Құрсағы алтын, қойнауы құт жерұйық мекен Кенді Алтай мен қасиетті Семей өңірі еліміздің шекарасының шығысын түйіндеп тұр. Өр Алтайға арнайы келген әрбір мейман оның көркемдігі мен ұлылығынан нәр алады. Олар осындай киелі жерден фотолар мен суреттер түрінде тартымды олжалар алып қайтады.
Адамзат өміріндегі тірлік тынысы сан ғасырлардың қойнауына сіңіп кеткен ұлан-ғайыр өңірдің тарихы сан алуан сыр шертеді. Алтай тауының ұшан-теңіз аумағын алып жатқан ежелгі түркі өркениетінің орталығы ата-бабаларымыздың талай замандардан бергі ерен ерлігінің даңқына бөленген.
Шығыс Қазақстан географиялық орны мен табиғат жағдайы жағынан тек Қазақстанда ғана емес, бүтіндей Еуразия құрлығындағы ерекше аймақ болып саналады. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі Шығыс жерін еліміздің "Алтын тәжі" деп бекерге атаған жоқ.
Қазақстан, Ресей, Қытай және Моңғолия елдерінің шекаралары түйіскен бұл өлке Азияның құла медиен даласы мен Сібір орманының небір ғажайыптан өзіне жинап алған. Кен қойнауларына, ормандар мен көлдерге, дәрілік шөптерге, аң-құстарға, балыққа бай, табиғаты тамсандырар бұл өлке ерте заманнан іскер адамдардың назарын өзіне аударған. Сондықтан да бұл жерде өнеркәсіп өндірісі ерте бастан қолға алынып, дамыды. Теңіздей толқыған егін алқаптарынан ел ырысы алтын дән жиналып, көкорай шалғынды тау жайылымдықтарында, жусаны мен изені мол қырлы далаларында төрт түлік мал өрбіді.
Кенді Алтай басқаларға ұқсамайтын кермарал мен кербұғы сияқты түз тағыларын өсірген, қазір де өсіріп отырған шаруашылықтарымен де аты шыққан өлке.
Өңірдің тамаша табиғатын сақтау және оның биологиялық алуан түрлілігін қалпына келтіру, сонымен қатар ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін облыста жалпы алаңы 1,7 млн гектар болып келетін 18 ерекше қолғанатын табиғи аумақ құрылған болатын. Бұл ұланғайыр аумаққа Марқакөл және Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорықтары, Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, "Семей орманы" Мемлекеттік табиғи орман резерваты, 8 мемлекеттік табиғи заказниктері, 1 республикалық табиғи ескерткіш және 5 облыстық табиғи ескерткіштер жатады.
Шығыс Қазақстанның өзендері, көлдері мен бұлақтары да қайталанбас әсемдігімен ерекшеленді. Су Кадастрының деректеріне қарағанда, өлкеде 1200-ден астам ірілі-ұсақты өзендер мен көлдер бар. Моңғолия, Қытай елдерінің жерін басып өтіп, Қазақстанның бүкіл Шығыс аумағынан көрші Ресейге дейін жететін әйгілі Қара Ертіс өзенінің өзі тарих пен аңыз әңгімелерге толы. Шығыстың інжу-маржаны саналатын Марқа көлінің әсемдігін көрген жұрт Байкал көлімен теңестіреді. Бұл көлде әлемдегі екі-ақ су көзінде кездесетін ускуч балығы өсіріледі. Жан-жағын қоршаған қалың орман мен көкорай шалғынды жерлерінде 232 түрлі құстар, 50-ден астам аңдар мен жануарлар мекендейді, 1000 түрлі өсімдіктер мен дәрілік шөптер өседі. Мұндай мысалдарды көптеп тізе беруге болады.
Алтын мекеніміз Алтайымызды саяхатшының көзқарасына салып зерделесек, Шығыс Қазақстанды Еуразия кіндігіндегі бірыңғай туристік объект ретінде алып қараудың өзі ләзім. Мұны республика деңгейіндегі басшылықтың өзі де жақсы біледі.
2013 жылдың қыркүйек айының соңында Өскеменде мемлекеттік органдар мен өңірдегі туристік ұйымдар өкілдерінің қатысумен туристік саланы дамытудың жаңа жолдары, қолда бар әлеуетті ұтымды пайдалану, инвестиция тарту жайында өткен жиынға Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі және Туризм индустриясы комитетінің төрағасы қатысты.
