Мақалада медициналық термин жасауда қазақ тілінің сөзжасам жүйесіндегі барлық амал тәсілдерді кеңінен қолдану туралы сөз болады. Тілдің грамматикалық амал-тәсілдерін пайдалана отырып, орыс тілінен және орыс тілі арқылы шеттілдерден енген терминдерді қазақ тіліне аударудың жолдары көрсетілген.
Қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру еліміз тәуелсіздік алғалы күн тәртібінен түспей келеді. Өйткені мемелекеттік тіл үғымының бір көрінісі - оның әр түрлі ғылымдар саласында кеңінен қолданылатын терминдерінің болуы. Мемлекеттік тілде ғылыми жұмыстар жазылмаса, ол ғылым тілі ретінде қалыптаспаған болса, онда оның шын мәнінде мемлекеттік тіл болмағаны. Қазақ тілі ғылым тілі болуы үшін ең алдымен оның қалыптасқан терминдері болуы тиіс. Термин қалыптастырудың тәсілдері көп. Төменде біз соларға жеке-жеке тоқталмақпыз.
Термин қалыптастыруда кең тараған тәсілдердің бірі - ғылым, білімі дамыған алдыңғы қатарлы елдердің терминдерін тілдің дыбысталу заңдылығына икемдеп алу. Өзіміз жақсы білетін орыс тіліндегі терминдердің 70-80%-ы латын, грек, ағылшын т.б. тілдерден енген сөздер. Бірақ олар орыс тілінің дыбысталу заңдылығына бағынып енгендіктен, олардың жат сөздер екенін көп адам аңғара бермеуі де мүмкін. Ал қазақ тіліне келетін болсақ, мұндай терминдерге «интернационалдық терминдер» деп ат қойып, айдар тағып, ондай сөздерді аударуға болмайды деген ережеге тастай қатып қалған. Орыс тілінің заңдылығымен енген мұндай сөздерді қазақ тіліне икемдеу қажеттілігі көптен бері сөз болып жүр[1; 2; 3; 4; 5; 6 т.б.].
Академик Ө.Айтбайұлы тілдің дамуы ондағы интернационалдық сөздердің көптігіне байланысты емес, оларды сол жат қалпында қабылдай беретін болсақ, онда интертерминдер шапқыншылығына тап боламыз, онсыз да дендеп бара жатқан шетел сөздері қаптай беретін болса, ана тілімізге қатер төнді дей беріңіз дей келе, интертерминдерге тәуелді болмай- ақ, өз тілінің байлығын қолданып отырған жапон, қытай тілдерін мысалға келтіреді.
«Интертерминдерге тиюге болмайды дейтін түсінік бұларды шынында да құран сөзіндей етіп жіберді. Содан барып бұлар да баста белгілі бір тіл ішінде туындап, терминдік мәнді жүре келе жүктеген қарапайым сөздер екенін елемейтін болдық. «Тиіспе», «аударма» деуден бұрын бұл сөздер нені білдіріп тұр, қандай мағынаны арқалап тұр дегенге зер салу керек қой. Міне қазір интернациональдық терминдерге осылайша қарау ағымы пайда болды. Бұл тіл дамуының өзіндік даму табиғатына тән қүбылыс» [7, 302],- деп, интерминдерді де мүмкіндік болса аударуға болатынын сөз етеді.
Шынында да, интертерминдер деп шаң жуытпай жүрген сөздеріміздің бір кездері қарапайым ғана сөз болғанын және олардың әр тілді әр түрлі мағынада жүмсалатынын көреміз. Мысалы, жоғары оқу орындарында күнделікті қолданылатын «декан» сөзін алайық. Орыс тіліне шеттілдерден енген сөздер туралы сөздікте бүл терминге мынандай анықтама берілген: «декан [лат. Dekanus десятник (в древнеримских войсках - начальник 10 солдат)] - 1) руководитель факультета в высшем учебном заведении; 2) в средневековых католических монастырях - должностное лицо монахов, помагаюшее аббату в управлении; в современой католической и англиканской церкви - старший священник, наблюдающий за группой приходов; 3) то же, что дуайен» [8, 153]. Байқап отырсақ бұл сөз қазақ тіліндегі «онбасы» сөзінен алшақ кетпейді екен, бірақ орыс тіліне мүлде басқа мағынада еніп кеткен. Ал қазақ тіліне орыс тіліндегідей «факультет басшысы» деген мағынада еніп, дыбыстық өзгеріске түспей, яғни қазақ тілінің дыбыстық заңдылығына бағынбай қолданылып жүр.
