Қытай таяу заман қазақ әдебиетіндегі нәзиралық дәстүр

Мақалада Қытайдағы таяу заман қазақ поэзиясының дамып, кемелденуінің тағы бір қайнары – шығыс әдебиетінің игі ықпалы болғаны, яғни шығыс әдебиетіндегі нәзиралық үлгіні Қытайдағы таяу заман қазақ ақындары да жаппай қолданып, қыруар қисаларды жаратып, Қытайдағы қазақ жазба әдебиетінің биік өреге көтерілуіне елеулі рол атқарғаны пайымдалады.

Қытай таяу заман қазақ поэзиясының тамырын тереңге тартып, кемелденуінің тағы бір қайнары шығыс әдебиетінің игі ықпалы, яғни шығыстық үлгідегі классикалық шығармалардың өнегесі деуге болады .

Шығыс елдерінің әдебиеті тым ертеде дамығандықтан орта Азия халықтарының әдебиетіне орасан зор ықпал жасайды. Әрбір жақтан үлгіөнеге көрсетеді. Шығыс әдебиетінің биігіне қазақ әдебиеті де, ертеден-ақ құлаш ұрады. Қазақтың озық ойлы әдебиетшілері шығыс әдебиетіндегі оптимистік, адамгершілік идеялардан, көркемдік тәсілдерден, оқиға желісін құрастыру шеберлігінен, өлең құрылысын жасау өлшемдерінен үйренеді. Олар шығыстың таңдаулы әдебиет үлгілерінен нәр алып оны қазақ сахарасына, өзінің туған топырағына егіп, қазақы өнер бақшасының миуалы жемістерін жетілдірді. 19-ғасырдың соңғы жартысы мен 20-ғасырдың алғашқы жартысында Қытайдағы қазақ әдебиетінде нәзиралық дәстүр кең жалпыласып, қарыштап дамыды, қисагерлік өркендеп өсті.

Нәзира сөзінің мағынасы Араб тіліндегі сұрақ-жауап, жауап қайтару деген ұғымға сай келеді. Нәзиралық дәстүр Түрки тілдес халықтардың классикалық жазба әдебиетінде арабпарсы әдебиетінің ықпалымен орта ғасырлардаақ белең беріп, соңғы дәуірлерге дейін даму үстінде келе жатқан өміршеңдік қуаты күшті дәстүрлердің бірі. Ол ең алғаш 7-, 8-ғасырларда Араб елдерінде пайда бола бастаған екен. Тереңнен тамыр тартқан, ұзақ тарихы бар осы дәстүр беріге дейін жалғастық тауып, 19-, 20ғасырларда шығыс аңыз-ертегілері, қиса-хикаяларының сюжетін нәзира түрінде жырлау яғни шығыстық бір ақын жырлаған сюжетті кейінгі буында бір ақын өзінше қайта жаңғыртып дастан шығару дәстүрге айналған. «Олар біреуінің тақырыбын біреуі алуды заңды жол еткен. Тек алдынғының өлеңін алмай және көбінше алдыңғы айтқан оқиғалардың негізінде пайдаланса да, көп жерде өз еркімен өзгерте отырып, тыңнан жырлап шығатыны болады. Бұлайша бір тақырыптың әр ақында қайталануын ешуақытта аударма деп танымау керек. Ол өзінше бір қайта жырлау, тыңнан толғау немесе ақындық шабыт-шалым сынасып жырмен жарысу есепті бір салт еді. Шығыс поэзиясы бұл салтты заңды деп біліп, осы дәстүрге “нәзира”, “нәзирагөйлік” деген атау берген» [1, 150].

Профессор Алма Қыраубаева: «19-ғасырдың екінші жартысынан бастап, әдебиетте қазақтың ұлттық оянушылығының бір көрінісі ретінде 13-, 14-ғасырлардағы нәзира дәстүрі қайтадан жедел дами бастайды» [2, 186], дейді. Шынында, қазақтың көркем әдебиетіне нәзиралық дәстүрді ең алғаш алып келген ұлы ақын Абай еді. Оның «Ескендір», «Мәсғұт», «Әзім» атты қисалары қазақ өмірінен, өз ортасы, өз дәуірінің болмысынан алған шығармалары емес. Үшеуі де шығыстық дастан аңыздардан немесе ертегілік тақырыптардан алынған сюжеттерге құрылады. Қазақ әдебиетіне Абай сіңірген бұл нәзиралық үлгіні Қытайдағы таяу заман қазақ ақындары да жаппай қолданып, қыруар қисаларды жаратып, Қытайдағы қазақ жазба әдебиетінің тақырып аясын кеңейтуге, мазмұн және форма жақтан кемелденіп, биік өреге көтерілуіне елеулі рол атқарды. Яғни олар ұлы Абайдан өнеге қабылдап, орта ғасырдағы әдебиет классиктерінің шығармашылық, нәзира дәстүрінің ықпалымен сюжет сорабын Араб, Парсы, Индия және басқа Түрки тілдес ұлттардың ауыз әдебиетінен, классикалық шығармаларынан алып, оны қазақи жолмен өздестіре жырлады. Сөйтіп нәзиралық әдеби тәсіл мен машықтың негізгі жаныры болған қисалар сол тұста халық арасына өте кең жалпыласып, дами түсті. Неше ондаған жеке қисалар таралды.

