Аңдатпа
Мақалада Қазақстан мұнай-газ өнеркәсібінің қалыптасуының алғашқы кезеңінде мұнайшы мамандарын даярлау мәселелері қарастырылады.
Қазақ қоғамы үшін жаңа кәсіпті игеру, жаңа техника мен озық технологияның соңғы жетістіктерін өндіріске батыл енгізу кезеңдері талданады.
Мұнай көздерін ашу, кадр тапшылығы және оны шешу үшін жүргізілген мемлекеттік саясаттың іске асырылуы және жүргізілуі туралы деректер келтіріледі.
КІРІСПЕ
1930 жылдары Қазақстан мұнай-газ өнеркәсібінде ұлттық элита қалыптаса бастады. Қазақстан мұнай өнеркәсібіне ұлттық инженер кадрларын даярлауда Ресей және Әзірбайжан жоғары оқу орындарының көмегі өлшеусіз. Әсіресе, Мәскеудегі Губкин атындағы мұнай-газ институты мен Бакудегі Әзизбеков атындағы мұнай институты қазақ мұнайшыларының «қасиетті білім ордасы» атанды.
Алғашқы қазақ инженерлерінің бірегейі Нәрен Орынбайұлы Имашев (1908- 1972) еді.
Н.О.Имашев 1908 жылы Ақтөбе облысы Темір ауданындағы №13 ауылда дүниеге келген. 1925 жылы темірдегі жеті жылдық мектепті бітіріп, 1926-1929 жылдары Мәскеудегі жұмысшы факультетінде оқиды. Талантты жас, жұмысшы факультетін бітірісімен 1930 жылы Мәскеу тау-кен академиясына түседі. Академия бұл кезде кеңейтіліп, 6-дербес институтқа бөлінеді. Н.Имашев өз қалауымен мұнай институтында қалдырылып, 1934 жылы «Мұнай және газ кен орындарындағы барлау геологы» мамандығын алып шығады. Көп жылдар Байшонас мұнай кенінде геолог, Қазақстан мұнай бірлестігінде бас геолог қызметтерін атқарған. Маңғыстау өңірінде мұнай-газ кеніштерін ашудағы еңбегі үшін 1966 жылы 20 сәуірде Лениндік сыйлықпен марапатталған [1, 3-10 пп.].
Қазақстан мұнай өнеркәсібі тарихында есімі қалған Мәскеу мұнай институтының келесі түлегі - Жолдасқали Ахметұлы Досмұхамбетов (1916-1977).
Ж.А.Досмұхамбетов 1916 жылы 15 қыркүйекте Гурьев облысы, Мақат ауданы, Ракөш елді мекенінде дүниеге келді. 1932-1934 жылдары Гурьев мұнай техникумында оқып, ал 1940 жылы Мәскеудің академик И.М.Губин атындағы мұнай институтын бітірді. Тау-кен инженері әрі геолог мамандығын алды. Еңбек жолын Ембіде бастады. Ол 1940-1942 жылдары Байшонас кәсіпшілігінің бас геологы, 1942- 1943 жылдары «Эмбэнефть» комбинаты бас геологияның орынбасары, 1943-1947 жылдары Байшонас кәсіпшілігінің директоры, 1947-1950 жылдары «Казнефтеразведка» тресінің басқарушысы болды, 1953 жылы Мәскеудегі академияны үздік бітіріп, «Казахстаннефть» мұнай бірлестігіне бас геолог, ал 1957- 1971 жылдары басқарушысы болып жемісті еңбек етті, соңғы жылдары бас геолог міндетіне қайтып оралды.
Міне, осы 1940 жылдан бастап Жолдасқали Ахметұлының барлық күш-жігері мұнай саласына бағышталды, оған қатысты геологиялық ғылымды барынша дамытты. Жаңа техника мен озық технологияның соңғы жетістіктерін өндіріске батыл енгізуді міндеттеді. Ғұмырының соңғы күндеріне қолынан қаламы түспей мұнай өндірісі мен геологиясы мәселелерімен терең шұғылданды.
Ол Ембіде мұнай алаңдары мен қабаттарын іздестірудің әр түрлі сейсмикалық тәсілін алғаш рет енгізуді қолдаушылардың бірі болды.
1950-1960 жылдары екі дүркін Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутатына сайланып, осы лауазымды жұмыста жүргенде облыс көлеміндегі (ол кезде Маңғыстау мен Гурьев бір облыс) ғылыми және өндірістік, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді күн тәртібіне бұрынғы кезден де өткір қойып, үкімет мүшелерінің назарына аудара білді.
1946 жылы Қазақстан ғылым академиясының тұңғыш президент!, KCPO ғылыми академиясының академигі Қ.И.Сәтбаевтың қолдауымен Гурьевте құрылған академияның Ембі жөніндегі ғылыми-зерттеу базасын нығайтуға, бұл базаны болашақта кеңейтуге де өзінің үлесін қосты [2, 5-13 пп.].
