Педагогикалық үрдіс пен дәрігерлік бақылау дұрыс ұйымдастырылған жағдайда футбол ойнау жастардың денсаулығын нығайтып, жұмыс қабілеттілігін арттырып және спорттық шеберлігін жетілдірудің маңызды құралы болып табылады. Денсаулықты нығайту мәселесін шешудің әдістемесі футболмен жүйелі түрде шұғылданатын жеткіншектер мен жасөспірімдердің жас ерекшеліктері туралы ғылыми мәліметтерден бастау алуы тиіс. Бүгінгі футбол үшін белсенді қимыл – қозғалыс, бұлшық еттердің қарқынды жұмысы, әр түрлі қимыл әрекеттері, матч кезінде құрылымы мен сипаты мен күрделілік дәрежесіне қарай дене жүктемелерін тең бөлу тән. Осылардың ішіде негізгілері доппен жасалатын іс әрекеттер (допты қағу, алу, доппен жүгіру, лақтыру, қақпаға соғу) және футбол алаңында қимылдар (жүру және жүгіру). Сондай-ақ футболшылар қарсыластарына қатысты күшпен жасалатын тәсілдер мен секірулерді жиі орындайды.
Футбол ойыны сұрапыл әрі адамның жүрек қылын тербететін дене тәрбие ойыны болғандықтан, ол “Дүниедегі маңдай алды дене тәрбиесі”, “Спорттың патшасы” делініп, бүкіл дүние халқының қастерлеуіне бөленуде.
Футбол ойынында жарыс майданы кең, жарыс уақыты ұзақ, қатынасатын адам көп әрі сайысуы қат-қабат, допқа таласуы қиян-кескі, еліктіргіштігі күшті, драмалық қасиет болады. Жақсы ойналған бір майдан футбол жарысының телевизор көрермендерінің өзі 10 миллионға жетеді. Бұл жағынан да әр қандай бір дене тәрбие түрімен салыстырғанда алда тұратындығы шүбәсіз.
Футбол ойыны адамдарды дене жақтан жан-жақтылық шынықтырып, жылдамдық, күш, төзімділік, икемділік, ептілік жақтарынан да, қайсар, зерек, қағылез, мойымас қасиетпен жұдырықтай жұмылып селбесетін коллективизмді рухты жетілдіру жағынан да зор маңызға ие.
Доп үшін күресте ойыншыдан допты дәл беру нақтылық, дәлдікті, техникалық дағдыны, ара қашықтықты болжауды, соққы күшін есептеу, уақытты ұтымды пайдалану, жылдам ойлауды талап етеді (А.П. Лаптев, А.А. Сучилин, 1983; С.Ю. Тюленьков, 1996; J Bangsbo, 1994 және т.б.). Жүктеме мөлшері бойынша футболшының қимыл-қозғалыс әрекетінде ойын алаңы бойынша түрлі қимылдар жасап жүгіру негізгі болып саналады. Жүгіруге жылдамдық пен қарқынды қимыл тән. Жүгіру адам денесінің түрлі жағдайында басталады, ауыспалы ритм мен қарқындылық, белгілі бір қашықтықта жүгіру, кездейсоқ тоқтау тән.
Футбол алаңының қарсыластар аймағын белгіленбеген кеңістігі спортшылардың максималдық және субмаксималды жылдамдықпен қысқа қашықтықта жүгіруін байқатады (В.Н. Селуянов; С.К. Сарсания, 2004; В.В. Суворов, 2007 және т.б.) Футболдың басты ерекшелігі ойын алаңында үнемі жағдайдың өзгеруі мен соған байланысты футболшының қимыл әрекетінің өзгеруі. Түрлі тәртіптегі ойын барысында сипаты мен күштілігі мен ұзақтығына қарай жаттығулардың кезектесу қатынасы саналады.