«Бақтиярдың қырық бұтағы», «Тотының тоқсан тарауы», «Қырық уәзір» сықылды көп сюжетті, тоғыспалы кесек жырлар да жырланды .

«Қисалар 18-, 19ғасырларда ауызша ғана емес, қол жазба күйінде, кейінірек баспа сөзде жарияланып кітап түрінде таралған. Сондықтан жұрт оны “Өлең кітап” деп те атаған. Халық қиса шығаратын, яки оны жырлайтын ақындарды“Қисагер” деп атаған. 19-ғасырда, 20-ғасырдың алғашқы жартысында қисагерлікте сауатты халық ақындары көп еңбектенді. Олар көптеп хатқа түсіріп, баспада жариялап отырды. Бұл іске жай халық ақындары ғана емес, ықпалды жазба ақындар да араласты, соған байланысты қиса жанырының қазақ әдебиеті тарихындағы орны жоғарылады. Кейбір әдебиет танушы ғалымдар: қиса жаныры таяу және қазіргі заманғы қазақ әдебиеті тарихында маңызды орында тұрады, Ол 18-, 19ғасырлардағы жалпы қазақ әдебиеті жасампаздығындағы үш негізгі саланың бірі болып қалыптасты деп есептейді.» [3, 605].

Қисалардың Қытай қазақтары арасында қаймағы бұзылмай сақталып, кең жырланып келуіне таяу заман ақындарының ролы жоғары болған. Алайда қисаларды жинау, реттеу, зерттеу жұмысы Қытайда өткен ғасырдың 80-жылдарында шындап қолға алынды. Саны недәуір мол да қомақты қазақ қисалары әлі толық жиналып үлгірмеген күннің өзінде қазірге дейін жұзден астам қисаның таралғаны мәлім болды. Оның жарымынан астамы кезіндегі «Шалғын», «Мұра», «Алтай аясы» журналдарында және әр қайсы аудандарда шығарылған жергілікті материялдарда жарияланды. Сол негізде құрастырылған «Қазақ қисалары», «Қазақтың ғашықтық жырлары» атты жинақтарда елудей қиса басылды. Осы жүзден астам қисаның көбі сол таяу заманғы дәуірде жырланғаны белгілі .

Демек, бұл дәуірдегі ақындар нәзиралық үлгімен қиса жазу дәстүрін кең жалпыластырып, оны бір түрлі шығармашылық тәсіліне айналдырған. Өздерінің ақындық атағын жұртқа әйгілеуде нәзиралық үлгімен қиса жазуды ақындық өнердің үлкен өлшемі деп білген. Бұның өзі қиса жанырының дамып, кең өрістеуіне, көптеп жаратылуына, таратылуына ықпал етті. Ақындар көптеген қисаларды нәзиралық жолмен өздері жазып таратса, кейбіреулерін баспа сөзде жариялады. Тіпті бұрыннан халық арасында бар қисаларды да жинап, реттеп, жырлап ел арасына қайталай кең таралуына себепші болды. Бұған тарихшы, фольклор танушы ғалым Нығымет Мыңжанұлының: «ел ішіндегі қарттардың айтуынша: «Бақтияр», және оның «қырық бұтағын» Шынжаң қазақтарына көп таратқан ақын жыршылардың біріӘріпжан Жанұзақұлы сияқты. Әріпжан ақын 1940-жылдардың басында Тарбағатайда қайтыс болады. Әріпжан «қырық бұтақты» түгел білген, үзбей жырлағанда бір айдан артық уақытқа созылады екен. Әріпжан бұл қисаны өз әкесі Жанұзақтан жаттаған. Ал Жанұзақ ақын бұл қисаны өзінен бұрынғы ақындардан жаттады ма, я болмаса өз жанынан жырлаған ба, бұл жағы анық емес» [4, 622], деген сөзі дәлел.

