Дәстүр мен жаңашылдық – бүкіл дүние жүзіндегі барлық даму атаулының тетігі – философиялық проблема. Мұнсыз өсу, өрбу, өну жоқ. Дүниеде не бар, соның бәрі дамып, өзгеріп отырады. Ол бұрынғы мен бүгінгінің, көне мен жаңаның аралығындағы табиғи жалғастың құбылыстың заңдылығы, философия тілімен айтсақ, дәстүр мен жаңашылдық дейтін проблеманың қарастыратын заңдылығы.
Жаңа әдебиет ол заңды түрде халықтың бұрынғы ғасырлар бойы өзінше құралып, дамып қалыптасқан рухани өмірі мен сөз өнерінің «жаны мен тәнінен» пайда болды. Ол жаңа дүниеге әлгі сөз өнерінің небір асыл нәрі мен нұрын бойына сіңіре, дамыта келді, қабылдай игере келді. Халықтың ежелгі өмір жолында, тырбанған тіршілігінде, шытырман тағдыр талқысында тірнектеп жинаған рухани қазынасы арман – мұраты, салт – санасы, сенім – сезігі, түсінік – түйсігі қазақтың бай фольклоры мен поэзиясының терең мазмұнын қалады [1, 4].
Дәстүр мен жаңашылдық – әдеби процеске тән жалғастықты, жазу творчествосындағы халықтық үлгілер мен өзіндік соны сипат – қасиеттердің бірлігін танытатын ұғым, қалыптасып, сұрыпталған көзқарас, түсініктер, көркемдік үлгі – өрнектер, тәсілдер [2, 46].
Жаңашылдық деп кешегі күннің тәжірибесі мен жемістерін мән – мағынасы бай, дәрежелі жоғары заман талабына жауап беретін, бұрынғы – соңғының шеңберінен шығып, болашаққа кең жол ашатын аса маңызды ізденіс – әрекеттерді айтуға болады. Жаңашылдық даму нәтижесінде біраз уақыттан кейін өзі дәстүрге айналады, келесі сатыда басқа жаңашылдық туып өрбиді.
Дәстүр мен жаңашылдық диалектикалық бірлестікте болады. Оның негізі – ескі мен жаңаның жалғастығы. Дәстүр мен жаңашылдық тарихпен бірге өзгеріп отырады. Әдебиет зерттеушісі Мүсілім Базарбаев дәстүрге: «көркемөнердің тақырып ауқымы, үйреншікті сарын, өмірге қатынасы, бейнелер аумағы, идеялық бағыты, қалыптасқан көркемдік құралдарын жатқызады» [2, 49].
Жазушы М.Әуезов «Қазақтың өзіне дейінгі көркемсөз жетістіктерін, батыс пен шығыс әлемінің рухани көздерін жетік біле, меңгере отырып, қазіргі замандағы қазақ прозасы мен драматургиясының үздік үлгілерін жасады. Сөйтіп оның шығармалары тұтастай алғанда халқымыздың көркемдік мәдениетінің ХХ ғасырдағы биік жетістігі болды. Оның суреткерлік жаңашылдығы мен қалыптастырған дәстүрі барлық қазақ қаламгерлеріне белгілі дәрежеде игі ықпал жасағанын атамай өтуге болмайды дейді жазушы Ғабит Мүсірепов [3, 232].
М. Әуезов қазақ әдебиеті тарихында болмаған әрі соны, әрі керемет таңғажайып жаңа дәстүрлерді дүниеге әкелді. Қаламгерлік диапазонының кеңдігі, кең көлемді эпикалық құлашы, көркемдік палитрасының сан алуан бояуы өткен дәстүрлердің жаңаруына басты негіз болды.
Қазақ елі, қазақ әдебиеті үшін Әуезов шығармаларындағы жаңашылдық бұл – ұлы дәстүр.
- Ең алдымен ұлтымыздың төлқұжаты болып кеткен ұлттық әдеби жанр эпопеяны дүниеге әкелді.
- Фольклор негізінде ұлттық драматургияның негізін салды.
- 20-30 жылдары жазған прозалық шығармалары ұлттық әдебиетімізде жаңалықтың жаршысы болды.
