Аспектуалдылықтың түркі тілдерінде зерттелуі

Мақала аспектуалдылық категориясы зерттелуінің алғышарттарын анықтауға арналған. Аспектуалдылық – семантикалық қызметтерінің негізінде біріккен қимылдың уақытқа қатысты өту сипатын білдіретін (морфологиялық, сөзжасамдық, синтаксистік, лексикалық, лексика-грамматикалық, т.б.) тілдік құралдардың жиынтығынан тұратын функционалды-семантикалық категория. Жалпы тіл білімінде аспектология жеке сала ретінде қалыптасқанымен, түркітануда оның функционалды-семантикалық категория ретінде танылуына қатысты шешілмеген бірқатар мәселелер болды. Оның негізгісі – бүгінгі күнге дейін аспектуалды мағына беретін тілдік бірліктердің жете зерттелмеуі, аспектуалдылықтың функционалды-семантикалық категория ретіндегі компоненттері мен құрылымының, аспектологиялық деривация жолдары мен оны білдіретін тілдік құралдардың толық анықталмауы. Бұл айтылғандардың ең басты себебі орыс тіліндегі етістіктің вид морфологиялық категориясының түркі тілдерінде баламасы бар ма, әлде жоқ па деген даулы мәселеге қатысты болды. Ғалымдар арасында үлкен дау тудырған осы «кішкентай» мәселе ұзақ жылдар бойы аспектологияның түркі тілдерінде жеке сала ретінде қалыптасуына кері әсер етті.

Тілдің негізгі қызметі ретінде әдетте оның номинативтік, коммуникативтік және когнитивтік қызметтері аталады. Сөйлеу үрдісінде айтушы да, тыңдаушы да ақпаратты өзінің эмоциялық күйіне қарай қабылдайды, өзінше пайымдайды. Сөйлеу үрдісіне өзек болып тұрған ақпаратты жеткізу үшін сөйлеуші лексикалық, сөзжасамдық, морфологиялық, синтаксистік, мәнмәтіндік, мәтіндік, интонациялық, экспрессивтік, эмоционалдық т.б. да тілдік құралдарды қолданады. Тілдің жүйелік принципіне сәйкес бұл вербалды құралдар ішкі деңгейлерге бөлінеді. Мұндай жағдайда мағыналық талдау белгілі бір грамматикалық бірліктердің, категориялардың аясында жүргізіледі. Функционалды грамматика теориясының негізін салушылардың пікірінше «тілдік құбылыстарға функционалды-семантикалық тұрғыда қарау түрлі құрылымдық құралдар арқылы білдірілген ұқсас мағыналарға кешенді түрде қарау болып табылады. Функционалды-семантикалық талдауға жеке тіл деңгейлері тұрғысындағы сипаттау шеңберінен шыға қарастырғанда ғана қол жеткізуге болады» [1, 3]. Сондықтан қазіргі тіл біліміндегі басым бағыттардың бірі түрлі деңгейдегі тілдік құбылыстарды олардың атқаратын қызметінің ұқсастығы, ортақтығы негізінде кешенді қарастыру болып табылады.

Жүйелік-құрылымдық және функционалдық аспект бірлігі принципіне негізделген грамматика функционалды грамматика деп аталады. Функционалды грамматика ойды жеткізуші грамматикалық бірліктер қызметінің заңдылықтарын тілдік жүйенің түрлі деңгейдегі элементтерімен өзара арақатынаста зерттейді. Функционалды грамматика тілдік құралдардың қызметін формадан мағынаға қарай ғана емес, мағынадан формаға қарай да үндестіре зерттейді. Бұл бағыттағы зерттеулерде басымдық формаға емес, мағынаға беріледі, зерттеу нәтижесінде нақты бір мағынаны беретін тілдік құралдардың жиынтығы анықталады. Функционалды грамматиканың негізгі зерттеу пәні функционалдық негізі бар тілдік бірліктер – семантикалық категория.

