“Әлеуметтік қорғау“ түсінігі отандық әдебиетте 90 жылдардың басында пайда болды. Бастапқыда бұл түсініктің мағынасы халықтың кейбір санаттарына атаулы әлеуметтік көмек көрсету деп танылды. “Әлеуметтік қорғау“ түсінігі көбінесе саясаттық мақсатта қолданылып, қоғамдағы нақты мемлекеттің қабылдаған әлеуметтікэкономикалық шешімдеріне сай келмеді. Шет ел сөзінің “social security” аударымы әлеуметтік қорғау емес, әлеуметтік қауіпсіздік деп анықталады.
1980-1990 жылдар аралығында “әлеуметтік қорғау“ түсінігі “әлеуметтік сақтандыру” мен “әлеуметтік қамсыздандыру“ түсінігі ретіне қарастырылып, әлеуметтік, экономикалық өзгерістердің зиянды зардабынан қорғау шаралары деп анықталған. Дегенмен, 90-жылдары бұл түсініктің мағынасы одан әрі қарай дамытылып, оның маңызы өмір деңгейі мен сапасын бір қалыпты ұстау саясатының әдістері мен түрлері деп танылды.
Ресей профессоры М.Г. Назаров «әлеуметтік қорғау әлеуметтік топтарға ең төменгі күнкөріс деңгейін қамтамасыз ететін экономикалық, құқықтық, әлеуметтік кепілдіктердің заң жүзінде бекітілген тәртібі, әдістері, нысандары деген анықтама берген [1].
Қазіргі жағдайда “әлеуметтік қорғау“ категориясының мазмұны әлі де түсініксіз болып тұр. Бұл мәселеге арналған әдебиеттерде кейбір авторлар әлеуметтік қорғау деп мұқтаж топтарды қамтамасыз ететін мемлекеттік қызмет деп қарастырса, басқалары адамның арнайы өмір деңгейін қамтамасыз ететін кепілдік жүйесі деп атайды. Үшіншілері өз азаматтарына материалдық көмек ретінде қоғамның қолданатын нысандары мен әдістерінің жиынтығы деп қарастырады. Өте жиі кездесетін түсініксің бірі “әлеуметтік қорғау“ категория ретінде халықты әлеуметтік қорғаудың нысандарын, мазмұнын, жиынтығын топтастырады.
Әлеуметтік саясатпен айналысатын көптеген авторлар “әлеуметтік қорғау“ категориясына түсінік бермей “әлеуметтік қамсыздандыру” мен “әлеуметтік сақтандыру» төңірегінде ізденістер жасаған. Басқа кейбір авторлар “әлеуметтік қорғау“ категориясының орнына жаңа “әлеуметтік амортизаторлар” деген ұғымды енгізіп, “әлеуметтік амортизаторлар” экономикалық және тиімділік қағидаттарының қайшылықтарын шешу механизмі деп қарастырады.
“Әлеуметтік қорғау“ категориясының мазмұнысының әр-қилылығы оны зерттеу тарихының ойдағыдай дамымағанымен және әлеуметтік қиыншылықтардың үдерістеріне де байланысты болып отыр.
Әлеуметтік қорғау категориясының мазмұнын айқындауда көптеген ғылыми көзқарастар бар.
Қазіргі жағдайда мүгедектерді, жетімдерді қорғайтын секторалдық, аймақтық бағдарламалардың әртүрлі нысандары жүзеге асырылады. Қаржыландыру көздері әлеуметтік трансферттердің түріне, бюджет көлеміне және жұмыс берушілердің қаржылық мүмкіндіктеріне байланысты. Мысалы, отбасыларына берілетін мемлекеттік жәрдемақы жүйесін қамтамасыз ету үшін республикалық бюджет, жергілікті бюджеттер, әлеуметтік сақтандыру қаржылары, кәсіпорынның қаржылары қолданылады.
Әлеуметтік қорғаудың құқықтық нұсқаулық жағынан қамтамасыз етілмеуі де қосымша қиындықтарды туғызады. Қазіргі жағдайда әлеуметтік қорғаудың кейбір элементтерінің ресми мәртебесі анықталып келе жатыр. 2003 жылдан бастап қабылданған “Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру туралы” Заң бірінші рет биліктің “әлеуметтік сақтандыруды” айқындаудағы көзқарасын білдіре бастады.
