Ә. Кекілбай өлеңдеріндегі теңеулер қолданысының ерекшеліктері

Ақын, көрнекті жазушы Ә. Кекілбай өлеңдеріндегі теңеулер қолданысының ерекшеліктерін нақтылау, оны тілдік мысалдар арқылы талдау көкейтесті іс. Ә. Кекілбай шығармашылығы, оның ішінде, прозасы тілдік тұрғыдан зерттелгенімен, поэзиясы арнайы қарастырылған емес. Мақалада Ә. Кекілбайдың бұрын және соңғы кезде жазған өлеңдеріндегі теңеулер қолданысының ерекшеліктері теңеулерді зерттеген ғалымдар пікірлері арқылы кеңінен талданады.

Қазіргі әдебиетіміздің поэзия әлемінде өз атын алтын әріппен жазған ақындарымыздың қатарында Ә. Кекілбай тұратыны көпшілікке мәлім бола қоймас. Алайда көрнекті жазушы әдебиетке алғаш поэзия есігін қағып келгенін бірі білсе бірі біле қоймас. Сол себепті, Ә.Кекілбайдың поэзиясы, поэтикалық шығармашылығы тілдік тұрғыдан терең талданып, зерттеле түсе қойған жоқ.

Осы орайда теңеулерді жазушының шығармашылық шеберлігі арқылы пайда болған қолданыстар ретінде зерттеу керектігі назарға ілінеді. Осы тұрғыдан келгенде, дәстүрлі және авторлы теңеулерді тілдің динамикалық жүйесінің белсенді процесінің бірі ретінде қарастыру аса маңызды. Мысалы, «аш бөрідей» теңеуін тұрақты және дәстүрлі теңеулерге де жатқызуға әбден болады.

«Ес кетіп, есеңгіреп, тағат тамам,

Алыстан аш бөрідей алақтаған» [34].

Сол сияқты, Ә.Кекілбаев тіліндегі «қасапшыдай, ту биенің сүбесіндей» деген теңеулер де осы тектес болып келеді. Мысалы: Археолог деген өлеңінде осы теңеулер кездеседі:

«Қасапшыдай қос білегін сыбанып, Қолда пышақ жалақ жұлақ етеді. Жердің төсін көптен жатқан құлазып, Ту биенің сүбесіндей кеседі» [69].

Теңеулер – кез келген сөз зергерінің өзіндік қолтаңбасы мен өмірлік тәжірибесінің көрсеткіші. Теңеулер қазақ өмірінің айнасы іспетті, яғни қазақ тұрмысынан хабар беретін бірден-бір тілдік бірліктер. Ә.Кекілбаев тарихи тақырыптар бойынша қалам тербеген жазушы, сондықтан оның тілінде теңеулердің әртүрлі вариациялары қолданылады. С. Ғұбайдуллин, А.Б. Бейсенбай қаламгердің қазақ теңеулерін өте шебер қолданатындығын көрсетеді. Ол бұл ерекшелік туралы мынаны жазады:

«Ә. Кекілбаев тарихи тақырыпқа жазған шығармаларында теңеулерді сол кезеңнің сөздік қолданысына орай ауызекі сөйлеу тілінің лексикасынан алады. Мысалы, ол

теңеулер: бедеу қатынның бетіндей, кәрі кемпірдің бөксесіндей, кәнедей, түйенің көніндей, қызыл иттей, сасық көкектей т.б. болып келеді. Автор үшін сөздің сыртқы сұлулығынан гөрі оның заманмен үндесуі, эмоциялық бояуы басты роль атқарады [1,10]. Ақын прозадағы теңеулер сияқты теңеулерді өз поэзиясында да жиі қолданады. Мысалы:

Асан Қайғы желмаясы ізіндей Шимай сүреу маңдайымнан үзімей Барған сайын келе жатыр жиілеп

Ара тұра соны ойласам – күйінем: [13].

Жалпы қазақ тіл білімінде теңеулерді алғаш жазған Т. Қоңыров болатын. «Теңеу мүшелерінің бір-біріне осындай қатынасынан, әсіресе, белгінің бір-біріне осындай қатынасынан ассоциациялық теңеулердің бес түрлі структуралық типі келіп пайда болған. Ал бұл структуралық типтердің мүшелерінің бір-бірімен байланысу тәсілдері екі түрлі жолмен жүзеге асырылады. Оның бірі – теңеу мүшелерінің парадигмалық қатынасы, екіншісі – теңеу мүшелерінің синтагматикалық қатынасы» [2,104].

