Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

С. Елубайдың «Жалған дүние» романындағы экзистенциалистік мәселелер

Қазақтың көрнекті жазушысы С.Елубай, негізінен, реалистік мәнерде жазады. Оның қазіргі қазақ прозасында өзіндік із қалдырған тақырыбы тың, ойы өзекті шығармаларының шоғыры – «Ақ боз үй» трилогиясы. Ол үлкен бір дәуірдің сипатын беретін «Ақ боз үй», «Мінәжат», «Жалған дүние» атты жеке кітаптардан тұрады. Трилогия қазақ қоғамының жиырмасыншы жылдардағы аумалы-төкпелі дәуір шындығын: жаппай ашаршылық, елге төнген нәубет, асыра сілтеу, қазақы дәстүрімізді, ұлттық құндылықтарымызды қирату, одан бергі кезеңдерде жалғасын тапқан заман құқайын, тағдыр тауқыметін шынайы бейнелеп – барлығы біртұтас дүниені құрайды.

Салыстырмалы түрде үш кітаптың ішінде «Жалған дүние» романының экзистенциалистік сарыны, мистикалық, философиялық астары қалыңдау. Ал алғашқы екі кітапты шартты түрде, «қатаң» реализм шеңберінде жазылған деуге болады. Сондықтан мақалада трилогияның соңғы кітабы «Жалған дүние» романы қарастырылады.

Экзистенциализмнің басты бағдары – адам өмірінің мәні мен мағынасы, жеке тұлғаның өзін тануы, оның болмыспен қарым-қатынасы, адамгершілік құндылықтарға назар аудару. Философиялық бағыт ретінде ХХ ғасырда қалыптасқан экзистенциализм жеке тұлғаның өмір мен өлімге қатысы, адамның дүниеге келудегі мақсаты, қоғамдағы орны сияқты көптеген философиялық мәселелерге жауап іздеді. Ол адамгершілік құндылықтар күнделікті тұтынушылық қажеттіліктердің тасасында қалған, техногенді, индустриалды, қатыгез қоғамға қарсылық ретінде туындады. Ғаламдық дағдарыстар мен соғыстар және төніп келе жатқан рухани апат адамгершілік құндылықтардың құлдырауына, адамның өз қолымен жасалған бірақ, өзіне жат дүниесінде адамның өмірінің мәні мен болмысы жайлы сұрақтар неғұрлым шиеленісе түседі.

Адамгершілік құндылықтарды адам тіршілігінің баянсыздығы тұрғысынан қарастыратын экзистенциалистік мәндегі тақырып «Жалған дүние» романында анық байқалады. «Ақ боз үй» трилогиясының алғашқы екі кітабында қазақ халқының басынан өткерген зұлмат-зобалаң күндерін реалистік негізде шынайы бейнелеуге күш салса, «Жалған дүние» романында тіршілік философиясы, адамның жер бетіндегі миссиясы, мақсаты туралы автор толғаныстары молынан ұшырайды. Ол турасында жазушының өзі де «Тағдыр менің қолыма қалам ұстатты» атты мақаласында: «Дүниеге не үшін келдік, бұл неткен әурешілік деген экзистенциалистік сұрақтар әлі күнге дейін мазалайды. Жаратқан Иенің адамды жаратудағы мақсаты не, не үшін жаратты, не үшін Жер бетіне жіберді? Ешбір ойшыл, ешбір философ толық жауап бере алмайтын ұлы жоба... Қаламгер басында қайнаған ой оның шығармасында бой көрсетпеуі мүмкін емес. Рас, сол өмір деген құпияның сырын ашуға талпындық. Адам жан дүниесі дегенің тылсым ғой. «Жалған дүние» романында да сол философиялық ізденістер лажсыз төбе көрсетті» – дейді [1, 5].

