Бұл мақалада тіл білімі ғылымындағы терминдерді қазақ тіліне аудару мәселесі екінші деңгейлі дискурс тұрғысынан қарастырылады. Кірме терминдерді қазақ тілінде қайта аудару, күрделі когнитивтік үдерісті талап етеді. Мысал ретінде «пропозиция»терминін қазақша атауландыру үдерісі алынған. Сонымен қатар үдеріс сапасына әсер ететін атау, ұғым, анықтама, түсіндірме, дефиниция, уәж ұғымдарына да тоқталып өтеміз. Әрине, тіл ғылымы терминдерін түгелдей қазақшаландыру мүмкін емес. Бірақ алғашқы дискурс нәтижесі ретінде қолданысқа енген терминнің тілдік тұрпатын өзгертпей сол қалпында қолдану, ұғымды тереңдетіп түсінбей, код секілді қабылдау қабылдаушы тілдің ойлану, іздену әрекетін шектейді. Себебі бір терминнің мағынасын ұғу үшін оны сипаттайтын бірнеше терминді түсінуіміз керек. Терминнің түпнұсқа тіліндегі ақпараттық хабарламасына қанығып, қазақша санадан өткен соң ғана оны өз танымымызға қайта аудару мүмкіндігіне ие боламыз. Терминді өз тіліңде баламалау, ұғым мәнін ашатындай атау табу үлкен шығармашылық ізденіс және тілді дамыту, ғылыми тілге айналдыру болып табылады. Сонымен қатар қазақ тілді ғылыми дискурс сапасын арттыруда оң ықпалын тигізеді.
Ұлтымыздың ұлы ұстазы атанған А.Байтұрсынұлы ұлттық термин жасау қағидаттары мен танымдық тұрғыдан мінсіз қалыптастыру механизмдерінің алғышарттарын жасап берді. Яғни өз тілімізде бар құбылыстарды «пәлен елдің ғалымы былай атаған» демей-ақ тек өз тіліміздің мүмкіндігіне сүйене отырып атауландырды, ғылыми сөйлетті. Өйткені өзі атау беріп отырған құбылыс, үдеріс, ұғымдарды жәнеолардың өзге де ұғымдармен байланысын ұлттық санасымен түсінді, тіл қабаттарында жатқан бірліктерді жаңа ғылыми айналымға енгізді. Сондықтан да ол жасаған терминдер табиғи сезіліп, әлеуметтік ерешелігіне қарамастан ана тілінде сөйлейтін барша қазаққа түсінікті болып қалыптасып кетті.
Алайда ғылым бір орында тұрмайды, қазақ тіл ғылымы да шама-шарқынша ғылым көшіне ілесіп келеді. Басқа да ғылым салалары секілді өзге елдің ғылымынан сілтеме ала жүріп, кірме терминдерге басымдық беріп алу үрдісі өз тіл ғылымымызда да анық байқалады. Белгілі бір тілде кездесетін тілдік құбылыстың көп жағдайда екінші бір тілде де кездесетіні анық. Сондықтан бізден бұрын із салып, атау беріп кеткен шеттілді ғалымның ілімін іліп алатындықтан ол ұсынған терминді тұтынып кете баратынымыз жасырын емес. Ал тілдік тұрпатын өзгертпей тілімізге енген терминді аудармай ала салу қабылдаушы тілдің ойлану, іздену әрекетін шектейтіні сөзсіз. Осылайша ұғымды тереңдетіп түсінбей, код секілді қабылдау оған атау беру мүмкіндігін жояды. Себебі бір терминнің мазмұнын түсіну не ашу үшін кем дегенде бес-алты термин жайлы түсінікті игеру керек. Бір уәжге тоқталып, атау таңдау кезеңінде осылардың бәрі санада қазақ тілінде