Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Маңғыстау театрының шығармашылық ізденістері

Әр елдің мәдени-рухани болмысының дамуына әсер ететін өнердің бірі – театр. Біздің заманымызға дейінгі ежелгі Антика дәуірінен бастау алған бұл өнердің адамзаттың рухани өрлеуіне, жеке индивидтердің тұлға болып қалыптасуына ықпалы зор болды. Атақты ғалым Аристотель әрбір қоғамның дамуына ықпал ететін ең алдымен өнер екендігін өзінің «Поэтика» [1, 5] атты еңбегінде жазып қалдырған. Демек, театр – сан қыр лы өнер түрлерінің басын қосатын алып мекеме. Сондықтан да В.Г.Белинский «Театр – это истинный храм искусства, при входе в который вы мгновенно отделяетесь от земли, освобождаетесь от житейских отношений...» [2, 20], – деп бекер айтпаса керек. Онда драматургия, хореография, композитор, вокал, грим, костюм, музыка, жарық эффектілері, режиссура, мүсін, сурет, қолданбалы сәндік өнері, актер шеберлігі, т.б. бірігуі арқылы синтездік өнер туындайды. Осындай барлық өнердің жиынтығынан құралған театр өнері бүгінгі күнге дейін жан-жақты өсіп, құлашын кеңге жайып, өркендеуде.

Елімізде құрылымы күрделі, көтерер жүгі ауыр елуден аса театр бар. Солардың ішіндегі Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен ашылған ең жас әрі эспериментальді бағыттағы театр Н.Жантөрин атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театры болып саналады. Осыдан он үш жыл бұрын ашылған театрдың шоқтығы жоғары, репертуар таңдауы да өзгеше. Аз ғана жылдың ішінде көркейіп, тереңге тамыр жайған мәуелі бәйтерек іспеттес. Театр 2003 жылдың 21 наурызында Ғ.Мүсіреповтың «Қыз Жібек» трагедиясымен шымылдығын ашты, режиссері Ғафиз Есимов. Театрдың іргетасын еліміздің танымал режиссер-педагогтері: Әубәкір Рахимов пен Рахилям Машурованың шеберханасынан дәріс алған, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын драма және музыкалық драма бөлімін бітірген жас актерлар қалады. Атақты шеберлерден бітірген өнерлі топ алғашында бұл спектакльдерді Оқу залының сахнасында көрсеткен. Академия басшылығының қолдауымен еліміздің батыс өңіріне аттанған бітіруші студенттер: Марат Абай Ділдә, Медғат Өмірәлиев, Кенен Ақүрпеков, Рамазан Ақтаев, Майра Бақбердиева, Бану Манкеева, Кенжебек Башаров, Құралай Мырзалинова, Олжас Бегайдаров, Айнұр Әбенова, Таңат Шайых, Шалқар Үркімбаев, Айнара Жансейітова,т.б.

Бұл театрдың ашылу салтанатына алғашқы Президентімізбен қоса, еліміздің өнер тарландары келіп қатысты. Олар Р.Машурованың режиссурасымен қойылған Т.Әліпбаевтің «Томирис» тарихи драмасын тамашалады. Осы сәтте драма актері және музыкалық драма актері мамандығы бойынша білім алған актерлер тарихи елеулі оқиғаның себепкері болды. Сөйтіп, қазақ театрларының легіне жалынды, жаңа леп әкеліп, өнер көкжиегін кеңейтті.

Ашылғанына он үш жыл болған театр жылдан жылға беделді театрлардың қатарына еніп келеді. Маңғыстау облысының театр мәдениеті мен өнерінің дамуына айтарлықтай мол үлес қосқан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Мұханов Нұрнияз Мұханұлы театрдың директоры болып бүгінгі күнге дейін басшылық етіп келеді. Ол театр іргетасының қалануына және оның биік деңгейден көрінуіне атсалысып жүр. Кез келген гастрольдер мен фестивальдерге, түрлі мерекелік шараларға мәдениетімізді дамыту мақсатында театрды бастап шығып, труппамен бірге түрлі мараппаттар мен жүлделі орындарды иеленіп, көптеген медальдарды қанжығаларына байлап келеді.

Театрдың көркемдік жетекші әрі бас режиссерлігіне «Тарлан» сыйлығының лауреаты Мерғалиева Гүлсина Бақытжанқызы тағайындалған болатын. Ол – спектакльдерін сахналауда өзіндік бағыты мен қолтаңбасы бар режиссер. 2004 жылы, яғни театрдың ашылуына бір жыл толған соң Гүлнәр Қанафина бас суретші болып келді.