Сан алуан ұлттық дәстүрді, Абай дәстүрін М. Әуезов қайта дүниеге әкеліп, жаңалап, екшелеп, саралап, түрлентіп алдымызға әкелді. Әдебиет зерттеушісі Рахманқұл Бердібаев Мұхтардың әдебиетке енгізген ұлы жаңалықтары деп төмендегі жайларға тоқталады.
Біріншіден, М. Әуезов шығармаларымен бірге қазақтың жазба прозасына терең реалистік, психологиялық сыпта әкелді. Оған дейінгі шығармаларда адамдардың әлеумет майданындағы істері, қайшылықтары ғана айтылып, характер, мінез ерекшелігі, қайталанбас даралығы ашыла бермейтін. Ол адамдардың іші мен тысын диалектикалық бірлікте көрсету дәстүрінің негізін салды.
Екіншіден, М. Әуезов туындыларында табиғат суреттері тұңғыш рет тамашалау болмай, характерді, жағдайды анықтай түсерлік жанды, қажет бөлшекке айналғанын көреміз. Оның шығармаларында туған жер, табиғаттың түрлі кезеңіне тән суреттер өрнектеліп түскен. Ол халқымыздың ең таңдаулы табиғат жыршысы.
Үшіншіден, М. Әуезовті қазақтың қазіргі жазба әдеби тілін жасаушылардың бірі ғана емес, бірегейі деп те білеміз. Оның қаламынан қазақтың сөз байлығы, сөйлеу дәстүрі өзгеше құлпырып, гүлденіп, түрленіп шығатын. Ол қаншама сөзді қайта тірілтуші, көп сөздерді жаңадан жасаушы ұста еді. Суреткердің шығармалары халқымыздың көркемдік ойлау мәдениетін шыңға көтереді [4, 173].
Қазақ елінің ғана емес, әлем әдебиетінің маңдайына біткен шоқжұлдыздардың қатарына қосылған, қазақ әдебиетіндегі ең биік тұғырға ие болған жазушы М. Әуезовті әдебиет зерттеушісі Рымғали Нұрғалиев былай бағалайды: «М. Әуезов тағдыры – бақытты тағдыр. Қазақтың ұлттық драматургиясын жасау бақыты, қазақтың тұңғыш ұлттық эпопеясын жасау бақыты, ең бастысы тұңғыш рет әлем әдебиетін қазақ халқының рухани дүниесімен жалғастыру бақыты М. Әуезовтің бақытына біткен» [5, 201].
Әдебиеттің әр саласындағы сіңірген еңбегінің өзін былай қойғанда жазушылығы проза жанрындағы ғажайып шығармаларының өзі – ақ жазушыны әлем әдебиетінің майталмандарының қатарына шығарды.
Қазақ әдебиетінде ежелден келе жатқан фольклорлық дәстүрді, ауыз әдебиеті дәстүрін жете меңгерген Мұхтар өз керегін ала білді. Жай көшіру емес, жаңа дәстүр әкелді. Тың дүниелер туғызды. Сонау Оғыз нама, Жүсіп Баласағұн, Қорқыт, қыпшақ әдебиеті, Алтын Орда дәуіріндегі әдебиет, хандық дәуіріндегі әдебиеттен бастау алған қазақ әдебиеті Абаймен үндесіп, Мұхтар шығармашылығының қайнар бастаулары болды. Осыншалықты бай мұраның бүге – шігесіне, қыр – сырына толық қаныққан адам ғана қайталанбас туындыны дүниеге әкеле алар еді. Олай болса, Мұхтар шығармаларында халық тағдырын, ұлттық танымды, ұлттық психологияны, бай тіл қазынасын толық көрсете алған. Осы тұрғыда зерттеуші Жаңғара Дәдебаев «Абай жолы» эпопеясын сөз өнерінің шырқау биігіне шығарып, оның ақындық ажарын асырған құдіретті күш екеу: бірі – М. Әуезовтің суреткерлік ұлылығы, екіншісі – ұлы Абайдың көркемдік дәстүрлері» деген ой қорытады [6, 118].
