«Əлеуметтену» ұғымы қазіргі кезеңде кеңінен таралып, тек қана əлеуметтану ғылымында емес, сонымен бірге психология, педагогика, этнология, криминалистика, əлеуметтік жұмыс, дінтану жəне басқа да қоғамдық ғылымдар саласында қолданылады. Тұлғаның түрлі теорияларының негізін құрайтын əлеуметтену процесінің көптеген парадигмалары қатар өмір сүріп келеді. Əлеуметтену процесін зерттеуге қатысты тəсілдердің көптігі бұл əлеуметтік құбылыстың күрделі жəне қарама-қайшылықты екендігін жəне топтастыру мен жүйелеудің əрқилы түрлерінің мүмкін екендігін көрсетеді.
Философиялық еңбектерде əлеуметтенуді адамның əлеуметтік сапаларды игеру, «био-дан»«социо-ға» өту процесі деп, қарайтын кең, абстракті түрде түсіну орын алады. «Əлеуметтену» ұғымымен қатар индивидтің əлеуметтік сапаларды қалыптастырғандығын көрсететін «тұлғаның əлеуметтік қалыптасуы» деген ұғымның қолданылуы осының мысалы.
Этнографиялық зерттеулердің көптеген түрлері əлеуметтенуді инкультурация (немесе энкультурация) ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Мұнда əлеуметтену ұрпақтар аралығында мəдениетті жеткізіп отырудың механизмі рөлін атқарады.
Əлеуметтенудің социологиялық анықтамаларында тұлғаның қалыптасуына тигізетін əлеуметтік факторлардың (рөлдер жəне мəртебелер, құндылықтар, талаптар, əлеуметтік институттар, т.б.) əсеріне ерекше көңіл бөлінеді. Психологиялық анықтамаларда дербестіктің қалыптасуына жəне адамдардың жекелік айырмашылықтарына ак- цент жасалынса, педагогикалық анықтамаларда əлеуметтену процесіндегі тəрбиенің рөлі қарастырылады.
Тұлғаның əлеуметтенуі деп оның қоғамға енуі арқылы сыртқы орта мен жекелік сапаларының əсерлерінің негізінде өзінің жекелік жəне əлеуметтік мəнін көрсетуін айтады. Осылайша, əлеуметтену процесінде тұлғаның əлеуметтік тұрғыдан дамуы ғана емес, сонымен қатар оның жекелік ерекшеліктерінің қалыптасуы да жүзеге асады.
Тұлға əлеуметтену процесінде қоғамдық қатынастардың субъектісі жəне объектісі ретінде қалыптасады.
Əлеуметтенудің мүдделер немесе бағыну принципіненегізделгенмеханизмдерініңерекшеліктеріне байланысты оның құралдарының қандай да бір түріне артықшылық беріледі. Тоталитарлық қоғам жағдайында бағыну принципіне негізделген əлеуметтенудің ақпараттық-білімдік құралдары идеологиялық, бір жақтылық сипатымен ерекшеленді. Ұйымдастыру-реттеу құралдары мемлекеттік тапсырыстың негізінде мемлекетке қажет адамдарды қалыптастырды. Сондықтан да өзін-өзі ұйымдастырушы жүйелердің орнына сыртқы факторлардың əсерімен қалыптасқан жүйелер орын алды. Барлық аталған құралдардың ішінде бақылау құралдары негізгі орында болды. Ал стимул беруші (ынталандырушы) құралдар көбінесе қоғам алдында шексіз қарыздарлық пен борыштарын сезінген адамдардың энтузиазмдерін көтеру мақсатын орындады. «Адам мақсат ретінде» – бұл əлеуметтенудің қазіргі үлгісінің түрі.
Қазіргіуақыттаəлеуметтенудіңбағынуүлгісімен қатар мүдделер принципіне қызығушылықпен қарау орын алуда. Өзін-өзі ұйымдастыра, бақылай, жетілдіре білетін тұлғаны қалыптастыру өзекті болып отыр. Ақпараттық-білімдік құралдар енді тұлғаның жан-жақты қалыптасуына қызмет етуге бағытталуда. Бақылау құралдарының көмегімен тыңдай білетін адамды ғана емес, өзін-өзі бақылай білетін жауапкершілігі бар адамды қалыптастыру да маңызды. Ынталандыру құралдары, негізінен алғанда, адамдардың белсенділіктерін, инициативасын көтеруге бағытталады.
Қазіргі кезеңде тұлғаның əлеуметтену процесінің əдістемелік негізі ретінде өзекті болып отырған концепциялардың қатарына виталистік, универсумдық концепцияларды жатқызуға болады. Виталистік концепция бірінші орынға жекелік жəне əлеуметтік тұрғыдан қарастырғандағы тұлғаның субъектілік сапасын қояды. «Адамның өмірлік күші» жəне «өмірлік кеңістік» деген категорияларды басшылыққа ала отырып, бұл концепцияның жақтастары тұлғаның белгілі бір əлеуметтік кеңістікте жəне уақыт аралығында өмір сүру жағдайларына талдау жүргізеді. Бұл концепцияның түсіндіруі бойынша, тұлға əлеуметтенудің жеке жəне əлеуметтік субъектісі ретінде табиғи-биологиялық, психологиялық жəне əлеуметтік факторлардың нəтижесі болып табылатын өмірлік күші арқылы өзінің өмір сүріп отырған əлеуметтік ортасына, яғни өмірлік кеңістігіне сөзсіз əсерін тигізеді.
Универсумдық парадигма тұлғаның биопсихоəлеуметтік мəнінің негізінде оның рухани жақтарына ерекше мəн беруімен сипатталады.
