Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ.
Дәстүрлі қазақ қоғамының ішкі әлеуметтік шашыраңқылық және саяси бытыраудың жағдайында қоғамның түпкілікті ыдырап кетпеуіне жол бермей белгілі бір этникалық саяси құрылым деңгейінде ұстап тұруына мүмкіндік берген ішкі факторлардың қатарында билер институты тәрізді табиғаты күрделі әлеуметтік құрылым болғаны еш күмән туғызбайды.
Қазақ қоғамының әлеуметтік қатынастарының жүйесін зерттеген белгілі тарихшы Е.Бекмаханов «би» сөзінің қайдан шыққаны осы кезге дейін әлі толық анықталмаған деген болатын [1, 81 б.]. Құрбанғали Халид Оғлы «би» деген сөз «бек» немесе «биік» сөзінен шыққандығын дәлелдемек болған. Оның көрсетуінше: «би» деген атақ, әрине, «бек» деген сөзден шыққан». «Би» және «бек» сөздері «кабир газим» деген араб сөзімен мағыналас: араб сөзінің аудармасы «бір рудың басы немесе ру старшыны немесе кала бегі», деген ұғымды білдіреді [1, 81 б.].
«Түрік Лу-ати» деп аталатын түрік сөздігінде «бек» сөзінің мағынасы: Бек - кейбір шенеуніктер мен лауазымды адамдардың атағы, патша әулетіне қызмет ететін адамдарға берілетін атақ, кейбір шетелдік өкілдерге берілетін атақ: Сефир-бек, Консулус-бек; автономиялы облыстардың әкімдеріне берілетін атақ. Бұл мағынада «бек» деген атақ «ргіпсе» деген атаққа тең. Әдеттегі құқық нормаларын сақтаушы және түсіндіруші болғандықтан, билер қазақ қоғамында көрнекті орын алғаны айтылады [1, 81 б.].
Дәстүрлі қазақ қоғамындағы билер институтының маңызы халық құрылтайларынан да көрініс тапты. Хандық билік институты жанынан беделді ру басыларынан құрылған «билер алқасы» жұмыс атқарған. Бұл заңды талқылайтын ұйым іспетті болған. Ру билері соттың әкімшілік биліктің міндеттерін қатар атқарды. Егер ру аралық даулар туралы мәселе қаралған болса сот үкімін сұлтандар, билер кейде бірнеше би «ақсақалдар» кеңесіп отырып шығарған. Дәстүрлі қазақ қоғамында билердің ықпалы олар басқарған рулардың көптігіне және күшіне, сондай-ақ олардың байырғы шыққан тегімен үлкендігіне қарап айқындалған. Билер ғұрыптық құқықпен шариғат белгілеп берген ережелеріне сәйкес үкім шығарып отырған. Қалыптасқан дәстүр бойынша үкім шығарушы билерге жауапкерден алынатын мал-мүліктің оннан бір бөлігін билік шығарғаны үшін алуға құқық берілген.
Дәстүрлі қазақ қоғамында би әрі рубасы, әрі жергілікті әкімшілік биліктің өкілі болып саналды. Билер кеңесінің шешімі міндетті түрде жүзеге асырылды. Оның бірде-бір шешімін немесе үкімін келесі билер кеңесінің мәжілісіне дейін ешкім де өзгерте алмайтын еді.
Соттау құқығы тек ханның, билер мен рубасылардың қолында болды. Билердің кеуделеріне тағылатын айрықша лауазымдық белгілері және шешім кітабына басылатын мөрлері болған.
Жәнібекұлы Қасым ханның (XV ғ. соңғы ширегі мен — XVI ғ.бірінші ширегі) есімімен «Қасым ханның қасқа жолы» деп аталған кешенді заң жинағы — қазақ тарихында сүбелі орны бар маңызды құқықтық құжат болды. Мұнан кейінгі «Есім ханның ескі жолы» деп аталатын заң жобасы Қасым ханның туысы, Жәдік ханның немересі, Шығай ханның баласы Есім хан (1598-1628 жж. билік құрған) заманында қабылданған. Халық Есім ханды «Еңсегей бойлы Ер Есім» деп атап, қатты құрметтеген. Ол «Қасым салған қасқа жол» заңдар жинағына сәл ғана өзгеріс енгізіп, толықтырған болатын.
