Автор туралы мәліметтер. Есполова Гаухар Уалихановна Қазақстан-Американдық еркін университетінің «Туризм» мамандығының студенті.
Аннотация. Мақалада ШҚО-дағы экологиялық туризмді дамытудың ерекшеліктері қарастырылып, «экологиялық туризм» терминіне интерпретация берілген. Беріліп отырған мақалада экологиялық туризм болашағы бар туризмдік бағыттардың бірі болып саналады. Сондайақ экологиялық туризм қазіргі кезде басымды сала бола тұра, экономиканың дамуына ықпал ететіні де ерекше аталған. Мақалада Шығыс-Қазақстанның аталмыш туризм түрінің астанасы болуға мүмкіндіктері мол екені айтылып отыр. Сондай-ақ облыстың туризм дамытудағы 2020 жылға қарсы жасалған жоспары да талданған.
Экологиялық туризм (фр. tourisme, фр. tour – сейілдеу, сапар) – сауықтырушылық, танымдық, қарым-қатынастық қажетсінулер ұштастырылатын, халықтың тынығуға қатысты қажетсінулерін неғұрлым толық қанағаттандыруға мүмкіндік беретін туризм саласы. Экологиялық тұрғыдағы көрнекті орындарды (ұлттық саябақтарды, табиғат ескерткіштерін, табиғат қорғау проблемалары неғұрлым оңтайлы шешілген аумақтарды, экологиялық ұйымдардың, "жасылдар" қозғалысының бұқаралық шараларына қатысу, аралап көрумен қоса жоспарланған саяхат болып табылады.
Туризмнің казіргі кезеңінің ерекшелігі экологиялық туризм туралы түсініктің не екенін ашу. "Экологиялық туризм" (қысқаша аты "экотуризм") ағылшынның "ecologіcal tourіsm" ("ecotourіsm") сөзінен аударылған. И. Криппендорфтың анықтамасы бойынша экологиялық туризм – бұл (алғашында автор оны "тыныш туризм" деп атады) "табиғаттың көрікті көрінісімен тікелей байланыста болып, жергілікті халықтың мүддесін еске ала отырып, көптеген адамдарға ұзақ уақыт физикалық және рухани демалысын ұйымдастыру".
К.Х. Рохлитц басқаша анықтама беруді ұсынды. Бұл автордың айтуынша, "жұмсақ туризм – бұл тұрғылықты халыққа экономикалық пайда түсіретін және олардың арасында түсінушілікті қамтамасыз ететін, сондай-ақ табиғаттың сұлу көрінісіне де, жергілікті әлеуметтік-мәдени ортаға да зиян келтірмейтін саны жағынан біркелкі туризм". Автордың бұл анықтамаға қосқан үлесі "жұмсақ туризм" жүйесінде элементтердің өзара әсерін көрсетіп бергенде, солар арқылы түскен табыстың бір бөлігін табиғи ортаға тигізілген зияндылықты жоюға жіберу болды.
Кейбір мәліметтерге қарағанда "экотуризм" деген терминді 1987 ж. Hector CeballosLascuraіn енгізген көрінеді, ол мынадай анықтама ұсынған екен: "Бұл ешкім тимеген немесе ласталмаған табиғи аудандарға саяхат жасау, өзіне тән табиғаттың сұлулығымен, оның тамаша өсімдіктерімен, аңдарымен қызықтан, сондай-ақ басқа да мәдени ерекшеліктерімен танысу туризмі".
Қазақстанда болашағы бар және дами алатын 2 турөнім бар, олар – бизнес туризм және экологиялық туризм. Екі өнім де халықаралық нарықта тамаша мүмкіндіктерге ие.
Туризм индустриясы комитетінің хабарлауынша, Шығыс Қазақстан кластері «Табиғаттың тамаша әлемі» ретінде танылып, экологиялық туризмді дамытудың орталығы болмақ. Аталмыш кластерде дайындалатын негізгі туристік өнімдерге белсенді және шытырман туризм мен тау мен көлдегі демалыс енгізілмек. Құжаттың мақсаты – демалыс орнына жергілікті және шет елдік инвесторлар мен туристерді тарту ұсыныстарын құру мен халықаралық деңгейдегі демалыс орнының бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Зерттеу нәтижесінде 100 әлеуетті туристік бағыт анықталып, Шығыс Қазақстанның барынша тартымды 27 туристік жерлеріне баға берілді. Онда экономикалық, әлеуметтік және экологиялық қасиеттер де назарға алынды.