Репертуардағы спектакльдер: Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек», У.Шекспирдің «Ромео – Джульетта», Ж.Б. Мольердің «Тартюфф», А.П. Чеховтың «Жанжалды әңгімелер», С. Ахмадтың «Келіндер көтерілісі», Н. Птушкинаның «Күтпеген махаббат», Ф. Эрвенің «Мадемуазель нитуш», Ш. Айтматовтың «Ана – Жер ана», А. Камюдің «Калигула», Т. Уильямстің «Тілек трамвайы», М. Баджиевтің «Іздедім сені», В. Гаринней мен А. Джаваннинидің «Ерлі-зайыптылар идиллиясы», Д. Фо мен Р. Франканың «Ерікті жұп», Т. Әліпбайдың «Томирис», Б.Беделханұлының «Махамбет», Г.Хугайдың «Ақырзаман», И. Сапарбайдың «Сыған серенадасы», С. Назарбекұлының «Ақбөбек», С. Назарбекұлы мен Н. Мұхановтың «Ант», Ә. Оразбековтың «Бір түп алма ағашы», «Зілзала», «38 немесе Қарақұрт», т.б. көптеген сан қырлы, әр жанрдағы елуден аса спектакльдер көпшілік қауымға ұсынылды.

Көрнекті драматург-жазушы Қалтай Мұхамеджанов: «Театр өнерінің өркендеуі оның репертуарымен байланысты. Себебі, театрдың көркемдік деңгейі репертуардағы шығармалардың сапасымен айқындалмақ» [3, 414], – деп театрдың дамуына ықпал ететін негізгі факторды дөп басып айтқан. Репертуардағы қойылымдардың жанрлық, тақырыптық жағы әртүрлі болуы және бүгінгі күнмен үндесіп, сабақтасып жатуы кез келген театрдың жетістігі. Осыған орай Маңғыстау облыстық театрының репертуарында тек комедия, трагедия, драма ғана емес эссе, реквием, траги-фарс жанрындағы және күрделі классикалық пьесалар да сахналануда.

Режиссер Г. Мерғалиева С. Цвейгтің «Амок» новелласын, М. Әуезовтің «Қаралы сұлу» әңгімесін және 2011 жылдың 11-наурызында Жапонияда болған зілзаланы негізге алып, сахнада «Зілзала» атты эссе экспериментальдық спектаклін қойды. Бұл қойылымда әйелдер тағдыры тілге тиек етілген. Мәселен: С. Цвейгтің шығармасында жас офицерден жүкті болып, құрсағындағы сәбиінен арылу кезінде көз жұмған сұлу ару, М. Әуезовтің сүйіктісінен айрылған, алты жыл бойы жесір атанып, жан жарынсыз ғұмыр кешкен Қарагөзі және табиғи апатында өзінің жаны қиылса да баласын ажалдан арашалап қалған жапондық әйелдің оқиғасы. Осындай күрделі тағдырларды басынан өткізген кейіпкерлердің қиыншылықтары бұл қойылымның негізгі идеясы болып тартылған. Режиссер спектакльде жоғарыда айталған үш әйелдің пешенесіне жазылған ғұмырларының оқиғалары өзіндік зілзала екендігін көрсете алған.

Қойылым экспозициясы сахнаның әр бағытынан келген үш кейіпкердің бір нүктеде түйісуінен басталады. Сахнаға лайықталған С. Цвейгтің «Амок» новелласында басты рольдегі актриса Б.Манкеева нәзік жанды, тәкаппар ару бейнесінде көрінеді. Бірақ дәрігер роліндегі М. Абай – Ділдәмен кезіккен сәтінде кейіпкердің басына төнген қатерді аңғармадық. Сұлу әйел бүкіл сырды ішіне бүккен. Негізінен новеллада ару жас офицерден жүкті болып қалып, күйеуіне қайта оралғанша қалайда түсік жасату үшін акушер-гинекологка келеді. Дәрігердің өзіне деген ынтық сезімін байқаған соң, ол өз сырын жасырып қалады. Ал, тропиктік жерде жеті жыл өмір сүрген еркектің ақ нәсілді әйелді көрген де оны «ақ періштеге» теңеп, ессіз ғашық болғандығын актер шеберлікпен орындады. Үзінді соңында әйелдің жабайы түсік жасатып, өмірмен қош айтысқан сахнасын көру көрермендерге ауыр соққы болды. Өз ісіне жауапты дәрігер өзі ұнатқан әйелдің өлімі үшін өзін-өзі ешқашан кешірмейтінін байқаймыз. Себебі, дәл сол сәтте кейіпкердің «Амок» ауруына шалдыққанын аңғарамыз. Бұл туралы театр сыншысы З.Исламбаева: «Амок – адамның психикалық күйі, ақылға салып ойлануға мүмкіндік бермейтін қозғаушы күш, көзсіз ызаға, агрессияға берілу. Мұндай жағдайдағы адам жолында кездескен кедергілерге қарамай, бөгет жасағандарды өлтіруі де мүмкін. Бұл жерде «Амок» уақиғасының театр сахнасы үшін емес, кинофильм түсіруге сұранып тұрғандығын айтар едік» [4], – деген болатын. Расында да, адам жанын түршіктірер бұл ауру дәрігердің жан дүниесін өртеген өкініш сезіміне орай аталғандығы белгілі.

