Иран және Ресей стратегиялық одақтастар ретінде: тарихы мен қазіргі жағдайы

Әлемде қазір аймақтық тұрақтылықты қамтамасыз ету саласымен өзара тиімді экономикалық және мәдени әріптестік мақсатындағы байланысты қалыптастыруда бүгінгі таңдағы Иран және Ресей сияқты державалардың стратегиялық әріптестігі, географиялық жағынан бір-біріне жақындығы маңызды рөл атқарады. Ресей-Иран  стратегиялық   әріптестігінің  алғышартына  негіз болып отырған факторлардың аясы кең. Еуразия аймағындағы жалпы геосаяси жағдай Ресей-Иран арасындағы ынтымақтастық пен қарым-қатынас сипатына байланысты.

Қазіргі таңда Иран және Ресей маңызды геосаяси жағдайды иеленген, стратегиялық пайдалы қазбалары мол, адам қоры мен әскери және экономикалық әлеуеті жеткілікті мемлекеттер болып табылады. Мысалы, Иранның территориялық көлемі 1648 мың кв. км-ге тең. Бұл Таяу және Орта Шығыстағы мемлекеттердің ішінде территориясы жағынан ең үлкен, теңізге шығу жолдарының мүмкіндігі ерекше (Иран шекарасының 1/3 бөлігі теңізде) екендігінің дәлелі. Бұл жағдай Иранның көптеген елдермен экономикалық байланысын жеңілдетеді. Мұнай қоры бойынша Иран әлемде бірінші орындарды иеленеді және мыс, хромит, никель және кобальт, табиғи газ сияқты маңызды стратегиялық шикізатқа бай [1]. Тұрғындарының саны бойынша да Иран Орта және Таяу Шығыстағы ірі мемлекеттердің бірі. Ресей сияқты Иранды көп ұлтты, жартылай конфессиялы мемлекет деуге болады. Осы жағдай Иранды аймақта тұрақтылықты қалыптастыруға итермелейді.

Иран мен Ресей бүгінгі таңда ортақ су бассейнін - Каспий теңізін иеленіп отыр. Иранды зерттеушілердің пікірі бойынша, Каспийге қатысты Иранның өзіндік мүддесі бар, ол Каспий  мұнайын өз территориясы арқылы тасымалдаумен байланысты. Бұл жобаны іске асыру Иранға экономикалық жағынан әлеуетін көтеруге және аймақтағы ірі күшке айналуға мүмкіндік береді [2]. Сонымен бірге Каспий теңізін аймақтарға бөлу жобасына байланысты Ресей мен Иран мүддесі  түйісіп отыр. Ресей мен Иранның ұстанымы бойынша, Каспийдің бөлінуі екі мемлекетке де тиімсіз. Олардың ойынша, Каспийді бөлу жобасы іске асқан жағдайда екі мемлекет 200 мың кв. км жоғалтады және бұл Каспий аймағына батыс державаларының ықпалын өсіріп, аймақтағы Иран мен Ресей ұстанымын әлсіретуі мүмкін [3]. Ресей үшін Иран - Солтүстік Кавказдағы тұрақтылықты сақтауға үлес қосатын әріптестердің бірі. Кейбір шетелдік сараптаушылардың пікірі бойынша «Иран Шешенстандағы әрекетіне байланысты Ресейге деген мұсылман әлемінің жағымсыз көзқарасын азайтуға үлес қосады» [4].

Әскери-техникалық, экономикалық және сауда салаларындағы Иран және Ресей ынтымақтас- тығының мүмкіндігі мен болашағы зор. Бұл Ресей мен Иран мемлекет қайраткерлерінің кездесу- лерінде үнемі айтылып жүр. Бүгінгі таңда Иранда Ресей өнеркәсібі үшін, әсіресе қару-жарақ саласы бойынша кең нарықтық мүмкіндіктер қалыптасқан. Кейбір батыс сарапшыларының бағалауы бойынша «Иранға қару-жарақ сатуға байланысты келісімдердің көлемі 1-7 млрд долларды құрайды» [5]. Сонымен қатар ядролық энергетика, мұнай, газ орындарын барлау, транспорт саласында ынтымақтастық орнатуға кең мүмкіндіктерге жол ашылған [6].