Минималдық универсумға негізделген универсумдық парадигма əрбір дамып келе жатқан материалдық жүйені (оның ішінде тұлғаны да) бейнелеуге қажетті сипаттамалардың аз көлемін – екі элемент, үш деңгей, бес күй, жеті қабатты ұсынады. Универсумдық парадигманың негізгі тұжырымдамаларына сəйкес, тұлғаның əлеуметтенуін адамның табиғи, əлеуметтік жəне рухани байланыстардың біртұтастығы ретінде əлеуметтік ортамен өзін белсенділікпен теңдестіруі жəне екі элементтің: сана мен санасыздықтың; үш деңгейдің: физикалық, астральдық (жан, эмоция сферасы) жəне менталдық (рух, ойлау сферасы) денелердің; бес кезеңнің: ертеректегі əлеуметтенудің,жалпы оқудың,кəсіби оқудың,əлеуметтік кемелденудің, өмірлік циклдің бітуінің; жеті қабатты (өзін) теңдестірудің: əлеуметтік-кəсіби, отбасылық-қауымдық, ұлттық-территориялық, діни-идеологиялық, эволюциялық-түрлік, жыныстық жəне рухани түрлерінің қатарлас жүруінің логикалық процесі ретінде анықтауға болады [1].
Универсумдық теорияның дамуына ерекше үлес қосқан В.Г. Немировский, минималдық универсум принципін «архетип», зерттеу объектісінің толықтырылған үлгісі, əрбір жүйенің даму процесінің жүзеге асырылу матрицасы ретінде қарастырады. Оның көзқарасы бойынша тұлғаның мəнін рационалдықпен қатар саналы түрде жасалынбайтын эмоционалдық мінез-құлық та сипаттайды.
Əлеуметтену процесінің мазмұны мен сипаты əлеуметтік-мəдени ортамен жəне тұлғаның жеке белсенділігімен тікелей байланысты. Бұл өзара байланыс үш деңгейде (қоғам, микроорта жəне жеке өмірлік тəжірибе) көрінеді. Əлеуметтену процесінде тұлға қоғамдық маңызды əлеуметтік-мəдени ақпараттарды, ал микроортада жақын топтардың құндылықтары мен талаптарын қабылдап, үшінші деңгейде бұл қабылданған құндылықтарды өзінің ішкі дүниесіне өткізуді жүзеге асырады.
Тұлғаның əлеуметтенуі қоғам мен жеке адамның əлеуметтенуінің бірігуінен құралады. Яғни, қоғам адамды қалыптастыратын болса, онда адам да қоғамды қалыптастырады. Тұлға қоғамға сөзсіз тəуелді. Ол қоғамсыз өмір сүре алмайды. Бірақ,оның өзіндік тəуелсіздігі бар ма? Керісінше əсердің болуы мүмкін бе? Əлеуметтену процесінің осы принципті, негізгі сұрағына жауап беруде əлеуметтанудың классиктері Э. Дюркгейм мен М. Вебер қарама-қарсы көзқарастарды жақтайды. Дюркгейм əлеуметтік шындықты жеке шындықтан жоғары тұратын автономды шындық ретінде қарастырады. Ол «жеке деректерге» «əлеуметтік деректерді», «жеке санаға», «ұжымдық сананы» қарсы қояды. «Ұжымдық түсініктерді жеке түсініктерден шығаруға болмайтындығы сияқты, қоғамды да жеке адамдардан, тұтасты бөліктерден, қиынды-қарапайымнан шығаруға болмайды», - деп есептейді [2]. Осы сұраққа байланысты М. Вебердің көзқарасы тікелей қарама-қарсы бағытты бейнелейді. Ол қоғамның дамуында жеке адамдардың іс-əрекеттеріне маңызды орын беретіндердің қатарында. М. Вебер əлеуметтік іс-əрекеттің субъектісі ретінде қоғамды немесе ұжымдықтың басқа да түрлерін қарастырған Дюркгеймнен айрықша, субъект ретінде жеке адамның саналы түрде алдына қойған мақсатына жетуге бағытталған іс-əрекетін айтады.
Тұлғаның əлеуметтену процесінің механизмдеріне танымдық, бейімделу, интеграциялық механизмдерді жатқызуға болады.
Т. Парсонс əлеуметтенудің маңызды механизміне тұлғаның өзін үлкендермен теңдестіре қарауын жатқызады. Осы мағынасында əлеуметтенудің танымдық механизмі ретінде еліктеу мен теңдестіруді қарастыруға болады. Əлеуметтенуді тұлғаның əлеуметтік жүйеге бейімделу процесі ретінде қарастыра отырып, Т. Парсонс бейімделу механизміне де басты назар аударады. Бейімделу Парсонс бойынша институционализацияланған құндылықтарды қоғамның күтіліміне сай қабылдау ретінде түсіндіріледі. Ол конформизмді индивидтің табиғатының, оның бейімделу мүмкіндігінің көрінісі ретінде қарастыра отырып, оны əлеуметтік жүйенің қалыптасу заңдылығы ретінде түсіндіреді. Əлеуметтенудің интеграциялық механизмдері оның көзқарасы бойынша, ынтымақтастықтың белгілі бір деңгейіне жетудің тəсілі ретінде қарастырылады.
Қазіргі уақытта тұлғаның субъектілік сапаларының өзектендірілуіне байланысты əлеуметтенудің бейімделу механизмдерінің қатарына инициативаны да жатқызған жөн. Мұның себебі бейімделуді əлеуметтенудің белсенді механизмі ретінде қарастырумен тығыз байланысты.
