Зерттеудің өзектілігі.Эхинококкоз - адам өміріне қауіп төндіретін пероральді биогельминтоз,оны дер кезінде диагностикалау қиындық туғызғандықтан, жиі асқынуларға әкеп соғады,көп жағдайда летальділігі жоғары болып келеді.Берілген зерттеу Оңтүстік Қазақстан облысында эхинококкоздың таралуы мен бауыр эхинококкозының асқынуларын қарастыру және алдын-алу мәселелерінің шешімін табу мақсатында жүргізілді.
Кілт сөздер:эхинококкоз,сырқаттанушылық,Оңтүстік Қазақстан облысы,бауыр эхинококкозы.
Эхинококкоз - қазіргі заманда адам өмірінің сансыз қиылуына әкеліп соқтыратын сырқаттар қатарына жатпағанымен, оның өміріне орасан зор қауіп әкелетін зоонозды жұқпаларға жатады. Оңтүстік Қазақстан облысында эхинококкозбен сырқаттану көптеп кездеседі, әсіресе маусымдылығына байланысты көктем,жаз мезгілдерінде эхинококкоз ошақтары жиі анықталады,сонымен қатар жергілікті халықтың мал шаруашылығымен айналысудың басымдылығы,халықтың ет тағамдарын,соның ішінде мониторинг сирек жүргізілетін кәуап өнімдерін пайдалануы,санитарлық- гигиеналық талаптарға сай емес ауыз суын пайдалануы-қосымша фактор ретінде сырқаттың таралуын үстемелей түседі.
Эхинококкоздармен сырқаттанушылардың 50%-ы бауыр эхинококкозымен ауыратындығы мәлім.Эхинококкоз сырқатының асқынулары көп жағдайларда бауырдың паразиттік кистасының жарылуы немесе басқа да іш қуысы мүшелерінің паразиттік кисталарының жарылуы себебінен және олардың қанайналым жүйесі арқылы өзге де мүшелерге (бас миы,жүрек,өкпе,бүйрек және т.б) таралуынан дамиды.Паразит капсуласының жарылуы іштің жарақаты кезінде (соққы немесе ішпен құлау),іш қуысының жедел жиырылуы кезінде (ауыр көтеру,секіру) немесе іш қуысы қысымының қалыптан тыс көтерілуі кезінде (жөтелу,түшкіру) орын алады.Науқастар әдетте кистаның жарылу сәтін «ішімде бір нәрсе үзіліп кеткендей болды»-деп сипаттайды. Эхинококкоз жұмыртқалары адам ағзасына енген жағдайда оған сәйкес диагноз қою қиынға соғады. Ұсақ эхинококк кисталарын милиарлы туберкулезбен шатастыру ықтимал жағдай. Эхинококктармен зақымдалған ағза иесі өзінің науқас екендігін кеш ұғынады,осы жағдай оның асқынуларына әкеліп соғады. Эхинококкозбен сырқаттану жағдайларының көбеюі халық арасындағы эпидемиялық жағдайдың мониторингіне ұқыпты қарауға шақырады.
Зерттеу материалдары мен әдістері. Жұмыс материалдары ретінде Оңтүстік Қазақстан облысы «Тұтынушылардың құқұғын қорғау басқармасының» 2013 және 2014 жылы эхинококкозбен сырқаттанушылықтың статистикалық мәліметтері және Шымкент қаласы бойынша эхинококкоз ауруының жиі кездесетін асқынулары туралы статистикалық мәліметтері пайдаланылып,жан-жақты зерттелді.