Бұл қисалар ақындар жағынан қайталай жырлануы, таралуы барысында мазмұн және форма жағынан үлкен өзгерістерге ұшыраған. яғни, қазақтың тұрмыс-салтына, эстетикалық талғамына, ұлттық писихологиясына, көркемдік дәстүріне бейімдеп, қазақиластырып жырлаған. Қайталай жырлану барысында қисалардың қазақи ұлттық бояуы ажарлана түскен. Демек, қазақи бояу, қазақи бедер мейлінше күшті болған. Өйткені, ақындар оны қазақиластырғанда ондағы оқиға, кейіпкерлерден тартып бәрі-бәрі де қазақтың сахарасындағы өмір шындығына аунатқан. Солай бейімдей, соған сәйкестіре жырлаған. «Ондағы адамдар қазақ писихологиясында жасалған. Олар барлық ісәрекетінде қазақша қимылдайды, қазақша ойлайды, сөйлегенде де қазақтың сөйлем орамы, сөз кестесі бойынша сөз саптайды. Ұлттық салт жақтарында онда қазақтың алты алашы шақырылып, қазақтың алты қанат ақ ордалары тігіліп, ақсарбас айтылып сойылып, ұлан-ғасыр жомарт той болып жатады. Қонаққа ет атпен тартылады. Дүрілдетіп домбыра шертіледі. Шілдехана өткізіледі. Өлең айтысады. Балуан күреседі. Теңге ілу, сөлкебай ату, қызқуар, ақсүйек, алтыбақан секілді қазақ ойындары ойналады. Ат бәйгесі болады. Құдаларға құйрықбауыр асатылады. Өлгенге жоқтау айтылып, ас беріледі. Жөн-жосықты бұзғандарға қазақ жолымен айып салынады. Ел басына, ауыл ақсақалдарына сыбаға сақталады, тарту беріледі. Сыбызғы, қобыз ойналады. Қазақ билері биленеді. Ит жүгіртіп, құс салынады. Жар-жар, беташар айтылады. Мұндай қисаларды оқып отырғанда әсте шеттен келген деп сезінбейсің, қайта қазақтың ата-бабалары кезінде Бағдат, Мысыр, Шам, Кабул қалаларында дәурен сүргендей, Араб, Парсы, Түрік тілдерін де тұтынғандай түйсінесің» [5, 138].

Аталған дәуірдегі қазақ қисаларын құрылымына қарай екі топқа жіктеуге болады. Бірі, сюжеті дара, жекелеген қисалар. Тағы бірі, «Бақтиярдың қырық бұтағы», «Тотының тоқсан тарауы», «Қырық уәзір» сынды желілес жырлар.

Мазмұндық жақтан алғанда бұл қисаларда фэодализм қоғамының шырма-шату әлеуметтік қайшылықтары әшкереленеді. Нақтылап айтқанда, хан сарайларындағы «хан мен уәзір, хан мен ханзада, әке мен бала, аға мен іні және түрлі саяси топтар арасындағы бақ таласы, аңдысу мен арбасу, пәлеқорлық пен жалақорлық, озбырлық пен обырлық, алдамкөстік пен аярлық, зұлымдық пен жауыздық, қиянкескі қырқыс, жантүршігерлік жауыздық жан-жақтылы әшкереленеді. Адалдық пен арамдық, әділет пен жауыздық, шындық пен өтірік шытырман шайқасқа түсіп, ақырында арамдық, қаскөйлік, жалғандық жеңіліп, жауыздық түбі жазамен тынады. Ар, әділет, шындық жеңіске жетіп отырады. Қыруар қиыншылықтарды бастан кешіріп қорлық көрген адал жандар ақырында мұратына жетіп әділ билеушіге айналады» [6]. Демек, қисаларда көбінде орда өмірі, хан сарайлары тақырып болғанымен, түптеп келгенде сол орда-сарайлардағы әділетсіздіктер әшкереленеді. Халық тілегі орындалып, әділеттілік жеңіп, әділ билеуші орнауды армандаған тілек аңыс етіледі .

Енді бір бөлім қисаларда пәк махаббат, ғашықтық, бас еркіндік басты тақырып болады. Мұндай қисаларды мазмұны мен кейіпкерлердің тағдырына қарай екі жікке бөлуге болады. Бірі, ғашықтардың ғашықтық ғаламаты, армантілектері, мұң-зары ескі фэодалдық салттың, түрлі қара күштердің қарсылығына, шектемесіне ұшырап, азап отына түседі. Қайғы-қасірет арқалайды. Алайда, адал махаббатарын қорғау жолында кербақпа ескі әдет-ғұрыпқа, қаскүнемдікке қарсы күресу арқылы арманына жетіп бақытын табады. Ал, екінші топтағы ғашықтық қисаларда бұның керісінше қос ғашықтың тағдыры трагедиямен аяқтайды. Олардың өмір жолы бұраң болып, керенау ескі салт пен қатігез, қараниет, жауыз жандардың кесірінен арманына жете алмай, адал махаббат жолында мерт болады .