Тәуке хан билігі (1680 -1718 жж.) тұсындағы «Тәуке хан заңдары» («Жеті Жарғы») деп аталатын әдет-ғұрып құқығы кодефикациясы хан саясатының нақты бағытын көрсетеді. Тәукенің хандық құрған жылдарында Билер кеңесі тұрақты жұмыс істейтін мекемеге айналды [2, c. 42-64]. Ол кеңесушілік функцияларды атқарды, яғни билердің шешіміне хан бағынды. Осылайша ханның билердің билік шешіміне бағынғанын көреміз.
Бірақ сонымен бірге хан әрбір шешімін және әрекетін Билер кеңесімен ақылдаса отырып, хан билер тарапынан қолдауға есептей алған болатын. Тәуке хан кезінде Билер кеңесі кейбір заң шығарушылық функцияларды да иеленді. (Тәуке заңдарын құрастыруға билердің қатысуы). Сонымен бірге оның құзырында соттық істерде болды. Мұндайістердің көпшілігін билер жеке дара шешетін, бірақ аса маңызды жағдайларда билер өз шешімінің дұрыстығы үшін жауаптылықта болмау үшін өз ұсыныстарын Күлтөбедегі кеңестің мақұлдауына беретін.
Ертедегі қазақ халқының әдет-ғұрып заңдары өте қарапайым әрі өз коғамына ыңғайлы есептелініп, үлкен демей, кіші демей, бай демей, кедей демей бәрі бас иіп, ол заңдарды мүлтіксіз орындап отырған. Оның орындалуын ханнан бастап ру ақсақалдары [2, c. 74], билер қадағалаған. Ол замандағы заңгерлерді ешкім сайлап қоймаған. Билер билік айтуға қаршадайынан әуестеніп, көп ізденген. Барлық дау-жанжалды ата-баба жолымен әділ шешкен. Қара қылды қақ жарып билік айтпаса, өз халқының әдет-ғұрып қағидаларын жетік білмесе, ел бірлігін ыдыратса, онда ол заңгер емес. Ердің құнын екі ауыз сөзбен бітіріп, айтқанын оңай орындатқан билерді халық қастерлеген. Ол замандағы басты қағида - сот түзелмей, мін түзелмейді. Әрине, хан ел ішіндегі ірі, маңызы зор мәселелерді шешкен. Ал ел арасындағы қылмыстық және азаматтық құқық мәселелерімен билер соты айналысқан. Билік айту сонау ертеден түгел сөздің түп атасы Майқы биден басталады. Билік атақ мирас болмаған. Билікке құмартқан адам кішкентай кезінен билік айтуға икемделіп, ел жағдайын жақсы білетін көнекөз қарттардан үйренген. Би - өз халқының тірі шежірешісі, заңын көп білетін заңгері болып қана қоймай, тілдің майын ағызатын суырып салма төкпе ақын, халқымен біте қайнасып, тұрмысына, әдет-ғұрпына жетік болған саясаткерлер. Мұндай билердің кесімі жерде қалған емес.
