Еуразиялық экономикалық қауымдастық мотының дауларды шешу тәжірибесіне жалпы сипаттама

Еуразиялық экономикалық қауымдастық (ЕурАзЭҚ) ұйым ретінде өз қызметін тоқтатып, бүгінгі таңда ЕурАзЭҚ-тың нормативті-құқықтық базасы тек мұрағат ретінде қолданылса да, оның жинаған тәжірибесі мен ЕурАзЭҚ Сотының шығарған шешімдері және ЕурАзЭҚ-тың өзге органдары шығарған нормативті-құқықтық актілер жаңадан пайда болған халықаралық ұйымдардың қызметін жетілдіру мақсатында кең қолданылуда. 2015 жылдың 1 қаңтарынан ЕурАзЭҚ-тың өкілеттіктері Еуразиялық Экономикалық Одаққа өтіп, кеңейтілді. Мүше-мемлекеттер 15 жыл ішінде жинаған тәжірибені жаңа пайда болған ұйымның қызметін неғұрлым жемісті етуге қолдануы тиіс.

ЕурАзЭҚ 2000 жылы құрылған кезінен бастап посткеңестік мемлекеттер арасында экономикалық және гуманитарлы салаларда интеграцияны күшейту алаңының бастамасы болуы керек еді. Ұйымның 5 мүшесінің: Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан ішінде Қазақстан мен Ресей ең белсенді қатысушылары болды. Өзбекстан Қауымдастыққа тек 2006 жылдың қаңтарында кіріп, 2008 жылдың қазанында шығып кетті, Украина мен Молдова 2002 жылдан, Армения 2003 жылдан бері тек бақылаушы ретінде қатысқан. Бірқатар сарапшылардың айтуынша, ЕурАзЭҚ нәтижелі және тиімді ұйым болды, себебі, ЕурАзЭҚ негізінде Кеден Одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік құрылды.

ЕурАзЭҚ Соты 2000 ж. 10 қазанынан ЕурАзЭҚ-ты құру туралы Келісімшарттың 3 және 8-баптарына сәйкес құрылды [1]. Аталмыш баптарға сәйкес, ЕурАзЭҚ Сотының міндеті – ЕурАзЭҚ шеңберінде жасалған халықаралық келісімшарттардың бірыңғай қолданылуын қамтамасыз ету. Сонымен қатар, Қауымдастық органдарының шешімдерін және Қауымдастық шеңберінде қабылданған халықаралық шарттар ережелерін жүзеге асыру мәселелері бойынша ЕурАзЭҚ мүшелерінің арасында туындаған экономикалық сипатты дауларды шешу.

27.04.2003 ж. мемлекет басшыларының деңгейінде ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесінің №122 шешімімен ЕурАзЭҚ Сотының құрылымы, өкілеттігі, қағидалары мен міндеттерін айқындайтын Соттың алғашқы Статуты бекітілді. Осылайша, Соттың құқықтық мәртебесі жоғарыда айтылған халықаралық шартпен бекітіліп, ұйыдастырушылық мәселелері Сот Статутымен анықталды [2].

2004 жылдан 2012 жылға дейін ЕурАзЭҚ Сотының қызметін ТМД Экономикалық Соты орындады. 2004 жылы 3 наурызда ЕурАзЭҚ сотының қызметін ТМД-ның Экономикалық Соты жүзеге асыратыны немесе орындайтыны туралы Еуразиялық Экономикалық Қауымдастық пен ТМД арасындағы Келісімшарттың орын алуы халықаралық сот органдарының қызметінде жаңа сатыны ашты. 2004 жылғы Келісімшарт негізінде Экономикалық Сот, ЕурАзЭҚ Келісімшарттарын қолдану мәселелері бойынша туындайтын экономикалық сипаттағы мемлекетаралық дауларды шешу бойынша өкілеттіктерге ие болды.