«Амок» сюжеті спектакльдегі басқа үзінділердегі өзге әйелдердің басынан өткізген оқиғаларынан мүлдем өзгеше. Себебі, С. Цвейг өзінің шығармасында әйел тағдырларына қарағанда, дәрігердің өз мамандығына деген жауапкершілігіне, яғни ішкі дүниесін жайлаған ар-ожданның азабынан өзіне қол жұмсағандығына назар аударған. Жалпы новелла түрлі психологиялық күйзелістер мен адам жанының қатпарлы сырларына толы. Алайда бұл шығарманың сахналық жүйесі басқа көріністермен байланыспай, көрермендерге белгісіз күйінде қалды. Сахнада әйел – Б. Манкееваның не себепті дәрігерге келгендігі, ал, дәрігер – М. Абай – Ділдәнің оған деген ынтық сезімі түсініксіз болып қала берді. Негізінен «Амок» новелласында дәрігердің Калькуттадан Еуропаға бет алған «Океании» кемесінің жолаушысына өзінің басынан кешкен оқиғасында өзі ғашық болған әйелдің көз алдында қайтыс болуын баяндайды. Алайда кемедегі өтіп жатқан оқиғаны режиссер Г. Мерғалиева сахнаға шығармай, актерлерге өзіндік трактова беріп, қойылымды шиеленістіре түскен. Ол сұлу әйелдің басына түскен тағдыр мен «Амок» ауруына шалыққан кейіпкердің жан айғайын, қызыл мен ақ түсті жарықтың түсіруі арқылы актерлердің қимыл-әрекетімен шешкен.

Осы оқиғадан кейін келесі «Қаралы сұлу» әңгімесінен алынған үзінді сахналанды. М. Әуезов Қарагөздің махаббатынан айрылып, жастай жесір қалған мүшкіл халін: «Алты жыл – қаралы, қайғылы алты жыл өтті. Әрбірі бір-бір өмірдей сарылған ұзақ. Қара жел үзілмей соққан күздің суық күніндей қуарған жүдеу жылдар. Содан бері Қарагөз қаралы тор бұлбұлындай, бұл төсектің иесі... Қарагөз бұл өмірді әбден мойындап болған» [5, 115], – деп жазады. Спектакльде де Қарагөздің жан жарынан айрылып, қара жамылып, алты жыл бойы тартқан азабымен, қиындықтармен айқасып өткізген ғұмыры бейнеленеді. Бірақ әңгімедегі Қарагөздің қиналғандығын сахнадан байқай алмадық. Қаралы сұлу роліндегі А.Әбенова кейіпкерінің жан күйзелісі мен өмірден өткен күйеуі Әзімхан – Е. Бекенді аңсаған әйелдің тән азабын сахнада нанымды етіп бейнелей алмады. Қиналғанда жеңгесін шақыртып, азабын жеңілдету үшін қамшымен аластатқан сәтінде әрекеттердің қайталануы бар. Тән азабын байқатуда символ ретінде қолданған арқанды келесі көріністің жалғасы болатын шіркеудің қоңырауы ретінде қолдануы көрермендерге күлкі тудырды. Себебі, шіркеудегі поптар мен Қаралы сұлудың оқиғасы бір-біріне қарама-қайшылық тудырады. Мұнда М. Әуезов кейіпкерінің басындағы трагедиялық жағдайы мен аянышты күйі спектакльде көрінбей қалды. Қойылымның соңы Жапонияда болған зілзала оқиғасымен аяқталды. Күйеуі мен әйелі баласына адамның қалай жаратылғандығы туралы айтқан аңызындағы аспан мен теңіз құдайы арасындағы конфликтіні екі түрлі маска арқылы көрсетеді. Алайда олар алдағы болатын зілзаладан хабарсыз еді. Өмірден алынған бұл оқиғада айрандай ұйыған отбасының шайқалуы кез келген адамның жүзіне мұң ұялатады. Ана роліндегі актриса Г. Зиятова баласына аналық мейірімін төгіп, бір қолымен баланы, екінші қолымен әлемді тербеткендей әсер қалдырды. Бұл үзіндіде сәбидің әкесін орындаған К. Ақүрпеков пен анасының роліндегі Г. Зиятованың әдемі актерлік дуэт құрғандығын аңғара аламыз. Алайда көріністер ауысқан сайын зілзала дыбысының қатты берілуі актерлер сөзінің анық естілмей, әсерлі сәттердің байқалмай қалуына әкеп соқты.

