Қазақ әдебиетіндегі «Еңлік-Кебек» сюжетіне жазылған шығармалардың екеуі прозалық үлгіде жазылған. Қанды оқиға өткен соң бір ғасырдан кейін, яғни 1892 жылы «Дала уалаяты газетінің» 29, 31, 32, 34–40 – сандарында екі тілде – «Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөз» және «Незабытое прошлое и настоящее киргизов» деген атпен шықты. Соңынан «Ұмытылған» деп қол қойылыпты. Орыс тіліндегі нұсқаның тақырып соңында «Сибирский вестник» газетінің 60-санынан алынып басылғаны туралы мәлімет берілген [1, 640 б.].
«Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөз» – Еңлік пен Кебек жайлы ел аузында жүрген аңыздардың хатқа түскен тұңғыш нұсқасы. Оны ғалым Р. Нұрғали Еңлік пен Кебек жайлы шығармалардың бір нұсқасы ретінде талдап, әңгіме деп атайды [2, 16-19 б.]. Ғалым Ү. Субханбердина газеттік нұсқаларды қазақтың тарихы мен этнографиясы, географиясы мен экономикасы, философиясы мен заңына қатысты мәліметтер беретін аңыз әңгімелер қатарына жатқызды [3, 256 б.].
Қазақ Совет Энциклопедиясында бұл нұсқа поэма деп те аталады. «Поэма революциядан бұрын бірнеше жарияланған. Алғашқы нұсқасы «Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөз» деген атпен 1892 ж. «Дала уалаяты» газетінің 31-39 сандарында басылған», деп ары қарай «поэманың» мазмұны баяндалып, былай тұжырымдалады: «... поэма белгілі этникалық, географиялық ортада болған оқиға негізінде туған» [4, 153 б.].
Ғалым Қ. Мұхамедханұлы болса, алғашқы нұсқалардың қара сөзбен жазылған әңгіме екенін нақтылады [5].
Т. Рсаев Қазақстан Ұлттық энциклопедиясына енген «Еңлік-Кебек» мақаласында «Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөзді» «Еңлік пен Кебектің басына түскен қайғылы оқиға туралы қара сөзбен жазылған деректі очерк» деп атайды [6, 383 б.].
Сонымен, алғашқы нұсқа прозалық жанрда жазылған. Ғалым Қ. Мұхамедханұлының пікірінше, Абайдың ақын шәкірттері жазатын Еңлік пен Кебек туралы оқиғаның тарихи түп негізі осы прозалық нұсқада жатыр [7, 3 б.].
Енді мәселені әңгіме авторы төңірегінде өрбітейік. Бұл жерде автордың «Ұмытылған» деген бүркеншік есімі Шәкәрімге әкеліп тірейді.
Ақынның өзі С. Мұқановқа жазған «Ардақты Сәбит бауырым» деп басталатын хатында: «Тағы бір тілегім, менің қай жазбам болса да... қайсысы басылса да «Мұтылған» деген атыммен басылғаны жөн болар еді», деп туындыларын «Мұтылған» деген атпен жариялауды өтінгені белгілі [8, 78 б.].
Оның үстіне әңгімеде Шәкәрімнің екі бірдей поэмасы – «Еңлік-Кебек» пен «Қалқаман-Мамырдың» сюжеті баяндалады.
Ғалым Қ. Мұхамедханұлы «Ұмытылған» автордың бүркеншік аты, псевдонимі екенін айтып: «Очерк Абай шәкірттерінің біреуінің атымен жарияланған деп білеміз», деген пікір білдірді [9, 3 б.].