Иран да өз тауарларын, соның ішінде тоқыма өнімдері мен тамақ өнеркәсібі өнімдерін, теңіз өнімдерін сыртқа шығару үшін Ресей нарығына мүдделі. Ресей мен Иранның ХХІ ғ. әлемдік өркениеттер дамуының концепцияларында да ортақтықтар бар. Мысалы, әлемнің көпполярлы идеясы Иранның «өркениеттер диалогіне» ұқсас болып табылады [7].

1979 жылғы Иран революциясының маңызы, ең алдымен, әлемде әділ дүниетанымдық іргелі ұстанымдары бар мемлекеттің пайда болуымен сипатталады. Иран, бұрынғы президенті Мохаммад Хатами бейнесінде әлемге қазіргі таңдағы жалғыз әмбебап ұстаным «Өркениеттер диалогін» алып келді. Бұл ұстанымға байланысты әлем мен адамзаттың гүлденуі өзге өркениеттерге деген сыйластықтан, олармен пікір алмасудағы ашықтықтан туындайды. Бұл «өркениеттер қақтығысы» ұстанымына немесе, әлемді ғаламдану шеңберінде бір ізге салып үйлестіруге қарсы. Соңғы уақыттарда Иран Алдыңғы және Орталық Азиядағы ұлттар мен мәдениеттердің диалогіне шақырған біртұтас макроаймақтық жоба ұсынып отыр. Сонымен қатар Иран кез келген мемлекеттік  өркениеттің тәуелсіз дамуы өзгеше доктрина, стратегия, даму жоспары мен жобасы негізінде дамиды, модернизация негізінде құрылмайды деп дәлелдеп отыр. Иранның «өркениеттер диалогі» «Үлкен Таяу Шығыс» деп аталатын АҚШ-тың саяси-географиялық жобасына жалғыз альтернатива болып табылады. Ресей де «Үлкен Таяу Шығыс» доктринасының болашағына сенімсіздікпен қарайды [8].

Қазіргі кезде әртүрлі салаларда Ресей-Иран әріптестігіне негіз болар алғышарттар жетерлік. Әріптестіктің шынайы болашағын болжау үшін, орыс-иран қатынастарының тарихына қысқаша көз жүгіртіп көрейік. Ресей тарихшыларының көрсетуі бойынша: «Иран ежелден Ресей үшін Шығыстағы сауда-экономикалық әріптес бола отырып, ғасырлар бойы Ресейдің шығыстық саясатының маңызды бағыттарының бірі болып қала берді» [9]. Ресей мен Иран арасындағы тұрақты дипломатиялық қатынастар Ирандағы билік басына Сефевилер династиясының келуімен байланысты (1502-1736 жж.) болды. Әскери-саяси одақ қалыптастыруға ұмтылыстар болғанымен, алғашында Ресей-Иран қатынастарының ішінде сауда байланыстары жақсы дамыды.

ХVІ-ХVІІ ғғ. Ресей мен Иранның Түркияға қарсы одақ құруға ұмтылыстары және І Петрдің Парсы  жорығы  Ресей  ұстанымдарын  осы  аймақта  күшейтуге  тырысты  [10].  Осы  кезеңде  Ресей Закавказьедегі ықпал ету аймағы үшін белсенді күресін бастады. ХІХ ғ. басы шығыс мәселесінің ушығуымен, еуропалық державалардың ықпал ету аймағы мен шикізат көзі үшін күресімен, Ресей- Иран қатынастарының нашарлауымен сипатталады. Ресей-Иран қатынастарының ушығуына Ұлыбритания мен Франция саясаты да ықпал етті.

ХІХ ғ. екінші жартысында Ресей әскери қуаты жағынан мықты мемлекетке айналып, сыртқы саяси мәселелерін тиімді түрде шеше бастады. І Николай билігінің алғашқы сатысында Ресейдің Еуропадан әскери-техникалық артта қалушылығы аса байқалған жоқ. ХҮІІІ ғ. соңынан бастап Ресей сыртқы саясатында еуразиялық империя ретіндегі бейнесін көрсете бастады. І Николай патшалық ету кезеңінде сыртқы саясаттағы орталық орын - шығыс мәселесіне, Осман империясымен қарым- қатынасқа берілді. Ресей үшін өз ұстанымдарын Қара теңіз жағалауында күшейту, елдің оңтүстігіндегі шекараны қорғау маңызды еді. Ресейдің сыртқы саясаты үшін маңызды мәселе - Босфор және Дарданелл бұғаздарында Ресей үшін тиімді жағдай қылыптастыру да күн тәртібінен түскен жоқ. Ресей сауда кемелерінің бұғаздардан еркін өтуі мемлекеттің оңтүстік аудандарының экономикалық дамуына, гүлденуіне ықпал етер еді.