Синергетиканың əдіснамалық рөлінің күшеюі əлеуметтенудің интеграциялық механизмдері ретінде қолдау үлгісімен қатар қақтығысты қарастыруды талап етеді. Яғни бұл жерде қоғамдағы ынтымақтастықты қалыптастыруда қақтығыстардың да жағымды жақтарын, қызметтерін ескеру қажет. Тұлға қоғамға қақтығыстарға ұшырай отырып та ене алады.
Жоғарыда аталған əлеуметтенудің механизмдерінің мағынасын ашып көрсететін болсақ, онда олар төмендегідей ерекшеліктермен сипатталады.
Еліктеу – индивидтің өзі еліктеп отырған объектінің ерекшеліктері мен мінез-құлық үлгілерін айнытпай салуы.
Теңдестіру – теңдестіріп отырған топтың құндылықтарын саналы түрде қабылдау;
Бейімделу – пассивті бейімделу қылығын таңдау.
Адаптация – белсенді бейімделу позициясын таңдау.
Конформизм (конформдық мінез-құлық) – келісімге келу, субъектілік позициядан бас тарту.
Қолдау үлгісі – қалыптасқан əлеуметтік тəртіптерді қолдаудың əрқилы түрлері.
Қақтығыс – субъектінің өзінің позициясының қарама-қарсы тұрған жақпен сəйкессіздігін сезінуі. Əлеуметтенуге «оқу» деген терминнен гөрі
«игеру» деген термин көбірек сəйкес келеді. Өзінің мазмұны жағынан бұл термин кеңірек жəне оқуды өзінің бір бөлігі ретінде қамтиды. Əлеуметтену адамның биологиялық түрден əлеуметтік түрге айналуын түсіндіреді. Бұл жерде əлеуметтік орта шешуші рөлге ие болады. Əлеуметтену процесі екі кезеңнен тұрады: біріншісі, адамның қоғамдық өмірге араласуы арқылы жеке əлеуметтік рөлдерді орындауы. Т. Парсонстың көзқарасы бойынша, жаңадан дүниеге келудің өзі белгілі бір əлеуметтік рөлді орындауға жатады. Екіншісі, адамның туғанынан бастап өлгеніне дейін созылатын əлеуметтік бақылау. Бұл – қоғамда тепе-теңдікті қамтамасыз ететін құрал.
Енді бірқатар ұғымдарды «əлеуметтену» ұғымымен салыстыра қарастырайық. «Əлеуметтену»,«тұлғаның дамуы» деген ұғымдарды қарастырсақ, бұлар жеке адам мен ортаның белсенді түрде өзара байланысуын жəне адамның дамуының бір ғана кезеңін емес, бүкіл өмірін қамтитын, əлеуметтік сапаларды қалыптастыру процесі, – деген анықтама берсек те, бұл ұғымдарды теңдес деп есептей алмаймыз. «Əлеуметтену» ұғымы «тұлғаның дамуы» ұғымымен салыстырғанда нақтырақ, өйткені ол адамның бойында сол өзі өмір сүріп отырған əлеуметтік жүйенің тарихи типіне сай қасиеттердің қалыптасуын бейнелейді. «Əлеуметтену» жəне «тұлғаның дамуы» ұғымдарының айырмашылығы, біріншісі, адамның əлеуметтік жақтарын, ал екіншісі, əлеуметтік, сонымен қатар биологиялық жақтарын да бейнелейтіндігінде емес. «Əлеуметтену» ұғымы «тұлғаның дамуы» ұғымынан көлемі арқылы емес аспектісі арқылы ерекшеленеді. Атап айтқанда, адамның белгілі бір нақты қоғамда дами отырып, нақты сипаттамалар арқылы ерекшеленуін көрсетеді. Сонымен қатар «тұлғаның қалыптасуы» жəне «тұлғаның əлеуметтенуі» деген ұғымдарды да ажырата білген жөн. В.В. Москаленконың түсіндіруі бойынша, «тұлғаның қалыптасуы» ұғымы оның қалыптасуының жəне дамуының аяқталғандығын, кемелденгендігін бейнелейтін болса, онда «əлеметтену» ұғымы адамдағы əлеуметтік сапалардың кемелденгендігін, жетілгендігін ғана емес, жаңа байланыстар жүйесіне тұлғаның енуімен олардың əрі қарай да өзгерістерге ұшырап отыратындығын бейнелейді. «Əлеуметтену» ұғымы «қалыптасу» ұғымымен салыстырғанда тұлғаның дамуының неғұрлым жалпы процесін қамтиды. Тағы да бір тоқталатын мəселе – бұл «əлеуметтену» жəне «тəрбие» ұғымдарының арақатынасы. Соңғысы алдыңғысымен салыстырғанда мағынасы жағынан тарлау, өйткені мұнда тұлғаға сыртқы əсерлердің тигізетін рөлін анықтауға, берілген процестің мақсатты түрде бағытталғандығын көрсетуге көп мəн беріледі. Бірақ бұл ұғымдар мағынасы жағынан бірін-бірі толықтырып тұрады. Əлеуметтену өзіне əлеуметтік тұрғыдан бақыланатын мақсатты бағытталған процестерді (тəрбие) де, сонымен қатар тұлғаның қалыптасуына əсер ететін стихиялық, спонтанды процестерді де қамтиды. Осыған байланысты ғылыми əдебиеттерде əлеуметтенудің бағытталған жəне бағытталмаған түрлерін ажыратады. Бірінші түрге, қоғамның мақсатына, оның «əлеуметтік тапсырысына» сəйкес тұлғаны қалыптастыру үшін арнайы түрде жасалған əсер ету құралдарының жүйесін жатқызуға болады. Əлеуметтенудің бағытталмаған түрі қоғамдық қатынастардың сипатына байланысты келеді. Стихиялық əлеуметтену – жеке адамның тікелей өмір сүріп отырған ортасына сəйкес келетін əлеуметтік дағдылардың белгілі бір түрлерінің «автоматты» түрде қалыптасуы.
