Акушерлік қан кетудің жиілігі, барлық босану санынан 2,7-8,0% құрайды. Босанғаннан кейінгі қан кетудің алдын алу үшін Окситоцин (10 МЕ) қолданылады, бірақ оның нәтижесі вагиналды босану кезінде жоғары. Кесар тілігі операциясы кезінде - Пабал (карбетоцин) препаратының 100 мкг дозасын қан кету қауіп факторлары бар жүкті әйелдер тобына тамыр ішіне бір рет қолдану нәтижелі утеротоникалық әсер мен интраоперациялық қан кетудің төмендеуіне мүмкіндік береді.
Босанғаннан кейінгі қан кету - акушерияның күрделі мәселелерінің бірі болып табылады.Қазіргі кезде акушерлік қан кетулер ана өлімінің негізгі себептерінің бірі болып табылады. Жетілдірілген көптеген стратегиялар мен емдеудің әртүрлі тәсілдеріне қарамастан, соңғы уақытта өндірістік дамыған елдерде босанғаннан кейінгі қан кетудің жиілігі айтарлықтай қысқармады (БКҚК).
Босанғаннан кейінгі қан кету -табиғи жолмен босану кезінде қан кету мөлшері 500 мл және одан жоғары, кесар тілігі операция кезінде қан кету мөлшері 1000 мл және одан жоғары.
Босану кезінде қан кетудің негізгі себебі жатырдың атониясы болып табылады. Бүгінгі күнде қан кетудің алдын алу мен емдеу денсаулық сақтаудың негізгі мәселелерінің бірі болып қалуда. Кесар тілігі (КТ) арқылы босандырған жағдайда босанғаннан кейінгі қан кетудің жиілігі елеулі салдарларға әкеледі.
Босанғаннан кейінгі қан кету дамуының қауіп факторларына: көп босанушылар, жатыр тыртығы, ірі нәресте, көпсулық, көп нәрестелі жүктілік, плацентаның жабысу патологиялары, ҚОПМББ, созылмалы тамыр ішілік шашыранды қан ұю синдромы, тромбоцитопатиялар, нәрестенің антенаталды өлімі, асқынған акушерлік анамнез және т.б. жатады [1, 2].
Сонымен, қазіргі уақытта БКҚК жиілігін төмендету барлық акушерлік стационарлар үшін өзекті мәселе болып отыр. Оны шешу үшін мониторингті жетілдіру, стандарттық хаттамаларға негіздеп стратегиялар өндіру, жатырды жиырылтатын заттарды қан кетудің алдын алу мақсатында қолдану сияқты құралдар қолданылады[1].
Босанғаннан кейінгі акушерлік қан кетулердің алдын алу үшін көбінесе окситоцин – жатыр түбі мен денесінің қысқа уақыттық ритмді жиырылуын шақыратын, бірақ жатырдың төменгі сегментіне әсер етпейтін утеротоник қолданылады[2].
Бірақ, соңғы жылдары қан кетудің алдын алу мақсатында Пабал препаратын жиірек қолдана бастады, оның құрамындағы әсер етуші зат: карбетоцин ұзақ әсер ететін окситоциннің агонисті болып табылады. Окситоцин сияқты карбетоцин жатырдың біріңғай салалы бұлшықеті рецепторларымен таңдаулы түрде байланысып, жатырдың ритмді жиырылуын белсендіреді, болып жатқан толғақтың жиілігін және жатыр бұлшықетінің тонусын жоғарылатады. Босанғаннан кейінгі жатырда карбетоцин өзіндік жатыр жиырылуының күші мен жылдамдығын күшейтеді. Нәресте босанғаннан кейін карбетоциннің 1 мл (100 мкг) дозасын тамыр ішіне бір реттік енгізу, жатыр атониясының алдын алу және жатырдың адекватты жиырылуын ұстап тұруға жеткілікті. Көптеген авторлардың мәліметтері бойынша карбетоциннің утеротоникалық әсері окситоциннен 8-10 есе күшті және 2 сағат бойына созылады [1, 2, 3].
Қолдануға қарсы көрсеткіштер: карбетоцинге, окситоцинге немесе препараттың бір компонентіне жоғары сезімталдылық, жүктілік пен босанудың нәресте туылғанға дейінгі кезеңі, бауыр немесе бүйрек қызметінің бұзылыстары, жүрек-қантамыр жүйесінің маңызды бұзылыстары (ритм мен өткізгіштіктің бұзылыстары), эпилепсия.