Жоғарыда айтқанымызда, қазіргі орфографиялық жүйемізде интертерминдерді қазақ тіліне бейімдеу мүмкін емес. Бұл болашақта қазақ жазуы латын әрпіне көшкенде іске асу мүмкін. Ал қазірше қазақ тілінің лексикалық байлығын, сөзжасам тәсілдерін пайдалана отырып, қазақ тілінің дыбысталуына сай келмейтін интертерминдерді аударып қолдануды қолға алу керек.
Енді төменде медицина ғылымы саласына орыс тілінен, орыс тілі арқылы басқа тілдерден енген терминдері аудару туралы сөз қозғайық. Мысалы, орыс тіліндегі «нерв» сөзі латынның «nervus» деген сөзінің орыс тілінің заңдылығымен дыбыстық өзгеріске түскен сөзі екені белгілі. Бұл, әрине, орыс тілінде осы үғымды беретін сөз болмағандықтан қолданылған сөз. «Нерв» сөзінің қазақша баламасы - «жүйке». Бұл сөздің қазақ тілінде ежелден бар екеніне XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында өмір сүрген компазитор Балуан Шолақтың: «Айдың көзін жылт етіп бүлт алсын, бүйте берсең жүйкемді қүрытарсың»,- деген өлеңі айғақ болса керек. Қазір медициналық оқулықтар мен оқу құралдарында, медициналық мәтіндерде жүйке аурулары,жүйке жүйесі, жүйке түйіндері, жүйке жасушалары, жүйке талшықтары сияқты терминдер кеңінен қолданылып жүр. Бұл «жүйке» сөзінің орыс тіліндегі «нерв» сөзіне толық балама бола алатынын көрсетеді. Ал енді орыс тіліндегі невроз, невропатолог, неврология, невралгия сияқты сөздерді қалай қолдану керек немесе қалай аударып алуға болады деген мәселені дәрігерлер мен тіл мамандары ақылдаса отырып шешуге болатын сияқты.
Медициналық термин сөздерді аударып алуда да қазақ тілінің өзіндік ерекшелігін ескерген жөн. Мысалы, орыс тіліндегі «смертность», «заболеваемость», «рождаемость» сөздері орысша- қазақша медициналық сөздіктерде «өлімшілдік», «аурушылдық», «туушылдық» деп аударылып жүр. Қазақ тілінде зат есімге сын есім тудырушы жұрнақтар үстемелеп жалғанбайды. Бұл сөздерді «өлім-жітім», «ауру-сырқау», «өсіп-өну» деп қос сөздер арқылы беруге болар еді. Қазақ тілінде сөзжасамның ерекше бір тәсілі болып келетін бұл қүбылысқа, яғни сөздерді қосарлап қолдануға жеткілікті дәрежеде мән берілмей келеді.
Қазақ ғылыми медицина тілінің қалыптасуына көп уақыт бола қойған жоқ. Әрине, Кеңес Өкіметі кезінде де мерзімді басылымдарда қазақ тілінде медициналық тақырыптарда мақалалар жарияланып тұрды, ғылыми-танымдық оқу құралдары жарық көрді. Дегенмен жоғары оқу орындарында медициналық білім қазақ тілінде берілмегендіктен, қазақ тілінің медицина саласында дамуы кенжелеп қалды. Ал еліміз Тәуелсіздік алып, медицина ғылымы қазақ тілінде оқытыла бастағаннан бері, орыс тіліндегі медициналық оқулықтар мен оқу құралдарын қазақ тіліне аудару бойынша біраз жұмыстар атқарылды, қазақ тілінде көптеген оқулықтар мен оқу құралдары жазылды. Алайда бұл салада кемшіліктер де аз емес, себебі осы оқулықтар мен оқу құралдарын аударушылардың өздері де қазақ мектептерін бітіргендерімен, жоғары оқу орындарында медициналық білімді орысша алғандар. Екіншіден, қазақша аударылған еңбектер, көп жағдайда, жақсы тіл маманының сараптауынан өтпей жатады. Үшіншіден, қазақ тілінің сөздік қоры, яғни тіл байлығы сарқа пайдаланылмай келеді.