Семантикалық категорияның бірі – аспектуалдылық. Аспектуалдылық термині қазақ тіліне аударғанда сыртқы көрініс, түр, сипат мағынасын беретін aspektus (латын) сөзінен қалыптасқан. Аспектуалдылық – қимылдың уақытқа қатысты өту сипатын білдіретін морфологиялық, сөзжасамдық, синтаксистік, лексикалық, лексика-грамматикалық т.б. тілдік құралдар жиынтығы. Аспектуалдылық функционалды-семантикалық категория ретінде зерттеле келе ХХ ғасырдың ортасынан бастап аспектология деп аталатын тіл білімінің жеке бір саласы ретінде қалыптаса бастады.

Жалпы тіл білімінде аспектология жеке сала ретінде қалыптасқанымен түркітануда оның функционалды-семантикалық категория ретінде танылуына қатысты шешілмеген бірқатар мәселелер болды. Оның негізгісі – бүгінгі күнге дейін аспектуалды мағына беретін тілдік бірліктердің жете зерттелмеуі, аспектуалдылықтың фуңкционалды-семантикалық категория ретіндегі компоненттері мен құрылымының, аспектологиялық деривация жолдары мен оны білдіретін тілдік құралдардың толық анықталмауы. Бұл айтылғандардың ең басты себебі орыс тіліндегі етістіктің вид морфологиялық категориясының түркі тілдерінде баламасы бар ма әлде жоқ па деген даулы мәселеге қатысты болды. Ғалымдар арасында үлкен дау тудырған осы «кішкентай» мәселе ұзақ жылдар бойы аспектологияның түркі тілдерінде жеке сала ретінде қалыптасуына кері әсер етті.

Түркітанушылардың бір тобы (Н.И. Ашмарин, Р.С. Газизов, Ф.А. Ганиев, М.З. Закиев, Н.Ф. Катанов, С.К. Кеңесбаев, В.М. Насилов, Р.З. Мурясов, Д.М. Насилов, Н.О. Оралбаева, Б.А. Серебренников, А.Н. Тихонов, В.Н. Хангильдин, А.М. Щербак т.б.) славян тілдеріне тән етістіктің вид категориясы түркі тілдеріне тән емес десе, енді бір тобы (З.И. Алиева, А. Архангельский, Н.З. Бакеева, В.А. Богородицкий, А.К. Боровков, Н.Э. Гаджиахметов, М.Х. Курбангалиев, Г.Ш. Шарипова, М.К. Ұйықбаев, Ы.Е. Маманов т.б.) етістіктің вид категориясы түркі тілдерінде бар, бірақ етістік формаларының өзіне тән ерекшеліктері кездеседі деген пікірде болды. 1956 жылдың 24-27 қыркүйегі арасында Алматыда арнайы өткізілген түркітанушылардың үйлестірілген мәжілісінде осы мәселе кеңінен талқыланды. Мәжілісте бұл мәселеге қатысты түркітанушылар пікірі екіге жарылды. Екі түрлі көзқарас одан кейін де өзгерген жоқ.

Мұндай көзқарастың туындауына сол кезеңде (кеңестік кезеңде) орыс тіл білімінің түркітанушылар үшін эталон тіл ретінде қызмет еткені үлкен ықпал етті. ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары зерттелуі енді қолға алына бастаған кеңестік кеңістіктегі түркі тілдерімен салыстырғанда орыс тілінің зерттелу тарихы тереңдеу болғанының да өзіндік рөл ойнағаны сөзсіз. Сол кездегі түркі грамматикасын зерттеуші лингвист ғалымдар көп мәселені орыс тілінің заңдылықтарын негізге ала отырып қарастырғандықтан кей жағдайда ана тілінің (туыс емес тілдің) ерекшеліктері назардан тыс қалған болуы да мүмкін.

Процесті аспектуалды интерпретация аясында қарастыра отырып Ю.С. Малов әр тілдің өзіндік айырмашылықтарын көрсетудің маңыздылығын айта келе: «не судить один язык по законам другого, не рассматривать отношения и категории одного языка (например русского) в качестве «нормы», а в другом языке видеть «отклонение от нормы», «неческость нормы» и т.д. нужно всегда иметь ввиду многообразие возможных аспектуальных «оценок» и возможность их разной комбинации друг с другом в составе многозначных, полифункциональных граммем» – деп жазады [2, 347].

