Түйін
ҚР ДСМ баспасөз қызметі мәліметі бойынша 2020-2021 жылдары кездесу жиілігі бойынша сүт безі обыры 1-ші орында да өлім деңгейі бойынша 4-ші орында болған. Обырдың кездесу жиілігіне тікелей әсер ете алмасақ та одан келетін өлім деңгейін азайтуға мүмкіншілік бар-ол ісікті ерте анықтау. Мемлекетімізде енгізілген скрининг тәсілі оның айғағы. Бірак осы тәсілді елемей, дер кезінде тексерілмей жүретіндер де кездеседі. Мақалада Шымкент «қалалық онкологиялық орталықта» кездескен осындай клиникалық жағдай туралы баяндалған. Авторлар тұрғындардың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы керектігін, біріншілік звенодағы медициналық қызмет дәрігерлерінің онкологиялық сезімталдығын арттыру керектігін ескертеді.
Кілт сөздер: онкология, сүт безі обыры, ісік ыдырауы, оперативті ем, скрининг.
Дүние жүзі бойынша онкологиялық аурулардың жыл өткен сайын жиілеп жатқандығы белгілі. Сонымен қатар осы ауру салдарынан өлім жиілігі де төмендемей келеді. Онкологиялық аурулар салдарынан өлім деңгейін төмендетудің тиімді тәсілдерінің бірі ол ісікті ерте анықтау. Ерте анықталып, дер кезінде радикальды ем тағайындалған науқастарда толық айығып кету, өмір сүру саны мен сапасын арттыру мүмкіншілігі көп екендігі айқын. ҚР онкологиялық аурулардың алдын алу және ерте анықтау мақсатында скринингтік тексеру жүйесі жұмыс жасайды. Нәтижелілігі де жаман емес. Бірақ кейде бұл жүйенің де толық жұмыс істемейтін кездері болады, ісіктердің даму сатысы өтіп, асқынған жағдайда алғаш рет дәрігерге қаралып жатқан кездері де кездесіп жатады.
Осы мәселелерді талқылай келе, халықаралық ғылыми берілімдердің электронды базасын негізге ала отырып, Ресей ғалымы Левшин В.Ф. онкологиялық аурулардың, оның ішінде сүт безі обыры да бар, біріншілік алдын алуда тұрғындардың жаппай диспансеризациясының маңызы зор екендігін айтқан[1].
Осындай жағдайлар бойынша, скрининг тәсілдерді жүргізгенде тұрғындардың региональдық, мемлекеттік, діни көзқарастары мен бұқаралық сауаттылығына, әлеуметтік- экономикалық деңгейі мен демографиялық ерекшеліктеріне де назар аудару керек[2]
Сүт безі ісігін заманауи емдеу тәсілінде, емді химиотерапиядан бастаудың тиімділігін, соңғы нәтижесінің біршама жақсы болатындығы да ғылымда белгілі. Бұл жағдайда да, (операция алдылық химиотерапия) ісіктің ерте сатыларындағы ем нәтижелілігі оның таралған түрлеріне қарағанда едәуір жақсы [3]
Жасы 65 тен асқан әйелдер арасында кездесетін сүт безі обырын емдеу тәсілдері мен оның нәтижелілігін зерттей келе ғалымдар, ісіктің бастапқы сатыларында жасалған радикальды операциядан кейін тағайындалған сәулелік емнің тиімділігі едәуір жақсы екендігін дәлелдеген[4].
Сүт безі обырында қолданылуы кеңейіп, жиі жасалып келе жатқан пластикалық операциялардың бірі ол жергілікті липофилинг тәсілі. Радикальды операциялар кезінде ісік маңындағы, метастаздық зардапталған, регионарлы лимфа түйіндерінің қоса сылынуы шарт. Сондықтан даму сатысы өткен, сүт безі ісіктерінің жайылған түрлерінде толыққанды жергілікті тіндер көмегімен реконструктивті операциялар жасау өзіндік қиыншылықтарға ие[5].
Әдеби берілімдерді талқылай келе барлық ісіктер сияқты сүт безі обырының да емінің бастапқы сатыларында нәтижелілігі жоғары болатыны көрінеді. Елімізде сүт безі обырын ерте анықтау мақсатында жасалып жатқан ісшараларға қарамай, сирек те болса ісігі асқынған
науқастар кездесіп жататыны жоғарыда айтылды. Шымкент ҚОО кездескен осындай жағдаймен бөлісуді жөн санадық.
Науқас К. 63 жасар, қала тұрғыны. Қант диабетімен эндокринологта «Д» есепте тұрады. Шымкент қалалық онкологиялық орталық емханасына сол жақ сүт безінің шамадан тыс ұлғаюына (ісінуі), қатайып, сыздап ауыруына, беткейі жараланып, қанды бөлінді шыға бастауына шағымданып түсті. Анамнезінде; ауырғанына 6 ай шамасы, бастапқыда жай түйін болып басталған сүт безіндегі түзілім, біртіндеп ұлғайып, сыздап ауыра бастаған. Сүт безіндегі өзгерісті білгенімен науқас тиісті мән бермеген, дәрігерге ауруы асқынып, ойық жаралар пайда болып, қанды бөлінді шыға бастағанда ғана қаралуға мәжбүр болған.
