Қазақ поэзиясында тәуелсіздік тақырыбының бастау көзін жаңа ғылыми тұрғыдан алсақ, біздіңше Асан қайғы заманынан бұрын көне түрік заманынан бастап зерттеу қажет. Өйткені түп тамырымыз сонау түрік халқы қалыптасқан дәуірден басталған соң, көне жазба ескерткіштері Орхон-Енисей қолжазбаларына сүйенуді жөн көрдік. ҮІ- ҮІІІ ғасырларды қамтитын бұл көне ескерткіштерде тасқа қашалып жазылған «Күлтегін» және «Тоныкөк» жырларын алатын болсақ елдің бірлігі, тәуелсіздігі, ел қорғау жөнінде ойлар көп айтылған. Мысалы: «Күлтегін» жырында Күлтегіннің әмірі жүріп тұрған кезде оның мемлекетінің мығым болғаны, ол орнатқан тәртіптің берік екені мына өлең жолдарынан жақсы анықталады. Қазақ поэзиясының тәуелсіздік тақырыбы хандығы құрылған кезеңді қамтиды. Желмаяға мініп, халқына Жерұйық іздеп, заман жайында толғанған Асан қайғы халқының бақыты - жерінің ырыздығында, емін-еркін өмір кешуінде, ел бірілігінде деп жырларында айтады. Асан қайғының көріпкелдігі оның шыға маларында болашақты болжап айтуынан айқын көрінеді. Асан Қайғы болашақтан қауіптеніп айтқан болжамдары шынында бәрі өзі айтқандай дәлме-дәл келеді. Мысалы Асан Қайғының Жәнібек ханға айтқан өлеңінде болашақты болжап қана айтпай, ханның өзін сынға алып, елдің болашақ қамын ойлауға шақырады.
...Ай, Жәнібек, ойласаң,
Қилы, қилы заман болмай ма,
Суда жүрген ақ шортан
Қарағай басын шалмай ма,
Мұны неге білмейсің?!
Ол тайпа, руға, жүзге бөлінген қазақ халқы ауыз бірлігінен арылып, өз ішінен қырылысып, содан көршілес өзге алпауыт елдердің оңай жемі боп, жер бетінен ұлт болып құрып кетуінен қауіптенеді. Асан қайғының Желмаяға мініп Жерұйық іздеу себебі оның бекер болған әрекеті емес. Ол жұртының тұрмысын жеңшдетер, өзара жер үшін қақтығыстардан арылтатын, бәріде молшылыққа кенелетін жайлы жер тапса, халқы бақытты, бейбіт өмір кешетініне кәміл сенеді. Бірақ ондай жұмақ жер, жер бетінде жоқ екенін, ұлты қиындық, қауіп, қатерден бәрібір құтыла алмайтынын, жазмышты өзгертуге дәрмен жоқ екенін білгеннен соң, елінің болашағы ушін қатты толғанып, қайғырады. Сондықтан Асан қайғының жырларында ел тағдыры, оның азаттығы ушін қауіптенген ойлары басым. Асан қайғы - елдің тағдыры, қазақ болашағы, отаршылдық кесапатына жұтылып, тозып бара жатқан даланың пұшайман, қалт-құлт тірлігі. қайраткер азамат бостандық, азаттық үшін өзін құрбандыққа шалуға даяр, соңғы демі қалғанша еркіндік жолында күресуге бар.