Түркі тілдеріндегі аспектуалды мағыналы етістік формалары мен аналитикалық құрылымдар А. Казембек, И. Гиганов, Г. Алпаров, М. Иванов, К. Насыри еңбектерінде вид категориясына қатыссыз қарастырылған. Башқұрт тілінің алғашқы грамматикасының авторлары, бірқатар лингвист ғалымдар да (А. Мансұров, Г. Киекбаев) аспектуалды мағыналы етістік формаларын вид категориясына қатыссыз қарастырады. Н.К. Дмитриев, А.И. Харисов, Р.Н. Төреғүлова, К.З. Ахмеров т.б. башқұрттанушы ғалымдар амалдың өту сипатын білдіретін аналитикалық және морфологиялық құралдардың бірқатарын вид категориясына жатқызады, бірақ олардың өзіндік ерекшеліктерін де атап өтеді. Ал Б.Н. Головин, Р.З. Мурясов, К.З. Закирьянов өз еңбектерінде башқұрт тіліне етістіктің вид категориясының тән емес деген пікірді ұстанады.

Қазір жоғары оқу орындарына арнап жазылған оқулықтар мен оқу құралдарында башқұрт тіліндегі вид категориясы көрсетіліп жүр. Бірақ олардың мағынасы славян тілдеріндегі аталған категорияға қатысты қалыптасқан түсініктен өзгеше. Бүгінгі таңдағы ғылыми зерттеулер нәтижесі тұрғысынан алғанда бірқатар теориялық түсініктер қазіргі аспектология ұғымы аясында қайта қарастыруды қажет етеді. Р.А. Абуталипова өз зерттеуінде: «Мыс исходим из того, что в башкирском языке, как и в других тюркских языках, грамматическая категория глагольного вида отсутствует. Следовательно, при описании функционально-семантической категории аспектуальности будем ориентироваться на другие вербальные средства репрезентации аспектуальных значений – синтаксические, лексичсекие, морфологические, контекстные, интонационные и комбинированные, которые относятся к разным ярусам языковой иерархии» – деп жазады [3, 10].

Амал-әрекеттің өту сипаты мен жасалуындағы түрлі ерекшеліктер түркі тілдерін зерттеушілер назарына ертеден-ақ іліккен.

П.М. Мелиорнаский, В.В. Катаринский, М. Терентьев т.б. ғалымдардың XIX ғасырда жарық көрген қазақ тіліне қатысты жазылған еңбектерінде қимылдың жасалуындағы ерекшеліктер көмекші етістіктердің қызметі тұрғысынан сөз болады. Қазақ тіліндегі көмекші етістіктердің қызметі мен мағынасына қатысты тіл білімінде әр түрлі көзқарастар мен пікірлер болды. Ол көзқарастардың, талас туғызып келген мәселенің бірқатары көрініс (орыс тіліндегі вид категориясы) категориясымен байланысты болды. Славян тілдеріне тән көрініс категориясы қазақ тілінде бар ма жоқ па деген мәселе көп уақыт шешімін таппай даулы мәселеге айналды. Н.К. Дмитриев, Н. Баскаков, Л.И. Харитонов, А.И. Харисов өз еңбектерінде түркі тілдерінде көрініс категориясы бар екендігін дәлелдеді. И. Ұйықбаев қазақ тілінің материалдары бойынша көрініс категориясына қатысты кандидаттық диссертация қорғады. Етістікті зерттеуші Ы. Маманов, Х. Махмудов, Н. Сауранбаев сынды ғалымдар да қазақ тілінде көрініс категориясы бар деген пікірде болды. Бұл көзқарастың қалыптасуына:

Н.К. Дмитриев, Н.А. Баскаков сияқты беделді түркітанушы ғалымдардың тұжырымдары; 2) сол кездегі қазақ тіл біліміне қатысты зерттеу жұмыстарына тигізген орыс тіл білімінің ықпалы; 3) етістіктің терең зерттелмеуі сияқты факторлар әсер еткен деп есептейміз.