Еуразиялық Экономикалық Қауымдастық Сотының әрекет етуші мәртебесі өз кезегінде барынша тар өкілеттілігін белгілеген. ЕурАзЭҚ Сотының өкілеттігін кеңейтудің негізгі бастамашысы болып ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық Комитеті болды. Бұған негіз ретінде, ЕурАзЭҚ шеңберінде жүзеге асырылған халықаралық келісімшарттар бойынша әрекет етуші субъектілердің құқықтары бұзылған жағдайда олардың мүддесін қорғайтын механизмнің болмағаны келтіріледі. ТМД Экономикалық Сотына келесідей бағыттарда қызметін жүзеге асыру ұсынылған: ЕурАзЭҚ шеңберінде әрекет ететін халықаралық келісімшарттардың және ЕурАзЭҚ органдарының шешімдерін жүзеге асырумен байланысты мәселелер бойынша экономикалық сипаттағы дауларды (Тараптары кәсіпкерлер болып табылатын) шешу құқығын беру; ЕурАзЭҚ Сотының заңды нақты өкілеттілігін анықтау, яғни, оның шешімдері заңды міндетті күшке ие болуы және халықаралық сот органдары, шет мемлекеттердің сот органдарының шешімдерін орындауға байланысты анықталған тәртіпте жүзеге асырылуы тиіс; ЕурАзЭҚ Сотының іс бойынша Тараптардың өкілетті органдарымен өзара әрекетінің жеңілдетілген тәртібін белгілеу. Экономикалық Сот ЕурАзЭҚтың Интеграциялық комитетінің Қауымдастық Сотының өкілеттілігін кеңейту мақсатында ЕурАзЭҚ Сотының мәртебесін белгілейтін құжаттарға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы  бастамасын қолдады.

Қауымдастық Сотына әрекет етуші субъектілердің шағымдану құқығына ие болуы материалдық құқықтық көзқарас тұрғысынан және ЕурАзЭҚ-тың мүшесі болып табылатын мемлекеттердің әрекет етуші субъект ретінде мүдделері мен құқықтарын қорғауды тиімді қамтамасыз ету уақытын үнемдеу тұрғысынан алғанда ақталғанымен, өзге қырлардан қарағанда ыңғайсыз болды.

ЕурАзЭҚ Соты өзінің жұмысына жеке сот органы ретінде 2012 жылы кірісті және ЕурАзЭҚ-тың жойылуына дейін, яғни 2015 жылдың қаңтарына дейін (2014 ж. 10 қазанынан ЕурАзЭҚ қызметін тоқтату туралы Келісімшарттың 5-бабына сәйкес, іс жүзінде 2014 жылдың 10 қазанына дейін) өз жұмысын атқарды.

ЕурАзЭҚ мүшелерінің үш тарабымен Кеден Одағы құрылғандықтан, Соттың өкілеттігін кеңейтіп, Кеден Одағы аясында пайда болған дауларды шешуге өкілеттік беру туралы шешім қабылданды [3]. Бұл мақсатпен 2007 ж. ЕурАзЭҚ-ты құру туралы Келісімге керекті өзгерістер енгізілді. Алайда, Сот Статутының кейбір ережелері қайта қарастыруды талап етті. 27.11.2009 ж. ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесінің «ЕурАзЭҚ Соты Статусын күшіне енгізу туралы» №457 шешімімен Кеден Одағы шеңберіндегі дауларды шешу органы функцияларын 2010 жылдың 1 шілдесіне дейін ЕурАзЭҚ Сотына жүктеу бекітіліп, 09.12.2010 ж. ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесінің №534 шешімімен «Кеден Одағы шеңберінде туындаған даулар бойынша шаруашылық субъектілерінің ЕурАзЭҚ Сотына жүгінуі және Сот өндірісі туралы» Келісімшарты бекітілді [4]. Тәжірибе айқын көрсеткендей, бұрынғы КСРО мемлекеттері арасында әрекет ететін интеграциялық бірлестіктердің сот органдары бірінің функцияларын бірі атқара береді. Жұмысына енді кіріскен ЕАЭО Соты ТМД шеңберіндегі өзіне дейінгі сот органдарына қарағанда тиімдірек жұмыс істейді деп үміттенеміз.

