Оқытушының студентпен өздік жұмысы – оқу-танымдық әрекеттің ерекше түрі. Оны орындау барысында оқытушы студентке бағыт-бағдар беріп отырады. ОСӨЖ арқылы студент өзінің білімге деген жауапкершілігін арттырып, білім әдістерін таңдауға мүмкіншілік алады. Осылайша оның еркін әрекет жасауға деген құлшынысы артады.
Зерттеу мақсаты: Студент өз бетімен жұмыс істеу арқылы ақпарат көздерінен ақын-жазушылардың шығармаларынан өзіне берілген тапсырмаға, сұраққа жауап іздей бастайды. Сол еңбектерден ғылыми ойлардың берілу жолдары,олардың жазылу үлгілеріне назар аударады. Содан кейін студент игеріп отырған мамандығы бойынша кәсіби сөздік қорын байытып, медициналық атаулар мен терминдерді дұрыс, әрі қажетті жерінде пайдалана білуге машықтанады.
Зерттеу әдістері:
Болжам жасау, салыстыру.
Кіріспе. Студент Абай еңбектерінің тәрбиелік мәнін жіті түсініп, одан тағылым алады да өзінің мемлекеттік тілді оқып-үйренуде өз әрекетінің жемісті болғанын сезінеді. «Тіл-өмірдің сәулесі, қоғамдық құбылыстардың айнасы сияқты өмірде болып жатқан неше алуан өзгеріс, жаңалық атаулының бәрін әуелі тұрмыста қолданып, содан соң халық мұрасына айналады.
Қай халық болмасын, сөз қолданыстарында әр түрлі тәсілдер арқылы өз ойларын жеткізуге тырысады. Бұл орайда бірдей түсінікті құбылыстар мен заттарды ауыспалы мағынада қолданамыз. Қазақ тіліндегі анатомиялық атаулардың қолдану тәсілі өте ерте заманда көне түркі жазбаларындағы мына мысалдарды аударсақ көзіміз жетеді.
Тізлігіг сөкінтүрміс - Тізелерін бүктірді
Башығығ йүкүнтүрміс - Бастарына жүргізді
Ендеше, тілді зерттеп оның түп негізін терең тексеру арқылы тұтас бір халықтың тарихи кезеңдерін анықтауға болады». (Ө.Айтбайұлы)[1].
Анатомиялық атауларды халық көркемдеуші құрал ретінде, олардың басты ерекшеліктері мен қызметтері негізге алына отырып күнделікті тұрмыс-тіршілікте, әдебиетте қолданған. Халық арасында анатомиялық атаулар тұрақты сөз тіркестерде жиі кездеседі. Мысалға: жүрегі ұшу, аузын қу шөппен сүрту, бұғана беку, жүрекке сары су құйылу, аузына қарату, құрсағын кеңіту, көзі жұмылу т.б. анатомиялық атаулар эпостық жырларда батырдың сипатын көрсету үшін кеңінен қолданылған.
Әдебиетте тыңдаушысына әсер етіп, оны қызықтыру үшін айтушы өзі айтып отырған оқиғаны әсерлі, көркем тілмен жеткізуге тырысады. Тілдің дамуы, баюы барысында ойды көркемдеп жеткізу тәсілдері де жетіле түсетіні белгілі.
Абай өз шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау еткен. Абай ақынның қара сөздеріне адамның дене мүшелерінің атаулары жиі кездеседі.
Он алтыншы қара сөзінде ақыл, қайрат, жүрек арасындағы таласқа куә боламыз. Сонда жүрек: “Мен - адамның денесінің патшасымын, қан менен тарайды, жан менде мекен қылады, менсіз тірлік жоқ. Жұмсақ төсекте, жылы үйде тамағы тоқ жатқан кісіге төсексіз кедейдің, тоңып жүрген киімсіздің, тамақсыз аштың күй-жайы қандай болып жатыр екен-, деп ойлатып, жанын ашытып, ұйқысын ашып, төсегінде дөңбекшітетұғын - мен. Үлкеннен ұят сақтап, кішіге рақым қылдыратұғын - мен, бірақ мені таза сақтай алмайды, ақырында қор болады. Мен таза болсам, адам баласын алаламаймын: жақсылыққа елжіреп еритұғын - мен, жаманшылықтан жиреніп тулап кететұғын - мен, әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің бәрі менен шығады, менсіз осылардың көрген күні не? Осы екеуі маған қалай таласады”-деген екен [2].
