Андатпа
Бұл мақала Хамит Ерғалиевтің әдеби мұрасы - лирикалық туындылары, дастандары тақырыптарына сай талданылған.
Сонымен бірге ақынның қазақ әдебиеті тарихынан алар орны терең сипатталып ұсынылған.
НЕПЗП БӨЛІМ
XX ғасырдың 50-60 жылдарынан бастап қазақ әдебиетінің поэзия жанрында ізденістер мен тың тақырыптарға беталыс байқала бастады. Бұл қоғамдық дамудың өзгешеліктерінен туған заңдылық болатын. XX ғасырдың II жартысынан бастап қазақ өлеңі тақырып жағынан да, көркемдік болмысы жағынан да қайта жаңарып, өрлей бастады. Лирикалық поэзияда сол заманның өзекті проблемалары: кеңес адамдарының Отаншылдық сезімі, кешегі болған соғыс пен бейбітшілік туралы, халықтар достығы, адамгершілік, этика мәселелері кең жырланды. Осы тақырыптар арқылы ақындар азаматтық көзқараспен, өмірді сүюді, патриоттық сезімді қалыптастыру мәселелерін ашуға тырысты.
Ақжал ағысы, көкбұйра толқыны бар Жайық өзенінің жағасында 1916 жылдың 14 қазанында дүниеге келіп, ақындық сапарында туған өлкесінен бастаған, көзі тірісінде-ақ қазақтың ақиық ақыны аталған Хамит аға Ерғалиевтің шалқар шабытты өлеңдері мен жырларын мәңгі шалқып жатқан Ақ Жайыққа ұқсатуға болады. Оған ақынның жүрек түбінен жарып шыққан:
Ерке өзенім, шабытымдай байыпты, Тербетеді-ау желкендерін қайықтың!... Қарлығаштың қанатына су шашпай, Тыныш жатқан күні бар ма Жайықтың, -деген өлең жолдары дәлел болады.
Заманының заңғар ақыны қазақ әдебиетіне өзінің дара ізін қалдырған Хамит Ерғалиев - қазақ оқырмандарына кең тынысты, этикалық үн туындыларымен барынша танымал болған суреткер. Ол - қырыққа жуық кітаптың авторы. Оның ішінде жиырмаға жуығы дастан - поэмалар. Хамит Ерғалиев Пушкиннің, Ломоносовтың, Шекспирдің, Байронның, Назым Хикметтің, Павло Неруданың, А.Сурковтың және басқа да көптеген ұлт ақындарының шығармаларын қазақ оқырмандарына таныстырып өтті. Ақынның төл туындылары да, венгер, тәжік, қырғыз т.б. тілдерге орыс тілі арқылы аударылып, танымал болды.
Кезінде академик жазушы З.Қабдолов «Хамит Ерғалиев - жапанға біткен жалғыз қайың емес, қазақ әдебиетінің құнарлы топырағында заманымыздың нұр шұғыласына белене жайқалып өскен көк ормандай көп қайыңның бірі. Демек, Хамиттің қадір-қасиетін сөз ету қазақ әдебиетінің қалаулы сипаттарын байыптау екеніне дау болмаса керек»,-деген болатын.[1] Бір айта кетерлік жайт, академик, жазушы, ғалым, ұстаз З.Қабдоловқа халық жазушысы Хамит Ерғалиев қазақ әдебиетінен сабақ берген екен. Хамит ақынға балаң ақын шәкірт сөзсіз еліктейді. Ол көркем әдебиетті жастанып оқи жүріп, өзі де өлең жаза бастаған. Жетінші сынып оқушысы Зейнолла Қабдоловтың қаламынан туған тұңғыш өлеңінде туған жер табиғаты әсем көрініс береді. Бұл аталған дерек көзін филология ғылымдарының докторы, профессор, ақын Қ.Жүсіптің «Қазақтың Қабдоловы» романынан кездестірдік. Шын мәнінде де қазақтың екі алып тұлғасы Зейнолла аға Қабдоловпен қазақтың ақиық ақыны Хамит Ерғалиев өмір бойы бір-бірін үлкен сыйластықпен, қадірлеп, қастерлеп өткен адамдар. Хамит аға дүниеден өткеннен кейін де ұлы ұстаздың дос - ағасын сағынышпен, ыстық ілтипатпен еске алғанының куәсі болдық.
Оның бір дәлелі менің кандидаттың диссертациямның тақырыбын таңдап, бекіту барысында өзіме үлкен қамқор болған ұлы ағаларымыз академик З.Қабдолов пен ф.ғ.д; профессор Заки Ахмедовтың диссертация жұмысының бір тарауын Х.Ерғалиев арнауға, жан-жақты талдауға бағыт-бағдар бергені еді.
Бүгінгі дәуір шындығында да, тарихи тақырыптарға да батыл барып, осы тақырыптағы тың дүниелерді әкелген Хамит аға ұлттық әдебиетімізге өзіндің қолтаңбасымен келіп, поэзия жанрындағы лириканың ең бір керемет, сұлу да сазды түрі сонет жанрының қалыптасуында үлкен еңбек етті. Ағылшынның ұлы перзенті У.Шекспирдің тұңғыш рет қазақша сөйлетіп, өзі де 200-ден астам сонет жазды. Тақырыптық диапазонының ауқымды, әсіресе ел тәуелсіздігін жырлауы, халықтың қуанышы, көк байрағымыздың көк аспанда желбіреп, бүкіл әлемге Қазақстан деген ел бар екенін мойындатуы ақынды тағы бір танытқандай еді:
Көрікті елдің көк туы үстімізде, Тәуекел деп түспеген, түстік ізге. Алдамшы емес, бұл жолы шын бұйыртқай, Құдай шебер бақ дейтін құсты бізге..., - деп жырлай келе, бүгінгі күннің аса маңызды мәселесі - бейбітшілік, халықтар достығы, ел тыныштығын тереңнен толғайды.
