Қазіргі баспасөз бетіндегі ақпараттық мәтіндердің барлығы қоғамдық сананың қабылдауына мүдделі. Тілдің коммуникативтік талаптарына сәйкес ақпарат оқырманға түсінікті, стилі жатық болуы шарт. Cоңғы кезде кейбір мақал-мәтелдердің орынсыз, мағыналық құрылымынан уәжсіз ауытқу құбылысын жиі байқаймыз. Бұл тілдік норманы бұзып қолданудың, тілдік бірліктердің мағынасын қате ұғынудың сипатын көрсетеді. Мұндай құбылыс жергілікті немесе тәуелсіз газеттер ғана емес, республикалық, мемлекеттік басылымдардың өзінде кең орын алған.
Газет тілінде берілетін мақал-мәтелдердің бұзылып қолданылуы, құрылымдық жағынан ықшамдалуы, мағынасының өзгертілуі, авторлық қолданысқа тән компоненттерінің түсірілуі немесе компоненттерінің арасына сөз қосып қолданылуы арқылы құбылту өте жиі кездеседі және олар автор тарапынан белгілі бір мақсатқа сай құрылады. Осындай «құбылудың» әсерінен мақал-мәтелдердің мәні, мазмұны өзгеріп, кейбірі тілдік қолданыстан түсіп қалса, кейбірі жиі қолданудың әсерінен стандарт қалыпқа түседі.
Мақал-мәтелдер газет тілінде болсын, көркем әдебиет тілінде қолданылсын мәтін мазмұнына ерекше мән беріп, сөйлемнің тілдік құрылымы мен стиліне айрықша мазмұн береді. Десек те баспасөз тіліндегі мақалмәтелдер әрдайым «орайын тауып» қолданыла бермей, мұндай сөз айшықтарының бір сөйлемде бірнеше рет қабаттаса жұмсалуы да жиі кездеседі. Мысалы: «Әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқтыққа еттері әбден үйренген колледж басшылығы «өзің білме, білгеннің тілін алма» деген мәтелді қағида қып берік ұстанғандай. (Ж.А.02.01.11.); «Күштінің көтені диірмен тарт-қан» тұста бір болмасақ, бірге болмасақ, бізде бір бидайдың дәні тәрізді, диірменге жұтылып, ұнтақталып, талқанымыз шығып, «аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесінге» жетеміз. (Түркістан.22.02.2012);
«Жас келсе іске», «ақыл жастан шығады» деген қағиданы ұстанған іскер басшы Ерсін Қойбеков адам жағдайын түсіне-тін азамат. (Айғақ. 22.08.2012) деген сөйлем-дерде мақал-мәтелдер бір-бірімен қабаттаса келіп, мәтін мазмұнын ашып тұрғанымен, сөй-лемге реңк беруде стиль жағынан құрылымын бұзып қолданылып тұр.
Халық даналығына толы мақал-мәтелдер газет тіліндегі айшықты сөз орамдарының бірі. Мақал-мәтелдердің ойды бейнелі, ұтымды жеткізуде стильдік қызметі ерекше. «Мақал-сөздің мәйегі демекші, қазіргі баспасөз тілінде мақалмәтелдің қолданылу белсенділігі басым. Зерттеуші Ә. Хазимова баспасөз тілін зерттей келе:
«Бүгінгі таңда мақал-мәтелдердің де ұлт болмысының бүгінгі тұрмыс-тіршілігін сипаттауда таптырмайтын көркемдік құрал ретінде жұмсауда»дейді [1, 45]. Мәселен, «Жақсы сөзжарым ырыс» (Е.Қ. № 47 8-б.); «Жығылып жатып сүрінгенге күлмейік» (Е.Қ. №57 5 б.).
«Аузы күйген үріп ішер» (Қаз. әд. №12 7 б.);
«Кеңесіп пішкен тон келте болмас» (Заң. № 8, 3 б.) т.с. тақырыптағы мақалалар кеңінен орын алған. Сонымен қатар қазіргі қолданыста мақал-мәтелдердің әлеуметтік жағдайға байланысты өзгертіліп қолданылғанын да кездестіруге болады» деген тұжырым жасайды.
Жоғарыда айтылғандай мақал-мәтелдер де баспасөз бетінде белгілі бір мақалаға тақырып бола алады. Сондай-ақ тақырыпқа арқау болған мақал-мәтелдер арқылы контекстегі мәтін құрылымы мен мазмұнынан ақпарат алу қиын емес. Біз қарастырып отырған республикалық немесе тәуелсіз баспасөздің қай-қайсысы болсын, олардың тақырыптық, семантикалық ерекшеліктерін мұндай құбылыстың жиі кездесетінін аңғаруға болады. Бұған мысал: Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ (Түрк.25.10.2012). Өзіңді-өзің жаттай сыйла (Түрк.14.04.2013); Жер астынан жік шықты (Түрк.14.04.2013); Сасқан үйрек артымен сүңгиді (Ж.А.№19. 2012); Темірді қызған кезінде соқ (Е.Қ.05.02. 212); Арпа ішінде бір бидай (А.Қ.12.02.2012); Бірлік түбі береке (АҚ. 16.02.2012) т.б.
