Мемлекет басшысы өзінің "Қазақстан-2050" Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" атты Жолдауында қол жеткізілген жетістіктерге қарамастан Қазақстанда осы уақытқа дейін тұтас жаңғыру процесіне кірікпеген әлеуметтік топтардың бар екенін атап өтті[1].
Тәуелсіз еліміздің бас стратегиялық құжатында айқындалған саяси бағытқа негізделе отырып, Қазақстан Республикасы Президентінің "100 нақты қадам - Ұлт жоспары" бағдарламасында бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың тиімді жүйесін құру заң үстемдігін қамтамасыз ету жүйесін реформалаудың түйінді құрауышының бірі ретінде белгіленген[2].
Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап еліміздің дамуының әб-бір сатысында Қылмыстық-атқару жүйксіндегі көкейкесті мәселелеріне, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан тұлғалармен жұмыс істеуге әрдайым назар аударылады. Түрмедегі адамдар санын азайту, қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаларды орындау институтын дамыту бойынша барабар шаралар іске асырылды. Бүгінгі күні бұл бағыттарда елеулі жетістіктерге қол жеткізілді.
Көрсетілген процесте қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне ерекше орын берілген, себебі жазаны өтеудің қалыптасқан жүйесі белгілі бір әсерін қалдырады: отбасылық, туыстық байланыстарды әлсіретеді, сотталғанның өз ресурстарын ұтымды және дұрыс пайдалану және бостандықта әртүрлі өмірлік жағдайларда барабар шешім қабылдау дағдыларын жоғалтуына әсер етеді. Сол себептен босатылғаннан кейін тұлғағақолдау көрсетудің, оны қоғамға толықтай қайтару тетігі тиімділігінің, алғашқы кезеңде туындаған әлеуметтік-құқықтық проблемаларды шешуге жәрдем көрсетудің ерекше мәні бар.
Қазақстан Республикасының Конституциясында жарияланған азаматтардың барлық құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің қол сұғылмаушылығын және іске асырылуын қамтамасыз етеді жүзеге асыру үшін мақсатында, Қазақстан Республикасындағы бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың 2017 - 2019 жылдарға арналған кешенді стратегиясы бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғаннан кейін және пробация қызметінде есепте тұрған кезеңінде азаматтың әлеуметтік бейімдеспеуі мен әлеуметтік адасу алғышарттарын жоюға бағытталған стратегия заңды күшіне енді [3].
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің ақпараттарына жүгінсек, қылмыстық саясатты реформалау және ізгілендіру саласында мемлекет қабылдаған шаралардың нәтижесінде түрмедегі адамдардың саны жыл сайын азайып келеді. Айталық, 2016 жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша ҚАЖ мекемелерінде ұсталатын адамдар саны 36241 (2015 ж. - 39945, 2014 ж. - 47939, 2013ж. - 49821) құрады. Жыл сайын бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдар саны көбеюде, мысалы 2016 жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша мекемелерден 11297 сотталған адам (2015 ж.- 16218, 2014 ж.- 11255; 2013 ж.- 9020) босатылған.
Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған барлық адамдар әлеуметтік көмекке мұқтаж, оларға босатылғаннан кейін алғашқы уақытта бостандықтағы өмір жағдайларына бейімделу, тұрмыс-тіршілік үшін және жұмыс іздеу үшін қаражат қажет.
Сотталғандарды әлеуметке қосудың басым бағыты ҚАЖ мекемелерінде жұмысқа орналастыру болып табылады, 2016 жылғы 10 ай ішінде бұл көрсеткіш еңбекке жарамды адамдардың жалпы санынан - 64,8 % (2015 ж. - 55,5%, 2014 ж.- 51,4 %, 2013 ж.- 49,6 %) жұмысқа орналастырылған адам болды.Мекемелерде мамандығы мен кәсібі жоқ сотталғандарды кәсіптік оқытуға ерекше көңіл бөлінеді. Мекемелерде 47 кәсіптік колледж жұмыс істейді, онда 35 жұмысшы мамандығы бойынша 3500 мыңнан астам сотталған адам оқиды.
Жергілікті атқарушы органдар бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған адамдарға арналған жұмыс орындарының квоталарын белгілейді, сондай-ақ оларды жұмысқа орналастырған жеке және заңды тұлғаларды көтермелейді.
Халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясат азаматтарды толықтай, нәтижелі және еркін таңдалған жұмыспен қамтамасыз етуге бағытталған және оның ішінде жұмыс іздестіруде қиындыққа тап болған адамдарды жұмыспен қамтуға ықпал ететін іс-шараларды жүзеге асыру жолымен іске асырылады.