М. Әуезов бүкіл әлемдік, оның ішінде орыс және батыс әдебиеттерінің көркемдік деңгейіне көтерді. Ал сол эпопеяны айтпағанның өзінде де ол мейлінше көркем драматургиясы, повестері мен әңгімелері арқылы қазақ әдебиетінің классигі болып қала берді.
Әуезовке дейінгі қазақ әдебиетінің проза жанрындағы ешбір туынды европалық проза дәрежесіне көтеріле алмаған еді. Осы жерде С. Мұқановтың мына сөзі ойға оралады: «М. Әуезов жалпы ұлттық әдебиетке екі түрлі күрделі үлес қосты, оның бірі – проза, бірі драматургия». Беймәлім қазақ елін әлемге таныту, әдебиетімізді әлемдік дәрежеге көтеру – ұлы Мұхтардың үлесіне тиген еді [7, 110].
Халықтың көбі хат танымайтын, қазақ дейтін қараңғы, мал баққан көшпелі ел. Үйі де, киімі де, тұрмысы да, салты да алабөтен, өзгеше. Тарихи ерекше өмір сүрген, айрықша географиялық және этнографиялық жағдайы бар, дәуірленген қанаушы бай, билері мен молдалары бар, сахарада азап шеккен еңбекші адам, момын да дарынды бұқарасы бар қазақ халқы сырт көрінісінде ешкімге ұқсамайтын сияқты. Бірақ жіті суреткер сырт көрінісімен қалған жоқ, халық өмірінің тұңғиығына барды, адамның ішкі дүниесіне үңілді, адам жанының, адам характерінің әрқилы астарын сырын ашты. Сөйтсе, адам қайда да адам екен. Сырты «бөтен» қазақтың ой – пиғылында, сезімінде, арман – мұратында, бүкіл адам баласына тән қаншама ұқсастық бар дейсіз. Әуезов бейнелеген Зере, Ұлжан, Иіс пен Горький бейнелеген Каширина Ниловна сықылды аналардың аналық сезімінде; Әуезов бейнелеген Тоғжан, Керімбала, Әйгерім, Салиха, Салтанат пен Шекспир, Гете, Роллан бейнелеген Джульетта, Маргарита, Антуанетта сықылды қыздардың кіршіксіз таза махаббатында; Әуезов бейнелеген Ромеоның, Гамлеттің Фаустың, Жан Кристофтың толғанған жан тебіреністерінде ұқсастық жоқ деп кім айтады? Бұл – қазақ адамының ұлттық өзгешелігімен бірге оның бүкіл адамдық қасиет сипаттарын әлемге әйгілі ету, қазақ адамының рухани дүниесін шынайы гуманизм биігінен жер жүзіне таныту.
Қазақ эпопеясының дүниежүзілік даңқы да, Әуезов образдарының дүниежүзі әдебиеті жасаған бүкіл адамзаттың мәні бар образдар галереясынан орын алатын себебі де, міне, осыған байланысты.
М. Әуезов өзінің жан қиярлық әдеби еңбегімен ерлік жасады; қазақтың ұлы ағартушысы және ақыны Абайдың өмірі туралы эпопея жазды, патшалық қанаудың қара түнек қапас жылдарындағы қазақтардың өмірі туралы әңгімелерді, біздің ең асыл арман – мүдделеріміз бен үміттеріне жетелеп енгізді, туған халқының бойындағы бар асылын өз бойына жинаған абзал Абайдың күресі мен өмірін жан – жақты көрсетеді [8, 131].
«М. Әуезовтің шығармаларында меніңше, қазақ халқының ақылы мен даналығы, оның табиғи дарындылығы айрықша күшпен сипатталады. М. Әуезов қазақ әдебиетін, көркемөнер мен мәдениетін бүкіл Одақ көлеміне шығарушының бірі, ол тек талантты жазушы ғана емес, бүгін де бүкіл совет елі мен дүниежүзінің алдыңғы оқымыстыларына танылған зор ғалым да», дейді Гомар Бәширов.
М. Әуезов өзінің шеберлігі, таланты арқасында туған әдебиетімізге жаңа дәстүр, соны із әкелді. Әуезовтің қай туындысын алсақ та, одан кейінгі әдебиет майданына әсер етпей қойған жоқ. Кейіпкерлердің жан дүниесіне үңілу, оны әр қырынан танытатын көркемдік құралдарды пайдалану қазіргі қазақ прозасында өте кең тараған.