ЕурАзЭҚ Соты өзінің жұмысына жеке сот органы ретінде 2012 жылы кірісті және ЕурАзЭҚтың жойылуына дейін, яғни 2015 жылдың қаңтарына дейін (2014 ж. 10 қазанынан ЕурАзЭҚ қызметін тоқтату туралы Келісімшарттың 5-бабына сәйкес, іс жүзінде 2014 жылдың 10 қазанына дейін) өз жұмысын атқарды. Әрекет еткен уақыт ішінде дауларды шешу мәселесі бойынша ЕурАзЭҚ Соты Қауымдастық мүше-мемлекеттерінің заңды тұлғалары дау тарабы болып таылатын 10 іс қарастырды:

  • Кеден Одағы Комиссиясының 08.2010 ж. №335 шешімінің 1-тармағына қарсы болуы туралы ««Южный Кузбасс» көмір компаниясы» ашық  акционерлі  қоғамның  өтініші   бойынша №1-7/1-2012 іс;
  • Кеден Одағы Комиссиясының 10.2011 ж. №819   шешіміне   шағымдану   туралы   «ОНП» жауапкершілігі шектелген ұйымның өтініші бойынша №1-7/2-2012 іс;
  • «Тур Транс Компани» өндірістік-қыз-  мет өнеркәсібі мен Беларусь  Республикасының Мемклекеттік кеден комитетінің Аумақтық Минск кедені арасындағы дауы бойынша 27.11.2009  ж.,  07.2011  ж.  Кеден  Одағы Комиссиясының №130, 728 шешімдерінің жеке ережелерін қолдану туралы Беларусь Республикасының Жоғары шаруашылық Сотының кассациялық коллегиясының сұранысы бойынша №16/1-2013 іс;
  • «Новокраматорский машиностроительный завод» жария акционерлі қоғамның Кеден Одағы Комиссиясының 09.12.2011 ж. №904 шешіміне шағымдану туралы өтініші бойынша №1-7/22013 іс;
  • «СеверАвтоПрокат» жауапкершілігі шектелген ұйымның Кеден Одағы Комиссиясының №728 шешімімен бекітілген Кеден Одағының бірыңғай кедендік аумағына жеке категориялы тауарларды енгізу кезінде кедендік бажды төлеуден босатуды қолдану тәртібінің 4-тармағына шағымдану туралы өтініші бойынша №1-7/42013 іс;
  • «Джекпот» жауапкершілігі   шектел-  ген ұйымның Кеден Одағы Комиссиясының 15.07.2011 ж. №728 шешімімен бекітілген Кеден Одағының бірыңғай кедендік аумағына жеке категориялы тауарларды енгізу кезінде кедендік бажды төлеуден босатуды қолдану тәртібінің 4-тармағына шағымдану туралы өтініші бойынша №1-7/5-2013 іс;
  • Кеден Одағы шеңберінде қабылданған халықаралық шарттарды қолдануға  түсінік  бе-  ру туралы өтінішін ЕурАзЭҚ Сотына жіберуін қанағаттандырмау туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның әрекеттігін немесе әрекетсіздігін мойындау туралы «Вичюнай-Русь» жауапкершілігі шектелген ұйымның өтініші бойынша №2-4/6-2014 іс;
  • Graphite India Limited және HEG Limited компанияларының Еуразиялық экономикалық комиссия Коллегиясының 25.12.2012 ж. №288 шешіміне шағымдану туралы №2-4/3-2014 (17/6-2013) іс;
  • «Забайкалресурс» жауапкершілігі шектелген ұйым және «Nika» жауапкершілігі шектелген ұйымның 18.11.2011 ж. Еуразиялық экономикалық комиссияның №851 шешімінің 2-тармағына шағымдану туралы өтініші бойынша №2-4/72014 іс;

Аталған істердің әрқайсысын қарастыра отырып, туындаған даулардың негізі – Кеден Одағы Комиссиясы немесе Еуразиялық Экономикалық Комиссияның шешімдерінің халықаралық келісімшарттарға қайшылығы екендігін анықтадық. ЕурАзЭҚ мүше-мемлекеттері шаруашылық субъектілерінің өтініштерімен қозғалған істерді қарастыру арқылы ЕурАзЭҚ нормативті-құқықтық базасының кемшіліктері табылып, алынып тасталды.