Қиса жаныры қазақ әдебиетінде сонау ертеден тартып пайда болып, жалпыласқанымен, Қытай қазақтарында оның кең өрістеуі, көптеп жырлануы, таралуы, баспада басылуы, жанжақтылы кемелденіп, озық өреге көтерілуі 19ғасырдың соңғы жартысы мен 20-ғасырдың алғашқы жартысындағы кезең болды. Бұл дәуірдегі қазақ жазба ақындарының бәрі дерлік нәзиралық жолмен қиса жасампаздығымен шұғылданып, бұл жанырдың өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосты. Әсіресе, Жүсіпбекқожа Шайхысыламұлы, Әсет Найманбайұлы, Ақыт Үлімжіұлы, Таңжарық Жолдыұлы, Әріпжан Жанұзақұлы қатарлы ақындардың еңбегі зор .

Қытай қазақ жазба әдебиетінде Абай үлгісінде ең алғаш қиса жазып, тұңғыш баспада кітап түрінде жариялағандар Жүсіпбекқожа Шайхысыламұлы мен Ақыт Үлімжіұлы болды . Жүсіпбекқожа Шайхысыламұлы бала кезінде Шымкенттегі медіреседен, кейін сол кездің жоғары оқу орны-Бұхара медіресесінен оқып, араб тілін жеттік игереді, «Құранды» қазақшаға аударады. Осы медіреседегі кездерінен бастап көркем әдебиетке араласады. Ол өз білімін толықтыра түсу үшін шығыс халықтарының тіл-әдебиетімен танысады. Білім алу мақсатымен Бұхара, Стамбұл қалаларына барады. Әйгілі Әбілқасым Фердауси, Низами Ганжауи, Науаи, Жәми, Физули, Қожа Хафиз, Ширази, Шайх Сағидилардың шығармаларын оқиды, олардан үлгі-өнеге алады. Араб, парсы, шағатай тілдерін жеттік игерген ардагер ақын «Тотының тоқсан тарауы», «Бақтиярдың қырық бұтағы», «Мың бір түн» т. б. Шығыстың желілес тоғыспалы аңызертегілерінің оқиғасынан нәзиралық жолмен қазақиластырып көптеген қиса-дастандар жазады .

Жүсіп-Зылиқа оқиғасының сюжетінен пайдаланып қазақтың «Жүсіп-Зылиқа» атты гуманистік ғашықтық қисасын алғаш жазған Жүсіпбек Шайхысыламұлы. Жүсіпбектің «Қиса-и хазрет Жүсіп ғалайсылам мен Зылиқаның мәселесі» атты қисасы 1893-жылы Қазанда жеке

алғашқы сауатын араб, түрік тілдерінде ашқан. Ақыттың баласы Ғазездің айтуына қарағанда, ақын кезінде Қазан баспасынан шыққан түрки тіліндегі әдеби кітаптарды, шағатай тілінде басылған Фердаусидің, Қожа Хафиздың, Науаидың, Софы Аллаярдың шығармаларын жаттап өседі .

Ақыт шығыстың белгілі жұлдыздарын ұстаз тұтып, олардан үлгіөнеге алған. Осының нәтижесінде өзі де шығыс сюжеті негізінде нәзира әдісімен бірнеше қиса жазған. Туркия мен Араб елдерінде болып, араб, парсы, түрік тілдеріндегі әдебиетпен жақсы таныс болған ақын

«Қажы баян» дастанында сол елдердің көптеген жерлері мен үлкен қалаларының атын атайды. Шығарманың гэографиялық ауқымаясының кеңдігі арқылы өзінің шығыс әдеби дәстүрімен жете таныс екенін аңғартады. Нәзиралық дәстүрмен шығыс ертегілері желісінде жазған көптеген қисаларынан Қазан баспасынан «Хиса-и Жиһаншах Тамұзшахұғлы» (1901), кітап болып басылған. Осы нұсқа 1898, 1901, «Хиса-и Ғабдүлмүлік» (1902), «Ахуал қиямет»

1904, 1907, 1913,1918-жылдары Қазан, Уфа, Ташкент қалаларындағы баспаларда алты рет қайта басылған. 1976-жылы Қазақстанда «Ғашықнама» деген жинаққа ықшамдалып енгізілген. Қытайда кітап-журналдарда басылудан сырт 1987-жылы Шынжаң халық баспасынан жеке кітап болып жарық көреді. Ақын тағы «Қасым-жомарт», «МұңлықЗарлық», «ШәкімШәкірт», «Нұрғазарын», «Ораз молда» қисаларын жазғандығы анық.

