«Кінә» категориясына заңи баға берерде, ең алдымен, қолданыстағы заңнамаға сүйену қажет. Заң шығарушының бұл мәселеге қалай қарайтынын анықтап алған жөн. Қолданыстағы ҚР АК-не назар аударсақ, онда кінәға анықтама беретін нақты норманың жоқ екенін байқаймыз. ҚР АК-нің 359-бабына сәйкес борышқор кінәлі болған кезде, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, міндеттемені орындамағаны және (немесе) тиісті дәрежеде орындамағаны үшін жауап береді. Егер борышқор міндеттемені тиісті дәрежеде орындау үшін өзіне байланысты шаралардың барлығын қолданғанын дәлелдесе, ол кінәсіз деп танылады. Мұнда кінә тек жауапкершілікті туындататын шарт ретінде қарастырылады, тіпті заңмен белгіленген жағдайларда бұл шарттың болмауының өзі жауапкершілікті туындатады.
1964 жылғы Кеңес Одағының АК-е кінәға заңи тұрғыдан түсінік берген жоқ. Яғни, кінә туралы сөз қозғалады, бірақ бұл түсініктің мәні ашылмайды. Бұл құқықтық вакуум кінәні құқықтық категория ретінде қалыптастыратын концепциялардың пайда болуына негіз жасады.
Кінә құқықтық құбылыс бола отырып, тарихи сипатқа ие, яғни түрлі тарихи кезеңдер мен мемлекеттік формацияларда кінә мен жауапкершілік әртүрлі позициялардан қарастырылды. Кінәға ең алғашқы талдау рим құқығы жүйесінде жасалды. Рим құқығы бойынша құқықбұзушы әрекет ретінде объективті құқықпен тыйым салынғанға қарамастан іске асырылатын мінез-құлық танылады. Бірақ кінәні сипатттамас бұрын рим құқығында «міндеттеме» сияқты құқықтық категорияның қалай түсіндірілгенін қарастырып көрейік. Міндеттеменің болу фактісі оның орындалу, ал орындалмаған жағдайда тұлға кінәлі болып табылса, жауапкершілік мәселесін қарастырған. Осылайша, міндеттеме заңды құқықтардың бұзылу немесе шартты жасасу фактісі кезінде пайда болған. Міндеттемелер азаматтық (pretorian) шарт, квази-шарт, заң бұзылуының, заңның квази-бұзылуының нәтижесі ретінде болуы мүмкін. Сондай-ақ міндеттемелер басым құзыреттерге (diminical) және аманатқа байланысты (mandataries) атадан-балаға ауысып отырған. Құқықтар мен міндеттер тұлғаның құқықбұзушылығы болып табылатын деликтілерден (delicta) де туындаған. Заң бұзушылықтар іс жүзіндегі және квази-бұзушылықтар болуы мүмкін: біріншілері – қасақана әрекеттерден, ал соңғылары – абайсыздағы әрекеттерден туындаған. Жария құқықта бұларды қылмыс, ал жеке құқықта заңды құқықтарды бұзу деп атады. Мысалы: furtum (ұрлық) – ашық түрі (тонау), жасырын түрі (ұрлық); rapina (зорлықпен тонау немесе қарақшылық); damnum injuria – зат бағасының төмендеуі (зиян, нұқсан келтіру). Ұрлық жасағаны үшін адам азаматтық немесе қылмыстық сотпен қудаланған. Азаматтық сот талқылауы барысында заттың қайта қалпына келтірілу немесе оның көлемі мөлшерінде айыппұлмен алмастырылу мәселелері шешілді [1].
Кінә заңмен белгіленген мінез-құлықтар орындалмаған кезде пайда болатын. Бұл ереже келесідей ұстанымда қалыптасты: «Егер талап етілгеннің барлығы орындалса, онда кінә жоқ болып есептеледі» [2, 349 б.].
Рим құқығындағы «кінә (culpa) қасақаналық (dolus) пен абайсыздыққа (negligentia) бөлінетін» [3, 130 б.]. Dolus, немесе қасақана кінә адам өзінің құқыққа қайшы әрекетін (әрекетсіздігін) саналы түрде түсінсе, жағымсыз салдардың орын алуын тілесе, пайда болады. «ниет әрқашан да жауапкершілікке әкеледі және оны жою мүмкін емес» деген ұстаным әлгі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ.
Рим жеке құқығындағы кінә туралы ережелерді тұжырымдай келе, кінәнің бір жағынан субъективті, ал екінші жағынан объективті категория болып табылатынын айтуға болады (аралас құрамды категория). Бұл туралы Дигестілерде айтылған: «Барлық талап етілген жайттар орындалса, кінә жоқ болып есептеледі (Дигестілер 9.2.30.3)».