Ресей саясатының маңызды бағыттарының бірі Кавказ болып қала берді. Ресей Кавказдағы иеліктерін кеңейтіп, Закавказьедегі шекарасын тұрақтандырып, Кавказ аймағын Ресей империясының құрамына қосуға ұмтылды. Осы аймақтағы Ресей бақталасы Иран болды. Иран мен Ресей арасындағы бейбіт келісім бойынша Ресей Шығыс Закавказьедегі бірқатар территорияларды, Каспий теңізінің батыс жағалауын өз құрамына қосып алды. ХІХ ғ. 20-шы жылдары Иран Талыш, Карабах хандықтарының қайтарылуын талап етті. Шах ауласында орыстарға қарсы бағытталған топ пайда болды. 1826 жылы маусымда Иран әскері Карабахқа енді. Орыс-Иран соғысы басталды. Иран әскербасшысы Закавказьедегі орыс иелігін жоюды көздеді. 1828 жылы Түркманчай келісіміне қол қойылды. Келісім бойынша Эриван, Нахичеван хандықтары Ресей құрамына кірді. ХІХ ғ. 20-ж. Орыс-Иран соғысы нәтижесінде Ресей империясының құрамына Закавказье кірді.

1838 және 1856 жж. Иран Гератқа екі рет жорық жасағанда екі мемлекет арасында қысқа мерзімге одақтастық қатынас орнады. Дегенмен, ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басында Иранның Ұлыбританияның экономикалық қанауына түсуі Иран халқы алдында Ресей беделін төмендетті. Бұндай жағдай 1917 ж. Ресейде болған Қазан төңкерісінен кейін түзелгендей болды.

1921 жылы Кеңес-Иран келісімі бойынша, кеңестік Ресей Иранға тиесілі патшалық Ресейдің мүлкінен бас тартты. Келісімнің 6-шы бабы бойынша кеңес әскері «Иранды өзге мемлекеттердің Ресейге қарсы әскери база ретінде қолдануына жол бермеу үшін» Иранға ену мүмкіндігін алды [11]. Сонымен қатар Каспий суын тең пайдалану 1940 ж. «Теңіз ісі туралы сауда келісімінде» бекітілді [12]. Кейінірек Иран мен КСРО арасында экономика саласында ынтымақтастық дамытылды. КСРО Иранға индустриализация жасауға, 1929-1933 жж. аралығындағы дағдарыс кезеңінде үлкен көмек көрсетті. Бірақ Ұлыбритания қысымымен, Иран билеушілері және жаңа Пехлеви династиясының шахтары КСРО мен сауда-экономикалық ынтымақтастықтың кеңеюіне кедергі келтірді.

90-ж. ТМД қалыптасқаннан кейін Иран мен Ресей арасында геосаяси мүдделерге бағындырылған жаңа ынтымақтастық-аймақтық сала пайда болды. Қазіргі таңда Ресей мен Иран стратегиялық әріптестігінің болашағы қандай болуы мүмкін деген сұрақ екі мемлекетті де толғандырады. Ресей мен Иранның келісілген саясат жүргізетін аймағы - Закавказье, Ауғанстан және Каспий теңізі деуге болады. Закавказье, Әзірбайжан, Грузия, Түркия территориясы арқылы Баку-Джейхан мұнай құбыры өтуге тиіс. Сонымен бірге Каспий теңізінің түбімен өтетін газ құбыры  түрікмен газын Түркияға әкелер  еді. Осы құбырларға қатысты Стамбул қаласында 1999 ж. ЕҚЫҰ саммитінде халықаралық жоба қабылданды. Қабылданған жоба бойынша, құбырлар Ресей мен Иран территориясынан тыс жерлермен өтеді.

Мұнай мен газға байланысты екі мемлекет те бір-біріне тәуелсіз өз мүдделерін көздейтін- діктеріне қарамастан, құбыр салу жобасы Ресейге де Иранға да тиімсіз деп танылды. Себебі, олардың ойынша бұл жоба батыс державаларының мүддесінің күшеюіне алып келуі мүмкін [13]. Ресей-Иран ынтымақтастығында Орталық Азия аймағының орны да бөлек. Бұл аймаққа байланысты Иранның өзіндік мүдделері бар, сондықтан осы аймақ бойынша Ресей Иранның әріптесінен гөрі, бәсекелесіне айналу мүмкіндігі жоғары [14].