Арғы тегі халық творчествосымен басталып, біртіндеп дамып, қалыптасып, бертін келе ұлттық әдебиетіміздің құнарлы арнасынан берік орын алған проза саласында М. Әуезовтің орны ерекше. Ол өзі әкелген жаңалығының арқасында жаңа дәстүр, Әуезов дәстүрін әкеліп, кейінгі жазушыларға үлкен бір бастау болды.
Жазушылардың қай – қайсысы болса да, қазақ классиктерінің дәстүрін жалғастырушылар ретінде жақсылық пен жамандықтың, адалдық пен арамдықтың бітіспес ымырасыз күресін зерттейді.
М. Әуезовтен кейін прозаның көлемі едәуір мол шығармалармен толықты. Бұл шығармалардың авторлары М. Әуезов дәстүрін әр бағыт, әр салада, жалғастыруға талаптанады. Әсіресе, көзге ә дегеннен түсетін жай – М. Әуезов дәстүрінің тақырыптық жалғасуындағы жетістіктер.
М. Әуезовтің көркемдік мұрасы суреткерлік шеберліктің де асқан үлгісін танытты. Оның мұраларының сан қырлы ықпал әсері бүгінгі әдебиетте көптеген соны ізденіс нәтижелерге қол жеткізді.
Қазақ тарихи эпопеясының дамуында М. Әуезовтің «Абай жолы» өзі қамтитын және өзіне дейінгі тұстарды, сондай – ақ кейінгі кезеңді игеруге қозғау салды. Өнер мен өнер адамы және әмірші тақырыбы қазақ әдебиетінде едәуір көрініс тапқан деуге болады. Тек қазақ прозасына ғана емес, қазақ поэзиясына әсер етті. Жазушының «Татьянаның қырдағы әні» атты әңгімесі І. Жансүгіровтің «Құлагер», «Күй», «Күйші» секілді поэмалар жазуына негіз болды. Өнер тақырыбы, халық өміріндегі өнердің орны қазіргі кезеңдегі тарихи романдарда кеңінен суреттеледі.
Тарихи романистердің өнер адамдары жайлы романдарында өнер тақырыбын игеру М. Әуезов дәстүрі аясында жүзеге асырылды. Тақырыпты одан әрі жалғастыруда ғана емес, оны көркемдеп шешу тәсілдерінде де жазушылар М. Әуезов үлгісіне сүйенеді. Бұл типтегі шығармаларда өнердің адам, қоғам өміріндегі алатын орнын көрсетуде анық көрінеді. «Абай жолының» соңын ала дүниеге келген Ә. Кекілбаевтің Әбілхайыр туралы, Д. Әбілевтің Сұлтанмахмұт туралы, С. Жүнісовтің Ақан сері туралы, З. Ақышевтің Жаяу Мұса тағы басқа романдарды айтсақ та жеткілікті.
Әлеуметтік теңсіздік және оған қарсы күрес тақырыбы М. Әуезов шығармашылығында мейлінше кеңінен суреттелген. Шағын эпикалық формадағы шығармаларынан бастап, «Қараш қараш» оқиғасы, «Қилы заман», «Абай жолы» секілді үлкен эпос үстінде жазылған шығармалары түгелдей осы тақырыпқа арналған.
Қазіргі тарихи прозада бұл тақырып одан әрі жалғастырылды. Х. Есенжановтың «Ақ Жайық», Ә. Нұрпейісовтің «Қан мен тер», Ш. Мұртазаның «Қызыл жебе» Қ. Сәрсекеевтің «Қызыл жалау» және басқа осылар типтес романдарда кейіпкерлердің өмір шындығын, ондағы әділетсіздікті танып білу және бұл әділетсіздікке наразылық білдіру, қарсы күреске шығуы түрлі тәсілде, түрлі бағытта ашылады. Кейіпкер мен қоршаған өмір шындығы өзара тығыз байланыста алынып, бұл байланыстың нақты мүмкін формалары кең қамтылады.