«Туристік кластер «Шығыс Қазақстанға» Шығыс Қазақстан облысының солтүстік және шығыс бөліктері кіргізілген. Өскемен қаласы кластердің орталығы болады, онда негізгі қызықты 6 туристік орын орналасқан. Бұқтырма су қоймасы, Ертіс өзені Жайсан көлі, Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, Марқакөл өзені мен Қалжыр құзы, Риддер Анатау мен Иван таулары, Семей қаласы. Алакөл айналасында туристік аймақты дамытуға ерекше рөл берілді. Әр кластер бір туристік өнімді дамытуға бағытталған», деп ҚР ИЖТМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Марат Иғалиев ағынан жарылды.
Болашақта Шығыс Қазақстан облысының қалған бөлігі Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы мен «Берель» мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы мен басқарарлары енгізіліп, туристік кластердің кеңістігі ұлғайтылуы мүмкін.
Айта кетерлік жайт, 2020 жылға дейін Шығыс Қазақстан облысын кластерлі дамыту бағдарламасы бойынша шеберлік жоспарды жүзеге асыру аясында 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, 10 мыңнан астам төсек орын пайдалануға беріледі. Қарастырылып жатқан жобалар аясында жеке инвестиция сомасы 600 млн. доллардан асып жығылады деп күтілуде.
Қазіргі таңда экологиялық туризм экономиканың дамуына ықпал ететін келешегі бар сала болып табылады. 2015 жылы Қазақстандық Туристік Ассоциация мен IPK компаниясының эксперттерімен жүргізілген Қазақстандағы туристік нарықтың талдауы бойынша Қазақстан келешекте қозғалмаған табиғаты мен қорықтар, ұлттық парктердің алуан түрлі үлкен потенциалына ие, сонымен қоса мәдени мұрасына да бай. Германия, Ұлыбритания, Франция, Оңтүстік Корея мен Жапон елдерінде жүргізген зерттеу мен сауалнамалар бойынша, шетелдік азаматтар арасында Қазақстандық экологиялық турларына жоғары қызығушылық білдіргенін анықтаған. Еліміз шет елдер тәжірибесінде туризм бағыттарын дамыту жолдарын іздейді, себебі ол елдер бұл салада бірнеше саты жоғарыда. Бірақ, дайындық пен жоспарсыз асығыстық жасап қажеті жоқ. Қазақстандағы экотуризм енді дамып жатыр, бірақ сонда да оң септігін сезуге болады. Қазақстанды туристік саланы гауһар таспен салыстыруға болады, себебі әлемдік бәсекелестікке сәйкес келетіндей тамаша туристік мүмкіндіктері өз сәтін асыға күтуде. Біздің елімізді 2020 жылға шейін алдынғы қатарлы туристік бағытқа айналдыру үшін 1 миллиард доллар қаражат жұмсалуы қажет.
Қазақстандағы негізгі турөнім экологиялық туризм болып келеді, бірақ халықаралық нарықтағы бәсекелестік қасиеті аз. Қазақстандағы экологиялық туризмнің басымдылығының бағасын анықтау үшін талдау жүргізді. Қорытынды бойынша экотуризм күрделі даму қажет екенін түсінді. Соған қарамастан, республиканың әрбір аймағы экотуризмнің дамуы үшін ерекше табиғи байлыққа тұнып тұр.
