Алдыңғы жүзжылдықтың екінші жартысында экологияда мемлекеттік-басқарушылық бағыт көптеген елдерде нығайды. Егер 70-жылдардың басында қоғам мен табиғаттың сан түрлі аспектілерін реттейтін мемлекеттік органдар тек шамамен он мемлекетте болса, 70-жылдардың ортасында олардың саны алпысқа дейін жетті, 80-жылдардың басына таман жүзден аса болды. Қатарласып экологиялық нышандағы бейүкіметтік ұйымдар мен мекемелердің саны өсті, 80-жылдардың басында əлемде сондай ұйымдардың бірнеше мыңы пайда болды. Осы саланы құқықтық реттеу белсенді дамыды: өндірістік жағынан дамыған мемлекеттер экологиялық заңнаманың дамыған түріне, кейбір мемлекеттерде 100-300-ге жуық жоғары күшке байланысты табиғат қорғау актілеріне, яғни заңдарға, қаулыларға ие.
Францияда экологиялық саясаттың дамуы экологиялық мəселелер мойындарлық жəне талқылануы тиіс деп қалыптасқан көзқарастың, халықаралық ойдың ажырамас бөлігі болып отыр.
Франциядағы экологиялық саясаттың эволюциясы
Франция басқа да көптеген өндірістік мемлекеттер сияқты, соңғы 40 жыл бойы мақсатталған қоршаған ортаны қорғау саясатын жүргізуде. Сонымен бірге Франция 1971 жылы 27 қаңтарда қоршаған орта мəселелері бойынша Министрлікті құрған алғашқы мемлекеттердің бірі екендігін атап өткен жөн. Министрліктің қызметі ол кездері қоршаған ортаны қорғау бойынша заңнаманы қалыптастыруға жəне басқа министрліктердің осы саладағы күшжігерлерін үйлестіруге бағытталған еді. 1960 жылдардың өзінде-ақ ұлттық саябақтар туралы заң қабылданған, ал 1964 жылы су ресурстарын қорғау жөніндегі заң қабылданды. Осы заң өзінің уақыты үшін озық болды, себебі сол кездің өзінде-ақ қаржылық ынталандыру тетіктері –«ластаушы-төлейді» деген қағиданы бекіткен.
1971 жылы табиғатты қорғауға деген қоғамдық пікірдің сезімталдығы, зиялы орталарда қоршаған орта тұжырымдамасының тұрақталуы, үкіметті табиғатты жəне қоршаған ортаны қорғау Министрлігін құруға итермеледі.
1970-1990 жылдар аралығында қоршаған ортаны қорғау саласындағы саясаты негізінен қажетті нормативтік актілер құру жəне қалдықтарды жинақтау жəне жою бойынша арнайы мекемелерді құру (1976), ауа сапасын бақылау (1981) жəне энергияны рационалды пайдалану бойынша (1982) мекемелерді құруға бағытталған еді. Бұл кезеңді осы саладағы қалыптасу кезеңі десек болады.
Кейіннен 1990 жылдары бұл органдар қоршаған ортаны қорғау жəне энергоресурстарды пайдалану жөніндегі агенттікке (ADEME) біріктірілді. Жүргізіліп жатқан саясат 1990 жылы Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі ұлттық жоспардың қабылдануына алып келді, ал ол өз кезегінде 1991 жылы қоршаған ортаны қорғау бойынша 26 аймақтық дирекцияларды (DIREN) құру арқылы қоршаған ортаны қорғауға жауапты еді [1, р. 70].
90-жылдары əкімшілікті нығайту арқылы экологиялық саясатының институционализациялау үдерісінің аяқталуымен сипатталды.
1998-2001 жылдар аралығындағы кезең мемлекеттік саясатта қоршаған ортаны қорғау рөлінің біршама өскендігімен сипатталады. Бұл жеке құқықтық құралдардың (келісу рəсімдерінің дамуы) жаңаруымен, қоршаған ортаны қорғауды басқару органдарын модернизациялау жəне нығайтумен, 1999 жылы территорияларды жайғау жəне ұзақ мерзімді дамыту саласындағы бағыттар туралы заңның жəне 2000 жылы қоршаған ортаны қорғау жөніндегі кодекстің қабылдануымен, заңнамалық тетіктердің нығаюымен көрінісін тауып отыр. Бұл кезеңді нығаю кезеңі деп сипаттасақ болады.