Жалпы тәуелсіздік тақырыбы әр заманда ақын- жыраулардың толғау-жырларында елеулі із қалдырған. Талай ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздік жолы қазіргі таңда кеңінен зерттелуде.Зерделеніп отырған кезеңде,Кеңес заманында «ұлтшыл» деген айдар тағуынан қорықпай, өз халқының тағдырына терең толғанып, «елім, жерім» деп жырлаған ақындардың ішінен үш ақынды ерекше айтып өтуге болады. Олар: Қасым Аманжолов, Жұбан Молдағалиев және Мұқағали Мақатаев. Олардың шығармаларын оқи отырып біз нық сеніммен өз ұлтының тәуелсіздігін аңсаған азаттықтың ақындары деп айта аламыз.Жеке адамға табынушылықты сынаумен байланысты идеологиялық шектеуден босаған қазақ поэзиясы да өмір шындығын кең жырлап, ақындық ойды шалқыта бейнелеуде едәуір табыстарға жетті. Өлең үгіттік сарыннан босап, адамның рухани өмірін, жырлауға бет бұрды. Осындай тұста әдебиетке келген ақындар ( М. Мақатаев, Ж. Нәжмеденов, Т. Айбергенов, Қ. Мырзалиев, Ғ. Қайырбеков, Т. Молдағалиев, І. Мәмбетов, С. Жиенбаев, Е. Ибрагим, Ш. Мұхамеджанов, т.б. ) шындықты жалтақсыз, бүкпесіз ашық айтуымен, өлең мәдениетімен қазақ лирикасын жаңа белеске көтерді. Ә. Тәжібаев, Ғ. Орманов, С. Мәуленов, Қ. Шаңғытбаев, Қ. Аманжолов, Ж. Молдағалиев жаңа лирикалық жырлар жазды. Бұл кезең ақындарымыздың өмірге өктем араласып, дәуірдің әлеуметтік- философиялық мазмұнын ашуда жаңа қадам болды [1, 51]. Т. Ә. Мұқашевтің тәуелсіздік жайында пікіріне сүйенсек «Бұл тақырып Кеңес идеологиясы күшіне енгенге шейін қазақ поэзиясындағы ауқымы кең тақырыптардың бірі болды. Кеңес өкіметі тұсында бұл тақырып зордың күшімен күн тәртібінен алынып тастап, өз «қажеттілігін» жоғалтты. Бұл уақытша қолдан жасалған жалған көрініс болатын. Дегенмен, аталмыш тақырып қанша жерден жуан жұдырықтың астында қалғанымен, оның дүниетанымдық сипаты ел санасынан өше алған жоқ[2,15]
ХХ ғасырдағы қазақтың ұлы ақындарының бірі - Қасым Аманжолов (1911-1955) шығармаларын дәл бүгінгі егемен ел мүддесі тұрғысынан қайта оқысақ, оның сол тәуелсіздікті аңсап өткен арманын, заманынан оза шапқан қиялының биіктігі мен көрегендігін айқын көреміз. Ақын Кеңес заманында өмір сүрсе де әр сөзі тәуелсіздіктің жырындай естіледі.
«Елу жаста елім бар» деп айта алмай, Кетпес естен күйінгенің, мұңлы Абай, «Елім бар» деп айтатұғын туды күн, «Елім бар» деп шырқатайын мен бүгін Қойсын енді Қорқыт бабам сарнамай. Асан ата, желмаяңа бер тыным, Сен таппасаң, бізден таптық жер тыңын. «Гүлжазира», «Жерұйықтан» кем бе екен, Мынау дала - біздер өскен кем бе екен. Қазыналы ел «қазақстан» дейтұғын .
деген еді ақын «Қазақстан» (1945) атты өлеңінде. Дәл бүгін, тәуелсіз еліне арнап жазғандай. Бір сөзін өзгертуге келмейді. Өлеңдегі отаншылдық сезімнің байлығы, ел тәуелсіздігін бабалар арманымен ұштастыру идеясы, қазақ жерініңбүгінгі тыныс-тіршілігінің кең жасалған суреті оны оқырманның көз алдына жайып сап, шеберлікпен танытады. Ол даланың байлығы мен өркен жайған өндірісін, рухани ізденісін шола жырлайды.
«Қазақстан» дейтін менің бар елім, Жатыр алып жарты дүние әлемін. Бұл далада атам қолға ту алған, Бұл даланы анам жаспен суарған, Бұл далада жылап келіп уанғам, Бұл даланы көріп алғаш қуанғам, Бұл далада өскен жанда жоқ арман!-
деп түйінделеді өлең. Осы өлеңімен сарындас келетін «Туған жер» өлеңі:
Неткен байтақ, неткен ұлы жер едің, Нендей күйге жүрегімді бөледің?