Медицина терминдерін қазақ тілінде дамытуда терминжасамның хас шебері болған І.Жарылғаповтың ұстанымын басшылыққа алған жөн деп есептейміз. Академик Ө.Айтбайұлы І.Жарылғаповтың ана тілінің сөздік қорын сарқа пайдаланғанын, көнерген сөздерге үстеме мағына бергенін, ұлттың өзіне тән сөйлеу үлгілерін сақтағанын, басқа тілдің сөйлеу үлгілерін ана тілінің заңына бағындырғанын, қажет болған жерде ұлттық тілдің үлгісімен жаңа сөздер (неологизмдер) жасағанын, тілдің өз мүмкінідігі болмаған жағдай да басқа тілден алынған сөздерді жаттығын білдірмей, төл сөзге айналдырғанын баса көрсетеді [7, 284].
Терминжасамда кеіңнен қолдануға болатын әдістердің бірі – қолданыстан шығып, ұмыт болуға айналған сөздерімізге жан бітіріп, оларға үстеме мағына беру. Медициналық терминдер жасауда бұл тәсілді сәтті пайдаланып жүргендер де бар. Бұған мысал ретінде стоматология саласында қолданылып жүрген «кіреуке» («эмаль»), «тіссауыт» («коронка») сөздерін келтіруге болады.
Дыбыстық өзгеріске түсіп еніп кеткен кірме сөздерді де медициналық термин ретінде қолдану – терминжасамның тағы бір тәсілі. Мысалы, қазір медицина ғылымында кеңінен қолданылып жүрген жүрген ағза сөзінің түп-төркіні мүшелер (дененің, ұйымның) дегенді білдіретін араб сөзі [9, 37]. Сондай- ақ қазақ тіліндегі жарақат (рана, язва) сөзіне келетін болсақ, ол «жарахатун» деген араб сөзінің дыбыстық өзгеріске ұшыраған түрі [9, 99].
«Әйтсе де, термин жасаудың ең басты көзі – ұлттық тілімізде болып отыр деп толық айта аламыз. Бұл тұста әдеби тіліміздің барлық қабаты (көркем әдебиет тілі, ауыз әдебиет тілі, фольклор тілі, тіпті диалектілер мен тілде орын тепкен түрлі ерекшеліктер) түгел іске жаратылады. Қазақ зиялылары ә дегеннен-ақ термин жасау процесіне тікелей атсалысып, ол үшін қазақ тілінің лексикалық байлығы мен грамматикалық амалдарын түгел іске жаратуға бетбұрыс жасаған болатын. Соның нәтижесінде халық тілінің сарқылмас қазынасы сарапқа түсіп, қарапайым сөздер терминдік мәнге көшті. Ғасырлар бойы дамып, қалыптасқан сөзжасам тәсілдері терминжасамның негізгі тірегіне айналды» [7, 158-159].
Біз төменде сөзжасам амалдарының ішінде морфологиялық немесе синтетикалық (қосымшалар арқылы) және синтаксистік немесе аналитикалық (сөздерді біріктіру, қосу. қосарлау) тәсілдерге тоқалуды жөн көріп отырмыз. Бұл тәсілдердің барлығын бір мақаланың көлеміне сыйғызу мүмкін емес, сондықтан өзіміз сөз етіп отырған салаға байланысты кейбіреулеріне ғана тоқталмақпыз.
Мысалы, қазақ тіліндегі -шы, -ші жұрнағы негізінен мамандық, кәсіп иесі дегенді білдіреді. Бұрын малшы, жалшы, әнші, күйші сияқты зат есімдер тудырса, өткен ғасырдың 30-жылдары бұл жұрнақтың қолданылу ауқымы кеңіп, кітапханашы, тілші, еңбекші, бақылаушы, нұсқаушы тәрізді жаңа сөздер туғызды. Тіпті кірме сөздерге де жалғанатын (колхозшы, тракторшы т.б.) болды. Бұл жұрнақпен синонимдес парсы тілінен енген -гер, -кер жұрнағының да қолданылу аясы кеңіп қаламгер, қызметкер, дәріскер, әдіскер сияқты жаңа сөздердің пайда болуына негіз болды. Дегенмен бұл кірме жұрнақ болғандықтан, қолданылу аясы, жалғану мүмкіндігі қазақтың өз төл жұрнағы -шы, -ші-дей емес, әлдеқайда төмен. Бұл жұрнақтарды ретімен қолданбау термин жасауда үлкен қателікке алып келетін кездері де болады. Мысалы, 30-жылдары «врач» сөзі «дәрігер» болып аударылды да сол бойы сіңісіп кетті. Қазір медицина ғылымы дамып «фармацевт» деген сөз пайда болған кезде оған енді балама таба алмай жүрміз. Шындығында фармацевт – дәрігер, врач – емші болуы керек еді. Енді қолданысқа әбден еніп кеткен бұл сөзді өзгерту мүмкін емес.
