Аңдатпа
Мақалада балалар түсінігіне лайықталған ақындардың өлеңдері мен поэмалары талданады. Балаларға арналған реалистік поэмалар заман шындығының суреттелу, балалар өмірі, психологиясының бейнелену сипатын көрсетеді.
1990 жылдары ертегіге, аңызға, мысалға негізделген фольклорлық дәстүрдегі балалар поэмасы жанрының даму тарихына ықпал етсе, осы кезеңдегі өмір шындығын бала танымына сай бейнелеуге арналған реалистік поэмалармен эпикалық жанр толыққандығы да танылады. Жалпы «Қазақ эпикалық поэзиясында тақырып аясы, сюжеттік желі, суреттелетін кезең, орта әр алуан. Bip поэмаларда өткен дәуір елесі суреттеліп, тарихи адам бейнесі жасалса, екіншісінде сұрапыл соғыс зардабы, адамдардың жүрегіне салынған жара, ауыр тіршілік, оптимистік рух бейнеленеді. Bip қатарында бүгінгі заман, бейбіт еңбек көрінісі, адамгершілік идея мәселелері көтеріледі» деген ғалым Қ.Алпысбаевтың түйіні біз қарастырғалы отырған балалар поэмасына да тікелей қатысты. Балалар мен жасөспірімдерге арналған реалистік поэмалар жанры мен рухани табиғатына үңілсек те үлкендерге арналған интеллектуалды поэма түрлерімен сабақтасып жатыр. Балалар әдебиетінде мемлекет қайраткерлерінің балалық шақта қоғамнан көрген қысымын, әкесі Рұсқұлдың көрген қорлығының бала Тұрардың өміріне әсерін, балалық шақтағы тағдыр тауқыметін жас оқырманның қабылдауына лайықтап, ықшамдап суреттеген ақын - Н.Әлімқұлов. Поэмада балалық шақта қанша қиындық көрсе де, сол қиындыққа мойымаған бала бейнесін сомдайды. Поэманың ұтымдылығы біріншіден, оқиғаның ықшамды өрбуінде, екіншіден, автор балалар ақынына тән концепциядан алшақ кетпеуінде. Н.Әлімқұлов қиындықтан шыңдалған мемлекет қайраткерінің тарихи тұлғасын таныту үшін, лирикалық кейіпкердің балалықта көрген ауыр өмір жолы арқылы дәлелдейді. Әкенің көрген қорлығымен астасқан Тұрардың балалық шағындағы тағдырының қоғамдық-әлеуметтік астары ашылған. М.Жаманбалиновтың «Ақын бала» поэмасының лирикалық кейіпкері - Мұса (түптұлға - ақын, әнші, композитор Иса Байзақов). Ақын кейіпкердің мінез ерекшелігін суреттей отырып, оның бойындағы өнерді алға шығаруды мақсат еткен. Поэмада 1916 жылға қазақ және басқа да аз ұлт жастарын майданның қара жұмысына алу туралы жарлығына байланысты қазақтың кейбір бай-болыстарының парақорлық әрекеттерін суреттеп, бала қабылдауына шындықты танытады. Бала түйсігіне заман шындағын жеткізу үшін 7-8 буын өлең өлшемін қолданып, оқиға желісі мен стильді ықшамдай білген. Түптұлға Иса Байзақовтың ақындығын ашарлық психологиялық суреттеулер, иірімдер жетпей жатқан жақтары бар. М.Жаманбалиновтың «Батыр ұстаз» поэмасында Ұлы Отан соғысының Батыр Серікбай Мүткеновтың жауынгерлік ерлігін толғайды. Халық ұғымында батыр тұлғасын бейнелейтін дәстүрлі көркемдеу құралдарын қолдана отырып, қаһарманға тән образды мүсіндейді. Ақын суреттеу тәсілінің бір түрі - салыстыру, қарама-қарсы қою әдісін пайдаланып, жауынгер тұлғасын биіктете түседі. Поэмада кейіпкердің ерлігін, тұлғасын, қимыл-әрекеті, ішкі сезімі, жан дүниесінің нәзік қылдарын авторлық сипаттама, мінездеу, портреттік деталь, салыстыру, табиғат көріністерін суреттеу тәсілдерімен ашады.