Сенде тудым, сенде өстім мен, сенде өлсем,
Арманым жоқ бұл дүниеде дер едім,-
деген осы жолдардан қаншалықты биік патриоттық жыр екендігі әркімге-ақ айқын көрінеді. Автордың тәуелсіздіктің ақыны екенін түсінесің.Қзақтың республика болуының өзінен ақын егемендіктің нышанын іздеді, алыс арманды қиялмен жақындатып бейнеледі[3, 125].Қасымның қысқа өмірі күрделі және ауыр жағдайда өтті. Оның ақындық жолы отызыншы жылдардағы кеңес әдебиетінің саясатқа бейімделу жағдайында басталды да, кешікпей ұлы Отан соғысының майданында жалғасты. Соғыстан аман оралған ақын елуінші жылдардың басында қазақстанды шарпыған «ұлтшылдықтың» отына қарпылып, ұзақ ауырып барып қайтыс болды. Ақын шығармалары кеңестік цензураның сұрыптауына түсіп, жұлмаланып, түп нұсқасынан бұрмаланып басылды. Алпысыншы жылдардың бер жағында ғана, партиялық режимнің босаң тарта бастаған кезінен Қасым аты аталып, оның ақындық үлкен талантын мойындағанмен, басылып кеткен өлең жолдарындағы өзгерістер әлі де қалпына келе қойған жоқ. Қасым мұрасын игеруге байланысты мәселелердің бірі - оның шығармаларына текстологиялық сараптау жасап, қайта бастыру деп білеміз.
ХХ ғасырдың алпысыншы жылдары, Кеңес өкіметі билігінің қыспағынан қорықпай, «мен қазақпын» деп жасқанбай ашық айтып жырлаған ұлтжанды ақын Жұбан Молдағалиев қазақ әдебиетінде ерекше бір құбылыс. Оның ақындық даңқын көтеріп, есімін әлемге мойындатқан шығармасы - «Мен қазақпын» (1964) поэмасы. Бұл туындысында ол лирика - публицистикалық стильде қазақ халқының өткен өмірі, тағдыры жайлы үлкен толғаныс жасады. қазақтың ұлттық сипатының қалыптасу жолы - оның ерлік дәстүрі, рухының жоғарылығы, елі мен жері оның байлығы, адамдары жайлы бейнелі, пафосты жыр төкті.
Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген, Жөргегімде таныстым мұң тілімен. Жылағанда жүрегім күн тұтылып, Қуанғанда күлкімнен түн түрілген, -
деген бейнелі өлең жолдары бүгін әркімнің-ақ аузында. Әсіресе еліміз егемендік алып, қазақтығымызды, оның азаттық жолындағы «мың өліп, мың тірілген» күндерін еске алғанда, Ж. Молдағаливтің жыры тым бүгінгіше естіледі. Поэма, әрине бірден тумаған. Ақынның қазақтық, азаматтық, патриоттық намысын оятқан Ұлы Отан соғысы жылдары «қазақ» (1943) деген өлең жазып, халқының батырлық дәстүрін, намысқойлылығын жырлаған туындыдан бастау алады. Ақындық ойы толысқан кезде Ж. Молдағалиев оған қайта оралған. Ұлттық белгілерге, ерекшеліктерге мән бермей, коммунистік партия «бір тұтас совет халқы» деген ұғым туғызып жатқан кезде, өзінің қазақ екенін ағынан жарыла, төгіле жырлаған Ж. Молдағалиевтің ақындық ерлігінің өзі айта қаларлықтай. Ж. Молдағалив ұлттық беті мол, шығармаларында қазақтың ұлттық мінез мен сипатын терең ашып бейнелеген ақын [4, 133] .Жиырмасыншы ғасырдың тағы бір дарынды ақыны Мұқағали Мақатаевтың шығармаларын зерттей отырып, оның қазақ халқының тәуелсіздігі жайлы толғанған ойлары, шынымен-ақ ол өз ұлтының ұлтжанды, азаттықтың ақыны екенін дәлелдейді.