Түркия мен Ресейдің қарым-қатынастары туралы сөз болғанда ең бірінші болып ойға аталмыш екі елдің тарихи бəсекелестігі мен геосаяси тайталастығы оралады. Ресей де, Түркия да Кавказ, Қара теңіз аймағы, Орталық Азия сияқты географиялық кеңістіктердің қалыптасуына жəне дамуына əртүрлі деңгейде үлес қоса алатын аймақтық саяси күштер болып табылады. Сондықтан да Түркияның Кавказ жəне Қара теңіз сияқты аймақтардағы саясаты Ресей тарапынан жіті бақыланып, қадағалануда. Өз кезегінде Түркия да Ресейдің аталмыш аймақтардағы саясатына ерекше көңіл бөлуде.
Алайда саяси бақталастыққа қарамастан Мəскеу мен Анкара экономикалық ынтымақтастық салаларында айтарлықтай жақсы нəтижелерге қол жеткізіп отыр. Түркия мен Ресейдің қатынастары 1990 жылдардың соңында əлемде орын алған күрделі ауысулар мен өзгерістерге бейімделіп, оң динамикаға сай дами түсті. Қос елдің экономикалық ынтымақтастығы жылдам дамып, бір-біріне деген көзқарастары өзгеріп, екі жақты саяси қатынастарының сапалы дамуына түрткі болды. Əсіресе В.В. Путин мен Т.Р. Ердоғанның билік басына келуімен екі жақты экономикалық жəне саяси қатынастар жоғары қарқынмен, жаңа сапамен дами түсті [1, 38 б.].
Орыс-түрік жақындасуының бес негізгі себебін атауға болады. Біріншіден, Түркияда билік басына жақын исламшыл стратегтер мен идеологтардың пікірінше, Ресеймен ынтымақтасу Түркия үшін ғана емес, бүкіл ислам дүниесі үшін тиімді деген тұжырымдама. Соңғы жылдары Түркия Шанхай ынтымақтастық ұйымына толық мүше-ел ретінде қабылданғысы келетіндігін мəлімдеуде. Екіншіден, Түркия Ресейден жеткізілетін тұрақты да сенімді энергетикалық қуат көздеріне тəуелді болып отыр. Соңғы он жылда Түркия экономикасының жоғарғы қарқынмен дамуы аталмыш елдің энергетикалық қажеттіліктерін де күрт арттырып жіберді. Үшіншіден, əлемнің əртүрлі аймақтарында аймақтану, яғни регионализация үрдістерінің орын алуы, яғни ортақ мəселелерді аймақ болып бірге шешу үрдістерінің əсерін атауға болады. Төртіншіден, екі елдің де бай тарихи жəне мəдени тəжірибеге ие болып, бір-бірімен жақындасуға деген геосаяси жəне геоэкономикалық мүдделестігі, шынайы тығыз қатынас орнатуға деген ұмтылысы. Түркия премьер-министрінің кеңесшісі Саваш Баркчиннің ойынша, Ресей мен Түркияның тарихи өткені мен тəжірибесі ұқсас, яғни екеуі де кезінде əлемнің жартысын билеген империялар. Бесіншіден, соңғы он жылда Түркияның ЕО, АҚШ пен Израильге қатысты салыстырмалы түрде дербес саясат ұстануы. Түркияның жанжақты күшеюі, əсіресе ондағы еуразияшылдық идеясын қолдайтын топтардың нығаюы, Ресейді алып күш ретінде мойындап, соған қарай əрекет етуі Мəскеудің Түркияға қатысты саясатын өзгертуі ықтимал. Мысалы, 2003 жылы Түркия парламенті АҚШ-тың əскерлерінің өз аумағы арқылы өтуіне рұқсат бермеді. Осыдан кейін, Мəскеу түріктерге деген көзқарасын біршама жұмсартты.