Дәстүрлі қазақ қоғамындағы билер екі жақтың қатысуымен ашық аспан астында, жиналған қалың көпшілік алдында, ешқандай даярлықсыз, қағаз-қаламсыз бітістіреді екен [2, c. 83-84]. Көпшілік қауым олардың сыншысы болған. Әділетсіз билерді халық құрметтемеген, екіншілей билік айтуға қатыстырмаған немесе екіншілей оның алдына ешкім жүгінуге келмеген. Ондай би абыройдан жұрдай болған. Керісінше, туғансыз билердің тура сөзін халық табанда жаттап алып, жалпақ жұртқа жайып отырған. Сондықтан мұндай билердің шешімі хатқа түспей-ақ осы күнге келіп жеткен. Әлбетте, әділ би болу әркімнің қолынан келе бермеген. «Жүзден-жүйрік» дегендей, мыңнан біреуі ғана шығып, елді аузына қаратқан. Тәуке хан заманында үйсін Төле би, Қаздауысты Қазыбек би, алшын Әйтеке би, қырғыздан Қоқым би, карақалпақтан Сасық би басқалардан суырылып алға шыққан.
Жалпы алғанда, дәстүрлі қазақ қоғамында заңның орны айрықша болды. Даналықты пір тұтқан халық заңды немесе ұлттық дәстүрлерді тұрақтылықтың көзі және тәртіптің алғы шарты ретінде қарастырып келді. Дәстүрлі қазақ қоғамында заң әділеттілік, ар, ұят, намыс немесе адалдық сияқты түсініктерге пара-пар басты құндылық болды. Содан болар, қазақ халқы парасаттылық пен имандылыққа тоқтап, адамгершіліктің «ала жібін» аттамауды ұрпақтан-ұрпаққа аманат-өсиет етіп келеді.
Тәуке хан ақсүйек тұқымдарының өзара қырқысынан берекесі кетіп, күйзелген халықтың басын қосып, ру-тайпа, жүзаралық дау-дамай,жанжалдарды тыйып, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман орнатқан. Тәуке хан елді өзі Түркістанда отырып, Ұлы жүзге тағайындалған Төле би Әлібекұлы, Орта жүзге қойылған Қазыбек би Келдібекұлы, Кіші жүзге бас етілген Әйтеке (Айтық) би Бәйбекұлы бастаған билер сайланған болатын, ал қалған ұлыстарды ұлыс билері арқылы басқарды. Осылайша Тәуке хан тұсындағы сайланбалық қағидасы өзінің нақты мәнін жойған жоқ [3, 199 б.]. Тәуке хан жүзге бөлініп, бытырай бастаған халықтың көңіл пернесін дөп басып, үш жүздегі билікті үш ұлы төбе билерге берді. Олар жер дауында, жесір дауында, барымта- сырымтаны тоқтата да, әділ шеше де білді.
Сол секілді қазақ әдет-ғұрпының негізгі маңызды ескерткіші «Жеті Жарғының» қайнар көзіне «бидің билігі» яғни олардың шешкен билік шешімдері де жатады. Қоғамдағы түрлі дау-жанжалдарды әрбір рудың өз ішінен бастап, жоғарыға дейін билер шешіп отырған. Олардың әртүрлі даулары, шешкен шешімдері халық жадында сақталып, бізге жетіп отыр. Сол шешімдердің ең жақсыларын атақты билер шығарып, олардың аттары бізге мәлім. Олар: ұлы жүзден – Төле би, Орта жүзден – Қазыбек би, Кіші жүзден – Әйтеке би, қырғыздан – Қоқым би, Қара Шырын би, карақалпақтан – Сасық би, Тобықты руынан – Әнет би, Жағалбайлы – Шеген би, сол секілді Арғын руынан – Шақшақ Жәнібек, Жетірудан – Тама Есет т.б. [4].
Би, батыр бабаларымыз қай заманда да бірлікке, ынтымаққа шақырып отырған. Ел арасында, ру-тайпа арасына сына қағушыларды тоқтатып, жөн сөз айтып, ел бірлігін сақтауға, халықтың тұтастығын сақтауды мұрат тұтқан. Ел билеген хандар мен билер ел бірлігін халқымыздың тұтастығын сақтауға, бірлік ынтымақта болуға шақырып отырған [5, 74 б.]. «Тәуке заңдары» «билік ақыны», яғни дауды шешкен бидің пайдасына талап-арыздың 1/10 бөлігі көлемінде міндетті соттық төлемді бекіті. Тәуке хан заңдары бойынша ханның өзі немесе талапкер мен жауапкердің руының билері істі тергеуі тиіс дейді. Бұл жағдайда «Тәуке заңдарының» мақсаты билердің экономикалық жағдайын көтеру ғана емес, сонымен бірге олардың ханмен байланысын нығайту болды, себебі соттық функция ханға да, бигеде бірдей қолданылады. Сонымен бірге билердің билігін нығайту олардың қауымдағы рөлін күшейтті [6, 201 б.].
