Түйін
Мақалада Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын аумақтарының мақсаты мен экологиялық ерекшеліктері қарастырылады. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар қоршаған ортаны қорғауда, студенттерге экологиялық білім мен тәрбие берудегі маңызы зор. «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі - Қазақстанның ең жас табиғи аумағы. Саябақ Солтүстік Тянь-Шань шығыс бөлігіндегі Күнгей Алатауы жотасының солтүстік беткейінде орналасқан. Ұлттық саябақтың флорасында 704 түр және Қызыл кітапқа енгізілген өсімдіктер де кездеседі.
Кілт сөздер: Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар,қорықтар,табиғи саябақтар,дәрілік өсімдіктер, еңлік гүл
Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтары экологиялық, ғылыми және мәдени жағынан құнды ұлттық байлығымыз болып саналады. Бүгінгі таңда бір-бірімен тығыз байланысты табиғат құрам бөліктерінің жүйесі ретінде ландшафтыларды қорғау мәселесі ғылыми бағыт алды.
Қазақстан Республикасында «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заң алғаш рет 1997 жылғы 6 тамызда қабылданған болатын. Елімізде ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың ғылыми маңыздылығы ескеріле отырылып, 2006 жылы 7 шілдеде екінші рет қайта толықтырылған «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заң қабылданды. Осы заңның 4-тарауының 14-бабында «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың санаттары мен түрлері» деп аталатын, еліміздегі республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жеке топтары нақты атап көрсетілген. Осы Заңның 1-бабында ерекше қорғалатын аумақтарға мынадай анықтама берілген: «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар - ерекше құқықтық қорғау режимі бар не мемлекеттік табиғи қорық қорын сақтау мен қалпына келтіруді қамтамасыз ететін жер қойнауы үлескілері». Сонымен қатар бұрыннан бар қорғалатын аумақтардың санын арттырып, аумағын ұлғайту мәселесі қойылуда[1].
Сирек эндемикті және реликті түрлердің арасында өсімдіктердің 400-ден астам түрі және омыртқалы жануарлардың 300-ден астам түрі бар. Республикада республикалық және халықаралық маңыздағы мемлекеттік табиғи-қорық қорының нысандары және оның шаруашылық пайдалану шегінің ережелері, ерекше экологиялық, ғылыми, мәдени және өзге құндылықтарға ие жер қойнауы тізімі, республикалық маңыздағы ЕҚТА категориясына жататын нысандар бекітілген.
Елімізде республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрылу мақсаттарына және қорғалу режимінің түрлеріне байланысты мынандай жеке топтарға бөлінеді.
- Мемлекеттік ұлттық қорықтар.
- Мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтар.
- Мемлекеттік табиғи резерваттар.
- Мемлекеттік корықтың аймақтар.
- Мемлекеттік табиғи қорықшалар.
- Мемлекеттік табиғат ескерткіштері.
- Мемлекеттік зоологиялық бақтар.
- Мемлекеттік ботаникалық бақтар.
- Мемлекеттік дендрологиялық бақтар және т.б.
Мұндай республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар уәкілетті мекемелердің ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы қаулысымен ұйымдастырылады[2]. Қорықтардың басты мақсаты - табиғи ландшафтылар эталонын мұндағы тіршілік ететін өсімдіктер мен жануарлар дүниесін табиғи сақтау, табиғат кешендерінің даму заңдылықтарын анықтау. Соңғысы адамның шаруашылық әрекетінен табиғатта болатын өзгерістерді болжау үшін аса қажет. Қазақстан қорықтар саны жөнінен ТМД-ға кіретін республикалар арасында 16-шы орын алады. Дегенмен, республика жерінің көлеміне шаққанда қорықтар үлесі жөнінен 13-ші орында. Бұл Қазақстан секілді ұлан-байтақ республика үшін қорықтар көлемінің әлі де болса аз екендігін көрсетеді. Қазіргі кезде нақты 10 қорық жұмыс істейді. Бұлар, әрине, Қазақстан табиғатының алуан түрлі табиғат жағдайларын толық көрсету үшін жеткіліксіз. Сондықтан болашақта ғалымдардың, табиғатты қорғау қоғамы өкілдерінің ұсынуымен тағы 15 қорық ұйымдастырылмақшы.