Әлеуметтік қолдау шарасына жүгінген адамдардың негізгі үлесі бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға тиесілі - 42,2 % (28000 адам), олардың ішінде адамдардың көп үлесі Қарағанды облысында - 11,2 % (3100 адам) және Қостанай облысында - 10,1 % (2800 адам).
"Халықты жұмыспен қамту туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған адамдар әлеуметтік жұмыс орындарында жұмысқа орналасуда, кәсіптік оқудан өтуде басым құқыққа ие.
Бұл "Жұмыспен қамту 2020 жол картасы" бағдарламасының іс-шараларына қатысу арқылы іске асырылады. Бағдарлама шеңберінде бұл адамдарға басым тәртіппен кәсіптік оқыту және одан әрі жұмысқа орналастыру, ауылдық жерде жеке ісін ашуға немесе кеңейтуге микрокредит беру арқылы кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу, сондай-ақ жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерденэкономикалық өсу орталықтарына ерікті көшуді ұйымдастыру түрінде мемлекеттік қолдау ұсынылады.
Сондай-ақ өңірлерді дамыту бағдарламалары шеңберінде көрсетілген кезеңде жұмыс іздеп жүгінген бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған 8448 адамның
% немесе 4512 адам, оның ішінде квота шеңберінде 2245 адам жұмысқа орналастырылған. Уақытша жұмыс орындарымен 1459 адам қамтылған. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен 762 адам еңбек нарығында қажетті мамандықтар бойынша оқуды аяқтады.
Соңғы 4 жыл ішіндегі статистика ҚАЖ мекемелерінен жыл сайын орта есеппен 8000-нан бастап 16000-ға дейін адам босатылатынын растайды, оның ішінде шамамен 1000 адамның тұрақты тұрғылықты жері жоқ және тиісінше ол бостандықтағы алғашқы күндеріне тұрғын үйге және жұмысқа мұқтаж болады.
Бүгінгі таңда осы азаматтарды жұмысқа және тұрмыстық жағынан орналастыру проблемасын шешу қылмыстық жазаларын өтеп шыққан адамдарды әлеуметтік бейімдеу және оңалту орталықтарына жүктелген. Алайда Қазақстанда жергілікті атқарушы органдардың қарамағындағы мұндай орталықтар тек төрт өңірде - Көкшетау, Қызылорда, Павлодар және Шымкент қалаларында жұмыс істейді. Әрине, олардың ресурстары орын алып отырған қажеттіліктерді толық көлемде қанағаттандыруға мүмкіндік бермейді. Бұл босатылған азаматтармен жұмыста қосымша кедергі жасайды және олардың тұрғылықты жері бойынша тұрақты немесе уақытша тіркеуі болмағандықтан, жергілікті медициналық- әлеуметтік қызметтердің оларға қандай да бір әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету мүмкіндігі жоқ. Қоғамда әлі күнге дейін әлеуметтік стигматизация орын алуда, кезінде заңды бұзған азаматтарға қолдау көрсету ниеті жоқ. Осы себептен әлеуетті жұмыс берушілер бұрын сотты болғандарды жұмысқа қабылдауға мүдделі емес.
Бас бостандығынан айыру орындарында ұзақ уақыт болғаннан кейін сотталғандардың бостандықтағы өмір жағдайына бейімделуі, оқшаулау нәтижесінде жоғалтқан және әлсіреген әлеуметтік байланыстарды қалыпқа келтіруі қиын. Сол себепті олар халықтың маргиналды бөлігіне түседі, өмірде өз орнын таба алмайды және жұмыссыздардың қатарын көбейтеді немесе одан бетері криминалдық жолға түсіп, қылмыстар жасайды.
Толық босатылу алдында сотталған адам үшін өтпелі бейімделу кезеңінің қажеттігі туындайды, есептегі азаматтың оңалту бағдарламалары мен профилактикалық іс- шараларға қатысуын қамтитын оның заңға бағынушылық мінез-құлқын ынталандыру тетігін әзірлеу және енгізу талап етіледі.
Қазақстан Республикасындағы бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың 2017-2019 жылдарға арналған кешенді стратегиясының басты мақсаты бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған адамдарды кешенді әлеуметке қосудың ұлттық жүйесін құру, оны тиімді іске асыру үшін қайталап қылмыс жасау деңгейін азайтуға ықпал ететін жағдайлар жасау болып табылады.