Осы хикаяның авторы Абай емес пе екен деген мәселенің де ғылыми оралымға енгеніне біраз уақыт өтті. Оған түрткі болған ғалым М. Мағауиннің пікірі. Ғалымның ойынша, Шәкәрім «Ұмытылған» деген лақап атты кейін иеленсе керек және Абайдың қағаз бетін көрген туындылары алғаш шәкірт достарының атынан шығып отырғаны тағы бар. М. Мағауин әңгіменің «таным өресі, ой өрнегі тұрғысынан» және «сөз саптау, сөйлем құру, көркемдеу тәсілдері жағынан» Абайға ғана тән сипат аңғарылатынын тиек ете отырып: «Бұл трагедиялық тағдырлар туралы алғаш рет қалам тартқан – Абай деп білуге тиіспіз... Әңгімені Абай пайдасына шешуге негіз беретін ең басты дәлел оның бүкіл құрылымында, образдар жүйесінде, «Дала уәлаятындағы» «Еңлік-Кебек» кейіпкерлері Шәкәрім жазған «Жолсыз жазадағы» тұлғалардан мүлдем басқа, тіпті кереғар сипатта. Екі шығарманың да өзегі өмірде болған, нақты оқиға екенін ескерсек, бар ұқсастық осымен шектеледі, авторлық шешімнен, кейіпкерлер мүсіндеу тәсілі, көркемдеу жүйесінен ешқандай бірлік таппаймыз», дейді [10, 184 б.].
Араға жылдар салып баспасөз бетінде М. Мағауиннің «Абайдың белгісіз әңгімесі» атты мақаласы жарыққа шығып, авторлықты Абайға қиыстыратын жаңа құнды дәлелдер келтірілді [11]. Бірақ бұдан соң да әдебиетші қауым әңгіме авторы Абай деп тани қоймады. Дегенмен мақала әңгіме авторы жайындағы ғылыми пікірталасты жаңа бір арнаға шығарып кетті.
Ғалым Т. Жұртбай осы мәселе туралы: «Мұны жазған Абай Құнанбаев деген пікір-болжам бар. Ал «Ұмытылған» деген бүркеншік атты Шәкәрім Құдайбердіұлы пайдаланған болатын», дейді [12, 252 б.].
Араға сегіз жыл салып, яғни 1900 жылы тағы сол «Дала уалаяты» газетінің 46 – 50-сандарында «Еңлік-Кебек» сюжеті қайта жаңғырады. Онда «Қазақ турасынан хикая» деген атпен газетке шыққан әңгіменің «Природы и люди» журналынан алынғаны айтылған [3, 569 б.].
Алдымен «Незабытое прошлое и настоящее киргизов», кейін «Легенда про былое киргизов» деп орыс тілінде қатар берілген және орыс басылымдарынан алынған алғашқы нұсқалар Еңлік пен Кебек тағдыры турасындағы аңыз сюжеті орыс оқырмандарын да қызықтырғанын көрсетеді.
Әңгіменің кіріспесінде: «Қызмет бойынша бір жүрген мезгілде маған жолдас боп қалды Молда Кебеков деген. Сол көп хикаядар бұрынғы болған қазақтардың тұрмыстары туралы сұрады. Мен баян етемін ядымда барлығын көре. Көп уақыт өтті деп Кебеков бастады», деп белгісіз автор ел арасына кең тараған оқиғаны Кебековтен жазып алғанын айтады [13, 339 б.].
Ғалым Р. Нұрғали 1900 жылғы нұсқа 1892 жылғы әңгіменің көшірмесі деп тұжырым жасап, оның себебін жыл соңында газет оқырмандарының назарын аудару үшін жарияланған деп түсіндіреді [2, 19 б.]. Сегіз жыл бұрын жарияланған әңгімеге аздаған өзгерістер енгізіп, кейіпкерлер атын өзгерткенмен, бастапқы сарын сақталған.
Сонымен, Еңлік пен Кебек хикаясы екі мәрте баспасөз бетіне шығып үлгерді. Бірақ авторлар есімі бүгінгі күнге күңгірт болып қала беріп отыр. Бір пікір Шәкәрімге әкелсе, екінші бір пікір Абайға жетелейді.
Ал әңгіме авторы Шәкәрім де, Абай да емес, үшінші бір адам болса ше? «Жоқ. Үстірт қарағанның өзінде хикая авторы – Шыңғыстау қазағы екеніне күмән қалмайды» [11, 13 б.].