2002 жылдан бастап Табиғатты жəне қоршаған ортаны қорғау Министрлігі, Экология жəне ұзақ мерзімді жоспарлау Министрлігі болып өзгерді. 2002 жылғы Қаулыға сəйкес Экология жəне ұзақ мерзімді жоспарлау Министрлігі қоршаған ортаны қорғау шеңберінде келесідей шараларға жауапты деп бекітілген:
- табиғатты, ланшафттарды, жер учаскілерін қорғау;
- биоəртүрлілікті қорғау;
- жағалаулар мен тауларды қорғау;
- тұщы суларда балық аулау мен аңшылықты қадағалау;
- қоршаған ортаға, қоршаған ортаны қорғауға, суды қорғау мен басқаруға қауіпті кəсіпорындардың карьерлері мен қызметтерін қадағалау [2].
Бұл орган ауа сапасын қорғауға бағытталған, соныменқатарпарниктікэффектіжəнеклиматтың жылынуымен күрес бойынша əрекеттерді жүзеге асыруға, технологиялық немесе табиғи сипаттағы негізгі қауіп-қатерлердің алдын алу бойынша əрекеттерді үйлестіруге құзіретті. Экология жəне ұзақ мерзімді жоспарлау Министрлігі Өндіріс Министрлігімен бірлесе отырып, ядролық қауіпсіздік саясатын анықтайды, радиоактивті жəне ыдырайтын материалдарды тасымалдауды жүзеге асырады, энергияны рационалды пайдалану жəне қайта қалпына келетін энергоресурстарды дамыту саясатын құруға, экологиялық қатерлердің алдын алу жəне азайту мəселесінде көліктер мен ірі инфрақұрылымдардың урбанистік саясатын анықтауға жəне жүзеге асыруға қатысады. Сонымен қатар бұл Министрлік, қоршаған ортамен байланысты болса, ауылшаруашылық жəне орман территорияларының саясатын, денсаулық сақтау саясатын анықтауға да қатысады. Министрлік қалдықтарды өндіруді қысқарту жəне қайта өңдеуді жақсарту мəселелеріне де жауапты, қоршаған орта бойынша салалық қызметтердің дамуына бағытталған шараларды ұсынады, қоршаған ортаны қорғау мəселелері бойынша жүзеге асырылып жатқан зерттеулер саласындағы саясатты анықтауға да қатысады.
Валерий Лакруа жəне Эдвин Закайдың (Valérie Lacroix, Edwin Zaccaï) айтуынша, ұзақ мерзімді дамуды қамтамасыз ету үшін бұл мемлекеттік орган қоршаған ортамен байланысты өзгерістерді, экологиялық саясатты құру мен жүзеге асыру бойынша ұзақ мерзімді дамудың мақсаттары мен міндеттерінің интеграциясын, соның ішінде табиғи ресурстарды басқару саласында салалық интеграцияны бақылап отырады, қоршаған ортаға зиянды əсері бар жобаларға қатысты шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысуына бағытталған саясаттың дамуына ықпал етеді, өмір сапасын жақсартатын шаралар, қоршаған ортаны қорғау бойынша тəрбиелік мəні бар жəне экология саласындағы білім беру бойынша шараларды əрдайым ұсынып отырады [3, р. 219].
Экологиялық мəселелерді шешуде қоршаған ортаны қорғау ассоциациялары үлкен рөл атқарады, олардың мақсаты қоршаған орта саласындағы қандай да бір мəселе азаматтардың ақпараттануын немесе қоғамдық сараптама жүргізуді талап ете ме жоқ па, соны қадағалап отырады. Францияда бұндай ассоциациялардың саны жылдан-жылға өсуде, қазіргі таңда олардың саны он бес мыңнан асады [2].
Көзқарастардың өзгеруін, институттар мен құралдардың қалыптасуын қарастырумен қатар, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді сараптау үшін қоршаған ортаның ластану жағдайын қарастыру орынды болып отыр.
Техникалық жетістіктердің қоршаған ортаға кері əсерін, ауа кеңістігінің ластануымен күрес мысалында көрсетіп өтейік.