Президент В.В. Путин 2012 жылдың 3 желтоқсанында Түрік үкіметінің басшысы Т.Р. Ердоғанмен болған кездесуінде Түркияны «серіктес жəне көрші» мемлекет ретінде, тіпті, «дос ел» ретінде қарастыратынын жеткізді. Соңғы жылдарда Ресей Түркияның ең үлкен сауда серіктесіне айналды. Бұл жағымды ілгерілеушіліктерге 2007 жылы екі ел арасында қол қойылған еркін сауда келісімінің арқасында қол жеткізілді. Əсіресе соңғы бес жылда Түркия мен Ресей арасында екі жақты түсіністік пен сенімділікті нығайтатын оң қадамдар жасалып, екі жақты қатынастар тереңдей түскен.
Əрине, Мəскеу мен Анкараның арасында бірқатар шешілмеген саяси мəселелердің бар екендігі де белгілі. Мəселен, түрік-армян қатынастары, Түркияның Кавказ аймағындағы саясаты, түрік-грузин ынтымақтастығы сияқты мəселелер орыс саясаткерлері мен сарапшыларын мазалайды. Қалай десек те, Мəскеу де, Анкара да Кавказдағы ішкі жағдайдың тыныш, аймақтық қауіпсіздіктің тұрақты болғанын қалайды. Ресейдің кейбір сарапшылары Түркияның Орталық Азия елдерінде жүзеге асырған білім беру, мəдени, гуманитарлық, интеллектуалдық, түрікшілдік жобаларының Мəскеудің аймақтық ықпал ету саясатына кереғар екендігін жазады. Əрбір тарап қарсы тараптың Кавказ жəне Орталық Азия аймағындағы ықпалының əлсірегенін, керісінше, оның есесіне өз ықпалының артқанын тілейді.
Таяу Шығысқа келсек, Сирия азаматтық соғысына қатысты Түркия мен Ресей бір- біріне қарама-қайшы саясат жүргізуде. Түркия өзін аймақтың басты, ішкі, көшбасшы елі ретінде көрсеткісі келсе, Ресей де аймақтағы өз тарихи ұстанымынан бастартқысы келмейтінін білдірді. Түркия Асадтың биліктен аластатылып, демократиялық жəне сунниттік күштердің нығайып, аймақтың идеологиялық біртұтастануын тілейді. Түркия өз көшбасшылығы мен интеграциялық саясатының Таяу Шығыста жүзеге асырылуын қалайды. Ресей болса, Сириядағы саяси элитаның ауысқанын қаламайды. Қысқаша, Мəскеу Таяу Шығыстың өзгергенін қаламайды, Анкара керісінше, аймақтың өзгергенін қалайды. НАТО Түркияның оңтүстікбатысында «Патриот» əуе қорғаныс жүйелерін орналастыруы Иранмен қатар Ресейдің де көңіліне жақпағаны анық.
2009 жылы Ресей Түркияның ең бірінші, Түркия да Ресейдің жетінші сауда серіктесіне айналды. Екі ел арасындағы сауда айналымы 38 миллиард АҚШ долларына жетті. 2011 жылы сауда айналымы 30 миллиард АҚШ долларына төмендеді. Бұл соманың 24 миллиард долларын Ресейден Түркияға жеткізілетін тауарлар құраса, оның 70%-ын, яғни 21 миллиардты энергетика импорты құраған. Сол жылы Ресей Түркияның екінші ірі сауда серіктесі болды. Алдағы бірнеше жылда екі жақты тауар айналымын 100 миллиард АҚШ долларына жеткізу жоспарлануда. Ресей – Түркияның басты энергетикалық серіктесі, ал Түркия Ресейдің қуат көздерін импорттаушы үшінші ел болып табылады. Осылайша, Түркия мен Ресейдің экономикалық ынтымақтастығы саяси қатынастарды дамытатын мықты фактор рөлін атқарды. Екі ел энергетиканы экспорттау-импорттау мəселелерінде бір-біріне тəуелді болып отыр [2, 2-4 б.].