Ғылымға осы ой талқысы жетелеген тағы бір соны пікір келді. Ол пікір авторлықты Абайға да, Шәкәрімге де емес, олардан өзге «Шыңғыстаудың қазағы», Абайдың орысша оқыған інісі Халиолла Өскенбайұлына еншілетеді. Әдебиетші Б. Ердембеков Ә. Марғұланның жазбаларын алға тарта отырып, «Еңлік-Кебек» аңызын хатқа түсіруші Халиолла, кейіннен 1892 жылғысы Абай өңдеуінен өтуі мүмкін деп ұйғарған. Ал баспаға ұсынған Шәкәрім деп болжам жасайды: «Шығарманың түп қазығы Халиолланікі болғандықтан Абай «Мұтылған» деген бүркеншік есіммен беруі мүмкін. Байыбына барып қарасақ, «Мұтылған» Абай мен Шәкәрімнен гөрі қыршынынан қиылған, жазған еңбектері сақталмай, ұмыт болып бара жатқан Халиолла Өскенбайұлына келеді. Шәкәрім кейіннен арманына жетпей өмірден озған аяулы ағасына деген құрмет, інілік парыз есебінде өз шығармаларын осы атпен жариялауы ықтимал» [14, 144 б.].
Осы мәселе туралы тағы бір пікірдің иесі – әдебиетші К. Әбдіқалық. «Дала уалаятының газеті» және қазақ әдебиетінің мәселелері» атты диссертациясында зерттеуші әңгімедегі автордың сөздерін негізге ала отырып, ол әңгімені шығарушы емес, тек жазып алушы деген ой тастайды. Прозалық нұсқада тарихи оқиғалардың уақыты өзгертіліп, «Еңлік-Кебекке» дейін болған «Қалқаман-Мамыр» оқиғасы кейінге, Еңлік пен Кебек жазаланғаннан соңғы кезеңге апарылған. Автордың пайымдауынша, газеттегі тарихи шындықтың бұрмалануына Абай назар аударып, бұл жайт оның шәкірттері арасында талқыға түседі де, «Еңлік-Кебек» пен «Қалқаман-Мамыр» оқиғаларын жырлауды Шәкәрім еншіленеді [15, 51-53 б.].
Қалай дегенмен де, Еңлік пен Кебек турасындағы аңызға негізделіп жазылған шығармалар Абай және оның ақындық ортасында туғандығы күмән тудырмайтын ақиқат. Бұл заңды да. Оқиға Абай елінде, тобықты жерінде өтті. Абай ақын өз замандастары ғана емес, соңынан ерген талай-талай таланттың көзін аршыған бастау бола білгені тағы бар. Өрелі ойпікірі өз заманынан оқ бойы озық тұрған Абай айналасының, ал оның елі, өз кезінде, бүкіл қазақтың рухани өмірін нәрлендіретін уызы бола білгені де рас.
Ғасырдан көп уақыт ел аузында ақиқаты аңызға астасып бұлыңғырлана бастаған оқиғаның қайта тіріліп, ортаға келуіне Абайдың түрткі болғаны да даусыз.
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың. Жақсы менен жаманды айырмадың, Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың...
... Бас – басына би болған өңкей қиқым, Мінеки бұзған жоқ па елдің сиқын?...
... Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ, Сапырылды байлығың, баққан жылқың. Баста ми жоқ, қолда малға талас қылған, Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқын, деп аһ ұрған ұлы ақын жүрегінің сызында сонау Еңлік пен Кебектің кезіндегі қанды оқиғалардың ізі жатыр.
Абайдың басына шоқпар болып тиіп, жүрегіне қанжар болып қадалған рушылдық, жікшілдік, жер таласы, шиеленіскен дауды жаулыққа ұластырған ескіліктің түп атасы сол сор заманнан бастау алады. Салтты бұзған жазықтылардың тағдырын қанмен шешкен Құнанбайдың заманында да осы тарих қайталанды.
Абай қазақ әдебиетін, қазақ өркениетін жаңа биікке, басқа белеске көтеріп қана қойған жоқ, оның мол тағылымы мен ізгі дәстүрі өзінен кейінгі әдебиетте мәңгілік ізін қалдырды десек артық айтқандық болмас.
Осы тұрғыда профессор Б. Әбдіғазиұлының мына бір пікірі ойымызды негіздей түседі: «Ұлттық әдебиетіміздің арғы-бергі тарихына үңілсек, оның ең бірінші кемелдену биігі Абай есімімен, ұлы ақын өмір сүрген он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиетінің даму үрдістерімен тұспа-тұс келеді. Сол дәуірдегі көркемсөз өнерінің ғажайып айдынына алып шығар қуатты ағыстың бастау көзі, қайнап шыққан бұлағы Абай поэзиясы болды» [16, 117 б.].