Тарихи тақырыптағы өлеңдер циклында арнау өлеңдерінің де орны ерекше. «Ата-баба рухына бағыштаған жырлар» топтамасында тарихи тұлғалары Әз Төле, Қазыбек би, Әйтеке билердің қазақ халқы өміріндегі орнын баяндайды.
Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту кезеңінде ұлттық әдебиетімізге терең тамырмен қашалып жазылған ескерткіш десек артық айтқандық емес.
Эпик ақын Хамит Ерғалиев қазақ әдебиетінде поэма жанрын сапаландыру, оны жаңа нақыштармен байыту, дамыту жолында айтарлықтай еңбек сіңірді. Жалпы ақын поэмаларын жазар алдында біраз даярланады екен [2]. Шығармаға қажетті материалдар жинау, тіпті кейбір шағын өлеңдердің дастанға айналуы да қаламгер шеберлігін тағы бір қырынан танытса керек. «Оралдағы отты күн» дастаны туралы былай деп естелік айтады: «Бір таяқты ақ боз ат, екінші таяқты ақ қылыш ретінде пайдаланып, батыр боп шапқылаған балалық шағым ерлікке уыздай ұстаған махаббатымның мәйегі еді. Кейін өзім эскадрой командирі болып, тап сондай ақ моншақ ат мінгенде, тап сондай қара бураны иыққа бос жамылып, санат бастаған сағатта батырға деген бастапқы бала махаббатың есеймеске ел сенімін ерекше жүктеген ер тағдырының асыл да аянышты, қатал қалпын қаным арқылы сезінбеске шарам қалмады. Күндердің күнін де ,соның соңы да әлгіндей бір дастанға айналды. Ал «Аңыз ата» поэмасы туралы: «Тарас Шевченко»туралы жазылған «Аңыз ата» әр жылдарда жазылған өлеңдерімнен соң барып қана қолға алынды»,-дейді.[2]
Ақынның еркін қалам тербеп, толғаған тақырыбы - еңбек тақырыбындағы дастандары, ондағы жаңа дәуір суреттері. «Біздің ауылдың қызы», «Сенің өзенің», «Үлкен жолдың үстінде» еңбек адамдарының бейнесін жаңа қырынан береді, заман тақырыбын терең сезіммен тебірене жырлайды. Тарихи тақырыптар мен өнер әлеміне де қалам тербеген ақынның «Құрманғазы,» «Күй дастан» поэмалары - өнер тақырыбындағы құнды жәдігерлер. Автор «Құрманғазы» дастанында тек күйші мен күйшілік өнер туралы емес, оның бейнесі арқылы халық өмірінің шындығын, тағдырын, әлеуметтік хал-ахуалын, әйел теңсіздігі мәселесі мен халықтар достығын қоса көрсете білді. Ол туралы ақын өзінің «Жақсыдан шарапат» кітабында тереңнен тебірене еске алады. Ал «Куй дастан»- қазақтың алғашқы композиторы, домбыра үнін ұлттың әуелеген ән әлемімен теңестіріп, оркестр мен операға жеткізген Ахмет Жұбановқа арналған поэзия әлеміндегі портреті. Жалпы, Хамит Ерғалиев поэзиясының негізгі арқауы - адам болмысы. Ол адамды физиологиялық, психологиялық, этикалық, эстетикалық және философиялық-әлеуметтік құбылыс ретінде үнемі зерттеген. Ақын адам болашағына, оның рухани ішкі әлеміне және қуатына сенеді. Жан, табиғат, қоғам, тағдыр мәселелерін сөз еткенде, ондағы адам орнын ізденіспен көрсетеді.
ҚОРЫТЫНДЫ.
Хамит Ерғалиев тек қана ақиық ақын емес, ол - публицисит қаламгер [3]. Осы жанрда да ол көптеген қаһарман-кейіпкерлерді дүниеге әкелді. Қорыта келгенде айтарымыз, Хамит Ерғалиев - XX ғасырдағы поэтикалық жанрды гүлдендірген бірден-бір санаулы эпиктердің бірі. Қаламгердің шығармашылығы мен ақындық әлемі әлі де терең зерттеулерді қажет етеді. Өйткені ақиық ақын шығармашылығы оқырман қауым мен әдеби сынның сыншыл сынынан, биік талғамынан әу бастан-ақ кідірмей, мүдірмей өтіп, қазақ әдебиетінде мәңгі өшпес із қалдырды.
Әдебиеттер тізімі:
- Қабдолов 3. Әдебиет теориясының негіздері. Алматы: Мектеп, -1970.
- Ерғалиев X. Жақсыдан шарапат. Алматы: Жазушы, -1989.
- Сейітов С. Өлең өлкесінде. Алматы: Жазушы, -1971.