Билер қызметі әділ сотпен тығыз байланысты адамдардың ерекше тобына жатты. Тарихи далалық соттық биліктің екі мағынасы болды: дауларды қарастыру және құқық түзушілік. Қазақ билері жерлер мен рулардың әкімшіліктерін бөлек, тек қана әділ билермен заңгерлер қызметін ғана атқарды. Бұл қазақ билерінің алыс жақын түркі тілді елдердегі бек- билерден айырмашылығы – бидің құқықтық қызметі жеңіл болған жоқ. Би тарихи құқықтық біліммен қатар Ұлы Далада қолданылатын құқық жүйесін де жетік меңгеруі тиіс еді [7, 33 б.]
Ал, XVIII ғасырда бұл жағдай түбегейлі өзгеріске ұшырады деу қиын. Себебі, XVIII ғасырдағы дәстүрлі қазақ қоғамында сот қызметінбилермен қатар хан-сұлтандар да қатар атқарғаны тарихымыздан мәлім [8, с. 105-109]. Патша шенеунігі Андренің жазбаларына қарағанда, бидің мақсаты «кінәліні жазалау емес, тәртіпке шақырып, дау-дамай, жанжалдардың ушығып кетуіне жол бермеу, ауылдың, елдің тыныштығын сақтау. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы, сот-билерді әскербасы-билермен шатастыруға болмайды. Әскербасы билердің міндеті білгірлігімен қол бастап, халықтың қамын ойлау, отандастарын жаудан қорғау» [9, с. 124125]. Зерттеушілер дәстүрлі қазақ қоғамында би лауазымының мұрагерлікке еш негізделмейтінін атап өтеді [9, с. 125]. Деректерге жүгінсек, хандар ата-салт, әдет-дәстүр ғұрыптың заңдарын жетік білмегендіктен, сот мәселелерін билердің құзырына өз еріктерімен беріп отырған [9, с. 218].
Ал енді дәстүрлі қазақ қоғамындағы би институтының әлеуметтік- идеологиялық қызметіне келсек, XVIII ғасырдағы қазақ қоғамына руаралық дау-дамай, тайпааралық жанжал тән. Себеп - батыстан ентелеген Ресей, Шығыстан төнген жоңғар, бүйірден көз алартқан Орта Азия хандықтарымен алыса-жұлыса жанталасып жүргендіктен, жайылым үшін ауадай қажетті жерге өзара таласушылық та орын алмай тұруы мүмкін емес еді. Л.Костенко қазақ иеліктерінің арасындағы жанжалдар «көбінесе және негізінен мал жайылымына қатысты орын алып отырды» [10, 48 б. ] деген болатын. Мұны академик С.Зиманов та растайды [8, с 70 ]. Міне, осындай тұстарда, яғни ру мен ру, тайпа мен тайпа, жүз бен жүз арасындағы шаруашылық-экономикалық себеп-салдарлы қақтығыстарды арғысы «Есім хан салған ескі жол», «Қасым хан салған қасқа жол» дәстүрінде, бергісі «Жеті жарғының» жоралғысына сай реттеп отырушы бірден-бір күш - билер институты болған. Xi-UNii ауыз әдебиеті билердің жер дауына байланысты ұтымды айтылған билік үлгілеріне аса бай. Тіпті, Төле бидің он бес жасында-ақ билік айтуымен бала би атанып даңқын шығарған оның осындай кезекті жер дауына байланысты айтқан шешімі болған.