Сар даланың сарқылмас қазынасындай болған ақыны өзінің парасат-пайымын өз ортасына да дарыта білді. Ақынның үлгі-өсиеті айналасына дарынды жастарды жинап, ұстаз оларға білгенін айтып, өнерлерін ұштап отырды. Әдебиетші С. Қожағұлов айтқандай, «ХІХ ғасыр әдебиетінің биік шыңы болған Абай ХХ ғасыр әдебиеті өкілдерінің үлгі болар ұстазы, үйренер мектебі болды» [17, 91 б.].
Абайдың ақындық айналасы, ақындық мектебі, оның шәкірттері туралы аз айтылған жоқ. Ақын шәкірттер жай ғана Абай өмір сүрген дәуірде, Абай туған жерде тұрған туыс, дос, тілектестері ғана болып қойған жоқ. Оларды бір арнаға әкеліп тоғыстырған күш – мақсат-мүдделерінің ортақтығы, бағыттарының бірлігі, рухани әлемдерінің Абаймен жақындығы. Бұл өз кезегінде бүкіл әдебиетіміздегі Абайдың қолтаңбасын аңғартатын жаңа бір толқынның, жақсылықтың ізіне айналған ұлы дәстүрдің бастауы қызметін атқарды.
ӘДЕБИЕТТЕР
- Дала уалаятының газеті. Әдеби нұсқалар (1888-1894) / Құрастырушы Ү. Субханбердина. Алматы: «Ғылым», 1989.
- Нұрғалиев Р. Трагедия табиғаты. – Алматы: «Жазушы», 1968. 176 б.
- Әдеби мұра. Революциядан бұрынғы мерзімді баспасөз бетінде жарияланған көркем шығармалар. / Құрастырған және ғылыми түсініктерін жазған Ү. Сұбханбердина. Алматы: «Жазушы», 1970. 256 б.
- Қазақ Совет Энциклопедиясы. – Алматы: Қазақ Совет Энциклопедиясының бас редакциясы, 1974. – 3-т.– 672 б.
- Мұхамедханұлы Қ. Қ.С.Э.-дағы кейбір мақалалар жайында // Семей таңы. – 1970, февраль-24.
- Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы /Бас ред. Ә. Нысанбаев. – Алматы: Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы, 2001. – 3-т.–720 б.
- Мұқаметханов Қ. «Еңлік-Кебек» солай туған // Семей таңы.-1987, сентябрь 16.Б. 3-4.
- Құдайбердіұлы Ш. Түрік, қырғыз – қазақ һәм хандар шежіресі. – Алматы: Қазақстан, 1991.-80 б.
- Мұқаметханов Қ. «Еңлік-Кебек» солай туған // Семей таңы. 1987, сентябрь - 16. Б. 3-4.
- Мағауин М. Абайдың ақын інісі //Жұлдыз. 1988. №8. – Б. 180-189.
- Мағауин М. Абайдың белгісіз әңгімесі // Шәкәрім.-2005.-№1. Б. 12-18.
- Жұртбай Т. «Еңлік-Кебек» пьесасының тарихи негіздері // Мұхтар мұрасы. Алматы: Қазақстан, 1997. 352 б.
- Дала уалаятының газеті. Әдеби нұсқалар (1899-1902). / Құрастырушы Ү. Субханбердина. Алматы: Ғылым, 1992. 576 б.
- Ердембеков Б. «Енді айтамын Еңлік пен Кебек сөзін...» // Жұлдыз. 2008. №8. - Б. 141-148.
- Әбдіқалық К.С. «Дала уалаятының газеті» және қазақ әдебиеті мәселелері: филол. ғыл. канд. ... дис. Алматы, 2004. 147 б.
- Әбдіғазиұлы Б. Шәкәрім поэзиясының көркемдік қайнарлары. Қарағанды: «Болашақ-Баспа», 2003. 144 б.
- Қожағұлов С. Ұлылар үндестігі // І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің Хабаршысы. – 2005. №1. – Б. 91-93.