Аңдатпа
Еліміздің тәуелсіздік алуы, дүниеде болып жатқан заманауи өзгерістер философиялық пәндер алдына жаңа мәселелер қойды. Үлттық дүниетаным, менталитет ерекшелігін ескере отырып, ұлттық рухани байлықты осы саладағы әлемдік жетістіктермен байланыстыра білу, әлемде болып жатқан күрделі процестердің қарама-қайшылығын түсіндіру, белгілі бір дүниетаным қалыптастыру үлкен теориялық және әдістемелік дайындықты талап етеді. Себебі, философиялық пәндерге қашанда қойылатын үлкен талап - студенттердің дүниетанымы мен азаматтық болмысының қалыптасуына ықпал ету, оның тек өз саласындағы маман ғана емес, шын мәнінде жоғары немесе орта білімді адам болуына көмектесу.
КІРІСПЕ
Қазіргі кезде бұл өте үлкен салмақ жүктеп отыр және белгілі бір қиыншылықтармен байланысты. Біріншіден, ақпараттың молдығы әрі қарама- қайшылығы, әлемде иделогиялық- дүниетанымдық тартыстың күшеюі, діни-саяси, мистикалық ағымдардың көбеюі. Екіншіден, жаһандану дәуірінің ұлттық мәдениет пен бұқаралық мәдениет арасындағы қақтығысты өршітуі жаңа проблемалар туғызуда. Дәстүрлі құндылықтардың құнсыздануы, этикалық, эстетикалық, діни, мәдени сұрақтардың күн тәртібіне қойылуы осымен байланысты.
Бұл әрине тек қордаланған проблеманың негізгі бағыттары. Осыған байланысты оқытушыға мүмкіндігінше жағдайды түсіндіруге, қонымды, дәлелді жауап беруге тура келеді, ол үшін таптаурын схемадан, дайын және қатып қалған догматикалық жауаптардан бас тартып, проблемалық сұрақтарға өз бетінше жауап іздеу керек болады.
Оның үстіне білім алу қағидасы да қазіргі студенттің өз бетімен көп жұмыс жасауын талап етеді, бұл қағида тек қоғамдық-дүниетанымдық көзқарастың жақсы іргетасын білім ордасында қалағанда ғана іске асады. Кей жағдайда гуманитарлық білімнің абстрактылық, күнделікті өмірден шалғай жатқан нәрсе ретінде жаңылыс қабылданатыны бар. Ал шын мәнінде бұл ғылымдар қайнаған қайшылыққа толы қоғамның және адамның жеке өмірімен тығыз байланысты. Қазақстан Республикасы азаматтарының патриоттық сезімі қалыптасуы, толеранттық, ұлттық тіл мен мәдениетті жаңғырта отырып, жан-жақты меңгерту, ел
тарихы мен мәдениетін ұлттық менталитет тұрғысынан игеру бодандық санадан арылу, дәстүрлі діни сана мен мәдениетке нұқсан келтіретін әртүрлі экстремистік, миссионерлік ағымдардың бет-бейнесін айқындай білу, қазіргі Қазақстанның алдында тұрған үлкен мақсат - әлемдегі 30 елдің қатарына кіруге азаматтық үлесін қосу, міне, осылардың бәрі қоғамдық пәндеріміз арқылы қалыптасуға тиісті нақты міндеттер.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Кешегі кеңес идеологиясы кезінде біздер туралы қалыптасқан «идеологиялық майданның жауынгерлері» деген ұғым болды. Әрине қазіргі міндеттер ол кездегідей қатаң бір саяси идеологияға негізделмеген, бірақ соған қарамастан біздің пәндеріміздің мәні - белгілі бір деңгейде мемлекеттік, азаматтық, ұлттық басым құндылықтар тұрғысынан азаматтық позиция ұстау. Оның үстіне бізге белгілі бір дәрежеде күресу де керек, оның мақсаты - жоғарыдағы айтылған құндылықтар және солардан туатын міндеттер.
Біз жас ұрпақтың санасы жаһандану дәуіріндегі арзанқол өнер мен бізге жат салттың жетегінде кетпес үшін, біртұтас еліміз, ұлтымыз діни ағымдардың ықпалымен бытырап кетпес үшін күресеміз, біздің жастарымыз есірткі, ішімдік сияқты әдеттерден аулақ болу үшін күресеміз.
Қазіргі техногендік өркениет, демократия тұсында тек демократиялық ашық жолмен жаңа технологияға сүйеніп жұмыс істеуге тура келеді. Сондықтан гуманитарлық пәндердің мазмұны ғана емес, әдістемелік жолдары да сол талапқа сай келуі тиіс [1.12].
Қазіргі талапқа сай барлық оқу орындарында кредиттік технология енгізілді. Электрондық оқу құралдары барлық мамандық бойынша жасалуда. Бұл студенттердің заманға сәйкес сұраныстарына жауап береді. Себебі қазір бұрынғыдай ұзақ лекция оқу, конспект жазуға итермелеу заманы өтті. Өз бетімен дайындалуға әдебиетте, компьютерлік құралдар да мол. Сондықтан оқытушының монолог оқудан диалог жүргізетін ұстазға айналуына мол мүмкіндік бар. Ол үшін студентке де өзгеруі керек. Ол өз бетімен жұмыс істеуге үйренуі қажет. Бірақ ондай жағдайда оқытушы кез-келген сұраққа жауап бере алатын, түсіндіре алатын маман болуға тиісті. Бірақ осы тұрғыдан ол барлық дұрыс жауапты білетін адам емес, пікірталас арқылы студентке өз бетімен жауап табуға көмектесетін және оларды дәлелді жауаптарына сендіріп, дүниетанымын қалыптастыруы қажет.