Мына бір өлеңі “Буынсыз тілің” деп аталады,сол бір өлеңнен үзінді алсақ:
Буынсыз тілің,
Буулы сөзің
Әсерлі адам ұғылына.
Кісінің сөзін Ұққыш-ақ өзің,
Қисығын түзеп тұғырға.
Сезімпаз көңіл Жылы жүрек
Таппадым деп түңілмес.
Бір тәуір дос Тым-ақ керек,
Ойы мен тілі бөлінбес.
Бұл өлеңде буын, жүрек және тіл туралы айтылған.
Буын — бір сүйекпен екінші сүйекті жалғастыратын аралық. Сүйектер бір-бірімен кірігіп немесе қозғалмалы болып жалғасады. Тірі организмдерде буын 3 түрлі рөл атқарады: дене қалпының сақталуына жәрдемдеседі; дене бөліктерінің өзара ауыстыруына қатысады; дененің кеңістіктегі орын
алмастыру (локомоция) мүшесі болып табылады. Оның ішкі қабатынан буын сарсуы бөлініп шығады да, ол буын аралығын сылап, қозғалуын жеңілдетеді. Буын қапшығының сыртында болатын сіңірлер сүйектерді берік жалғастырып тұрады, әрі мүшені белгілі бір бағытпен қозғалтады. Адам денесіндегі буынды және буын ауруларын зерттейтін медицина саласын артрология, синдесмология деп атайды.
Қазақ тіліне қатысты жағынан қарайтын болсақ, буын дегеніміз — сөйлеу мүшелерінің тұтастай қимылынан пайда болған бір немесе бірнеше дыбыстық тіркесі. Буынды тек дауысты дыбыстар ғана құрайды. Бір сөздің құрамында қанша дауысты дыбыс болса, сонша буын болады.
Тіл дегеніміз ауыз қуысында орналасқан мүше. Ол көлденең жолақты бұлшық ет ұлпасынан тұрады. Ауыз қуысы тікелей аран арқылы жұтқыншақпен байланысады, сөйлеу қабілетіне тікелей әсер етеді.
Тіл деп тағы біз әрбір халық өзі күнделікті қолданыста қолданатын тілді айтамыз. Осы тұста тілге қатысты ұлы ғұламалар айтқан қанатты сөздерге бір көз жүгіртіп өтсек:
… Адамзат тарихында тіл жай қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – саяси, экономикалық өктемдіктің де басты құралы болып келді.
Н.НАЗАРБАЕВ[3]
Елдің елдігін сақтайтын – әдебиеті, тілі, тарихы, жол-жорасы.
М. ЖҰМАБАЕВ [4]
Егер ертең туған тілім жоғалар болса, мен бүгін өлуге даярмын.
Р. ҒАМЗАТОВ[5]
Тіл жоқ жерде ұлт жоқ . Ш. АЙТМАТОВ[6]
Қазақтың тілі- осы жерДің кілті. ТілДі білген адам қолына осы жерДің кілтін де алады.
М. ӘУЕЗОВ [7]
“Буынсыз тілің” тұрақты сөз тіркесі болып тұр. Тұрақты сөз тіркесі, фразеологиялық тіркес – екі немесе одан да көп сөздердің тіркесуінен жасалып, бір ұғымды білдіретін бейнелі сөздер тобы. Буынсыз тіл деп шешен сөз, шебер
тілді айтамыз. Жылы жүрек- тұрақты сөз тіркесі, мейірімді кісіге қатысты айтамыз.
Абайдың келесі бір өлеңі “Ауру жүрек ақырын соғады жай” деп аталады :
Ауру жүрек ақырын соғады жай,
Шаршап қалған кеудемде тулай алмай.
Кейде ыстық қан басып кетеді оны,
Дөңбекшіген түндерде тыншыға алмай.
Тынышсыз күнде ойлаған дерттің бәрін
Кейде онысын жасырар жұрттан ұрлап.
Кетірер деп мазақтап беттің арын.
Ауру жүрек ақырын соғады жай,
Өз дертін иығып ішке, білдіре алмай.
Кейде ыстық тағы да қан басады,
Кейде бір сәт тыншығар үн шығармай.