қорытылып, белгілі ұғым мазмұны қазақша ой сүзгісінен өтіп, түсінілуі тиіс. Себебі сол терминнің түпнұсқа тіліндегі ақпараттық хабарламасына қаныққан соң ғана оны өз танымымызға қайта аудару мүмкіндігіне ие боламыз. Сондықтан да терминге өз тіліңнен балама табу, ұғым мәнін ашатындай сөз құрау үлкен шығармашылық ізденіс және тілді дамыту болып табылады. Демек, әр ғылым саласының тілі өзіне тән атауларымен ерекшеленетін болғандықтан, бір ғана терминнің өзін аудару барысында ғылымды оқып-үйрену үдерісі тереңдеп, кәсіби тілдік тұлға сапасы да жоғарылайды. Кезінде белгілі тілші ғалым В.С. Виноградов бірінші деңгейлі дискурс авторларын құрметтей отырып, бұл үдерістің өз талаптарының бар екенін «Бірер ғылыми термин жасаған адамға да ескеркіш қоюға болады» [1, 236], деп аңғартып кеткен екен. Бірақ терминдерді аударушы екінші деңгейдегі дискурс авторы да аса күрделі шығармашылық әрекетті санасынан өткізеді. Себебі тіліміздегі жат терминдерді өз танымымызға, өз тілдік бірлігімізге қайта түсіріп, бір сөз немесе тіркес аясына жинақталып, түйінделгелі тұрған нәрсенің не екенін атауынан білінетін дәрежеге жеткізу көп ізденісті талап етеді. Әрине, терминдерді жаппай жатық аударып алу мүмкін емес, сондықтан аударылатын және аударылмайтын терминдер тобын ажыратып алған жөн деп санаймыз.
Белгілі терминолог ғалым Д.С. Лоттенің «нағыз ғылыми терминдерді жасау үшін ғылыми ұғымдардың барлық байланысын, басқаша айтқанда, оны ерекшелендіріп тұратын жалпы белгілерін анықтап алуы керек. Осыдан соң барып терминденетін ұғым кіретін ғылымның ұғымдар жүйесін ескере отырып, термин жасуға кірісуі керек» [2, 72], деген пікірін негізге алып тәжірибе ретінде прагмалингвистика, сөйлеу актісі, дискурс сияқты тіл ғылымы салаларында кеңінен қолданылатын пропозиция терминіне қазақша атау беруге талпынып көрейік. (Негізінде З.Ерназарова, К.Қ.Садирова секілді біраз тілші ғалымдарымыздың еңбектерінде бұл терминнің қазақша баламасын жасау әрекеті байқалғанмен ғылыми қолданысқа енген жоқ).Осы мақсатта біз арнайы терминология мәселесімен айналысқан көптеген зерттеушілердің еңбектеріне сүйене отырып бір-біріне тығыз байланысты атау, ұғым,анықтама, түсіндірме, дефиниция деген ұғымдарға тоқталып өтейік. Өйткені бұл ұғымдар терминдерді өз тілімізге аудару мақсатындағы әрекет сапасына әсер етеді. Сонымен терминді ұғымның атауы десек, ұғым(мағына) – заттардың немесе құбылыстардың жалпы маңызды, мәнді белгілерін, байланыстары мен қарым-қатынастарын білдіретін ойлау категориясы, белгілі бір зат, құбылыстар туралы ақпараттар жиынтығы, сол зат туралы когнитивтік білім. Шындығында да ұғым сөз арқылы бейнеленбей тұрып ғылыми ойдың қажетіне аса алмайды. Ұғымның көпшілікке мазмұнымен де, түсіндірмесімен де емес, атауы арқылы танылып, таралатынына