Аннотация
Тағамдық заттар жиынтығы, мөлшері, олардың аспаздық өңделуі, химиялық құрамы, тағамның физикалық қасиеттері, тағам қабылдау аралығы адамның салмақ дәрежесіне тікелей әсер етеді. Зерттеу жұмысының барысында, төмен каллориялы сәнді диетаны ұстағандардың 24% -ы жалпы 3 кг -нан 7кг -ға дейін салмақ тастады. Нәтижесінде, төмен калориялы диета артық салмақ пен семіздікті қалыптандыруда тиімді болып табылатындығы анықталды.
Кілт сөздер: емдәм, семіздік, салауатты тамақтану.
Кіріспе: Бүгінгі таңда Қазақстанда күн тәртібінде тұрған әлеуметтік маңызы зор мәселенің бірі - ұлттың денсаулығы. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан 2030» стратегиялық бағдарламасында денсаулықты нығайту үшін салауатты өмір салтын насихаттап, дұрыс тамақтануымызға, тазалық пен санитарлық шараларын сақтауымызға бағытталған ақпараттық іс-шаралар жүргізілуі керек,-деп атап көрсеткен. Өркениетті елдерде халық денсаулығы - мемлекеттің басты құндылығы болып саналады.
Қоршаған ортаның жағымсыз факторларының 80% адам ағзасына тағам арқылы әсер ететіні анықталған, ал дүние жүзі бойынша өлім-жітімнің 60% тікелей тамақтануға байланысты.
Зерттеу материалдары:
Төмен калориялы сәнді емдәмді қабылдаған 40 адам іріктеліп алынды. Іріктеу физиологиялық зерттеулер, антропометриялық зерттеулермен және де «Қазақ тағамтану академиясы» АҚ -да жасалған арнайы сауалнама арқылы жүргізілді.
40 (100%) адамның ішінде 20 жасқа дейін - 25%, 20-30 жас аралығында - 25%, 30-40 жас аралығында - 25%, 40 жастан жоғары - 25% құрады.
Сауалнама нәтижесінде адамдардың еңбек қабілеттері мен физикалық жүктемелер ауыртпалығы анықталды, яғни 15% отырып (физикалық жүктеме және қимыл қозғалыс та аз), 40% тұрып- отырып (физикалық жүктеме орташа), 30% жартылай активті (физикалық жүктеме және қимыл қозғалыс бар, бірақ активті емес), 15% активті (физикалық жүктеме және қимыл қозғалыс көп) еңбек топтарына жатқызылды.
Тамақтану режиміне келетін болсақ: күніне 2 рет тамақтанатындар - 10%, күніне 3 рет тамқтанатындар - 30%, күніне 4 рет тамақтанатындар - 35%, және күніне 5 рет тамақтанатындардың саны - 25% құрады. Емдәм ұстанатын адамдардың 24 сағат ішінде қабылдаған тағамдары мен жасалған іс- әрекеттері бағаланды.
Физиологиялық және антропометриялық зерттеулердің нәтижесі бойынша 60%-ында бойы мен салмағы сәйкес келмейді, 40% -да дене салмағы мен бойының арақатынасы қалыпты болды.
Дене салмағы индексі (ДСИ) - 45% қалыпты дене салмағы, 15%-артық дене салмағы бар (семіздік алды), 30% - I дәрежелі семіздік және 10% - III дәрежелі семіздік анықталды.
Биологиялық жасты есептеу нәтижелерінің қорытындылары бойынша зерттелген адамдардың 30 % ғана өзінің жасымен сәйкес келген, қалған 70% паспорттық жасы мен биологиялық жасы сәйкес келмейді, яғни биологиялық жасы өз жасынан артық нәтиже көрсетті.
Бейімделу потенциал индексін анықтау бойынша: Қанағаттанарсыз көрсеткіш 50 % құраса,
бейімделу механизмінің кернеулігінің жоғарылауы - 30 % және 20 % бейімделу механизмінің шектен шығуы нәтижелерін көрсетті.
Нәтижесі: Жалпы төмен каллориялы емдәмді қабылдаған адамдар 21 күн бойына бақылауда болды. Негізінен, зерттеуге алынған адамдарға 5 реттік тамақ қабылдау тәртібі тағайындалып, негізгі тағамның көлемі жемістер мен көкөністерге ауыстырылды. Дегенмен, ұтымды тамақтанудың принциптеріне сәйкес негізгі тағамдық заттардың қажеттілігі 1:1:3,9 қарым-қатынаста сақталды.
Емдәмнен кейінгі 21 күн ішіндегі бақылаудың нәтижесі келесідей болды: 0,1%-дан 3%-ға дейін салмақ тастағандардың саны жалпы топтың 5%-ын құрады, 3,1%-дан 5%-ға дейін салмақ тастағандардың саны жалпы топтың 25%-ын, ал 5,1%-дан 8%-ға дейін салмақ тастағандардың саны жалпы топтың 45%-ын құрады. Сонымен қатар, 8%-дан 10%-ға дейін салмақ тастағандардың жалпы саны 10% -ды және 11%-дан жоғары салмақ тастаған адамдардың саны 15% -ды құрады.
Қорытынды: Сонымен, барлық сәнді емдәм ұстанған адамдар салмақ түсіруден де денсаулық жағдайының жақсаруынан да өте жақсы көрсеткіштер көрсетті. Бастапқыдағы дене салмағының индексімен салыстырғанда 2 адам III- дәрежелі семіздіктен II-дәрежелі семіздікке өтті. I-дәрежелі семіздіктен артық дене салмағы бар адамдар қатарына 8 адам қосылды. Және қалыпты дене салмақтылар қатарына артық дене салмағы бар адамдардан 4 адам ауысты. Барлық адамдар өздерінің нәтижелеріне көңілдері толды. Үш ай бойы осы адамдарға арнайы ас мәзірі тағайындалды. Және біздің қатаң бақылауымызда болды. Нәтижесінде осы көрсеткіштер сақталды.
ӘДЕБИЕТТЕР
- Л.З. Тель, Е.Д.Даленов, А.А. Абдулдаева, И.Э.Коман, Нутрициология. Алматы - 2013, 700 б.
- Шарманов Т.Ш. Питание- важнейший фактор здоровья человека. Алматы -2010, с. 194.
- Шарманов Т.Ш. Казахстан в контексте глобальных проблем питания. Алматы. - 2000. - 223 с.
- Withrow D, Alter DA. The economic burden of obesity worldwide: a systematic review of the direct costs of obesity. Obes Rev, 2011. V.12(2).-P.131-141.
- Мақсұтбек Сүлеймен. Дұрыс тамақтану дәстүрі http://www.info-tses.kz/red/article.php?article=56878.
- "Definition for diet". Oxford Dictionaries. Retrieved 13 February 2012.
- Даленов Е.Д., Қалқамбай З.С., Абдулдаева А.А Емдік тағамдар түрлері Астана 2009. - 204 бет.