Жоспарлы иммундаудың эпидемиологиялық нәтижесі иммундалатын контингентті екпемен қамтуға тәуелді. Елімізде, әсіресе соңғы жылдары екпемен қамту мәселеге айналып отыр. Екпе ісіне денсаулық сақтау саласынан тыс күштердің тартыла бастауымен парламенттік тыңдауға шығарылуы мәселенің денсаулық сақтау саласы аясынан шығып бүкіл халықтық сипат алғанын көрсетеді. Мәселе жасанды иммундау ісінің саясатына, иммундаудың моралдық-этикалық жақтарына, құқықтық негізіне және алдын ала егу күнтізбесіне жаңаша көзқараспен қарауды талап етеді.
Өзектілігі. Тұрғындарды жұқпалы аурулардан қорғау мемлекеттік маңызды міндеттердің бірі[5]. Соның ішінде әлеуметтік факторлармен детерминацияланған аурулардан қорғау басым бағытта. Жұқпалы аурулардың алдын алумен олардың індетіне қарсы шаралардың ішінде тұрғындарды иммундау нәтижесі жоғары шара деп саналады[4]. Иммунды профилактика тәсілдері бірнеше – ұлттық алдын ала егу күнтізбесі бойынша, жедел клиникалық және эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша[2]. Иммунды профилактиканың соңғы екі түріне қатысты екпе салынатындарға оның қажеттілігін дәлелдеу қиын емес. Мысалы, жарақат алғандарды сіреспеге қарсы немесе жыртқыштарға таланғандарды құтыруға қарсы, туляремия, түйнеме сияқты аурулардың ошағында қалғандарды сол ауруларға қарсы егу кезінде. Ал, күнтізбе бойынша екпе салу ісінде жағдай басқаша. Себебі екпе дені сау балаға салынады, екпенің қажеттілігі, қауіпсіздігі көптеген ата-аналарда күмән туғызуы мүмкін. Ол күмән негізсізде емес, бірақ медицина қызметкерлері көп жағдайда екпе қауіпсіз, екпе салынбағандар бала бақшамен мектепке қабылданбайды деген уәждер келтіру арқылы баланың ата-анасын көндіреді. Бұл моралдық - этикалық нормаға және азаматтардың конституциялық құқығына қайшы келеді [3,8]. Яғни, жоспарлы иммундау ісі егілетіндерге кейде психологиялық және әкімшілік қыспақ қолдануға құрылған демеске болмайды.
Мақсаты. Жоспарлы екпе салу ісінің клиникалық, эпидемиологиялық нәтижесін төмендететін екпеден бас тарту мәселесінің туындауына орай оның ұйымдастырушылық, құқықтық, моралдық-этикалық аспектілерін және екпеден бас тартудың себептерін зерттеу.
Материалдармен әдістер. Иммундау ісіне негіз болып саналатын ресми құжаттарды саралау, сауалнама нәтижесіне қарай бұл істегі тұрғындардың пікірін анықтау, бұқаралық ақпарат көздеріне шолу жасау, иммундау ісінің моралдық-этикалық және жекеленген вакциналардың клиника-эпидемиологиялық аспектілерін және екпеден бас тартудың құзіретті органдардың есебі бойынша себептерін талдау.
Нәтижелерімен талқылаулары. Иммунды алдын алу ісі бойынша егілетіндердің міндетімен құқығы Қазақстан Республикасының «Тұрғындардың санитарлық-эпидемиологиялық ахуалы туралы» заңында және «Халық денсаулығымен денсаулық сақтау саласы туралы» кодексінде ғана көрсетілген. Екінші құжатта екпе салуға келісім немесе одан бас тарту жазбаша түрде болуы қерек делінген. Бұл екі құжат екпеге байланысты қоғамда туындайтын қайшылықтарды реттеуге жеткіліксіз. Оған дәлел екпеден кейін айықпас дертке шалдыққан балалардың ата-аналарының шағымдары, сот шешімдерінің шағымданушылардың арыздарын қанағаттандырмауы және бұл жағдайларды орталық телеканалдардың көрермен талқысына ұсынуы. БАҚ-да осы сұрақты талқылауға шақырылған компетентті деген адамдардың иммунопрофилактиканың тек пайдалы жағын ғана көрсетіп, асқынулармен оған байланысты туындайтын қайшылықтар туралы жақ ашпауы түсініксіз. Екпеден кейін ауыр асқынуларға шалдыққандарға заңды әлеуметтік статус берілмейді, барлық моралдық және материалдық шығын баланың ата-анасына түседі. Жоспарлы иммундау нәтижесінде популяциялық иммунитет қалыптастырылады. Ол үшін егілетіндер мейлінше кең қамтылуы шарт, яғни қамту 90-95 % кем болмаған жағдайда ғана аурудың эпидемиялық таралуына тосқауыл жасалады. Демек, «бірі бәрі үшін, бәрі бірі үшін» қағидасы орындалуы тиіс. Бұл жағдайды иммундалушылар біле бермейді.