«Ұлттық дәстүрлер көркемдік шеберліктің халықтар жинаған мол қазынасын ғасырдан – ғасырға әкеп тапсыратын эстафета іспетті. Дәстүрлер шебер суреткерлердің жаңашылдық ізденуі арқасында толысып, түрленіп отырады. Жаңа дәстүрлер туады», дейді М. Әуезов.
Әр халықтың жүрегінде терең із қалдыратын естен кетпес тарихи бел-белестер бар.
Әуезовті ұстаз көріп одан үйренбейтін қаламгер кемде – кем шығар. Оның ішінде әсіресе, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин, Д. Әбілев, Х. Есенжанов, Ә. Нұрпейісов, Т. Ахтанов, Ә. Әлімжанов, С. Жүнісов, Қ. Жұмаділов т.б... Ал, бірақ қайсысы қай ретте қалай үйреніп, қандай нәтиже шығарды? М. Әуезов дәстүрін қалай жалғастырды?
Мәселе сонда. Сонымен қатар осы қаламгерлер басқа тарапқа да алаңдайды: Толстойға, Достоевскийге, Хемигуэйге, Шолоховқа, Фединге, Фадеевке, Леоновқа, т.б.
Енді нәтижесі не осының? Бүкіл совет әдебиетінің кешегі күні жаңашылдық деп танылған, енді бүгін дәстүрге айнала бастаған тәжірибесі бар екен. Ол орыс әдебиетінде бір кездері классикалық үлгілерді жалғастырған осы күнгі В. Катаев, Б. Горбатов, Б. Палевой, В. Ракемчук, В. Тендряков, В. Минатов, В. Солоухин, А. Проскурин т.б. повестері, белорус әдебиетінде В. Быков, қырғыз әдебиетінде Ш. Айтматов, өзбек әдебиетінде А. Кахар, ал қазақ әдебиетінде Б. Байлин, С. Сейфуллин, С. Шарипов, Ғ. Мүсірепов, М. Әуезовтің әйгілі «Абай жолы» эпопеясының даңқымен, дәстүрімен қазақ әдебиетінде тарихи және әлеуметтік романдар тууына мықты дем бергенінен де көруге болады. Ә. Әлімжанов («Махамбеттің жебесі», «Жаушы», «Ұстаздың оралуы»), І. Есенберлин («Көшпенділер», «Қатерлі өткел», «Айқас»), Д. Әбілев («Ақын арманы»), С. Жүнісов «Ақан сері», З. Ақышев «Жаяу Мұса» романдары «Абай жолының» қозғауымен туғанын кім жоққа шығара алады [6, 123].
Міне, жақсы дәстүрдің жалпы әдебиет дамуына, оның ішінде жеке адам творчествосына игі әсер жасап, жаңалық туғызуының заңды жолы осындай.
ӘДЕБИЕТТЕР
- Бекниязов Н. Тарихи парыз. – Жұлдыз, 1986. № 4.
- Бекхожин Қ. Дәстүр және жаңашылдық. – Алматы: Жазушы, 1969. – 246 б.
- Қирабаев С. Әдебиет және дәуір мәселелері. – Алматы: Жазушы, 1976. – 300 б.
- Бердібаев Р. Дәстүр тағылымы. – Алматы: Жазушы, 1973. 232 бет.
- Қаратаев М. Туған әдебиет туралы ойлар. Алматы: Жалын, 1958. – 281 б.
- Дәдебаев Ж. Қазіргі кездегі қазақ тарихи прозасының дамуындағы М. Әуезов дәстүрі. – Алматы: КазГУ, 1981. 46 б.
- Дәдебаев Ж. Өмір шындығы және көркемдік шешім. – Алматы: КазГУ, 1984. 121 б.
- Мұқанов С. Жарық жұлдыз. – Алматы: Санат, 1995. – 272 бет.
- Кенжебаев. Шындық және шеберлік. – Алматы: Жазушы, 1972. – 184 б.
- Нұрқатов А. Жалғасқан дәстүр. – Алматы: Жазушы, 1980. – 312 б.
- Нұрпейісов Ә. Қазақ прозасы. – Қазақ әдебиеті, 2000, 28 сәуір.