Кіріспе
Қазіргі кезде мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастардың тиімді тетіктерінің бірі болып табылатын ынтымақтастық халықаралық қатынастарда іргелі рөл ойнауын жалғастыруда. Əлемдегі өзара тəуелділіктің күшеюі, жаһандық проблемалардың пайда болуы мен шиеленісуі əлемдік сахнадағы ынтымақтастықты кеңейтудің жəне жеделдетудің объективті қажеттілігін арттырды.
2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғаларынан кейін халықаралық лаңкестікке қарсы бастаған АҚШтың күресі Орталық Азия мемлекеттерінің, оның ішінде Қазақстанның стратегиялық рөлін арттырды жəне қазақстандық-америкалық екі жақты қарым-қатынастарды жаңа деңгейге көтерді. Өзінің сыртқы саяси стратегиясын дəйекті əрі прагматикалық тұрғыдан жүзеге асырып жатқан Қазақстанның аймақтағы неғұрлым серпінді даму үстіндегі мемлекет ретіндегі мəртебені иеленуі екі жақ диалогының нығаюына жəне ынтымақтастық тетіктерінің дамуына мүмкіндік берді.
Қазақстанның АҚШ-пен ұзақ мерзімді қарым-қатынастарды дамыту қажеттігі оның сыртқы саясатының ең басты басымдықтарының біріне жатады. Өйткені АҚШ-тың əлемдік экономикадағы жəне саясаттағы көшбасшылығын, əскери күш-қуаты мен Орталық Азия аймағындағы геосаяси үдерістерге белсенді қатысуын ескерсек, біздің мемлекетіміз үшін Америка Құрама Штаттарымен ықпалдастықты дамыту стратегиялық жағынан маңызды болып табылады.
Қазақстан Республикасының қарқынды дамуына, еліміздің əлемдегі бəсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына кіру жөніндегі стратегиялық міндетін шешуі үшін АҚШ-пен ынтымақтастықты əрі қарай дамыту қажет [1].
Бұл тұрғыдан Қазақстанның мемлекеттік қайраткерлері АҚШ-пен тұрақты жақсы қарымқатынастар болмаса, Қазақстанның халықаралық қауымдастық істеріне толық құқықты қатысуын қамтамасыз ету мүмкін емес, себебі қазіргі заманғы əлемдік тəртіпті Американың анықтайтындығына назар аударады [2].
АҚШ-тың ресми тұлғалары Қазақстанның мемлекеттік құрылыс саласындағы жетістіктерін жоғары бағалай отырып, біздің республикамыздың аймақта, халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде жəне экономикалық дамуда көшбасшы екендігін атап өтеді [3].
АҚШ-тың Қазақстанмен одан əрі сенімді жəне берік əріптестікті дамытуға ниетті екендігін АҚШ-тың Президенті Б. Обаманың да біздің мемлекетіміз туралы айтқан: «Қазақстан Құрама Штаттардың досы болып табылады жəне мен Қазақстанмен қарым-қатынасты одан əрі жақсарта түсуге күш саламын», – деген сөзі куə бола алады [4].
Сонымен, қазіргі таңда Қазақстан – АҚШ қарым-қатынастары əлемдік саясаттың түйінді мəселелері бойынша ұстанған бағыттарының, сондай-ақ ықпалдастықтың басым салаларындағы ұзақ мерзімдік ұлттық мүдделерінің жақындығымен ерекшеленеді.
