Біздің елімізде дәрілік заттарды қолдану, сапасы, тиімділігі және үйлесіміділігі туралы ақпараттардың үлкен бөлігі БАҚ-қа жарияланады және таратылады. Кейде нақты деректерді жарнамадан ажырату қиынға соғады.
Халықты дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету жалпы денсаулық сақтау жүйесін дамытудың ең өткір және маңызды бағыттарының бірі. "Қазақстан-2050" ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарында әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кірудің стратегиялық мақсаттары айқындалды, оның үшінде халықтың өмір сүру ұзақтығын арттыру да бар [1]. Тұрақты дамудың негізгі элементі - бұл салауатты өмір салтын насихаттау, қамтамасыз ету және кез-келген жастағы адамдарға қолайлы жағдайлар жасау. "Дені сау ұлт" әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау" ұлттық жобасында "Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету" ақпараттық жүйесін жүзеге асыру 2022 жылға дейін деп көрсетілген [2].
Қазіргі таңда ҚР-ның фармацевтика және медицина өнеркәсібін дамыту жөніндегі 2020 - 2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының негізінде ҚР-ның тұрғындарын Бірыңғай дистрибьютор ЖШС «СҚ-Фармация», ҰКП «Атамекен» және отандық министрліктері арқылы тегін және жеңілдікті дәрі- дәрмектермен қамтамасыз ету мақсатында фармацевтикалық нарықты зерттеу, қажетті дәрі-дәрмектерді іріктеу және оларға шекті баға бекіту іске асырылып отыр [3, 4]. Дәріхана ұйымдарының Good Pharmacy Practice (GPP) халықаралық стандартына көшуі халықты сапалы және қауіпсіз дәрілік заттар мен медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету үшін қажетті шарт болып табылады [5]. Нәтижесінде дәріхана ұйымдарында дәрі-дәрмектерді сақтау жағдайларының сапасы артады.
Халыққа, фармацевтерге және медициналық қызметкерлерге ДЗ туралы дәлелді және шынайы ақпаратты жеткізу арқылы дәрілік заттарды ұтымды және орынды пайдалануға ықпал ету, формулярлық жүйені дамыту, дәлелді медицина негізінде сұрақтарға жауап ұсыну, БАҚ-на ақпарат орналастыру азаматтардың өз денсаулықтарына деген ортақ жауапкершілігін дамытуға жәрдем беру мақсатында Дәрі- дәрмек ақпараттық-талдау орталығын құрылды. 2017 жылдан бастап Дәрілік орталығының атауы Дәрілік заттарды ұтымды пайдалану орталығына (ДЗҰПО) өзгертілді [6].
Орталықтың негізгі қызметтері:
- әртүрлі ақпарат көздерін пайдалана отырып, жеке сұрақтарға жауап ретінде халыққа дәрілік заттар туралы дәйекті ақпараттар ұсыну;
- тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрілік заттармен тегін қамтамасыз ету мәселелері бойынша ақпарат ұсыну;
- анағұрлым кең таралған патологиялар және дәрі-дәрмектерді қолдану, болуы мүмкін жанама әсерлері жөнінде БАҚ-тағы жарияланымдар, дәрілік бюллетеньдер, буклеттер мен плакаттар түріндегі баспа ақпараттарының көмегімен халықтың сауаттылығын арттыру;
- дәрілік заттар және олардың дәлелді медицинаға негізделген әсерлері туралы шынайы ақпарат ұсыну;
- медицина қызметкерлерін дәрілік заттарды ұтымды пайдалану саласындағы ақпаратпен қамтамасыз ету;
- практикалық денсаулық сақтауға арналған дәрілік заттарды ұтымды қолдану жөніндегі әдістемелік материалдар мен оқу құралдарын әзірлеу;
- медициналық және фармацевтикалық білімі бар мамандарға арналған оқыту семинарларын, дәрістерін жүргізу;
- формулярлық комиссияларға ақпараттық және әдістемелік көмек көрсету.
Бүгінгі күндері Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Кодексінде денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру ұғымдары мен алғышарттары енгізіліп отыр [7].
Пациенттердің 75% - дан астамы электрондық сервистерді пайдаланатын болады. Жақын арада пациенттердің 80% - дан астамы портативті электрониканың үлкен артықшылықтарын және оның
Денсаулық сақтау әлеуетін растайды деп болжамдалады. 2015 жылы Еуропалық Одақтың 33 елі (72%) пациенттердің электрондық жазбаларына қол жеткізу үшін ұялы байланысты пайдалану туралы хабарлады, 32 ел (70%) пациенттің жағдайын бақылау үшін және 24 ел (52%) шешім қабылдауды қолдау құралы ретінде Мобильді қосымшаларды қолданады.