ЕурАзЭҚ Соты 2012 ж. 5 қыркүйек шешімімен Кеден Одағы Комиссиясының 17.08.2010 ж. №335 шешімінің 1-тармағына қарсы болуы туралы ««Южный Кузбасс» көмір компаниясы» ашық акционерлі қоғамның өтінішімен қозғалған №1-7/1-2012 іс бойынша ««Южный Кузбасс» көмір компаниясы» ашық акционерлі қоғамның сұранысын қанағаттандырып, Кеден Одағы Комиссиясының №335 шешімінің 1-тармағын халықаралық шарттарға қайшы екендігін бекітті. Іс материалдарына сәйкес, ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық Кеңесінің (Кеден Одағының жоғарғы органы) «Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының кедендік одағының бірыңғай кедендік аумағын құру кезеңдері мен мерзімдері туралы» 2009 ж. 9 маусым шешімімен 2010 жылдың 1 шілдесінен бастап Кеден Одағы мүше-мемлекеттері аумақтарының арасында жылжитын Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясынан шыққан тауарларды кедендік рәсімдеу керектігі жойылды [5]. Ал Кеден Одағы Комиссиясының 17.08.2010 ж. №335 шешімінің 1-тармағы кедендік рәсімдеу керектігін негіздеп, Кеден Одағы аясында қабылданған халықаралық шарттарға қайшы болып табылады. 2012 жылдың қарашасында Кеден Одағы Комиссиясы ЕурАзЭҚ Сотының аталған шешіміне шағымданып, шығарылған шешімнің күшін жою өтінішімен ЕурАзЭҚ Сотының Аппеляциялық Палатасына жүгінеді. Алайда, ЕурАзЭҚ Сотының Аппеляциялық Палатасы 2012 ж. 29 қарашасында Кеден Одағы Комиссиясының өтінішін қанағаттандырмай, ««Южный Кузбасс» көмір компаниясы» ашық акционерлі қоғамының өтініші бойынша шығарылған шешімді өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылдады [6]. Сонымен қатар, бұл іс бойынша қабылданған ЕурАзЭҚ Сотының 2013 ж. 8 сәуір Қаулысына сәйкес, «pacta sunt servanda» қағидасын негізге ала отырып, Кеден Одағы аясында қабылданған келісімшарттар ережелерінің мүше-мемлекеттердің арасында міндетті екендігі негізделіп, дау негізі болып табылған Кеден Одағы Комиссиясының 17.08.2010 ж. №335 шешімінің 1-тармағы алынып тасталды [7].

ЕурАзЭҚ Соты Кеден Одағы Комиссиясының 18.10.2011 ж. №819 шешіміне  шағымдану туралы «ОНП» жауапкершілігі шектелген ұйымның  өтінішімен  қозғалған   №1-7/2-2012 іс бойынша 2012 ж. 15 қарашасынан «ОНП» жауапкершілігі шектелген ұйымның талаптарын қанағаттандырып, Кеден Одағы Комиссиясының 18.10.2011 ж. №819 шешімін халықара-  лық келісімшарттарға қайшы екендігін бекітті [8]. «ОНП» жауапкершілігі шектелген ұйымы ЕурАзЭҚ Сотына Кеден Одағы Комиссиясының «Кеден одағы сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасына сәйкес МТЛБ (многоцелевой тягач легкий бронированный), МТПЛБ (машина технической помощи легкая бронированная), ТГМ (транспортная гусеничная машина) көлік құралдарының сыныпталуы туралы» 18.10.2011 ж. №819 шешімінде жазылған көлік құралдарын сыныптау ережелері халықаралық шарттарға қайшы екендігіне шағымданды. Сот істі негізі бойынша қарастырып, Кеден Одағы Комиссиясының 18.10.2011 ж. №819 шешімін 1983 ж. «Тауарларды кодтау және анықтаудың үйлесімді жүйесі туралы» Брюссель Конвенциясының ережелеріне қайшы екендігін анықтады.

