... Әрине, ең бір қиын кезеңдерде ұлтты қонжыратпаудың қуатты қаруы болған қазақ тілі бүгінгі азат өмірімізде де ұлтты тұтастандырудың тетігі болуға тиіс.
Н.Назарбаев
Тіл- ұлттың аса ұлы игілігі, әрі оның ажырағысыз белгісі. Қандай да бір халықтың болмысы, өркениеттілігі, саналылығы, кең мағынасында сауаттылығы соның тіл мәдениетімен, сол тілдің қолданыс ауқымдылығының кеңдігімен өлшенеді. Еліміз егемендік алып, ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болып, қолданыс өрісі кеңейді. Белгілі бір тілдің мемлекеттік мәртебеге ие болуы оңай міндет емес, себебі ол тіл сол мемлекет иесі болып отырған халықтың мүддесінен шығып, барлық саладағы мұқтаждықты өтей алатын дәрежеде болуы шарт. Яғни ол өнер, әдебиет, мәдениетте, баспасөз, дипломатиялық қарым-қатынас, ғылым, өндіріс, ресми іс-қағаздар т.б. салаларға дейін қызмет ететін қоғамның қажетті құралына айналуы қажет.
Мемлекеттік тіл мемлекеттік маңызды мәселе болғандықтан, ол азаматтық, патриотизм, мәдени тұтастық сияқты ұғымдармен тығыз байланысты. Түптеп келгенде, ол өңірдің, елдің ұлттық қауіпсіздігі, әлеуметтік тұрақтылығы мен интеллектуалды даму мәселесі де. Сонымен бірге, мемлекеттік тіл - мемлекеттің бет-бейнесі, туы, Елтаңбасы, Әнұраны сияқты рәмізі болып табылады. Ол – азаматтық патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншіліктің негізі бола отырып, ел азаматтарын біріктіретін күш. Тіл – елдің мәдениетін қалыптастыратын ұйтқы, ұлттық бірліктің негізі, адамның рухани және имандылық қасиеттерінің басты факторы. Тіл білу халықты, оның тарихын, тұрмысы мен әдеп-ғұрпын және салт- дәстүрлерін терең тануға жол ашады. Басқаларға ұлттық мемлекет ретіндетанылғымыз келсе, біз ең алдымен қасиетті ана тілімізді сақтауымыз керек. Тілі жоғалған күні ұлттың өзі де жоғалатыны белгілі. Тілін жоғалтып, артынан өздері ұлт ретінде құрып кеткен халықтар қаншама. Тек бұрынғы Кеңестер Одағының шеңберінде ондай халықтар ондап саналады. Біздің тіліміз ең ескі, тамыры тіптен тереңде жатқан тілдердің бірі. Мыңдаған жылдық тарихы бар сол тілді қайта жаңарту, оның қолдану аясын кеңейту, жүздеген жылдар бойы отаршылдықтың әсерінен бағы ашылмай келе жатқан қасиетті тілімізді от басы-ошақ қасынан төрге шығару біздің, яғни қазақ тілі пәні мұғалімдерінің алдында тұрған үлкен міндет деп білемін.
Мемлекеттік тіл - сол елдің халқын біріктіретін, ортақ істерге жұмылдыратын, елге деген перзенттік ықыласты қалыптастыратын бірден- бір құрал. Бір тілде сөйлемеген халық біріге де алмайды, өздерін бір шаңырақтың мүшесімін деп те сезіне алмайды. Тарихтан да белгілі, қандай ел болмасын бостандық алғаннан соң ең бірінші мемлекеттік тілінің мәселесін шешеді. Қазіргі әлемдік бәсеке жағдайында күшті ұлттар ғана өз мүддесі үшін күресе алады. Күшті ұлт болу үшін күшті мәдениет жасау керек, Сонда ғана әлемдік өркениет кеңістігінен өзіне тиесілі орынды ала алады.
Мемлекеттік тіл – бүкіл қазақстандықтардың тілі. Сондықтан да «Мемлекеттік тілдің проблемасы – тек қазақ халқының ғана проблемасы» - деп қарауға болмайды. Әлемдегі барлық өркениетті елдердегідей мемлекеттік басқару жүйесінде қызмет істейтіндердің бәрі бұл тілді білуге міндетті. Онсыз ол мемлекеттік тіл болып есептелмейді. Конституциялық талап осы. Оған қоса мәдениеті жоғары адам басқа тілдерді білуге өзі де ұмтылуға тиісті. Басқа шет елдерде халқының тілін білмесең, лауазымды қызметке орналасуды былай қойғанда, тіпті күніңді де көре алмайсың. Республикамызда мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту – бүгінгі таңдағы өзекті мәселе. Ал бұл істің шешуі шыдамдылық пен табандылықты талап етеді және тілді үйрету зорлықпен емес, шынайы ынтамен ыңғайланатын шаруа. Қазақ тілін білуге міндеттеу ешкімнің құқығына қол салғандық болмайды. Мемлекеттік тілді білу – кәсіби талап. Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халықтары ассамблеясының ХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде атап көрсеткен болатын: «Қоғамға біздің тіл саясатымыздың мәнін тереңірек және дәлірек түсіндіру керек... Қазақстандағы жастар мынаны білуі тиіс: мемлекеттік тілді білмейінше, мемлекеттік органдарда, қызмет көрсету саласында, құқық қорғау органдарында немесе сот саласында жұмыс істеуге мүмкін болмайды. Мемлекеттік тілде қойылған сұрақтарға сол тілде жауап беруге тура келеді. Уақыт бар, мүмкіндік бар, мемлекеттің қолдауы бар - өз функцияларыңды қажетті деңгейде жүзеге асыру үшін тілді үйрену керек. Бұл әбден қалыпты және өркениетті шарт».