Профессор Қ. Жұбановтың 1936 жылы жарық көрген «Заметки о вспомогательных и сложных глаголах» атты мақаласында түркі тілдерінде, оның ішінде қазақ тілінде қимылдың жасалуының өте дәл суреттелетіндігі, ол орыс тілінің вид категориясына ұқсағанымен онымен бірдей емес екендігі жайында айтылады. Қ. Жұбановтың өз пікірін келтірейік:

«Являясь по строю типичным агглютинативным, с довольно значительным сохранением следов синкретизма, казахский язык переживает ту стадию морфологической зрелости, которая делает категорию его глаголов запутанной не менее, чем в грузинском языке. Сколько одних времен в казахском! Сколько в особенности тех уточнений хода и условия действия, которые напоминают виды славянских языков, но не тождественны с ними! Часто бывает трудно установить, имеем ли дело с наращениями одного глагола или же с целым сочетанием слов синтаксического порядка. В последнем случае нелегко узнать, где кончается один слог и начинается другой. Значительная часть основных глаголов употребляется и в качестве вспомогательных, поэтому порой трудно различить, употреблен ли тот или иной глагол во вспомогательном значении или основном» [4, 457]. Қазақ тілінде «вид категориясының» грамматикалық категория ретінде қалыптасуы мүмкін емес екендігі туралы Қ. Жұбановтың аталған мақаласы жарияланғаннан кейін де бұл мәселеге нүкте қойылмады. 1956 жылы осы мәселеге байланысты арнайы өткізілген ғылыми-теориялық кеңесте негізгі баяндама жасаған Б.А. Серебренников түркі тілдерінде көріністің грамматикалық категория ретінде танылуы мүмкін емес екендігі жайлы ғылыми пікірін негіздеді.

1954 жылы жарық көрген академиялық грамматикада амалдың өту сипатына қатысты мәлімет берілмейді. 1967 жылы жарық көрген академиялық грамматикада амалдың өту сипатын көрсететін грамматикалық формалар етістіктің сөз тудырушы формалары мен сипат категориясының құрамында қарастырылады. А. Ысқақов қимылдың, іс-әрекеттің, амалдың жасалуының түрлілігін көрсететін -қыла,-кіле, -мала, -меле сияқты қосымшалар мен -п отыр, -п тұр, -п жатыр, -п жүр сияқты аналитикалық формаларды жеке бөліп алып амалдың өту сипаты категориясы деп атайды [5, 133]. Қимылдың өту сипаты категориясының ғылымитеориялық негізін жасауға өзіндік үлес қосқан Н. Оралбаева қимылдың өту сипатын ішкі мағыналық ерекшеліктеріне қарай екіге бөледі: 1. Қимылдың тәсілі; 2. Қимылдың даму сатысы [6, 253]. Зерттеушінің 1971 жылы қорғалған докторлық диисертациясында түркі тілдерінде, оның ішінде қазақ тіліндегі қимылдың өту сипаты категориясы ғылыми тұрғыда дәлелденіп, оның ішкі құрамы қимыл тәсілі мен қимылдың даму сатысынан тұратындығы айтылады. Қазақ тіліндегі қимылдың өту сипатының жекелеген мәселелері бірнеше ғылымизерттеу жұмысының нысаны болды. Бұл ретте С.М. Маралбаеваның «Семантика процессности действия и способы выражения ее в казахском языке» (Алма-Ата, 1991), А.Т. Шарапиденованың «Начинательность в системе категории аспектуальности казахского и русского языков» (Алматы, 1994), Қ. Мұхамадидың «Қазіргі қазақ тіліндегі қимылдың тездік тәсілінің мағыналық құрамы мен берілу жолдары» (Алматы, 1997), Қ. Бибековтың «Қазіргі қазақ тіліндегі қимылдың аяқталу кезеңі және оның берілу жолдары» (Алматы, 2000) тақырыбындағы кандидаттық диссертацияларын атауға болады. Қазақ және орыс тілдерін салыстырмалы-типологиялық тұрғыда зерттеген З.К. Ахметжанова «Функционально-семантическое поле русского и казахского языков» (Алма-Ата, 1989) атты монографиясында қимылдың өту спаты категориясын да арнайы қарастырады. 2002 жылы жарық көрген академиялық грамматикада амалдың өту сипаты етістіктің дербес категориясы ретінде көрсетіледі. Тіл біліміндегі қимылдың, амал-әрекеттің жасалу фазалары мен жасалу тәсілдеріне байланысты айтылған ой-пікірлер мен түрлі көзқарастарға, жазылған зерттеу жұмыстарына жасалған шолу бұл тілдік құбылыстың табиғитының өте күрделі екендігін көрсетті.