Мәскеу мұнай институтының келесі түлегі - Күзембай Баспаев.
1938 жылы аталған институттан жас маман Күзембай Баспаев келді. Болашақ қазақ мұнай инженер-техниктері үшін бірнеше еңбектер жазған маман былай деп еске алады: «Мен 1910 жылы Бозашыда (Маңғыстау) дүниеге келіппін. Сол жылы жанұямызбен Мақатқа көшіп келдік. Доссорда 4 жылдық мектепте оқыдым. Содан Мақаттағы шеберханаға шәкірт болып қабылдандым. 1928 жылы А.Ильясовтың арқасында Орынбор жұмысшы факультетіне оқуға келдім. Бірақ оқуым төмен болғандықтан 7 жылдық қазақ мектебінде оқып, тек 1929 жылы факультеттің I курсына қабылдандым. 1931 жылы оны бітіріп, елге келген соң Доссорда комсомол комитетінде жұмыс жасап, 1932 жылы Қазақстан үкіметінің жіберуімен Москвадағы түсті металл институтына түстім. Содан бірнеше рет сұраудан соң, Мсоквадағы Қазақстан өкілеттілігі 1934 жылы мұнай институтына ауысуыма көмектесті. 1935-1937 жылдар арасында Баку кәсіпшілігінде практикада болып, Азербайжан мұнайшыларынан тәжірибе жинақтап қайттым. Сөйтіп, 1938 жылы наурызда оқуды аяқтап, Мақатқа инженер болып келдім. Осында 1942 жылға дейін жасап, соғысқа алындым. Сол сұрапыл жылдардан бері II группадағы мүгедекпін. Одан кейін коммуналды шаруашылық министрлігінде, политехникалық институтында, Алматыдағы ауыр машина жасау зауытында еңбек еттім. Мұнай жөнінде зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін Қазақстан Ғылым Академиясының
аспирантура бөліміне туссем де, денсаулығыма байланысты оқуды жалғастыра алмадым [3].
Мәскеу мұнай институтының келесі бір түлегі Исенов Мұхамбет (1909-1993) мұнайлы аудан дамуына ерен үлес қосқан мұнайшы инженер ғана емес, шебер ұйымдастырушы, мемлекет қайраткері [4,1-15 пп.].
Ол 1909 жылы қараша айында Атырау (бұрынғы Гурьев) облысы Мақат (бұрынғы Доссор) ауданы Доссор поселкісінде туған. 1937 жылы Москва Губкин атындағы мұнай институтын бітірген.
Еңбек жолын 1918 жылы балық кәсіпшілігінде жұмысшы болып бастаған. Кейін мал бағып, 1925 жылы Орынборда рабфакта оқып, кейін институтты бітірген соң, 1937-1939 жылдары KCPO халық комиссарлары ауыр өнеркәсібінің мұнай өндіру басқармасында инженер-реттеуші, кейін бөлім бастығы болып қызмет атқарған.
1941 жылы өз еркімен Отан қорғаушылар сапына алынып, взвод командирі болып 25 қарашада Москва қаласы түбінде алғашқы ұрысқа кіріскен. Кейін полк командирі, дивизия командирінің орынбасарына дейін көтерілген. Бірақ 1943 жылы KCPO мемлекеттік комитетінің шешімімен әскер қатарынан босатылып, мамандығымен жұмысқа қосылады.
1943-1947 жылдары KCPO мұнай комитетінде қызмет атқарған.
1947 жылы партия қызметіне ауысып, Гурьев облыстық партия комитетінде, кейін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде, Қазақстан халық комиссарлар Кеңесінде, Қазақстан кәсіподақтар Кеңесінде жауапты қызметтер атқарған.
1963 жылы Батыс Қазақстан өлкелік партия комитетінде 2 хатшы, 1964 жылы Гурьев облыстық партия комитетінің I хатшысы қызметтерін атқарған.
Мәскеу мұнай институтын 1933 жылы бітірген Қ.Б.Берғалиевта мұнайшы мамандығымен қатар үлкен лауазымды қызметтер атқарды. Берғалиев Қалқай Берғалұлы (1893-1970) - тау-кен инженері. Мәскеу мұнай институтын бітірген. (1933). Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұнайшысы. Ұлы Отан соғысына дейін Доссор Мақат мұнай кенішінде мұнайшы болған. 1942-1952 жылдары Қазақстан КПОҚ өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі, «Ембімұнай» бірлестігі қауіпсіздік техникасы бөлімінің бастығы қызметтерін атқарды.
Баку тау-кен академиясын бітірген мамандар туған жер байлығын игеруге етене араласты. Солардың алғашқысы - Ж.Махамбетов.