Ерікті әлеуметтік сақтандыру сияқты әлеуметтік қорғаудың түрлері мемлекеттік заңдық құжаттарда тек қана арнайы сұрақтарды шешуде қолданылады, мысалы, мемлекеттік емес зейнетақы қорлары бойынша немесе зейнеткерлерге қызмет көрсету барысында.
Шет елдерде “әлеуметтік қорғау“ категориясын зерттеудің ұзақ тарихы бар. Бірінші рет “social security” (әлеуметтік қауіпсіздік) деген термин 1935 жылы АҚШта Ф.Д. Рузвельттің “жаңа курс” саясаты ауқымында әлеуметтік бағдарламаларды дайындау барысында енгізілді. 1940 жылдары оны Халықаралық еңбек ұйымы конвенциялардың негізіне, әлеуметтік қорғаудың мәселелерін талқылауда қолданды. Халықаралық еңбек ұйымының зерттеулерінің арқасында “social security” (әлеуметтік қауіпсіздік) кең ауқымда қолданыла бастады және бұл ұйымның зерттеген әлеуметтік стандарттары осы күнге дейін өзектілігін жойған жоқ. 1939 жылғы № 67 конвенцияның деректеріне сүйенсек, “social security” (әлеуметтік қауіпсіздік) термині қолданылмай тұрғанда ”income maintenance” (“табысты қолдау”), деген ұғым барлық құжаттарда қолданылды.
”Income maintenance” (“табысты қолдау”), деген ұғымды қолдану сол кездегі халықты әлеуметтік қорғаудың мақсаттарына сай келді, өйткені,өмір сүрудегі ең қажетті қаржылар тек қана жеке табыстар арқылы қамтамасыз етілді. Халықаралық еңбек ұйымының 1920-1930 жылдары қабылдаған тұжырымдамасына бұл түсінік сай келетін, өйткені “әлеуметтік сақтандыру” деп,халықтың қоғамдық еңбек процесіне қатыспаған топтарын қорғау шараларын жатқызатын.
Дегенмен, соғыстан кейінгі демократиялық өзгерістер,экономиканың өсуі, халықтың өмір сүру деңгейі өскен сайын қоғамдық өмірде гуманизациялық процестер күшейді. Осы факторлар әлеуметтік қорғаудың нысандары мен әдістерінің дамуына жағдай жасады, сондықтан жаңа “social security” (әлеуметтік қауіпсіздік) тұжырымдама дайындалды.
Халықаралық еңбек ұйымының анықтамасы бойынша “social security” (әлеуметтік қауіпсіздік) – қоғамның өз мүшелеріне мүгедектіктен аурудың салдарынан, жұмыссыздықтан айлықтың төмендеуіне байланысты пайда болатын экономикалық және әлеуметтік апаттардан қорғаудың шаралар жиынтығы. Осыдан көріп отырғанымыздай, бұл терминнің негізгі мазмұны “security” (қауіпсіздік) емес “қорғау”(protection) болып отыр [3].
П.Д. Павленок әлеуметтік қорғауды «қоғамның әр түрлі құрылымдары жүргізетін өмір сүрудің ең төменгі стандарттарын қамтамасыз ететін шаралар жиынтығы» ретінде қарастырады[2].
Айта кету қажет, Еуропа елдері Халықаралық еңбек ұйымының терминологиясын толығымен қабылдады, ол 1965 жылы қабылданған Әлеуметтік Хартиядада, 1968 жылғы “Әлеуметтік қамсыздандыру туралы Еуропалық Кодексте, 1991 жылғы “Әлеуметтік саясат туралы хаттамада да және басқа Еуроодақтың құжаттарында қолданылды.
“Social security” (әлеуметтік қауіпсіздік) терминімен бірге Еуропада “social қорғау” (protection) жиі-жиі қолданыла бастады. Мысалы, Еуропа комиссиясының осы сұрақтар бойынша коммюникесі 12.03.1997 жылғы “Әлеуметтік қорғауды” (protection) жақсарту және модернизациялау деп атады.
«Қауіпсіздік» пен “қорғау” деген түсініктердің арасында айырмашылық бар. Шет елдердің даму барысындағы дағдарыстары халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің көлемін төмендету мен оны ұйымдастырудың тиімділігін арттыруды қажет етеді. Жалпылама әлеуметтік қауіпсіздіктен бас тартып, халықты еңбекке баулуға, жұмыспен қамтуға көшу қажет болды.
