Лиофильденген экстрактардан түйіршіктер алу

АННОТАЦИЯ

Жұмыстың мақсаты: Итмұрын, қара қарақат, таңқурай жемістерінің медицинада қолданылуын оқып-үйрену, олардан тұнба алу, алынған тұнбалардан лиофильді кептіргіш арқылы құрғақ экстракт алу. Лиофильденген құрғақ экстрактардан түйіршіктер алу.

Кілт сөздер: тұнба, лиофильді кептіргіш, құрғақ экстракт, түйіршіктер.

Кіріспе. Заманауи фармацевтикалық өндірістің негізгі бағыты өсімдік шикізаттарынан қауіпсіз және тиімді дәрілік заттар алу және олардың ассортиментін кеңейту. Органикалық химияның жетістіктеріне қарамастан ғылымның және Денсаулық сақтау саласының өсімдік шикізаттарынан алынған дәрілік заттарға деген қызығушылығы төмендеген жоқ. Өсімдік экстрактары негізінде алынған дәрілік заттардың тонизирлеуші, ағзаның иммундық жүйесін жалпы нығайтқыш және ынталандырушы дәрілік заттар ретінде қолдану аясы өте кең.

Итмұрын - биіктігі 2 метрге жететін бұталарының сырты жылтыр, қызғылт қос-қостан немесе қалың майысқақ тікендер басқан бұталы өсімдік. Жапырақтарының астыңғы жағын қалың түк басқан. Жемістері домалақ болып келеді. Мамыр және маусым айларында гүлдеп, тамыз-қыркүйекте жемісін береді. Орманды жерлерде, бұталар арасында, шалғындарда, өзен жағаларында, тасты шатқалдарда өседі. Итмұрынның тамыры, жапырағы, жемісі адам ағзасына өте шипалы. Жемісінің құрамындағы аскорбин қышқылы қарақатқа қарағанда 10 есе, лимонға қарағанда 50 есе артық мөлшерде болады [6].

Қара қарақат биіктігі 1,5-2 метр болып келетін, өркендері түк басқан бұталы өсімдік. Еліміздің таулы аймақтарында, қалың орман арасында, өзен-көл жағаларында, бақтарда, үй маңдарында өседі. Қарақаттың жаңа сығылған шырынын ұмытшақтықты бастыратын, қан қысымын реттейтін, жүрек қантамырларының, жүрек құлақшасы мен жүйкесіне әсер ететін дәрі ретінде де тиімді пайдаланады.

Қарақаттан дәрі жасау үшін жемісін, жапырағын, жас бұтақтарын пайдаланады. Оның құрамында С, Р және В тобының дәрумендері, қант, фосфор қышқылы, илік заттар, каротин, эфир майлары, калий, фосфор тұздары, магний, темір бар [6].

Таңқурай - раушангүлдер тұқымдасына жататын, биіктігі 1,5 - 2 метрге жететін жартылай бұталы көпжылдық өсімдік. Таңқурайдың бұталары алғашында шөптесін болып, кейіннен бұтаққа айналады. Жапырағы күрделі пішінді, жиегі аратісті, үстіңгі беті қою жасыл, ішкі жағы ақ түсті. Гүлдері ақ немесе ашық қызғылт болады. Гүлі 5 - 7 күлтелі, аздаған гүлшоқтар болып жеке-жеке өседі. Шілде тамыз айларында гүлдейді. Сондықтан пісу мерзіміне қарай, өнімін жинау бірнеше айға созылады. Жидегі өте нәзік, күлгін- қызғылт түсті. Дәмі тәтті, аздаған қышқылдығы бар. Таңқурай ұсақ сүйекшелерден құралған бірнеше дәндердің бірігуінен тұрады. Табиғатта таңқурай аралас ормандарда, қылқанжапырақты ағаштар арасында жақсы өседі. Өзен аңғарларында, бұталардың арасында, көлеңкелі, ылғалды жерлерде кездеседі [6].

Таңқурай құрамында адам ағзасы үшін пайдалы заттар өте көп, атап айтқанда: аскорбин қышқылы, глюкоза, органикалық қышқылдар, спирттер, кетондар, ақуыздар,пектиндер, азот қоспалары, илік заттар, С, А, В топ дәрумендері. Таңқурайдан жасалған қайнатпаны дене қызуын түсіруге, несеп жүргізуге, бүйрек тасын шығаруға, іш ауруына, қант диабетіне, өт айдауға пайдаланады.

Медициналық тәжірибеде қазіргі уақытқа дейін қақырық түсіргіш, тер, өт айдағыш және дәруменді заттар ретінде дәрілік өсімдіктерден алынған тұнбалар және қайнатпалар қолданылуда [6].

Тұнбалар мен қайнатпаларды үй жағдайында дайындау белгілі бір қиындықтар тудырады және білім мен дағдыларды қажет етеді. Тұнбалар және қайнатпалар технологиясын жетілдіру, көп еңбекті қажет ететін операцияларды науқастар үшін жеңілдету фармацевтикалық технологияның актуальді мәселесі болып отыр.

Дәріханалық жағдайда дайындалатын дәрілік түрлерді жетілдірудің бірден бір жолы оларды зауыттық өндірісте өндірілетін дайын дәрілік препараттармен ауыстыру. Дәл осы мәселеде «ерігіш» таблеткалардың келешгі зор.

Таблеткаларды алуда олардың престеу кезінде қатпарланып кетуін болдырмау және таблеткалық массаның сусымалдылығын арттыру үшін таблеткалық массаны алдын ала түйіршіктеу керек [1].

Түйіршіктеу - ұнтақ тәріздес заттарды белгілі көлемді түйірлерге айналдыру процесі [1]. Мақсаты - «ерігіш» таблеткалар алу үшін аралық өнім болып табылатын сусымалдылығы жоғары және сапалы құрамды түйіршіктерді алу.