қарамастан ұғым мазмұнын ашпайтын, оның не нәрсе екенін ұғындыра алмайтын атау тілде қолданыс таба алмайды. Сондықтан да жаңа ұғым мазмұны алдымен түсіндірмесімен сипатталып, бекітіледі. Атау – сол ақпараттық жиынтықтың сөз арқылы белгіленген аты. Ұғымның мазмұнын ашу үдерісінің нәтижесі – анықтама болады. «Анықтама дегеніміз – белгілі бір логикалық талаптарға сәйкес құрылатын күрделі ойды білдіретін сөйлемдер жиынтығы немесе жай сөйлем... Атауға берілген қысқаша ғылыми дәл анықтама дефиниция делінеді. Дефиниция – анықтама жасау әрекетінің нәтижесі. Термин дефиницияның көмегімен заңдастырылады. Дефиницияның басты қызметі – сөздіктегі метатіл элементтерінің көмегімен семантикалау. Бұл әрекетті кейде интравербалды аударма деп атайды... Ал жалпы қолданымдағы анықтама түсіндірменің құрамына кіреді. Түсіндірме – ұғымның тарқатыла жазылған, қабылданған мазмұны. Яғни түсіндірме дегеніміз – құрылымдық тұрғыдан сөздіктің оң жақ бөлігінде орналасып мәтін, атаулық сөйлем, сөздер тізбесі түрінде сөздік мақаланың құрамына кіретін, өзінің құрамына сөздіктің метатілін алатын, жалпы әдеби тіл сөзінде жасалатын, негізгі қызметі сөздік бірліктің мағынасын ашу болып табылатын сөздіктегі анықтама түрі [3, 41]. Түсіндірме ұғымына дефинициядан да басқа лексика-стилистикалық, грамматикалық-функционалдық сипаттамалар кіреді. Демек терминге аударма жасарда біздің қолымызда алдымен оның мағынасының түсіндірмесі болуы керек. Ол түсіндірме қайдан алынады? «Түсінік беру нұсқалары (әртүрлі түсіндірме сөздіктер) көп болғандықтан, олардың экстралингвистикалық өлшемдері (дереккөзінің беделділігі, көпшіліктің мойындауы) мен лингвистикалық өлшемдерді (терминнің тілдік жүйедегі орны, сөйленімде қолданылуы) сәйкестендіріле отырып таңдалып алынып ең үздік деген нұсқаға тоқтау қажет» [3, 41]. Біз де үздік нұсқа ретінде 1998 жылы Мәскеуде В.Н. Ярцеваның редакторлығымен «Тіл білімі» сериясымен шыққан «Үлкен энциклопедиялық сөздігін» негіз етіп алдық.
Әдетте терминнің бастау негізі бір ғалымнан немесе ғылыми топтан өрбиді. Оны қолданушы ғалымдардың әрқайсысы оны өз тұрғысынан бірқатар өзгешеліктерімен түсінеді. Айталық, латын тілінен енген пропозиция термині логикада пайымдау, тіл білімінде – сөйлем мағынасын, яғни кейбір тұтас бірлікті білдіреді. Осы себепті де ғылыми көпшілікке белгілі аталмыш терминді қолданушылар өз еңбектерінде аздаған өзгешелігі мен ерекшелігі бар мәнде, соны айқын атап көрсете отырып пайдаланады. Мысалы пропозиция – түсініктер тобы, хабар бірлігі, ақпаратты қаттаудың алғашқы құралы,сөйлемнің өзек бөлшегі, негізгі құрылым т.б. Сондықтан терминдерді түсінудегі, ұғынудағы вариантталық – кең тараған құбылыс. Терминдердің ғылыми мағынасы ғылыми білімінің деңгейі өскен сайын толықтырылып, өзгеріп отырады.