Егер Халықаралық еңбек ұйымы әлеуметтік қауіпсіздіктің басты мақсаты ынтымақтастық қағидаты негізінде халықтың барлық тобын толық және әмбебап нысандармен қорғау” деп таныса, Еуроодақ әлеуметтік қорғауды “жұмыспен қамтуға жағдай жасау” деп түсіндіреді.
Осындай үрдіс АҚШ-та байқалып отыр, бұл елде 1990 жылдардағы әлеуметтік бағдарламалардың негізіне әлеуметтік жәрдемақы алушылардың санын қысқарту мен еңбек етіп алған табыстар көзін ұлғайту жатқызылған.
Терминологияның даму процесіне халықты әлеуметтік қолдаудың және оның мемлекеттің қаржылық жағдайына сай келу ерекшеліктері әсер етті.
Айта кету қажет, халықаралық және әлеуметтік бағдарламалар шеңберіндегі әлеуметтік бағдарламаларды дайындау барысында әлеуметтік қорғаудың сұрақтары көбінесе теориялық емес, нұсқамалық мазмұнға ие.
1970-1980 жылдары халықты әлеуметтік қорғау жүйесін қаржымен қамтамасыз ету мәселелері ең көп ғылыми қызығушылық танытты. Осы жылдары әлеуметтік саясаттың мәселелері берекелі мемлекет” “welfare state” теориясының негізгі элементі ретінде қарастырылды.ХХ ғасырда батыстың өнеркәсібі дамыған елдерінде мемлекеттен адамдар үшін әлауқат стандарттарын талап ететін тұжырымдамалар мен доктриналар кеңінен тарай бастады. Әсіресе теория мен тәжірибеде “берекелі мемлекет” “welfare state” деген ұғым, яғни ауқымдық әлеуметтік шараларды, ең алдымен әлеуметтік қамсыздандыру шараларын жүзеге асыратын мемлекет деген ұғым қалыптасты.
ЖІӨ-нің құрылымында әлеуметтік шығындар көбейе түсті, осы көрсеткішті экономистер “берекелі мемлекет” теориясының негізі деп санады.
Бірақ кейіннен,экономикасы дамыған елдерде мемлекеттік әлеуметтік шығындардың ұлғаюмен қатар жұмыссыздық, өмір деңгейінің төмендеуі, инфляцияның өсуі пайда болды. Бұл “берекелі мемлекет” теориясының дағдарысына әкеліп соқты. Ғалымдар экономика мен әлеуметтік сфераның ара-қатынасын зерттей бастады. Көптеген елдерде “берекелі мемлекет” теориясының қағидаттарына қайшы келетін әлеуметтік бағдарламаларды өзгерту шаралары іске асырылды, бұл саясаттық мәселелерге әкеп соқты.
Осы күнге дейін әлеуметтік қорғаудың теориялық сұрақтары ағылшын ғалымы, мемлекеттік қайраткер У. Беверидждің 1942 жылғы шығарған ғылыми ізденістеріне сүйенеді. Бұл ғылыми жұмыс 1930-1940 жылдары Дж.М. Кейнс дәлелдеген нарықты мемлекеттік реттеу мен либералдық коллективизм идеологиясы негізінде жазылған. Егер Дж. М. Кейнсті нарықты реттеу экономикасының архитекторы деп атаса, У. Бевериджді рынокты әлеуметтік реттеудің архитекторы деп атайды.
У. Беверидждің әлеуметтік қорғау тұжырымдамасы 3 қағидаттар тұрады:
- әлеуметтік қорғауды ұйымдастыру тек қана жалпы әлеуметтік прогресстің негізгі бөлігі деп қаралады;
- әлеуметтік қорғау мемлекет пен жеке индивидтің кооперациясы арқылы ұйымдастырылуы қажет, бұл жағдайда мемлекет ең төменгі кепілдіктерді қамтамасыз етеді, ал қосымша қамсыздандыру жеке тұлғаның үлесі арқылы жүргізіледі;
- әлеуметтік қорғаудың негізгі әдісі ретінде әлеуметтік сақтандыру іске асырылады. Бұл жағдайда мемлекет үш шартты орындау қажет:балалар жәрдемақысы арқылы балаларға тәрбие беруде біркелкі жағдай жасау, жалпыға бірдей медициналық қызмет көрсету мен жалпылай жұмыссыздыққа жол бермеу.