Тұру және уақытша болу мекенжайында тіркелу үшін жеке тұрғын үйі жоқ және оны сатып алу немесе жалға алу мүмкіндігі жоқ бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтардың қажеттілігі жұмыс істеп тұрған ӘОО-ны өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметке қосуға арналған орталықтарға қайта бейіндеу мәселесін пысықтау арқылы қанағаттандырылатын болады. Қандай да бір әлеуметтік-құқықтық, медициналық және өзге де көмекті алудың заңнамалық белгіленген тетіктері әлеуметтік мәртебесіне қарамастан жүгінген адамның тіркелу орны бойынша қызмет көрсетуге негізделеді. Осыны ескере отырып, әлеуметке қосу процесінен өту кезеңінде талап етілетін көмекті алуға негізі болуы үшін сотталғанды босатылғаннан кейін тұрақты немесе уақытша тұрғылықты жері бойынша тіркеу тетігі заңнамалық деңгейде пысықталатын болады.
Жұмыспен қамтылған сотталғандар санын ұлғайту мақсатында өндірістік қызметтің тиімділігін арттыру үшін жағдайлар жасау, бұл үшін сотталғандарды жұмыспен қамтудың жеке нысандарын дамытуға шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілерін тарту, ҚАЖ мекемелерінде өндірістің жаңа түрлерін ашу ұсынылады.
Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған адамдарға "Жұмыспен қамту 2020 жол картасы" бағдарламасы, өңірлерді дамыту бағдарламалары шеңберінде кәсіптік білім алу, жұмысқа орналасу мәселелерінде мемлекеттік қолдау көрсетіледі.
Адамды оның пенитенциарлық жүйеге кірген сәтінен бастап сотқа дейінгі іс жүргізу, сотталу, ҚАЖ мекемесінде болу, одан шығу кезеңінде сүйемелдеу және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғаннан кейін сүйемелдеу жүйесін құру сотталғандарды тиімді әлеуметке қосу үшін негіз болады.Сотталғанды сүйемелдеу әлеуметке қосудың барлық кезеңдерінде болады: даярлық, түзеу, бейімдеу.
Бірінші кезең - даярлық, сотқа дейінгі пробация кезеңінде жүзеге асырылады және күдіктіге оның мінез-құлқын түзеуге, олардың жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алуға, сотқа дейінгі баяндама жасауға бағытталған әлеуметтік- құқықтық көмек көрсетуді қамтиды.
Сотқа дейінгі баяндаманы жасау Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйесін Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің ақпараттық жүйесімен интеграциялау арқылы іске асырылады, бұл ақпаратты жинақтауға жауапты органдарға жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді, ұсынылған ақпараттың өзектілігін қамтамасыз етеді.
Алынған мәліметтердің нәтижелері бойынша сотқа дейінгі пробация сотқа дейінгі баяндаманы қалыптастырады, ол сот талқылаулары басталғанға дейін сотқа дейінгі пробация жүргізілген адамға ұсынылады.
Екінші кезең - түзеу, пенитенциарлық пробация кезеңінде жүзеге асырылады және ҚАЖ мекемелерінде бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеп жатқан адамдарды әлеуметке қосу шараларын айқындау және жүзеге асыру бойынша шаралар жиынтығын қамтиды.
Пенитенциарлық пробация қолданылатын адамға қатысты оны босатылуға дайындау кезінде пробация қызметі ҚАЖ мекемесінің әкімшілігімен бірлесіп сотталғанды босатуға дайындауды және постпенитенциарлық пробацияны қамтитын сотталғанды әлеуметке қосудың жеке бағдарламасын әзірлейді және іске асырады.
Үшінші кезең - бейімдеу, қоғамнан оқшаулаудан тыс жағдайларда әлеуметтік бейімдеуді және әлеуметтік оңалтуды қамтиды
Қылмыстық жазасын өтеп шыққан және пробация қызметінде есепте тұрған адамдарды әлеуметтік сүйемелдеу бойынша өткізіліп отырған барлық жұмыстар және оның алгоритмі кешенді сипатта болады және мекемелер мен ұйымдардың қызметін үйлестіруді, жергілікті атқарушы биліктің қалыптасқан тетіктерін пайдалануды қамтамасыз ету үшін бірыңғай схема бойынша жұмыс істейді.
Осылайша, Республикада ҚАЖ мекемелерінен босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған адамдарды әлеуметтік оңалту жүйесі құрылады, оның нәтижесі бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдардың қоғамда қалыпты өмірге оралуы, қылмыстардың қайталануының алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болады.
Әдебиет
- "Қазақстан-2050" Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты
- Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам
- Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 8 желтоқсандағы № 387 Жарлығымен «Қазақстан Республикасындағы бас бостандығынан айыру орындарынанбосатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың 2017-2019 жылдарға арналған кешенді стратегиясы».