Шығыс Қазақстан тоғыз жолдың торабында орналасқан өңір әрі тамылжыған табиғатымен ерекшеленеді. Сондықтан, саяхатшылар легін осында тартуға барлық мүмкіндіктер бар. Келешекте Қытайдың, Ресейдің, Үндістан мен Араб елдерінің миллиондаған туристері Орталық Азияға, оның ішінде біздің елімізге көптеп келеді деп болжануда. Ендеше, қызмет көрсету сапасын көтеріп, өзге өңірлермен бәсекелесуге әзір болуы керек, деген еді сол жиында сөйлеген сөзінде вице-министр.
Шығыс Қазақстан облысы ұлттық жүйеде жетекші өңірлердің бірі болу үшін нақты бәсекелестік артықшылықтары бар. Облыстың негізгі бәсекелестік артықшылықтарына: ұтымды географиялық орналасу, тау-кен өндіру және металлургия өнеркәсібі үшін минералды шикізаттың айтарлықтай қоры, түсті металлургия мен металл өндеуде айтарлықтай технологиялық әлеует, орман және энергетика ресурстары, жоғары білікті мамандар, жұмыссыздықтың салыстырмалы түрде төмен деңгейі, туризмді дамытуға мүмкіндік беретін бірегей рекреациялы жағдайлары бар. Осыған орай, Шығыс Қазақстан облысының туристік сала әлеуетіне тоқталсақ.
Егер туризм саласының әлеуеті жайын тілге тиек етер болсақ, ол жетіп артылады. Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстанда туристік сапармен келушілермен 64 туристік фирма жұмыс істейді. 24 ерекше қорғалатын табиғи аумақтар тіркелген. Инфрақұрылымдық туристік қызметпен 245 мекеме (демалыс базалары мен үйлері, санаторийлер, профилакторийлер, балаларға арналған лагерлер, балшықты сумен емдейтін орындар) айналысады. Облыстағы 14 қорықтық аймақта экотуризмді дамыту қолға алынған.
Бүгінде Шығыс Қазақстан облысы қызмет көрсетілген келушілер саны бойынша Астана (637 410) және Алматы (809 747) қалаларынан кейінгі үшінші орында алады. 2012 жылдың нәтижесі бойынша облысымызға 403 396 адам келген. Шығыс Қазақстан облысының туристік сала дамуының қарқынын көрсету үшін төмендегі кестеде туристік қызметтің негізгі көрсеткіштері келтірілген.
Кесте 1 – ШҚО туристік қызметтің негізгі көрсеткіштері
жылдар |
2007 |
2008 |
2009 |
2010 |
2011 |
2012 |
2013 (қаңтар – қыркүйек) |
Туристік қызметті жүзеге асыратын кәсіпорындар саны, бірлік |
|||||||
Барлығы |
196 |
264 |
276 |
262 |
301 |
322 |
329 |
Оның ішінде: |
|||||||
туристік фирмалар |
40 |
47 |
48 |
42 |
51 |
63 |
48 |
туристік қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер |
5 |
12 |
12 |
9 |
17 |
25 |
16 |
орналастыру объектілері |
67 |
70 |
75 |
66 |
72 |
71 |
94 |
келушілерді орналастырумен айналысатын дара кәсіпкерлер |
84 |
135 |
141 |
145 |
161 |
163 |
171 |
Қызмет көрсетілген келушілер саны, адам |
|||||||
Барлығы |
302 836 |
304 768 |
275 767 |
313 106 |
382 602 |
4033 96 |
332666 |
Оның ішінде: |
|||||||
туристік фирмалар |
39 960 |
59 667 |
22 533 |
22 311 |
24 13 0 |
24 93 1 |
12436 |
туристік қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер |
1 466 |
2 963 |
2 597 |
3 007 |
2 859 |
3 055 |
1087 |
орналастыру объектілері |
199 464 |
126 897 |
118 749 |
12 9 309 |
179 690 |
188 4 17 |
157 979 |
келушілерді орналастырумен айналысатын дара кәсіпкерлер |
61 946 |
115 241 |
131 888 |
158 479 |
175 923 |
186 9 93 |
161 164 |
Келу туризмі |
14 814 |
17 212 |
15 312 |
17 182 |
20 201 |
