Бала денсаулығы қазіргі уақытта бірінші күн тәртібіндегі ең маңызды мәселелердің қатарынан орын алып отыр. Себебі, болашақта өскелен қауымның саулығы- мемлекет іргесінің мықты болу кепілділігі болып табылады. Қазіргі жасөспірім балалардың дұрыс тамақтанбауы- артық салмақтың пайда болуына әкеліп отыр. Ол адам денсаулығына әсер етіп, қазіргі кезде семіздікке соқтыруда. Дұрыс тамақтану мен дене белсенділігі-адам денсаулығының кепілі екенін түсіндіру маңызды болып табылады.
Кілт сөздер: артық салмақ, семіздік, дене белсенділігі мен дұрыс тамақтану, диета.
Өзектілігі. Қазіргі уақытта балалар мен жасөспірімдердің семіздігі қоғам үшін өзекті мәселе болып табылады. Артық салмақты балалар санының өсуі осы күндері дұрыс тамақтанбау мен отырықшы өмірдің негізінде түсіндіріледі. Кейбір уақытта семіздік эндокриндік жүйе аурулары, бас миының ісіктері және басқа да ауыр аурулар әсерінен пайда болуы мүмкін. Осыған байланысты, ата-аналарға уақытылы баланың денсаулығына назар аударып, семіздіктің себебін анықтау негізінде ертерек емдеуді бастау маңыздылығын түсіндіру болып табылады.
Балалық шақтағы семіздік елеулі асқынуларға әкелуі мүмкін. Атап айтқанда, артық салмақты балаларда айтарлықтай қант диабеті, гипертония, бауыр аурулары, өт қабының қабыну қаупі артады. Сонымен қатар, ерте жастан семіздікке бейім адамдар жүрек-қантамыр жүйесінің, тірек-қимыл жүйесінің ауруынан зардап шегуі мүмкін.
Әдістер мен материалдар. Артық салмақтық пен семіздік өзекті мәселе екенін ескере отырып, жастар арасында семіздіктің пайда болуы мен таралуының негізгі себептеріне медициналық - әлеуметтік сипаттама беру мақсатында «Қарағанды қаласындағы №74 жалпы орта білім беретін» коммуналдық мемлекетік мекемесінің 8-11 сынып оқушылар арасында арнайы кафедра ұжымымен құрастырылған, бекітілген сауалнама арқылы зерттеу жүргіздік.
Сауалнамамыз осы мәселені толығымен ашады деген әртүрлі 32 сұрақты қамтыды. Сауалнамаға жалпылай - 146 оқушы, оның ішінде 41 ер бала, 105 қыз бала қамтылды. Респонденттердің жас мөлшері 1318 жасты құрайды.
Негізгі нәтиже. Сұрастыру қорытындысына статистикалық талдау жүргізе келе, оқушылардың 29,6% -дене салмағының жеткіліксіздігімен, 55,6%- қалыпты дене салмағы, 11,1% - артық салмақтан азап шегетіндер, 3,7% - семіздіктің І дәрежесімен тіркелгендігі анықталды.
Өз салмағына қанағаттанбаушылық, өзін-өзі төмен бағалау, дене салмағын азайтуға және денсаулығын жақсартуға бағытталған негізгі алдын алу шаралары туралы сұрағанымызда, физикалық жаттығулармен айналысатындар (мысалы: жүгіру, жаяу жүру, би, фитнес т.б) - 41,9%, толық құнды тағамдарды қабылдайтындар - 22,2%, тағамды талғамай қабылдайтындар - 19,6%, аз, бірақ жиі тағам қабылдайтындар - 12,8%, «диета ұстайтындар» - 3,5% қамтыды.
Фастфуд - семіздіктің ең жиі кездесетін себебі екенін ескере отырып, «Қаншалықты жиі фастфудты пайдаланасыз?» деген сұраққа респонденттердің жауабы қызығушылық танытты. 146 респонденттің 37 оқушысы айына бір рет, 14 оқушы фастфудты күнде, 28 оқушы аптасына бірнеше рет, 67 оқушы мүлдем қолданбайтындығы туралы мәлімдеді.
Салауатты өмір салты - семіздіктің алдын-алуының негізі десек, жүргізілген сауалнама нәтижесінде оқушылар арасында 37% - салауатты өмір салтын жүргізбейтіндігі, себебі оларға өздерінің ұстанған өмір салтын қалыпты деп санайды, ал 24,7%- мектепте және үйде физикалық шынықтырумен айналысуға уақыттарының жетпейтіндігі, 23,5%-олардың аулаларында спорт алаңдарының жоқтығы, 8,6%- достарының спортпен айналыспауына байланысты өздері де спортпен шұғылданбайтындығы, 2,5% - отбасының спортқа деген белсенділігінің болмауынан, ал респонденттердің 3,7% - өздерінің дене салмақтарынан ұялу себептерінен салауатты өмір салтын ұстанбаймыз деп жауап берді.