Кесте 1. Қазақстан аумақтарындағы туризм түрлері
Аумақтар бойынша туризм түрлері |
||||
Оңтүстік Қазақстан |
Солтүстік Қазақстан |
Орталық Қазақстан |
Шығыс Қазақстан |
Батыс Қазақстан |
Экологиялық |
Экологиялық |
Экологиялық |
Экологиялық |
Экологиялық |
Тау |
Шаңғы |
Экскурсиялық |
Тау |
Су |
Жаяу |
Жаяу |
Су |
Танымдық |
Жаяу |
Велосипедтік |
Экскурсиялық |
Спелеологиялық |
Экскурсиялық |
Экскурсиялық |
Экскурсиялық |
Тарихи |
Тарихи |
||
Тарихи |
Діни |
|||
Діни |
Экологиялық туризмнің басқа туризмдерден прициптік айырмашылығы – табиғатта туристердің берілген тәртіпке бағынуы, табиғи ландшафттарды шамадан тыс ластаудан қорғау және индустриялық туризм дамуының басты шарты болып табылатын табиғи ресурстардың деградациясын болдырмау.
Экотуризмнің ең басты қағидасы қоршаған ортаны аялау, табиғатты сыйлау. Туризм, оның ішінде экотуризм бұлар, табысы бірқатар факторлардың жиынтығына тәуелді болып табылатын қызмет салалары. Қазіргі таңда экологиялық туризм басқа туризм салаларына қарағанда басымырақ. Экологиялық туризмнің негізгі мақсаты қоршаған ортаның және мәдени, табиғи ресурстардың сақталуын қамтамасыз ету.
Экотуризмнің аспектілері: ақпарат тандырылған табиғат және аумақ мәдениеті, экологиялық заңдылықтарын және тағы да басқа білім алу; этикалық экологиялық менталитеттің қалыптасуы табиғат және ұлттық мәдениетке сыйластық және түсіністік, оларды сақтап қалу қажеттілігін сезіну. Экотуризмді дамыту туристік қызмет нәтижесіндегі экожүйеге кері әсердің алдын алудың бірден-бір жолы.
Экологиялық туризмнің ең өзекті бағыттары:
- танушылық;
- ғылыми;
- спорттық.
Қазіргі кезде Қазақстанда 10 аса экосайттар Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында жұмыс істейді. Экосайт (ағылшын тілінен экотуристік тұрақ) Еуразия – Орталық Азия Қоры ұсынған және ауылдық қоғамдастықтарға негізделген экотуризмді дамыған орынды білдіретін термин: және жобалар жүзеге асырылады. Бұл экосайттардың көбі ерекше қорғауға алынған табиғи территорияларда және оларға жабысқан территорияларда орналасқан. ЕҚТТдан келесілерді атауға болады. Ақсу Жабағлы МТҚ, Алматы МТҚ, Қорғалжын МТҚ, Батыс Алтай МТҚ, «Көлсай көлдері» МҰТП, Катон – Қарағай МҰТП, Көкшетау МҰТП, Сайран – Угам МҰТП және басқалар.
2004 жылы Евразиялық қордың ақшалай қолдау көрсету арқылы Алматы қаласында ҚТА Қазақстандағы бірінші (өкінішке орай, қазірге дейін жалғыз) орган Экотуризмнің Ақпараттық Ресурстық орталығы (ЭАРО) құрылған.
ЭАРО жобасы – бұл халықаралық және Қазақстандағы туристік нарыққа хабар тарату, туризмге бағытталған жергілікті бірлестіктерді қолдау және олардың экологиялық туризмді дамыта отырып нақ пайда табуына көмек көрсету.