Кез келген амал-әрекет сияқты эмоциялық процестер де ешқашан біркелкі орындалмайды. Эмоциялық процестердің шапшаң я баяу, шұғыл не созылыңқы, тыңғылықты не босаң, біркелкі не үздік-создық т.б. түрлері кездеседі. Осы мағыналық реңктердің барлығы амалдың өту сипаты семантикасының аясына енеді. Эмоциялық процестің түрліше жасалуы тілде түрлі тәсілдер арқылы білдіріледі. Олар етістіктің грамматикалық формалары арқылы жүзеге асырылады. Етістік грамматикалық формаларсыз, түрлі амал-тәсілдерсіз эмоциялық процестің өтуінің түрлі сипатын көрсете аламайды. Төмендегі сөйлемдерге назар аударайық.

Жүрегі сыздап қоя берді (М. Мағауин).

– Бос сөз сөйлемеңдер! – Ерекең жастар жағына зекіп қалды (Т. Әбдіков).

Бір күні әжесі күрсініп жылай берген соң, Қартқожа шыдай алмай, ойлап жүргенін айтты (Ж. Аймауытов).

Осы мысалдарда берілген етістіктерде көрініс беріп тұрған эмоциялардың өту сипаты бірбіріне ұқсамайды. Әрқайсысы әр түрлі жасалған. Мәселен, жүрегі сыздап қоя берді дегенде эмоциялық процестің енді басталғандығы білдірілген, ал зекіп қалды дегенде аяқ астынан жасалған амал-әрекет білдірілген, жылай берген соң дегенде эмоциялық процестің жиі қайталанғандығы білдірілген. Қимылдың жасалуындағы осындай алуан түрлі ерекшеліктерді дәлме-дәл көрсететін қазақ тілінің грамматикалық құрылысындағы арнайы категория қимылдың өту сипаты категориясы деп аталады.

Н. Оралбаева. «Қимылдың өту сипаты категориясы – көп мағыналы категория. Өйткені қимылдың жасалу тәсілі әр түрлі, қимылдың жасалу тәсілі осы категорияның мазмұны болғандықтан, категория – көп мағыналы. Бір қимылдың жасалуына бірнеше тәсіл қатыса береді. Себебі қимыл атаулы тез аяқтала бермейді, сондықтан қимыл аяқталғанша бірнеше тәсілден өтуі мүмкін. Осымен байланысты етістіктің құрамында қимылдың өту сипаты категориясының бірнеше көрсеткіштері қолданыла береді» деп жазады [6, 257]. Қимылдың өту сипаты категориясының көрсеткіштерін екі топқа топтауға болады:

  1. қосымшалар яғни грамматикалық жұрнақтар;
  2. аналитикалық форманттар.

Қазіргі қазақ тілінде амалдың өту сипатын білдіретін қосымшалар мен аналитикалық форманттар етістіктің құрамында арнайы жіктеліп беріледі. Бірақ амалдың өту сипатына қатысты даулы пікірлер әлі де айтылады. Амалдың өту сипаты мен оған байланысып жатқан бірнеше категорияның арасын нақтылап ашып көрсететін ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуі тиіс.

 

Әдебиеттер

  1. Бондарко А.В. Проблемы функциональной грамматики. Спб.: Наука, 2003. – 398 с.
  2. Маслов Ю.С. Избранные труды: Аспектология. М.: Языки славянской культуры, 2004. – 347 с.
  3. Абуталипова Р.А. Функционально-семантическая категория аспектуальности в башкирском языке: Автореф. дис. докт. филол. наук. – Уфа, 2009. – 35 с.
  4. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – Алматы: Мемлекеттік тілді дамыту институты, 2010. – 607 б.
  5. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. – Алматы: Мектеп, 1974. – 387 б.
  6. Оралбаева Н. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы. – Алматы: «Інжу-маржан», 2007. – 388 б.
Жыл: 2014
Қала: Алматы
Категория: Филология