаның өмірі мен денсаулығы үшін қауіпті күш көрсетумен немесе мұндай күш көрсетуді тікелей қолданамын деп қорқытумен ұштасқан шабуыл жасау сәтінен бастап аяқталған қылмыс ретінде саналатындығын атап өте аламыз.
Қорқытып алушылық біреудің мүлкін немесе біреудің мүлкіне құқықты меншік иесін қорқыта отырып, беруге талап қойылған сәттен бастап аяқталды деп есептеледі.
Субъективті жағынан екі құрам да тікелей қасақаналықпен сипатталады. Алайда, қарақшылық шабуыл кезіне кінәлі тұлға мүлікті өзі иеленуге ұмтылады, ал қорқытып алушылық кезінде ол жәбірленушінің мүлікті немесе мүлік құқын өзінің беруіне мәжбүрлеу мақсаты қойылады. Қарақшылық кезінде мақсат қолма қол заттарды иелену болып табылады, ал қорқытып алушылық барысында жиі жәбірленушіден талап етілетін мүлік болмауы да мүмкін.
Әдебиеттер
- Алауов Е.О. Проблемы правовой борьбы с вымогательством. – Алматы: Жеті жарғы, 1997. - С.
- Кудрявцев В.Н. Общая теория квалификации преступлений. - М., 1972. - С.
- Алматы қаласының Әуезов аудандық халық сотының мұрағат материалдары,
- Ұйымдасқан қылмыспен күрес негіздері: Монография /В.С. Овчинский, В.Е. Эминов, Н.П. Яблоковтың ред.. – М.: ИНФРА-М, 1996, - 310 Б.
- Гагарин Н.С. Квалификация некоторых преступлений против социалистической и личной собственности. - Алма-Ата: Казахстан, 1973. - С.
- Михайлов Г., Тимишев И. Разграничение грабежа и вымогательства //Сов. юстиция. - 1990. - С. 21.
- Ераскин В.В. Ответственность за грабежи. - М., 1972. - С.