Кесте 2. Қазақстан Республикасындағы экосайттардың тізімі
Қазақстан Республикасы аймақтары |
Экосайттардың атауы |
Оңтүстік Қазақстан облысы |
Жабағлы, Түлкібас, Ленгер, Қасқасу, Болдыберек, Көксаяқ, Төнкеріс |
Орталық Қазақстан |
Қорғалжын, Сандықтау, Айыртау, Имантау, Балқаш, Қарқаралы, Шашубай (Балхаш) |
Шығыс Қазақстан облысы |
Риддер, Катон -Қарагай, Солдатово (Майемыр), Черновое, Урыль, Коробиха, Урынхай |
Алматы облысы |
Саты, Талғар |
Қазақстанда туризм саласы дұрыс дамымай отыр. Жерiмiзде бар көне ескерткіштер, әсем табиғат, бәрi бәрi элi де болса, көпшілікке беймәлім күйінде қалып келеде дейді елiмiздегi туристік ұйымдардың өкiлдерi. Қазақстан азаматтарының кейбiрi алыс-жақын шет елде демалғанды қалайды екен. Басты себеп, қаржы аз бөлiнiп, жолдар жөнделмеген. Кызмет керсету сапасы да төмен. Қазақстандағы экологиялық туризмнің әлсіз дамуының себептеріне келесiлердi жатқызуға болады:
- экологиялық туризмнің нормативті-құқықтық базасының дамығандығы;
- экологиялық туризмнің объектінің жағдайы мен саны жөніндегі статистикалық есептің болмауы;
- салық саясатының жетілмегенінің нәтижесінде туристік қызметке шетелдік туристерді қабылдайтын және отандық туристерді шетелге жіберуді жүргізетін туристік фирма кызметінің сипатын шектеусіздер 20% көлемінде қосымша құнға салық салынады;
- ерекше қорғалатын табиғи территориялардың көпшігінде экологиялық туризм маршруттарын дамытуға қаражаттың жоқтығы, келушілерге қызмет көрсететін және ақпарат беретін дайындықтан өткен кадрлардың жоқтығы;
- магистральдар мен жолдарды айтарлықтай алыста орналасқан экологиялық туризм объектілеріне көліктің жетуінің төмендеуі;
- экологиялық туризм саласындағы халықаралық қатынастардың және экологиялық туризмді ұйымдастырудағы халықаралық тәжірибенің болмауы.
Шығыс Қазақстан облысының табиғаты таңқалдырар алуан түрлі. Осында дала, шөлді және таулы тайга ландшафттар: батыста Ертіс маңы және Сарыарқаның жазықтары, шығыста Алтай деп аталатын таулы өлке. Шығыс Қазақстан жануарлар және өсімдіктер әлемінің түрліліктерімен бай. Облыста республикамыздың орман байлығының 90%-ы жинақталған. Аймақтың табиғатын сақтап қалуға қорғалатын аумақтар мен қорықтық орындар торабы құрылған. Бұл Марқакөл, Батыс Алтай, Алакөл қорықтары, 8 жануартану мен өсімдіктану қорықшалары, 6 табиғат ескерткіштері, Қатон-Қарағай ұлттық табиғи саябағы. Туризмді дамытуда Қазақстанның келешегі мол және тартымды өлкесінің бірі Шығыс Қазақстан облысы болып табылады.
Экологиялық туризммен жастар мен белсенді қызықты демалысты жақсы көретін орта жастағы адамдар айналысады. Жоғарыда айтылған мәтінге қарап Шығыс Қазақстан экологиялық туризмінің дамуын экотуристердің осы аймаққа жоғары қызығушылығымен және әлемдік туристік салада қазіргі таңда жаңа және динамикалық сектордың дамуымен байланыстырып қарастырамыз. Шығыс Қазақстан ерекше табиғи және тарихи нысандардан қалыптасқан бай рекреациялық әлеуетімен белгілі. Аталған аймақтың көрінісімен бір туристік турда тамсанып тамашалауға болады. Бір туристік сапарда туристер көшпелі қазақтың мәдениетін, балықшылардың өкілдерін сонымен қатар марал фермасында бола алады. Алтай тауларының ортасында көркем көлдердің арасында тас тостағанның түбінде бәріне белгілі «Рахман бұлағы» орналасқан. Қазақстандық Алтай тауы Шығыс Қазақстан облысы аумағының көп бөлігін алып жатқандықтан, туризмді дамытуға зор мүмкіншілік бар. Мұның барлығы туристік индустрияны дамытуға негіз бола алады.