Тарихи тұрғыдан рим құқығы ережелері революцияға дейінгі құқықта, Кеңес Одағы кезеңіндегі және қолданыстағы заңнамада көрініс тапқан. Бұл рим жеке құқығы нормаларының әмбебаптылығы мен тәжірибелік қажеттілігін көрсетеді. Сөзсіз, революцияға дейінгі азаматтық құқық ережелер сабақтастығы тенденциясын сақтап қалды. Кінәға қатысты сол кезеңдегі көрнекті цивилистердің пікірлерін қарастырып көрейік. Г.Ф. Шершеневич зиян келтіру міндеттемесін анықтау үшін кінәнің қажеттілігін жоққа шығарып, кінә қағидасының орнына зиян келтіру қағидасын бірінші кезекке қоюды ұсынған цивилистерге қарсы шыққан [4]. Бұл қағидаға сәйкес, адамды жауапкершілікке тарту үшін әрекет пен мұндай әрекеттің жағымсыз салдары (нұқсан, зиян) арасында себепті байланыстың болуы жеткілікті. Мұнда кінәнің ешбір маңызы жоқ.
Г.Ф. Шершеневичтің ойынша, жауапкершілікті анықтауда кінәні есепке алмайтын ережелер бір тұлғаның екінші тұлғамен салыстырғанда (құқықбұзушылық нәтижесінде) өзінің мүліктік жағдайына байланысты тиімді позицияда болатынын көрсетеді; сонымен қатар цивилисттің айтуынша, зиян әрқашан да әрекет нәтижесінде келтірілмейді, себебі әрекет ерікті білдіру болып табылады, ал кездейсоқ жайттарда ерік туралы айту қиын.
Кеңестік цивилистика кінәні психикалық аспектілерге негіздеп қарастырған. Осы орайда, Г.К.Матвеев пен О.С.Иоффенің пікірінше, кінә– қасақана немесе абайсызда болатын тұлғаның өз мінез-құлқы мен пайда болған салдарға психикалық қатынасы [5, 128б.].
Бүгінгі күнгі азаматтық-құқықтық әдебиеттерде кінәнің дәл осы анықтамасы кеңінен кездеседі. Сонымен, кінә тұлғаның өз әрекеттеріне психикалық қатынасы арқылы қалай анықталады? Әрине, бұл М.И. Брагинский мен В.В. Витрянский көрсеткендей, қалыптасқан уақыттың шынайылығы ғылымның, соның ішінде азаматтық құқықтың социалистік идеология жүйесіне сәйкестендірілгенін талап етті [6, 739-751 б.]. Кінәнің психикалық концепциясы қалыптасуының себептері мен әдістемелік негіздерін талдай келе, біз оның идеологиялық бастауларға тәуелді болатынын және қоғамдық қатынастарға сәйкес келгенін байқаймыз. Мұндай әдіс жалпы азаматтық-құқықтық ғылымға сай келеді. Г.К. Матвеев көрсеткендей: «Азаматтық құқық ғылымы кінә түсінігінің ғылыми мазмұнын ашып көрсетеді. Оның негізі – кеңестік судьяны қоғамдық құбылыстарды тануда, олардың туындау себептерін анықтауда түрлі әдіс-тәсілдермен қаруландыру. Бұл – марксистік-лениндік философия, оны тану теориялары, кеңестік психология қағидалары» [7, 182-183 б.]. Бірақ қазіргі кезде марксистік-лениндік философияны азаматтық құқықтың ғылыми құраушы негізі ретінде қарастыра алмаймыз. Егер кеңестік кезеңде марксистік-лениндік философия бүкіл халықтың философиясы болып табылса, біздің заман бұл бағытта өз басымдықтарын анықтады. Қазіргі кезең адамдарға демократиялық бостандықтар, нарықтық экономика, дін мен философия таңдауында абсолютті еркіндікке жол ашты. Жоғарыда көрсетілген мәселе ешбір уақытта кеңестік цивилистиканың ғылыми зерттеу құндылықтарын жоққа шығармайды, десек те қоғамдық қатынастардың өзгеруіне байланысты азаматтық құқық ғылымында кінәні анықтауға жаңаша тәсілдер қажет.
Осыған байланысты, біздің ойымызша, қазіргі қалыптасқан шынайылыққа сәйкес, көрсетілген проблема шешімін табатындай біріктіруші идея, ереже табу қажет. Кеңестік кезеңде мұндай біріктіруші идея социалистік идеология болған, соған сүйене отырып, кеңестік цивилистер кінәні психикалық концепциялар тұрғысынан анықтауға басымдық берген. Заманауи азаматтық құқықта мұндай фактор ретінде мүліктік және жеке мүліктік емес қатынастар қарастырылады.