Табиғат ескерткіштері — көбіне тарихи-табиғи және ғылыми мәні зор жеке табиғат нысандарын ғана (өсімдіктердің, жануарлардың жеке түрлері, үңгірлер, сарқырамалар және т.б.) қорғауды көздейді. Олардың ғылыми-танымдық мәніне ерекше көңіл бөлінеді. Елімізде республикалық мәні бар «Қаз қонақ» (Ертіс өзенінің жағалауында), «Шарын шаған тоғайы», «Шынтүрген шыршалары» (Алматы облысында) «Баум тоғайы» (Алматы қаласында) жәнө т.б. табиғат ескерткіштері бар[3].
Ұлттық табиғи саябақтарда табиғат қорғау жұмыстарымен бірге табиғат қорғауды насихаттау, экологиялық білім мен тәрбие беру, туризмді үгіттеу жұмыстары қоса жүргізіледі. Елімізде 10 ұлттық табиғи саябақ ұйымдастырылған. Олар: Алтынемел, Баянауыл, Бурабай, Бұйратау, Жоңғар Алатауы, Катонқарағай, Көкшетау, Көлсай көлдері, Қарқаралы, Сайрам-Өгем, Шарын, Іле-Алатауы. Ұлттық табиғи саябақтар көбіне табиғаттың көрікті жерлерінде ұйымдастырылып, шаруашылық жұмыстарды табиғат қорғау жұмыстарымен үйлесімді жүргізуге ерекше мән беріледі. Елімізде соңғы жылдары Шарын (2004 ж.), Сайрам-Өгем (2006 ж.) және Көлсай көлдері (2007 ж.) ұлттық табиғи саябақтары ұйымдастырылды. Алдағы уақытта елімізде тағы да 5 ұлттық табиғи саябақ (Жоңғар Алатауы, Ақсу- Лепсі, Бұйратау, Зайсан, Ақжайлау) ұйымдастыру қарастырылуда.
Табиғи қорықшалар- белгілі бір ерекше табиғи аумақтардағы барлық табиғат байлықтарын кешенді корғауға немесе өсімдіктер мен жануарлардың жеке түрлерін корғау мақсатында үйымдастырылады. Сондықтан қорықшалар кешенді, зоологиялық, ботаникалық, геологиялық деп бөлінеді. Кейде қорықшалар уақытша (он не жиырма жыл мерзіміне) немесе тұрақты түрде ұйымдастырылады. Қорықшаларда табиғат корғау жұмыстары онша қатаң түрде жүргізілмейді және шаруашылық жұмыстардың жекеленген түрлеріне ғана тыйым салынады.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жаңа түрі - табиғи резерваттарға Ақжайық, Ертіс орманы, Семей орманы және Ырғыз тоғайы жатады. Елімізде Ертіс өзенінің алқабындағы реликті қарағайлы ормандарды қорғау мақсатында 2003жылы «Ертіс орманы» және «Семей орманы» деген табиғи резерваттар ұйымдастырылды. Табиғи резерваттарда қорықтық белдем де, шаруашылық жүргізілетін алқаптар да бірге қорғалады. Табиғи резерваттарда, негізінен, биологиялық сан алуан түрлілікті сақтауға және оны қалпына келтіруге айрықша көңіл бөлінеді.
Биологиялық алуантүрлілік тек биолог мамандарды ғана қызықтырып отырған жоқ, сонымен қатар экономистерді, саясаткерлерді, қоғам қайраткерлерін де алаңдатуда. Оның басты себебі, биоалуантүрліктің антропогендік әсерден деградацияға ұшырауы [4].
Соңғы он жылдықта табиғатта жүздеген жануарлар және өсімдіктер дүниесінің жоғалуы, табиғи кешендердің бұзылуы үлкен үрей туғызуда. Табиғат қазіргі және болашақ ұрпақтың ортақ игілігі. Алуантүрліліктің азаюы экожүйенің тұрақсыздануына және флора мен фаунаның кедейленуі адамзатқа үлкен әсерін тигізеді [5].