Шығыс Қазақстан экологиялық туризмнің дамуы үшін барлық мүмкіндіктерге ие. Оның негізін ерекше табиғи шарттар мен ландшафтар, көптеген табиғи, тарихи ескерткіштер, халықтың мәдени және этникалық мұрасы құрайды. Бірақ, экологиялық туризм басқа туризм түрлерінен табиғи ортаға шамалы әсер етумен ерекшеленгенімен рекреациялық туристік инфрақұрылымның әлі де қалыптасу деңгейінде жүргендіктен, экологиялық туризм біраз кедергілерге жолығуда. Экологиялық туризмнің экономикалық әлеуеті шектеусіз, бірақ оның қалыптасуы мен дамуына қаржылай көмек қажет. Экологиялық туризм үшін қажетті инфрақұрылымдарды құру туристер үшін табиғаттың кез келген жеріне баруға мүмкіндік береді.
Шығыс Қазақстан аймағындағы экотуризмнің дамуы жаңа бағыттарды талап етеді. Соңғы жылдары туризмнің бұл түрін дамыту мақсатында тенденция қалыптасты. Атап айтсақ, экотуризмнің дамуы Шығыс Қазақстанның табиғатын сақтауға көмектеседі. Шығыс Қазақстан сияқты аймақтарда экотуризм табиғатты қорғау, халықтың жұмыспен қамту көрсеткішінің өсімі және әлеуметтік-экономикалық дамуға көмектесе алады. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда экологиялық туризмді жүзеге асырудың болашағы туралы қорытындылар жасалды. Шығыс Қазақстан облысының аса перспективті аудандарындағы экологиялық туризмді дамыту үшін жасалатын жағдайлар келесілерді қамту керек:
- республикадағы туризм индустриясының көптеген экологиялық және әлеуметтікэкологиялық проблемаларын шешу мақсатында экологиялық туризмнің дамуының ғылыми негізделген ұлттық стратегиясын әзірлеу керек;
- туристерге сапалы қызмет ететін экологиялық сауатты мамандар тағайындау;
- экологиялық туризмді дамытуға мүдделі барлық мемлекеттік және жеке құрылымдардың жергілік органдарына қолдау көрсету;
- болашақ ұрпақ үшін ерекше табиғи және мәдени-тарихи объектілердің сақтау табиғатты пайдалануды реттеу мақсатында географиялық ақпараттық жүйені құру керек;
- қоршаған ортадағы табиғи ресурстардың (орман, көл, тау) табыс көздеріне жергілікті халықтың түсінуіне мүмкіншілік беру және осындай идеяларды тарату бағытындағы жұмыстарды ұйымдастыру.
- Шығыс Қазақстан облысында жүргізілген зерттеу нәтижелері экологиялық туризмді дамыту мақсатында Қазақстанның басқа облыстарында пайдалануы мүмкін.
Жергілікті халық экотуризм мен рекреациядан пайданы ұлттық бақ инфрақұрылымын дамыту жоспарын іске асыру барысында алады, онда рекреацияны дамытуы, жағажай демалысы, бальнеологиялық сулар көздерін ашу, экологиялық таза өнім өндіру, қонақ үйлер салу, визит орталықтар ашулар қарастырылып, жүзеге асырылуда. Табиғатқа зиян келтірмейтін әдіспен жеке кәсіпкерлерді тарту немесе ұлттық бақтың есебінен кішігірім кооперациялар салу қолға алынуда.
Жалпы алғанда, экологиялық туризмнің өзектілігі даусыз. Тек орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, өкіметтік емес ұйымдар мен жергілікті қоғамдастықтардың қызығушылықтары мен күштерін біріктіру арқылы қалаулы нәтижеге жетуге және экотуризмді ХХІ ғасырда Қазақстанның тұрақты дамуының қозғаушы инструменті етуге болады.
ӘДЕБИЕТТЕР
- Буйленко В.Ф. Основы профессиональной деятельности в туризме и экотуризме: учебник для студентов высших учебных заведений. – Ростов-на-Дону: «Феникс», 2008.
- Косолапов А.Б. Теория и практика экологического туризма: учебное пособие. – М., 2005.
- Храбовченко В.В. Экологический туризм: учебно-методическое пособие. М., 2003.
- Никитинский Е.С. Қазақстанның туристік құқығы = Казахстанское туристское право: сборник нормативных правовых актов в сфере туризма. Астана, 2008.
- https: // kazakhstan.orexca.com/rus/tourism_kazakhstan.shtml