Скрининг бойынша тиісті тексеруге келмеген, қаралмаған.
Обьективті; жалпы жағдайы, орташа ауырлықта. Тері жамылғысы бозғылттау, біршама құрғақ. Ішкі ағзалары бойынша өзгерістер жоқ. Тыныс алуы мин 20 рет, өкпеде везикулярлы тыныс, сырылдары жоқ. Жүрек соғу жиілігі 86 р /мин., АҚҚ 150/90мм.с.б.
Локальды; сүт бездері ассимметриялы, сол сүт безі едәуір, 3 еседей, үлкен, жалпы диаметрі 27x30 см.
Ісік сүт безін толығымен қамтыған диаметрі 20,0х20,0 см. Беткейі визуальды көгеріңкі, біртегіс емес, бірнеше жерінде, сірілі геморрагиялық бөліндісімен ойық жаралы аймақтары бар. Пальпацияда қатқыл консистенциялы, кедір бұдырлы, жергілікті босаңсыған аймақтары бар, аздап ауырсынады (суретте).
Тексерулер нәтижесінде науқасқа «Сол сүт безі обыры, T4N1M0, ST III» диагнозы қойылды.
Бөлімшеде толық тексеруден өткізілген соң оперативті ем, сүт безінің кең ауқымдағы Madden бойынша радикальды мастэктомиясы, лимфодиссекциясымен жасалды. Макропрепарат; сылынып алынған сүт безі, жалпы салмағы 11,5 кг. Морфологиялық зерттеуге жіберілді. Гистологиялық зерттеу № 2975-76 нәтижесі; кең ауқымды некроз ошақтары бар «қатерлі филлойдты ісік» G II.
Операциядан кейінгі кезең бірқалыпты, асқынусыз өтті, жара біріншілік тартылумен жазылды, тігістері 11-12 тәуліктерде алынды. Науқас үйіне жергілікті онколог бақылауына шығарылды. Операциядан кейінгі кезеңде қатаң бақылауда болу, операциялық материалдың гистохимиялық талдауы дайын болған соң, соған сай химио, таргетті терапиялар алу ұсынылды.
Қорытынды: Әдеби берілімдер мен орын алып отырған жағдайды ескере келе ҚР деңгейінде жасалып жатқан сүт безі обырының алдын алу және оны ерте анықтау бойынша скринингтік іс шаралардың жергілікті медициналық мекемелерде толық іске аспай жатқандығын көруге болады. Оның себептерін саралар болсақ, тұрғындардың арасында өз денсаулығына немқұрайды қарайтын адамдардың баршылық екендігін, сонымен қатар біріншілік звенодағы медициналық қызметкерлердің ЖТД, аймақтық онколог, маммолог, т.с.с. өз жұмыстарына атүсті қарайтындығын көруге болады.
Бұндай жағдайларды болдырмас үшін ұсыныстар;
- халықтар арасында бұқаралық ақпарат құралдарын, пайдалана отырып, жергілікті жерлердегі үгіт насихат жұмыстарын жақсарту арқылы тұрғындар арасында өз өзін қарау, және емханалық, аймақтық дәрігермен жүйелі түрде қаралып тұру керектігін ұғындыру.
- Онкологиялық аурулардың біріншілік және екіншілік алдын алу шаралары бойынша ағарту жұмыстарын кеңінен жүргізу.
- Жалпы жүйедегі дәрігерлердің емханалық ЖТД, терапевт, хирург, гинеколог, т.б.да дәрігерлердің онкологиялық сезімталдығын арттыру бағытында жүмыстар жүргізу.
- Левшин В.Ф. Первичная профилактика рака молочной железы. Профилактическая медицина. 2021;24(11):117-125.
- Дроздова Л.Ю., Иванова Е.С., Егоров В.А., Раковская Ю.С., Лищенко О.В. Выявление онкологической патологии в целевых группах взрослого населения. Профилактическая медицина. 2021;24(12):84-88.
- Волкова Ю.И., Зикиряходжаев А.Д., Волченко Н.Н., Казарян Л.П., Старкова М.В., Джабраилова Д.Ш., Максимов К.В. Диагностика сторожевого лимфатического узла при проведении неоадъювантной химиотерапии. Онкология. Журнал им. П.А. Герцена. 2021;10(6):100-105.
- Ортабаева Д.Р., Зикиряходжаев А.Д., Рассказова Е.А., Сарибекян Э.К., Хмелевский Е.В. Вариант лечения рака молочной железы I стадии у больных старше 65 лет. Онкология. Журнал им. П.А. Герцена. 2021;10(5):55-60.
- Бит-Сава Е.М., Дамениа А.О., Моногарова М.А., Курбанова М.Г., Власенко А.В. Оценка безопасности липофилинга у больных раком молочной железы. Пластическая хирургия и эстетическая медицина. 2020;(2):53-56.