«Сәйпулмәлік-Жамал» қисасының негізгі оқиғасы шығыс халықтарына кең тараған «Мың бір түн» хикаясының «СәйпулмәлікБәдиғұлжамал» дейтін тарауынан алынған. Бұл тақырыпты сол кездің көп ақындары жарыстыра жырлаған. Жүсіпбектің жырға айналдырған нұсқасы 1903, 1908-жылдары Қазан қаласында жеке кітап болып басылған .

Бұлардан басқа «Алтын балық», «Қиса Дутан Құнанбай ұлы» (1903-жылы), «Еренғайып», «Сал-сал», «Зарқұм», «Сәлімжан» (1901-жылы), «Дәриға қыз», «Мағраж», «Мың бір түн хикаясы» т. б. хикаяларын жырға айналдырғаны және «Бақтиярдың қырық бұтағының» 18 бұтағын қара сөзден қисаға айналдырғандығы туралы әр түрлі деректер бар. Бұларды зерттеп отырып бекіту алдағы күннің міндеті.

Ақыт Үлімжіұлы да шығыстың белгілі жұлдыздарын ұстаз тұтып, шығыс сюжеттері негізінде тамаша дастандар жазып қазақ әдебиетінің тақырыптық аясын кеңейтуге үлес қосқан кітаби ақындардың қатарынан көрінеді. Ол да (1908), «Абият ғақидия» (1909), «Керей ишаны Мұхаммет Мөмін» (1909), «Хиса-и Сәйпулмәлік» (1909) , «Хиса-и Манахып Нуран Ғазизан» және «Ақыт Үлімжіұлының өмірбаяны» [7, 31] қатарлы тоғыз кітабы басылып таратылады. Бұлардың кейбірі сол жылдарда бірнеше мәрте қайта басылыпты .

Шынжаң қазақтары жазба әдебиетінде нәзиралық дәстүр бойынша Абай үлгісінде алғаш дастан жазған ақындардың тағы біріӘсет Найманбайұлы болды. «Әсет қиса-дастандары тақырыбының көбі Араб, Парсы классиктері шығармаларының тақырыбымен үндесіп жатуы оның араб, парсы тілдерін жақсы біліп, жақсы меңгергендігі деуге болады. Шынында, Әсеттің бірқыдыру қиса-дастандарының оқиға желісі мен баяндау тәсілдері классикалық шығыс әдебиеті мен шығыс классиктері қиса-дастандарының сарыны сайрап жатады. Немесе, оның қисадастандарында оқиғаның басталуы, дамуы, шарықтау шегіне жетіп, шешілуі шығыс халықтарының аса көркем, аса қызықты әрі күрделі «Мың бір түн» хикаяларының сорабын аңғартады. Әсет заманында «Мың бір түн» хикаялары қазақ тіліне аударылды ма, жоқ па, ол жағы анық емес. Дегенмен Әсет дастандарында шығыс классиктері шығармаларының, оның ішінде «Мың бір түн» хикаяттарының ықпалы күшті сезілетініне қарап, Әсет араб, парсы тілдерін жете білгендігі үшін, «Мың бір түн» хикаяттарын арапшасынан оқыған деуге болады. Сондықтан да Әсет шығармаларында шығыс классиктерінің әсері кең де терең бейнеленді» [8, 63].

Әсет қолына қалам алып, «Ағаш ат», «Үш жетім қыз», «Шакыр-шакырат», «Жамсап», «Франсұз ханы жайлы хикая», «Нұғыман-Нағым», «Бақтияр», «Дастарқан», т.б қисаларды жазғаны белгілі. Бұл қисаларында ақын АрабПарсының классикалық жырларының оқиғасы мен стилін жадағай қайталамай, керісінше өз дәуіріне тән ұлттық ерекшеліктерімен байытқан. Қисалардың оқиғасы Араб, Парсы елдерінің Бағдат, Басра, Мысыр, Шам шаһарларында, шығыстық елді-мекендерде өтіп жатады. Алайда, ондағы сан алуан шытырман оқиғалар, қымқуыт тартыстар қазақтың фэодалдық қоғамына тән патшалық, хандық өмір шындығына көшіріле баяндалады. Кейіпкерлері де кәдімгі қазақтар, немесе олар қазақша сөйлейді, қазақша қимылдайды, қазақша тірлік етеді, аттары да қазақша болып келеді. Қысқасы, қазақи өмір бейнесі, қазақи салт-дәстүрлер көрініс табады. Мысалы :

Көп қыздар жар-жар айтып салды төсек ,

Күйеуге ұрын келген етіп есеп .