Орталық Азиядағы аймақтық қауіпсіздік проблемалары аясындағы Қазақстан-АҚШ ықпалдастығы
Аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы Қазақстан – АҚШ ынтымақтастығы Орталық Азиядағы тұрақтылықтың маңызды факторларының бірі болып табылады. Қазақстандық сарапшылардың пікірінше, АҚШ-тың аймақ елдерімен көп қырлы ынтымақтастығы Орталық Азияның дамуының жəне аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, оның ішінде қазіргі заманғы қауіптер мен қыр көрсетулерге қарсы тұрудың басты факторы болып табылады [5]. Қазақстанның Америка Құрама Штаттарды лаңкестікке қарсы күресте қолдауы екі мемлекет арасындағы əскери саладағы ынтымақтастыққа жаңа серпіліс берді. Атап айтқанда, Қазақстан АҚШ-тың халықаралық лаңкестікке, діни экстремизмге қарсы күрестегі, Ирак пен Ауғанстанды қайта жаңғыртудағы сенімді одақтасына айналды. Бұған 2001 жылдың қыркүйегінде Қазақстанның ТМД мемлекеттерінің арасында бірінші болып одақтастар авиациясына əуе кеңістігін пайдалануға келісімін беруі елеулі түрде ықпал етті. Сондай-ақ бұл саладағы екі мемлекеттің ынтымақтастығы дамуының қарқындылығына келесі қабылданған меморандумдар дəлел бола алады: 2001 жəне 2002 жылдары АҚШ ұшақтарына техникалық көмек көрсету, Алматы қаласының əуежайын қосымша əуежай ретінде пайдалану, есірткіге бақылау орнату жəне құқықтық тəртіпті қамтамасыз ету бойынша өзара түсіністік меморандумдары.
Əскери-техникалық аспектіде Қазақстан мен АҚШ ықпалдастығы қарулы күштердің дамытылуы мен жаңартылуына бағытталған. Қазақстан мен АҚШ-тың əскери ынтымақтастық саласындағы басымдықтары 2003, 2008 жəне 2012 жылдары қол қойылған Қазақстан мен АҚШ-тың Қарулы Күштері арасындағы Бесжылдық ынтымақтастық жоспарларында айқындалған. Осының негізінде “Шетелдік əскери қаржыландыру”, “Халықаралық əскери оқыту жəне əзірлеу” сияқты басқа да бағдарламалары жүзеге асырылды.
«Шетелдік əскери қаржыландыру» (FMF) бағдарламасы аясында əртүрлі модификациядағы «Хаммер» автомобильдері мен олардың қосалқы бөлшектерін сатып алу, «Азия Хаммер» автомобильдеріне техникалық қызмет көрсету жөніндегі Орталықты ашу, Атырау қаласындағы «Батыс» Аймақтық командованиесі əскерлерінің қолбасшысы Басқармасыныңобъектілеріндекүрделі жөндеу жүргізу бойынша бірнеше жобалар, сондай-ақ Ақтау қаласында америкалық мамандардың қатысуымен ҚР Қорғаныс министрлігінің Əскери-теңіз институтының объектілерін жаңартуы жүзеге асырылды.
«Халықаралық əскери білім беру жəне дайындық» (IMET) бағдарламасы АҚШ-та қазақстандық əскери мамандарды дайындауға бағытталған. Көрсетілген кезең аралығында бағдарлама бойынша 9 млн-нан астам АҚШ долл. бөлініп, 30 мамандық бойынша 370-ке жуық əскери маман дайындалды. Вест-Пойнт əскери академиясы (Нью-Йорк), Аннаполис əскери-теңіз академиясы (Мэриленд), Колорадо Спрингз əскери əуе күштері академиясы жəне Нью-Лондондағы жағалау күзеті академиясы сияқты АҚШ-тың элиталық жоғары əскери-оқу орындары мен АҚШ-тың Қарулы Күштерінің түрлі командалық-штабтық колледждерінде ҚР-ның Қарулы Күштерінің əскери мамандары дайындалуда.
Əскери байланыстар жоспары (Mil-to-Mil) аясындағы шаралар қазақстандық-америкалық əскери ынтымақтастық мақсаттарын жүзеге асыруға бағытталған. «Mil-to-Mil» Жоспарлары жыл сайын өтетін екіжақты кеңесулердің барысында қабылданады. Бес жылдық жоспардың жүзеге асырылуынан бастап қорғаныс саласындағы алдыңғы қатарлы тəжірибені зерделеуге жəне қарулы күштерді дамытуға қатысты шаралардың өсу үдерісі байқалуда.
2006 жылы АҚШ Үкіметі «Оқыту жəне жабдықтау» (ТЕР) бағдарламасын ашқан болатын. ТЕР бағдарламасы аясында бөлінген қаражаттар Атырау қаласында Аэромобильді əскерлердің арнайы мақсаттағы тобын дамытуға бөлініп, FMF бағдарламасы сияқты жүзеге асырыла бастады.