ЕурАзЭҚ Сотына шағымданған Қауымдастық мүше-мемлекеттері шаруашылық субъектілерінің қатысуымен қозғалған істердің үшеуі Кеден Одағы Комиссиясының 15.07.2011 ж. №728 шешімімен бекітілген «Кеден Одағының бірыңғай кедендік аумағына жеке сыныпты тауарларды енгізу кезінде кедендік бажды төлеуден босатуды қолдану тәртібінің» жеке ережелеріне қарсылық білдіру бойынша қарастырылды: «Тур Транс Компани» өндірістік-қызмет өнеркәсібі мен Беларусь Республикасының Мемклекеттік кеден комитетінің Аумақтық Минск кедені арасындағы дауы бойынша 27.11.2009 ж., 15.07.2011 ж. Кеден Одағы Комиссиясының №130, 728 шешімдерінің жеке ережелерін қолдану туралы Беларусь Республикасының Жоғары шаруашылық Сотының кассациялық коллегиясының сұранысы бойынша №1-6/1-2013 іс [9]; «СеверАвтоПрокат» жауапкершілігі шектелген ұйымның Кеден Одағы Комиссиясының №728 шешімімен бекітілген Кеден Одағының бірыңғай кедендік аумағына жеке сыныпты тауарларды енгізу кезінде кедендік бажды төлеуден босатуды қолдану тәртібінің 4-тармағына шағымдану туралы өтініші бойынша №1-7/4-2013 іс [10]; «Джекпот» жауапкершілігі шектелген ұйымның Кеден Одағы Комиссиясының 15.07.2011 ж. №728 шешімімен бекітілген Кеден Одағының бірыңғай кедендік аумағына жеке сыныпты тауарларды енгізу кезінде кедендік бажды төлеуден босатуды қолдану тәртібінің 4-тармағына шағымдану туралы өтініші бойынша №1-7/5-2013 іс [11]. Аталған істер бойынша өтініш берген шаруашылық субъектілерінің талаптары қанағаттандырылмай, Кеден Одағы Комиссиясының №728 шешімімен бекітілген Кеден Одағының бірыңғай кедендік аумағына жеке сыныпты тауарларды енгізу кезінде кедендік бажды төлеуден босатуды қолдану тәртібі ережелерінің халықаралық шарттарға қайшы келмейтіндігі бекітілді.

Қазіргі кезде халықаралық ұйым ретінде өз қызметін тоқтатқан ЕурАзЭҚ-тың барлық өкілеттіктері – 2015 жылдың қаңтар айынан бастап Еуразиялық Экономикалық Одаққа өтті, ал ЕурАзЭҚ сотының қызметін Еуразиялық Экономикалық Одақ Соты атқаратын болды. Еуразиялық Экономикалық Одақ Сотының қызметін реттейтін құжаттардың басым көпшілігі ЕурАзЭҚ Сотының нормативті-құқықтық актілерінің ережелерін қайталайды, олар: ЕАЭО туралы Келісімшарт, ЕАЭО Сотының Статуты, ЕАЭО Сотының Регламенті, Еуразиялық Экономикалық Комиссия туралы Ереже. Еуразиялық Экономикалық Одақ Соты Статутына сәйкес, ЕАЭО Соты мүше мемлекеттердің және шаруашылық субъектілерінің өтініштері бойынша ЕАЭО туралы келісімшартты, Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарды, Одақтың үшінші тараппен халықаралық шарттарын және Одақ органдарының шешімдерін жүзеге асыру мәселелері бойынша дауларды қарастырады. Бұл жерде, шаруашылық субъектісі – мүше-мемлекет немесе үшінші мемлекет заңнамасына сәйкес тіркелген заңды тұлға немесе мүше-мемлекет немесе үшінші мемлекет заңнамасына сәйкес жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлға.