Мемлекет басшысының қазақстандықтардың жаңа ұрпағы кем дегенде үш тілді білуге тиіс деген пікірі де өте орынды. Себебі, бұл – уақыт талабы, сондықтан да оны заңдылық әрі өзекті деп қабылдағандұрыс. Ағылшын тілін кеңінен білмейінше, ұлттың бәсекеге шынайы қабілеттілігі туралы айту қиын.
Қазақ тілі республика азаматтарын топтастырудың мықты іргетасы болары кәміл. Әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді құрметтеуге, оны үйреніп, білуге бейім болғаны абзал. Өйткені, қазақ тілі - еліміздегі халықтардың басым бөлігінің тілі. Болашақта мемлекеттік тіл ретінде оның мәртебесі біздің елімізде қоғам биігінен көрінуге тиіс.
Бүгінгі таңда мемлекеттік тілді жетік меңгерген мамандар барлық салада толық қамтамасыз етілді деуге әлі ертерек. Қай тұлғаның болса да жұмысқа қабылданар алдында мемлекеттік тілді білуі және іс қағаздарымен жұмыс жасай алуы туралы мәселелер ескерілер болса, біршама атқарылар шаралар өзінің оң шешімін табатыны сөзсіз.
Мемлекеттік тілді мемлекеттік қызметте бірлі-жарым кісі ғана емес, барлық адам білуге міндетті. Мемлекеттік тілді білмейтінге мемлекеттік қызмет бермеу керек. Ол бұл қызметке әлі дайын емес, оның өзі азаматы болып табылатын елдің Ата заңын, мемлекеттік тілін, ел иесі – ұлтты сыйлау сезімі оянбаған. Ол – шектеулі ғана қабілеттегі менмен адам. Ол бұл елді Отаным деп сезінбейді. «Уақыт керек» деген сөз - алдамшы сөз.
Облысымызда бүгінгі күні талапқа сәйкес барлық мемлекеттік органдар аппараттары мен құрылымдық бөлімшелерінде мемлекеттік тілде құжат дайындай алатын мамандар алынып, мемлекеттік қызметшілер аз көлемді құжат, азаматтардан келген өтініштерге жауап, өндірістік бұйрық, актілер, хаттамалар сияқты шағын мәтіндерді мемлекеттік тілде дайындауда. Көптеген құжаттар мемлекеттік және ресми тілдерде жүргізілуде. Алайда, мемелекеттік тілде хат алмасудың сандық көрсеткіші төмен болып отыр. Сондықтан да мемлекеттік тілді білу - қажеттілік екенін насихаттаудың маңызы зор. Көбінесе неге екені белгісіз мемлекеттік тілге байланысты іс- шаралар мен үгіт-насихат жұмыстары қанымызға қатысты «Наурыз мейрамы» мен «Қазақстан халықтарының тілдері» күндері ғана аталып өтіп, «жетім қыздың тойын тойлағандай» күй кешеді де, артынша бәрі ұмытылады. Ал шын мәнінде, үгіт-насихат жұмыстарының қордаланып қалған тіл мәселесін шешуде септігін тигізері сөзсіз.
Қостанай политехникалық колледжінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің оқытушылары тәуелсіз еліміздің жас ұрпағын жаңа қоғамға лайықты етіп тәрбиелеу, оның дүниетанымын, көзқарасын, ақыл-ойын қалыптастыру, бар күш-жігерін туған жері мен елі ұшін жұмсауға үйрету, туған тілін, мәдениетін, салт-дәстүрі мен дінін қадірлеугек баулуды басты міндет етіп келеді. Тәуелсіз елдің жас ұрпағын ойлы да іскер, жігерлі де батыл, өз-өіне сенімді, интеллектуалдық деңгейі биік, жан-жақты адам ретінде қалыптастыруда ана тілінің атқарар қызметі зор. Олар өз тілін жетік білмейінше халқымыздың сырлы да сазды әуенін, ертегі, аңыз, қилы- қилы сырға толы дастандарын, сөз маржаны – мақал-мәтелдерінің мағынасын түсінуі, одан ғибрат алуы мүмкін емес. Сондықтан да біз өмір жаңарған, мазмұн жаңарған тұста ана тіліміз – қазақ тілінің өркенін өсірер жаңа істер атқарудамыз. Күнделікті сабақ барысында тіл қағидаларыноқытуға ғана назар аударып қана қоймай, қосымша материалдар арқылы қазақ халқының әдеп ережелерінен бастап, мәдениет, өнер, сөз тарихы, әдебиеті,салт-дәстүрі, адамгершілік қасиеттері, ұлы адамдар өмірі, мамандыққа сәйкес түрлі атаулар сыры мен әр түрлі мәтіндерге, тіл мәдениетіне ерекше көңіл бөлінеді. Бұл жастарға тек тілді ғана меңгертіп, үйретіп қоймай, ана тілі арқылы нағыз патриотты тәрбиелеуде де үлкен септігін тигізіп жүр. Қазақ халқының мәдениеті, өнері, ақын-жазушылары, музыкалық аспаптары, зергерлік бұйымдары туралы материалдар жинақталуда. Бұл материалдарды күнделікті сабақ барысында қолдану арқылы жастардың жастардың ұлттық санасы, сезімі мен өзін-өзі тануы, рухани қалпы шыңдалады.