Қыздардың сонда айтқан жар-жары мынау ,

Мұны да болмас сірә сөйлемесек...Ағаш ат»)

Ақынды шақыруға әмір қылды , Домбырасын өзімен қоса алдырды . Патша жұртын жинап тамаша қып , Жан-жақтан, екі-екіден ән салдырды . Уәзір айтты: берейін мен де тоғыз , Бес жамбы, аяғы болсын тоғыз .

Құда қып патшамен жарастырып ,

Қаншама сауап сөз айттың ұшантеңіз. («Дастарқан»)

Міне, көріп отырсыздар, жар-жар айту, ұрын бару, домбыра шертіп, өлең айту, ақындардың өнерін жұрт жиналып қызықтау, өнерді құрметтеп, силық үшін жамбы қосып, тоғыз беру, құда түсу, т.б жоқтау айту салттардың бәрі-бәрі сол шығыстық елді-мекендерде өтіп жатқаны белгілі . Түрі мол, мазмұны бай халықтық фольклорымыз бен шығыстың, яғни Араб-Парсының ежелгі классикалық шығармаларының үлгісіне мұрагерлік етіп, нәзиралық дәстүрді ұстанып, қисагерлік дарынымен жалпақ жұртқа танылғандар жоғарыдағы ақындармен ғана шектелмейді. Олардың алды-артында, айналасында қолдарынан қаламы түспей өткен қисагер ақындар аз болған жоқ. Солардың ішінде ең ықпалдыларының тағы бірі Таңжарық Жолдыұлы екенін айтуымыз керек .

Қазақ әдебиетіне Абай сіңірген нәзиралық үлгіні Қытайдағы қазақ әдебиетінде ең алғаш қолданушылардың бірі Таңжарық болды. Оның Абай үлгісінде Араб, Парсы аңыз-ертегі сюжетінен пайдаланып жазған «Әбдікәрім», «Сәнуар патша», «Бердібек пен Шаһизат», «Нәзигүл», «Әнуар Күланда» тәрізді баспа бетін көрген қисалары бұның мысалы. Таңжарық Жолдыұлы шығармаларының қомақты бір саласы есептелетін бұл қисаларда оқиға төркіні шығыстық аңыз, ертегілерден алынып, Араб елдерінің қалалары мен жер, су атауларын оқиға орны ретінде пайдаланып, оқиға ежелгі халифат дәуірінде, патшалық заман үстемдік етіп тұрған кездерде Мысыр елінде, Бағдат, Басра шаһарларында т.б. шығыстық елді мекендерде өтіп жатқанымен, алайда оқиға болған өңір мен жер жағдайы ежелден қазақ халқы мекендейтін гэографиялық аймаққа, жер-су көріністеріне келтіріле, баяндалатын сан алуан шытырман оқиғалар, қым-қуыт тартыстар қазақтың фэодалдық қоғамына тән патшалық, хандық өмір шындығына көшіріле суреттеледі. Қисалар көлемі жағынан әр келкі. «Сәнуар патша», «Нәзигүл», «Әнуар-Күланда» қисалары ауқымды сюжетке құрылған, мол оқиғалы, кең тынысты эпикалық деңгейде жазылған .

Таңжарықтың қисаларында негізінен махаббат тақырыбы алына отырып, адам бойында кездесетін ізгілік пен жауыздық, қайырымдылық пен зұлымдық, махаббат пен ғадауат, достық пен қастық түрлі іс-әрекет барысында айқындалатын образдар арқылы көрсетіледі. Шытырман оқиғаларды басынан кешіретін сан алуан характерлі кейіпкерлер болмысы оқырмандарды толғандырып, өмірді түйсінуге әсер етеді .