Ресей-Иран ынтымақтастығының дамуындағы маңызды орын Ауған мәселесін шешуге  арналады. Ауғанстандағы тұрақтылық пен қауіпсіздік Ресей-Иран мүдделерінің аймағы болып табылатындықтан, екі мемлекетке де әсер етеді. Иранды ауған шииттерінің тағдыры, наркотрафик мәселесі толғандырса, орыстар Ауғанстан мәселесінің Өзбекстан мен Тәжікстанға әсер етуінен қауіптенеді. Себебі, бұл территорияларда Ресей қарулы күштері бірге шекара мәселесін қорғауға қатысады.

2005-2006 жылдар шеңберінде батыс сарапшыларының көзқарасы бойынша, Иранның ядролық жобасы аса маңызды геосаяси мәселеге айналды. Ресей соңғы жылдары Иранның ядролық бағдарламасы бейбіт мақсатта және экономикалық сипатты иеленеді деп сеніп отыр. Бұл жерден  Иран мен Ресейдің экономикалық әріптестігінің сипатын байқауға болады. Экономикалық әріптестікке байланысты әскери келісімдерді, атом станциясын салуды, энергетикалық саладағы шараларды айтуға болады.

Қазіргі таңда Ресей Иранмен экономикалық салада болашағы зор шараларды іске асыруға ұмтылып отырғанымен, қандай да бір саяси одақтан қашқақтап отырған сияқты. Себебі, екі ел қарым- қатынастарының болашағын прагматикалық болжаумен есептейді. Дегенмен, бірқатар қиындықтарға қарамастан, Ресей мен Иран бүгін әріптес мемлекеттер болып табылады, ол экономикалық және  сауда қатынастарынан, аймақтық ынтымақтастықтан көрініс алып отыр. Осы салалардағы екі мемлекеттің ынтымақтастығы талас тудырмайды. Сыртқы саясатты осы бағыттарда белсендірген жағдайда Ресей мен Иранның болашақта стратегиялық одақтастар болуына үлкен мүмкіндіктері бар.

 

Әдебиеттер

  1. Современный Иран. Справочник. - М., 1993. - С. 4-7.
  2. Хуторская В.В. Взаимоотношения Исламской Республики Иран и стран Центральной Азии // Иран: Ислам и власть.- М., 2001. - С. 233-234.
  3. Санаи М. Взаимоотношения Ирана и стран Центральной Азии. - Алматы,
  4. Америке нужна Россия, чтобы сдерживать Иран («Los Angeles Times», США) Бренда Шаффер (Brenda Saffer), 22 февраля 2002, Перевод: Федотов Виктор, http: www.idsa-iran.org/full/143167.html
  5. 13 марта 2001г. Военное сотрудничество с Ираном //http:// www.caucasus.dk/spravka/13mar2001/322.htm
  6. Кулагина Л.М., Ахмедов В.М. Иран выходит из изоляции // Иран: ислам и власть- Сб. статей. - М., - С. 149-163.
  7. Арунова М.Р. РФ-ИРИ. Политический диалог: 1999-2000 гг.// Иран: ислам и власть/ Сб. статей. - М., 2001. - С.
  8. Ткаченко А. Большой Ближний Восток: судьба реформ // Азия и Африка сегодня - № 6 (587). - 2006. - С.
  9. Сажин В. Каковы рамки российско-иранского партнерства? http:// world.ng.ru/azimuth/2001-03-01/2 iran.html
  10. Гушер А. Иран и Россия: что мешает их дальнейшему сближению? // Азия и Африка сегодня. - № 5(598). - - С. 62.
  11. Орлов Е.А. Россия и Иран в ХХ веке (основные этапы взаимоотношений)// Иран: ислам и власть/ Сб. статей. - М., 2001. - С. 195-196
  12. Санаи М. Взаимоотношения Ирана и стран Центральной Азии. - Алматы, 1997. - С.
  13. Файзуллаев Д. Российские интересы в Иране. - М.,
  14. Файзуллаев Д. Россия и геополитическая перегруппировка сил в Центральной Азии // Азия и Африка сегодня. - № 3 (584). - 2006. - С. 
Жыл: 2009
Қала: Алматы