Ол үшін студентке мектептен қалыптасқан фундамент болуы керек және қазіргі за манда нөлден баста п оқытамын деу де қате сияқты. Себебі жаңа кредиттік технология бойынша студент өз бетімен көп дайындалу керек. Сонымен қатар оқытушыға да әдістемелік тұрғыда үлкен дайындық және заман талабынан қалыспай көп ақпаратты игеру, оны жүйелі талдап, студентке түсіндіру мен дәлелдеу жүктеледі.
Қазіргі жаһандану дәуірінде бұрынғыдай ақпарат тапшылығы жоқ, мәселені керісінше ақпарат толқыны туғызады. Қазіргі жастарды бұрынғы студенттермен салыстырғанда талаптары жоғары әрі олардың прагматикалық тәрбиесі жалаң «схоластиканы» да мәнсіз дидактиканы да, догматикалық ақиқатты да қаламайды. Осы жағдайда оқытушыға терең біліммен, кең дүниеге көзқарасты, қазіргі заманауи сана-сезімді адам болуды бірдей талап етеді. Білім барған сайын материалдық нәтижесімен өлшенетін, капитал әкелетін құндылыққа айналуда, осындай жағдайда гуманитарлық пәндер, ол тарих немесе мәдениеттану болсын осы талапқа сай келмейтін болып көрінуі мүмкін [2.34]. Ал шын мәнінде бұл жерде үлкен жаңылыс бар. Себебі, олар ең үлкен байлық - адаммен, моральдік-адамгершілік ұғымдармен, мемлекет, отан сияқты түсініктермен байланысты. Ал олар ешқашан да мәнін жоймайтын құндылықтар екені рас.
Қазіргі заманның бір атрибуты - жылдамдық екені белгілі. Ол гуманитарлық ғылымдарды да айналып өтпейді. Гуманитар оқытушы күнде өзгеріп отырған заман мен өзгерістерге сай оперативті (жедел) ой түюге, тұжырым жасауға міндетті. Бұл да қазіргі студенттің оқытушыға қоятын бір талабы. Сондықтан жауабы әрі белгісіз немесе күрделі мәдени, әлеуметтік-саяси құйтырқы сұрақты да айналып өту мүмкін емес.
Әрине «ақиқат - пікірталаста туады», сондықтан жоғарыда айтылғандай оқытушы ең ақиқат көзқарастың иесі емес, ақиқатты оқушымен бірлесе іздеу де бүгінгі әдістемелік талаптың бірі. Оның техникалық заман туғызған шет ел тәжірибесінен келген көптеген түрлері бар. Олардың бәрін қолдана жұмыс істеу тек оқушының ғана емес оқытушының өзгеруін талап етеді. Бұл тұрғыдан жастар оқытушыда бар білімді игеріп қана қоймай, оқытушыға олардың заманына сәйкес ұстап отырған субмәдениетін, құндылығын, еліктейтін адамдарын, түсініктерін білуі қажет. Оқытушы дәстүрлі үлкендер мен балалар қарым-қатынасында төреші әр делдал болуы керек. Бұл да гуманитарлық білім маманына керек қасиет. Әрине техникалық оқу орындарында көптеген қоғамдық ғылым сағатының қысқаруы, оларға деген екінші дәрежедегі пәндер ретінде қалыптасқан көзқарас та өз "жемісін" беріп жүргені сөзсіз. Әсіресе бұл қатынас әріптестердің тарапынан болуы да қынжылыс туғызады. Бірақ бұл жерде кінәні тек олардан ғана іздемей, гуманитарлық пәндер неге сондай қатынасқа ие деген сұрақ қоюға да болады. Әрине, кезінде идеологиялық себептен қалыптасқан, көкейтесті, адами сұрақтарға жауап бермейтін, жаттанды қоғамдық пәндердің ондай реакция туғызғаны рас.
Ендігі мәселе - қоғамдық ғылымның сол жағдайын түзеу, оның беделін көтеру, пәндік статусын айқындау. Сонау XX ғасырдың басында қазақтың үлкен ақындарының бірі С.Торайғыров сол кезде қазақ жастары жаппай бас қойған Eypona білімі туралы мынандай ой айтқан екен. Оның ойынша әр түрлі жетістіктің көзі болып табылатын еуропа ғылымы екі жақтан құралады: дене азығы және ар азығы. Дене азығы - техникалық жетістік немесе «Саймандар білімі», «ар азығы - әділеттік». Соңғысы көбеймесе, тек материалдық жетістік үнемі жақсылыққа жеткізе бермейді деген пікір айтып, қазіргі тілмен айтқанда гуманизм жетіспеуі мәселесіне назар аударады.
ҚОРЫТЫНДЫ
Рухани дамымай, тек материалдық байлықты көбейтудің зардабын есіне ұстауды кейінгі қазақ баласына ескертеді. Міне осыдан бір ғасырдан кейін гуманитарлық пәннен сабақ беріп жүргендерге бұл бәрінен де бұрын қатысты сияқты көрінеді. Сондықтан нарықтық, жаһандық дәуірде «жан азығын» беріп жүргендердің қоғамның да, қазақ ұлтының да алдында жауапкершілігі зор екенін ескеру - аса маңызды азаматтық талап.
ГІайдаланылған әдебиеттер тізімі :
- 1. Философия познания: век ХХІ-Коллективная монография I Под общ.ред. З.К. Шаукеновой.- Алматы: ИФПР KH MOH PK, 2012.
- 2. Аринов Е. Тәуелсіз Қазақстанда «тәуелсіз» білім беру мәселелері. //Философия в современном мире: стратегии развития. Казахстанского философского Конгресса. Алматы: Институт философии, политологии и религиоведения KH MOH PK, 2013