НАТО желісі бойынша да екі жақты ынтымақтастықтың өрбуі жəне бұл, негізінен, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің соғысқа қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретін НАТО штабтарында офицерлерді дайындау бағдарламалары мен бірлескен оқу-жаттығуларының өткізілуі арқылы жүзеге асырылуда.
Қазақстан мен АҚШ ынтымақтастығының жаңа кезеңі Ауғанстандағы лаңкестікпен күрес жəне ондағы тұрақтандыру шараларын жүзеге асырумен айқындалатындығын атап өтуіміз қажет.
Америка Құрама Штаттары Қазақстанның экономикалық жəне инвестициялық мүмкіндіктерін Ауғанстандағы жағдайдың тұрақтануы үшін пайдалануға мүдделі болуда. 2011 жылғы «Жаңа жібек жолы» жобасында экономикалық даму мен қауіпсіздік проблемаларын кешен- ді түрде шешу үшін Орталық Азия аймағына Орталық жəне Оңтүстік Азияны байланыстыратын өзек ретінде Ауғанстанды қосу арқылы жаңа аймақтық қатынастар жүйесін дамыту көзделуде. Жобаның негізгі мақсаты – аймақты тұрақты, болжаулы арнада дамуын қамтамасыз ету. АҚШ Мемлекеттік хатшысының көмекшісі Роберт Блэйктің айтуынша, Оңтүстік жəне Орталық Азиямен арадағы осы аймақтың елдеріне, əсіресе Ауғанстан мен Пəкістанға пайда əкелетіндей сауда жəне транзиттік байланыстың жетілдірілген əрі кең ауқымды желісіне айналуы тиіс. Болашақ аймақтық серіктестіктің нақты мысалдары ретінде Түрікменстан, Ауғанстан, Пəкістан мен Үндістанды жалғайтын газ құбыры құрылысы жəне Қырғызстан мен Тəжікстаннан Ауғанстан аумағы арқылы Пəкістанға электр энергиясын тасымалдауға мүмкіндік беретін CASA-100 жобалары аталуда [6].
Америкалық сарапшылардың ойынша, Ауғанстан экономикасы мен оның көршілес мемлекеттерінің экономикасы оқшаулануда дами алмайды. Америкалық саясаттанушы Ф. Старр келесідей пікір білдіреді: «Ауғанстан көптеген проблемаларды шешудің жолы. Ондағы соғыс бітпей, Орталық Азияның Үнді мұхиты мен іргелес жатқан көлік дəліздеріне шығуға мүмкіндігі болмайды» [7].
Сондықтан сауда аймақ дамуындағы негізгі бағыт болып табылады. Бұл көлік саласындағы жағдайды жақсартуды, Оңтүстік Азия мемлекеттеріне қарай мұнай мен газды тасымалдайтын Ауғанстан аумағы арқылы өтетін құбыр желісін салуды талап етеді. Осылай, сауда-экономикалық үдерістерге қатысатын Ауғанстан Оңтүстік жəне Орталық Азияны байланыстыратын өзек ретінде шыға отырып, сауда көлемінің өсуі барысында аймақ мемлекеттеріндегі экономикалық өсуді ынталандырады жəне Ауғанстандағы жағдайдың орнығуына ықпал етеді.
Аймақтық, құрлықтық интеграцияның генераторынаайналған Қазақстан Ауғанпроблемасын дəйектілікпен шешуге, 2014 жылдан кейін де Ауғанстанда тұрақтылықтың сақталуына мүдделі. Сондықтан Қазақстан аймақтағы экономикалық байланыстарды дамыту арқылы Ауғанстандағы тұрақтылықты қамтамасыз етуді көздеп отырған АҚШ басшылығы ұсынған «Жаңа жібек жолы» стратегиясына қолдау көрсетуде жəне оны жүзеге асыру барысында аймақтық транзиттік саудаға жəрдемдесу, энергетика, көлік инфрақұрылымын дамыту сияқты басым бағыттарға аса зор мəн беруде. Атап айтқанда, қазіргі кезде Ауғанстан темiржол желiсiнiң дамытуындағы Қазақстанның қатысу мүмкiндiгі қарастырылуда [8]. Бұл Қазақстанның көршілес мемлекеттерге экономикалық жағынан едəуір ашық, саяси жағынан едəуір тұрақты болуға көмектесе отырып, Орталық Азияда негізгі рөл ойнауға барлық қажетті құраушылары бар болуымен түсіндіріледі.