Таңжарықтың қисса тобына жататын шығармаларының ішіндегі ең ірісі әрі әлеуметтік мәні зор, тағылымы мол туындыларының бірі«Нәзигүлді» де Таңжарық өзге қисса, дастандары секілді Үрімжі түрмесінде отырған жылдары жазған. Ақын бұл шығармасында басқа қисса, дастандарын жазғандағы басшылыққа алған композициялық жүйені, баяндау тәсілін, бастау, аяқтау ұстанымдарын қолданады. Шығарманың бастауында бұл хикаяны қисаға айналдырып жазып шығуға трүткі болған түрмеде бірге жатқан досы Фазылжан екені, оның хикая мазмұнын ауызша әңгіме түрінде бергені, автордың тіршілік дүниеге, табиғаттың әсем жаратылысына, өмір заңдылықтарына ой жіберген философиялық көзқарастары көрініс табады. Алдағы әңгімеленер оқиға сілемдерін, оған негіз болар себептердің ұшығын шығаратын толғанысқа толы жолдармен басталатын қисада үш ұрпақ шендестіріледі. Уақыт аясында өтетін қым-қиғаш өмір көрінісі, сан алуан тағдыр тартысы, шытырман оқиғалар желісі жинақталады. Оқиға желісі бір-біріне жалғастық табатын үлкен екі кезеңді қамтиды. Бірінші кезең оқиғасы Араб елінің Бағдат халифатына қарайтын Мысыр уәлийы Махмұт пен оның үш қызы төңірегінде, ал екінші кезең оқиғасы уәлидың кіші қызы Зұбиладан туған жиені Нәзигүл тағдырына қатысты өрбиді. Қиса мазмұнына қатысты негізгі түйін түрлі сипатта орын алатын арамдық пен адалдық, адамдық пен зұлымдық, ақылдылық пен ақылсыздық көріністерінен ой қорытып, сабақ алуға меңзеу. Тәрбие, өнеге, мөралдық тұрғы басты мәселе ретінде көрінеді. Қисада жырланатын оқиғаға байланысты “сараптап залым қандай, момын қандай” екенін сынауды тыңдаушыға, оқырманға, көңілі жүйрік жандардың өзіне ұсынады. Қиса сюжеті, барлық оқиға әрқайсысы өзіне тән мінез-құлық, ақыл-парасат, түйсік-түсінігімен ерекшеленетін он кейіпкердің түрлі бағыт, ниет-пиғылдағы ісәрекеттеріне құрылады да, орталық тұлға болып есептелетін Нәзигүл, Зұбила, Махмұт уалиден тармақ тартып жатады. Қисадағы негізгі оқиға желісі әу баста Махмұт уәли туралы әңгімеден басталады. Ол кезде тіпті Нәзигүлдің оқиғаға қатысуы тұрмақ, өзі өмірге де келмеген кезі болатын. Соған қарамастан ол орталық кейіпкерге айналады, қисса “Нәзигүл” деп аталады. Алайда мұның қисынды жағы бар. Өйткені оқиғаға екінші кезеңде келіп қосылғанымен, қисаның шарықтау шегі осы Нәзигүл тағдырына қатысты өрістеп, шешімі Нәзигүлдің іс-әрекетіне байланысты түйінделеді .

Қисада мінез-құлық, писихология жағынан іштей бағыттас адамдарды өзара біріктіретін әр түрлі топтың уәкілдері бар. Бірінші, Махмұттың алдыңғы екі қызы мен оның күйеулерін санасы төмен парықсыз адамдар тобы деуге болады. Екінші, Ешен, Қаһар сияқтылар – мейірімсіз қара жүрек жауыздық иелері. Үшінші, Қасым, Зұбила, Зияда, Нәзигүл бойларына шапағат нұры себілген, ойларына ақылдың кені төгілген, мәңгілік салтанат құруға тийіс адамдық негізі орныққан тұлғалар .

Қисада екі түрлі мақсатта айтылатын үш өтірік бар. Оның алғашқысы қос қайынбикенің арсыз қылықтарын күйеулерінен жасыруы, қыздарының көңілдестерімен қашып кетуін қисынды орайластырған дәлелмен “күйеулерін іздеп кеткен екен”, деп, қайын атасы Махмұтты да мойындатуы. Екінші Ешен молданың: “қызының жезөкшелігінің кесірінен оның көңілдес жігіттерінен соққыға жығылдым”,деп, Нәзигүлді жамандап, Қасымға өтірік айтуы. Үшіншісі өзінің арам ниетті әрекетінің салдарынан тағдыры тәлкекке түсіп, құшағындағы баласы Ғайыпбектен айырылған, әрең дегенде қашып құтылған Нәзигүлді адам ретінде сеніп тапсырып, қолбасшысы етіп жіберген халифаға “қолымыздан қарақшылар тартып әкетті”,деп айтып барған қаныпезер Қаһардың өтірігі. Алдыңғысы “елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан” деген халық даналығына саятын үлкен гуманистік көзқарастан туатын ерлі-зайып, ағайын-туыс, ел-жұрт, әке мен бала арасын татулыққа, ынтымақ-бірлікке бастайтын жақсылық үшін адал ниетпен айтылған өтірік . Кейінгі екеуі арам пиғылдарын жасырып өз бастарын қорғау үшін өзімшіл қорқау, қара жүректікпен айтылған өтірік .