-лы, (-лі, -ды, -ді, -ты, -ті), -лық (-лік, -дық, -дік, -тық, - тік), -ғы (-гі, -қы, -кі) сияқты сын есім тудырушы жұрнақтарды ретімен пайдалан білген жөн. Медицина терминдерінің қазақ тілінде қалыптасуына зор еңбек сіңіріп жүрген профессор
Ә.Нұрмұхамбетұлы бұл жұрнақтарды өте орынды қолданып жүр (вредная доза - зиянды доза (мөлшер); ежедневная - күнделікті; лечебная -емдік; оптимальная – оңтайлы; разовая – бір дүркіндік; высшая - ең жоғарғы т.б.) [10, 209-210]. Бірақ автор «доза» сөзін «доза» деп те қалдырған, сонымен қатар өлшем, мөлшер, нәумет деген нұсқаларын да ұсыныпты. Біздіңше, өлшем, мөлшер, нәумет деген нұсқалар бұл мағынаны бере алмайтын болса, «доза» сөзін қалдыра беруге де болады. Себебі «доза» сөзі қазақ тіліндегі үндестік заңына қайшы келмейді және бұл сөзде қазақ тілді адам айта алмайтындай дыбыстар тіркесімі жоқ.
Жаңа сөздер тек түбір сөздерге әртүрлі жұрнақтар жалғану арқылы ғана жасалмайды. Сөз тудырудың өнімді тәсілдерінің бірі - сөздердің бірігуі. Әуел баста анықтауыштық, толықтауыштық, пысықтауыштық, яғни бағыныңқылық-басыңқылық қатынастағы сөз тіркестері айтыла-айтыла ықшамдалып, тұтас бір сөзге айналып, бір ғана сұраққа жауап беретін күрделі сөздерге айналған. Осылайша бірігу арқылы жасалған терминдерге «бұлшық ет» (мышца), «көкет» (диафрагма), «көкбауыр» (селезенка) сияқты сөздерді жатқызуға болады. Қазақ тілінің орфографиялық және медициналық сөздіктерінде «бұлшық ет», «күре тамыр», «көк желке» сөздері бөлек, ал «көкет», «көкбауыр» сөздері бірге жазылып жүр. Міне бұ барлық амал-тәсілдерді қолданып, тілдің ішкі мәселелердің де шешімін тапқан жөн. мүмкінідігін барынша пайдалау қажет.
Қазақ тілін басқа өркениетті елдердің тілімен терезесі тең, ғылым тіліне айландыру үшін, ана тілімізге тән
ӘдЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
- Мырзабеков С. Қазақ тілінің айтылым сөздігі. - Алматы: «Сөздік-Словарь», 2001. - 387 б.
- Жүнісбек Ә. Қазақ фонетикасы. - Алматы: «Арыс», 2009. - 312 б.
- Жүнісбек Ә. Қазақ жазуы: Төл дыбыс - төл әліпби. - Астана: 2013. - 87 б.
- Боқаев Қ. «Орыстың термин жасау үлгісін неге үлгі тұтпаймыз? MTDI сайты
- Исхан Б.Ж., Зайсанбаев Т.Қ., Аюбай К.Қ. Өзгетілдік қоғамдық-саяси сөздерді латынша жазу жобасы. - Алматы: «Ұлағат», 2013. - 163 б.
- Айтбайұлы Ө. Қазақ тіл білімінің терминологиясы мәселелері. - Алматы: «Абзал-Ай», 2013. - 400 б.
- Словар иностранных слов. - М.: «Наука», 1982. - 321 с.
- Оңдасынов Н. Арабша-қазақша түсіндірме сөздік. - Алматы: Мектеп, 1984. - 1-т. - 256 б.
- Нұрмұхамбетұлы Ә. Орысша-қазақша медициналық (физиологиялық) сөздік. - Алматы: «Эверо», 2007. - 903 б.