Cпектакльде салт-дәстүрі, діні, тілі бөлек үш әйелдің тағдыры көрсетілгенімен қойылымның айтар ойы терең. Мұны қазіргі адамдардың басынан өтіп жатқан мәселелердің психологиялық зілзаласы десек қателеспейміз. Оны біз декорациядағы ілінген глобус тәрізді шардан байқаймыз. Осы ғаламшардағы жер бедерінің қызыл түске боялғандығы да бекер емес. Адам жанын түршіктірер әртүрлі мәселелер бүкіл әлемді қамтиды деген түсінік қалыптастырады. Сахна бос кеңістік, хаос іспетті. Антикалық заманда әлем хаостан жаралған деген ұғым болған. Осындай астары бар дүниені Г. Мерғалиеваның табиғат заңдылықтарымен байланыстырғанын байқауға болады. Адамдар қанша қарсыласса да табиғаттың алып күштеріне қарсы тұра алмайды. Өйткені жаратушы адам болмысын табиғат күштерінен әлсіз етіп жаратқан. Спектакльде әйелдердің ауыр тағдырларын режиссер бір арнаға ұштастырған. Алайда ол осы үш оқиғаны біріктіргенімен үзінділердің аралары байланыспай қалған.

Сахна реформаторы К.С. Станиславскийдің «Театр – ұжымдық өнер» деген сөзі бар. Нақты айтылған. Себебі, спектакльде актерлік ансамбльдің шеберлігі басым болғандықтан эссе жанрындағы кейбір олқылықтар байқалмады. Осы тұста Г. Товстаноговтың трактовкасына сүйенетін болсақ, ол: «ни один замысел режиссера не обретет реальный художественной ценности, если он не будет выявяться в актере. Современность актерского исполнения заключается в том, чтобы быть всегда впереди зрителя. Если артист перестает предлагать все новые загадки зрителю, его творчество лишается интереса» [6, 222], – деп тұжырымдайды. Мұндағы жаңашылдық актерлердің спектакльге өзіндік форма беруімен айқындалады. Яғни, олардың бірігіп, пластикалық қимыл-әрекеттер жасауы шығармаға көркемділік берген. Қойылымның соңында жоғарыда ілінген қызыл түсті шар түсіріліп, ішінен зілзалада сәбиін аман алып қалған ананың жансыз денесінің табылуы көрермендерді ерекше сезімге бөледі.

Репертуардағы келесі спектакль – қырғыз елінің танымал жазушысы Ш.Айтматовтың «Құс жолы» повесті бойынша жазылған «Ана – Жер-Ана» пьесасы. Мұны осыдан елу бір жыл бұрын атақты режиссер Әзірбайжан Мәмбетов сахналанған болатын. Араға қаншама жылдар салып, трагедияны қайта түлетіп, жаңаша интерпретация жасаған жас әрі талантты режиссер Дина Жұмабаева спектакльді жаңа формада көрермен қауымға ұсынды.

Д. Жұмабаева негізінен Қазақстан Республикасына Еңбек сіңірген қайраткер, профессор Ю. Ханинга-Бекназардың шеберханасынан дәріс алып, Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде «режиссер» мамандығы бойынша тәлім алған. Ол жас та болса бірне ше күрделі спектакльдерді жарыққа шығарған: К. Абэның «Құмдағы әйел» (дипломдық спектаклі), У. Шекспирдің «Король Лир», «Ромео – Джульетта», Ғ. Мүсіреповтің «Қыз жібек», Н.В. Гоголь «Өлі жандар», Д. Исабековтің «Аққулар мекені», ағайынды Гриммдердің «Бремен музыканттары», Ш. Пьерроның «Золушка», С. Беккеттің «Годоны күту», Г.Х. Андерсеннің «Қар патшайымы», П. Мерименің «Кармен», Ш. Айтматовтың «Ана – Жер ана».

Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарынан сыр шеретін «Ана – Жер ана» авторының: «Әке, мен сенің қайда жерленгеніңді білмеймін. Төреқұл Айтматовқа арнаймын. Ана сен төртеуімізді де өсіріп жеткіздің. Нағима Айтматова арнаймын» [7, 5], – деген жазуынан повесті анасы мен әкесіне арнағандығын аңғарамыз. Ол өзінің осы шығармасын қиын-қыстау кезеңдегі тылдағы қара жұмыс ауыртпалығын мойынына жүктеген, түрлі қиындықтармен ерлерше күрескен нәзік жандардың батылдығын кемеліне келтіре суреттеген. Ш.Айтматов – алапат соғыстың кесірінен сүйген жары мен туған балаларынан, ағайынтуыстары мен бауырларынан айрылған аналардың қайғы-мұңын тебірене жазған қаламгер.