Пабал босанудың индукциясына қарсы көрсетілген.
Зерттеудің мақсаты: кесар тілігі операциясы жолымен босанғаннан кейін қан кетудің алдын алу мақсатында Пабал (кабетоцин) препаратын қолданудың нәтижесін зерттеу болып табылады.
Зерттеу материалдары мен әдістері: асқынған акушерлік анамнез, ірі нәресте, жатыр тыртығы, көпбосанушы, клиникалық тар жамбас, қалыпты орналасқан плацентаның мерзімінен бұрын бөлінуі, плацентаның төмен орналасуы, жатыр миомасы сияқты, босанғаннан кейінгі қан кетудің бір немесе бірнеше даму қаупі бар 30 жүкті және босанушы әйелдер (орташа жасы 32,0±0,5 жас) бақылауда болды.
Қан кетудің алдын алу мақсатында кесар тілігінен кейін олардың барлығына нәресте туылғаннан кейін бірден Пабал (карбетоцин) препаратының 100 мкг дозасын мөлшерде бір рет тамыр ішіне енгізді.
Кесар тілігі операциясына негізгі көрсеткіштер болып табылды:
- жатыр тыртығы (33,3%);
- жамбас өлшеміне нәресте басының сәйкес келмеуі (16,7%);
- нәрестенің өміріне қауіпті жағдайлар (13,3%);
- ірінәрестенің жамбаспен жатуы (10,0%);
- жатырдың тыртық бойымен жыртылу қаупі (6,7%);
- ҚОПМББ (6,7%);
- көп нәрестелі жүктілік (екі нәрестенің де көлденең орналасуы) – 3,3%;
- хориоамнионит (3,3%).
Оның ішінде: 16 жүкті әйелге жоспарлы түрде кесар тілігі операциясы жасалды, ол 53,0% құрады және 14-іне (47,0%) жедел түрде операция жасалды. 53,0% әйелдерге кесар тілігі эпидуралды анестезиямен, ал 47,0%-на перидуралды анестезиямен жасалды.
Қан кетудің интрааоперациялық көлемі гравиметриялық әдіс, Альговердің шоктық индексі көмегімен бағаланды. Науқастарда қан кетудің орташа көлемі 620,0±30,0 мл құрады. Пабал (карбетоцин) препаратының әсері инфузиядан кейін 2-ші минуттан бастап интенсивті жатырлық жиырылулар түрінде көрінді. Қосымша утеротоникалық әсер алу үшін бірінші жағдайда (3,3%) натрий хлоридінің 0,9% 400,0 мл ерітіндісінде ерітілген окситоциннің 20 МЕ қосымша инфузиясы жүргізілді.
Карбетоцин қолданғаннан кейін байқалған жанама әсерлер: жүрек айну, спастикалық сипаттағы іштің ауруы, бас ауруы, ыстықтау сезімі.
Босанғаннан кейінгі 3-ші тәулікте жатыр жиырылуының нәтижесін ультрадыбыстық зерттеу көмегімен мындай көрсетулер бағаланды: жатырдың биометриялық параметрлері (ұзындығы, ені, алдыңғы-артқы өлшемі, көлемі) босанғаннан кейінгі кезең ағымына сәйкестігін көрсетті.
Сонымен, Пабал (карбетоцин) препаратының 100 мкг дозасын қан кету қауіп факторы бар жүкті әйелдер тобына кесар тілігі операциясы кезінде тамыр ішіне бір рет қолдану нәтижелі утеротоникалық әсер мен интраоперациялық қан кетудің төмендеуіне мүмкіндік береді.
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
- Borruto F. Применение препарата Пабал для профилактики послеродовых кровотечений после кесарева сечения: рандомизированное клиническое испытание / F. Borruto, A. Trelsser, C. Comparetto //Здоров'я Украïни. —2010. —№ 10. —С. 51—52.
- Окситоцин: современные представления о механизме действия и клиническом использовании / А. П. Мельников, В. А. Петрухин,В. А. Колесникова [и др.] // Российский вестник акушера-гинеколога. —2009. —№ 4. —С. 19—26.
- Abalos E. Выбор утеротоников для активного ведения третьего периода родов // Комментарий Библиотеки репродуктивного здоровья ВОЗ (последняя редакция: 2 марта 2009 года). — Женева: Всемирная организация здравоохранения.