Қазіргі тұлғаның əлеуметтенуі түрлі өлшемдер: əлеуметтік қатынастар жүйесіне кіру деңгейі арқылы, тұлғалық жəне əлеуметтік мүмкіндіктерін жүзеге асыру деңгейі арқылы жəне өз өмірін жетілдіру жағдайларына байланысты бағаланады.
Аталған өлшемдер бойынша əлеуметтену көрсеткіштері тұлғаның қоғамдық еңбек бөлінісі жүйесінде алатын орны, жекелік сапасы мен əлеуметтік мəртебесі, қоғамдық-саяси іс-əрекетке қатысуы, отбасылық-тұрмыстық сферадағы жағдайы арқылы көрінетін əлеуметтік қасиеттері болып табылады.
Нақтырақ тұрғыдан қарастырғанда тұлғаның əлеуметтену өлшемдерінің танымдық, мінезқұлықтық, мотивациялық жəне рефлексивті түрлерін бөліп көрсетуге болады.
Танымдық өлшем тұлғаның əлеуметтік өзара қарым-қатынастар құндылығы туралы жəне өзіндік құндылықтар жүйесінің қалыптасу дəрежесі туралы білу деңгейін сипаттайды.
Мінез-құлықтық өлшем тұлғаның басқа адамдармен қарым-қатынас жасай білу қабілетін, қарым-қатынас тəсілін сипаттайды.
Мотивациялық өлшем тұлғаның өзінің дамуына саналы тұрғыдан келуін көрсететін негізгі мотивтер жүйесі арқылы айқындалады.
Рефлексивті өлшем əлеуметтену процесінде тұлғаның өзіндік шығармашылық дамуын сипаттайды.
Əлеуметтенудің мазмұны, негізгі бағыттары жəне механизмдері қоғамның дамуының экономикалық, əлеуметтік-саяси жəне мəдени факторларымен, отбасының өмір тіршілігімен, мектептің мақсаттары мен міндеттері арқылы анықталады.
Қоғамда өзінің сипаты мен мазмұны жағынан əрқилы болып келетін қоғамдық əрекеттердің түрлері жүзеге асырылады. Бұларға өндірістікэкономикалық, əлеуметтік-тұрмыстық, саяси, діни, эстетикалық, т.б. жатады. Бұлардың əрқайсысының өзінің əлеуметтік кеңістігі бар. Қоғамдық ісəрекеттердің негізінде қоғамдық өмірдің түрлі сфералары қалыптасады. Қоғамдық өмірдің негізгі сфераларына экономикалық, саяси, əлеуметтік жəне басқаларын жатқызады.
Қоғамдық өмірдің негізгі салалары əлеуметтенудің экономикалық, саяси, құқықтық, рухани жəне əлеуметтік сияқты түрлі типтерін бөліп көрсетуге мүмкіндік береді. Тұлға əлеуметтену процесінде əлеуметтенудің бүкіл типтерінің диалектикалық біртұтастығын айқындайтын, өмір сүрудің негізгі бағыттарын бейнелейтін əлеуметтенудің комплексті жүйесіне енеді. Соңғы уақыттарда тұлғаның əлеуметтену процесін зерттеудің сферасы едəуір кеңейтіліп келеді. Сондықтан да бізге танымал əрі дағдылы болып қалған əлеуметтенудің дəстүрлі мəселелері ретіндегі саяси əлеуметтену, отбасындағы əлеуметтену, діни əлеуметтену жəне əлеуметтенудің басқа да түрлерімен бірге тұлғаның жаңа экономикалық үлгісінің қалыптасуын айқындайтын экономикалық əлеуметтену өзекті болып отыр.
«Экономикалық əлеуметтену» термині Қазақстанда нарық қоғамының басталуы жағдайында, яғни ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында пайда болды. Экономикалық əлеуметтену қоғамның экономикалық өміріне қатысу мақсатымен экономикалық білімдерді, құндылықтар мен мінез-құлық үлгілерін қабылдау, тұлғаның экономикалық ойлауын, мінез-құлқын жəне мəдениетін қалыптастыру процесі ретінде қарастырылады.
Тұлғаның экономикалық əлеуметтенуінің қазіргі мəселелері өзінің сипаты мен мəні, мазмұны жағынан алыс емес өткен шақта орын алған экономикалық əлеуметтену процестерімен ерекшеленеді. Қазіргі нарықтық қатынастар жағдайында тұлғаның экономикалық тұрғыдан əлеуметтенуі, негізінен алғанда, экономикалық институттардың мүмкіншіліктеріне ғана емес, сонымен бірге жеке тұлғаның қабілеті мен еркіне, жалпы мəдениетіне де байланысты болады. Ескі əлеуметтік институттардың жойылуына байланысты тұлғаның, топтардың, қоғамның қажеттіліктерін қанағаттандырып отыратын əлеуметтенудің жаңа технологияларын ендіріп отыру өзекті болып отыр. Бұл технологиялар əлеуметтік институттардың ісəрекетін жаңа заманның талаптарына сай өзгертуге, тұлғаның жаңа экономикалық үлгілерінің қалыптасуына алғы шарттардың жасалуына мүмкіндік береді.