Абсолютті қауіпсіз вакцина жоқ және вакциндік препараттың адам ағзасындағы әсерімен оған әр ағзаның жауабын біліп отыру мүмкін емес. Осы жағдайды және мүмкін болатын асқынуларды ата-аналарға айтуға медицина қызметкерлерін жоғарыда айтылған кодекстің 156 бабы міндеттейді. Бірақ екпе салынар алдында ол туралы айтылатын болса екпеден бас тартатындардың саны қазіргіденде (барлық бас тартқандардың 10,6 %) көп болатыны сөзсіз[1,9]. Қазақстан Республикасы парламенті депутаттарының Денсаулық сақтау министрлігіне вакцина сапасына аса көңіл бөлуін тапсыруы, бұл істің ұйымдастырылуында олқылықтарға жол берілгендігін көрсетеді. Ақтөбе облысында 2017 жылдың алты айында вакцинадан бас тартқандардың 1,9 % вакцина сапасына сенімсіздік танытқан. Ол олқылықтар тоқсаныншы жылдардың аяғындағы жаппай БЦЖ вакцинасынан болған асқыну, былтырғы жылы ғана болған қызылша вакцинациясының асқынуы. Демек, тірі вакциналарды қолдануға көрсеткіш аясын мейлінше тарылту немесе әр серияның реактогенділігімен вируленттілігі тексеріліп отыруы керек. БЦЖ вакцинасы қазіргі күні тек клиникалық нәтиже үшін жасалады. Вакцина эпидемиологиялық нәтиже бермейтін болса, шет елдердің тәжірибесі көрсеткендей барлық вакцинадан кейінгі асқынулардың 30% БЦЖ-ның үлесіне тиетін болса, біздің елімізде бұл екпенің әлі күнге жасалынуы түсініксіз. Ақтөбе облысында өткен жылы екпеден бас тартқан 1865 баланың 1131 осы БЦЖ вакцинасының үлесінде, ал биылғы алты айдың ішінде олардың саны 1776 болды. Сол сияқты В вирусты гепатит вакцинасының күнтізбеге ерте енгізілуін құптамайтындар бар және одан бас тартқандардың үлесі барлық бас тартқандардың 59,4% құрауы көпшіліктің көз қарасын бөлісу керек екендігін білдіреді[7,9]. Шындығындада, парентералды вирусты гепатиттердің эпидемиологиясымен вакцинациядан кейінгі иммунитеттің сақталу мерзімін ескерсек бұл вакцинаның жаңа туған нәрестеге жасалуы ешбір қисынға келмейтін сияқты.
Қортынды. Осы аталған қысқаша мәліметтердің өзі бұл істе шешімін күткен мәселелер бар екендігін білдіреді. Бұл істі сапалы, табысты жүргізу үшін қазіргі иммунды алдын алуға қатысты қолданылып отырған саясат өзгеруі тиіс, яғни әкімшілік-басқарушылық және тұрғындардың медицина- санитарлықпен құқықтық сауатсыздығына негізделген саясат енді гуманистік- өркениетті бағыт алуы керек. Ол үшін ең бастысы екпе салынатындар құқықтық қорғалуы қажет. Көптеген өркениетті елдердегі тәрізді, туындайтын қайшылықтарды түбегейлі шеше алатын арнайы, тек иммунды алдын алу ісі туралы заң болғаны абзал. Иммундау ісі әрбір тұрғынға қатынасты болғандықтан, заң жобасы тек парламентте ғана емес, сондай-ақ қоғамдық компетентті ұйымдардың талқысынан өткені жөн. Иммундау күнтізбесіндегі клиникалық нәтиже алуға негізделген БЦЖ, ВГВ, сіреспе, вакциналарына көрсеткіштерді қайта қарау қажет. Инфекцияны басқарудың иммундаудан басқада нәтижелі тәсілдері бар, күнтізбедегі кейбір аурулардың алдын алу ісінде нақты аймақтың иммундаудан басқа нәтижелі профилактикалық ресурстарын қолданған дұрыс деп санаймыз.
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
- Алибаева Б.Н., Беккужиева А.А. Иммунды алдын алудың құқықтық негіздері // Батыс Қазақстан медицина журналы. - 2014. - № 1(41). - С.78-79.
- В.К.Таточенко, Н.А. Озерецковский, А.М.Федоров, А.Ф.Соколова, С.Г.Алексина. Иммунопрофилактика – Справочник Союз педиатров России.- 12-е изд. – М.: ПедиатрЪ, 2009. - 287 с.
- Кэмпбелл А., Г.Джиллет, Г.Джонс; ред.: Ю.М.Лопухин, Б.Г.Юдин Медицинская этика; учебное пособие. - 2-е изд.. - М.: ГЭОТАР- Медиа, 2010. – 400 с.
- Медуницын Н.В., Покровский В.И. Основы иммунопрофилактики и иммунотерапии инфекционных болезней. - М.: ГЭОТАР- Медиа, 2005. - 525 с.
- Қазақстан Республикасының "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау саласы туралы" кодексі. 2016 (22.12.2016 ж. жағдайындағы өзгерістерімен толықтыруларымен)
- Қазақстан Республикасының "Тұрғындардың санитарлық- эпидемиологиялық ахуалы туралы" заңы, 4.12.2002 ж. № 361-11.
- Қазақстан Республикасы Үкіметінің 30 желтоқсан 2009 ж. № 2295 "Профилактикалық екпе жасалынатын аурулар тізімін бекіту, оны жүргізу Ережесі және жоспарлы екпеге жататын халық топтары туралы " қаулысы.
- https://tengrinews.kz/kazakhstan_news/otkaz-vaktsinatsii-vyizval-spor-deputata-vitse-ministra-326761/
- Ақтөбе облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің алдын ала егу ісі бойынша есебі, 2016 ж., 2017 жылдың 1- жартыжылдығы.