Махамбетов Жәрдем (1905-1955) - партия, кәсіподақ қызметкері. Ұлы Отан соғысына қатысушы. Орал жұмысшы факультетін бітірген. 1930 жылы Доссор, Мақат, Қосшағыл мұнай кеніштерінде OK партия ұйымдастырушысы. 1951-1955 жылдары Қаратон мұнай кенішіндегі бастауыш кәсіподақ комитетінің төрағасы. Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен және медальдармен ұлыққталған. Кезінде А.П.Серебровский сияқты алғашқы «мұнай генералы» негізін қалап (1920), кейін М.Баринов ректор болған (1928-1930) Баку тау-кен академиясы Губкин атындағы Мәскеу мұнай институтымен қанаттас, Қазақстан мұнай өнеркәсібі үшін мыңдаған мұнайшы инженер дайындаған іргелі оқу орны.
С.А.Оруджев, Н.Н.Байбаков сияқты атақты мұнайшыларымен қатар осы жоғары оқу орнында білім алған Сафи Өтебаев өмір жолы айғақтайды.
«Сүйікті ұлың болса сүй сен, сүйінерге жараса ол» деуші еді халық даналығы. Қашаннан қанымызға сіңген бұл сөз тек қана халық қамын жеген ылғи бір ығай мен сығай, немесе бір әке, бір шешеден туғаны болмаса алты алаштың ұлы болғандарға арналған десек, тым әсерлегендік емес. Өтебайдың Сафиы деп отырған - қазіргі жасы 98-дің асу бермес қия шыңына шығып бара жатқан ағамыз күллі мұнайшылар әулетінің абызы делініп жүр. «Жаманның артынан шөп ереді, жақсының артынан сөз ереді» дегенің осы. Сафи ағаның ақиқат анықтамалығы - 40
КСРО-ның Құрметті мұнайшысы, Қазақстанның ғылымы мен техникасына еңбегі сіңген қайраткер. Ғұмыр баян деректерінде мынадай жолдар бар:
«1909 жылы Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Қарабау кенті қасындағы Ащысай деген жердегі Боз төбе баурайында Өтебай сұпының жанұясында дүниеге келген. Ата-бабасы мал соңынан ерсе, Сафи туған жанұя мұнай сорып тұрған ағаш тербеткі тұтқасын ұстапты. Сафидың өзі (1920-1928 жж.) Доссордағы кәсіби мектепте, сосын ФЗО-да оқыған.
Сафидың сауат аштырған алғашқы ұстазы жазушы-революционер Сабыр Шәріпов ФЗУ-ды бітіріп, слесарь, бұрғышының көмекшісі болып ұзақ жылдарға созылатын еңбек жолын бастап жібереді. 1928-1930 жылдары Орынборда жұмысшы (рабфак) факультетінде, 1931-1935 жылдары Бакуде мұнай институтында оқып, жоғарғы білім алады. 1936-1945 жылдары Ембі мұнай өндірісінде қатардағы инженерден бастап, бірнеше кәсіпшіліктердің бастығы болады. 1945-1951 жылдары Жылой аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1951-1957 жылдары «Қазақстанмұнай» бірлестігін басшысы, 1957-1965 жылдары әуелі Гурьев, кейін Батыс Қазақстан экономикалық ауданының Халық Шаруашылығы Кеңесі төрағасы болып қызмет атқарды. Маңғыстау мұнайын игеруге тікелей басшылық етеді. 1965- 1971 жылдары Маңғыстауда шаңырақ көтерген «Қазақстанмұнай», кейін «Маңғыстаумұнай» бірлестігінің бас директоры болады. Одақтық дәрежедегі дербес зейнеткер бола тұра, 1971-1980 жылдары ҚазКСР Жоспарлау комитетінде қызмет атқарды [5].
Алғашқы мұнайшы инженерлер арасында тек өндіріс басшылары мен партия, кеңес қызметкерлері ғана емес Қазақстан ғылымының көрнекті тұлғалары да өсіп шықты.