Бұл салада əр кезеңде əртүрлі тастандыларымен күрес орын алды:
- 1960 жылдар 1970 жылдардың басында негізінен шаң жəне қара түтінмен күрес шаралары жүргізілді;
- 1970-1980 жылдары күкірт қышқылы газдарының тастандыларымен күрес орын алды;
- 1980-1990 жылдары азот қышқылы тастандыларымен күрес;
- 1990-2000 жылдары қатты бөлшектер мен озон қабатының жұқаруымен күрес;
- 2000 жылдан – бүгінгі таңда негізінен көмір қышқылы газының тастандыларымен күрес қарқынды жүруде [3, р. 210-211].
Франция 1997 жылдан бастап ауа кеңістігінің ластануымен күресті өзінің экологиялық саясатының басым мақсаттарының бірі ретінде қойды. Атмосфераға ластаушы тастандыларды тұрақты түрде төмендетуді мақсат еткен əрекеттерді құруға тырысты. Өндіріс жəне энергетика секторларында түтінді газдарды күкірттен тазарту құрылғыларын орнату жəне соңғы кездері құрамында аз көлемде күкірті бар құрылғыларды пайдалану SO2 тастандыларының көлемін азайтты. Қазіргі заманға сай бір уақытта бақылау жəне азаматтарды ақпараттандыруға қатысты, ауа сапасын қадағалайтын жəне ластайтын көздерден тастандыларды қысқартатын нормаларға қатысты интеграцияланған заңнамалық механизм құрылған болатын.
1980 жылдары энергетикалық бағдарламаларының дамуы SO2 тастандыларының көлемін азайтты, десек те СO2 тастандыларының тұрақтануына септігін тигізді. Экономикалық жағдайлар өндірістің қайта құрылымдануына, жаңа энергетикалық құрылғыларды орнатуына алып келіп, яғни технологияларды дамыту арқылы SO2 тастандыларын қысқартуға талпыныс нəтижелерін берді. Айта кетерлік бір жайт, осы кезеңдері көліктерден шығатын газдардың тастандыларына аса көңіл аудармағандықтан 1960 жəне 2005 жылдар аралығында NOх тастандыларының 2,5 есе өсуіне, ал СO2 тастандыларының 5 есе өсуіне алып келді. Бұған
жауап ретінде көліктердің атмосфераға зиянды заттардың тасталуын төмендететін каталиттік тұрақтандырушы орнатуы, NOх тастандыларын 90 %-ға азайтты. Сонымен бірге Франция қазіргі таңда көліктерге қатысты тастандылардың жартысын қысқартатын «Авто-Ойл» еуропалық стандарттарын пайдалануда. Яғни дəстүрлі технологиялар «жасыл технологияларға» өте бастады, бұл жолды таңдау арқылы қоршаған ортаға антропогендік əсер төмендетілді, сондайақ əлеуметтік жəне экономикалық дамудың жаңа сапалық деңгейіне шығуына өз септігін тигізді.
Франция 2000 жылы климаттың өзгеруімен күрес бойынша Ұлттық Бағдарламаны қабылдаған, қауіпсіз əлауқаттылықты қамтамасыз ету үшін жасыл экономикаға көшкен алғашқы мемлекеттердің бірі болды. Бұл бағдарлама 2010 жылға дейін парниктік эффектісі бар газдардың тастандыларының деңгейін 1990 жылдың деңгейіне дейін төментуге бағытталған жүздеген шараларды қарастырған еді. Көптеген жылдар бойы бұл мемлекет өзінің территориясында техногендік қауіптердің, сонымен қатар алыс шақырымда трансшекаралық эффектіге алып келетін аймақтардағы қауіптердің алдын алу жəне реттеу саясатын жүргізіп келеді.