Трагедияда басты кейіпкерлер Толғанай – Қ. Мырзалинова мен келіні Әлиманның – Ж. Құрманқызының басына түскен қиын тағдырлары баяндалады. Сүйікті жарларынан айырылған аналардың ішкі жан дүниесінің күйзелісі мен олардың соғыстан тыс өмірі суреттеледі. Бұл туралы Б. Тоғысбаев: «Спектакльдегі ең басты тұлға – ана. Ол жинақталған образ. Жер бетін қаншама өрт шалса да, адамдар қайғыға, қазаға ұшырап, сел боп ағылған көз жасынан бүкіл әлем күңіренсе де, Толғанайдай аналардың арқасында тіршілік, өмір таусылған емес. Ана – ол мәңгілік символы, әділеттілік қазынасы» [8, 147], – деп өз мақаласында жазып қалдырған.

Қойылымда режиссердің идеясы автордың айтар ойынан алшақтамаған. Қанша жылдар өтсе де «Құс жолының» өзектілігін жоймағандығының бір себебі, аналар бейнесінің көркем, үлгі боларлықтай етіп жазылуы. Өйткені қазіргі заманда кез келген қиыншылыққа төтеп беретін аналар қатары сиреп бара жатқан тәрізді. Ұсақтүйек, болмашы нәрсеге бола ерлерінен ажырап, сәбилерін балалар үйіне тапсырып немесе қолдан түсік жасатып, шараналарынан құтылу жолын іздеген әйелдерді көргенде «қалай ғана жер басып жүр екен?» деген ой келеді. Ал, сондай іс-әрекетке баратын қазіргі кездің келіншектері қасиетті «ана» деген атауға лайық емес деген тұжырымға амалсыз келіп тоқталамыз. Бұл туралы Т. Алтай өз мақаласында: «...«Ана – Жер ана» трагедиясының кейіпкерлері, адам төзгісіз алапат соғыс кезеңінде адами қалпында қала алды, ал жаһандану кезеңінде қоғам неліктен өзгеруде деген сауалдар туындайды? Қазіргі таңда «ана», «бақыт» түсініктері күрт өзгеру үстінде. Тек сырқы пішіні қалып, ішкі мазмұны өзге болуда... Режиссер көрерменді сұрапыл соғыс кесірінен халық қиналып, аштыққа ұрынса да, адами құндылықтарын жоғалтапағаның, «ана» құдіреттілігі, «бақыт» түсінігі сынды адами құндылықтар туралы ойландырады» [9], – деп ана деген үш-ақ әріппен ғана тұратын сөздің маңызы мен қадір-қасиетін ашына айтқан ойымен толықтай қосыламыз.

Қойылымдағы ұлы жазушының Толғанайын орындаған Құралай Мырзалинова спектакль барысында сол заманның барлық аналары тәрізді күйеуі мен балаларына, келініне қамқор, мейірмахаббатын төккен аяулы ана, асыл жар, ардақты жан болып көрінді. Бұл кейіпкерге режиссер өзгеше трактовка беріпті. Мәселен, актриса Толғанайдың балалары мен күйеуі соғысқа аттанғанда көз жасын көл етіп жыламайды, үлкен ұлынан қара қағаз келген сәтінде де эмоцияға берілмейді. Керісінше, кейіпкердің қайсар мінезін, ішкі күйзелісін, жан толғанысын көрсетеді. Актриса қас-қабағының мұңлы мимикасымен, суық хабар естігендегі көңілінің құлазуын қимыл-әрекетімен шебер байқата алды. Д. Жұмабаеваның шешімімен повесть пен пьеасадағы Толғанайдың Жер ана бейнесімен қарым-қатынас жасап, сөйлескен диалогын алып тастаған. Бұл шешім спектакльдің көркемділігіне нұқсан келтірмегендігін байқаймыз. Оның осы ұтымды тәсілінің арқасында спектакль жаңа қырынан қөрінді. Режиссер ұзақ диалогтардың орнына кейіпкеріне қысқа монологтар айтқызған. Қиындықтарға толы күрделі тағдыры туралы айтылған монологтары, музыканың дыбысымен көрермендерге әсерлі көңіл-күй сыйлап, көркем жетіп отырды.

Спектакль барысында актерлер ұжымдық үйлесімді ансамбль құрып, қойылымды жоғарғы деңгейге көтерді. Қасым роліндегі – Айбек Иманқұлов пен Әлиман роліндегі – Жансая Құрманқызы ғашықтарға тән қарым-қатынаспен, мейір-махаббатын шынайы баяндай алды. Олар бір-бірін қас пен қабақтан ұғысып, жарасымды актерлік дуэтке қол жеткізген. Әлиманды актриса ақжарқын, өзінің жаны қысылып, жүрегі қанжыласа да енесіне қолғанат болып, басу айтып, азаматын жоқтамауға тырысқан жаны жайсаң, көңілі кіршіксіз, барлық міндеттерін адал атқаратын келін екендігін нанымды жеткізгенін жүріс-тұрысынан, қимыл-әрекетінен аңғарамыз. Қойылымда Кенжебек Башаров – Толғанайдың күйеуі Сұбанқұлдың ролін ер мінезді, байсалды кейіпте кескіндеді. Ұлдары Майсалбек – Нұрсұлтан Жексенбаев, Жайнақ – Еркебұлан Бекен Отан үшін жанын қиюға дейін баратын патриот екендігін сахнада дәлелдеп берді. Қойылым соңында сахнаның әр бұрышынан басына ақ фата тағып шыққан Әлиман мен Толғанайдың сағынышы, оны еске алуы деп ұқтық. Ал, келінінің енесіне қалдырған теңселме ойыншық аты өмірінің жалғасы болатын сәбидің дүниеге келгендігінің белгісі болып тұр.