Белгілі ғалым Н.Уәлиев: «Тілімізге ажар беріп, сөзімізге жан бітіретін мақал-мәтелдер, шешендік сөз оралымдары, айшықты сөз тіркестерінің суреткер шығармасында алатын орны ерекше. Жазушы қаламы із-өкшесі халық тілінде жатқан сөз оралымдарының көркем үлгілерін, сирек түрлерін, ұмыт қалғандарын қолданыс үйіріне қосып, сөздік қордың қорабын молайтып отырады» деп көрсетеді [2, 62].
Жалпы бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде баспасөз тілінің ерекшеліктерін талдап көрсететін болсақ, мұндағы басты тірек – ақпараттық қызмет. Бұл қоғамдық ақпаратты жеткізетін бірден-бір құрал. Сондықтан да тілдің функционалдық стильдері ішінде публицистикалық стиль өзінің мақсаты мен қоғамдағы қызметі және содан туындайтын тілдік ерекшеліктері жағынан басқа стиль түрінен өзіндік сипатымен ерекшеленеді. Негізінде функционалдық стильдің қай-қайсысы да дамуы жағынан әр деңгейде. Стильдік тармақтарының бірі актив дамыса, екінші бірінің белсенділігі төмен. Осы жағынан публицистикалық стиль даму жағынан басқа стиль түрлерінен төмен. Дегенмен қазақ тілінің дамуы мен оның коммуникативтік функциясы үшін ерекше қызмет атқарады. Әсіресе ақпаратты қарапайым тілмен жеткізіп, фактіні ойнатып беруде баспасөз тілінің рөлі зор. Себебі БАҚ-тың тілі қоғамдық санамен коммуникацияға түседі. Сондықтан қазақ тіліндегі бейнелі сөз орамдарының, әсіресе мақал-мәтелдердің қызметі ерекше. Әрине мақал-мәтелдердің қалыптасқан, логикалық жағынан тұжырымды формаларын қолданған өте дұрыс. Дегенмен мұндай сөз орамдарын құрылымы жағынан уәжсіз өзгертіп инварианттың нұсқада қолдану және оны талап деңгейінен түбегейлі, әрі жиі ықшамдау коннотаттық
Баспасөз бетіндегі мақал-мәтелдердің қайта жаңғыруы 5 мағынадағы тілдік таңбалық экспрессивті-эмоционалды, стильдік қызметіне кері әсер етеді.
Қазіргі публицистикадағы сөзжасамның типтері алуан түрлі. Соның ішінде мақалмәтелдерді құрылымдық жағынан ықшамдау, мағынасын өзгерту немесе авторлық қолданысқа тән окказионал жасау өте жиі кездеседі. Мұндай құбылысты «Жас Алаш», «Ана тілі», т.б. баспасөз беттерінен байқауға болады. «Жас Алаш» газеті «Нөмірдің нақылы» айдарымен окказионал мақал-мәтелдерді беріп тұрады. Мысалы:
Шөмішпен сорпа ішкізіп,
Сабымен көзін шығарма (29.03.2013)
***
Террористе туыс болмайды. (13.09.2012)
***
Шыдамсыз шыбын сүтке түседі . (19.12.2012)
***
Қойды шартық бүлдіреді,
Елді қортық бүлдіреді. (09.11.2012)
***
Сиырдың көркі желін,
Елдің көркі келін. (30.11.20012).
Беріліп отырған мақал-мәтелдер авторлық сөзжасам үлгісінде пайда болған бұл контекстерде норманы бұзу немесе компоненттерін ауыстыру құбылысы байқалмайды. Себебі мұндай инварианттар жалпы халықтық формамен сабақтас. Болмаса:
Кім құдайдан безсе,
Шайтан соны сүйеді (23.03.2013)
***
Шіріген мақтадан мата шықпайды. (25.05.2012)
***
Сыйлағанды-сыйла, илегенді-иле (18.09.2012) тәрізді мақал-мәтелдерден де осы тәсілді айқын аңғаруға болады.
Баспасөз тіліндегі мақал-мәтелдердің лексикалық құрамын өзгерту арқылы контаминация жасау құбылысы да жиі кездеседі. Бұл екі түрлі мақал-мәтелдің кейбір сыңарларын элипсиске бейімдей отырып контекстің мазмұнын кеңейтіп беру. Мысалы: Ендігі жерде екі жерге ынтымақ керек, шекара бүтінделді. Ел мен ел тату болса, төбедегіні келтірер. (А.Орда 16.07.2000). Тілімізде ел мен ел тату болса, төбедегіні келтірер тәрізді мақал жоқ. Бұл ағайын тату болса ас көп, төртеу түгел болса төбедегі келер деген мақалдардың контаминацияланған түрі.