Теңеулердің басты метафоралық сипаты туралы Т. Қоңыров былай дейді: «Тұрмыстық заттардың теңеу образдары болып мейлінше жиі, төтенше мол қолданылатыны сонша, олардың бірталайы өздерінің теңеулік құрылымын жоғалтып, метафоралық сипатқа ие болған. Мәселен, алғашқыдағы «қазандай үлкен бас», «оймақтай кішкене ауыз», «орақтай имек тұмсық», теңеулері «қазан бас», «оймақ ауыз», орақ тұмсық» болып ықшамдалып, метафоралық сөз тіркестеріне айналған. Бұл жағдай тек тұрмыстық заттарға ғана емес, басқаларына да тән болады» [2,25].

Ә. Кекілбайұлы өлеңдеріндегі теңеулерде осы бір заңдылық сақталғандай көрінеді. Мысалы:

«Думан қуған дәуреннің елесі де

Сүр сүбедей тәтті екен – кел, мүжиін» [77].

Немесе:

Қиын майдан қартасындай өңкей шимай қаптаған Ию – қию әжімі мол маңдай барға мақтанам...[13].

Танымның өзгеріске бейімділігі сияқты тілдегі концептілерде тұрақты түрде өмір сүріп келе жатқанымен заман ағымына қарай оның да құрамына өзгерістер енеді. Д. Әлкебаева айтқандай, «теңеу – бүгінгі бағзы заман өмірінің адам санасындағы ұқсату белгісінің көркемдік қуаты» [3, 98].

Үстіме кеп арайланып таң нұры, Бүркіп өтсін төбеме қыр жаңбыры. Кебінімдей ақ қар қонса бетіме, Соның сызы өтіп жатса етіме [16]

Ә. Кекілбайұлы тілінің көркемдігін арттырып тұратын бейнелі, сезімдік сөздердің сан салалы түрде қолданылуы. Бейнелі сөздер мен теңеулерді молынан қолдану арқылы ақын өз сырын ашып, оларды теңеу арқылы әрқилы ерекшеліктерін ашады. Теңеулер мәселесі, оның ішінде, анықтамасы мен жай-жапсары Т.Қоңыров еңбегінде кең көлемде зерттелген себепті, теңеулердің сырын ашуда осы ғалымның зерттеулеріне сүйендік. Мысалы,

Алқорыдай албыратын ажарын, Шырын сорсам, асай қауып анарын, Тарс жауып тас қақпадай жанарын, Тапамасан, қалай тарқар базарым?! [28]

Ә. Кекілбайұлы тілінде мағынаның коннотация бөлігі белсенді түрде қолданылады. Бейнелі сөздерді молынан қолдану арқылы автор кейіпкер мінезін ашады. Сонымен қатар, автор жаңадан сөздерді әртүрлі тілдік тәсілдермен жасап, тіліміздің лексикалық қорына қосады да, өзіне ғана тән әлеуеті күшті теңеулер тобын түйдегімен қолданады. Соларды топтап келтірелік. Мысалы:

Онсыз жастық – өшкен күн ғой жылусыз, Бұл мін емес, о, жарандар, өзге мін: Тамсанғамды айып көрме, сұлу қыз,

Тәтті болып жаралғасын өздерің [28]

«Қойып кет, тұрар деп пе ең баста дәурен,

Сыраның көбігіндей шайпау дүние» [49].

«Қара талқан құдды қара күліндей

Бомба түсіп қирап қалған үйлердің» [56].

Теңеулер мен авторлы қолданыстардың тағы бір қасиеті – белгілі бір ұғымға, түсінікке атау беру. Теңеулердің эмоциялылығы, экспрессивті мүмкіндіктері, олар-

дың мәнмәтінге бағыныштылығы ассоциативті өрісінің көлемі бір-біріне тәуелді болып келеді. Егер қарапайым сөздің басты қызметі номинативті (атау) болса, теңеулер мен жеке авторлы қолданыстар үшін бұл – экспрессивті-бейнелеуіш қызметі. Мәселен:

«Анамның жұпар иіс көкірегіндей

Жусанға тұмсығымды тыға түсем» [58].