Бұл жағдайда кінә түсінігінен психикалық аспектілерді алып тастау туралы сұрақ туындауы мүмкін. Бұл көзқарастың жақтаушылары М.И.Брагинский мен В.В.Витрянский болып табылады. Мысал ретінде, тұлға міндеттемені орындамайды немесе тиісті дәрежеде орындамайды дейік. Міндеттемені орындамаушылыққа тек уақытша сипат тән, яғни ол бірсәттік әрекетпен емес, белгілі бір уақыт аралығында жалғасын табады. Бұл жағдайда адамның психикалық қасиеттерін, яғни ешқандай эмоцияларды, сезімдерді, соның ішінде кінәні сезінуді жоққа шығару мүмкін емес. Сондықтан да адам әрекетінің психикалық құраушысынан бас тарту туралы айту орынсыз болып табылады, тек оның көлемін анықтап алған жөн. Жоғарыда кеңестік цивилистердің кінәні анықтауда психикалық аспектіге қылмыстық құқықтағыдай көп көңіл бөлінгені туралы айттық. Бірақ қылмыстық құқықта психикалық аспектіге мұндай үлкен маңыздылықтың берілетіні қылмыскер тұлғасының қоғамдық-қауіпті индивид ретінде танылуымен түсіндіріледі, ал азаматтық құқықта бірінші кезекке тұлға емес, тұлға әрекетінен келтірілген зиянды салдар тұрады. Бұл жайтты М.И. Брагинский мен В.В. Витрянский ерекше атап көрсетеді: «...Г.К. Матвеев А.А. Пионтковский ұсынған қылмыстық кінә туралы түсінікті қабылдайды. А.А. Пионтковскийдің айтуынша, кеңестік құрылым мен социалистік құқықтық тәртіп негіздері үшін қауіпті болып табылатын әрекетте көрініс табатын тұлғаның қаскөйлік ниеті немесе салғырттығы социалистік заңнамамен және коммунистік ізгілікпен әшкереленеді. Осы анықтаманың өзінен қылмыстық құқықтағы кінәнің азаматтық құқыққа сай келмейтіні көрініп тұр, себебі қылмыстық құқықтағы кінәда, ең бастысы, қоғамға қауіптілік, мемлекетпен сотталушылық белгілері болып табылады. Қылмыскердің жасалған қылмыс пен келтірілген салдарға психикалық қатынасын анықтау оның қоғамға қауіптілік деңгейін көрсету үшін қажет. Дәл осы себепті қылмыстық құқықтағы кінәнің азаматтық құқықтағы кінә түсінігімен ешбір байланысы жоқ» [6, 749 б.].
Кеңестік цивилистердік барлығы дерлік кінәні анықтауда психологиялық концепцияларды ұстанған жоқ, солардың бірі ретінде Г.Ф. Шершеневичтің шәкірті – М.М. Агарковты келтіруге болады. Оның айтуынша: «Біз зиян келтірушінің кінәсі туралы айтқан кезде екі элементті қоса қарастырамыз: 1. құқықбұзушылық; 2. қасақаналық ниет пен абайсыздық. Құқықбұзушылықсыз кінә да орын алмайды, себебі құқыққа сай әрекет бірден көрінеді. Қасақаналық пен абайсыздағы әрекет болмаса кінә да болмайды, мұнда тек зиян келтіру ғана болады (кездейсоқ келтірілген зиян) [8, 145 б.]. 1922 жылғы Кеңес Одағының АК 403-бабында кінә түсінігінің екі элементі теріс нысанда болса да анық көрсетілген. Осы бапқа сәйкес, зиян келтіруші зиянның орнын толтырудан босатылады, егер де ол зиян келтіруге құқылы болып табылса (құқықбұзушылықтың жоқтығы) немесе ол зиянның алдын алалмаса (қаскөйлік ниет пен салғырттықтың жоқтығы). Кінә түсінігінің мұндай құрамы зиян келтірушінің көздеген мақсаттарынан белгіленеді. Бұл мақсат – зардап шегуші тұлға алдындағы жауапкершілік. Аталған екі элемент, яғни кінә болған жағдайда заң жалпы ережелер негізінде зиян келтіруші тұлғаның жәбірленуші алдындағы жауапкершілігін белгілейді. Аталған элементтердің біреуі болмаған жағдайда жауапкершілік жалпы ережелер бойынша емес, заңмен арнайы белгіленген жағдайлар бойынша ғана туындайды.
Көрініп отырғандай, М.М. Агарков кінәні құқықбұзушылықтың ниет пен салғырттықтың жиынтығында жалпы ереже бойынша қарастырады. Тәжірибедегі қолданысы тұрғысынан мұндай тәсіл соттардың кінәні анықтау процесінде қызметін жеңілдетеді.
Кінә генезисі кінәнің даму заңдылықтарын, қасиеттерін және қызметін анықтайды. Жоғарыда кінәнің рим құқығындағы, революцияға дейінгі және Кеңес Одағы заңнамаларындағы ережелері қарастырылды.
Әдебиеттер
- Joseph I. Kelly. Roman The Catholic Encyclopedia, Volume IX, 2003.
- Новицкий И.Б., Перетерский И.С. Римское частное право. – М.,
- Медведев С.Н. Римское частное право. – Ставрополь,
- Шершеневич Г.Ф. Учебник русского гражданского права. – СПб.,
- Матвеев Г.К. Вина в советском гражданском праве. – Киев, 1955; Иоффе О.С. Обязательственное право.
- БрагинскийМ.И., Витрянский В.В. Договорное право. Кн.1. Общие положения. – М.,
- Матвеев Г.К. Основания гражданско-правовой ответственности. – М.,
- Агарков М.М. Обязательство по советскому гражданскому праву.– М.,