Ресей мен Түркияның қатынастарының негізгі құраушыларының бірі ретінде энергетикалық сауданы атауға болады. 2008 жылы Түркияда тұтынылған табиғи газдың 63%-ы, мұнайдың 29%-ы Ресейден экспортталған. 2010 жылы Түркия тұтынған табиғи газдың 45.5% , ал, 2011 жылы 55.3%-ын Ресей газы құраған. 2011 жылы Түркияның ішкі мұнай нарығындағы Ресейдің үлесі 12%-ға төмендеген. Екі жақты ынтымақтастық қоржынында энергетиканың үлесін азайту, басқа салаларға да көңіл бөлу қажеттілігі айтылуда.
Түркияның энергетикалық тұжырымдамасы мен стратегиясы Еуропаның энергетикалық саясатын ескере отырып, жасалғандықтан, энергия туралы заңдық нормалары да еуропалық талаптарға сай қабылданған. Əсіресе қуат көздерін жеткізудің жолдарын əртараптандыру жəне шетелдік инвесторларды энергетика саласына тарту мəселелерінде Анкара Еуропаға көп тəуелді болды. 2001-2005 жылдар аралығында энергетика, табиғи газ, мұнай нарықтары туралы заңдар қабылданып, энергетикалық кəсіпорындар жекешелендіріліп, жеке компанияларға елдің энергетика саласында жұмыс істеуге рұқсат берілді. Түркияның 2010-2014 жылдарға арналған энергетикалық стратегиясына сəйкес Түркия энергия көздерін Еуропаға жеткізуші ел ретінде қарастырылады. Түркияның энергетикалық серіктестері арасында Ресеймен қатар Əзірбайжан, Иран мен Түрікменстан аталады.
Түркия мен Ресей арасындағы ең алғашқы энергетика туралы келісімге 1984 жылдың 18 қыркүйегінде қол қойылды. Екі ел арасында осы кезге дейін ешқашан қол жеткізіліп көрмеген ірі құбырлар торабы туралы келісімдерге қол қойылды. 2009 жылы Ресей Президенті Путиннің Түркияға жасаған сапарында энергия туралы келісімшарттарға қол қойылды. Ресейдің қолдауымен Түркияда ядролық станцияның салынуы туралы жасалған мəлімдеме екі жақты қатынастардың нақты көрсеткіші болды. Əсіресе, түріктің жеке компаниялары азаматтық атом қуатын дамыту саласында Ресеймен ынтымақтасуда.
Қазіргі таңда Еуропаға табиғи қуат көздерін тасымалдау мəселесі Түркия мен Ресейдің энергетикалық саясатына айтарлықтай үлкен əсер етеді. Бірақ аталмыш екі елдің қажеттіліктері мен рөлдері əртүрлі сипатқа ие. Ресей əрі қуат өндіруші, əрі транзит ел болса, Түркия тұтынушы болуымен қатар транзит ел. Екі елдің Еуропалық Одақтың энергетикалық саясатына деген ұстанымдары да əртүрлі. Түркия қауіпсіздік сияқты мəселелерде өз əрекетін Батыс елдерімен сəйкестендіруге мəжбүр. Энергетикалық жобалар, Қара теңіз аймағындағы бəсекелестік пен ынтымақтастықты қозғаушы күшіне айналды.