Төмендегі курсивпен берілген тұтас мәтін «пропозиция» ұғымын ашатын сөздік мақала. Ескеретін нәрсе, «пропозиция» терминің қазақша баламасын іздеу барысында сөздік мақалада жолай кездесетін «концепт, константа, коррелят, предикат, изоморф, модалдық, парадигма, инвариант» секілді сегіз түрлі термин сөздің мағынасына да үңілуге тура келеді. Бұл терминдер баламаланушы терминнің мазмұнын ашуда көмекші қызмет атқарады. Аталған терминдердің әрқайсысының мазмұнын ашу таным көкжиегін кеңейтетін бір-бір сөздік мақала болар еді. Сондықтан да біз оларға тоқталып жатпаймыз. Айтайын дегеніміз, терминге балама табу үрдісі кімнің де болсын ғылыми әлеуетін көтеруде орасан зор күшке ие.
Сонымен бірге «жасалынатын жаңа атау алдымен заттың ең маңызды белгілерінің бірін бейнелеп, оны басқа заттардың ішінен бөліп көрсетуі тиіс. Сондықтанда сөз жасау үшін ең болмағанда атау беруге нысан болатын ұғымның белгілерін білу керек. Ұғымның атауы ұғым туралы белгілі бір алғышарт пайда болғанда, яғни оның сұлбасы жасалғанда барып пайда болады. Қарсы жағдайда мұндай сөз ұғымды дәл атай алмайды. Ұғымның, оның белгілерінің мазмұны мен терминдердің құрылысының арасында тікелей байланыс болу керек, яғни терминологияның уәжділігін таңдау оның ұғымдарының белгілерімен анықталады» [4, 86] деген тұжырым бойынша төмендегі мәтінде қою курсивпен, рет санымен берілген сөз тіркестері атау беруге нысан болатын ұғым белгілері болып табылады.
«П» термині латын тілінен енген, логикада пайымдау, тіл білімінде – сөйлем мағынасын, яғни кейбір тұтас бірлікті білдіреді.
«П» 19-20 ғ. басында ғылым тілін логикалық талдауға байланысты жаңа мәнге ие бола бастады. Заманауй жаңа концепттің пайда болуына Г. Фрегенің ойды сөйлеушінің лебіз білдіру актісінен бөлек қарау идеясы себеп болды. «П» түсіну ауқымы сөйлеу актісінің, айтылымның, сөйлемнің бөлігімен шектеледі
Аталған концепция ежелгі сөйлемді немесе айтылымды объективті семантикалық константаға (схоласттар қисынындағы диктум, Ч.Балли және т.б.; Р.Декарттың көрініс немесе бейне түсіндірмесі; замануи қисындағы интенционал) мүшелеу (2) яғни, айтушының сөйлемде берілетін нағыз шынайы болмыс пен оның субъективті ауыспалы мазмұнын жеткізуге қатысын (модалдылық) білдіреді; хабарламадағы айқындықты бағалау, айтылымның коммуникативтік мақсатына және айтушының хабарламаға эмотивтік қатынасына қатысты болды. Жоғарыда санамалап көрсетілген мазмұндарға сәйкес проппозиция коррелляты ретінде пропозиционал қатынастар немесе мақсаттылық ұғымы алынады (3). Мысалы «Аяқ астынан болған жағдай көпшілікті таңғалдырды» айтылымындағы сөйлеушінің мақсаты пропозиционалды предикаттармен (күлкіге кенелтті, күдікпен қараймын, шошып кеттім, ойландырады, қамықтырған т.б.) өзгертілуі де мүмкін. Айтылымдағы осындай өзгермелі құрамға жағдаяттың шындығын көрсететін «болған жағдай» тіркесі тұрақты семанткалық өзек болады(4). Осы көрсетілген семантикалық өзекке аталымдық немесе семантикалық аспектісіне сай
«П» термині қолданылады. «П» құрамына рефеернцияға ыңғайлы термдер, модалдық және уақыттық сипаттаманы иелене алатын предикаттар(5) кіреді. П семанткалықсинтаксистік құрылымы изоморфты болып саналады. Бұл көзқарас предикаттар мен актанттардан тұратын реляциялық құрылымға апарып түйістіреді.
