Түйін
Мақалада Оңтүстік Қазақстан флорасының несеп айдайтын қасиетке ие дәрілік өсімдіктері сипатталған, өсімдіктердің таралуы, химиялық құрамы келтірілген, олардың негізінде несеп айдайтын жинақ құрамы ұсынылады.
Кілт сөздер: Қазақстан флорасы, дәрілік өсімдіктер, жинақ, кәдімгі түйежантақ, қызыл таспа, кәдімгі арша.
Біздің мемлекетіміздің негізгі міндеттерінің бірі халықтың денсаулығын жақсарту мен оны дәрімен қамтамасыз етуді дұрыс қолға алу. Бұл тапсырманың бір шешімі ретінде денсаулық сақтау тәжірибесіне жаңа әсерлі дәрілік заттарды, соның ішінде өсімдік тектес препараттарды дамыту және енгізу қарастырылған [1]. Осыған байланысты, Қазақстан флорасының жаңа перспективалық дәрілік өсімдіктерін анықтау, оларды зерттеу, оны тәжірибеге енгізу фармацевтикалық ғылымның маңызды мәселелерінің бірі. Оңтүстік Қазақстанның флорасы емдік қасиеті бар өсімдіктерге бай. Қазіргі таңда Қазақстанда 6 мыңға жуық өсімдіктердің түрі бар, олардың ішінде 500-ге жуық өсімдік түрі дәрілік қасиетке ие [2]. Әдебиеттік шолу жүргізу нәтижесінде несеп айдайтын қасиетке ие көптеген өсімдіктерді кездестірдік. Олар: қара ырғай, кәдімгі түйежантақ, аққурай лақса, жатаған бидайық, орал мия және т.б. Оңтүстік Қазақстан флорасында өсетін кәдімгі түйежантақ (Верблюжья колючка обыкновенная, Alhagi pseudoalhagi DES. V.), қызыл таспа (Горец птичий, Polygonum aviculare L.), кәдімгі арша (Можжевельник обыкновенный, Juniperus communis L.) өсімдіктеріне зерттеу жүргізіп, олардан несеп айдайтын жинақтын оптималды құрамын ұсынамыз [3].
Дәрілік жинақ, халық медицинасында қолданылуы. Ежелден бері дәрілік өсімдіктермен емделу халық мединасында кеңінен таралған. Адамзат түрлі ауруларда осы дәрілік өсімдіктермен емдеген. Адамзат баласы өсімдік өнімдерінің тағамдық жағын ғана емес, емдік,шипалық жағына да көңіл бөлген [4]. Қазақ халқы өсімдіктердің емдік қасиеттерін ертеден білген. Жер бетінде дәрілердің 40% өсімдіктерден дайындалады. Жанға шипа, дертке дауа дәрілердің көпшілігі өсімдіктен алынады. Ерте заманнан-ақ ата – бабаларымыз дәрілік өсімдіктерді тани біліп, оның емдік қасиеттерін және тиімді пайдалану жолдарын өз тәжірбиелерінен өткізген. Дәрілік өсімдіктерден жаңа дайындалған тұнбалар мен ерітінділердің химиялық жолмен жасалған дәрі дәрмектерден анағұрлым тиімді болады [5]. Кейінгі жылдары медицинада шөптердің емдік қасиеттері, оларды кеңінен пайдалануға ерекше назар аударылуда. Дәрі-дәрмек жасау ісінде өсімдіктердің алатын рөлі аса зор екені тәжірибеден мәлім [5, 6].
Зат алмасу процесіндегі пайда болатын метаболиттердің қалыптан тыс шоғырлануы организмді уландырып, торшалардың тіршілігін жояды. Сондықтан да ондай заттар қалыптан тыс жинақталмай тұрғанда, уақытында организмнен шығарылып отыруы қажет. Ондай бөлу ағзаларына бүйректер, тер бездері, өкпелер және ішектер жатады. Солардың ішінде зәр шығару ағзаларының атқаратын қызметтері ерекше. Несеп айдайтын дәрілік жинақтарды денедегі жиналған артық мөлшердегі суды және әртүрлі жағдайларға байланысты болған дененің ісінуін жоюға қолданылады [7]. Қазіргі таңда несеп айдайтын қасиетке ие препараттар көп. Алайда дәрілік препараттарды шамадан тыс қолдану арқылы ағзамызға кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Сол себепті дәрілік препараттарға қарағанда дәрілік жинақтарды қолданған абзал [8,9].