Биоалуантүрліктің азаюының негізгі себептері:
- халық санының және экономиканың күрт өсуінен жер бетінің экологиялық жүйесінің және барлық тірі ағзалардың тіршілік ортасының өзгеруі;
- адамдардың миграциясы, халықаралық сауданың және туризмнің артуы;
- табиғи сулардың, топырақтың және ауаның ластануы. Бұл заводтардың, фабрикалардың санының артуына байланысты атмосфераның ластануы. Мысалы, радиоактивті заттар биологиялық ұлпаларды бұзып, мутацияларға алып келеді. Әсіресе химиялық ластаушылар өте зор әсер етуде: тұрмыстық химия,пестицидтер, өндірістік қалдықтар. Өндірістің дамуы шикізатты көп қажет етуде, нәтижесінде пайдалы қазбалар көптеп алына бастады. Көліктер де ортаның ластануына зор үлес етуде. Жағылған газда 200 жуық зиянды заттар бар;
- тірі ағзалардың тіршілік ортасының өзгеруінің қайтымсыздығын ескермей табиғи ресурстарды пайдалану;
- нарықтық жағдайда биоалуантүрліктің нақты бағасы мен оның жойылуының қайта қалпына келмейтін үлкен экологиялық зардап екенін ескермеу [6].
Қазақстан флорасының көптеген түрлері және өсімдіктердің сирек кездесетін түрлері де таулы аудандарында шоғырланған [7].Қазақстанның Қызыл кітабына ендірілген жоғары сатыдағы түтікті өсімдіктердің 370 түрінің 268 түрі, яғни 72,4% таулы жерлерде тіркелген. Әрбір таулы өлке өзіндік бай флорасымен, эндемдік және сирек кездесетін түрлерімен ерекшеленеді [8,9].
Сирек кездесетін және жойылып бара жатқан өсімдіктерді сақтауда мемлекеттік парктердің маңызы зор. Тянь-Шанның Қазақстандағы территориясында үш мемлекеттік парк орналасқан. Олар Іле- Алатау мемлекеттік паркі, Көлсай көлдері мемлекеттік паркі, Сайрам - Өгем ұлттық табиғи паркі [10].
«Көлсай көлдері» ұлттық паркі шалғайда орналасқан әсем табиғатымызды, ормандарымызды болашақ ұрпаққа сақтап қалу мақсатында, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы №88 қаулысымен құрылған.
«Көлсай көлдері»өзі аттас шатқалдың түрлі биіктік деңгейінде орналасқан. Парк аумағында теңіз деңгейінен 1800 -3500 метр жоғары өсетін өсімдіктер мен жануарлар, керемет өзендері мен көлдері, қырлы ландшафтары кездеседі.
«Көлсай көлдері» МҰТП өсімдіктер әлемі бойынша, биологиялық көп түрлілігімен ерекшелінеді, мұнда 704 түрден астам өсімдіктер кездеседі. Эндемиктер тобына 29 түрі өсімдік кіреді. Оның ішінде ҚР «Қызыл кітабына» енген 20 шақты түрі кездеседі, олар Қаршыл шүйгін шөп, Ярмоленко қызыл қайыңы, Альберт құртқа шашы, Пістем жуасы, Заравшан аршасы, Қатпарлы шұбар шөп, Алматы кекіресі, Витрок рауғашы, Алатау бәйшешегі, Шолпаншаш сүмбілі, Адонис, Тянь-Шань адонисі, Кауфман ирекжапырағы, т.б. Сонымен қатар жеміс беретін жабайы өсімдіктерге бай, олар: шетен, бөріқарақат, құлпынай, қара барбарис, долана, шырғанақ, итмұрын, қой бүлдірген, құлпынай, таңғурай және дәрілік өсімдіктер: шәйқурай, жұпаргүл, киікоты, уғарғасын, чабрец, жалбыз, мыңжапырақ, семізот, андыз, қара-андыз, тамыры тәтті мия, алтынтамыр, қылша, тамырдәрі, усасыр (папоротник), мақсыр маралтамыры т.б.
Күрделі гүлдердің 32 түрі (7%), бозшөптер 25 түрі(9,2%), шытыргүлдер 17 түрі (6,1), шатыргүлдер 15 түрі (5,5%), бұршақтылар 13түрі (4,8), ерінтүстестер 13 түрі (4,8) кездеседі [11].
