Синекдохаға тән негізгі белгі – ауыспалы мағынада қолданылған сөздердің сандық қатынас негізінде, бүтіннің орнына бөлшектің, жалпының орнына жалқыны (дараны), үлкеннің орнына кішіні немесе, керісінше, жалқының орнына жалпыны, бөлшектің орнына бүтінді қолдану негізінде сөз мағынасын алмастыру амалы. Кейбір лингвистерше, синекдоха – метонимияның ең көп тараған түрінің бірі [1,149 б.].А.Байтұрсынов тілімен меңзеу деп атап, былай деп пікір берген: «Бір ұғым орнына екінші ұғым айтылуы мегзеу болады». Мегзеу мынадан шығады:
- Ана ауылға Омар, Оспан, Асан, Үсен келді деудің орнына – анау ауылға Омарлар келді дейміз.
- Үй кімдікі екенін ұмытпа, «Үйге қара» дегеннің орнына, шаңыраққа қара дейміз. Іаңырақ мегзеу.
- «Осы ауылдың адамдары жүдеу екен» деудің орнына, «осы ауылдың адамы жүдеу екен » дейді. Мұндағы адамы сөзі мегзеу болады.
- «Отыз тістен шыққан сөз оты рулы елге жайылады» дейміз. Отыз тістен шыққан сөз отыз емес, қырық рулы, яки жиырма рулы елге жайылатын шығар, біз білмейміз. Отыз деп кесіп айтуымыз мегзеу болады
Бұл сөйлеу үлгісі қазақ тіліне жат емес. «Абайлардай ақын қазақтан туа бермейді ғой» деп айту қазақ тіліне жанасымды екенін А.Байтұрсынов та атап көрсеткен.[2,32б.]. Л.Нұржекеева синекдохаға былай деп пікір білдіреді: «Біздіңше, метонимия мен синекдоханың арасындағы айырма тек бүтін мен жалпының орнына бөлшегі мен жалқысы немесе, керісінше, алмастырып айту, синекдохада да ап-айқын білініп тұрса, метонимияда көмескіленіп, оңайлықпен байқалмай тұратындығында ғана. Оны шартты түрде ашық синекдоха, көмескі синекдоха немесе ашық метонимия, көмескі метонимия деп атаса да болады. Осындай болар-болмас өзгешелік метонимия мен синекдоханы екі басқа тілдік категория деп қарауға негіз бермесе керек. Сондықтан синекдоханы метонимияның бір түрі деп қана қарау дұрыс. Сол себепті мәндік, мекендік, мезгілдік, мөлшерлік, түр-түстік жағынан бір-бірінен жекелей немесе жалпылай жақындығы бар екі заттың ия құбылыстың бөлшегі орнына бүтінін, бүтіннің орнына бөлшегін алмастырып айтуды метонимия десек, бұл қағида метонимияның да, синекдоханың да ортақ қасиеттерін қамтиды» [3,13 б.]. Ғалым Нұржекеева «Метонимияның лингвистикалық табиғаты» деген еңбегінде «Синекдоха метонимияның бір түрі деп қана қарау дұрыс» деп осылайша бір арнаға тоқталған.Синекдоха мен метафора, метонимия сияқты, троптың – сөзді, сөз тіркестерін мәнерлеп, көркемдеу құралдарының бірі. «Сөздің синекдохалық мағынасы басқа стиль түрлеріне қарағанда әсіресе сөйлеу стилі мен көркем әдебиет, публистикалық стильдерде көбірек байқалады. Синекдоха өте-мөте көркем шығармада неше алуан стильдік мақсатта жұмсалады. Бұл жеке жазушының тіл байлығымен, сөз қолдану шеберлігіне байланысты» [4,92 б.]. Синекдоха негізіндегі алмастырылған сөздердің мағынасы кейде кеңейіп, кейде тарылуы мүмкін. Мысалы:
Өтсе де елеңдетіп көп ай тағы, Өзіңді енді келмес деп айтады. Өзге жұрт біздің үйдің иесі деп, Бүгінде өзіңді емес мені айтады. Ай да бір сәт қалжырап, Бүркенді шарбы бұлтты Ауыл түгел маужырап, Әйнектер көзін жұмыпты[8,21 б.] Бұлт бүркеніп ұйықтапты ай, Кетіпті қалғып сар дала. Біреуін жастық ұйықтатпай, Біреуін қарттық ұйықтатпай, Ояу екі жан ғана [8,21 б.].