Осы бір өлеңде “ауру жүрек” деген сөз тіркесін, біз жүрек- қантамыр сырқатына шалдыққан кезде немесе жүректе бір мұң болған жағдайда айтамыз. Осы тұста жүрек ауруларына тоқталып өтсек, жүрек аурулары, әр түрлі аурулардың асқынуынан немесе жүрек және қантамыр жүйесі қызметі бұзылуы мен зақымдануынан пайда болатын аурулар. Жүрек ауруларының жиі кездесетін түрлері: ревматизм, гипертония, жүрек ақауы, жүрек демікпесі, жүрек және қан тамыр неврозы, миокард инфарктысы, гипотония, т.б. Жүрек ақауы – жүрек қарыншалары мен жүрекшелерінің арасындағы қан өтетін саңылау тарылып, жүрек қызметінің бұзылуы. Мұның туа және жүре пайда болатын түрлері бар. Туа пайда болған жүрек ақауы көбіне ұрықтың дамуы кезінде, жүректің қалыпты жетілмеуінен болады. Жүре пайда болатын жүрек ақауы, негізінен, баспа, мерез, т.б. аурулардың асқынуынан болады. Бұл жағдайда жүректің ішкі қабаты қабынып, қақпақшалар беріштеніп, кішірейіп, жүрекше арасындағы саңылауды толық жаба алмайды. Сондықтан қарынша жиырылғанда қан жүрекшеге қайта құйылып, оны кернеп әлсіретеді. Қан айналысы бұзылып, жүрек қызметі нашарлайды.
Кеуде адам денесінің бір бөлшегі. Кеуде тұсында өкпе, жүрек сияқты мүшелер орналасқан. Ыстық қан деген тіркес ашуланшақ деген мағынаны білдіреді.
Дерт сөзінің медицинаға тікелей қатысы бар, синоним ретінде бұл сөзге келесі сөздерді келтіруге болады: ауру, кесел, науқас, сырқат т.б.
Осы синоним сөздердің әр қайсын жазушылардың шығармаларынан табуға болады. Мысалға:
Жәмилә аяқ астынан ауырып, ауруханаға түсе қалды.
(Б.Кыдырбекұлы)
Әнеугүні қойшыға суық тиіп, қатты сырқаттанды.
(О.Бөкеев)
Мәди алып берген қаршыға, неден екені мәлімсіз, дерттеніп өліп қалды.
(Ш.Айманов)
Абай Құнанбайұлының “Жүректе қайрат болмаса” деген өлеңінде:
Жүректе қайрат болмаса,
Ұйықтаған ойды кім түртпек? Аспаса ақыл қайраттан,
Тереңге бармас, үстірттер.
Осы жерде жүрек сөзінің анықтамасына тоқталып өтсек. Жүрек (латынша Соr) — кеуде қуысының сол жағында орналасқан қолқа - бұлшық еттік қуысты мүше. Ересек адамның жүрегінің салмағы 250-300г. Бірнеше қабаттан тұрады, ең біріншісі эпикард деп аталады, екінші қабаты бұлшық еттен тұрады,миокард деп аталады. Үшінші қабаты,ең ішкісі эндокард деп аталады. Адамның жүрегі төрт бөліктен тұрады: екі құлақша және екі қарынша, олар қақпашалар арқылы байланысады. Босаңсу және үзіліс кезеңдерінде жүрекке қан келіп, оның құлақшалары қанға толып , жүрек тынығады. Жүрек денеміздегі бас мүше, оған дәлел біздің сезімдеріміздің көбісі осы бір жүректен шығатұғын, мысалға: қайрат, қорқыныш, махаббат, қуаныш секілді. Бұлардың бәрін біз дерексіз зат есімдер деп атаймыз. Дерексіз зат есім дегеніміз - қолмен ұстап, көзбен көруге болмайды, бірақ оны сезіммен жеткізіп түсінуге болады. Ал медицинада бұны психология және психиатрия салалары зерттейді.
Қазақ тілінде жүрек сөзі кездесетін тұрақты сөз тіркестері жиі кездеседі: жүрегі алтын-мейірбан, кең пейілді, жақсы кісіге қатысты айтылады; тас жүрек-қатал, мейірімсіз кісі туралы айтамыз; су жүрек-қорқақ; жүрек жұтқан-ештеңеден қорықпау; жүрегі ауызына шықты-қатты қорқу деген мағынаны білдіреді.
Ұйқы-адам мен жануарлардың міндетті физиологиялық жағдайы. Бұл кезде сыртқы орта тітіркендіргіштеріне ешқандай жауап қайтарылмайды және ағзада жүріп жататын физиологиялық процестердің белсенділігі төмендейді. Оның қалыпты (физиология) ұйқы және терең ұйқы түрлері болады. Сөздің қысқаша түсінігі — іс-әрекетке араласпай, түн мезгілінде жатып, дем алудың табиғи тәсілі.