У. Беверидж бірінші рет әлеуметтік қорғаудың үш сатылық жүйесін дәлелдеп, зерттеді. Оларға міндетті әлеуметтік сақтандыру, мемлекеттік әлеуметтік көмек, ерікті сақтандыру жатады.
Бұл ұсынылған модель нағыз прогресивті модель болды, бірақ ол да кемшіліктерден кенде емес еді.
Біріншіден, одан балаларға берілетін жәрдемақылар, медициналық қызметке арналған шығындар шығарылып тасталды. Бұл түрлер барлық азаматтарға біркелкі жағдайда берілетін көмекке жатқызылды.
Екіншіден, У. Беверидждің әр әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға төленетін жарнаның бірдей сомада болуы және ең төменгі әлеуметтік сақтандырудың бәріне бірдей көрсетілуі сақтандырудың негізгі қағидаттарының бірі жұмыс қабілетін жоғалтқан жағдайда орта және жоғары табыс алатын қызметкерлердің табыстарын жалақы арқылы өтеу толығымен қамтамасыз етіле алмады.
Үшіншіден, жұмыссыздық кезінде әлеуметтік қорғауды жәрдемақы төлеу арқылы шектеу және мемлекет тарапынан жұмыспен қамту жұмыссыздық қазіргі жағдайда экономиканың негізгі атрибуты болып тұрғанда утопия ретінде көрінді.
Шет ел тәжірибесінен көріп отырғанымыздай, әлеуметтік қорғаудың бұл түрлері әлеуметтік қорғау жүйесіне жатқызылды және зейнетақы мен табыс жоғалтқан жағдайда берілетін жәрдемақылар бекітілген көздер арқылы қаржыландырылды.
У. Беверидж бірінші болып әлеуметтік қорғаудың анықтамасын оның тікелей атқаратын қызметі – жоғалтқан жалақыны өтеу арқылы айқындады. Оның көзқарасы бойынша әлеуметтік қорғау жұмыссыздық кезінде, ауырған кезде, бақытсыз жағдайларға душар болған кезде, қартайғанда зейнетақымен қамтамасыз етуде, асыраушысынан айырылған жағдайда айлықтың орнына, адамның тууына, некеге тұруына байланысты шығындарын өтеуде берілетін төлемақы. У. Беверидж бұл қорғаудың көлемі үлкен болмауы керек екендігін және адамның тезірек жұмысқа шығуына ынталандыруын қажет деп санайды.
Бірақ соңғы жылдары әлеуметтік – экономикалық өсуге байланысты, азаматтардың әлеуметтік құқы мен еркіндігінің нығайтуына байланысты әлеуметтік қорғаудың мазмұнын айқындау тәсілдері өзгере бастады. Бірінші кездері әлеуметтік қорғаудың негізгі мақсаты жоғалтқан еңбек ақыны өтеу болса, кейіннен табыстың көлемін ұстап тұру, “әлеуметтік стандарттар» негізінде қоғамдық жұмысқа қатысуына қарай кедейшіліктің алдын алу шараларымен ұлғая бастады. Ұлттық байлықты бөлуде ынтымақтастық қағидаты негізге алынып, әлеуметтік қорғау жүйесінің негізгі мақсаты табыстарды қайта бөлу және ол әлеуметтік тәуекелдікті бөлумен байланысты емес, бай халық топтары мен кедей топтарының табыстарын бөлу деп қарастырылды.
Әлеуметтік қорғаудың тұжырымдамасын іске асыруда адамның қаржылық қатысуы міндеті өзгертіліп, ”барлық азаматтарға жарналарының көлеміне, еңбекке қатысу өтіліне қарамастан базалық әлеуметтік көмек көрсету” деп танылды.
Әлеуметтік қорғау жүйесі “берекелі мемлекеттің” негізгі атрибуты, ал кейбір жағдайларда анықтама парадигмасы деп саналады.Мысалы, американдық экономист Е.Д. Берковиц “берекелі мемлекет” деп үкімет барлық азаматтарын қорғауға кепілдік береді және олар еңбек етпін табыс табуға, инвестиция жасаудан гөрі осы кепілдікке бейімделеді деп санайды [1].