Солардың бірі - 1938 жылы Мәскеу мұнай институтын бітірген экономист- ғалым Тарыбай Шәукенбаев (1913-1985). Мәскеу, Баку сияқты өнеркәсіп орталықтарында дайындаған мамандар 1930 жылдары мұнайлы өлке дамуына шамалы да болса көмек еді. Дегенмен, бұл оқу орындары дайындаған мамандар Ресей мен Азербайжанның мұнайлы аудандарынан ауыспады. Өлкеміздің мол көмірсутегі қоры орталықты қызықтырғанмен, оны игеретін білгір мамандар әлі де тапшылық етті. Сондықтан, Республиканың өз ішінде техникалық жоғары оқу орнын ашу күн тәртібіне өткір қойыла бастады. 1932 жылы Бүкілодақтық геология комитетінің шешімімен Семейде рабфак және мектеп-техникум базасында геологиялық барлау институты құрылды. Институт орталық геологиялық комитет есебінен қаржыландырылғанымен материалдық базасы нашар, көп қаржы талап етті. 1933 жылы 20 қыркүйекте KCPO халық комиссарлар Кеңесі Алматыда тау-кен металлургия институттан ашу туралы қаулы қабылдады. Отын өнеркәсібі комиссиариаты оқу бөлімі бас басқармасының шешімімен Семей геологиялық барлау институты 1933 жылы 28 тамызда жабылып, осы жылы 27 қыркүйекте оның 121 студенті, 9 лаборатория, 25 мың дана кітап қоры, 3 оқытушысы Алматыға ауыстырылып тау-кен металлургия институтына қосылды. 1934 жылы 1 қыркүйекте институтта бір факультет - геологиялық барлау, 2 мамандық: кен және кен емес қазбаларды барлау, инженерлік гидрогеология және 145-студент білім алды.
1935-1936 жылдары кен орындарын пайдалану, түсті және ауыр металлургия мамандықтары ашылды.
Осы жылдары институттың 10 кафедрасында 22 оқытушы қызмет жасады.
1933 жылдың 15 желтоқсанда институтта дайындық курсы ашылып, онда 150 тыңдаушы білім алды.
1933-1938 жылдары институтты Әмір Жаналыұлы Бүркітбаев басқарды. Ә.Бүркітбаев Орал өнеркәсіп академиясын бітірген, Риддерде қалалық партия 41
комитеті хатшысы, өлкелік комсомол комитетін басқарған тәжірибелі инженер- ұйымдастырушы болды. Геологиялық барлау факультетін ғалым-геолог, профессор В.А.Глазковский басқарды.
Факультетте ірі ғалымдар Н.К.Скаковский, В.П.Гуцевич, А.Ф.Войцеховский, Е.Д.Шлыгин жұмыс жасады. И.И.Бак, Г.Ц.Медоев, И.П.Новохацкий, П.М.Кошулько, И.З.Лысенко сияқты талантты ғалымдармен қоян-қолтық қазақ инженер-геолог мамандары: Мәскеу тау-кен академиясы тулегі М.Х.Мамыров, Бауман атындағы МВТУ түлегі Х.Т.Бектасов, М.Н.Азербаев болашақ инженер-геологтарды даярлауға өз үлестерін қосты.
1937 жылы маусымда институтты 11-геолог, 15 гидрогеолог бітіріп шықты. Олардың ішінде диплом жұмысын Губкин атындағы Мәскеу мұнай институтында қорғаған К.Бакиров болды. Ол кейін Ақтөбе мұнай-барлау тресті ғылыми-зерттеу лабороториясы директоры болып қазмет атқарды. Институтты 1938 жылы 29 маман, 1939 жылы 56 маман, 1940 жылы 88 маман бітірді. Институт түлектері еліміздің қазба байлығын зерттеп ашып, халық игілігіне айналдыруда қыруар істер атқарды [6].
Геолог мамандарды дайындауда біршама ілгерлеу болғанмен мұнай өндірісі үшін маман дайындау әлі де орталықтың қолында болды.
Бұл бағытта 1940 жылдары талпыныс болғанымен, мамандардың тапшылығына байланысты аяқсыз қалды.
ГІайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- Атырау облыстық мемлекеттік мұрағаты 193-қор, 3-тізім, 3-іс.; Игілік Қ.Ә., Есқазиев 0. Өмір жолы өнеге. - Алматы, 1996.
- Атырау облыстық мемлекеттік мұрағаты 193-қор, 3-тізім, 2-іс.
- Баспаев К. Мұнайды фонтанды әдіспен және терең насоспен өндіру. Алматы: Қазақстан мемлекеттік баспасы, 1964. - 99 б. Соныкі. Мұнай скважиналарын терең насоспен пайдалану мастер, оператор, техникум оқушылары, қолөнершілері мектебі және ФЗО үшін арналған оқу құралы. -Алматы: Қазақтың Біріккен Мемлекеттік Баспасы, 1948; Баспаев К.Б., Нурсултанов Г.М., Тастанбекова. Мұнайшыларға арналған орысша-қазақша сөздік. - Алматы, 1991. - 27 б.
- Атырау облыстық мемлекеттік мұрағаты 1-қор, 2-тізім, 28-іс.
- Атырау облыстық мемлекеттік мұрағаты 193-қор, 4-тізім, 16-іс, 7-12 пп.
- Тастанов Ш., Шибанов Г. Первые кузницы инженерных кадров. - Алма-Ата, 1966. - 142 с.; Тастанов Ш., Розенберг Ц. Казахский политехнический институт. - Алма- Ата, 1967. - 44 с.