Кәдімгі түйежантақ (Верблюжья колючка обыкновенная, Alhagi pseudoalhagi DES. V.), Бұршақтар тұқымдасына жатады. Биіктігі 50-100 сантиметрге жететін шалабұта, сабағы бұтақты, сызықты, жалаң. Қазақсанның таулы және солтүстік облыстардан басқа жерлерінде түгел кездеседі. Жер үсті бөлігінде органикалық қышқылдар, эфир майлары 0,33%, каучук алкалоидтар 0,17%, С, К дәрумені, каротин, илік заттар, катехин, флавоноид, лейкоантоцианидтер бар. Шөбі жөтелді қайтарады, іш босатады, несеп айдайды, тер шығарады, қан тазалайды, суық тигенді басады,жараны жазады [3].
Қызыл таспа (Горец птичий, Polygonum aviculare L.). Тарандар тұқымдасына жататын, бір жылдық шөптесін өсімдік. Көкшетау, Іле, Күнгей, Алатауда, Қаратауда кездседі. Жапырағында илік заттар 0,35%, авикулярин флавонойды 3% жуық, С дәрумені 700-887 мг %, каротин 40% шамасында кремний қышқылы қосылыстары 4,5% болады. Қызыл таспадан жасалған препаратты қан тоқтату үшін қолданады. Зәр айдайды, бүрек пен бауырдағы тастарды ерітеді, органдарды жуу үшін де пайдаланады [3].
Кәдімгі арша (Можжевельник обыкновенный, Juniperus communis L.). Кипарис тұқымдасына жататын, көпжылдық бұта. Қазақстанда Тобыл, Есіл, Көкшетауда кездседі. Бүрі мен жидегінде эфир майы 2% глюкоздар 40% деін, органиалық қышқылдар – құмырсқа, алма, шайыр, микроэлементтер – марганец, темір, мыс, шыны майлар, лавонды, гликозид, қылқан жапырағында С дәрумені 226 мг % бар. Препараттарды несеп айдауға, қақырық тастауға, ас қорытуды жақсартуға, несеп жүретін жолды залалсыздандыруға қолданады [3].
Әдебиеттер
- М.Қожабеков.Дәрілік өсімдіктер. Алматы, «Қазақстан» 1982. 304 б.
- М.Оспанова, Ж.Лұқпанов.Өсімдік жанға шипа, дертке дауа, 1992. 176 б..
- Көкенов М.Қ., Әдекенов С.М., Рақымов Қ.Д., Исамбаев А.И., Қазақстанның дәрілік өсімдіктері және оның қолданылуы. Алматы: Ғылым, 1998. 288 б.
- Вайс Р. Ф., Финтельман Ф. Фитотерапия: руководство / пер. с нем. М.: Медицина, 2004. 552 с.
- Лекарственные растения Сибири / Минаева В. Г. 5-е изд., перераб. и доп. Новосибирск, 2008. 431 с.
- Энциклопедия лекарственных растений [La Sante par les plantes] / АрнальШнебеллен Б., Гетц П., Грасср Э. и др. 2004. 352 с. (Испания).
- Токсанбаева Ж.С. Фитохимическое исследование растений семейства Астровые флоры Казахстана. – Наука и образование Южного Казахстана.-2010 г. -№6.-стр. 158-160
- Чхвэ Тхэсоп. Лекарственные растения / пер. с кор. М.: Медицина, 2002. 606 с
- Арзыкулова А.,Токсанбаева Ж.С., Серикбаева Т.С. Лекарственные растения как компоненты сборов, применяемых при сердечно-сосудистых заболеваниях.- Сборник науч.лит.обзоров межрегиональной научно-практ. конф. молодых ученых и студентов с международным участием «Проблемы медицины и биологии» 12-13 апреля 2018 год. – Кемерово, 2018. – с. 6-8