Осылайша, аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы Қазақстан Республикасы мен АҚШ ынтымақтастығы екі мемлекеттің де мүддесіне сай келетіндігін жəне Вашингтон Қазақстан рөлін аймақтық бейбітшілік пен қауіпсіздіктің негізгі факторы ретінде қарастырып отырғандығын көрудеміз.
Дегенмен Қазақстан мен АҚШ арасындағы өзара сенім атмосферасының дамуына қарамастан, екі ел арасында да түйіткілді мəселелер бар. Оның бастысы ретінде АҚШ-тың Батыс саяси мəдениетінің өлшемдеріне негізделген демократиялық құндылықтарды ендіру əрекеттерін атап өтуімізге болады.
АҚШ демократияның жəне нарықтық экономиканың элементтерін саяси өмірге жəне халық шаруашылық құрылымына енгізу қажеттігін аймақтағы орнықтылықтың басты факторларының бірі ретінде қарастырады. Батыс сарапшылары АҚШ-тың Орталық Азия мемлекеттерінде демократияландыру жəне азаматтық қоғамды дамытуға ықпал ету қажеттігін жиі атап өтуде. Атап айтқанда, АҚШ аймақта жаңа рөл атқаруы керек. Бұл рөл тек стратегиялық мүдделермен ғана шектеліп қалмауы тиіс. Басқаша айтқанда, əкімшілік адам құқықтарын қорғау проблемасы жөнінде қатаң бағдарды ұстануы тиіс [9].
Орталық Азия мемлекеттерінің «лаңкестікпен күресте алдыңғы өлке» ретінде анықталуына байланысты демократияны дамытуды қолдау мəселесі жаңа мəнге ие болды. Қазақстандық зерттеушілердің пікірінше, демократияландыру жəне адам құқықтары АҚШ сыртқы саясатының принциптері ретінде формальды түрде жарияланған, алайда шындығында олар көбінесе саяси ықпалдың тəсілдері жəне қысым көрсетудің құралы ретінде пайдаланылады [10]. Демократияландыружəнесаясиырықтандыру мəселелері бойынша тұрақты түрде жүргізілетін диалог Қазақстан жəне АҚШ арасындағы екі жақты қатынастардың басым элементі болып табылады. «Демократиялық серіктестік туралы Хартия» демократия, адам құқықтары мен негізгі бостандықтарды құрметтеу саласындағы Қазақстан мен АҚШ ынтымақтастығының жалпы қағидаттарын негіздеген болатын. 2001 жəне 2006 жылғы Қазақстан мен АҚШ мемлекет басшыларының мəлімдемелерінде де демократия ұзақ мерзімдік тұрақтылықтың маңызды шарты ретінде қабылданған.
Қазақстанның Орталық Азия аймағындағы бұрын-соңды болмаған демократияландыру бағдарламасын жүзеге асыруға кірісуі екі ел арасындағы өзара түсіністіктің дамуына ықпал етті. Қазақстанда азаматтық қоғамның институттары біртіндеп жəне жүйелі түрде негізгі мəдени дəстүрлер жəне өркениеттік факторды есепке ала отырып дамытылуда. Бұл Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың «Демократия – бұл қоғамның деңгейлі емес, сатылы үдерісі» деген көзқарасымен ұштасады.
АҚШ-тың бұрынғы Мемлекеттік хатшысы К. Райс Қазақстанға ресми сапары барысында əрбір мемлекеттің сырттың араласуынсыз демократияны құрудың өзіндік жолын іздестіре алатындығы туралы мəлімдемесі АҚШ-тың біздің мемлекетіміздің саяси дамудың ерекше жолын таңдау құқығын мойындауын білдірген болатын.