Сары табақтан сарқыт қайтады. Бұл билікті алғашқылардың бірі болып кезінде Төле би айтқан болатын. Билік ел ішінде болған жер дауында айтылған. Кейіннен бұл билікті Сары Әжібек, Кұнанбай биге арғын мен үйсін жұртының арасында жер дауы тұсында айтқан болатын.
Төле бидің билігіне келсек. Ертеде Шу өзенінің Балқашқа жақын жайылым алқабына үйсін мен арғын тайпаларының белді бектері таласыпты. Екі жақтың да билері бас қосып, кеңесіп, бәтуаласа алмайды. Көпшілікке еріп барған он бес жасар Төле билік айтушыларға көңілі толмайды. Ол:
Ақты ақ деп бағалар! О, игі жақсы ағалар! Өзегі талса ел біткен,
Өзен бойын жағалар, - деп сөз бастай бергенде,
- «Ата тұрып, ұл сөйлегеннен без, ана тұрып қыз сөйлегеннен без» деуші еді. Мына бала кім өзі? - дейді, төрде отырған би. Төле қасқая қарап тұрып:
- О, би аға, он үште отау иесі демес пе, Кінәлімін бе, келіп қалсам он беске?
Сөз сөйледім, бұйыра көрмеңіз айыпқа,
Ала көз болу ағайын адамға лайык, па? - деп, бір тоқталады да, төрде отырған биге сауал кояды. Сонда әлігі би балам, билікті саған бердім, - дейді. Бала Төле:
- Сары табақтан сарқыт қайтады деген. Билікті маған берсеңіз, Шу өзенінің оң жағын үйсін, сол жағын арғын жайласын, бұған қалай қарайсыздар? - дейді.
Бұл шешімге екі жақта риза болып, бітімге келеді. Сонда төрдегі би Төлеге бата берген екен. Осыдан бастап Төленің аты шығып, ел арасындағы дау-жанжал, келіссөзге араласып, билік айта бастапты [11, 8990 бб.]. Жалпы, қазақ-орыс байланыстары мен қазақ-жоңғар қарым- қатынастары хақындағы елеулі мәселелердің барлығы үш жүздің игі жақсылары бас қосып отырған құрылтайларда шешіліп отырған.
1730 жылы Кіші жүз игі-жақсыларының Жоңғария мәселесі жөнінде басқосуы болды. Осы жиылыстың шешіміне сәйкес Ресей өкіметіне жоңғар феодалдарына қарсы соғыс одағын жасау туралы өтініш хат жазуды Әбілқайыр ханға тапсырады. Әбілқайыр хан, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет, Табын Бөкенбай сынды халық алдында аса беделді би- батырлардың қолдауына сүйенген. Себебі, 1731 жылдың 10 қазанында Кіші жүздің ханы Әбілқайыр бас болған 27 старшыны Ресейдің қол астына қарау туралы ант берген. Сол кезде Барақ сұлтан, Шекті Сырлыбай билер бастаған Ресей патша үкіметінің қоластына қарауға қарсы болған топтардың да болғаны мәлім [12, с. 52-53]. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы билер кеңесінің маңызы туралы Н.Г.Аполлова XVIII ғасырдың бірініші жартысында билер кеңесінің құқығы тұрақты сақталды. Хан билермен кеңеспей шешім қабылдамағанын жазды [13, с. 52-53]. Деректер дәстүрлі қазақ қоғамындағы билер институтының саяси салмағының болғанын нақтылай түседі.
Қорыта келе, біріншіден, «би» сөзі көне түрктің «билік» элементі бар жалпы атауынан шыққан [14, с. 74-75]. Ол терминалогиялық белгі мағынасын сақтап қалған. Билер сот билігін атқарған және құқықтық реттеу жағынан қоғамда ерекше маңыздығына байланысты беделді болған.