Жоғарыдағы өлең шумақтарындағы «ауыл түгел» - адамдар , «әйнектер көзін жұмыпты» - адамдардың ұйықтағаның, «екі жан» - кәрілік пен жастықтың мағынасында бейнелеп , мегзеп тұр. Қазақтар: жақын жер, алыс емес деудің орнына тиіп тұр, таяқ тастам жер дейді. Бұл да синекдохаға жатады.
Синекдоха кейде сықақ-әзіл, қылжақ, қомсыну, ерсі көру тәрізді мағына аңғарту үшін де қолданады. Ондайда кейде адамның түр-тұлғасы, киім пішіні де еске алынады: Әй, дударбас!Әй қисық! Әй, түлкі тымақ, сен берірек келші... Бұл мысалдардағы – дударбас, қисық, түлкі тымақ сөз тіркесі, сөздері адамға қомсыну, қылжақтау, әзілдеу мағынасында қойылған синекдоха түріндегі қосымша есімдер.
Сөз мағынасын ауыстырып қолдану амалдарын ( метафора, метонимия, синекдоха) эмоционалды бояулар, сипаттармен, таңдану, жалыну, жалбарыну, сыйлау, еркелету тәрізді сезімдермен байланысты болып келеді. Бірсыпыра тілде таңдау, қорқыныш, сүйініш ұғымдарының біразы алмастырылған мағыналы сөздер арқылы беріледі: Мәселен, қозым, құлыншағым, қарашығым, көгершінім, сұмдық жаман, сұмдық қорқынышты, керемет жақсы, асқан сұлу, ғажап т.б. осы сияқты тіркестердің қалыптасуынан да сөздерді алмастырып қолдану жолдарының әсері аңғарылады.
Ә.Кекілбаев поэзиясында бүтіннің орнына бір бөлшегін, жалпының орнына жалқысы алмастырып атау түрлі бояумен жұмсалады.Мысалы:
Деуші едің ылғи мені құлыншағым, Қайтейін бәрі соның бүгін сағым. Сен жоқта құлының да әке болып, Сипамақ құлынының тұлымшағын [6,29 б.] Сәулешімнің бар бейнесін білемін, Келбетінде оның туған тұр елім. Кең даламның дәл өзінен аумайтын, Кеңпейілділік мекендеген жүрегін [6,22 б.].
Бұл өлең жолдарында берілген «құлыншағым», «сәулешім» синекдохалар еркелету мағынасындағы эмоционалды бояулар болып табылады.
- «Ой, пақыр, менің атымды біліп қайтесің,-ДеДі. -Шіркін, еліңнің барлық еркек кіндігі сендей болсашы!.»[6,32 б.].
«Е, жоғалған пышақтың сабағы алтын...»Әйтпесе, қазір екі жалба тымақты кездесе қалса, «аруағынан айналайын деп» қоя беретін Ақназардың өзі де баяғыда төр торабы түгел жағаласып шыға келгенде жан-жағынада анталап тұрған[6, 240 б.].
Енді мынау қара шұнағымның ат жалынан тартып мінгенін көрсем, арманым жоқ[6,234 б.].
Бұл сөйлемдердегі кішірейту – «пақыр» , кедей – «екі жалба тымақты», еркелету мағынасынДағы -«қара шұнағымның» «адам» образдарын абстракты есімдер мен нақты зат есімдерден келтіріп, экспрессивті мағыналы синекдохалар туғызған.
Жазушы Ә.Кекілбаев шығармаларындағы синекдохалардың қолданысы мақсаты жағынан әр алуан болып келеді. Автор синекдоханы аз сөзге көп мағына сыйдыру мақсатымен қолданады. Жазушы прозаларындағы синекдохалар көркемдік, бейнелілігімен, жинақтылығымен ерекшеленіп, қоғамның барлық құбылыстарымен байланыста суреттеліп, ақынның өзінің көзқарасымен ұштасып жатады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі.
- Хасанов Б. Қазақ тіліндегі сөздердің метафоралы қолданылуы. - Алматы, 1966,207б.
- Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш.Алматы, 2003, 208 б.
- Хасенов Ә. Тіл білімі. Алматы, 1996, 116 б.
- Нұржекеева Л. Метонимияның лингвистикалық табиғаты. Алматы, 1992, 80б.
- Кекілбайұлы Ә. Он екі томдық шығармалар жинағы. - Алматы: «Өлке» баспасы. 1999, 400 б.