Семіздікті алдын алу - бала, ата-аналар мен дәрігерлер арасында қарым-қатынас жүйесін орнату болып табылады. Бүгінгі күні диетаны сақтау және дене белсенділігі артық салмақты азайтудың ең тиімді әдісі болып табылады. Диеталар және жаттығулардың негізгі мақсаты дене салмағын азайту емес, дене салмағының артуын алдын алу болып табылады.
Дене салмағы қалыпты деңгейден әлдеқайда жоғары болса, онда балаға артық салмақты жоғалтуға бағытталған диеталар ұсынылады. Бірден салмақ жоғалту немесе салмақ қосу қауіпті болғандықтан, бала артық салмағынан біртіндеп арылуы тиіс.
Диетаны міндетті түрде емдейтін дәрігермен немесе диетолог-дәрігерімен талқылау қажет. Дәрігер емделуші баланың жеке бас ерекшелігін ескере отырып, белоктар, майлар, көмірсулар, сондай-ақ, микроэлементтер мен витаминдердің қажеттіліктерін есептеп береді.
Дене белсенділігі баланы қызықтыратын дене шынықтыру, аэробика, таза ауа, жүзу, жеңіл атлетика, дала ойындары немесе кез келген басқа кәсіп болуы мүмкін. Баланы қызықтыру үшін ата-аналардың өздері үлгі болып, спортпен шұғылдануын мадақтап отыруы керек. Сондай-ақ күнделікті жарты сағат жаяу жүру айтарлықтай бала денсаулығын жақсартып және семіздіктің асқыну қаупін азайтады.
Отбасындағы қолайлы психологиялық ахуал мен ата-аналардың қолдауы маңызды рөль атқарады. Бала немесе жасөспірім артық салмақтан ұялса немесе оның бойында депрессия белгілері бар болса, психолог немесе дәрігермен кеңесуді ұсынамыз.
Ата-аналар мен денсаулық сақтау қызметкерлері жас балалардың дұрыс тамақтануын бақылайды. Жасөспірімдер өз таңдауын өздері жасайды, бірақ отбасындағы тамақтану әдеттері маңызды болып табылады. Дәрігерлер отбасы мүшелерінің баланың салмағымен қатар, олардың қандай әдеттерді өзгертуге дайындығын әңгімелесу арқылы бағалауға болады. Ата-аналар өз мінез-құлқын өзгертуге немесе бала салмағын азайту елеулі мәселелер деп санамаса, бұл жағдайда семіздікті емдеу сәтсіздікке әкеледі. Сонымен қатар сәтсіздік балаға өзін-өзі төмен бағалауға немесе болашақта дене салмағын азайтуда зиян келтіруі мүмкін.
Қорытынды. Жоғарыдағы зерттеу нәтижесін қорытындылай келе, біріншіден, мектеп жасындағы балалар арасында семіздіктің І дәрежесінде - 3,7%, 11,1% артық салмақты қамтыды. Екіншіден, 17,3% респонденттер өзінің дене салмағын «артық салмақ» деп санаса, 4,3% өзіндерін семіз деп санайды. Үшіншіден, респонденттердің 23,5% - ы аулаларында спортпен айналысуға мүмкіндік жоқ деп жауап берсе, 24,7% - мектепте дене шынықтырумен айналысуға уақыттарының жетпейтіндіктері тіркелді.
Артық салмақ жалқаулықтың және өзін-өзі реттеу тәртібінің болмау салдарынан деген әлеуметтік және этикалық мәселелер балалар мен ата-аналардың жиі қысылуына әкеліп, ұят сезімін тудырады. Жанашырлық пен аяушылықтың көмегімен емдеуші дәрігер балалар мен олардың отбасына бұл артық салмақ және семіздік - созылмалы жағдай екенін сезіндіріп, емделуге болатынын түсінуге көмектеседі.
ӘДЕБИЕТТЕР
- Беляков Н.А., Мазуров В.И.Ожирение. Руководство для врачей. - СПб.: 2003. - 520 б
- Dr. Joao Breda. WHO Childhood Obesity Surveillance Initiative. WHO European Ministerial Conference on Counteracting Obesity. WHO, 2012, 19 p.
- ВОЗ: Глобальная стратегия по питанию, физической активности и здоровью. ВОЗ, 2004, 21 б