В.С. Фарфельдің (1970) спорт физиологиясын жіктеуіне сәйкес футбол стандартты емес немесе жағдаяттық жаттығулар тобының қатарына жатады. Футболға қимылдық циклдік құрылымы (жүгіру) мен сондай-ақ, ациклді – спринтті жылдамдық (соққы, лақтыру, допты қабылдау мен беру) тән. Осыған байланысты қимылдың аралас формасы туралы айтуға болады. Футболдың осы ерекшеліктері – адам ағзасының тиісті қасиеттерінің дамуын талап етеді. Адам ағзасы мен жүйесінің түрлі режимге үйренуі, Бұларға белсенділіктің жұмыс деңгейінің күрт өзгеруі, түрлі функциялар қызметінің қайта құрылуы, қалпына келтіру үрдісінің жылдамдығы жатады.
Футбол – спорттық ойындардың бір түрі. Ал, барлық спорт ойындары аралас типті жылдамдық күш қимылдармен сипатталады. Ациклдық қимыл қозғалыстар ойындарда басым. Көздеу қимылдарының дәлме-дәл орындалуының мұнда маңызы зор. Бұлшық ет жұмыстары спорт ойындарында динамикалық сипатта. Бірақ күш әдістерін қолданғанда еттер қысқа мерзімді статикалық ширығулар туғызады. Бұл спорт ойындарымен шұғылданушылардың күш дайындықтарына жоғары талаптар қояды.
Спорт ойындарындағы циклдық қимылдар қуаты-ауыспалы. Ойынның әрбір сәтінде ол үлкен, субмаксималды, максималдық болуы мүмкін. Ойын барысында спортшы әрекеті қысқа мерзімге үзілуі мүмкін (ойын ережесінің бұзылуы, допты жоғалту, 1 мин. үзіліс және т.б.). Жұмыс қуаты төмендегенде және қысқа мерзімді үзілістерде, қайта қалыпқа келу процестері күшейеді. Олар көрнекті, жоғары мамандықты жүйке процестері құбылмалы спортшыларда ерекше білінеді.
Спорттық ойындар организмнің анаэробтық мүмкіндіктеріне жоғары талаптар қояды. Егерде ойын жоғары қарақанмен жүрсе организм анаэробты жағдайда жұмыс істейді, сонда ол ұзақ жүктемеге шыдай алмайды. Осыған байланысты ойын ережесі бойынша ойыншылар ауыстырылады. Спорттық мұндай түрлерінде жоғары нәтижеге жету үшін анаэробтық мүмкіндіктермен қатар, аэробтық мүмкіндіктерді де жетілдіру көзделеді.
Футбол ойыны жылдамдық, күш, ептілік және арнайы төзімділіктің дамуына септігін тигізеді. Жаттықтыратын жүктеменің өте үлкен көлемі, жалпы төзімділік қасиетінің дамуына әкеледі. Спорт ойындарымен шұғылданушылардың қимыл дағдылары алуан түрлі. Олардың күрделілігі алаңда тез қозғалу, допты айдау, беру және т.б. басқа ойын әдістерін қолданумен байланысты.
Спорт ойындарында қимыл дағдыларын автоматтандыру қажет. Ол қанша жоғары болса, спорттық әрекет сонша тиімді болады. Ойынның жеке әдістері ғана автоматтандырылып қана қоймай, тіпті күрделі компоненттері де автоматтандырылады. Кейбір жағдайларда үйренген қимылдар тиімсіз болады. Спортшының мұндай стереотипті әрекеттері туылған жағдайларға қарай өзгеріп отыруы қажет. Бұлар ерікті және еріксіз түрде экстраполяция жолымен жетіледі. Сонда жаңа қимыл формалары жасалуын қамтамасыз ететін шартты рефлекторлық байланыстар пайда болады. Дәлірек айтқанда, спорттық ойындарда стереотиптікі қимылдар тез және жеңіл өзгере алуы керек. Бұл қимыл әрекеттерін басқарушы жүйке процестері құбылмалылығының арқасында іске асады. Футболмен шұғылдану жүйке процестері құбылмалылығын жетілдіреді. Оның жанама көрсеткіші шартты қимыл реакцияларының латенттік уақытының қысқаруы. Жүйке процестерінің құбылмалылығы тек қана қимыл құрамы мен екпінділігін өзгерту үшін қажет емес, сонымен қатар тыныс пен қан айналым мүшелерінің орайлас өзгерулеріне де қажет. Айтылған мүшелер жұмыс қуаты көтерілгенде қызметтерін тез көтеріп төмендегенде тез қалпына келуі шарт. Ойын қимылдардың тез, үйлесімді және дәл болуын талап етеді. Сондықтан көру мен есту мүшелерінен, ойыншылар мен доптың, өз денесінің қалпы мен бұлшық еттерінің күйі туралы, вестибуляр және қимыл талдырғыштарынан келетін ақпараттар айқын және қажетті уақытта келуі шарт.