Контаминацияланған окказионалды мақалмәтелдер көп мағыналы болып келеді. Бұл көпмағыналылық бірнеше мақал-мәтелдердің мағынасын біріктіре отырып жеке бір ойды жеткізуді мақсат етеді. Контаминацияланған мақал-мәтелдер адресат пен адресанттың арасындағы байланысты тексерудің өзіндік құралы болып табылады.
Зерттеуші ғалым Н.Уәлиев фразеологиялық оралымдардың форма тұрғысынан тұрпатын жаңғыртуға байланысты нормадан жөнсіз ауытқуға мыналарды жатқызады: «Фразеологизмдердің құрамындағы архаизмдерді жаңғырту; деректі ұғымды білдіретін сөздерді дерексіз атаулармен ауыстыру; дыбысталуы ұқсас, мағынасы әр басқа сөздерді жаңсақ қолдану; фразеологизм сыңарларын синонимдес я болмаса мазмұндас сөздермен жаңғырту; фразеологизмдердің грамматикалық тұлғаларын өзгерту және фразеологиялық түйдектердің «неге бұлай айтылатындығына» мотив іздеу т.б.» [2, 194].
Мысалы: Қырық кісі қырға тартқан тірлікті кейде бір өзі-ақ сайға домалата салатын қырсық шалдың немересі көбейді (Ж.А.16.16.2012) деген сөйлемдегі мотив тіліміздегі «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» деген мақалдың негізінен алынып отыр.
Мерзімді баспасөздің ішінде «Ана тілі» газетінде окказионалды мақал-мәтелдердің үлгілері жиі кездеседі. Мысалы: М. Әлімбаевтің:
Көңілің бөліне берсе, Шабытың шөгіне береді.
***
Сүттің дәмін татып ал. Шырын сонсоң сатып ал.
***
Екі ойдың қуаттысын таңда, Екі сөздің сыйпаттысын таңда.
***
Нала-азаптан шошымаймын, Шала қазақтан шошынамын.
***
Топас та толғанады, тек өрісін айт (Ана тілі. 15.03.2013).
Бұл жерде автордың өзіндік қолтаңбасынан шыққан окказионал мақал-мәтелдер берілген. Яғни нормадан ауытқу немесе мотив іздену құбылысы байқалмайды. Тек ақынның экспрессивті бағалауыштық мәні бар сөз оралымдары өзектелген.
Мұндай мақал-мәтелдерді С. Ерікбаевтың мұрасынан да кездестіруге болады:
Жау шақырғың келсе, аттан сал, Дау шақырғың келсе, барымта ал.
***
Шаруа болар әйелдің етегі кең, Шаруа болмас әйелдің етегі кем.
***
Сұлудың жолына сұм тұрар, Судың жолында құм тұрар.
***
Әйелдің көзінен сақтан, Ақылдының сөзінен сақтан.
***
Күріш азса күрмек болады,
Әйел азса жүрдек болады (Ана тілі 03.05.2012).
Осындай авторлық қолданыстағы модификация құбылысын саралай келіп профессор Г. Смағұлова: «Фразеологиялық тұлғалардың авторлық өзгерістерімен өңделуі, окказионал тіркестердің жасалуы, олардың классификациясы, стильдік құбылыстың түрі болатындығы туралы қазақ филологиясында әлі зерттеу нысаны ілінбеген дүние. Сірә, фразеологиялық авторлық өңдеулер тым күрделі және әртүрлі. Әрі бұл жазушы немесе айтушының өзіндік бітім болмысына да тәуелді [4,125] деген пікір айтады. Расында қазақ баспасөзіндегі публицистика саласында мұндай авторлық окказионалдар мен фразеологизмдердің авторлық өзгеріске ұшырауын, оның стильдік мақсаттарын зерттеу енді-енді қолға алынуда.
Мақал-мәтелдерді авторлық қолданысқа икемдегенде көбінесе оның стильдік, коммуникативтік қызметіне әсері ерекше болады. Жалпы мақал-мәтелдер авторлық қолданыста компоненттері түсіріліп, бір компоненті өзгеріске ұшырап немесе компоненттерінің арасына сөз қосып қолдану түрлері жиі кездеседі.
Әдебиеттер
- Хазимова Ә. Қазақ фразеологизмдерінің ұлттық-мәдени деректері: Филол. ғыл. канд. дис. – Алматы, 2002. – 121 б. 2 Н.Уәлиев Фразеология және тілдік норма. – Алматы, 1989.
- Г.Смағұлова Мағыналас фразеологизмдердің ұлттық-мәдени аспектілері. – Алматы, 1998.
- «Жас Алаш», «Түркістан», «Алматы», «Егемен Қазақстан», «Алтын Орда», «Айғақ», «Ана тілі» газеттері.