Осылайша, шаруашылық субъектілері шаруашылық субъектісінің кәсіпкерлік және өзге экономикалық қызметінің шеңберінде оның құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын және шаруашылық субъектісінің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына алып келген Еуразиялық Экономикалық Комиссия шешімдері мен олардың жеке ережелерінің ЕАЭО туралы Келісімшартқа, Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарға сәйкестігі туралы өтініштер беруге құқылы. Сонымен қатар, шаруашылық субъектілері шаруашылық субъектісіне кәсіпкерлік және өзге экономикалық қызметінің шеңберінде ЕАЭО туралы Келісімшарт, Одақ  шеңберіндегі халықаралық шарттармен шаруашылық субъектілеріне берілген құқықтар мен заңи мүдделердің бұзылуына алып келген Еуразиялық экономикалық Комиссияның қызметіне шағымдану туралы өтініштер беруге құқылы.

Бұл жердегі ЕАЭО Сотының дауларды шешу механизмінің кемшіліктерінің ішінде ЕАЭО Сотының қарастыруға өкілетті даулар шеңберіне залалды өтеу және өзге мүліктік сипатты дауларды қарастыруға өкілеттігі жоқ екендігі кіреді. Сонымен қатар, өтініш берушінің Еуразиялық Экономикалық Комиссиямен сотқа дейінгі дауды реттеудің алдынт ала процедурасын сақтамаған жағдайда, ЕАЭО Соты істі қарастырудан бас тартады.

2015 жылдың қаңтар айынан бастап ЕАЭО Соты өз қызметіне кірісті, алайда 2015 жылдың наурыз айнының көрсеткішіне сәйкес, Сот әлі де істер қарастырып, шешім шығарған жоқ.

Қорытынды

 Еуразиялық Экономикалық Одақ – Еуропалық интеграцияның даму моделі бойынша, аймақтық интеграцияның дамуының, тереңдетілуінің ең көрнекті мысалы болып табылады. Еуразиялық Экономикалық Одақ Соты – ЕурАзЭҚ Соты, ТМД Экономикалық Соты және өзге де халықаралық сот органдарының тәжірибесін пайдаланып, әр Сот органының артықшылықтары мен кемшіліктерін ескере отырып, нормативті-құқықтық базаны заманға сай ыңғайластыру арқылы өзінің қызметін жетілдіре алатынына күмәніміз жоқ.

ЕурАзЭҚ Сотының дауларды шешу тәжірибесі халықаралық келісімшарттарға қайшы ЕурАзЭҚ нормативті-құқықтық актілеріндегі кемшіліктерінің табылып, құқықтық базасының жетілдірілуіне үлкен септігін тигізді.

 

Әдебиеттер

 