Қазіргі кезеңде бүкіл əлемнің жаңа, сапалы технологиялар сатысына көтерілуі адамдық капиталды бағалап, дамытып отыруға мүмкіндік беретін елдердің ғана жоғары дамығандар қатарына кіретіндігін көрсетеді. Нарықтық қатынастар жағдайында қоғамдағы барлық экономикалық жəне саяси процестер тұлғаның мүддесі мен қажеттіліктері, мотивтері жəне іс-əрекеттері, сезімдері, қабілеті мен мүмкіншіліктері тұрғысынан қарастырылуы тиіс.
Əрбір қоғам нарықтық қатынастар жағдайында қоғамға қарсы бағытталған күштер тарапынан болатын үстемдік пен алдап-арбау сияқты əрекеттер жазықтығына айналудан өзін қауіпсіздендіріп отыруы тиіс. Бəрінен бұрын экономикалық мінез-құлық əділеттілік өлшеміне негізделіп, адамгершілік-этикалық талаптарға сай жүзеге асырылуы тиіс.
Француз социологы Э. Дюркгейм өзінің «Қоғамдық еңбек бөлінісі» деген еңбегінде экономика саласындағы процестердің адамгершілік принциптермен,моральменбайланыстылығымəселесіне зор мəн беріп, «егер де біз бүкіл уақытымызды алатын іс-əрекетпен айналысу барысында, тек қана өз пайдамыздан басқа еш нəрсені ойламасақ, онда пайдакүнемдікке салынбаушылық, өз ісіңе жантəнімен берілгендік сияқты қасиеттер қалай пайда болады? – деп сұрақ қояды.
Тұлғаның экономикалық əлеуметтенуіндегі ең маңызды мəселелердің бірі – тұлғаның еңбекке деген жаңаша көзқарастарын, құндылықтарын, мотивациясын қалыптастыру. Еңбекті биологиялық өмір сүру құралынан қоғамдық қажеттілік үшін жүзеге асырылатын дəрежеге жеткізу қажет. Қазіргі кезеңде еңбектің қоғамдық сипатының əлі де дұрыс дамымағандығы оны тауарлық-ақшалық қарым-қатынастар деңгейінде қалдырып отыр. Тоталитаризм практикасы қоғамдық өмірдегі құндылықтардың көп түрлілігінің əлеуметтік негізін, мотивациялық бағдарлардың жекелік ерекшеліктерін жоққа əкеп тіреді.
Қазіргі уақытта іскер адамдар (кəсіпкерлер) нарықтың əрқилы түрлерін жасап, тұлғаның экономикалық əлеуметтену үлгісін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Кəсіпкерлер қазіргі уақытта экономикалық мінез-құлықтың инновациялық үлгісінің мысалы бола алады. Олар өздерінің іс-əрекетін жетілдірумен айналысады.
Кəсіпкер іскер адамның сипаттамалары қандай?
- Тəуелсіздік.Тікелей өз бетімен шешім қабылдайтын адам.
- Жаңашылдық. Эксперименттерден қорықпайтын, мəселелерді шешуге жаңашылдық тұрғысынан келетін адам.
- Сауаттылық. Өзінің айналысатын сферасын өте жақсы білетін, сауатты адам.
- Этикалық мінез-құлық. Этика мен моральдың принциптерін ұстанатын.
- «Бəрін уақытында жасау» принципін басшылыққа алатын адам.
Іскер адамдарға келесі мотивтер тəн:
- табыс алуға бағытталу;
- дербестікке, жауапкершілікке ұмтылу;
- əлеуметтік мəртебесін көтеруге ұмтылу;
- шығармашылыққа, жаңашылдыққа, тəуекелге бел бууға бағыт алу;
- қоғамның экономикалық дамуына қамқор болу.
Саяси əлеуметтену тұлғаның саяси тəжірибені, саяси іс-əрекет пен саяси қатынастардың талаптарын, құндылықтарын жəне бағдарларының белгілі бір жүйесін белсенді түрде қайта өндіру процесі ретінде түсіндіріледі. Шын мəнінде, бұл - ұрпақтан-ұрпаққа саяси құндылықтар, талаптар жəне мінез-құлық үлгілерін жеткізіп отыру процесі. Саяси əлеуметтену ұғымы екі мағынада қолданылады. Біріншіден, индивидтің саяси жетілу процесін, оның саяси «Менінің» қалыптасуын, саяси өмірге өзіндік көзқарастарын, өзіндік саяси бағдарын қалыптастыруды білдіреді. Екіншіден, саяси көзқарастарды, идеяларды, түсініктер мен талаптарды, саяси мəдениетті бір ұрпақтан екінші ұрпаққа, бір əлеуметтік топтар мен қауымдастықтардан екіншісіне жеткізу процесін білдіреді. Осылайша, екі жағдайда да саяси əлеуметтену – түрлі деңгейде жекелік жəне қоғамдық түрде жүзеге асырылатын жалпы, біртұтас процесс. Осы екі деңгейге қатысты саяси əлеуметтенудің екі түрі – жекелік жəне қоғамдық туралы айтуға болады.