«Түтіндер тайлақтай тайрақтап,

Аспанға асығып барады»

«Түтінсіз жатыпты сахырам

Таз қыздың басындай тұп-тұлдыр» [67].

Теңеулер мен авторлы қолданыстар – жаңа құбылыстар мен заттарды атап, көрсететін тілдік бірліктер. Әбіш Кекілбайұлы өлеңдерінде осы ерекшелікті көрсететін мысалдар баршылық, яғни, мәселен;

«Тұр әлі көктем шықпай, күн айықпай

Бошалаған сиырдай мына бұлтты-ай» [73].

«Дем салатын бақсыдай демді ішке алып, Тырс етпейміз сақшымыз – көнбіс халық» [73].

Теңеулерді жасауда экстралингвистикалық себептердің де қалыс қалмайтынын естен шығармауымыз қажет. Себебі, дүниені, әлемді ұлттық негізде танудың ең басты себепшісі – ұлттық тәрбие, ұлттық ойлаудан туған ұлттық діл. Мысалы:

Таусылып әлің, салдырап қарың, Мартудай басып өзіңді өз салмағың. Ілбисің алға, еткенше сарып

Бағасы түскен бақыр теңгедей

Пәтуасыз ғұмырдың қалғанын [87].

«Төңкеріліп тас төбеңе аспан, түгел атырап, Қалар едің қайраңдағы қайықтай боп қақырап» [118].

Бұрынғы кезде өмір сүрген тілдік тұлға тіліндегі теңеулердің жоғарғы дәрежесі символдық мәнде келсе, бүгінде ол өзгеріп, басқа денотаттық жағдайдан туындайды. Мәселен, Қ. Өмірәлиев авторлы поэзияда «қызғыш құс» бұрыннан келе жатқан теңеудің нысаны екенін жазады. «Айталық, өзге бір жерде арыстанға теңеп отырған Исатайын бірде Махамбет: Қызғыштай болған есіл ер Қайранда жұрттан не көрді, – деп, «қызғышқа» теңейді. Мұнда ақын Исатайдың ерлігін айтайын деп отырған жоқ, оның халыққа, жұртқа қамқоршы

болуын, ел қорғаны болуын, жанашырлығын ескеріп отыр. Ал осы үшін «Қызғышты» таңдаса, халықтың ұғымында «Қызғыш» туралы дәстүрлі түсінік бар. Ол – қызғыш құстың ел түсінігіндегі осы «қасиетін» ескеріп барып теңеуге алып отыр. Ал бұл – қызғыштай деген теңеу сөздің ішкі мағынасы». Зерттеуші бұны негіз-үлгі деп атап, бұның ХV ғасырдан бері қолданылып келе жатқан теңеу екенін айтады, яғни «Ау, қызғыш құс, қызғыш құс, көл қорыған сен едің, сен де айрылдың көліңнен» [4, 215-216]. Ал Т.Қоңыров бұрынғы теңеудегі сөздердің мағыналық байланысының қазіргі теңеуде астасып жататынын жазады.

Ә. Кекілбай Махамбет ақынның ізімен Исатай батырды жоқтаған «Тарланым» толғауындағы сөздерді қайта жаңғыртып, Исатайды теңеген сөздерді өте орынды қолданып, теңеулерді басқаша түрде ұсынады. Алдымен, Махамбет толғауын келтірелік:

«Таудан мұнартып ұшқан тарланым, Саған ұсынсам қолым жетер ме?

Арызым айтсам өтер ме? Арыстаным, көп болды-ау, Саған да менің арманым? Кермиығым, кербезім!

Керіскідей шандозым! Құландай ащы дауыстым! Құлжадай айбар мүйіздім! Қырмызыдай ажарлым! Хиуадай базарлым!

Теңіздей терең ақылдым!

Тебіренбес ауыр мінездім! (Махамбет) [43-49].

Енді Әбіш Кекілбайға кезек берейік:

«Дәурен қайда шалқыған кең өлкедей, Оны ойласам – сөз сұрғылт, өлең – кедей. Кермиықтар кешегі ебіл-себіл

Бұлтты күнгі бұлыңғыр көлеңкедей Құлазиды-ай, көңіл ит бұйығады-ай, Базар тарап, бос қалған Хиуадай.