Қаламгердің жан дүниесінен бастау алған осындай құнарлы ойлардың романда өз жалғасын тапқанына куә боламыз. «Жалған дүние» романындағы Едігенің бойынан автордың өз «мені» мұндалап тұр. Автор адам тағдыры арқылы ғалам сырына, адамзат тағдырына көз тігіп, терең философиялық ой түйеді. Едіге де адамның ғаламның бір бөлшегі екенін жүрегімен сезіне біледі. Оқиға психологиялық арнада дамиды: «Телеграф бағанының Аспан үніндей күңіренісі мүлдем соны, тосын саз еді... Тозаңды дауыл қозғаған телеграф сымдары тербеле сарындап әндетеді. Таусыла боздайды. Ары жағындағы алабұртқан Аспан үні екен дейсің. Аспан үні, Аспан мұңы, Аспан жыры. Ұланғайыр шексіздік, кеңістік толғауы. Көмекейі көсілген, зор ауқымды аламан күңіреніс. Күй шерткен ғалам. Күңіренген ғалам. Бұл таң қалып, қалшиып тұрып тың тыңдады. Аласапыран табиғат ана жырына ұйыды.Ұлы жаратылыс тіл жетпес телегей теңіз сыр ақтарды. Мың сан қиял құсыңды сайратып, сан-саққа самғатады... Ақыл жетпес кеңістік өз табаны астындағы мынау бір қылтанақтай жан иесіне – Едігеге қарап тебіренеді. Өзінің ешбір өлшемге сыймас, уақытқа сыймас шексіздік мәңгілік болмысынан хабар береді» [2, 513-514].

«Жалған дүние» романында аспанның келбетін өмір туралы толғамдармен астастыра беру басым. Едігенің тағдыр теперішін, азапты көп көрген жан әлемі, ішкі «кіші ғалам» табиғат тылсымына, «үлкен ғаламға», шексіздікке үңіледі. Аспан қаһарманды мәңгілік мұнарына сілтейді. Мұнда астрофизикалық құбылыс Едігенің өмірімен салыстырылады. Аспан астындағы Едігенің ертеңгі тағдыры көмескі, ал Аспан – мәңгі, құпиясы мол қол жетпейтін жұмбақ. Қаламгер назарын Едігенің алай-дүлей сезіміндегі арпалысқа бұрады. Адамзат табиғатына қашанда тылсым күштер алдындағы шарасыздық, дәрменсіздік тән, Едіге сол күштердің сырын ұғуға талпынады.

Жазушы романда символдық бейне ретінде ақ боз үймен қатар аспанды да қолданады. Едігенің бейіт басына бара жатқанда қазақтардың дүниетанымында киелі болып есептелетін адырАспан шөбін бытырлата басып, жолға түседі. Байқасақ, шөп атауын берген сөз құрамындағы

«Аспан» сөзінің бас әріппен жазылуы, оған арнайы акцент жасалуы да тегін емес. Жалпы Аспан сөзі шығармада символ-сөздің қызметін атқарып, жазылуының сыртқы формасы үнемі бас әріппен беріледі.

Қаламгердің қабылдауында Аспан – тұтастай жаратылыс әлемі, ол мәңгі, тұрақты парадигма. Заман өзгереді, адамның ниеті өзгереді, бірақ Аспан – мәңгі, ол адамдардың үстінен қарап тұрады. Едігенің Аспанға қарап, үлкен ойларға берілетіні де сондықтан. Хансұлу да түсінде Аспан аясындағы ақ боз үйді көреді. Жазушы дүниетанымында Аспан – ауқымы кең философиялық ұғым. Аспан кейіпкердің санасына мұң ұялатып, өмірдің өткіншілігі, жалғандығы, опасыздығы туралы ойларға мегзейді. Ол өз өмірінде сырына жете түсіне бермеген ұлы құпияның сырына енді ғана жеткендей. Едіге өзін табиғаттың ұлы өмірінің бір бөлшегі, ұлы жаратылыстың бір ұшқыны екенін түсінеді. Аспан үні кейіпкерді «өзі мына әлемде болмаса да, ештеңе өзгермейтіні туралы» үлкен философиялық ойларға жетелейді. Табиғат пен кейіпкер жағдайының арасындағы контраст оның өзгермейтін мәңгілік, жаратылыс заңдылығы мен адам өмірінің өткіншілігі турасындағы ойларында қайшылық туындатады. Аспан адам өмірін философиялық тұрғыда түсінудің, психологиялық талдаудың бір тәсіліне айналады. «Ақ боз үй» трилогиясының сюжеттік-композициялық желілері бір бағыт та өрістегенімен, «Жалған дүние» романындағы авторлық, лирикалық шегіністер шығарманы жаңа сапалық қасиеттермен толықтырған.

