Түйін
Мақалада берілген әдебиеттердің талдауы бойынша Оңтүстік Қазақстан аймағында өсетін дәрілік өсімдіктерден өт айдайтын әсерге ие өсімдік текті оптималды кешен құрамын өңдеп, осы бағытта маркетингтік анализ жасап ұсынуға негізделген.
Кілт сөздер: дәрілік өсімдік шикізаты, биологиялық белсенді заттар, зат алмасу, өт айдау.
Оңтүстік Қазақстан флорасында өсетін өсімдіктерден өт айдайтын өсімдік жинағының құрамын ұсыну біздің ғылыми жұмысымыздың мақсаты.
Бауырдың қызметі дұрыс жұмыс істеген кезде қалыпты жұмыс істейтін мүшелер: асқазан, ұйқы безі, ішек, бүйрек, жүрек, өкпе, көкбауыр, эндокриндік бездер және т.б. Адам ағзасының барлық осы бөліктері бір-бірімен өте тығыз байланысты және бір-біріне тәуелді. Олардың бірге қабылдаған қызметі "метаболизм» деп аталатын жүйені құрайды [4].
Бауыр мен өт жолдарының ауруларын емдеу кезінде көптеген синтетикалық дәрілік заттардың қазіргі таңда адам ағзасына кері әсері бар және құны жағынан тиімсіз болып келеді. Сондықтан өт айдайтын өсімдік текті кешен құрамында пайдаланылатын өсімдіктердің саны әсерлі және тиімді болып табылады. Бауыр патологиясында қолданылатын көптеген шөптік препараттардың емдік әсері бауырдың зақымдануы мен фиброзын азайтуға, өт жолдарының дискинезиясын түзетуге бағытталған [3].
Алайда дәрілік препараттарды шамадан тыс қолдану арқылы ағзамызға кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Сол себепті дәрілік препараттарға қарағанда дәрілік жинақтарды қолданған тиімдірек [5].
Қазақстан флорасыда қазіргі таңда 6 мыңға жуық өсімдіктер табылған. Олардың ішінде 500-ге жуық өсімдіктер зерттеу нәтижесінде дәрілік қасиетке ие екендігі анықталған. Оңтүстік Қазақстан облысында өсетін өт айдайтын қасиетке ие көптеген дәрілік өсімдіктерді таптық. Солардың ішінде: Жүгері (Кукуруза обыкновенная; Zea Mays L.), Құмдық Салаубас (Цмин песчаный; Helichrysum Аrenarium (L.) Moench), Кәдімгі Мыңжапырақ (Тысячелистник обыкновенный; Achillea Millefolium L.) [1].
Кәдімгі жүгері (Кукуруза обыкновенная; Zea Mays L.) – Астықтар тұқымдасына жататын (Семейство Злаковые; Poaceae Barnhart) бір жылдық өсімдік. Жүгерінің аналық жыныс мүшесінде 2,5% шыны май, ащы гликозидтер, сапониндер, шайырлы заттар, дәрумендер, аналық аузында күл
- 7%, макроэлементтер (мг/г) калий 33,20, калбций 2,9, магний 23, темір 0,9, микроэлементтер (мкг/г) марганец 15,0, мыс 10,3, цинк 60,7, кобальт 0,16, хром 0,79, алюминий 174,56, барий 3,44, селен 0,15, никель 0,96, қорғасын 4,0, бор 5,6, йод 0,07, дәнінде крахмал, шыны майлар, дәрумендер, пантотен
қышқылы бар. Жүгерінің аналық аузынан дайындалған тұндырма мен сығындыны өт айдауға ішеді [1].
Құмдық салаубас (Цмин песчаный; Helichrysum Аrenarium (L.) Moench) – Күрделігүлділер тұқымдасының (семейство Сложноцветные; Asteraceae Dumort) биіктігі 15 – 30 см жететін көпжылдық шөптесін өсімдігі, түгі көп. Оның гүлшоғырында флаваноидтар, фенолдық бояғыш заттар, майлы қышқылдар, инозит, эфир майлары бар. Құмдық салаубас шикізатынан өт айдайтын фламин препараты алынады. Бауыр, өт қабынуы, өт тасы, бүйрек пен қуыққа суық тиген ауруларына пайдланылады. Қайнатпасын бауыр тұсына басуға болады [1].
Кәдімгі мыңжапырақ (Тысячелистник обыкновенный; Achillea Millefolium L.) - Күрделігүлділер тұқымдасына жататын (семейство Сложноцветные; Asteraceae Dumort) биіктігі 60 см жететін көпжылдық шөптесін өсімдік. Жапырағында алкалоид ахиллеин, жапырағы мен гүл шоғырында эфир майы 0,8 %. Онда хамазулен, илік заттар, шайыр, инулин және аспарагин, нитраттар, органикалық қышқылдар, каротин, С, К дәрумендері, ащы заттар, азулендер, камфора, тұйол, цинеол, кариофиллен бар екені анықталды. Оның жапырағы мен гүлі микробтарды құртатын немесе олардың өсуін тоқтататын дәрі. Өт қабының және өт шығару жолдарының дискинезиясы кезінде қолданылады [2].
Жоғарыда аталған өсімдіктер өнделіп жатқан дәрілік өт айдайтын жинақтарына енгізіледі, осы бағытта ғылыми жұмыстар жалғасуда.
Әдебиеттер
- Көкенов М.Қ., Әдекенов С.М., Рақымов Қ.Д., Исамбаев А.И., Қазақстанның дәрілік өсімдіктері және оның қолданылуы. Алматы: Ғылым, 1998. 288 бет.
- Токсанбаева Ж.С. Фитохимическое исследование растений семейства Астровые флоры Казахстана. – Наука и образование Южного Казахстана.-2010 г. -№6.- 158-160 бет.
- Лекарственные растения Сибири / Минаева В. Г. 5-е изд., перераб. и доп. Новосибирск, 2008. 431 бет.
- Вайс Р. Ф., Финтельман Ф. Фитотерапия: руководство / пер. с нем. М.: Медицина, 2004. 552 бет.
- Соколов С. Я. Фитотерапия и фитофармакология: руководство для врачей. М., 2000. 976 бет.
- Энциклопедия лекарственных растений [La Sante par les plantes] / АрнальШнебеллен Б., Гетц П., Грасср Э. және т.б.. 2004. 352 бет. (Испания).