1970 жылғы дағдарыстан кейін экономика деңгейінің төмендеуіне байланысты әлеуметтік қорғауға деген көзқарас біршама өзгерді, бірақ оның жалпы мазмұны – халықтың өмірін қалыпты деңгей де ұстап тұру өзгерген жоқ.
Ең көп тараған көзқарас ол әлеуметтік қорғауға көп бағыттылық ұйымдық қаржылық құрылым негізінде кешендік жүйе ретінде қарау. Оның ішіне мемлекеттік трансферттерден бастап ерікті корпоративтік немесе жеке сақтандыру жүйелері енеді. Айта кету қажет, ерікті корпоративтік немесе жеке сақтандыру жүйелері мемлекеттік бюджеттің тапшылығының өсуіне, экономикаға салық ауыртпалығының жоғарылауына байланысты әлеуметтік қорғау жүйесінің негізгі компоненттері деп саналып отыр. Кейбір экономистер мемлекеттік міндетті әлеуметтік қорғау жүйесін толығымен ерікті жүйеге ауыстыру қажет деп санайды. Қазіргі жағдайда халықтың қартаюына, медициналық қызметтің бағасының өсуіне байланысты зейнетақымен және ақысыз медицинамен қамтамасыз ету үлкен мәселеге арналып отыр. Әлеуметтік қорғаудың жалпыға бірдей қорғау қағидаттары сынға түсті, мұқтаждарды атаулы жәрдемақы арқылы қорғау альтернатива ретінде қаралады.
Жоғарыда айтылған ұсыныстар батыс елдерінің, американдық экономистердің көзқарастарын көрсетеді. Жапонияның Халықты зерттеу Ұлттық институтының экономистерінің көзқарасы бойынша қазіргі жағдайда тәуекелдікті бөлу емес, табысты қайта бөлуді қамтамасыз ететін әлеуметтік қорғау жүйесі қажет деп санайды. Олардың айтуынша, тарихи жағдайда әлеуметтік қорғау екі модельден тұрады: әлеуметтік сақтандыру және әлеуметтік қамсыздандыру.
Әлеуметтік сақтандыру тәуекелдікті бөлуді қамтамасыз етсе, әлеуметтік қамсыздандыру халықтың арасында табысты бөлуді қамтамасыз етеді. Тәуекелдіктердің әрқилылығына байланысты және негізгі әлеуметтік тәуекелдіктің өте аз табыс табу тәуекелдігіне айналғандығына байланысты тәуекелдік пен табыстың арасындағы айырмашылық жоғалады. Жапонияның әлеуметтік қорғау Комитеті өзінің ұсыныстарында “қазір әлеуметтік қорғау жүйесі өмір сүруге кепілдік берсе, келешекте тұрмыс салтының әр түрлі деңгейін таңдауға мүмкіндік береді”деп көрсетеді.
Мұндай әлеуметтік прогрессивтік көзқарас нақты экономикалық базисті қажет етеді. Соңғы үш онжылдықта Жапонияның экономикасы өте жоғары тиімділікпен, қалыпты дамып келе жатыр, ал әлеуметтік дамуға арналған шығындары басқа елдерге қарағанда өсіп отыр.
Еуропа елдерінің экономикалық жағдайы, керісінше, экономикаға түскен әлеуметтік ауыртпалықты қысқартуға мәжбүр болып отыр, әлеуметтік бағдарламаларды еңбек етуге, өзін-өзі қамтамасыз етуге бағыттап қайта өзгертіп отыр. Ұлыбританияның әлеуметтік қорғау жүйесін реформалауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалары көрсетіп отырғандай, “бұл жүйе адамдардың айлықтары мен қорлану қорларының азаюына емес, көбеюіне ықпал жасауы қажет”деп санайды.
Шет елдердегі әлеуметтік қорғау категориясының түсініктерін талдай келіп, мынадай қорытынды жасауға болады. Біріншіден, әлеуметтік қорғау саясаттық мазмұнға ие, екіншіден,әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты ылғи да өзгеріп отырады.