Қазіргі таңда АҚШ тарапы Қазақстанда қоғамдық институттар мен азаматтық қоғамдар арасындағы өзара əрекеттесуді арттыруға, азаматтардың мүдделерін қорғауға бағытталған бағдарламалардың жүзеге асырылуына қолдау көрсетуде. Алайда екі жақты қарым-қатынастардың күрделенуіне АҚШ-тың Батыс саяси мəдениетінің өлшемдеріне негізделген демократиялық құндылықтарды белсенді ендіру əрекеттері ықпал етуде.
Қорытынды
Қорыта айтқанда, қазіргі таңда Қазақстан жəне АҚШ стратегиялық серіктестігі тұрақты дамуда деп айта аламыз. Қазақстан Республикасы АҚШ-тың Орталық Азиядағы басты серіктесі болуы, бір жағынан, Қазақстан үшін АҚШ-пен ынтымақтастықты жан-жақты дамытуға ықпал етуде, ал екінші жағынан, АҚШ Орталық Азияның ең тұрақты жəне болжамды арнада даму үстіндегі жəне экономикасы жедел қарқынмен дамып, прагматикалық тұрғыдан негізделген көпвекторлы сыртқы саясатын жүргізіп жатқан,демократиялық үдерістері серпінділігімен сипатталатын Қазақстанмен қарым-қатынасты дамыту қажеттігін түсінуде.
Қазақстан мен АҚШ ынтымақтастығының жаңа кезеңі Ауғанстандағы лаңкестікпен күрес жəне ондағы тұрақтандыру шараларын жүзеге асырумен айқындалады жəне бұл серіктестердің екі жақты деңгейдегі ғана емес, аймақтық деңгейдегі де қауіпсіздік проблемаларын шешу мүмкіндіктерін көрсетеді.
Демократияландыру мəселелері екі жақты қарым-қатынастардағы басты мəселесі болып қалғандығын көрудеміз. Екі жақты қарымқатынастардың күрделенуіне АҚШ-тың Батыс саяси мəдениетінің өлшемдеріне негізделген демократиялық құндылықтарды белсенді ендіру əрекеттері ықпал етуде.
Əдебиеттер
- «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ə. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2012 жылғы 14 желтоқсан// http://www.akorda.kz/kz/page/page_ poslanie-prezidenta-respubliki-kazakhstan-lidera-natsii-nursultana-nazarbaeva narodu-kazakhstana-
- Токаев К.К. Преодоление. Дипломатические очерки. – Алматы: ОАО «САК», 2003. – С.
- Hillary Clinton thanked Kazakhstan for working with IAEA on creation of nuclear fuel bank // http://www.kazakhembus.com/ in_the_news/hillary-clinton-thanked-kazakhstan-for-working-with-iaea-on-creation-of-nuclear-fuel-ban
- Nursultan Nazarbayev and Barack Obama had telephone talk // http://www.enbek.gov.kz/ node/237602
- Ашимбаев М. Современная геополитическая ситуация в Центральной Азии в контексте интересов мировых и региональных держав // Казахстан в глобальных процессах. – 2005. – № 2. – С. 6
- Remarks by Robert Blake, Jr. Assistant Secretary, Bureau of South and Central Asian Affairs. Indiana University’s Inner Asian and Uralic Natural Resource Center. October 18, 2012 // http:// uspolicy.be/ headline/state%E2%80%99s-blake-us-policy-central-asia
- Starr A. Partnership for Central Asia // http://www.sfr.org/ publication/ 8937/partnership _for_central_asia.htm.
- Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановтың «Азия жүрегі» Стамбұлдық үдеріс елдері шеңберіндегі Ауғанстан бойынша конференциясында сөйлеген сөзі // http://kz.government.kz/documents/ publications/page577
- Martha Brill Olcott, Central Asia’s Second Chance. Washington, D.C.: Carnegie Endowment for International Peace, 2005 // carnegieendowment.org/ files/9429CentralAsia_book-full_text.pdf
- Laumulin T. U.S. Strategy and Policy in Central Asia // Central Asia and the Caucasus. – 2007. – №4 (46). – P. 52