Кешегі Кеңес Одағы кезінде қазақтың дербес тәуелсіздігін армандап ойлауға мүмкіндіктер болмағаны шындық. Қазан төңкерісінің арқасында теңдікке жеттік деп, соған шүкіршілік етіп өмір кешкен жағдайлар болды. Мұқағали Мақатаев бір таңғалары, ол бодандық қамытын ерте сыпырған екен. Қазақтың ежелден қалыптасқан табиғи болмысына сызат түсе бастағанын ақын жүрегі дәл аңғарып, жаны алапат арпалысқа түскенін енді білдік. Ата тәрбиенің, ұлттық инабат пен имандылықтың нағыз жоқтаушысына айналған қырықтың ішіндегі ақынның абыздарша сөйлегеніне сүйінбеске хақымыз жоқ [5].Кейбіреулер бодандық қамытын мойнынан сыпырып тастауға бұлқыныс жасап, дүлей күшке жасқанбай қарсы шыққан желтоқсан жастарының күрескерлік әрекетін кейде стихиялы қозғалыс деп түйіндеп жүр. Біздіңше, бұл дұрыс емес. Сананы қозғайтын күш болмаса, бір күнде бәрінің дүр етіп көшеге шығуы мүмкін емес қой. Міне, осындай психологиялық дайындықтың пісіп жетілуіне сөз жоқ, Мұқағалидың жалынды жырларының да бір себеп болғанына кәміл сенгіміз келеді. Сондықтан, Мұқағалиды азаттықтың ақыны деп атауымызға толық қисын бар. «Мына бақты көргендер төбеңдегі, қорқыт, Асан тіріліп қайта келсе, қуанғанда қайтадан өлер ме еді» дейді қайран ақын. Расында, бүгін қазақтың басына бақ болып қонған тәуелсіздікті Мұқағали көрсе, оның ақындық шабыты ерекше шалқитын еді. Жүрегінен шыққан өлеңі халқының жігерін жанып, қуатына күш қосар еді. Бүгін өрнекті сөзі тәуелсіздіктің қадірін терең тану үшін жұмыс істеп жатыр. Сол кезде Мұқағали аңсаған азаттық таңы, оның арманы болған көк байрағымыз желбіреп, төрткүл әлемнің бәріне «мен қазақпын» деп асқақ биіктерден көрініп тұр. «Бір өлеңі бір елдің мұрасындай» болған Мұқағали әр сәтін тек халқына арнады. Мұқағалидың мына бір өлеңі оның төрт томдық жинағына кірмеген.
Алматы - сайтан қала, сайтан қала,
Жем болған Балтықпенен Байқалға да.
Аядай Алатауға тығылды кеп,
Сандық тау, самала көл, байтақ дала.
Осы өлеңді Мұқағали алпысыншы жылдары Мағжанның өлеңі деп айтып жүрді. Мағжанның кітаптарында бұл өлең жоқ. Осы өлеңді Мұқағали бірталай адамдарға оқып беріп жүрді. Естелік жазғандар жазып та жүр. Былай қарағанда осы өлеңді Мағжан ақынның өлеңі деуге де, демеуге де болады. Стилі, ұйқасы жағынан Мұқағалидың өз өлеңіне қатты ұқсайды. Осы өлеңді сонау алпысыншы жылдары Мұқағали өз өлеңім деп айта алар ма еді? Әрине, айта алмас еді. Халық жауының нағыз өзі деп соттап жіберер еді. Мұқағали іштегі шерін Мағжан атымен ашық айтып, тіпті, көрінген жерде айқайлап айтып жүрген» дейді ақынға естелік жазғандар. Мұқағалидың бұдан қор болған қазағының қайғы-мұңын, соған шерменде болған өзінің ішкі ыза-наласын сыртқа шығарудың амалын солай тапқан деуге әбден болады. Оның «Фариза қыз» өлеңінде: жан екем жаралмаған күресуге» деген өкінішпен мұң шаққан жыр жолы бар. Мұқағали да «Іш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ» деп Абай ішқұса болғандай, қаласы да, даласы да, сөзі де, бөзі де батыстағы Балтықтан бастап сонау Байқал аймақтарынан да қаптап келген келімсектердің жемі боп жатқанына күйініп, күресуге амалайла жоқтығына шерленіп аҺ ұрғаны анық. Абай мен Мұқағалидың жоғарыдағы ішкі жан күйзелісі бір- бірімен ұксасып, үндесіп жатыр. Екеуі де қор болған қазағының қайғы-мұңын кімге айтып, кіммен мұңдасарын білмей дағдарады. Ақыры Абай жартасқа барып мұңын айқайлап айтады, елінен тыңдайтын адам таппайды. «Біз Мұқағалиды әлі түсініп болған жоқпыз. Оның ішкілікке