Қыршын жастық қылт етіп ғайып бопты, Қылғып салған қыз ерні миуадай» 1998 жыл [134].

«Түрулі тұрған іргеден самиян самал еседі, Қулық бие сүтіндей саумал аңқып кетеді. Күлтеленіп бас жарған көк жүгері жайқалған

Көк теңіздей толқиды желді күні шайқалған» 1998

жыл [137].

Т. Қоңыров сөздігінде «су шалаптай» теңеуі берілмеген, ал «қу бұтақтай, қашқан тағыдай» әбден тұрақталған теңеулер. Әбіш ақын былай деп жырлайды:

«Су шалаптай шылдырап, Қу бұтақтай сылдырлап, Қара суық соққанда Қаптай қашқан тағыдай

Ойдан қырға құлдырап» 1998 жыл [144].

Ақын тілінде теңеу құраушы заттар көзімен көрген, санамен түйсінген материалды заттар екені оқырманды барлық ақын танымын түсінікті етеді. Мәселен:

«Шідердей ирек иір жол Тірсегіңді кесті енді.

Кісендей суық темір жол

Қиып түсті бөксеңді» 1998 жыл [152].

Тіліміздегі сөздер табиғи қалпында ғана қолданылып қоймай, суреткердің танымдық-логикалық бірлігінің нәтижесінде өңделіп, басқаша реңк пен бояуға ие болу процесінде де қолданылады, кейбіреуі әдеби нормаға енеді, ал кейбір сөздер әдеби нормадан ауытқуға ие болып қалады. Мысалы:

«Қиын ғой кетсе ақылды кесір билеп, Жармасып бір-біріне тілін түйреп, Онсыз-дағы тағдырдың тар соқпағы,

Иттің дәрет ізіндей ирек-ирек» 1998 жыл [155].

«Иттің дәрет ізіндей» теңеуі Т. Қоңыровтың сөздігінде кездеспейді. Онда тек мынадай итке қатысты тұрақты теңеулер берілген: «Байлаулы төбеттей өршелену. Арандай-ақ арсылдаған пулемет байлаулы төбеттей өршеленіп, теңіз жағасы азанқазан болды (Ғ. Мүсірепов) [64]. Иттей қорлық. Дүниелік керек болса, адал еңбекке салынып алған кісі ондай жүрісті иттей қорлық көрмей ме? (Абай) [65]. Иттей езгілеу. Бір-екі грузчик Дайырды тауып алып, оны қойғылап, тепкілеп, иттей езгіледі (М. Әуезов)» [5,65].

Ақын өзінің жасқа толған бір белесінде жазған «Алпысқа аяқ басқанда» атты өлеңінде бұрын қолданбаған теңеулерге жүгінеді. Мысалы:

«Не болыпты бізге оны ұқпастай боп, Өте шықты дүние түскі астай боп. Сумаңдаған суырдай сусыл жылдар

Інге кіріп алмақшы шықпастай боп» 1998 жыл [156].

«Қара шыбын күн бойы ызыңдайды, Көшбасының гөйі-гөйі бұзылмайды. Изең-изең жүрістен жалыққанда

Құрт жегендей құйымшақ тызылдайды» 1999 жыл [164].

Көркем шығарма тілі басқа әдеби тіл түрлерінен экспрессивті-эстетикалық сипатымен ерекшеленеді де ұлттық тіл мәдениетінің дамуына өз ықпалын тигізеді.

 

Әдебиеттер

  1. С. Ғұбайдуллин "Ә.Кекілбаев прозасының тілі". Филология ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертатциясының авторефераты, Алматы, 1995
  2. Қоңыров Т. Қазақ теңеулері. – Алматы: Мектеп, 1978.
  3. Әлкебаева Д. Қазақ тілі стилистикасының прагмастилистикасы. –Алматы: Зият-Пресс, 2007.
  4. Өмірәлиев Қ. ХV-ХІХ ғасырлардағы қазақ поэзиясының тілі. – Алматы: Ғылым, 1976.
  5. Қоңыров Т. Қазақ тілінің тұрақты теңеулері сөздігі. – Алматы: Ғылым, 1990.
  6. Кекілбайұлы Ә. Дүние ғапыл. Өлеңдер мен драма. – Алматы: Арыс, 1999.
Жыл: 2014
Қала: Алматы
Категория: Филология