  1. 2000 ж. 10 қазанынан ЕурАзЭҚ-ты құру туралы Келісімшарт // ЕурАзЭҚ Сотының ресми сайты, <http://sudevrazes. org/main.aspxqueguideq19391.html>, 13.02.2015.
  2. 2010 ж. 5 шілдесінен ЕурАзЭҚ Сотының Статуты // ЕурАзЭҚ Сотының ресми сайты, URL: <http://sudevrazes.org/aspxqueguideq19121.html>, 13.03.2015.
  3. Чекалов Д. «Порядок разрешения споров в Евразийском Экономическом Союзе» // URL: <http://pravo.zakon. kz/4689289-porjadok-razreshenija-sporov-v.html>,13.02.2015.
  4. 11.2009 ж. ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық Кеңесінің №457 шешімі // ЕурАзЭҚ Сотының ресми сайты, URL: <http:// sudevrazes.org/main.aspxqueguideq19131.html>, 13.02.2015.
  5. 2012 ж. 5 қыркүйектен ЕурАзЭҚ Сотының «Кеден Одағы Комиссиясының 17.08.2010 ж. №335 шешімінің 1-тармағына қарсы болуы туралы ««Южный Кузбасс» көмір компаниясы» ашық акционерлі қоғамның өтінішімен қозғалған№1-7/1-2012 іс бойынша» шешімі // ЕурАзЭҚ Сотының ресми сайты, URL: <http://sudevrazes.org/main.aspxqueguideq21441. html>, 11.02.2015.
  6. 2012 ж. 29 қарашадан ЕурАзЭҚ Сотының Аппеляциялық Палатасының Кеден Одағы Комиссиясының өтініші бойынша шешімі // ЕурАзЭҚ Сотының ресми сайты, URL: <http://sudevrazes.org/main.aspxqueguideq20811.html>, 02.2015.
  7. 2013 ж. 8 сәуірден ЕурАзЭҚ Сотының Қаулысы // ЕурАзЭҚ Сотының ресми сайты, URL: <http://sudevrazes.org/aspxqueguideq19161.html>, 11.02.2015.
  8. 2012 ж. 15 қарашасынан ЕурАзЭҚ Сотының Кеден Одағы Комиссиясының 10.2011 ж. №819 шешіміне шағымдану туралы «ОНП» жауапкершілігі шектелген ұйымның өтінішімен қозғалған №1-7/2-2012 іс бойынша шешімі // ЕурАзЭҚ Сотының ресми сайты, URL: <http://sudevrazes.org/main.aspxqueguideq20801.html>, 11.02.2015.
  9. 2013 ж. ЕурАзЭҚ Сотының «Тур Транс Компани» өндірістік-қызмет өнеркәсібі мен Беларусь Республикасының Мемклекеттік кеден комитетінің Аумақтық Минск кедені арасындағы дауы бойынша 27.11.2009 ж., 15.07.2011 ж. Кеден Одағы Комиссиясының №130, 728 шешімдерінің жеке ережелерін қолдану туралы Беларусь Республикасының Жоғары шаруашылық Сотының кассациялық коллегиясының сұранысымен қозғалған №1-6/1-2013 іс бойынша шешімі // ЕурАзЭҚ Сотының ресми сайты, URL: <http://sudevrazes.org/main.aspxqueguideq21411.html>,02.2015.
  10. 2013 ж. 1 қарашасынан ЕурАзЭҚ Сотының «СеверАвтоПрокат» жауапкершілігі шектелген ұйымның Кеден Одағы Комиссиясының №728 шешімімен бекітілген Кеден Одағының бірыңғай кедендік аумағына жеке категориялы тауарларды енгізу кезінде кедендік бажды төлеуден босатуды қолдану тәртібінің 4-тармағына шағымдану туралы өтінішімен қозғалған№1-7/4-2013 іс бойынша шешімі // ЕурАзЭҚ Сотының ресми сайты, URL: <http://sudevrazes.org/main.aspxqueguideq21151. html>, 11.02.2015.
  11. 2013 ж. 31 қазанынан ЕурАзЭҚ Сотының «Джекпот» жауапкершілігі шектелген ұйымның Кеден Одағы Комиссиясының 15.07.2011 ж. №728 шешімімен бекітілген Кеден Одағының бірыңғай кедендік аумағына жеке категориялы тауарларды енгізу кезінде кедендік бажды төлеуден босатуды қолдану тәртібінің 4-тармағына шағымдану туралы өтінішімен қозғалған №1-7/5-2013 іс бойынша шешімі // ЕурАзЭҚ Сотының ресми сайты, URL: <http://sudevrazes.org/main.aspxqueguideq21161.html>, 11.02.2015.
Жыл: 2015
Қала: Алматы