2003 жылдың маусымында Франция барлық секторларда (өндіріс, көлік, құрылыс, ауылшаруашылық) тастандылар көлемін азайту бағдарламасын қабылдады. Бұл бағдарлама көптеген: техникалық (отын, қозғалтқыштар технологиясын, газбен жүретін көліктер, электромобильдер, өндірісте тастандыларды азайту), ұйымдастырушылық (қалаларда көліктердің қозғалу сызбасын, қалалық құрылымдар), салықтық салаларды қамтиды. 1990 жыл мен 2008 жылдар аралығында парниктік газдардың тастандыларын шамамен 6%-ға қысқарта отырып, Франция Киото хаттамасы бойынша алған міндеттерін орындауда. Француз үкіметінің пайымдауынша сол 2008 жылдан бері жүзеге асырылып жатқан шаралар парниктік газдардың көлемін 2020 жылы 1990 жылмен салыстырғанда 22,8 %-ға қысқартуға алып келеді, сонымен қатар олардың тастандыларды 2050 жылы 75%ға қысқарту секілді амбициялық мақсаттары бар. Еуропалық Одақта төрағалық кезеңі шеңберінде (2008 шілде – желтоқсан аралығында) француз үкіметі энергияның қайта қалпына келу көздерін пайдалану мəселесінде барлық күштерін жұмылдырды. Қазірдің өзінде Еуропалық Одақтағы балама энергетика ішкі жалпы өнімді құруда 58 млрд еуроны құрап отыр, бұл салада 1,4 млн адам қызмет етеді. Еуропалық Комиссияны бағамдауынша, егер 2020 жылға дейін энергия пайдалануда 20% қайта қалпына келетін энергия көздері арқылы қамтамасыз ету деп жарияланған мақсатқа қол жекізетін болса, онда бұл сала 2,8 млн жұмыс орнымен қамтамасыз етіліп, Еуропалық Одақтың Жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) шамамен 1,1%-ын құрайды. Балама энергетика тек Еуропалық Одақта ғана емес, басқа елдерде де қарқынмен дамуда. Қазіргі таңда 73 мемлекет индикативті мақсатқа ие, ал 64 мемлекетте қайта қалпына келетін энергияны ынталандыру бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Жалпы алғанда, əлемде қайта қалпына келетін энергия көздерін инвестициялау 120 млрд долларды құрап отыр, алайда Еуропалық Комиссия 2001 жыл мен 2003 жылдар аралығында қайта қалпына келетін энергия көздерін дамытуға бағытталған шаралар толығымен орындалмағанын мойындады. 2010 жылы қайта қалпына келетін көздерден энергия өндіру 19%-ды (норматив 21% еді), биоотын өндіру 4%-ды құрады (норматив 5,75% еді).
Жергілікті мəселелерді айта отырып, интенсивті түрде ауылшаруашылығын жүргізу аймақтарында жер асты суларының ластану мəселесін атап өткен жөн. Ауылшаруашылығы өндірісінің нəтижесінде болатын ластанумен күресте үкімет əртүрлі – регламенттік, экономикалық немесе еріктілік қағидаларына негізделген құралдарды пайдалану арқылы құрамдастырылған əдістерге сүйенеді [4].
Сулардың тұрмыстық қалдықтармен ластануына келер болсақ, Франция үнемі ағын суларды тазарту бойынша құрылғылар мен коллекторларды салу жəне модернизациялауды жүзеге асырып отырады. Ауылшаруашылығы болсын, өндірістен болсын немесе теңіздегі апаттардан болсын теңіз суларының ластануы орын алғандықтан, бұл салада да атап өтерлік шаралар атқарылуда. Су саясатында «ластаушы-төлейді» қағидасы толығымен жүзеге асырылады. Өндіріс пен ауылшаруашылығында суды пайдалануға бағаны өсіру көзделуде, олар əдеттегі жəне іргелі шығындарды жабуға жұмсалады. Сонымен қатар халықты таза ауыз суымен қамтамасыз ету мəселесі – Францияның жəне Еуропалық Одақтың экология саласындағы саясатының басым мақсаты. Тұтынушыларға ұсынылатын су сапасы көбінде өзен суларының немесе жер асты суларының сапасына байланысты, оларды пестицидтер мен нитраттардан тазарту мəселесі Ауылшаруашылығы, экология жəне орнықты даму министрлігімен қадағаланып отырады. Жыл сайын 5500 км-ге созылған француз жағалаулары миллиондаған туристерді тартады. Сондықтан шомылу суларының мониторингін жиі жүргізіп тұрады. Жыл бойына теңіз суынан судың сапасының еуропалық стандарттарға сай екендігін қадағалап тұру үшін 2000-нан астам су нұсқасы алынып зерттеледі, соңында жазғы кезеңге судың сапасы қандай екендігі жайлы қорытындылар беріледі.