«Көлсай көлдері» МҰТП өңірінде әр өсімдіктің өсу физиологиясы әртүрлі болғандықтан, мамыр айынан қар жауғанға дейін тау беткейі кілем төсеп қойғандай, құлпырып тұрады. Шың басында өсетін аты әлемге әйгілі Еңлік гүл (Эдельвейс Федченко) Тянь-Шань және Жоңғар Алатауларында теңіз деңгейінен 1800-2000 метр биіктікте өседі, көпжылдық өсімдік, күрделігүлділер тұқымдасына жатады. Кептірілген еңлікгүл көп жыл сақталады және өңін жоғалтпайды. Алғаш көрген адамға таңғалыс пен қызығушылық тудыратыны рас. Константин Паустовскийдің өзі таңғалып отырып: «Бұл өсімдікті гүл деп айту қиын, мойнына ақ үлпек оранып, мұздың суығынан қорғанған кішкентай жұлдыз дерсің» деген екен.
«Көлсай көлдері» МҰТП(Мемлекеттік ұлттық табиғи паркі) кездесетін өсімдіктер тізімі:
Sorbus tianshania - Тяньшанская рябина - Тянь-Шань шетені
Galium verum - Желтый подморенник - Қызылбояу
Crepis sibirica - Скерды сибирской - Сібір кәдісі
Karaganaleucophlaea -Караганабелокорая-Ақ қабықты Қараған
Fragariavesca - Земляника - Қойбүлдірген
Picea schrenkiana - Тяньшанская елочка - Тянь-Шань шыршасы
Berberis shaerocarpa - Цветущие кусты барбариса- Бөріқарақат
Ribesmeiera - Смородина - Қарақат
Alfredia nivea - Альфредия снежная - Қаршыл емтікен
Polypodium vulgare - Папортник многоножка - Кәдімгі қырықаяқ
Adenophora liliifolia - Голубой бубенчик - Лалажапырақты қоңырауша
Lonicerakarelini - Жимолость карелина - Карелин ұшқаты
Doronicum oblongifolium - «Желтая ромашка» дороникум - «Сары түймедақ» темекішөбі Dyanthusturkestanicus - Гвоздика - Қалампыр
Acanitum nemorum - Борец лесной - Орман бәрпі
Edelweiss- Эдельвейс - Еңлікгүл
Sorbus tianschanica - Плоды рябины тяньшанской - Тянь-Шань шетені
Rubus saxatile - Ягода костянника - Бүлдірген
Viola biflora - Фиалка - шегіргүл
Erigeron pseudozerawschanicus - Мелколепестник - Жалғанзеравшан майдажелегі
Paraquilegia fntmonoides - Парааквилегия - Парааквилегия таулы өлке сәні
Primulaalgida - Первоцвет холодный - Суық примула
Schmalhausenia nidulans - Шмальгаузиния - Тянь-Шань альпі шалғынының ерекше өсімдігі шмальгаузиния
Potentilla bifurca - Лапчатка вильчатая - Қазтабан
Rhadiola linearifolia - Радиола линейчатая - Тасжапырақ семізот
Saxiphraga sibirica - Камнеломка сибирская - Сібір тасжарғаны
Rhadiola coccinea - Радиола кровакрасная - Қызыл радиола
Gomostoma falcata - Горечавка серповидная - Орақ тәрізді көкгүл
Termopsis alpina - Горох альпийский - Альпі бұршағы
Codonopsis Clematidea - Колокольчик ломоносовидный - Қоңырау бас гүл
Polemoniumcaucasicum - Синюха - Көкшегүл
Genciana algida - Горчевая высокогорная - Тау көкгүлі
Solidago dahurica - Золотарник даурский - Даур сарыраушаны
Ұлттық парк аумағында бүгінгі күнге анықталған дәрілік өсімдіктердің 47 түрі кездеседі. Олар: кәдімгі шайқурай, қара андыз, қара бөрі қарақат, Түркістан шүйгіні, ақ езу борпысы (уқорғасын), қалақай, кәдімгі өгейшөп; дәрілік жеміс-жидектерден: шырғанақ, таңқурай, бүлдірген, қарақат, итмұрын, қой қарақат, рауғаш өседі. Аталған өсімдіктер халықтық медицинада кеңінен қолданылады. «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде кездесетін өсімдіктерді анықтау мақсатында көптеген зерттеу жұмыстары жүргізілді.Сирек кездесетін, жоғалып бара жатқан, жеке типті туыстық дерлік эндемик түрдің бірі Кауфман ирекжапырағы. Үштік дәуірдің шөлдік өсімдіктерінің қалдығы болып есептеледі, популяциялары әдетте оқшау, саны аз. Бұл гүлдерді «Көлсай көлдері» МҰТП өңірінде Талды сайынан 30-орамнан 2009-жыл 20-тамызда қорық және ботаника институты қызметкерлері тапқан. Ендігі уақытта парк аумағының басқа да жерлерінде өсу ортасын анықталуда. Ғылыми іздестіру жұмыстары жалғастырылуда.