С. Елубай шығармашылығында адам мен табиғаттың терең байланысы танылады. Әрине, ол ондай қасиетке барлық кейіпкерлері бірдей ие емес. Жазушы «Жалған дүние» романындағы қаһармандар туралы: «Хансұлу да, Едіге де ұлттың ана сүтіне жарыған ұлы мен қызы. Ал одан қалғандары мынау заманның, идеологияның құрығына түскен, немесе алданып алжасқан, күнделікті өтпелі қуаныштың құлы болған, тоғышарлыққа белшесінен батқан ұрпақ өкілдері. Кеңестік кеселден айықпаған ол ұрпақ әлі де арамызда жүр» [3, 10] – деп толғанады. Жазушының өзі атап көрсеткеніндей, «ұлттың ана сүтіне жарыған» Хансұлу мен Едіге сияқты қаһармандардың табиғатпен бірлігі тереңде.

«Жалған дүние» романының алғашқы беттерінен бастап-ақ тығырыққа, тұйыққа тірелу образы бой көрсетеді. Бірінші тарауда автор Хансұлудың қазіргі жағдайымен таныстырады. Оның трагедиясын күшейтетін жағдайлар: Шегенің өлімі, жесірлік тауқыметі, қызы Үміттің «бағының жанбауы», күйеу баласының асылып өлуі, баласы Түгелханның отбасымен ажырасуы, араққа салынуы т.б. Тұйықтан шыға алмау идеясы Едігенің де өмірінен сезіледі. Бұл мотив роман барысында тереңдей отырып, жаңа детальдармен толығады. Жеке тұлға тағдырының тұйыққа тірелуі жазушы шығармаларында әлеуметтік реңкке боялған. Әлеуметтік тұйық біртіндеп рухани тұйыққа айналады. Жазушыны кеңестік қоғамда орын алған әділетсіздіктер, жеке тұлға өміріндегі трагедиялық жағдайлар ғана қызықтырып қоймайды, ол адамдардың мінез-құлқын, әсіресе ішкі қарама-қайшылықтарды шешуге талпыныс жасаған жеке тұлғаның рухани әлемін зерттейді. Осы ретте романда басты қаһарман Едігенің образы қызықты. Қоғамнан қысым көрген Едіге рухани, адамгершілік тұйыққа тіреледі. Оны «Тірліктің мәні неде? Не үшін өмір сүрдім? Жаратқан Иенің адамды жаратудағы мақсаты не, не үшін жаратты, не үшін Жер бетіне жіберді?» дегендей ауқымды сұрақтар мазалайды. Шығарма шешімінде тұйықтан шығу мүмкіндігін таңдауда автор дауысын аңғарамыз.

Тұйыққа тірелу символикалық образы арқылы жазушы лиризмі көрінеді. Жеке тұлғаның тығырыққа тірелуі мен одан шығудың жолын шарқ ұра іздеуі романның ырғақтық-интонациялық деңгейі арқылы даму үстінде, қозғалыста беріледі. Едіге тағдырының тұйыққа тірелуі Түгелхан тұйығынан мүлде бөлек. Образдағы жинақтау нысаны өзгеріп, басты бағдар адамның рухани өміріне бағытталады, сыртқы әлеуметтік трагедия ішкі трагедияға ұласады және шығарма шешімінде тұйыққа тірелу образы нақты тарихи дәуірдің шеберінен шығып, жаратылыс алдындағы жалпыадамзаттық мәселеге айналады. Едігенің трагедиясы жеке адамның мұңынан тыс деңгейге көтеріледі. «Жалған дүние» романында жазушы Едіге трагедиясының әлеуметтік астарынан гөрі оның ішкі әлеміне, жалпыадамзаттық, «мәңгілік» құндылықтарға басты екпін жасайды. Едігенің әлеуметтік тұйықтан гөрі ішкі рухани дағдарысына көп көңіл бөлінеді. Пенденің жаратылыс, өлім алдындағы шарасыздығы, дүниенің жалғандығы, өткіншілігі турасындағы ойлары барлық адамға тән. Жазушы Едіге образы арқылы әлеуметтік, нақты-тарихи бағдардан, «уақыттан тыс» жалпыадамзаттық мәселеге назар аударады.

Романда экзистенциалистік мәселелер Едіге бейнесі арқылы адамның рухани өміріндегі экстремальды жағдайды, шешуші кезеңді жинақтап (рухани күрес, жоғалған рухани бағдарды табу т.т.) суреттеуде айқын көрінеді. Профессор Т.Сыдықов С. Елубайдың «Ақ боз үй» трилогиясындағы Едіге бейнесі турасында: «Трилогияны табандап, түсініп, талдап оқып шыққан адам Едіге қоғамына риза болмады, ойлағаны отарлап алған елдің астамшылығынан іске аспаған соң көкірегінде қыжылы оянып, уақытын тозаққа балап, онан құтылудың жолын іздеді, тоқырау заманы талайдың түбіне осылай жетпеді ме деген сұрақ қоюы кәдік» – деп жазады [4, 127].