Қазіргі қазақ эпикалық поэзиясында еліміздің өткен тарихын, әсіресе, жоңғар-қалмақ шапқыншылығындағы қазақ батырларының ерліктерін, тарихи тұлғаларын танытатын балаларға арналған туындылар сирек. Осы тақырыпта жазылған санаулы поэманың бірі - Н. Айтовтың «Қабанбай батыр» атты қаһармандық поэмасы кіші жастағы балаларға арналған. Жалпы, жеке авторға тән «Қабанбай батыр» поэмасы халықтық фольклорда айрықша орын алатын батырлық туралы эпостар мен рухани өзектес, тіпті стильдік, көркемдік жағынан да жақындығы байқалады. Поэмада Қабанбайдың ерлігін жырлай отырып, болашақ ұрпақтың ел, жерді қорғай да, сақтай да білсін деген тұғырлы идеясы, анық мақсаты көзделген. Қаһармандық поэма болғандықтан өрекпіген сезімдер, дүрліккен қимылдар, жауға аттанған халық кегі, батырдың ашулы келбеті, жаудың сесі - бәрі поэмаға эр берген. Осы бір ерекшеліктер Қабанбай бейнесін аша түседі.
1980 жылдарда балаларға арналған реалистік поэмалардың көбі соғыс жылдарындағы бала тағдыра арналды. Соғыс жылдарындағы балалар тағдырының нақтылы көріністерінің, сезімдерінің, балалық мінез-қылықтарының нәзік иірімдерін бейнелеуде әсерлі туындылар бар. Ә. Ахметовтың «Тырау-тырау тырналар» поэмасына Американың Жапон қаласы Херосимаға атом бомбасын тастап, жапон ұлтына әкелген қазіреті арқылы болған. Поэмадағы «999 тырна» - жарасымды тірішілік, бейбіт өмірдің белгісі. Тырна жайлы анасы айтқан аңызды Садаконың еске алуынан балаға тән психология көрінеді. Жапон еліндегі қыз-балалардың дәстүрлі мерекесін («Шабдалы гулдегенде») алуы да ұлттық ерекшелікті сақтауымен қатар, лирикалық кейіпкердің көңіл-күйін аша түсуге ықпал еткен. Ақын поэмада бейбіт өмірдің мәні мен соғыс зардабын қабыстыра суреттей отырып, өмірсүйгіштікті алға шығарады.
Қ. Жұмағалиев «Таба нан» поэмасында Ұлы отан соғысы жылдарындағы тыл өмірінің ауыртпалығын 7 жастағы бала әрекеті арқылы көрсетеді. Бір ғана бала әрекетімен Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қаншама тыл оқиғасын жеткізіп отыр. Қарны ашқан, аштық қысқан баланың нанды анасы келгенше жеп қою - қарапайым өмірдің қасіретті шындығы. Оқиғаның бірінші жақта баяндалуы лирикалық кейіпкер мен оқырман арасын жалғастыра түсіп, сол заманның ауыртпалығын дәлелдейді.
Қ. Ыдырысовтың «Отты күндерде» поэмасы балалар тағдырына құрылған. Ақын Ұлы Отан соғысы жылдарындағы әлеумет өмірін, елбасына түскен ауыртпалықты бала кейіпкер тағдыры арқылы суреттеп берген. Автор поэмасындағы кіріспе толғаныста бала психологиясының ескерілмеуі, бала характері мен авторлық баяндаудың қабыспауы, бала харатерін ашарлық баяндаудың жоқтығы тәрізді кемшіліктер кедескенмен де, соғыс шындығын бала қабылдауына лайықты суреттеуі ұтымдырақ. Мұнда соғыс жылдарындағы қазақ ауылының адамгершілікке толы моральдық бейнесі жасалған.
Қ. Баянбаевтың «Ақжал» дастанына Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тыл оқиғасы арқау болған. Поэма кіріспесінде қазақтың атбегілік кәсібін сипаттап, оқырман танымына орнықтырады. Атбегі қартқа барлық жұрттың тай-құлындарын сынатуын бейнелеуде де ұлттық ерекшелікті көрсететін сыншылдық өнерден сыр тартады. Ақын бәйге атының сыры мен оқырманды таныстыра отырып, ұлттық тәрбиені ескереді.
С. Қалиевтің «Қасиетті тақия» поэмасы бабалар рухын бағалауға арналған. Поэма оқиғасы халықтық тәрбиемен де ұштасып жатыр. Автор поэма оқиғасын 8 буынды өлең өлшемімен баяндап, бала қабылдауына жинақы жеткізе білген. Әкенің дарға асу кезінде баласына тақиясын қалдыруы бала көңіл-күйіне эсер етерліктей дамиды. Тақия символдық нышаны бар ұлттық рух тәрізді. Әжесінің немересін бабасына ұқсатуында тағылымдық ой жатыр. Лирикалық кейіпкердің балалармен ренжіскен сәтте әжесінің тақияны кигізуі, көз жасын тыя қоюы бала психологиясын танытуға ұмтылысын байқатады. Автор поэмасының ұтымдылығы бабалар рухын таныта білуінде, қазақи түсінікте жазылуында.