Әлеуметтік қорғауды анықтаудағы көптеген көзқарастардың ішінде екі негізгі бөлігін көрсеткен жөн. Оларға классикалық және кеңейтілген немесе ұлғайтылған тәсілдемелер жатады. Классикалық (дәстүрлі) көзқарас бойынша әлеуметтік қорғау белгілі бір жағдайларда түрлеріне қарай шектеліп, табысты жоғалтқан жағдайда ең төменгі қажеттіліктерді қамтамасыз ететін шараларды жатқызады.
Кеңейтілген немесе ұлғайтылған көзқарас бойынша әлеуметтік қорғау “берекелі мемлекет” теориясы негізінде анықталып, барлық азаматтарға бірдей жеке табыстарына қарамай, қоғамдық жұмысқа қатысуына қарамай қалыпты деңгейде тіршілікті қамтамасыз ету шаралары жатады.
Әлеуметтік қорғаудың түсінігін зерттеу барысында дәстүрлі көзқарасты негізге алу қажет, өйткені адамның өсіп-өнуі тәуекелдік мазмұнға ие болуда.
Қазіргі жағдайда мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру мен әлеуметтік қамсыздандыру халықты әлеуметтік қорғау жүйесінде өз орнын алды. Ұзақ даму эволюция негізінде әлеуметтік тұрақтылық пен әділеттікті қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік көмектің негізгі саналудан түрлері қалыптасты. Оларға біріншіден, бүкіл азаматтарды ең төменгі көлемде табыспен қамтамасыз ету шығындары, екіншіден, балаларға берілетін жәрдемақы, бала туу жағдайында жанұялардың табысын төмендетпеу мақсатында берілетін жәрдемақылар, үшіншіден, әлеуметтік сақтандыру құқтары жоқ азаматтарға мүгедектерге, жетімдерге, жұмыс істемейтіндер берілетін жәрдемақылар, төртіншіден, халықтың кейбір медициналық көмек қажет ететін санаттарына берілетін натуралдық түрдегі жәрдемақылар жатады [4].
Әлеуметтік –экономикалық прогресс даму барысында мемлекеттік әлеуметтік қамсыздандырудың құрылымдық жүйесінде кедейлерге берілетін мемлекеттік жәрдемақылардан гөрі балалар мен жұмыс істеу қабілеттері жоқ адамдарға берілетін жәрдемақылар басым болуы шарт.
Әлеуметтік қорғау деп қоғамдық дамудың нақты жағдайларына сәйкес азаматтарға қалыпты тіршілік әрекетінің кепілдікті деңгейін қамтамасыз етуге арналған басымдықтардың және оларды мемлекеттік және басқадай институттар арқылы жүзеге асыру механизмдерінің жүйесін айтады. Бұл деңгей қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуының ахуалына, жалпы ішкі өнімнің мөлшерлеріне қолданылатын ұлттық байлыққа және оларды бөлудің сипатына, жүйені іске асыру механизмдерінің жұмыс тиімділігіне байланысты болады.
Әлеуметтік қорғаудың қаржылық тұлғалануы арнаулы ақша қорларын қалыптастырумен және пайдаланумен байланысты қайта бөлгіштік қатынастарда көрініп, білінеді, бұл қорлардан халыққа әр түрлі әлеуметтік төлемақылар беріледі. Азаматтарды әлеуметтік қорғау белгіленген құқықтық актілерге сәйкес, мөлшерлі жұмыс істеу жағдайында емес және ол егер жеткілікті қаржылық негіз (қаржылық ресурстар) болмаса және соған сәйкес қамтамасыз етілмесе, тек қағаз жүзінде қалып қояды. Қаржы теориясына сәйкес, әлеуметтік қорғау деп қоғамдық дамудың нақтылы жағдайларына сәйкес азаматтарға қалыпты тіршілік әрекетінің кепілдікті деңгейін қамтамасыз етуге арналған басымдықтардың және оларды мемлекеттік және басқа да институттар арқылы жүзеге асыру механизмдерінің жүйесін айтады.
Біздің ойымызша халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің негізі сол қоғамда қалыптасқан әлеуметтік стандарттардың кепілдігін қамтамасыз ететін механизмдер жиынтығы.