«Жалған дүние» романында Едігенің Өктем үнмен диалогында қаһарманның заманға деген өкпесі, ішін қайнатқан ашу-ызасы ақтарылады. Осы тұста жел екпіні үдей түсіп, Аспан асты ұлы ағысқа ілесе үдере көшеді. Сол ұлы көшкіннің екпіні Едігені «қалт-құлт еткен бір жалғыз түйір жаңқадай» қалтақтатып, итеріп әкетеді. Дедектеп келе жатқан Едігенің көңілі де қым-қиғаш, сезімі алай-дүлей бұрқанысқа толы. Жел екпіні екілене соғып, кейіпкерді ұшыра жаздайды. Ұйытқып, қым-қиғаш аласұрады. Жүгіріп басып келе жатқан қаһарманның ширыққан тебіренісі: «Осы кеткені кеткен. Кейін қайтпақ емес. Біржола кетеді. Мына заман, мына қоғам, мына тозақ тірліктен өстіп, қашып құтылады. Қашып барады Едіге. Бұ заман, бұ қоғамның өгей баласы екен, енді аялдайтын несі қалды?! Кетеді. Бет ауған жаққа безеді. Жоғалады... Қарасын батырады. Екі қолын төбесіне қойып, бас ауған жаққа қаңғып кетеді. Сөйтіп, «мәселені шешеді». Мына қым-қуыт аласапыран шудан азат болады. Мәңгі азат болады. Бұған кер заман сыртын берген екен, бұл неге сол кер заманға сыртын бермеске?! Едігемен ұстасқан, Едігемен тістескен заман!!! Кер заман!!! Мен жеңілдім! Сен жеңдің! Мен жалғыз да, сен – көпсің. Сен қал! Мен кеттім! Қарамды батырдым. Қош!!! Едігесіз қалғанына бұл қоғам, бұ заман қуанбаса, қуармайтын тәрізді. Жалғызға қашанда жабыла кетуге бейім, ылғи да жалғызды жайпап тастауға бейім, қатыгез де әділетсіз дүние кәзірде құлан тұтып тұр, бұны тезірек қыр асыра тұрып қарасын батырғысы келетіндей. Тездетіп ізін сипап өшіргісі келетіндей. Сол үшін жанталасатындай» – деп суреттеледі [2, 519].

Едігенің бұл толғанысының экспрессивті-эмоционалдық әсері мол. Қаһарман мен орта, қоғам, заман арасындағы айқын бітіспес кереғарлық, ымырасыздық бірінші жақтан баяндалған жай сөйлемдердің лепті тынысы мен қысқа атау сөйлемдер арқылы күшейген (кетеді, жоғалады, кер заман, қош, т.б.). Күтпеген дауыл, жел екпіні Едіге сезіміндегі өкпе ұшқынын дауылға ұластырады. Табиғат, жынойнақ дауыл кейіпкерге тасбауыр қалпын танытады. Едігені «көрге апарып тықпай тыншымас» түрі бар. Қаһарманның драматизмге толы жан айқайы, өмірден түңілуі патетикалық леппен бейнеленеді. Едігенің заманнан түңілуінің объективтік себептері шынайы бейнеленгенімен, тұлға мен қоғам арасындағы контраст романтикалық өрнектермен айшықталған.

«Кер заман», «тозақ тірлік», «ұстасқан заман», «тістескен заман» сияқты эпитеттер Едігенің ішкі толғанысындағы ой ағымын жылдамдатады. Кейіпкерді жан алқымға алып, дедекте соққан дауылдың күшеюіне сай Едіге санасындағы қоғамға қарсылықтың арта түскенін байқауға болады. Қаһарман жан дүниесіндегі заманға, қоғамға деген өкпе-реніш, жатсыну мотиві семантикалық градация арқылы өрнектеледі де, өзінің шырқау биігіне көтеріліп, түйінді шешімге келген лепті сөйлемдермен көмкеріледі.