Д. Жұмабаева мен Г. Қанафина сахнаны идеяны ортақ бір жүйеге негіздеп, түрлі символдарды қолдана отырып безендірген. Сахнаның оң жағындағы авансценадан сәл жоғары орналас-

қан поезд рельстерінің қиындылары орындық, жолаушылар бекеті, темір жол, үй, терезе, т.б. әртүрлі символикалық міндеттер атқарып тұр. Режиссердің қисынды шешімі поездың дауысын актерлердің аяқ дыбысымен, яғни жерді дүрсілдете соққан жүрістерімен береді. Жал пы бұл спектакльдер көрерменге терең ой салып, қоғамдағы мәселелерге басқаша қырынан қарауға септігін тигізеді. Режиссер пьесаның идеялық көркемдік негізін тұтас сақтап, сахна кеңістігін мүмкіндігінше дұрыс пайдаланған. Алайда рельстердің жоғарғы жақтағы ілініп тұрған қиындыларының екеуі сахнада ойналмай қалды. Мұнда сахнаны толықтай қара матамен безендіру арқылы сол заманның қаралы, ауыр атмосферасын тудыруға тырысқан. Режиссер қойылымда басты тақырып соғыс деп алғанымен, адамдардың адамгершілік қасиеттері мен болмысына ден қойған. Бұл қойылым көрермендерді еңбекқорлыққа, патриотизмге, сабырлыққа, басқа да түрлі жақсы қасиеттерге үйретіп қана қоймай, ана деген ұғымды қастерлеуге, жасы үлкендерді сыйлап, соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетуге шақырады.

Театрдың репертуарынан берік орын алған спектакльдердің бірі – А. Камюдің «Калигула» трагедиясы. Аударған Қ. Төлеуішов, қоюшы режиссері Г. Мерғалиева, қоюшы-суретші Г. Канафина. Бұл трагедияда Рим императоры Калигула Цезарьдің тарихы мен заманы суреттелген. Режиссер өз шешімін әрбір елде болған халықты қанау арқылы ләззат табатын қаныпезер басқарушылардың психологиялық синдромдарын қазіргі замандағы қарапайым халықтың әлеуметтік ахуалын зерттеп, бақылау арқылы қарастырған. Мұндағы басты мәселе – Калигула тәрізді басқарушылардың кез-келген мемлекеттерде тамырын тереңге жайғандығы.

Спектакльдің шымылдығы ашылған сәтте сахнада психиатор – Г. Зиятова алдына келген түрлі әлеуметтік топ өкілдерінен түрлі сұрақтарға жауап алу арқылы олардың психикасын зерттеуге ұмытылады. Қазіргі кезде басты мәселелерге айналған қаражат жетіспеушілігі, уақыттың тапшылығы, ардың аяқасты етілуі сияқты т.б. себептер адамдардың жүйкесінің тозуына әкеліп отыр. Психиатордың: «Қашан туылдың? Сенің атың кім? Сені біреу орманға апарып тастаса, өзіңмен бірге бір ғана зат алуыңа болады десе, сен қандай нәрсе алар едің? Өзіңді кіммін деп санайсың? Сабырлысың ба?» деген сияқты т.б. психологиялық сұрақтарына жауап берген жігіттер мен қыздардың бойынан көптеген кереғар қылықтар мен сабырсыздықты, көбінің жүйкесі ауыратын ауруға шалдыққандығын байқаймыз. Қойылымда психиатор науқастардан сауал алу барысында бірде орысша, енді бірде қазақша сұрақ қоюы спектакльдің көркемділігіне нұқсан келтірген. Мұндағы сұрақтарды тек қазақ тілінде қойған дұрыс болар еді. Себебі, спектакль ана тілінде қойылған.

Декорацияны безендіруде Г. Канафинаның режиссермен бірлесіп ойластырған сахна элементтері мен олардың қолданылуы орынды. Актерлердің киген киімдері бүгінгі заманғы костюмдер. Сахна төрінде шымылдыққа ілінген шеңберлер және ондағы Калигуланың бейнесі, ал одан жоғарғы шексіздіктің символы бейнеленген. Бұл Калигуланың шексіз билігінен хабардар етеді. Сонымен қоса сахнадағы колонна тәріздес темірлер ешкімнен сескенуді білмейтін, төрт құбыласы тең алып империяны көз алдымызға алып келеді.