Материалдар және әдістер.

Итмұрын, қара қарақат және таңқурай жемістерінен тұнба дайындаудың технологиясы.

Тұнба 1:10 қатынасында дайындалады. [2]. Өсімдік шикізатының (итмұрын, қара қарақат және таңқурай жемістерінен) массасын және керекті су мөлшерін өлшеп аламыз.

Тұндыруға қажетті судың мөлшерін есептеу формуласы:

Cy сіңіру коэффициент!:

  • итмұрын жемістері үшін - 1,1;
  • қара қарақат жемістері үшін - 1,2;
  • танқурай жемістері үшін - 1,2 [5].

Шикізатты инфундиркаға салып, есептелінген су мөлшерін құйып, бетін жауып, қайнап тұрған су моншасында 15 минут қыздырады, процесс жақсы жүруі үшін жиі араластырып тұрады. Белгіленген уақыт біткен соң инфундиркалық стаканды су моншасынан шығарып, 20°C температурада 45 минут бойы тұндыруды (салқындатуды) жалғастырады. Салқындағаннан кейін өлшегіш ыдысқа мақта тампоны немесе дәке арқылы сүзіліп, сығындалады [2].

Ары қарай итмұрын, таңқурай және қара қарақат тұнбаларынан жеке-жеке лиофильденген экстрактар алынады.

Лиофильденген экстрактар алу. Алынған тұнбалардан құрғақ экстрактар алудың заманауи фармацевтикалық технологиядағы ең жаңа әдіс - лиофильді кептіру әдісі (сублимациялық).

Лиофильді кептіру - кептірілетін заттар мұздатылып және вакуум астында ерітінділерді айдау процессі жүретін заттарды кептірудің тиімді әдісі.

Лиофильді кептіру кезінде дәрумендер толығымен сақталады, ақуыздар іс жүзінде денатурацияға ұшырамайды, яғни фармакологиялық құндылығы толығымен сақталады.

Лиофильді кептіру әдісінің ең маңызды артықшылықтары:

  • сақтау мерзімінің ұзақтығы;
  • алынған дайын өнімнің кіші массасы;
  • кептірілген материал капиллярының ішкі структурасы бұзылмайды және биологиялық активтілігі сақталады, ылғалдандырылғаннан кейін жылдам өзінің бастапқы қалпына келеді.

Тұнбаларды лиофилизациялау технологиясы. Алынған тұнбалар -92 0С-қа дейін мұздатылады. Тұнбаны сублиматорға (1) орналастырамыз. Сублиматорды (1) тығыз жабамыз. Кейін вакуум-насосты (7) және компрессорлы мұздатқыш құрылғыны қосамыз. Газ күйінде болатын төмен температурадағы жылу тасмалдағыш компрессор (4)көмегімен буландырғыштан (5) жойылады да, конденсаторға (8) келіп түседі. Мұнда сумен мұздатылған ирек қабырғаға будың жанасу процесі жүреді. Бұл процесс будың конденсациясына алып келеді. Конденсацияланған бу дроссельді винт (6) арқылы өтіп, булану процесі жүреді.

Өнімді кептіру кезінде қысым 100 hPa болуы керек.

Тұнбаларды лиофильді кептіру нәтижесінде итмұрын (ашық қоңыр түсті), қара қарақат (күңгірт қызыл түсті), таңқурай (күңгірт қызғылт) құрғақ экстрактары алынды.

Алынған лиофильді экстрактар «ерігіш» таблеткалар алу үшін жартылай өнім болып табылады.

Лиофильді экстрактарды түйіршіктеу. Таблеттеуге арналған массаны алу үшін «ерігіш жүйе» (лимон қышқылы және натрий гидрокарбонаты) компоненттерін түйіршіктеу қажет. Түйіршіктеу үшін кептіргіш-түйіршіктегіш контейнеріне «ерігіш жүйе» компоненттерін ретімен саламыз.

Түйіршіктеу үшін ылғалды түйіршіктеу әдісі қолданылады.

Ылғалданған масса қысым арқылы перфорирленген пластик немесе берік металды тор арқылы өткізіледі. Алынатын түйіршіктің диаметрі пластинка немесе тордың өлшемдеріне байланысты. Түйіршіктердің өлшемі 0,5-3 мм болды. Алынған түйіршіктер кептіргіш қондырғыда кептірілді [3].

Ылғалды түйіршіктеу арқылы алынған түйіршіктер «ерігіш» таблеткалар алу үшін қолданылады.

 

ӘДЕБИЕТТЕР

  1. Сағындықова Б.А. Дәрілердің өндірістік технологиясы, Шымкент. - 2008. - 221, 234, 239240 бет.
  2. Сағындықова Б.А., Анарбаева Р.М. Дәрілердің дәріханалық технологиясы, Алматы: «Эверо»- 2011. - 220-222бет.
  3. Муравьев И.А. Технология лекарств том 1, М: Медицина- 1980. - 351-353бет.
  4. Бобылева Р.В., Грядунова Г.П., Иванова Л.А., и др., Под ред. Ивановой Л.А. Технология лекарственных форм: Учебник.- М: Медицина- 1991. -144 бет.
  5. ҚР ДСМ 15.12.2004 ж. №142 «Дәрілік құралдарды дайындау Ережесі туралы» бұйрығы.
  6. Махатов Б.Қ., Патсаев Ә.Қ., Орынбасарова К.К., Қадишаева Ж.А. Фармакогнозия. Шымкент. - 2011. - 91, 92, 319 бет.
Жыл: 2015
Қала: Шымкент
Категория: Медицина