Логикада да, тіл білімінде де «П» термині төмендегідей факторларға байланысты әртүрлі қолданылады: түпнұсқа ұғымның көлемі (сөйлем, айтылым, сөйлеу актісі) және оны мүшелеу тәсілі. Егер түпнұсқа ұғым сөйлем үзігі болса, П. шынайы мазмұнды алуға бейім семантикалық құрылым ретінде анықталады немесе екінші реткі «жалған», «шынайы» предикаттармен бірігеді. Ал негіз ретінде айтылым алынса онда П сендіру, болжау, сенім нысаны ретінде айқындалады. Егер түпнүсқаұғым қызметінде сөйлеу актісі болса, П түрлі коммуникатитік қондырғылармен біріктіріледі. Түпнұсқа бірліктерінің мазмұнын П. мүшелеу тәсіліне қарай уақыт көрсеткіші, рай т.б. секілді өзектендірушілер енгізілуі де, енгізілмеуі де мүмкін» [4, 401]. Осылайша талдап түсіндіре келе пропозиция терминінің анықтамасын «Пропозиция (ұғым атауы, соның ішінде аударылатын терминнің шетелдік атауы) – сөйлемнің модалдық және коммуникативтік парадигмадағы бүкіл мүшелеріне және сөйлемнен туындайтын құралымдарға ортақ семантикалық инвариант», – деп түйіндейді.
Біз өз тұрғымыздан жоғарыдағы санамаланған белгілерге сүйене отырып сөздік мақаладан ұғымның дефинициясы ретінде «семантикалық инвариант» тіркесін аламыз. Ендеше аталған терминдік тіркестің әр терминдерінің анықтамаларына назар аударайық: «семантика – тілдегі жеке сөздер мен сөз тіркестерінің мағынасы, мәні[5, 324]; тіл арқылы немесе оның басқа формалары (Сөз, Сөз формасы, Сөйлем, Мәтін) арқылы берілетін мазмұн» []; «инвариант – тіл бірліктерінің тәуелсіз, өзгермейтін тұрақты, үлгі, эталон қасиеттерінің жалпы жиынтығы»[5, 138]. Осы анықтамалардың өзін бір түйінге жинақтап, қазақ тіліне аударсақ семантика – мағына, инвариант – тұрақты деген мәнге ие екені байқалады.
Біздіңше латын тілінде «propositio – суждение»,қазақ тілінде «пайымдау – ақылға салу, аңғарым» мағынасын беретін пропозиция терминінің қазақша атауына уәж болатын нақты белгіні семантикалық инвариант – тұрақты мағыналық өзек құрылым, мағыналық өзек, тұрақты құрылым, сөйлемнің өзек бөлшегі тіркестерінің маңайынан іздеуіміз керек секілді. Терминге қойылатын талаптардың бірі – қысқалық болғандықтан біз пропозиция терминінің қазақша баламасы ретінде мағынаөзек,өзек құрылым немесе негізқұрылым терминін ұсынамыз. Біздіңше пропозицияның тілдік құрылымғанегіз, өзек болуы ұсынылып отырған терминдерімізге уәж бола алады деп ойлаймыз.
Әдебиеттер
- Ақаев С. Терминнің тілдік және танымдық сипаты: филол. ғыл. д-ры дисс. – Алматы, 2002. – 291 б.
- Исақова С. Қазақ терминтанымының когнитивтік-прагматикалық аспектісі: филол. ғыл. д-ры дисс. – Алматы, 2008. – 328 б.
- Алтайбекова Қ. Терминологиялық бірліктердің лексикографиялық сипаты: филол. ғыл. канд. дисс. / Алматы, 2009. – 124 б.
- Языкознание: Большой энциклопедический словарь/ под ред. Ярцева С.М. – М.: Большая Росс.энциклопед., 1998.– 681 с. 5 Тіл білімі сөздігі / ред. Сүлейменова Э.Д. – А: Ғылым, 1998. – 544 б.