Екіншіден, Қара-сүйектің әр өкілінің би болуға мүмкіндігі болған. Бірақ ол үшін әдет-ғұрып құқығының нормаларын білуге, шешендікке ие болу және қоғамда беделді болу керек еді. Кейбір кезде қазақ даласында билердің билік дәстүрді атадан балаға жалғастырған билер тұқымдары болған, Мысылы Шақшақ Жәнібек би, оның баласы - Мұса би, оның баласы - Шеген би, бірақ бұл атақ мұра түрінде қалмаған.
Үшіншіден, XVII ғасырдың аяғында және XVIII ғасырдың басында бірнеше беделді билер, билер кеңесінің мүшесі болып, жүздерді және жеке әскери-потестарлық бірлестіктерді басқарып билік уәжіптерін орындаған.
Төртіншіден, дәстүрлі қазақ қоғамындағы би - халықтың - тірі шежіресі, заңгері әрі заң шығарушысы болды.
Бесіншіден, дәстүрлі қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымында билер институты іс жүзінде қолына бүкіл ішкі және сыртқы әлеуметтік һәм саяси билік тетіктерін шоғырландырған және нақты іс-әрекетке қабілетті бірден-бір қоғамдық институт рөлін атқарды деуге негіз бар. Қазақ қоғамындағы билер институтының дәстүрлі қазақ мемлекеттігін сақтауға ат салысқан қайраткерлер екендіктері билер институты тарихына қатысты зерттеулерде дәлелденді [15]. Билер әрі шешен, әрі дана болған.
Алтыншыдан, Ш.Уәлиханов жазғандай: «Қазақтарда құрметті би атағы халық тарапынан қандай да сайлау жолымен немесе халықты билеп отырған өкіметтің бекітуімен емес, тек сот рәсімін терең білетін, оған қоса шешендік өнерін меңгерген қазаққа ғана берілген. Би атану үшін қазақ халық алдында әлденеше шешендік сайысқа түсіп, өзінің заң-жораны білетіндігін, шешендігін танытатын болған. Мұндай адамдардың есімі желдей есіп, әлейім жұртқа таралып, біріне емес, бәріне де танылған. Сөйтіп би атағы сот пен адвокаттық істегі патентке айналды да, бидің балалары заңнан тәлімі болғандықтан, әке орнына мұрагер болып қала берді» [16, 53 б.].
Ресей империясының отарлау саясатының жолындағы үлкен кедергі қазақ жерінің тұтастығына негіз болған билердің соттық жүйесі, сондай-ақ көшпенділердің өмір-салтына «халық билігіне», демократия мен әділ сотқа бейім әдет-ғұрып құқығы мен «жарғы» заңдары болды [17, 15 п.]. Бұл «Далалық құықтық тәртіп» ең қиын-қыстау жағдайда өзінің таңғаларлық өміршеңдігімен ерекшеленеді және көшпелі қазақ қоғамы қандай қиындық көрседе соған негізделеді. Патшалық өкіметтің көптеген жылдар бойы іске асырған шаралары мен өзгерістерінің ішінде салыстырмалы түрде карағанда сәтті шыққаны, отарлаушылық мақсатқа сай келмесе де қазақтың «Жарғы» кұкығының нормаларына негізделген билер сотының коллегияларын заңдастыру болды. Бұл жерде айта кететін мәселе, казақтар туралы аса маңызды кылмыстық соттық істердің барлығы Империяның жалпы заңдарының негізінде кызмет ететін әскери соттардың қарауына берілетін, тек мүліктік даулар ғана әдет-ғұрып құқығы мен «жарғы» заңдарының негізінде қызмет ететін «халық соттарына» берілді. Қазақ кұқығы бойынша қылмыстардың ең ауыр түрлері мүліктік деп есептелінген. Патшалық өкімет мұны іс жүзінде ескерген болатын [17,14 п.].