Біздің ойымызша, мемлекеттің әлеуметтік қорғауға арналған бағдарламаларының макродеңгейде жеке салымдарға тигізетін ықпалы шамалы. Өйткені, біріншіден, салық түрінде немесе әлеуметтік қорғауға арналған жарналар ретінде табыстан алынатын қаржылар ең төменгі күнкөріс деңгейін қамтамасыз етуге және адамның ұдайы өсіп-өнуіне жұмсалады. Әлеуметтік қорғау жүйесі болмаса мемлекет басқа нысандар түрінде бәрібір қаражаттар қорын құруға мәжбүр болатын еді.
Арнаулы қаржылық құралдар мен тетіктерге жататындары: зейнетақылар және зейнетақылық жүйе, жәрдемақылар, төлемақылар мен жеңілдіктер, мақсатты салықтар мен салықсыз табыстар, әлеуметтік қамтамасыздандыру мен әлеуметтік сақтандыру әдістері, әлеуметтік қорғауды қаржыландыру мен кредиттеу, жеке тұлғалық шоттар мен жинақталған капитал және төлемақы нысаны және т.б.
Халықты әлеуметтік қорғау жүйесін қаржыландыруды тар және кең көзқараста қарастыру қажет. Тар көзқараста ол қаржылардың орындалуының өзінің бірінші атқарымдарымен байланысты түсіндіріледі, яғни әлеуметтік қорғау саласындағы көпшілік – құқықтық және жеке – құқықтық табыстарының құрылу үдерісіне қызмет етеді немесе қаржылық ресурстарды табыстар нысандары мен басқа да ақшалай түсімдерге жұмылдырады.
Мысалы, Қазақстандағы Зейнетақыны қорғау институты өзіне мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорын, мемлекеттік емес зейнетақы қорын және оларды ұйымдық құрылымдық басқаруын кіріктіреді, ал сондай – ақ міндетті және өз еріктілігімен зейнетақылық қамтамасыздандыру мен сақтандыруды, ақшалар ағынының қозғалысына бақылау жүргізетін органдарын, қаржылық құқықтық қамсыздандыру және тағы басқа жүйелерді кіріктіреді. Әлеуметтік қорғаудың атаулы қаржылық институттары халықты әлеуметтік қорғау саласында мақсат пен міндетті жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Олар жоспарлау мен бағаны жүзеге асырады және қаржылық құралдардың (табыстар мен түсімдердің) қажетті көздерін, қаржылық ресурстарды шоғырландырады, қаржыландыру үдерістерін ұйымдастырады және тәсілдерін анықтайды, сонымен бірге шығыстарды қаржыландырады, операциялардың заңдылығына және қаржылардың тиімді пайдаланылуына бақылау жүргізеді, басқа да функцияларды орындайды.
Қазіргі кезде Қазақстан халқын әлеуметтік қорғау жүйесі негізгі екі элементтен тұрады: әлеуметтік төлемдер және әлеуметтік қызметтер көрсету.
Әлеуметтік төлемдер әлеуметтік қамсыздандыру мен әлеуметтік көмекті қамтиды.
Әлеуметтік қамсыздандыруға зейнетақылар және мемлекеттік жәрдемақыларды төлеу жатады.
Әлеуметтік көмекке адресті атаулы көмектер, тұрғын үйге берілетін көмек, бала туылғанда берілетін бір жолғы төлемдер жатады.
Әлеуметтік қызмет көрсетулерге протездік-ортопедиялық бұйымдармен қамтамасыз ету, дәрігерлік-әлеуметтік мекемелерде қызмет көрсету, үйде әлеуметтік қызмет көрсетулер жатады. Әлеуметтік қорғауды қаржыландыру жүйесінің қазіргі институционалдық үлгілері мынандай қаржылық институттардың қызметі арқылы жүзеге асырылады:
- мемлекеттік міндетті зейнетақылық қамсыздандыру;
- мемлекеттік медициналық қорғауды қамтамасыз ету ;
- радияциялық, техногендік,табиғи және басқа да апаттардан зардап шеккен азаматтарды жәрдемақылармен мемлекет тарапынан қамтамасыз ету;
- жұмыссыздарды мемлекеттік қамсыздандыру (сақтандыру) ;
- жұмыскерлерді мемлекеттік міндетті әлеуметтік сақтандыру (уақытша еңбекке қабілетсіз жағдайларда зейнетақылық, сондай – ақ екі қабат және босанған кездерінде, өндірісте бақытсыздық жағдайлардан және кәсіптік аурулар, жерлеуге қосымша шығындар тәуекелдері және т.б;
- аз қамтамасыз етілген отбасыларына (тұлғаларға) мемлекеттік әлеуметтік көмек (мұқтаж азаматтарға) көрсету;
- мемлекеттік әлеуметтік жеңілдіктер беру;
- мемлекеттік емес (корпоративтік) ерікті зейнетақылық сақтандыру;
- мемлекеттік емес (корпоративтік) ерікті әлеуметтік сақтандыру;
- кәсіпорындардың (корпорациялардың) өз жұмыскерлерін әлеуметтік ерікті және міндетті сақтандыруы.