Денсаулық сақтауды цифрландыру - медициналық көмектің қолжетімділігін, тиімділігін, сапасын және қауіпсіздігін арттыруға бағытталған денсаулық сақтаудың медициналық және әкімшілік-басқару процестерін трансформациялау үшін цифрлық технологияларды пайдалану.
Цифрлық денсаулық сақтаудың негіз қалаушы қағидаттары:
- саладағы деректер мен процестерді цифрландыру арқылы денсаулық сақтау қағидаттарын іске асыру;
- саясат пен стратегияны іске асыру құралы, уәкілетті орган айқындайтын әдіснаманың негізі болып табылатын стандарттардың үстемдігі;
- жеке тұлғалардың дербес медициналық деректерін қамтитын денсаулық сақтауды ақпараттандыру объектілерін қорғауды, жеке тұлғалардың дербес медициналық деректерінің сақталуы мен құпиялылығын, сондай-ақ пациенттің өзінің дербес деректеріне қол жеткізуін қамтамасыз ету;
- медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігін, объективтілігін, үздіксіздігін қамтамасыз етуді қолдау;
- денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруды қолдау;
- медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруды қолдау болып табылады.
Цифрлық денсаулық сақтау саласындағы қызметтер келесілерді қамтиды:
- цифрлық денсаулық сақтауды нормативтік құқықтық реттеуді, оның стандарттарын әзірлеу мен бекітуді;
- денсаулық сақтау саласының ақпараттық және коммуникациялық инфрақұрылымын дамытуды;
- жеке және заңды тұлғаларды денсаулық сақтау саласындағы деректермен және ақпаратпен қамтамасыз етуді;
- дербес медициналық деректерді жинауды, өңдеуді, сақтауды, қорғауды;
- дербес медициналық деректерді жинау, өңдеу, сақтау, қорғау және беру мақсатында ақпараттық- коммуникациялық қызметтер көрсетуді;
- қағазсыз медицинаға (электрондық рецепт, журналдар, дәрілік заттарды босату кездегі компьютеризация, ) көшуді қамтиды.
Медициналық деректер мен бизнес-процестерді цифрландыру Денсаулық сақтау жүйесінің және халық денсаулығының жай-күйі туралы цифрлық деректердің прогрессивті жиналуына алып келеді.
Осылайша, денсаулық сақтауды толық цифрландырудан күтілетін нәтижелер келесі болмақ: жеке (персоналды) медицина, компьютерлік қосымшалар арқылы диагностикалау, роботтандырылған хирургия, роботтандырылған (фармацевтсіз) дәріхана, дәрілік заттарды тапсырыс беру мен жеткізуді интеграциялау және автоматтандыру, яғни дәрімен қамтамасыз етудің цифрлық логистикасы. Әрине, келешекте олардың әрқайсысы адамға артықшылығы мен кемшілігін ерекшеленуі мүмкін.
Әдебиеттер
- "Қазақстан-2050" Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты // Қазақстан Республикасының Президенті-Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы, Астана қ., 2012 жылғы 14 желтоқсан. URL: https://adilet.zan.kz/kaz/docs/K1200002050 (назар аударған күні: 09.11.2021 ж.).
- "Дені сау ұлт" әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау" ұлттық жобасын бекіту туралы // Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы № 725 қаулысы. URL: https://adilet.zan.kz/kaz/docs/P2100000725 (назар аударған күні: 09.11.2021 ж.).
- Фармацевтика және медицина өнеркәсібін дамыту жөніндегі 2020 - 2025 жылдарға арналған кешенді жоспарды бекіту туралы // Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2020 жылғы 6 қазандағы № 132-ө өкімі. URL: https://adilet.zan.kz/kaz/docs/R2000000132 (назар аударған күні: 08.11.2021 ж.).
- Дәрілік заттың саудалық атауына өндірушінің шекті бағаларын, бөлшек және көтерме саудада өткізу үшін дәрілік заттың саудалық атауына шекті бағаларды бекіту туралы // Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2021 жылғы 27 тамыздағы № ҚР ДСМ-94 бұйрығы. URL: https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2100024229 (назар аударған күні: 11.11.2021 ж.).
- Тиісті фармацевтикалық практикаларды бекіту туралы (5-қосымша: Тиісті дәріханалық практика (GPP) стандарты) // Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2021 жылғы 4 ақпандағы № ҚР ДСМ-15 бұйрығы. URL: https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2100022167 (назар аударған күні: 10.11.2021 ж.).
- Дәрілік заттарды ұтымды пайдалану орталығы. URL: http://www.druginfo.kz/ (назар аударған күні: 11.11.2021 ж.).
- Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы // Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шiлдедегi № 360-VI ҚРЗ Кодексі 01.07.2021 ж енгізілген өзгерістер мен толықтыруларымен. URL: https://adilet.zan.kz/kaz/docs/K2000000360 (назар аударған күні: 09.11.2021 ж.).