Анкара мен Мəскеудің белсенді энергетикалық ынтымақтастығы жəне Түркияның Ресейге энергетикалық тəуелділігі күн тəртібіне екі жақты қатынастардың теңдестірілуі мəселесін енгізеді. Еуропаның энергетикалық жеткізілімдерді əртараптандыруға бағытталған стратегиясына сəйкес Ресей Қара теңіз арқылы Түркия аумағын кесіп өтетін «Оңтүстік ағым» газ құбырын жүзеге асыруда. Түркия болса, сол «Оңтүстік ағым» құбырымен бəсекелес басқа жобалардағы ұстанымын нығайтып, Каспийдің қуат көздерін Түркия арқылы Еуропаға жеткізуге арналған құбырлар жүйесін дамытудың амалдарын іздестіруде. Осылайша, екі ел арасында күрделі тепе-теңдік орнап тұр. Ресей Еуропаға газ сатудан түсетін табыстарын сақтап қалғысы келсе, Түркия Еуропа, Кавказ, Орталық Азия жəне Таяу Шығыс арасында энергетикалық хаб (energy hub) немесе көпір рөлін атқарғысы келеді [3, 24 б.].
Бір-бірімен бəсекелес ірі қуат тасымалдау жолдарын дамыту саласындағы стратегиялық ойындар Түркияның аймақтық деңгейдегі ықпал ету мүмкіндіктерін арттырып, энергетикалық тəуелділігін азайтуға көмектеседі. Ресей мен Түркия арасында ұзақ мерзімді ортақ энергетикалық жобаларының болуы келешекте екі елдің Таяу Шығыс сияқты аймақтардағы саяси мүдделерінің жақындасуына да ықпал етуі мүмкін [4, 5-8 б.].
Ресейдің Түркияға қатысты энергетикалық саясаты тек табиғи газ бен мұнайды ғана емес, басқа да салаларды қамтиды. Қос ел де энергетикалық ынтымақтастықта кез келген жобаның екі жаққа да тиімділігіне (win-win принцибі) басты назар аударады. 2008 жəне 2009 жылдары Ресей мен Украина арасында саяси-энергетикалық сипаттағы дағдарыс орын алғанда, сондай-ақ 2007 жəне 2008 жылдары қыс айларында Иранның ішкі газ тұтынымының күрт артуы нəтижесінде Түркияға жеткізілетін Иран газы кенеттен тоқтап қалған уақытта Ресей қосымша Түркияға қажетті табиғи газ көлемін жеткізіп, Анкараны қиын ішкі жағдайдан құтқарып қалған еді. Осы сияқты фактілердің болуы Ресейдің «сенімді энергия экспорттаушысы» деген атқа лайықты екенін дəлелдейді. Екі жақты энергетикалық қатынастардың нығаюының дəлелі «Көгілдір ағымы» құбыры жəне Аккую ядролық станцияны салу жобасынан көрініс тапты.
Түркия Ресейге энергетикалық тəуелділігін азайту үшін «Баку-Тбилиси-Ерзурум» табиғи газ құбыры мен «Баку-Тбилиси-Жейхан» мұнай құбырын іске қосып, оларды өз аумағы арқылы өткізіп отыр. Ресей өз кезегінде Түркия сияқты бірқатар елдер қолдап отырған TANAP, TAP, NABUCCO (бір сөзбен «Оңтүстік газ дəлізі»), Транскаспий құбыры сияқты энергия тасымалдаудың балама жобаларын болдырмаудың жолдарын қарастыруда. Бұл жобалардың жүзеге асырылуы үшін үлкен қаражатпен қатар, Каспий теңізінің мəртебесінің де шешілуі қажет. Алдағы жылдарда, тіпті, қазірдің өзінде Əзірбайжан мен Түркияның ортақ энергетикалық саясаты себепті Ресейдің энергетикалық стратегиясына бірқатар өзгерістер енгізуі ықтимал. Бірақ Ресей Əзірбайжаннан газ сатып алу келісіміне қол қойып, балама жеткізу бағыттарының алдын алған. Орыс саясаткерлерінің ойынша, НАБУККО Түрікменстан, Өзбекстан жəне Қазақстан сияқты энергетикалық елдерді Ресейдің «ықпалынан құтқаруға» бағытталған АҚШ-тың жобасы болып табылады. Соңғы жылда Еуропалық саясаткерлердің бастамасымен Əзірбайжан мен Түрікменстанның арасында Каспий теңізіндегі Шах-Дениз кен орны арқылы «Транскаспий құбыры» деп аталатын дəліз арқылы Түрікменстанның табиғи газын Каспийдің астымен Əзірбайжанға, одан əрі қарай Түркияның үстімен қолданыстағы құбырлар арқылы Еуропаға жеткізу жоспарлануда. Əрине, алда Ресей бұл жобаларды өзіне тиімсіз болғандықтан жіті қадағалайтын, оны болдырмауға тырысуы мүмкін.