Футбол ойыны қимыл аппаратына арнайы талаптар қояды. Ойынша дайындығында еттер күшінің «жарылысты» қасиетін жетілдіруді, «секіргіштік» төзімділікті, сөрелік екпін жылдамдығын, жылдамдық төзімділікті қамтамасыз ететін жаттығулар көзделеді. Арнайы күш дайындығы бұлшық еттердің гипертрофиясына әкеледі. Бірақ гипертрофия олардың жылдамдық қасиетін төмендетпеуі керек.
Футбол командалық ойын. Сондықтан ойыншылар арасында өзара түсіністікті, команда мүшелерінің қарым – қатынас жасау үйлесімділігін талап етеді. Ойыншылар санының көптігі мен ойын алаңының көлемі уақыт пен кеңістікті таңдауда белгісіздікке әкеледі. Қазіргі заманғы футболда ойынның қиыншылығына жоғарғы қарқындылықпен қоса уақыт тапшылығын атайды. Осының барлығы тек дене жүктемесінің артуын ғана емес, эмоционалдық және психологиялық қысым орын алуына себеп болады.
Қазіргі заманғы футболда спортшылардың функционалдық дайындық деңгейіне қатал талап қойылған. Футболшыларды дайындаудағы атеизмге жоғары мән берілгендіктен, ойын барысындағы қарсыластарымен допқа таласудағы қаталдық –ойыншылардың қателесуіне жол бермейді. Футболшыларды функционалдық дайындаудың жоғары деңгейі көптеген ойын әрекетерін, ойын барысындағы қарқындылықты, жұмыс қабілеттілігін матч бойы сақтауды қажет етеді. (В. Пшибыльский, Г. Лисенчук, 1999, А.В. Петухов 2006, З.Г. Орджоникидзе, 2007).
Соған байланысты дайындық кезінде спортшылардың денсаулығын нығайтатын, спорттық шеберлікті қалыптастыратын әдіс-тәсілдерді анықтау қажет. Сондай-ақ жаттықтырушы оқу-жаттығу үрдісін құруда белсенділік танытып, футболшылардың денсаулығы мен жеке ерекшеліктерін ескеруі тиіс.
Бақылаудың дәрігерлік – физиологиялық әдісі спортшының жұмыс қабілеттілігін, ағзасы мен жүйесінің функционалдық мүмкіндіктерін, дайындық кезіндегі жүктеменің көлемін, кезеңдерін. Сондай-ақ спортшы ағзасының дайындықтан кейін қалпына келтіру үрдісін анықтауға мүмкіндік береді. Осы ақпаратты қолдану футболшылардың ойын алаңындағы іс әрекетін қарқынды басқару мүмкіндігін кеңітеді.
Футбол ойынының басқа ойын түрлерін қарағандағы ерекшелігі – спорттық іс әрекеттің барлық компонентін қамтуы. Психикалық (ойын барысындағы жағдайдың өзгеруін байланысты әдіс-тәсілді өзгерту, жылдам шешім қабылдау), нейродинамикалық (жылдамдық пен қозғыштық деңгейінің артуы), энергетикалық (ағза өнімділігінің аэробты және анаэробты түрі), қимыл-қозғалыстық (жылдамдық пен күш сапасы, дәлдік, ұшқырлық сондай-ақ вегативтік реттеу қысымы болып табылады.