Сахнадағы көріністер легі бір-бірімен байланыса өрбіп, параллельді алмасқан сәттерде Калигула Цезарьдің патшалық құрған уақытындағы оқиғалар көрермендерге көрсетіледі. Калигуланың зымиян әрекеттерін халық алдында анық көрсететін сатыдағы мизансценалары көрерменге қорқыныш тудырады. Ол биік мінбенің үстінен бірде секіреді, енді бірде сырғып түсіп, өзінің қаһарын көрсетеді. Қол астындағы қызметші Муцийдің әйелін халық алдында абыройынан айырып, арам ойын жүзеге асырады. Ал, бұл жағдай Муцийдің намыстан өлуіне әкеп соғады. Саты арқылы жасалған авансценадағы әрекеттердің көркем, көрермендерге ұғынықты етіп бейнеленгені режиссердің ұтымды жасаған шешімі болып табылады.

Басты рольдегі Е. Бекен спектакль барысында Калигулаға тән озбырлық пен зұлымдықты көрсете алды. Актердің роль сомдауы нанымды, ол – әрбір іс-қимылын аңдап басатын, қиянат жасауда ешбір қаймықпайтын, билікті жамылғыға алып, өзінің пасықтығын жүзеге асырудан аянбайтын ел басқарушысы. Алайда Е. Бекенге әлі де болса Калигуланың қол астындағыларға ерекше назар аударып, әрқайсына өзгеше трактовка табуы керек. Себебі, ол қанша жерден ел басқарушысы болса да ерлі-зайыптылар арасында жары Цезонияға ілтипат танытуы өзінің қабырғасымен сырласып, өзіне жақын ұстауы немесе көп жылдан бері дос болып келе жатқан адамдармен диалогында достық сыйластығы бар екендігін байқататындай басқа қырынан көрсетуі, ал халықтың алдында басшы тәрізді мүлде өзгеше ұстауы қажет. Негізі пьеса желісі бойынша Калигула өте айлакер, ол бірде пірәдар, енді бірде одан асқан қатыгез жоқ, келесіде мақтаншақ тәрізді қасиеттер бойында бар. Осындай түрлі мінездер галереясын бойына жинаған рольді шығару қиынның қиыны десек қателеспейміз. Осы жерде атақты режиссер А.Д. Поповтың: «Актер өз бетінше сахналық мінезді тудыра алады және сол уақыттағы спектакльдің ортақ көркем бірлігіне ол режиссердің көмегінсіз өзінің сахналық тұлғасын ешбір аяқтай алмайды» [10, 22], – деген тұжырымын назарда ұстаймыз. Расында да, Калигуладай үлкен рольді режиссердің көмегінсіз шығару мүмкін емес. Цезарьдің бойындағы зұлымдықты режиссер үстіндегі костюмін ауыстыру арқылы көрсетуге тырысқан. Бірақ костюм ауысқанымен актерде мимикалық өзгерістердің аздығы әрі рольге икемделуі жетіспейді. Осындай қасиеттерді ескерсе болашақта Калигуланның бет-бейнесі көпшілікке танылады деген ойдамыз.

Қазіргі қоғамда Калигуладай басшылардың көп екендігін байқап жүрміз. Кішігірім жер қожайынының өзі қол астындағыларымен ойына келгенін жасап жүргендігі ақиқат. Шексіз билік пен мадақ тек Құдайға ғана тән. Ал ашкөздік, орынсыз байлық пен бедел, мансап адамдарды орға жығып қана қоймай, психикалық ауруларға апарады. ХХІ ғасыр дерті, яғни бүгінгі күнде жиі кездесетін: психикалық бұзылыстар, көреалмаушылық, сабырсыздық, жауыздық, қанағатсыздық екінің-бірінде табылатын адамдыққа жат қасиет.

Қойылымда режиссердің Гитлер ашқан Екінші дүниежүзілік қанды соғысты және Чикатиланың видео роликтерін лед экраннан көрсетпегені абзал. Себебі, бұл шығармаға, спектакльге аталған видеороликтер еш байланыспайды және ешқандай қызмет атқармайды. Керісінше, актерлерге кері әсерін тигізіп қана қоймай, көрермендерді ұғынықсыз жағдайға душар етеді. Режиссердің бұл видеороликтерімен айтпақ ойын Гитлерді Калигулаға теңеген деп түсіндік. Бірақ ол ойы ұғынықсыз болып қалған. Оны көрсететін сахналарды қойылымнан алып тастаса спектакльдің көркемділігіне ешқандай нұқсан келмейтіні анық.