Ресей «Көгілдір ағым» жобасы арқылы транзит елдерді айналып өтіп, Қара теңіз арқылы Түркияға энергия жеткізу жобасын сəтті жүзеге асыра алды. Бұл жағдай Түркияның Ресейге деген энергетикалық тəуелділігін керісінше арттырып жіберіп, Анкараның өзге транзит елдермен арадағы байланыстарына нұсқан келтірді. Ресей Түркия мен Еуропаның «НАБУККО» жобасына қарсы «Оңтүстік ағым» құбырын іске қосты. Бұл фактор Түркия үшін белгілі энергетикалық қиындықтар тудырды. Түркия Əзірбайжанның Шах Дениз ІІ газ орындарынан «ТАНАП» құбыры арқылы газ тасымалдау туралы келіскен тұста Ресей Түркияға тиесілі «Жеке экономикалық аумағын» қолдану құқығына ие болды. Анкара Қара теңізден Анатолия құрлығы арқылы Жерорта теңізіне Ресей мен Қазақ мұнайын жеткізеді деп ойластырылған «СамсунЖейхан» мұнай құбырын жүзеге асыру үшін өзіне тиімсіз «Оңтүстік ағым» жобасының салынуына келісім беруге мəжбүр болды. Оның есесіне, Ресей Анкараның «СамсунЖейхан» жүйесіне қолдау көрсетті. «СамсунЖейхан» жобасының қолға алынуының себебі ретінде Түркияның бұғаздары арқылы мұнай танкерлерінің апатқа ұшырауы, нəтижесінде Стамбулдың жағалауларына, адам өміріне, қоршаған ортаға орасан зор залал беруін атауға болады. Бұл құрлық арқылы өтетін құбырлар жобасы Түркия үшін қауіпсіздік, стратегиялық жəне экономикалық қажеттілігі жағынан өте маңызды жоба. Түркияға тиесілі «Самсун-Жейхан» жобасы Мəскеудің Анкарамен арадағы энергетикалық келіссөздерінде саудаласудың құралына айналды. Бұл тұста, Ресейдің саяси ықпал ету тетіктеріне Түркияның Қара теңіздегі «Жеке экономикалық аумағы» арқылы «Оңтүстік ағым» өтетін құбыры, бұдан бөлек, Аккую ядролық станция жобасы, Түркияда газ тарату құқығы сияқты стратегиялық құралдар жатады [5, 4 б.].
Түркия Қара теңіз жəне Каспий аймағында жүргізіп отырған энергетикалық саясатында өз мүдделерін қамтамасыз ету үшін Ресеймен ынтымақтасуға мəжбүр. «Оңтүстік газ дəлізінің» (Nabucco, ITGI, TAP, TANAP) шеңберінде Əзірбайжан жəне Түрікмен газын Түркия аумағы арқылы Еуропаға жеткізу стратегиялары алдағы жылдары да Түркияның энергетикалық саясатының негізгі басымдығы болып қалары анық. Əрине, Каспий қуат көздерін Еуропаға қай жолмен жеткізген абзал деген мəселеде «Шах Дениз консорциумының», яғни Əзірбайжанның соңғы сөзі де шешуші сипатқа ие болады. Əзірше, Шах Дениз ІІ туралы келісім мен «ТАНАП» жобасының тиімділігі себепті «Набукко» жобасы ұмыт қалдырылып барады [6, 3 б.].