Құқықтық əлеуметтену – индивидтің жалпы əлеуметтенуінің бір бөлігі, бір түрі. Құқықтық əлеуметтену процесінде индивид құқықтық сауаттылыққа үйреніп, құқықтық білім негіздерін игеріп, өзінің құқықтық мінез-құлқын практикада қолдануға дағдыланып, құқықтық мəдениеттің белгілі бір деңгейін қалыптастырады. В.Н. Кудрявцев пен В.П. Казимирчуктің көзқарастары бойынша, құқықтық əлеумет- тену тұлғаны əлеуметтік-құқықтық қатынастарға тартып, саяси жəне құқықтық талаптарға, құндылықтарға араластыру, жекелік құқықтық сана мен мəдениетті қалыптастыру процесі [3]. Тұлғаның рухани əлеуметтенуі адамдардың түрлі рухани құндылықтарды жасау, сақтау, тарату жəне қабылдауына қатысты қатынастардың қалыптасуы негізінде жүзеге асады. Бұл – тұлғаның мораль мен адамгершілік, этикалық пен эстетикалық сенімдеріне, түсініктеріне сəйкес құндылықтарды, талаптарды, мінез-құлық үлгілерін қабылдау процесі. Рухани құндылықтар ретінде білім, мінез-құлықтың моральдық талаптары, адамның жақсылық, ақиқаттық, əдемілік, тəртіптілік жөніндегі түсініктері қарастырылады. Бір сөзбен айтқанда, бұлардың барлығы қоғамдық өмірдің рухани мазмұнын құрайды. Тұлғаның мəдениадамгершілік, интеллектуалдық, моральдық, этикалық жəне эстетикалық мінез-құлқының белгілі бір деңгейі оқу тəрбиелік жəне мəдени мекемелер арқылы, яғни əлеуметтік жүйенің институттары арқылы қамтамасыз етіледі. Осы айтылғандардың барлығы тұлғаның əлеуметтік əлеуметтенуі туралы мəселеге алып келеді. Көп жағдайда əлеуметтік əлеуметтену В.Г. Немировский мен Д.Д. Невирко, С.В. Гришаевтің көзқарастары бойынша, тұлғаның əлеуметтену процесі болып табылады [1].
Əлеуметтену процесі барысында тұлға əлеуметтік қатынастардың күрделі жүйесіне еніп, берілген қоғамның мəдениетін көрсететін құндылықтарды, талаптарды, мінез-құлық үлгілерін қабылдап, əлеуметтік қатынастардың пассивті ғана емес, сонымен қатар белсенді субъектісіне айналады. Жоғарыда аталған əлеуметтенудің типтері жалпы əлеуметтенудің органикалық бөліктері ретінде, бөлік пен тұтастық қарым-қатынасында болады.
Қазіргі уақытта «əлеуметтену» ұғымы қоғамда болып жатқан əртүрлі жағдайға байланысты бірқатар өзгерістерге ұшырап отыр. Осыған орай əлеуметтенудің жеке түрлерінің қалыптасып отырғандығын айту қажет. Əлеуметтенудің агенттерінің негізінде отбасылық, еңбектік, кəсіби, діни түрлерін; жас ерекшелік айырмашылықтарына қарай балалар, жастар, ересектер жəне кəрі адамдар əлеуметтенуін; субъектілері негізінде гендерлік, этникалық жəне азаматтық түрлерін бөліп көрсетуге болады.
Отбасы əлеуметтенудің бірінші, негізгі агенті болып табылады. Оның өмірі өз мүшелерінің белгілі бір қажеттіліктерін қанағаттандырумен байланысты. Отбасының қызметтері қоғамдық қажеттіліктердің сипатымен де байланысты болады. Қоғамның саяси жəне əлеуметтікэкономикалық өміріндегі өзгерістер отбасының қызметтеріне де ерекше өзгерістер алып келді. Мысалы, соңғы уақытта отбасының алғашқы бақылауды жүзеге асыру қызметі үлкен өзгерістерге ұшырап, отбасылық-некелік қатынастар сферасында ауытқыған мінез-құлық үлгілеріне шыдамдылықпен қарау (некеден тыс бала туу, ерлі-зайыптылардың бір-біріне тұрақты болмауы, т.б. осы сияқты келеңсіз жағдайлар) орын алды. Ажырасу əдеттегідей үйреншікті жағдай ретінде қабылданатын болды.
Отбасылық əлеуметтену – бұл тұлғаның ісəрекетін отбасында қабылданған дəстүрге сəйкес мінез-құлық үлгілерінің, талаптардың негізінде белгілі бір стандартқа сай дамыту. Тұлғаның қалыптасуында балалар мен ата-аналар қарымқатынасының тəжірибесі ерекше рөл атқарады. Отбасында адамгершілік-этикалық, діни, еңбектік тəрбиенің негіздері қаланады.
Тұлғаның əлеуметтенуіне маңызды агент ретінде еңбек те үлкен əсерін тигізеді. Еңбектік əлеуметтену – қоғамдық маңызы бар еңбекпен айналысу барысында тұлғаның еңбек дағдыларын, тəжірибесін жəне дүниетанымдық көзқарасын қалыптастыратын процесс. Қазіргі уақытта «еңбек» ұғымымен қатар «жұмысбастылық» ұғымы да кеңінен қолданылып келеді. Адамның басты құқықтарының бірі – еңбек ету құқығы жəне бұл, негізінен алғанда, əлеуметтік кепілдігі бар жұмысбастылықты қамтамасыз ету арқылы жүзеге асады. Жұмыссыздықтың əсерінен əлеуметтік байланыстардың үзілуі тұлғаның девиантты мінез-құлқының кеңінен таралуына алып келеді. Сондықтан да жұмысбастылық қазіргі кезеңде тұлғаның əлеуметтенуінің негізгі факторы болып табылады. Жұмысбастылық мəселесінің өзектендірілуі еңбектік əлеуметтену ұғымымен қатар кəсіби əлеуметтену ұғымының қалыптасуына алып келді.
Еңбекке қатынас тұлғаның кəсіби бейімделуінің өлшемі болып табылады. Еңбекке қызығушылық келесі қажеттіліктер негізінде қалыптасады.
- еңбекке адамның шығармашылық мүмкіншіліктерін жүзеге асырудың көзі ретінде қарау қажеттілігі;
- материалдық жəне рухани игіліктерге қатысты қажеттілік;
- қоғамда танылуға деген қажеттілік [4].