Футбол ойынымен шұғылдануды физиологиялық тұрғыдан ғылыми негіздеу перспективасы қазіргі әлеуметтік жағдайға байланысты жасөспірімдер мен жеткіншектердің денсаулығын нығайту тұрғысынан теориялық және тәжірибелік жағынан алғанда да өзекті саналады. Осы мәселені шешу футболшылар дайындауда дарынды балаларды іріктеуге, үлкен футболға арнайы дайындауға мүмкіндік жасайды.
Футболшы үшін қимыл аппаратының арнайы дайындығы аса қажет. Олардың жұмысы жылдамдық күш сипаттағы жұмыс болып табылады. Ойын алаңының көлемділігі, соған байланысты көп жүгіру, ойынның ұзақтығы бұлшық еттердің анаэробты аэробты талаптарда жұмыс істеуге жақсы бейімделуін талап етеді.
Футболшының қимыл-әрекетінің тиімділігін арттыруда көптеген рецепторлардан түсетін ақпараттың маңызы зор. Көру ауданы мен тепе-теңдік анализаторларының функционалдық күйі төм егенде жоғары спорт түрлеріне қол жеткізу мүмкін емес.
Футбол ойыны кезінде тез жүгірудің маңызы зор. Аз демалып, көп жүгіру ағзаның анаэробтық мүмкіншіліктерін дамытады. Ойын кезінде футболшы орта есеппен 5-8 км жүгіреді. Оттегін тұтынудың максималдық шегі 62.5 мл/ мин/ кг тең болады.
Тыныштық кезінде футболшының жүрегі минутына 48-54 рет соқса, ойынның алғашқы минутында 160-170 рет / мин көтеріліп, содан кейін 160/180 рет / мин деңгейінде тұрақталып қалады, ойынның кейбір сәттерінде 200 рет / мин жетеді. Ойын суық ауа-райы кезінде немесе жаңбыр жауып тұрғанда өтетін болса, зәрде ақуыз пайда болады.
Футбол ойыны доп ойындарының ең бір тамаша түрі. Ол үлкен адамдардың, жасөспірім балалардың барлығы барынша қызығатын спорттың бір түрі. Ол адамның денесін шынықтыруда, дене қуаты қасиетін жетілдіруде, адамның күш қайратын асыруда, жігерін шыңдауда, басқалармен өзара силастық, өзара селбестік қатынастарын дамытуда ерекше рол ойнайды.
Біз осындай бір тамаша дене тәрбие ойынының онан ары кемелдене, толықтана түсетініне, қоғамдағы тәрбиелік маңызының онан ары жоғарлап, тіпті де жоғары сатыға көтеріле беретіндігіне кәміл сенеміз.
ӘДЕБИЕТТЕР
- Мельников В.Л. Физиологические основы физического воспитания. – Алматы, 1993.
- Смаил Н.Н. Спорт физиологиясы. – Талдықорған, 2007.
- Смаил Н.Н. Адам физиологиясы. – Талдықорған, 2007.
- Садыканова Г.Е. Дене тәрбиесі мен спорт түрлерінің физиологиялық негіздері. Оқу құралы. – Өскемен, 2011.
- Смирнов В.М., Дубровский В.И. Физиология физического воспитания и спорта. – М., 2002.
- Чумаков П.А. Спортивные и подвижные игры. – М., 1999.
- Гринкевич А.К. Спортивные и подвижные игры. – М., 1970. – С. 388.
- Уанбаев Е.Қ, Уанбаева Ф.Ж. Дене мәдениеті және спорттың теориясы мен әдістемесі.Өскемен., С. Аманжолов атындағы ШҚМУ баспасы, 2006.