Қазақстанда жоғарыда көрсетілген 7 10 тармақшаларында көрсетілген халықты әлеуметтік қорғаудың түрлері толық дамымаған. Ол өзінің қалыптасу және даму жолында көптеген қиыншылықтардан өтті. Осы салаларда қазіргі кезеңде шешілмеген проблемалар аз емес.
Отандық жағымсыз және жағымды тәжірибелерді дұрыс бағалау халықты әлеуметтік қорғауды қаржыландырудағы басымдылықтарды анықтау үшін қажет.
Әлеуметтік қорғаудың мақсаты халықты ұдайы өндірудегі тәуекелдіктің залалдарының шығынын өтеу және шама келгенше шығынның мөлшерін төмендету және олардың алдын алу. Сондықтан, әлеуметтік қорғауды ұйымдастырудың нәтижесі ретінде әлеуметтік және экономикалық жағымсыз жағдайлардың қай мерзімде пайда болуына қарамастан әр адамның өмір деңгейі мен сапасы қоғамда бекітілген стандарттарға сәйкес келуі – халықтың әлеуметтік қорғалуы деңгейін көрсетеді.
Қазақстандық ғалымдар әлеуметтік қорғауды «қоғамдық дамудың нақтылы жағдайларына сәйкес азаматтарға қалыпты тіршілік әрекетінің кепілді деңгейін қамтамасыз етуге арналған басымдықтардың және оларды мемлекеттік және басқадай институттар арқылы жүзеге асыру механизмдер жүйесі» ретінде қарастырады [5]. Әлеуметтік қорғау, біздің түсінігіміз бойынша, қоғамда орын алған өмір сүру деңгейінің әлеуметтік стандарттарын әр адамға қамтамасыз етудегі әлеуметтік тәуекелдікті басқару жүйесі. Әлеуметтік қорғау –экономикалық категория ретінде әлеуметтік тәуекелдік пайда болған уақытта адамның қайта жаңғыруын қамтамасыз ету мақсатымен ұлттық табысты бөлу кезіндегі пайда болатын экономикалық қатынастар жиынтығы.
Экономиканың өсуі қоғамдық – құқықтық және жеке құқықтық табыстардың құрылуына тікелей ықпал жасайды және осы қаражаттардың халықты әлеуметтік қорғау жүйесіне бағытталуын күшейту үшін қолданылатын нысандар мен тәсілдерді ауқымды түрде қолданып, қоғам мүшелеріне тек қана өмір сүруіне кепілдік беріп қана қоймай, келешекте тұрмыс салтының әр түрлі деңгейіне қол жеткізуін қамтамасыз ететін қаржыландыру жүйесін құруға жағдай жасайды. Бұл өз ретінде еліміздің алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттердің әлеуметтік деңгейге жетуіне ықпал етеді.
ӘДЕБИЕТТЕР
- Закон Республики Казахстан «Об обязательном социальном страховании» от 25 апреля 2003 года
- "Қазақстан Республикасында мүгедектердің әлеуметтік қорғалуы туралы" Заңы, 15 қараша 2005 жыл
- "Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы" Қазақстан Республикасының заңы, 14 сәуір 2006 жыл
- "Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы" ҚР Заңы, 7 ақпан, 2006 жыл
- Қазақстан Республикасындағы халықты әлеуметтік қорғау тұжырымдамасы // Егеменді Казахстан.2001.21 тамыз
- Исахова П.Б. Состояние системы социальной защиты населения//Финансы и кредиты. 2005. №2. С. 17-18
- Арнайы мемлекеттік жәрдемақылар туралы ҚР Заңы, 5 көкек, 1999 жыл
- Балалары бар отбасына берілетін жәрдемақылар туралы ҚР Заңы, 2 қараша 2005 жыл