Кəсіби əлеуметтену процесінде адам осы кəсіби ортаға кіретін басқа адамдармен міндетті түрде қоғамдық байланыстарға түседі.
Қоғамдағы реформалық өзгерістер «кəсіби өсу», «кəсіби даму», «кəсібилену», «кəсіби қалыптасу» сияқты ұғымдарды өзектендіреді. Кəсіби əлеуметтену белгілі бір еңбек мотивтері, құндылықтар жəне мүдделер негізінде тұлғаның кəсіби қалыптасуы, дамуы жəне өсуі жүзеге асатын процесс.
Дін қоғам мен тұлғаның өмірінде маңызды əлеуметтендіру қызметін атқарады. Діни əлеуметтену – тұлғаның діни түсініктерді, сенім- дерді жəне адамның əлеуметтік, рухани сапасын қалыптастыратын діни ілімдердегі адамгершілік, этикалық, эстетикалық мінез-құлықтың негізгі принциптерін басшылыққа алу негізінде даму процесі. Дін – тұлғаның адамгершілік мінезқұлқының негізгі өлшемдерін анықтайтын қоғамның маңызды мəдени потенциалы.
Жас ерекшелік те тұлғаның əлеуметтенуінің сипатын жəне бағыттарын анықтайтын фактор болып табылады.
Түрлі жас ерекшелік топтарының əлеуметтенуі (балалардың, жастардың, ересектердің жəне қарттардың) төмендегідей ерекшеліктермен сипатталады.
Балалар жеткілікті деңгейде тəжірибелері де жоқ, ересектерге тəуелді қоғамның əлсіз деңгейде бейімделген жəне қорғалған топтарының қатарына жатады. Психикалық құрылымы тұрғысынан толық қалыптасып үлгермегендіктен олар түрлі əсерлерге, тіпті келеңсіз жағдайларға да тез ұшырап қалып жатады. Əлеуметтік орта баланың дамуына жақсы əсер етіп оның көңіл-күйінің көтерілуіне немесе даму процесінің тежелуіне əкелетін фактор болуы да əбден мүмкін. Балалар əлеуметтенуі – бұл, негізінен алғанда, оқыту мен тəрбиелеудің басты үлгісінің негізінде баланы ересектер əлеміне кіруге дайындайтын процесс. Осының негізінде əлеуметтік жетістіктер мен даму жолдарын болжау жүзеге асырылады.
Жастар əлеуметтенуі – бұл жас адамның қоғамның мəдени құндылықтарын белсенді қабылдауы, əлеуметтік өмірге қатысты білімдер мен тəжірибелерді толықтыру процесі.
Ересектер əлеуметтенуі өмірлік құндылықтарды, көзқарастарды қайта бағалау,тұрақты өзіндік позицияны бекіту, үлкен өмірлік тəжірибені жинақтау процесі. Жаңа құндылықтарды, көзқарастарды игеруге қатысты қайтадан əлеуметтену (ресоциализация) процесі осы кезеңге тəн. Неліктен қайтадан əлеуметтену ересектер өміріндегі маңызды кезең ретінде қарастырылады? Өйткені жаңа құндылықтарды қабылдау жастар үшін ешқандай қиын емес, бұл өздігінен жүзеге асырылатын процесс сияқты, ал ересектер болса жаңа құндылықтарды қабылдауға саналы тұрғыдан келеді.
Кəрілік шақта əлеуметтену процесі толық аяқталып қалмай, жалғаса береді, сөйтіп, кəрі кісілер арасында биологиялық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар əлеуметтік тұрғыдан да болатын айырмашылықтарға алып келеді. Сонымен бірге əлеуметтік орта (экономикалық жəне əлеуметтік институттар, отбасы, əлеуметтік қамсыздандыру жүйесі) уақытынан бұрын қартаюға алып келетін немесе қартаюды тоқтататын фактор ретінде бола алады. Қарт адамдар əлеуметтенуіне тəн нəрсе бұл олардың бұрын қабылданған құндылықтар мен талаптарды сақтап қалуға тырысуы, əлеуметтік шындықтың талаптарына сырттай ғана бейімделу арқылы терең интериоризация процесін қабылдамауы. Субъектілердің ерекшеліктері мен маңызды сипаттамалары да əлеуметтену процесінің мазмұнын анықтайды. Осыған орай, əйелдердің, ерлердің, этностардың, азаматтардың əлеуметтену ерекшеліктерін қарастыруға болады.
Əлеуметтену процесінде гендерлік қатынастар тəжірибесін игеру жəне оны саналы түрде түсіну деңгейі де ерекше рөл атқарады. Гендерлік əлеуметтену – бұл индивидтердің өз биологиялық жынысына сəйкес əйелдің немесе ер кісінің мəдени мінез-құлық үлгілерін игеру процесі [5].
Əйелдің немесе ер кісінің мінез-құлығын қалыптастыруда қоғамда қалыптасқан мəдени стереотиптер де үлкен рөл атқарады.
Этномəдени жағдайлар немесе этнос та өзінің психикалық күйіне қарай тұлғаның əлеуметтену процесіне əсерін тигізеді. Ол ғасырлар бойы табиғи, климаттық, экономикалық, əлеуметтік, діни жəне басқа да жағдайлардың əсерімен қалыптасты. Этникалық əлеуметтену – адамның бойында сол өзі өсіп, дамып отырған этникалық топқа тəн мінезқұлық үлгілерін, құндылықтар мен дүниетанымдық көзқарасты қалыптастыратын процесс.