Қисаның сюжет негізі Араб елдерінен жеткен әңгіме негізіне құрылғанмен қазақы болмыс-бітім тұрғысынан суреттеледі. Бағдат, Мысыр секілді ел мен жер, қала аттары аталғаны болмаса, қазақ тұрмысы көрсетіліп, қазақ сахарасында өтіп жатқандай әсер қалдырады. Мұндағы басты идея барлық мағынадағы зұлымдық пен жамандық атаулыға қарсы тұрып, парықсыздық, ойсыздықтан сақтандыру, еңбекшілдік, парасаттылық, зерделілік, жарға адалдық, тұрақтылық, мейірімділік пен қайырымдылық қасиеттерді дәріптеп ұрпақ санасына орнықтыру. Жалқаулық пен есерлікке, зымияндық пен әділетсіздікке, зорлық пен зомбылыққа қаймықпай қарсы тұра алатын қайсар да әділетті, күрескер рухты өнеге-тағылым етіп көрсету .

Осы тұрғыдан келгенде:

Адал кім, адалды алдап азғырған кім ? Жазықсыз жанға шұңқыр қаздырған кім ? Өктем күш, озбыр залым үкім сүріп , Қамығып, қайғы жұтып, қаңғырған кім ? Шайтанға жолдан азып ерген қалай ?

Момынға нахақ жаза берген қалай ? Адалмен айырыңдар арам ісін , Түбінде ақиқатқа сенген қалай?- деп, ақынның өзі оқырманға сұрау тастай отырып аяқтаған “Нәзигүл” қисасы жақсылық пен жамандықты, адалдық пен арамдықты, арлылық пен арсыздықты ажырата білуге ой тастайтын, философиялық тұжырым, түйіндерге толы, көркемдік сапасы жоғары кесек туынды. Ол Таңжарық ақынның қол жеткізген жеке табысы ғана емес, Қытай қазақтарының көркем әдебиетін биік сатыға көтерген, тұтас ұлттық әдебиетімізге өзгеше леп, өзіндік сарын әкелген, зор үлес боп қосылған туындыларының бірі деп білеміз .

Қысқасы, Таңжарықтың қай қиса, дастандарын алсаңыз да, ондағы идеялық мазмұн ақынның қоғамдық әлеуметтік көзқарасынан бастау алып, халықтық ой мақсаттармен сабақтасып жатады. Әлеуметтік теңсіздік, әйел бас бостандығы тақырыбы молынан қамтылып, өркениет жолына үндеу сарыны басым түсіп жатады. Өлеңдеріндегі секілді Таңжарықтың қисса, дастандарында да гипербола, литота, теңеу, епитет, метафора т.б көркемдік құралдар барынша мол қолданылады. Таңжарықтың қисалары образ жасауда, табиғат әлемі, түрлі құбылыс, кейіпкерлерінің күйініш-сүйінішімен жан сезімін бейнелеуде ауыз әдебиетіне тән стилдік өрнек-тәсілдері таразы басып жатқанмен, жанды сурет, көркемдік әсірелеу басым түсіп, Қытай қазақ жазба әдебиетін жанрлық жақтан байытқан эпикалық туындылар болып табылады. Осы бір сандық және сапалық деңгеймен-ақ Таңжарықтың қиса, дастандары қазақ қиса, дастандарының жанрлық мүмкіндігін арттырды, тақырып аясын кеңейтті, көркемдік арнасын молайтты. Бұл қисса, дастандар осынысымен құнды, осынысымен бағалы .

Қортындылап айтқанда, таяу заманғы нәзиралық дәстүр қазақ әдебиетінің томаға тұйық әдебиет емес, қайта өзге ұлт әдебиетінің, дүние әдебиетінің игі ықпалын қабылдап, өзі нің қазынасын байытқанын, солардың өнер биігіне қол созғанын бір қырынан сипат тайды.

 

Әдебиеттер

  1. Әуезов М. Әр жылдар ойлары. – Алматы: 1959. – 400 б.
  2. Қыраубаева А. Шығыстық қиса-дастандар. – Алматы: Өнер, 2010. – 340 б.
  3. Қазақ әдебиетінің тарихы 1-кітап. – Үрімжі: Шынжаң халық баспасы, 1996. – 886 б.
  4. Мыңжани Н. Қазақтың халық қиссасы – «Бақтияр» және оның «қырық бұтағы» жайында // Қазақ ауыз әдебиеті туралы пайымдаулар. – Үрімжі: Шынжаң халық баспасы, 1984.-757 б.
  5. Егеубаев О. Қазақ халық дастандары туралы // Қазақ ауыз әдебиеті туралы пайымдаулар. – Үрімжі: Шынжаң халық баспасы, 1984. – 757 б.
  6. Мыңжани Н. Мұра. – Үрімжі:1982. – № 1.
  7. Ақытұлы Ғ. Ақыт Үлімжіұлы. – Пекин: Ұлттар баспасы, 2000. – 145 б.
  8. Қазақ әдебиетінің тарихы 3-кітап. – Үрімжі: Шынжаң халық баспасы, 2003. – 417 б.
Жыл: 2014
Қала: Алматы
Категория: Филология