Нәтижелер мен талқылаулар.Алынған статистикалық материалдар бойынша Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс, Бәйдібек, Қазығұрт, Мақтаарал, Ордабасы, Отырар, Сайрам, Сарыағаш, Созақ, Төлеби, Түлкібас,Шардара аудандарының және Кентау,Түркістан қалалары,Шымкент қаласы Абай ауданы, Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы,Шымкент қаласы Еңбекші аудандары тұрғындарының эхинококкозбен сырқаттануының абсолютті жағдайлары зерттелді.Зерттеу нәтижелері бойынша 2014 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында барлығы-283 жағдай тіркелген.Оның ішінде Арысауданында-9,Бәйдібекте-7,Қазығұртта-21,Мақтааралда-12,Ордабасыда-22,Отырарда-5, Сайрамда -16, Сарыағашта - 24, Созақта-17, Төле биде -18,Түлкібаста-14 және Шардара ауданында- 15,Кентау қаласында-13,Түркістанда-30, Шымкент қаласының Абай ауданында-26,Әл-Фараби ауданында-14,Еңбекшң ауданында-20 эхинококкозбен сырқаттану жағдайлары тіркелген.Осы мәліметтерді саралай отырып Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша эхинококкоздың таралуы-
Түркістан қаласында жоғары екендігі анықталды. Алайда 2013 жылғы эхинококкоз сырқаттанушылығымен салыстыратын болсақ саны жағынан да, сырқаттану жағдайлары жоғары аймақтардың да ауысқандығын аңғарамыз,яғни 2013 жылы эхинококкоздың ең көп таралған ауданы- Сарыағаш қаласы.Сырқаттанушылық жоғары екі қалаға сипаттау әдісімен бақылай келе қалалардың географиялық-ландшафтық орналасуы,экологиялық жағымсыз аудандарға жатуы және де жергілікті халықтың сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілмеу факторлары себебінен екенін анықталды.
Зерттеу жұмысының келесі кезеңінде эхинококкозбен сырқаттанушылықтың ерекшелікте- ріне тоқталатын болсақ,жоғарыда айтылғандай бауыр эхинококкозы барлық эхинококкоздардың 50%- ын қамтиды,сонымен қатар зерттеу нәтижесінде оның асқыну жағдайлары жиі кездесетінін ескеру қажет. Зерттеу барысында эхинококкозбен сырқаттанған адамдардың 80%-да асқынулар орын алады.Асқыну жағдайларының арасында паразит кистасының жарылуы - бірінші орында,оның ішінде өт жолдарына жарылуы жиі кездеседі.
Қорытынды.
Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 2014 жылы эхинококкоз жағдайлары басқа да жұқпалы аурулар жағдайларымен салыстырғанда көп таралған,орташа сырқаттану жағдайы әр ауданнан-16 адамды құрап отыр,дегенмен де 2013 жылғы сырқаттану жағдайларының саны айтарлықтай төмендеген. Эхинококкозбен сырқаттану жағдайларының ең жоғары көрсеткіштері Сарыағаш және Түркістан қалаларында болуы ол аймақтардың ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесінің мүшкіл жағдайы және ол аймақтардың экологиялық жағымсыздығы тікелей әсерін тигізеді.
Бұл көрсеткіштер халық арасында әлі де болса мұқият эпидемиялық мониторинг жүргізуді,сонымен қатар сенімді алдын-алу шараларын жүргізуді меңзейтіні анық.Ең көп таралған бауыр эхинококкозының асқынулары науқастардың 53,4%-ын құрап отыр,қалыптан тыс жоғары мөлшердегі асқынулардың алдын-алу мақсатында эхинококкозды диагностикалау және дифференциалды диагноз жүргізудің инновациялық тәсілдерін,экспресс-әдістерді пайдаланудың әлемдік стандартта- рын жүйеге енгізген дұрыс.
1 кесте - Салыстырмалы түрде бауыр эхинококкозының асқыну жағдайлары (Шымкент қаласы бойынша)
Асқыну түрлері |
Науқастар саны |
% |
Барлық асқынулар |
186 |
53,4 |
Жарылусыз іріңдеу |
38 |
10,9 |
Жарылулар: |
148 |
42,5 |
Өт жолдарына |
105 |
70,9 |
Бронхыларға |
26 |
17,5 |
Плевра қуысына |
6 |
4,1 |
Ішекке |
7 |
4,7 |
Іш қуысына |
2 |
1,4 |
Бүйрек венасына |
2 |
1,4 |
Әдебиеттер
- Инфекционные и паразитарные болезни развивающихся стран : учебник для вузов / Под ред. Н.В. Чебышева, С.Г. Пака. - М. : ГЭОТАР-Медиа, 2008,520 с.
- Медицинская паразитология и паразитарные болезни: учебное пособие / под ред. А. Б. Ходжаян, С. С.
Козлова, М. В. Голубевой. - М. : гЭоТАР-Медиа, 2014. - 448 стр
- Клиническая микробиология: руководство. Донецкая Э.Г,2011,480 стр.(Серия "Библиотека врача-
специалиста").
-
-
- "Эпидемиология и инфекционные болезни"//научно-теоретический журнал №6, 2012. / под ред. В. И. Покровского,64 стр.
-