Қазіргі уақытта азаматтық құндылықтардың өзектендірілуі азаматтық əлеуметтену ұғымын қалыптастырды. Азаматтық əлеуметтену – əрбір индивидтің қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қалыптасуына мүмкіндік беретін белгілі бір білімдер жүйесін, талаптар, құндылықтар мен дəстүрлерді еңбектік, саяси жəне құқықтық өмір сүру сфераларынан қабылдау процесі. Азаматтық əлеуметтенудің мазмұны:
- жас адамға бір немесе бірқатар кəсіптер бойынша білімдер жүйесін, еңбек дағдысын жəне тəжірибесін игеруге мүмкіндік беретін кəсіби əлеуметтенуден;
- əрбір жас азаматтың өзінің құқықтары мен міндеттерін білуіне, жастар арасында құқықтық нигилизмді жоюға қарсы бағытталған құқықтық əлеуметтенуден;
3) мемлекеттік жəне қоғамдық істерді басқаруда, əрбір индивидтің өз құқықтары мен еркіндіктерін қорғауға байланысты белсенділіктерін көтеруге бағытталған саяси əлеуметтенуден тұрады.
Қазіргі уақытта əлемдік жаһандану процесі тұлғаның əлеуметтену жағдайларына үлкен əсерін тигізуде. Жаһандық мəселелер жалпыадамзаттық сипатқа ие болып, ғаламдық масштабта көрінуімен, кешенділігімен жəне динамизмімен ерекшеленеді.
Қазақстан қоғамында жаһандық процестердің əсерінен тұлғаның теңдестіру дағдарысымен байланысты ситуация қалыптасты. Өз этносының мəдени үлгісінің жеткіліксіздігі жағдайында басқа мəдениеттердің құндылықтарына баса назар аударып, индивид өзіндік мəдени теңдестіруін жоғалтып алды. Өз халқының дəстүрлі мəдени құндылықтарын ұмытып, жасанды теңдестірумен айналысып, маргиналдық күйге түсті. Сондықтан да Қазақстан социумының ұлттық мүддесі мен діліне сəйкес келетін тұлғаның əлеуметтенуінің жаңа концепцияларын қалыптастыру маңызды болып табылады. Этносаралық жəне конфессия аралық келісім мен диалогты нығайту, азаматтардың бір-біріне деген толеранттық қарымқатынасын қалыптастыру үшін этникалық қауымдастықтардың психологиясы мен ділінің ерекшеліктерін меңгерген жөн.
Қазіргі кезеңде бұқаралық ақпарат құралдары жəне компьютер Қазақстан қоғамының қоғамдық жəне саяси өмірінде үлкен рөл атқарады. Олар жаңа ақпараттық технологиялардың негізін қалап, адамның өмір сүруінің түрлі сфераларында қолданылып, өзінің тұтынушыларына үлкен мүмкіндіктер жасауда. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар азаматтардың өсіп келе жатқан ақпараттық қажеттіліктерін толығымен қамтамасыз етіп, əлемдік ақпараттық ресурстарды пайдалануға мүмкіндіктердің ашылуына жағдай жасап отыр. Жаңа ақпараттық технологиялар адамдық потенциалдың даму көрсеткіштерінің жақсаруына,мысалы, өмір сүрудің ұзаруы жəне шығармашылық белсенділіктің көтерілуіне алып келуде.
Бұл мəселенің екінші жағы ақпараттық технологиялардың тұлғаның əлеуметтену процесінің құралы ретінде Қазақстанның барлық азаматтарына бірдей деңгейде қол жетерліктей болмауы. Ауылдық жерлер əлемдік ақпараттық алмасуға толығымен қатыса алмай отыр.
Жаһандану, индустриализация жəне урбандану процестері қазіргі адамның ойлау технологиясына жағымды ғана емес, сонымен бірге жағымсыз тұрғыдан да əсер етіп, тұлғаны тəрбиелеудегі дəстүрлі, ұлттық құндылықтардың рөлінің төмендеуіне, казақтардың мəдени теңдестіруінің бұзылуына алып келуде. Əлеуметтенудің жаңа əлеуметтік технологиялары тұлғаның əлеуметтенуіне жаһанданудың (компьютеризация, адамның ақпараттық деңгейінің көтерілуі, коммуникация құралдарының дамуы, көпшілік мəдениетінің əсері, т.б.) жəне ұлттық-мəдени дамудың, дəстүрлі, ұлттық құндылықтардың тигізетін əсерін есепке алып отыруы тиіс.
Ақпараттық-басқару немесе жобалау технологияларының əсерімен қалыптасатын қазіргі адамның ойлау технологиясы пайда болып отырған мəселелерді жүйелік, жаһандық, перспективалық тұрғыдан, тұтасымен көруге бағытталған. Қоғамның, жалпыадамзаттық құндылықтардың позициясын ескеру мұндай ойлаудың бір бөлігі. Алайда жаһандық ойлау адамның мəселелерді аймақтық тұрғыдан шешуіне кедергі келтірмеуі тиіс.
Әдебиеттер
- Немировский В.Г., Невирко Д.Д., Гришев С.В. Социология: классические подходы к анализу социальной реальности. – М., – 555 с.
- Дюркгейм Э. Социология и теория познания // новые идеи в социологии. – Спб., – С. 38 3 Кудрявцова В.Н., Казимирчук В.П. современная социология права. – М.: Юрист, 1995. – 300 с.
- Садырова М.С. Индикаторы профессиональной адаптации // Глобализация и вопросы социологической адаптации. Материалы II конгресса социологов Казахстана, Астана, 8 июля – Астана, 2005. Ч.1. – С. 226.
- Linda Lindsey, Stephen Beach. Sociology: social life and social issues. Prentice Hall, Upper Saddle River, New Jersey 07458. – 2000.– 733 p.