Францияның қалдықтарға қатысты экологиялық саясатын айтар болсақ, Францияның үлесіне жылына 2008 жылғы мəліметтерге сай 31 млн тонна тұрмыстық қалдықтар тиесілі, яғни адам басына шаққанда жылына шамамен 354 килограмм қалдық шығарылады [5].
Тəулігіне орта есеппен отыз мың тонна тұрмыстық қалдық Франция территориясында орналасқан жүзден аса зауытта қалдықтарды өртеу құрылғыларында өртеледі, ал бұдан жылу түріндегі энергия алынады.
Негізгі мақсат қалдықтарды жалпы шығару көлемін азайту жəне бар қалдықтарды кəдеге жарату болып тұр. Францияда үй шаруашылығында қалдықтарды іріктеу басым міндеттердің бірі болды. Бұл мемлекетте пластмассаны жəне шыныны қайта өңдеу саласында бірталай жетістіктерге жеткен. Қайта өңделген шыны көлемі соңғы он бес жылда екі есе өсіп, қазіргі таңда 61%-ды құрап отыр. 1993 жылдың 1 қаңтарынан бастап өндірістік кəсіпорындардың иелері олар нарыққа шығаратын қораптық материалдардың жоюын немесе қаржыландыруларын қамтамасыз етулері керек. Францияда қораптық материалдардың 75%-ын қайта өңдеу міндеті қойылған. 2002 жылдан бастап тек қайта өңдеуге келмейтін соңғы қалдықтар ғана қоймалануға рұқсат етіледі.
Сонымен қатар тағы бір ластанудың түрі – топырақтың ластануымен де күрес əрдайым жүзеге асырылуда. Топырақтың микроэлементтермен немесе пестицидтермен, сутегіқышқылы немесе радиоактивті өнімдермен ластануы мүмкін, ал топырақ құрамында зиянды заттардың болуы өсімдіктерді өсуіне жəне өсімдіктердің бойында улы заттардың жинақтауына алып келеді. Химиялық заттар, сонымен бірге топырақ құрамын өзгертіп, коррозияға алып келуі ықтимал.
Негізгі өндірістік аймақтар, соның ішінде Нор-Па-де-Кале, Иль-де-Франс жəне РонаАльпа аймақтарында өндірістік ластану қаупі бар, сондықтан қауіптердің алдын алу бойынша нақты əдістерді құруға итермеледі.
Топырақтың ластануы жəне өндіріс орындарына жақын жерлердің ластануына қатысты француздық саясат: профилактикаға, сауықтыруға жəне зерттеуге негізделген.
Францияның экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саясатының тағы бір маңызды кезеңі – ашылулар кезеңі, бұл кезең 2007 жылдан бастап қоршаған орта жəне орнықты даму бойынша, соның ішінде биоəртүрлілікті қалпына келтіру, экологиялық біртұтастықтың аймақтық тенденцияларын дамытуға, парниктік газдардың тастандыларын қысқарту жəне энерготиімділікті жоғарылату үшін ұйымдастырылып жатқан «Grenelle қоршаған орта» саяси кездесулері болып табылады.
2007 жылы 21 мамырда бұл «Grenelle қоршаған орта» идеясын Франция Президенті Николя Саркози ұсынған болатын. Үдерісті 2007 жылы 6 шілдеде Жаңа экология, орнықты даму жəне территориялық жоспарлау Министрі ЖанЛуи Борлоо бастады. Бірнеше жылдарға созылған бұл келіссөздер үдерісі ақырында бірнеше заң жобаларында көрінісін табады, біріншіден, жаңа орнықты даму саясатының негізгі қағидаларын анықтайтын «Grenelle І» заңы 2009 жылы
21 қазанда Ұлттық жиналыспен бір ауыздан қабылданды жəне көбінесе нақты шараларға, оларды қаржыландыруға бағытталған «Grenelle ІІ» заңы болып отыр, екінші заң 2010 жылы Ұлттық жиналыста талқылануы қажет еді.