1868 жылғы 21 қазандағы далалық өлкелерді басқару туралы қабылданған ережеге байланысты би атағының маңызы уақытша сақталды. Халық сотымен қаралатын істерді шешуге халықтың сайлауымен губернатор бекіткен адамдар би қызметіне тағайындалды. Қызметке тағайындалған мерзім аралығында ғана би атанды [18, с. 83]. Патша үкіметінің 1891 жылғы 25 наурызында дала ережесінің заңын енгізуіне байланысты қазақ қоғамындағы би атағы мүлдем жойылды [18, с. 83].
Әдебиет
- Бекмаханов Е. Қазақстан XIX ғасырлардың 20-40-жылдарында – (Оқу құралы). – Алматы, Санат,1994. – 416 б.
- Словохотов Л.А. Народный суд обычного права киргиз Малой орды. – Оренбург Тургайская областная типо-литография. 1905. – 156 с.
- Қазақтың ата заңдары: Құжаттар, деректер және зерттеулер. Т.4. – Алматы: Жеті жарғы, 2005. – 469 б.
- Исенов Ө.И. Хан Тәуке заманындағы билер кеңесі және билер кеңесінде Тама Есет Көкіұлының рубасы болып сайлануы туралы бірер сөз. // А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің ғылыми хабаршысы. – Қостанай 2000 ж. Наурыз №1-1. – 38-42 бб.
- Толыбеков С. Қазақ шежіресі. – Алматы: Қазақстан, 1962. – 143 б.
- Қазақтың ата заңдары: Құжаттар, деректер және зерттеулер – Древный мир право казахов. Материалы, документы и исследования. 10 томдық. /Бағдарлама жетекшісі: С.Зиманов. Қазақша, орысша, түрікше, ағылшынша. Т.4. – Алматы: Жеті жарғы, – 2005. – 552 б.
- Қазақтың ата заңдары: Құжаттар, деректер және зерттеулер – Древный мир право казахов. Материалы, документы и исследования. 10 томдық. Т.5. /Бағдарлама жетекшісі: С.Зиманов. Қазақша, орсыша, түрікше, ағылшынша. – Алматы: Жеті жарғы, 2005.
- Зиманов С.З. Политический строй Казахстана конца XVIII и первой половины XIX веков. - Алма-Ата: Наука, 1960. - 294.
- Материалы по казахскому обычному праву. – Алма-Ата, 1948.
- Исенов Ө.И. Дәстүрлі қазақ қоғамының әлеуметтік жүйесі.: оқу құралы. - Қостанай: ҚМПИ, 2010. - 207 бет.
- Төреқұлұлы Н. Қазақтың 100 би шешені. - Алматы: Қазақстан, 1995. - 384 б.
- Казахско-русские отношения в XVI-XVIII веках (Сборник документов и материалов). - Алма-Ата: АН Каз ССР, 1961. - 744 с.
- Апполова Н.Г. Присоединение Казахстана к России в 30-х годах XVIII в. - Алма-Ата: АН ССР, 1948. - 254 с.
- Исенов Ө.И. XVIII-XIX ғғ. қазақ қоғамындағы дәстүрлі құқық жүйесі билер институты. // Поблемы права и экономики. Problems of and ekonomics. Международный научный журнал. Выпуск № 3, № 3-4, 2011. - (74-79 бб.).
- Оразбаева А. Дәстүрлі қазақ қоғамына тән билер институты. - Алматы: Дайк-Пресс, 2004. - 206 б.
- Уәлиханов Ш. Сот реформасы жайында жазба. Кіріспеге мақалалар мен ескертулерді жазған С.Ф. Ударцев. -Алматы: Жеті жарғы, 2003. (Саяси және құқықтық ой-пікірлер тарихының інжу-маржандары сериясы).
- Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік мұрағаты (әрі қарай ҚРОММ). 4 - қор, 1 - тізбе, 490 - іс.
- Крафть К. Из киргизской старины. - Оренбург. 1900. - 156 с.