Калигуланың әйелі Цезонияның роліндегі кейіпкерді жауапкершілікпен орындайтын актриса Қ. Мырзалинова осы жолы сахналық серіктесі Е. Бекенмен (Калигула) тіптен үйлесімділік таппаған. Себебі, актрисаның жасы актерден үлкен, сыртқы фактуралары жарасымсыз. Цезонияны жас актриса ойнағаны жөн болар еді. Неге десеңіз, біріншіден – спектакльдегі басты кейіпкерлердің түр-әлпеті, жүріс-тұрысы мен киім киісі арқылы спектакль үйлесім тауып, кемелдене түседі. Екіншіден – Калигуламен басқа да кейіпкерлердің жолығатын сахналарының барлығы дерлік бір-біріне ұқсайды, бірізді болып кеткен. Роль шығаруда актрисаның ішкі толғанысы, сырттай жасаған ым-ишараты байқалмайды. Режиссердің қойған міндеттерінен аса алмаған тәрізді немесе асығыс шығарылған роль болса керек. Осы кейіпкерді ойдағыдай сахнаға шығару Қ. Мырзалиноваға әлі де көп іздену мен ұзақ еңбектенуді талап етіп тұр.

Сарай басшысы Т.Тілеудің орындауында нанымды сипатталған әрі оның оқиғаларды шиеленістіруде айтарлықтай маңызы зор. Әр басқан қадамын есеппен қарап, Калигуланың қас-қабағына жалтаңдап, айтқандарын екі етпей жасап отырады. Спектакльдің өрбуіне актердің ойыны ритм беріп тұрғандығын аңғарамыз. Оған осы қалпынан таймай одан әрі шиеленістіріп, бойына басқа да қосалқы кереғар қылықтар, яғни жағымпаздықты, жылыпостықты, өзімшілдікті көбірек жиып көрсетсе екен деген тілегіміз бар. Сонда кейіпкер бейнесі кеңінен ашыла түседі деген сенімдеміз.

Режиссердің көпшілік сахналарды ұтымды, қисынды көрсете алғандығын спектакль барысында аңғардық. Екі сағаттық қойылым адам санасына көптеген ойлар салып, жаманнан жиренуге үйретеді. Қазіргі заманға тән өзекті мәселелерді қозғап, ащы шындықпен бетпе-бет келуімізге себепкер етеді. Мұның өткен ғасырлық шығарма болғанымен қазіргі күнге дейін өзектілігін жоймағандығы анық. Осыдан түйетініміз – қай заманда да мұндай зимиян, зұлымдармен күрестің жалғасын табатындығы және оны жеңе білу өз қолымызда екендігі. Біздің басты мақсатымыз – осындай кемшіліктерге бой алдырмау, коррупцияға жол бермеу, халқымызға адал, заңымызға бекем болу.

Қорыта келсек, Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының қандай күрделі шығарма болмасын, шынайы сахналауда мүмкіндіктері зор. Себебі труппада өнерді жан-жақты түсінетін, роль шығаруда жанын салатын актерлік ансамбль мықты. Бұл жөнінде З. Исламбаева: «...ұжымда өнерді жан дүниесімен түсінетін, сезінетін, драмалық музыкалық қабілеті жоғары, талантты артистер тобы бар» [4], – деген сөзіне толықтай қосыла отырып, жаңа эксперименттік спектакльдер қоятын жас режиссерлер де бар деп толықтырамыз. Себебі, қазір бұл театрды өрге тартатын режиссерлер: Г. Мерғалиева мен Д. Жұмабаева жаңа спектакльдерімен әлемдік аренадан орын алады деген сенімдеміз.

 

Әдебиеттер

  1. Аристотель. Поэтика. – Пер. М. М. Позднеева. – Книга сочинителя. – СПб.: Амфора, 2008. – C.320. // С. 5
  2. Белинский В.Г. Полное собрание сочинений. – Москва: Издательство А.Н. СССР, 1953-1959. – С. 428. // С. 20
  3. Мұхамеджанов Қ. Таңдамалы: Пьесалар. Әдеби сценарийлер. Өнер жайлы ойлар. –Алматы: Жазушы, 1989. – 544 б.// 414 б.
  4. Исламбаева З. Көршілес елдер мәдениеті тоғысқанда. Мәдениет. № 2, 2015.
  5. Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. Мақалалар, әңгімелер, аудармалар, пьесалар. – Алматы:«Дәуір», «Жібек жолы», т. 3. 2005. 424 б. // 115 б.
  6. Товстоногов Г. Зеркало сцены. – Ленинград: Искусство. 1980. – С.301. // С. 222.
  7. Айтматов Ш. Құс жолы. Повесть. – Алматы: Жазушы. 1998. – 497 б. // 5 б.
  8. Құндақбаев Б. Бел-белестер. – Алматы: «Өнер». 1987 ж. 275 б. // 147 б.
  9. Алтай Т. Ана – Жер ана. // Театр Kz. № 1 (44) 2014 ж.
  10. Попов А. Художественная целостность спектакля. – Москва: 1979. – С. 517. // 22 б.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.