«Пырылдап жұрт ұйқыда, мал күйісте, өтпейді жүргінші де қара жолдан» (Б. Майлин).
Ары қарай талдауға көшсек, “Жүрегім менің қырық жамау” атты өлеңді аламыз: Жүрегім менің қырық жамау
Қиянатшыл дүниеден.
Қайтып аман қалсын сау,
Қайтқаннан соң әрнеден.
Өлді кейі, кейі - жау,
Кімді сүйсе бұл жүрек.
Кімі - қастық, кімі - дау,
Сүйенерге жоқ тірек.
“Жүрегім менің қырық жамау” деген тағы да тұрақты сөз тіркесі болып тұр. Жүрек шынында қырық жамау бола алмайды, бұлай біз әбден қайғы-қасірет шеккен, қиындық көрген жүрек туралы айтамыз. Cау деп біз ауру емес дені сау кісіні айтамыз. Денің сау ма ?- деп, хал-ахуал сұрағанда, кейде ренішті мағынада да айтамыз.
Тірек сөзін алсақ, тірек-қимыл жүйесі (ТҚЖ) қаңқадан және бұлшықеттерден тұрады. Қаңқаның атқаратын қызметтері: қан жасау, қорғаныш ету, тірек болу. Тірек-қимыл жүйесінің өсуіне гипофиз гормоны соматотропин ықпал етеді.Дана Абайдың мына бір өлеңін алып қарасақ:
Кұлақтан кіріп, бойды алар
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй.
Құлақ (aurís) адам мен жануарлардың есту органы. Анатомиялық құрылымына қарай құлақ сыртқы, ортаңғы және ішкі бөлімдерден тұрады.
Сыртқы құлаққа құлақ қалқаны мен сыртқы есту жолы жатады. Сыртқы есту жолы иірім жасай орналасқан шеміршекті және сүйекті бөліктерге бөлінеді. Оның шеміршекті бөлігінде май бездері мен сарғыш түсті секрет – құлық көп бөлінеді. Ал сыртқы есту жолындағы түктер қорғаныш қызметін атқарады: шаң, тозаңды, ұсақ жәндіктерді, микробтарды тұтып қалады. Құлақ қалқаны дыбыс тербелістерін қабылдайды да оны дабыл жарғағына жібереді. Ортаңғы құлақ бір-бірімен жалғасып жатқан дабыл қуысы, есту түтікшесі мен емізік тәрізді өсіндіден тұрады. Бұндай мысалдарды ұлы ақынның кез-келген шығармасынан кездестіруге болады.
Қорытынды. Сабақ барысында студенттердің пәнге деген қызығушылығын көтеріп, олардың сөйлеу қабілеттерін тілді меңгеруге қарай бейімдеу. Осылайша студенттердің теориялық жағынан алған білімдерін практикада жүзеге асыруына дағдыландыра аламыз. Сапалы ұйымдастырылған ОСӨЖ сабақтарын ұтымды өткізе отырып, олардың білім деңгейін анықтауға болады
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
- 1 Ө.Айтбаев. «Қазақ тіл білімінің мәселелері». – Алматы: 2007. – 129 с.
- Абай . Өлеңдер мен аудармалары. –Алматы: 2002. – 139 с.
- Н. Назарбаев. «Ғасырлар тоғысында». – Алматы: Атамұра, -2003. – 124 с.
- М.Жұмабаев. Шығармалар жинағы. – Алматы:1989. – 143 с.
- Р.Ғамзатов. Шығармалар жинағы. - М.: 1968. – 146 с.
- Ш.Айтматов.Шығармалар жинағы. – Алматы: 2001. – 159 с.
- М. Әуезов. «Уақыт және әдебиет». – Алматы: 1962. – 161 с.
- Г.Билич «Адам анатомиясы». – Астана: Фолиант, 2008. – 182 с.
- М.Сапина «Анатомия человека».и - М.: 1997. – 173 с.
- Е.Әбдрахманов . Жалпы хирургия. – Астана: Фолиант, 2008. – 296 с.
- ИсламбаевМ.Г.Медицина терминдерінің орысша-қазақша сөздігі. – Алматы: 2002. – 271 с.
- Тіл білімі сөздігі. – Алматы: Ғылым, 1998. – 239 с.
- Абай. «Қара сөздер». – Алматы: Дайк-Пресс, 2008. – 228 с.
- Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. – Алматы: Дайк-Пресс, 2008. – 168 с.