Колледж қабырғасында білім алып жатқан болашақ мамандар тек өз мамандықтарын меңгеріп қана қоймай, өз Отанының, қазақ халқының рухани мұрасын бойына сіңіре білген зиялы жан болуы да шарт.
Ұлтына, дініне қарамастан барлық студенттер мемелекеттік тілдің қызмет тілі екенін түсініп, аса үлкен жауапкершілікпен қарайды, қазақ тілінің болашағына сеніммен қарайды. Қазақ тілін тиісті деңгейде меңгермейінше, еш жерде қызмет істей алмайтындарына көздері жетеді. Сондықтан да қазақ тілі, кәсіби қазақ тілі пәндерін оқу - кәсіби қажеттілік, өмір талабы екендігін жақсы түсінеді. Кәсіби қазақ тілі пәнінің ерекшілігі студенттер өздерінің болашақ мамандықтарына қатысты сөздермен, сөз тіркестерімен, термин сөздермен танысады, сұхбат құрастырады, мәтіндерді аударады, өз ойларын еркін жеткізуге тырысады. Оқимын, мемлекеттік тілді білсем деген студенттердің талпыныстары жаман емес. Қазірдің өзінде айтқанды түсінеді, қазақша жазғанды оқи алады. Қанша дегенмен, оқуды бітірісімен олардың барлығы бірдей іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізіп кетеді дей алмаймын. Меніңше, әзірше түсінсе, оқи алса, қазақша сөйлей алса болғаны. Ал іс қағаздарын жүргізуді мемлекеттік тілге көшіруде негізгі салмақты тілдері қазақша шыққан, қазақша оқып білім алған, жүректері қазақ деп соғатын жігіттер мен қыздар көтеруі керек.
Елбасы Н.Назарбаевтың Жолдауында айтылған маңызды мәселе де – тіл мәселесі. Елбасы: «Қазіргі таңда мемлекеттік тілді еркін меңгерген халықтың ішінде ересек адамдардың саны басым көпшілікті құрайды. Енді алдымызда мынадай міндеттер тұр: 2017 жылы мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтардың саны кем дегенде 80 пайызға, ал 2020 жылға қарай кем дегенде 95 пайызға жетуі тиіс. Енді 10 жылдан кейін мектеп бітіруші түлектер 100 пайыз мемлекеттік тілді білетін болады» деп қадап айтты.
Тілдік орта болмаса, он жерден оқытсаң да нәтиже шықпайды. Өйткені, тілді меңгеремін деген адам күнделікті қазақ тілінде сөйлемесе, ол оқығанын ұмытып қалады. Әрине, оқы, оқы дегенмен қазақ тілінде сайрап кеткен өзге ұлт өкілдерін кездестіру қиын. Сондықтан оқытудан басқа мәдени іс-шаралар ұйымдастыру, қызметкерлердің қазақ тілін білу деңгейін көтеру және оны оқып-үйренуге деген ықыласы мен қызығушылығын арттыру бірінші кезекте болғаны абзал. Бірақ көп жылғықатып қалған тоңды жібіту оңай емес. Десек те, ана тіліміздің толыққанды мемлекеттік тілге айналуына атсалысуымыз баршаның борышы болуға тиіс. «Ана тілін білмейтін адам мәдениетті адам санатына қосылмайды», - деп М.Әуезов айтқан екен. Тіл - аса қадірлеп ұстайтын байлығымыз. Оны білмеу - өзімізге сын.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Н.Назарбаев Халыққа арнау. «Күлтегін», Астана 2007 ж.
- Ана тілі, 2011 ж 10-16 ақпан
- Қостанай, 2011 жыл 15 ақпан
- Егемен Қазақстан 2007 жыл 17 ақпан
- Егемен Қазақстан 2007 жыл 10 сәуір
- Білім- Образование 2007 жыл № 4, 25-26 бет.
- Жас Алаш 2007 ж 19 сәуір,
- Түркістан 2007 ж 4 мамыр, 2 бет
- Саясат 2007 ж № 8, 48-49 бет
- Тіл –рухани құндылық. Алматы, 2008 ж