18 36 8 |
14 197 |
Шығу туризмі |
11 571 |
9 028 |
6 232 |
7 583 |
8 896 |
11 77 0 |
6 391 |
Ішкі туризм |
276 451 |
278 528 |
254 223 |
288 341 |
353 505 |
373 2 58 |
312 078 |
Орындалған жұмыстар мен қызметтер көлемі, мың тенге |
|||||||
Барлығы |
1499 032,6 |
1721 732,5 |
182995 8,5 |
2259 313,0 |
280654 1,9 |
3181 589,0 |
2636848,8 |
Оның ішінде: |
|||||||
туристік фирмалар |
153 850,0 |
151 954,6 |
149 393,5 |
105 150,4 |
203 130,3 |
208 0 00,1 |
219 746,6 |
туристік қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер |
3 404,0 |
7 765,6 |
9 421,9 |
9 094,6 |
10 583,8 |
11 41 6, 5 |
23 914,8 |
орналастыру объектілері |
1072 618,2 |
1133 314,3 |
118263 3,4 |
1472 877,3 |
184587 5,3 |
2102 282,1 |
1 661375,4 |
келушілерді орналастырумен айналысатын дара кәсіпкерлер |
269 160,0 |
428 698,0 |
488 509,7 |
672 190,7 |
746 952,5 |
859 8 90,3 |
731 807,0 |
2013 жылғы қаңтар – қыркүйек аралығында қызмет көрсетілген келушілердің саны 2012 жылғы қаңтар – қыркүйекпен салыстырғанда 0,1%-ке қысқарып, 332 666 адамды құрады. Туристік салада көрсетілген қызметтердің жалпы көлемі 2636,8 млн теңгені құрады.
Келу туризмі келушілерінің саны өткен жылмен салыстырғанда 1,2%-ға артты және 14 197 адамды құрады. Ішкі туризм бойынша келушілердің саны өткен жылмен салыстырғанда 0,9%-ға артты және тиісінше 312 078 адамды құрады. Шығу туризмі бойынша туристер саны 34%-ке қысқарып, 6 391 адамды құраған.
Есепті кезеңде келушілерге туристік қызмет көрсетумен айналысатын 64 туристік фирмалармен жүзеге асырылған. Олар 13 523 адамға қызмет көрсеткен.
Ең үлкен туристік қызметті жүзеге асыратын және туристерді орналастыруды
ұйымдастыру жөніндегі қызметтерді ұсынатын субъектілердің саны Өскемен (60), Семей (53) қалаларында, Үржар (88) және Зырян (40) аудандарында орналасқан.
Облыстың өңірлеріне тән 5 басты туризм түрлерін ерекше атап өтуге болады:
- экологиялық туризм (Катонқарағай, Күршім аудандарында және Риддер қаласында);
- мәдени – танымдық (Семей қ., Абай және Ұлан аудандары);
- емдеу сауықтыру (Катонқарағай, Үржар аудандары);
- жағажай (Зырян, Ұлан, Күршім аудандарында);
- тау шаңғысы (Глубокое, Зырян аудандары және Риддер қ.).
Сауықтыру бағытындағы туризмнің радонмен және пантымен емдеу секілді бірегей түрлерін еліміз бойынша тек еліміздің шығыс өңірінен табасыз. Шипалы
Алакөлдің және таулы Бұқтырма су қоймасының жағажайлары жазғы мезгілде елімізден және шет елдерден, негізінен Ресейден келетін демалушылардан арылмайды.
Облыста төрт жоғары және үш орташа арнаулы оқу орындарында "Туризм" және "Туристік кешендер мен қонақ үйі шаруашылығын ұйымдастыру" мамандықтары бойынша білім беріліп, мамандар даярланады.
2013 жылы облысқа 170 мың турист келген, бұл ретте біздің өңір республика бойынша Астана мен Алматы қалаларынан кейінгі үшінші орынды иеленген. Аталмыш мерзімде 1 миллиард теңгеден астам соманың қызметі көрсетілген.
Туристердің демалысын дұрыс ұйымдастырып, лайықты қызмет етуде "Восток Тур-Драйв" компаниясы, Алакөл жағалауындағы "Әйгерім" демалыс үйі, Катонқарағай бұғы паркі, "Климовка" демалыс базасы, "Көктау", "Алтай Альпі" сауықтыру кешендері, "Изумрудный" шипажайы көзге түсіп, көпшілік алғысына ие болып келеді.