Бүгінгі таңда «Көлсай көлдері» МҰТП дүниежүзінің біршама дамыған мемлекеттеріне танымал, болашағы зор туристік кешендердің біріне айналып келеді. «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркі мемлекеттік табиғи қорық қорын, биологиялық саналуандықты, ерекше экологиялық, рекреациялық және ғылыми құндылығы бар бірегей табиғи және тарихи-мәдени кешендер мен объектілерді сақтау міндетін алға қоя отырып, аумақтың табиғи ландшафтарын сирек кездесетін және жоғалып бара жатқан өсімдіктерді қорғау,болашақ ұрпаққа табыстау, аманат ету мақсатында маңызы өте зор.
Ұлан байтақ кең дала және оның әсем табиғаты бұрынғы өткен ата-бабаларымыздың кейінгі ұрпаққа қалдырған асыл мұрасы, оны қорғау әрі көркейту ұрпақ алдында тұрған абыройлы міндет. Әрбір іс- әрекетінің байыбына терең бойлап өмір кешкен бабаларымыздың туған жердің бір уыс топырағына дейін бағалай білгені, ұрпақ үшін ұлағаттың белгісі. Сондықтан ата бабаларымыздан қалған ұлан байтақ аумақтағы алуан түрлі өсімдіктер мен жан жануарлар әлемін келесі ұрпаққа жеткізу бүгін өмір сүріп отырған қоғамымыздың әрбір азаматының міндеті. Осы міндетті жүзеге асыру ол әрбір азаматтың отбасынан басталады. Қазақ тәрбиесіндегі ырым, тиым сөздер, сонымен қатар туған жерге, ата мекеніне деген сүйіспеншілкті тәрбие арқылы ұрпағына беру нәтижесінде биологиялық сан алуандықты сақтаудың ұлттық негізін отбасында, қоғамда қол жеткізуге болады.
Әдебиеттер
- Назарбаев Н.Ә. Қазақстан-2030. Ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы.
- «Биологиялық әртүрлілік туралы Қазақстан Республикасының ұлттық баяндамасы.» ҚР «ҚОҚАТО» РМК. Астана, 2011ж.
- 2011-2020 жылдардағы Биологиялық әртүрлілікті сақтау және орнықты пайдалану бойынша жаңартылған Стратегиялық Жоспары. Нагоя, Жапония, 2010 ж.
- Салестенина М.Н. Экологическое образование в подготовке учеб. М.1983, с. 104.
- Қоршаған ортаны қорғау және Қазақстанның орнықты дамуы, ҚР Статистика агенттігі, Астана 2011ж.
- Сарыбеков М.Н. Теория и практика экологической подготовки будущего учителя начальных классов. Алматы, «Ғылым», 1998, с.152.
- Иващенко А.А. Флористические новинки Казахстанского Тянь-Шаня// Изучение растительного мира Казахстана и его охрана. Алматы,2001. - С.46-50.
- Іскендіров Ә. Қазақстанның дәрілік өсімдіктері. Алматы «Қазақстан». 1982 ж.
- Көкенов М.К., Әдекенов С.М., Рақымов Қ.Д., Исамбаев Ә.И., Сауранбаев Б.Н. Қазақстанның дәрілік өсімдіктері және оның қолданылуы. Алматы, «Ғылым», 1998, 3-б.
- Иващенко А.А., Олонцева А.Х., Нелина Н.В. О некоторых редких и новых для Казахстана растениях Западного Тянь-Шаня// Материалы Международной научно - практической конференции «Актуальные проблемы экологии и природопользования в Казахстане и сопредельных территориях» 25 - 26 мая 2006 года. Павлодар, 2006. Т. 1.- С. 218 - 220.
- Жданко А.Б. Көлсай. ЖШС «Эффект». 2013, -192 б.