Түркия Үкіметі «Оңтүстік газ дəлізін» жүзеге асыруға Ресей айтарлықтай үлкен кедергі жасайды дегенге сенбейді. Түркияда жұмыс істейтін бірқатар Ресейлік ірі ортақ компаниялар, кейбір ықпалды құрылыс жəне энергетикалық компаниялар, мүдделі бұқаралық ақпарат құралдары екі елдің экономикалық ынтымақтастығының дамуына үлкен əсер етіп отыр. Өйткені экономикалық фактор саясатты белгілейтін қозғаушы күш болып табылады.
Түркияның көптеген сарапшыларының пікірінше, Ресей түріктердің жүргізіп отырған «Оңтүстік газ дəлізі» жобасын мойындауы тиіс. Олар бұл жобаның Ресейдің мүдделеріне қайшы емес деген ойды алға тартады. Ресейдің саясаткерлері мен кəсіпкерлері аталмыш жобаларды пайдалана отырып, жаңа табыс көздерін табуда. Тіпті, Түркияның «Оңтүстік газ дəлізі» жобасы Ресейдің өзге де энергетикалық жобаларын толықтырады деген де ой айтылуда. Бұл тұста, Мəскеудің энергетикалық саясатын,«ГазПром» мен «РосНефтьтің» экспорттық стратегияларын да ескерген жөн. Алдағы жылдарда, Түркия мен Ресейдің энергетикалық стратегияларындағы күрделі мəселелер өз шешімін табуы мүмкін. Түркия халықаралық саясатта Ресейдің ықпалын біршама азайта алатын əлеуетке ие мемлекет. Түркия Ресейдің энергетикалық монополиясын шектеу жөнінде жаңа стратегиялар əзірлесе де, əзірше, Ресейдің геосаяси үстемдігі басымдау.
Осылайша, Түркия Ресейдің энергетикалық тораптары, жеткізілімдері мен серіктестігіне əлі мұқтаж болып отыр. Қазақстан мұнай экспорттауда Ресейдің бəсекелестерінің бірі болғандықтан келешекте Каспий жəне Кавказ аймақтарында туындайтын жаңа мүмкіндіктерге дайын болуы қажет. Сондай-ақ, Қазақстан Түркия, Əзірбайжан жəне Түрікменстан сияқты көршілерінің Каспий атырабы маңындағы ортақ немесе келісілген энергетикалық жобаларына жіті назар аударуы керек.
Əдебиеттер
- Korotışev А.P. Rus Toplumu ve Siyasilerin Türkiye’nin Kafkasya Politikasına Bakışı. AvrasyaUluslararası Ekonomik ve Stratejik Araştırma Dergisi, Türkiye Sayı №22, Nisan, Bahar, 2013. – S. 38-42.
- Tuncay Babalı. The Role of Energy in Turkey’s Relations with Russia and İran. The Economic Research Foundation of
- Center for Strategic and İnternational Studies Report. – Ankara, 29 May 2012. – P. 2-6
- Реми Буржо. Россия-Турция, энегетика как основа отношений. Russie. Nei/ Vision No Франзузский Институт Международных Отношений ИФРИ. Март 2013. – С. 24
- Mitat Çelikpala. Türkiye ve Kara Deniz Bölgesinin Yeni Enerji Politikası. Neighbourhood Policy Kadir Has University.
- Center for İnternational and European Studies. No 3. January 2013. – P. 13
- Burcu Türkiye ve Rusya Federasyonu Ilişkilerinde Boru Hatları Diplomasisi. Uluslararası Politikalar Akademisi UPA.13
- Şubat 2013. – S. 4. http://politikaakademisi.org/?p=4024
- Марина Шевелёва, Ольга Онойко. Энергетическая политика Турции в Каспийском регионе (1998—2009 гг.). Журнал международного права и международных отношений, 2010. – № 47 – С.