Арқадан соққан дауыл Едігені зиратқа қарай дедектетіп әкеледі. Оның өзі келген жоқ, жел қақпақылдап итеріп алып келді. Оның көз алдында екі бейне тұра қалады. Бірі – жер астында қараңғы лақатта жатқан Хансұлу болса, бірі сонау шырқау биікте қалқып ұшып жүрген рух – Хансұлу. «Осы екі елестің екеуінің қайсысы шындық, қайсысы қиял?!» деп Едігенің басы қатады. Едігенің зират басындағы тоқал тамға кіруі, белгісіз ұйқы құшағында болуы, оны тәнінен жанының бөлініп, қалықтап ұшып барып, қара үңгір арқылы алыстағы жарыққа беттеуі, одан кейіпкер рухының тар ауыздан атылып шығып, ағарған теңбіл жарыққа қарай мақпал түнекті оқша тіліп, шетсіз де шексіз жарық әлемге еніп кетуі шығарманың таза реалистік сипатта емес екеніне негіз бола алады.

«Жалған дүние» романында адамдық, рухани бастау кеңестік қоғаммен, нақтылы болмыспен қарама-қайшылыққа түсіп жатады. Өйткені «қоғам адамды тек рухани жақтан өлтіріп қана қоймайды. Еңсені көтертпеудің мың сан тәсілін қолданады». Қаһарман рухты, рухани биік идеалдарды дәріптеу жолында қиын кедергілерге кезігіп, тағдыр тауқыметін тартып жатады. Ол – тағдыр тәлкегіне қарамастан қайнаған күрестің ортасында жүрген жанкешті адам. Ол рух тәуел-

сіздігіне қарсы күреседі. Едіге өзі туралы «әділет жолында жапа шектім» дейді. Қоғамдағы рухани тоқырауға қарсы тұрғысы келеді. Едіге рухани болмысын сақтауға тырысып бағып, жаратылыстың мың сан сұрақтарымен санасы қатады. Адам үшін не маңызды? Адам тірлігінің мәні, мақсаты неде? Адам өмірінің мәні – қарынның тоқтығы, көйлектің көктігі ме? Жарық дүниеге келген соң адам баласы үшін тәннің қажеттілігі мен жанның қажеттілігі бар. Бірақ адамға, ең алдымен, жанның қажеті, рухтың азығы қажет. Соны ұмытқан сәттен бастап, адамның хайуаннан көп айырмасы болмайды. Роман осындай ауқымды ойларға меңзейді. Қаламгер мынау нақтылы болмыс, фәни, жалған дүние мен бақидың, мәңгілік дүниенің арасын бас қаһарман Едігенің дүниетанымы, талғам-таразысы арқылы алуан қырынан таныта алған.

Романның көркемдік шешімінде ұлтсызданған ортамен, қоғаммен ішкі жан дүниесінің талаптары қарама-қайшы келген ұлттың саналы азаматы Едігенің өлімі заңдылық есебінде қабылданады. Едігенің табиғатын ескерсек, оның сондай сорақы қоғаммен ымыраға келуі мүмкін емес. «Едіге ондай қоғамнан кетуге тиіс тұлға» ретінде көрінеді. «Қоғам үшін оның тағдыры алдын ала солай шешіліп қойған».

«Жалған дүние» романында символикалық тұспалдаудың күрделі көрінісін айқынырақ байқаймыз. Шығармадағы пейзаждың автор психологиясы мен қаһарманның жан дүниесін, ішкі өмірін бейнелеудегі қызметі зор. Сонымен қатар мұндағы табиғат суреті реалдық сипатта емес, ол тұспалдау символикасы арқылы қаһарманның «зар замандық», аласапыран көңіл-күйін, ішкі сезімдерін жеткізу мақсатында қолданылған.