Ә.Ахметовтың «Қасиетті қан» поэмасы қайырымдылық тақырыбына арналған. Лирикалық кейіпкер әрекеті арқылы (ауру бала үшін қанын беруі) болашақ ұрпақ өмірінің қымбаттылығын суреттеп, ізгілікті балаларға тағылым тұтпақ. Aypy баланың халін суреттудегі авторлық баяндау психологиялық толғанысқа толы. Баланың қоршаған ортасында күнделікті өмірде кездесетін таныс оқиғаны ала отырып, тіршілікте өмірдің қымбаттығын танытады. Автор туындысында еңбек пен адамгершілік тақырыбының тұтастығын көреміз.
Ә.Рақымбековтың «Теңіз тақсіреті» поэмасына Арал теңізінің трагедиясы арқау болған. Поэмада ақын қолданған шығармашылық стиль - диалог. «Теңіз тақсіреті» - драмалық тартысқа толы поэма. Поэма естияр балаларға арналған. Суы тартылып, тұзы шыққан Арал теңізіндегі адам тағдырын танытуды көздейді. Автор оқиғаны қарапайым тірліктен бастай отырып, күрделендіре түседі. Бір отбасылық оқиғаны суреттей отырып, оның конфликтісін шиеленістіре келіп, жалпы әлеуметтік, адамзаттық мәселелер деңгейіне күрделендіре көтереді. Экологияның бұзылуы, адам баласының табиғат теп-теңдігін сақтамауы, адамдардың рухани жұтаңдауына ұшырауы секілді бір-бірімен тығыз байланысты әлеуметтік-қоғамдық мәселелер кең ашылады.
А.Сопыбековтың «Борандағы тунде» поэмасында автор боранмен арпалысқан баланың жан әлемінің толғанысын, бала харатерін суреттеуден гөрі боран си паты н бейнелеуге басым, «Қырдағы айқаста» автор жайлаудағы екі баланың әрекетін қасқыр мен Ақтөбет иттің шайқасын ұзынсонар суреттейді. Бала характерін, толғаныстарын ашарлық, эсер берелік көркемдік деталь қажет. Бала мінезі сан алуан қырымен танылатын поэмалар бар. Ж.Кәрбозиннің «Кербақаймен кездесу», «Тампай деген бала бар» поэмалары кейіпкердің характерін оқиға шапшаңдығымен, оқиғаларды тез алмастыра отырып суреттеуімен ашқан. Поэманың тартымдылығы кейіпкердің қимыл, әрекетін сипаттау басымдығында. Кез келген баоа оқырман туындыны оқи отырып,өздерінің балалық қылықтарындағы қателіктерін сезінерліктей суреттелген. А.Асылбековтың «Егіздер туралы ертегі» балалар тәрбиесі үшін мәні болғанымен, ертегі жанрына тән ерекшелік сақталмаған. Ертегіге тән ғажайып оқиғалар өрбімей, лирикалық кейіпкердердің ертегі кейіпкерлеріне тән әрекеттерден сырт қалған. Оқиға реалистік сипатта жазылған. Сондықтан бұл туындыны ертегі поэма ретінде қарастырғаннан гөрі, реалистік поэма деп санау керек. Жаңа жыл кешінде Аяз Атаны алдап, силық алуы, бірінің орнына бірі сабақ айтуы, бокста кезек-кезек шығу - балалар өміріндегі кездесетін қылықтар. Ақын балалар бойында кездесетін кері мінездерді, таныс әрекеттерді нақты, дәлме- дәл сипаттауы ұтымды.
Қ.Баянбайдың «Қалау» атты поэмасында әскердегі ағасын сағынған кішкентай інісінің тосу, қарсы алу, қуану, ағаға еліктеу сезімдері балаға тән психологиялық мінез иірімдері нәзіктікке толы. Оқиғаны кейіпкердің өз атынан баяндау әдісі мен қызғылықты ойынға ұқсас тәсілді ұштастыра жазған. Бұл поэмадағы ақынның айтар ойы: болашақты армандау, азамат болуға ынтығу.
Реалистік поэмалардың бірнеше сипаттары көрінеді: тарих оқиғасын суреттеу арқылы сол дәуірдің рухани-адамгершілік бейнесін ашу epic алды; психологиясын игеруге балалар характерінің әр алуандығын, даралығын танытуға ұмтылыс байқалады; баланың көркемдік образ ретінде тұлғалануына мән берілді.
Әдебиеттер тізімі
- 1 Әдебиеттану терминдерінің сөздігі. - Алматы: Ғылым, 1998 - 246 бет.
- Ахметов К. Әдебиеттануға кіріспе. Оқу құралы. - Қарағанды: Арко, 2004.
- Нұрғалиев Р. Телағыс. Әдеби дәстүр мен әдеби даму: Монография. -Алматы: Жазушы, 1986.
- Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы. - Алматы. Мектеп, 1969.
- Байзақов И. Өлеңдер жинағы - Алматы. Мектеп, 1968.