салынғанын нашарлығынан, жігерсіздігінен көретіндер қатты қателеседі. Оның алып тұлғасы қандай болса кең кеудесіндегі жан дүниесі де қазақтың кең сахара даласындай байтақ әлем деуге болады. Ол сол даладай дали ған жан дүниесінің қақпасын айқара ашып тастап, досқа сыр ақтарғысы келді, өз мұңын емес, халқының мұңын трагедиясын айтып, ой бөліскісі келді, қайтпек керек деп ақылдасқысы келді. Бірақ Мұқағали «Жан екем жаралмаған күресуге» деп өзін- өзі кінәлап, айыптап, іштей мүжілді. Осы жалғыз жолдың астарында ақынның трагедиясы тұр. Шынында, Мұқағали кіммен күреспекші болған? Оның соңынан шырақ алып түскен жауы болды деп ешкім айта алмас. Өлеңдері, жыр жинақтары жарияланып, жарық көріп жатты. Біренсаран талантын күндегендер болса, онымен Мұқағали күресіп пұшайман бола ма? Демек, ақынның күресуге дәрмені болмай дағдарған жауы туған халқын елдігінен айырып етекке тастап жатқан Кеңестік жүйе. Міне, ақын осыған күйінген, осыған ашынған. [6] Ал қазақтың басынан сол күйініш арылды ма? Біреудің тандайында кеткен сөзі мен бөзі тәуелсіздік алғаннан кейін өзіне бұйырып жатыр ма? Ақынның бөзі деп отырғаны қазақтың жер асты, жер үсті қазына байлықтары ғой. Соған күйініп, зар етіп жүрген Мұқағалидың замандастары - көзі тірі классиктеріміз, бүгін мықты деген ақындарымыз бар ма?» - дейді Мұқағалидің өз елінің болшағына алаңдауы, ұлт ретінде жер бетінен жоғалып кетуінен қауіптенуінмына өлеңінен көруге болады.
Табиғат жанымды алсаң алшы менің,
Бір түйір жерге түскен тамшың едім.
Мұқағали жоғалса қайтер дейсің, Артымда қалсың жерім, қалсын елім.
дейді де өлеңі нің соңғы шумағында:
Кім білсін қаншама әлі шырқарымды,
Кім білсін қай күні сен қырқарыңды.
Мұқағали жолғалса қайтер дейсін, Жоғалтпасам болғаны ұрпағымды.
Бұл өлеңдегі «қалсын жерім, қалсын елім» деген сөздері бір оқығанда әншейін «мен жоғалсам да, артымда елім бар, ол қалса болды, соған тәуба» деген мағынада деп біреулер түсінуі мүмкін, шын мәніне келсек, сол Кеңес заманының зұлматын көре отырып, ақын «бір ақын жоғалса жарар, бір ел жер бетінен жойылып кетсе нағыз трагедия сол» деп елінің болашағына терең толғанып, шын қайғырады. «Ұрпағым» деп өз бала-шағасы емес, бүкіл қазақ елін айтып, оның тағдырына қауіптеніп, керек десе ол үшін жер бетінен өзі жоғалып кетуге де дайын, тек жұрты аман болуын тілейді.
Қазақ поэзиясында бұл кезең тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы ұлы күрес деп айтуға болады. Әрине, бұл оқиға поэзияда азаттық үшін күрес тақырыбындағы өлеңдерде елеулі орын алады. Ғасырлар бойы бабалар аңсаған тәуелсіздік ақыры қол жеткізу қазақ халқы үшін ұлы бақыт.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Мырзахметов М. Түсініктеме. ІІ Әуезов М. Әде6иет тарихы. Алматы: Ана тілі, 1991 ж. 240 б.
- Мұқашев Т. Ә. Жыраулар поэзиясындағы әлеуметтік философиялық сарын. Автореферат. І Алматы 2007 ж. 32 б.
- Жұмабаев М. Шығармалары. Алматы: Жазушы, 1989 ж. 448 б.
- Қозы6аев М. Ақтандақтар ақиқаты. Алматы: қазақ университеті, 1992ж. 272 б.
- Жас қазақ /Кеңес Үшбаев «Жүрегі ғашық еді азат таңға»/ №50 22.12. 2006ж. 11б.
- Жас қазақ /Жұма-Назар Сомжүрек «Мұқағалидың кітапқа кірмеген 6ір өлеңінің тарихы»/ № 25 29. 06. 2006 жыл 5б.