Трилогия тақырыбына арқау болған ақ боз үй бейнесі «Жалған дүние» романында да көрінеді. «Жалған дүниеде» Хансұлу тауқыметі мол өмірінің соңғы күндерінде ақ боз үйді, туған ауылын түсінде көреді. Өң мен түс арасындағы хал оны қызықты қиял әлеміне жетелейді. Хансұлудың қызығынан қайғысы, зейнетінен бейнеті мол күнделікті қиын өміріне түсінде көрген ауылының салтанатты сәні, баяғы бақытты күндері айқын контраст арқылы бейнеленген. Бүгінгі кәрілікке кешегі сәби шағы мен жастығы, бүгінгі мұң-қайғысы мол өміріне бұрынғы мұңсыз, алаңсыз, бақытты шағы қарсы қойылған. «Әнеки», «мынау», «енді байқаса», «енді қараса» т.б. деген сияқты экспрессивті мағынадағы сөздер эпикалық баяндауға әрекет, сезім динамикасын, кейіпкер санасындағы сартап сағынышты әсерлі леппен бейнелеуге қызмет етеді. «Күн астында ертегідей ғажайып, жұмбақ сыр бүгіп жатқан алыс құба жон бейтаныс көкжиектер» деген тіркестегі «құба жон көкжиекке» қатысты күрделі эпитеттің құрамындағы фольклорлық дәстүрдегі теңеуден кейін келетін «ғажайып», «жұмбақ» эпитеттері суретке мол экспрессивті-эмоционалдық мағына берген.

Хансұлудың «ғұмыр бойы сағынған, ғұмыр бойы көксеген» арманы, аңсары түс формасында көрінеді. Оның қиялдаған дүниесі түсінде көркемдік сипат алады. Мұнда көшпелі өмір салтының барлық атрибуттары: ақ боз үй, көл, төрт түлік мал, жер ошақ, асық ойнаған балалар, сәнді, салтанатты көш т.б. және ақ орданың оң жағында миық күлкісі шуақ шашқан шешесі мен төрде жайғасқан көкесі – Хансұлудың санасында қайта жаңғырады, дала фонындағы ақ боз үй түстегі қиял құдіреті арқылы бейнеленеді. Оның аяғын тәй-тәй басқан сәби кезі, бойжеткен шағы көз алдынан көлбеңдеп өтеді. Ол өмір бойы осы өмірді, шешесі мен әкесінің ортасында өткізген өткен күндерін аңсаумен келді. Түстегі орталық нәрсе – ақ боз үй образы омырау соза алға шыққан. Өңінде аңсаған «ауылының осы шағын, бақ-берекесі бұзылмаған» бейбіт шағын, жанын белгісіз сезімге орап, елегізіткен, өмір бойы сағынған дүниесін Хансұлу түсінде ғана табады.

«Аспанмен таласқан еңселі, хан сарайындай биік те зәулім» ақ боз үй – шырышы бұзылмаған көшпелі ауыл өмірінің берекелі, бақытты шағының символы.

Романда экзистенциалистік бояуы басым жатсыну тақырыбы айқын көрінеді. Шығармада қоғам тарапынан көрсетілген қысым мен сол қоғамды қабылдамаған қаһарманның оның жатсынуы суреттелген. Кейіпкерлер характері қоршаған ортада, тұрмыстың күйкі тірлігінде қалыптасқанымен, қаһарман сол күйбең тіршіліктен жоғары көтеріліп, жаратылыстың мәні туралы күрделі әрі қиын сұрақтарға жауап іздейді, жалпы адамзаттық мәселелерге басы қатады. Сондықтан болар романда өмірді суреттеуден гөрі, сол өмір туралы философиялық ойларға берілу басым. Өз ортасына, қоғамға қарсы тұрған Едігенің өзімен-өзі оңашалануы, өз ойымен жеке дара қалуы, тіпті қоғамды тастап, басқа әлемге сапар шегуі – романдағы негізгі мотивтердің бірі. Жалпы туындыда жаратылыс жұмбақтарының алдындағы адамның дәрменсіздігі мәселелері негізгі орын алған. Жазушы өткен дәуірлердің рухани және адамгершілік тәжірибесін бейнелеп, әлеуметтік-философиялық жинақтауларға, экзистенциалистік мәселелерге ден қояды.

 

Әдебиеттер

  1. Елубай С. Тағдыр менің қолыма қалам ұстатты // Қазақ әдебиеті. – 2007. – №14 (3018). – Б. 5.
  2. Елубай С. Ақбоз үй. Трилогия. – Алматы: Жазушы, 2005. – 528 б.
  3. Елубай С. Күйреген дүниенің көлеңкесінде // Қазақ әдебиеті. – 2006. – №10 (2962). – Б. 10 .
  4. Сыдықов Т.С. Тамұқтан жеткен үн немесе Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» трилогиясының философиялық астары // ХІХ ғасыр әдебиетін оқыту мен зерттеудің өзекті мәселелері және Шернияз Жарылғасұлының әдеби мұрасы: Халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары. – Алматы: Қазақ университеті, 2007. – Б. 109-131.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.