Сондай-ақ шырайлы Шығысты республикадан тысқары елдермен таныстырып, оның әсем табиғатына, байлығына, сайып келгенде, туристік әлеуетіне шетелдік азаматтардың, кәсіпкерлер мен инвесторлардың назарын аударуда соңғы жылдары облыс әкімінің бастамасымен өткізіліп жүрген Халықаралық бал фестивалі, "Алтай түркі елдері өркениетінін алтын бесігі" атты Халықаралық форум елеулі рөл атқарып отырғанын айта кеткен жөн.
Шығыс Қазақстан облысы туризмнің бағыттары мен басымдықтарына да тоқтала кеткен жөн.
Сонымен, бүгінгі таңда Шығыс Қазақстанда туризм индустриясын дамыту әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы өзекті міндеттердің бірі болып саналады. Бұл мәселені облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі үнемі назарда ұстап келеді.
Жоғарыда айтылған жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары өңірімізде туризмнің экологиялық, емдік-сауықтыру, мәдени-танымдық, жағажайлық және таушаңғылық бағыттарына басымдық беріліп отырылғанын атап айтты.
Дегенмен сол жиында Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Марат Игалиев саланы дамытуға кедергі болып отырған бірқатар факторларды атап көрсеткен болатын. Соның бірі туристерді тартатын жарнаманың және ақпараттың жетіспейтіндігі. Бір ғана мысал, шетелдік турист өзінің қай жерге түнеп, қай жерден тамақ ішетінін де алдын ала жоспарлап қояды. Ол үшін облыстағы туристік орындар, дәмханалар мен қонақ үйлер туралы мәліметтерді Интернетке жүктеп, оны ұдайы жаңартып отыру қажет. Өкінішке қарай, осындай дүниелерге біздің туризм ісімен айналысатын кәсіпкерлер аса мән бермейді.
2013 жылдың жаз айынан бері облыс әкімінің шешімімен туризмді және сыртқы байланыстар істері жөнінде жаңа басқарма құрылып, жұмыс істей бастады. Бұл басқарма алдында болашақта туризмді халықаралық деңгейге көтеріп, табысты салаға айналдыру үшін "Шығыс Қазақстанда 2013-2020 жылдары туризмді дамытудың кластерлік бағдарламасы" бойынша жұмыс жүргізу міндеттері тұр.
Әңгімеге арқау болып отырған жұмыстың нарық мен жүгін бағдарламаның өзі айтып тұр емес пе. Аталмыш кластерлік бағдарламаны жүзеге асыру міндеттері егжей-тегжейлі белгіленген мастер-жоспар әзірленген. Бұл құжаттар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылдағы "Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстанның дамуының басты бағыты" атты Жолдауына сәйкес дайындалған.
Шығыс Қазақстан облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасы басшысының орынбасарының айтуынша, тілге тиек болған бағдарламада туристік кластерді құрудың стратегиялық принциптері белгіленген. Мұндағы басты мақсат аймақта туризм саласын бәсекелестікке қабілетті деңгейге көтеріп, бизнестің халықаралық нарығына шығару, сайып келгенде табысты салаға айналдыру болып табылады.
ӘДЕБИЕТТЕР
- «Қазақстан Республикасының Туристік қызмет туралы Заңы» 13.06.2001 ж. №211-2 Қазақстан Республикасының Заңына өзгеріс енгізу туралы: 2007 ж. 4 желтоқсан. №503 – II – ҚРЗ // Егемен Қазақстан 2007 ж. 5 желтоқсан.
- Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы. «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ». – Астана, 2014 ж. 17 қаңтар.
- Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 11 қазандағы N 1048 Қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы туристік индустриясының перспективалы бағыттарын дамыту жөніндегі 2010 2014 жылдарға арналған бағдарламасы. – Астана, 2010.
- Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2012 жылғы 7 желтоқсандағы Сессияның № 8/104-V шешімімен бекітілген Шығыс Қазақстан облысының аумағын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламасы. Өскемен, 2012.
- Балабанов И.Т., Балабанов А.И. Экономика туризма: учебное пособие.М.: «Финансы и статистика», 2000. 176 с.
- Кабушкин Н.И. Менеджмент туризма: Учебник, 3-е издание.М.: «Новое знание», 2007.
- www.akimvko.gov.kz
- http://tourism-vs.vko.gov.kz
- www.visiteast.kz
- http://kit.gov.kz