Кездесулер 5 деңгейдің қатысуымен жүзеге асырылады: мемлекет, жергілікті билік органдары, жұмыс берушілер, кəсіподақтар жəне экологиялық бірлестіктер. «Grenelle қоршаған орта» үдерісі диалог сипатта болып, соңында шешімді бəрібір мемлекеттің өзі қабылдайды. Мықты əкімшілік құрылым, мүдделі тараптардың шешім қабылдау үдерісіне қатысуы жəне мемлекеттік араласудың əртүрлі құралдарын біріктіру – француз экологиялық саясатында интеграцияланған тежеуіш болып отыр [6, р. 317].
Бұл бағдарламаның алдында тұрған маңызды міндеттер: қоршаған орта мен экономиканы интеграциялау; нарықтық тетіктерді оңтайландыру; негізгі тұтынушыларды хабардар ету.
«Grenelle» шешетін тағы бір маңызды қадамдардың бірі – басты секторлар бойынша, атап айтсақ энергия, көлік жəне ауылшаруашылығы секторларында шешім қабылдау. Бірқатар ескертулерге қарамастан, қоршаған ортаны қорғау саласындағы ассоциациялар «Grenelle І» заңымен қарастырылған осы секторлардың қоршаған ортаға зиянды əсерін азайту бойынша шараларын қолдайды.
Қорытынды
Осы сараптама аясында Франция не десек те, нəтижелері экономикамен байланысты жеке өзіндік нақышы бар саясатты жүргізіп жатқан еуропалық жəне ғаламдық өзгерістердің ажырамас бөлігі екендігі айқындалады. Еуропалық бірегейлікті құру үдерісі барысында экологиялық құрамдас бөлікті дамытуда Францияның да қосар үлесі зор екендігін көруге болады. 1971 жылы қоршаған орта бойынша Министрліктің құрылуы қоршаған ортаның жалпы институционалдық жүйелерге интеграциялануына мүмкіндік берді, ал қоршаған ортаны орғау жөніндегі Ұлттық жоспар «ауқымдардың өзгергендігін» жариялады. Институционалды импульс əрбір кезеңде мəселені жан-жақты қарастырып, секторалдық жетістіктерге жетуге түрткі болды. Мысалы, көмірқышқыл газдардың тастандыларына салық салу идеясы 1990 жылы қабылданбай қойған еді, ал бүгінгі таңда бұл идея, климат-энергия салығы ретінде өзекті болып отыр. Сондықтан Франция бұл мəселені горизонтальды жəне вертикальды саяси жауапты талап ететін мəселе ретінде кезең-кезеңімен қарап, ақырындап дамытуда.
Аталып кеткен «Grenelle» қоршаған орта бағдарламасы болашақта «экологиялық революция» болуға тырысады. Француз зерттеушілерінің пікірінше, егер институционалдық жағынан шын мəнісінде жетістіктерге жетсе, ендігі таңда осы «Grenelle» бағдарламасы біршама артқа шегерілген мəселелерді алға қойып, айтылған сөз бен фактілер арасында келісулерді орнатуы қажет. Нəтижесінде Grenelle бағдарламасының жақын арадағы бес-он жылда өзінің нəтижелерін беретін аймақтық үдерісіне айналатынына сеніммен қарап отыр.
Əдебиеттер
- Chabason Vingt ans de politique française de l’environnement // Environnement et gestion de la planète. Cahiers Français.
- – Paris, 1993. – №250. – P. 69-76.
- Lascoumes (Pierre), Séminaire « Pôle Action Publique » du CEVIPOF// Séance sur l’étude du changement. – Paris, 2008. – 2. 3 Lacroix V., Zacaï E. Quarante ans de politique environnementale en France: évalutions, avancées, constantes // Revue française
- d’administration publique. – Paris, 2010. – №134. – P. 205-232.
- Institut française de l’environnement (IFEN). L’environnement en – 2006. – P. 193.
- Production des déchets en France en 2008. Agence de l’Environnement et de la Maîtrise de l’Energie // http://www2.ademe.fr
- Boy Daniel « Le Grenelle de l’environnement : une novation politique ?» // Revue française d’administration publique. – Paris, 2010. – №134. – 313-324.
- «Discours du Président de la République à l’issue des premières conclusions du Grenelle», 25 octobre 2007. // http://www. legrenelle-environnement.fr/grenelle-environnement/spip.php ?article552